• Еркін ой мінбері
  • 12 Ақпан, 2014

НӘПСІ МЕН НАЛА

Өткен 20-ғасырда экономикасы мен ғылым-техникасы қарыштап дамыған Америкада нарықтық мүддені көздейтін әмбебаб өнердің (Кино, теле сериял, эстрадалық музыка) төске өрлеп, өзге елдердіңде рухани кеңістігін жаулап, дәстүрлі өнерлерді (Әдебиет, театр, классикалық музыка) төрден ығыстырғаны белгілі. Егемен ел атанып, қызыл идеологияның бұғауынан құтылған  біздің жадымызды жаңғыртып  үлгерместен арзанқол әмбебаб өнердің, әмбебаб өнерді өзек еткен Америка мәдениетінің тұтқынына айналғанымыз анық аңғарылады.

Кино, көркемөнер өкілдерін айтпағанда, саясат саханасындағылардың оның ішінде нәзік жандылардың тосын сөзі мен  әрекеті де бүгінгі рухани хал күйімізді айшықтап тұрғандай. Экс депутат Бақыт Сыздықованың тоқал алуды заңдастырмақ болып қағынған ер әріптестерінен қалыспай, көп күйеуге тиюді ұсынғаны, билікпен араз  Гүлжан Ерғалиеваның интернетте тырдай жалаңаш шешінгені жұрттың көз алдында. Аты мен заты қабыспайтын «Астарлы ақиқат» бағдарламасында Дина Төлепберген жынысын өзгерткендер, өлікпен ойнасқа түскендер жайында еш шімірікпей әңгімелейді. Атыс, шабыс, зорлық-зомбылық, зинақорлық, азғындық көріністерін бұрынғыдай Америка киносынан емес, күнделікті жаңалықтардан тамашалайтын болдық.
Сұлулықты, ахлақты, өскелең рухты әспеттейтін дәстүрлі мәдениеттен басты айырмасы, тобырлық әмбебаб мәдениет озық технологияға (нарықтық, жаһандық) арқа сүйеген, яғни, жоғары техника мен адамзаттың қанағатсыз індінінің өзара ұштасуынан пайда болған шаһуани мәдениет. Оның еліктіргіштігінің сыры озықтығында, көркемдік сапасында емес, керісінше, жауыздықтың қайнары болып табылатын нәпсіні бейнелеу объектісі етуінде, пенпелердің бейсанасын боямасыз суреттеуінде жатыр. Нәпсәуй түс алған рухани өнімдермен сусындап, тобырлық мәдениеттің бесігінде ержеткен тұлғаларда ар-ұждан жауапкершілігі болмайды. Американың экс президенті Бил Клинтонның ақ үйде ашына ойнауы, темір жұдырық Тайсынның әлем аруын зорлап түрмеден бір-ақ шыққаны, рок би патшасы Майкол Жексонның өспірім балаларға жыныстық зорлық жасады деп айыпталып, соттан көз ашпай кеткені, әнші Мадоннаның абиыр жапқышын лақтырып тастап, жалаңаш суреттер албомын шығарғаны соның дәлелі. Америка қоғамын жай­лаған мұндай нәпсіқұмарлық тенденцияны өздерінің уәжі бойынша, Аме­рикалық демократияның көрінісі, жыныс азаттығы қозғалысының же­місі деп түсіндіруге болғанмен, нәп­сінің жетегінде кетуді азғындық санайтын шығыс жұртының, әсіресе, мұсылмандардың назасын, қарсылығын өршітетіні айдай ақиқат. Американың нөмері бірінші қасжауы болған Бен Ладен кезінде Америка киноларының әлем, сондай-ақ, мұсылман жастарын теріс жолға бастайтынын, сол үшінде Америкалықтарға қарсы жиһат жариалағанын әлде неше рет мәлімдеген болатын. Американдық мәдениет пен діни ұшқары элементтердің арасындағы теке-тірестің ауыр ахуетке алып келгені «11 қыркүйек» оқиғасынан белгілі.
Америка мектеп аулаларында жиі жүз беретін, өзінің сыныптас­тарымен мұғалімдерін қанға бөк­ті­ріп, ата-анасын зар жылатқан «Бала рамболар» мен «Бала тенми­натор­лардың» іс-әрекеті де нәпсіні, жауыздықты жарнамалайтын Америка киноларының өскелең ұрпаққа тигізетін зардабының қанды көрінісі. Голливуд фильмдері қаһармандарының противі көркем әдебиеттен, «Америка әдебиетінің екі қошқары» Эрнест Хэмингуей мен Уилям Фолкнер кейіпкерлерінен бастау алады. Өз елінің осы заманғы мәдениетінде айрықша орны бар Хэмингуей кейіпкерлері өлімнен қорықпайтын жау жүрек, мерген, ұрыс өнеріне жетік, қатын құмар, құмарпаз, тәуекелшіл болып келсе, ал, Фолкнер кейіпкерлері керісінше, жаны да, тәні де жараланып психикасы ауытқыған, рухани мүгедек тұлғалар. Біздің естігенде делебемізді қоздыратын, «Жау малын талап алған» қиялымыздағы батырларымызбен мүлдем кереғар. 
Қазіргі ғаламтор жалпыласқан жаһан­дану дәуірінде, рухани қауіп­сіздіктің өзектілігі, мемлекеттің тұтас­тығы мен орнықтылығын сақтаудың алғы шарты екені айтпасада түсінікті. Қазақстан билігінің кезінде бұл салада бейғамдық танытып, қолын мезгілінен кеш сермеп, соңынан қамданып, салдарымен күресіп жатқан жәйі бар. Ұлттық мүддені шығар түйін еткен идеялық, заңдық бақылаудың жоқтығынан рухани кеңістігімізді жат пиғылды діни секталар, ұлттық этикамызға қайшы Американдық құндылықтар мен Американдық қалыптан шыққан Ресейдің тобырлық мәдени өнімдері жаулап алған. Осы арада ашалап айтатын нәрсе, жат ағымдардың алдын алудағы шарасыздығымыздың басты себебі, мәселенің барлық түйіні қос тілділік саясатта жатыр. Ділі­мізді, ұлттық болмысымызды күй­ретуші рухани вирустардың басты тасымалдаушысы, әрине, орыс тілі. Мақаламыздың басында тілге тиек еткен Бақыт Сыздықова да, Гүлжан Ерғалиева да орысша білім алған, орысша түс көретіндер. «Астарлы ақиқатта» орыс­ша бағдарламаның қазақша нұсқасы. Қазақтың арғы-бергі тарихын парақтасақ, кеңес заманындағы әсіре қызыл шығармаларды қоспағанда, ұлттық этикадан шыққан, дәстүрді белден басқан, тексіздікке ынталандыратын шығармалар атымен жоқ. 
Қорыта келгенде қазірден бастап төменшектеген туған тілімізді, төл мәдениетімізді тұғырына қондырып, идеялық қорғанысымыздың ірге тасын бекемдемесек, жаһандық мәдениетке жұтылып кетуіміз бек мүмкін. 

Есбол Үсенұлы

447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз