• Тарих толқынында
  • 06 Наурыз, 2014

МАХАББАТТЫҢ ҒАЖАП ӘНІ

Аян-Сейітхан 
НЫСАНАЛИН,
ақын

Түз тіршілігінде сүйсіндіретін сәттер аз ба? Оның өз қызығы өзіне жетеді. Тек күнкөріс қамы үшін төрт түлік малды кіш-кіштеп, айранын ұрттап, қойын құрттап жүре бермей, ән әуелетіп, күй күмбірлетіп, сайын даланың салтанатын кіргізіп, өмірін өнермен өрген халық мәңгі ғұмыры келешек көкжиегіне жалғасады. Жаратқанның рахман нұрына шомылып, біздің ата-бабаларымыздың Күн, Ай мен Жұл­дыздарға қарап ауа райын болжап, жаратылыс жұмбағын шешумен қатар адам жанына терең үңіле білгені қайран қалдырады. Болмыстың әр саласына өлең-жыр арнап, ән шығарып, күй төк­кен елгезектігі қайталана бермейтін ға­жап құбылыс (Кім санап шығыпты?). Қазақта қанша ән-күй бар? Ұшан-теңіз сол рухани бай қазына жөнінде игеріліп жүр ме?!. Ұрпақтар тәлім-тәрбиесі мен өнеге-үлгісінен барынша кеңінен пайдаланып кәдеге жаратып отырмыз ба? Ешқайсысының маңдайына жел тигізбей, шертпей ұлын ұяға, қызын қияға ұшырып, құтты жеріне қондыратын ұлт небір сәу­лелі сезімдері, ой-армандары мен асыл мұраттарын солардың тал бойына сіңіріп, жүрегіне нұр құйып, бар нәшімен қалай-қалай ұсынады. Даладағы шешен мен би­лер, айтыскер ақын мен жыраулар, сал-серілері дәстүрі ұзақ жылдар мұғдарында бір-біріне ұласа сабақтасып, толықтырып қызық қалыптасты. Бұл шығармашылықта қаншама қырмызы қыздар, бәйшешек бойжеткендер, кербез кермеиық келіншектер, бекзат бикелер, ажарлы айымдар, кепиетті ханымдар мен аяулы аналардың бейнесі  кейіптелді. Арқа мен Алатау, Алтай мен Атырау арасында еліміздің әр қиырында тастүлектей туындылар құстар қанаты­мен, тұлпарлар үстінде асау желмен жары­сып қалқып ұшты. Біржансал мен Ақансері, Мұхит пен Жаяу Мұса, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырай, Ес­тай мен Әсет, Иманжүсіп пен Мәди, Пышан мен Кенендер ұлы дала аспаны астында қыран болып қалқып, шалқар болып шалқып, бозторғай болып шырылдап, бұлбұл болып сайрап, қайрат-жігерді қайрап, «Аспандағы аққуға ән қосып» дала дауысына тамсанып құй­қылжытты. Олар шетінен сен тұр, мен атайын болатын. Солардың арасынан ға­ла­мат алып күш иесі балуан, арқалы ақын, жез таңдай, әйгілі әнші, ат құлағында ойнайтын хас шабандоз Нұрмағамбет Баймырза баласының да жұлдызы жарқырап шықты. Қаршадайынан Балуан Шолақ атанып, алтын асығы алшысынан тұрды.


Оның:
Атандым Балуан Шолақ бала күннен,
Ту ұстап, ерлік етіп, тұлпар мінген.
Ешкімге опасы жоқ жалған дүние,
Өттің ғой талай-талай кемеңгерден.
Бұл дүние баяны жоқ, жалған дүние,
Пендені әрбір жолға салған дүние.
Ойласаң түбі зарар сондай ащы,
Ләззатты болса-дағы балдан дүние.
Дүниенің алданбадың несін біліп,
Жастықта тәубә етпедім есім біліп.
Дүниеге жаяу келіп, жаяу кеттім,
Үстіме жеңсіз көйлек тесіп іліп.
Өлімнен құтылу жоқ батыр болып,
Сөзге шешен, әнге жүйрік, ақын 
                болып.
Барамын алыс сапар қайтып келмес,
Қалыңдар, елім-жұртым, бақыл 
                болып.
Көп сәлем жақсыларға болған 
                сырлас,
Дәурені жігіттіктің қолда тұрмас.
Көз көріп, заманында атым білген,
Тұрыңдар дұға қылып, құрбы-құрдас! – деп қоштасарда да шерленуі сондықтан. Адам арманы жеткізе ме? 
Ресми деректерде ол 1864 тышқан жы­лы туылып, 1919 қой жылында қайтыс болды делінеді. Арғы ата-баба зәузатқоры да төмендегідей болып таратылады: «Бәй­дібек – Дулат – Шымыр – Бекболат – Қарымбек – Сәмбет – Кенжесары – Домбауыл – Қырықсары – Жүсіп – Жүнбас – Жиенбай – Таңбай – Қыдырәлі – Өте – Есентай – Қазанғап – Жарықшақ – Баймырза – Нұрмағамбет». Егер, Балуан Шолақтың төртінші атасы бала кезінде Арқаға қоныс аударғандармен бірге бар­са қалайша Нұрмағамбет Көкшетау етегіндегі Тастыөзекте Қонысы Үй­сін ауылында тумай Қазақ Кеңес эн­ци­кло­педиясында жазылғандай, Мой­ын­­­құмда өмір есігін ашады? Бұ­ған Ахаң да «Баймырзаұлы Балуан Шо­лақ (Нұрмағамбет) Хан тауының бау­райын­да дүниеге кел­ді» деп отқа май құя түседі. Үйсін ауылының тарихын жақсы зерттеп, бұл елге жекжаттық қа­тысы бар жазушы Естай Мырзахметов қос академикке (А.Жұбанов пен С.Мұқанов) сыпайы түрде қарсы тұрып, ақиқаттың ала жібін аттамауды алға тартады. Арғы нағашыларының тегі Абылайханның беделді билерінің бірі Қанайдан шығатын Балуан Шолаққа шешесі Қалампыр қасқыр етіне жерік болды дейтін де сөз ұшырасады ел ішінде. Оның үстіне:
Борық тартсаң шығатын уыз-сүті,
Қотыршорттан мен туған жердің құр­ты.
Түскен екем шыр етіп жер бетіне,
Суға барып түскенде орыс бұты, – деген өлең де туған топырақтың қайда екенін меңзеп тұрғандай. Жазушы, серкесөзші марқұм Балғабек Қыдырбекұлы да осы ұстанымда. Бірақ, ең бастысы бұл емес. Нұрмағамбет (Балуан Шолақ) Баймырзаұлы қазақ жерінің қай пұшпағында туса да ол өз халқының біртуар ортақ тау тұлғасы. Ол әр кездерде «Ащылы Айырық», «Сағыныш», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Сарын», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кен­жеқоңыр», «Сентябрь», «Жастық», «Наз», «Дүние», «Жайқоңыр», «Өмір», «Екі жирен», «Шәпибаяу», «Сегіз келін», «Қызыл асық», «Сұрша қыз», тағы да талай ән­дерін бабына келтіріп, нәшімен шырқап жүрді. Көзайым көрерменге ат ойынын көрсетті. Таңсық ансамбль және хормен ән орындатқызды.
Алдыңғы ХІХ ғасыр аяғында бүкіл Ібір-Сібір мен Қиыр Шығыс мемлекеттерін аралаған сапарында орыс патшасының тақ мұрагері Николай ІІ Омбыға жолай аялдайды. Атақ-абыройы аспандап  тұрған әлі күш-қайраты қайтпаған отыз бестегі қыр еркесі шаршы алаңда күресіп, орыс палуаны Севрді жеңіп, жауырынын жер иіскеткізеді. Кейін Қордай асып, Алматыда бір жұмадай болғанда басы бәлеге шатыла жаздаған кезде Балуан Шолақтың сол күресінің куәгері сол кездегі «Дала уәлаяты» газетінің Бас редакторы Е.Абылайханов көмек қолын созып, оны құтқарып қалады. Түз түлегі талай топ жарды. 
Бұл күнде қырық тоғызда менің 
            жасым,
Қамалдың бұзып жүрмін тау мен 
            тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Жиылған орыс-қазақ таңқалысты,
Болды деп Қаһарманнан мынау басым.
Залог сан жетпіс бес сом күрескенде,
Сындырдым Карон балуан 
            қабыр­ғасын.
Осы жолдардың өзі-ақ оны ортасынан ойып алып, даланың дарабоз дара дары­ны екенін танытып тұрған жоқ па? Білмей­мін, қазіргі дамыған замандағы ауыр салмақтағы  тәсілқой әккі зілтеміршілер осындай зілбатпан жүкті жұлқа және серпе көтеріп кететініне күмәнім бар. Ол, яғни Балуан Шолақ өзін әмбе­бабына жан-жағынан шыңдады. Туған халқының мұң-мұқтажы мен жоқ-жіті­гін түгендеп, азаттығын аңсаған алып­ты шынжыр балақ, шұбар төс өкілдері Арқа төсіне сыйғызбай, түрлі-түрлі бәле-жала жауып, 1914 жылы жаз­ғытұрым салым Жетісу жақтағы атажұртын іздеп келеді. Аталастары құшақ жая қарсы алып, төбесінен жай беріп күткенмен Мойынқұмның мәнжубас бір болысы жүрегі дауалап, Ба­луан Шолақтың үстінен домалақ арыз айдатады. Әупіріммен өзіне жазық­сыз жабылған жаладан құтылғанмен күзге қарай Шөкең Балқаш көлінің үстінен өткенде қайырылуға мойыны жар бермей:
Сәлем айт Мойынқұмның болысына,
Көрсетті ғой мені ұлық орысына.
Келетін қайта айналып күнім болса,
Пақырды қондырар ем қонысына, – деген үшбу хатты жолсеріктерінен беріп жібереді. Алайда, көңілде дақ қалды. Қай­да барса да алдынан қазылып жатқан Қорқыттың көрі шықты. 
Құдіретті күшке бірден бас иіп кетпей рухани түлеп уақытынан озық туған жан ән әлемінде қайталанбайтын нұрлы із қалдырады. Әрине, оның туындыларын топтағанда, басқалары бір бөлек те «Ғалиясы» бір төбе. Ол сүйіспеншілікке соғылған мәңгі ескерткіш махаббаттың ғажап әні. Ақын әрі сазгер әр айтқан сайын оны құлпыртып, түрлендіріп, кейде назды, кейде сазды не ықылым дауыс ырғағымен құйқылжытқандай. Бұны музыканың майталман маманы Ахмет Жұбанов та «Замана бұлбұлдарында» атап өтеді: «Ғалия» әні – әннің төресі, үлкен жүректен, шын сезіммен шыққан ән. Бастаған жерден-ақ асқан ынтықтық бары сезіледі». Ес­тайдың «Құсни-Қорлан», Сегіз серінің «Гауһартас», Мұхиттың «Айнамкөз», Үкі­лі Ыбы­­рай­дың «Гәккуі» сықылды Балуан Шо­лақтың «Ғалия» әні де ға­сыр­­дан ғасырдың жарық терезесін қа­ғып, бола­шақ биігінде қала береді. Далада не көп ән көп. Нәзік нақышты наз, бір түрлі жанды баурап, құштарлық сезімін оятып бірте-бірте жақындап келеді, үзіліп кетердей үздіктіреді:
Айым да сен, Ғалия-ау, күнім де сен,
Оң қабағым тартады күлімдесең.
Менің көңілім, Ғалия, дауаласын,
Ауған түйе секілді бейімделсең. 
Ойпырай, жан сәулем,
Ғалия-ау, бетіңнен,
Аппақ қардай етіңнен.
Бір күн ауру, бір күн сау
Жазылмадың дертіңнен.
Нұр сипатты, Ғалия, жамалыңыз,
Ешбір жанға тимесін залалыңыз.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Әлдеқалай болады заманымыз.
Қайырмасы:
Айдын көзін жалт етіп бұлт алсын,
Бүйте берсең жүйкемді құрытарсың.
Қаршыға төс, қаз мойын Ғалияжан,
Қай қылығын қалқаның ұмытарсың.
Уһ дегізіп тереңнен бір күрсіндірді. Бойды шарпыған тәтті бір ыстық сезім лапылдап алып барады. Бір ысынып, бір суынып жолайырықта тұрғандай күй кеш­кізеді.
Алып келген базарға құла қасқа,
Жібек ноқта  басында, бауы басқа.
Кішкентайдан бірге өскен Ғалияжан,
Кел екеуміз мінейік тарантасқа.
Беу, жан, сәулем, Ғалия, қабақтан,
Сүйіп алсам тамақтан.
Ойда тұрып Ғалия
Ақ боз үйге сүйенгенде
Сары ала бешбет киінгенде,
Сары орамал түйінгенде.
Айналайын Ғалия,
Қолым салдым қалтама-ай,
Жығыла жаздап байқамай,
Аңсап, сусап келгенде
Бір сүйгізші, қалқатай.
Ғалияның қолында бұйда пышақ,
Ғалияны көрдім де жайдым құшақ.
Отыра ма екен Ғалия, жатыр 
ма екен?
Айдын көлде шомылған аққу құсап.
Беу, жан сәуле, Ғалия, бетіңнен
Сүйіп алсам ерніңнен.
Жұдырықтай жүрекке сыйып тұр­ған бұл қай сиқыр. Ә, тағы да сол Ғалия! Қыран ғұмыр кешкен алып адам­­­ның соншама  талшыбықтай жас келіншекке іңкәр еткен қандай құдірет! Алғашқыда Қараөткелде көріп Ғалияны қорашсынып, аңырған Қажымұқан Мұ­ңайт­пасұлына «Сен неге оны менің көзіммен көрмейсің? – деп ағалық базына білдіріпті Балуан Шолақ. Өзінің атындағы өлеңінде де бұл білініп тұр:
Мына дүние қай дүние?
Күлкі дүние!
Таудан қашқан сылаңдап 
түлкі дүние!
Сексен сұлу сылаңдап тұрса-дағы,
Ғалияның алмаймын кірпігіне!
Ойпырмай, жансәулем Ғалия...
Талғам таразысы қалай-қалай теңсе­леді. Уақыт безбеніне салғанда оның бір басында сексен сұлу, екінші басында, әсірелеп айтқанда, Ғалияның кірпігі! Халықтың ғажап қаламгері Сәбит Мұқа­нов аталмыш хикаятындағы «Ғалия» тарауында оны былай желдіре бәдіздейді: «Ғалия өзінің жұбайлық өмірі туралы көп ойланатын еді. Ол қаланың медресесінен мұсылманша жап-жақсы білім алған қыз. Кітапты да ол жасынан көп оқыды, олардың ішінде ерекше сүйетіні ғашықтық қиссалары болды. «Қиссалардағы қыздар ғашық болғандай жігіттер кездессе, мен де ғашық болар ем» деп ойланатын еді ол. Сондай жігітті ол іздеді де, бірақ таба алмады. Ғашық болуға жарарлық жігіт оған қиялдағы ертегі сияқты көрінді... Кейбір жақын құрбысымен кездескенде ғана болмаса, әкесінің үйінде бәлкім тұйықтау, ұялшақтау Ғалия, келіншек болған соң кіммен де болса бет пердесін аша сөйлесті. Бір жағы әзіл, бір жағы сықақпен қымызға келген бозбалаларды ол ұршықтай үйіріп, билеп әкетті. Ара-тұра сырнайға қосыла ән шырқап, думан да жасады...»
Ал, академик Ахмет Жұбанов та одан қалыспай «Замана бұлбұлдарында» Нұр­­­­ма­ғамбеттің (Балуан Шолақ) ғашы­ғын өзінше өрнектейді: «Ақмолада Ті­леу атты дәулетті адам болады. Руы – Арғын ішінде Аралбай, туып-өскен жері Жаңаарқа. Үлкен әйелінен Ғалия, Мария деген екі қыз туады. Ғалия – сұрлау, ат жақты, ұзын бойлы, бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, қолынан өнері төгілген шебер болады... Бір кездері өзі әбден сынына келіп, әдемі денесі талшыбықтай бұралып, көп адамның діңкесін құртады. Ақмолада Ғалия Балуан Шолақпен кездеседі. Ға­лия Балуан Шолаққа ұнайды. Ғалия да Балуан Шолаққа қызығады. Екеуі есебін тауып жолығып, өмірді бірге өткізуге уәде байласады. Солай күн артынан күн өте береді». 
Ел арасында «Ғалия» әнінің сом алтын­ның сынығындай – бір-бірінен өтетін көр­кемдігі керім бірнеше нұсқасы бар. Біз солардың екі түріне ғана тоқталып, қысылтаяңда назар аударғымыз келді. Өрекпіп аққан өмір өзенге дауа бар ма? Қапияда тағдыр тоғыстырған қос ғашық бір-біріне қанша құштарлықпен құшақ жайғанмен бір шаңырақтың астында түтін түтету бақыты бұйырмай арманда өтеді. Он сегіз баланың әкесі Нұрмағамбет те тұңғыш құдай қосқан қосағы Қаныкейді көз жұмғанша аса құрметтеп өткендей. Егер, Жамбылдың пірі – Қызыл Жолба­рыс болса, Б.Баймырзаұлының кие­сі – Аққошқар. Қысқа жалғанда әркім­нің талқаны әрқалай таусылады. Балуан Шолақ та тататын дәм-тұзы бітіп келе жатқанын алдын ала сезіп, құдасы Қожанберлінің үйінде отырса да кенжесі Құдайбергенді ерте құлқынсәріде оятып: «Ал, бала, атты жек! Тез ауылға қай­тамыз. Әлгі шал түсіме кірді. Әуелі атыңды, сонан соң өзіңді алам деді ғой» деп орнынан ұшып тұрыпты.
Қайран қазақ оғланы! Көп ұзамай жыл­­қы жылының басында жерге жұқа қар түсіпті. Туған-туыс, жекжат-жұрат­та­ры­ның алдында ешқандай жауы­нан беті қайтпаған жүрекжұтқан жан Нұрмағамбет (Балуан Шолақ) Баймырзаұлының ақтық демі үзіледі. Ешкім де о дүниеге күллі жи­ған-тергенін арқалап алып кеткен жоқ. Кімнің соңынан не қалды? Гауһар мен жауһар асылдың уақыт пен тарих тоза­ңы­ның астында кездейсоқ ұмытылып қалуы мүмкін емес. Халық зердесі мен жүре­гіндегі ұялаған Балуан Шолақ шығар­машылығы өмірбақи мәдени мұра екенін өмірдің өзі дәлелдеп келеді... Біз былтыр немерелерімді ертіп, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына барып, бокстан әлем біріншілігін құмартып тамашалап едік, енді құдай қаласа сәтін салса қол добынан дүниежүзі әйелдері ара­сындағы Гран При жарысына жанашыр жан­­күйер болып барамыз. Жүрегімізде оның жасампаз әндері және жаңғырады. Жасай бер, жан жақұты!!!

488 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз