• Еркін ой мінбері
  • 08 Ақпан, 2012

ӨМІР БЕЛЕСТЕРІНДЕ ШЫҢДАЛҒАН АЗАМАТ немесе «Қазақмыс» корпорациясының Заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры, Ауған соғысының ардагері Арман Төлешұлы Қожахметов туралы бір үзік сыр

Нұрлыбай ОМАРОВ,

журналист

Арманның өзі де, әкесі Төлеш те , үлкен әкесі Қожахмет те Жезқазған аймағында туып-өсіп, мыс кенішін өркендетуге мол үлес қосып келе жатқан шахтерлер әулеті. Қожахмет өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында мыс кеніші алғаш ашылғанда шахтер болуға шын ықыласпен ниет білдіріп, алғашқы қазақ шахтерінің бірі болғанын бүгінгі ұрпағы әрқашан мақтан тұтады.

Ол жиырма жыл Жезді руднигінде қажырлы еңбегімен көзге түсіп, кеніштің алдыңғы қатарлы шахтері болған. Ұлы Отан соғысы басталғанда ел қорғауға Қожахмет әкеміз әлденеше мәрте өтіне сұранса да, «қорғанысқа тікелей маңызы бар объектінің бәріне берілген броньның есебінен соғысқа бара алмадым», – деп көзі тірісінде кейінгі ұрпағына талай айтыпты.

Ұлы Отан соғысының орта шенінде, 1943 жылдың соңғы айларында шахтада болған үлкен авария кезінде Қожахмет әкеміз ауыр жараланып, шахтада одан әрі еңбек етуге мүмкіндігі болмай қалған кезде Жезқазған қаласы түбіндегі Қ.Сәтбаев қаласындағы үлкен қалалық наубайханада наубайханашы болып еңбек етіп, құрметті зейнет¬керлік демалысқа сол жерден шығыпты. Сол сұрапыл соғысқа аттанған Қожахметтің үш інісі соғыстан оралмаған. Ал 1942 жылы дүниеге келген ұлы Төлеш орта мектепті бітірісімен әке жолын жалғастырып, Жезді руднигінде шахтер болып еңбек жолын бастайды. Сол кеніш орнында табан аудармай қырық жылдан астам еңбек етеді.

Кезінде Жезді өңірін көп зерттеген елімізге жақсы танымал, атақты тау-кен инженері, академик Қаныш Сәтбаев ағамызбен бірнеше рет кездесіп, пікірлесіпті. Бүгіндері ерен еңбегімен көпшілік құрметіне бөленген Төлеш Қожахметов Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Ол Қазақстан республикасының Құрметті шахтері, көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері, биыл 70 жасқа толмақшы. Құдай қос¬қан қосағы – Тілеу Қойшықызы екеуі балалары мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Тілеу Қойшықызы қырық жылға жуық жинақ банкісінде меңгеруші болып еңбек етіпті. Екі бақытты жанның, ұлағатты ата және ақ жаулықты ардақты анамыздың жанұясында осы жылдар ішінде Арман және Нұрлан есімді екі ұл дүниеге келді. Екеуі де қазір заңгер, кезінде әкесі және аталары еңбек еткен Жезді шахтасында өз еңбек жолдарын бастағандарын әрқашан мақтан тұтады.

Бүгінгі әңгімемізге тиек болып отырған Арман Төлешұлы Қожахметов 1967 жылы Сәтбаев қаласында дүниеге келген. Ол № 19 Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепті алтын медальға тәмәмдайды. Олар оқыған 10-шы сыныпта алты ер бала он жыл осы мектептің бірінші сыныбынан бірге оқиды. Олардың «тай құлындай» бірге өскен достықтары жарасқаны сондай, соңғы қоңырау үстінде бір-бірін қимай «қай жерге барсақ та бірге барып, бір оқуға түсеміз», – деп ақылдасыпты. Ал оқуға баратын қаланы таңдау да қызық жағдайда шешіліпті. Алтауы мектеп¬ қабырғасына ілінген КСРО-ның үлкен саяси картасының алдына келіп, бір жігіттің көзін байлап, сұқ саусағымен қаланы нұсқауы керек болған көрінеді . Бұл таңдауды Арман жасап, сұқ саусағымен Новосибирск қаласын көрсетіпті. Алтауы да орыс тілді сыныпта оқуға өте зерек және жақсы спортшы болғандықтан қаланың қашықтығына да қарамастан белді бекем буып, осы таңдауға тоқтапты. Ресейдің Новосибирск қаласын бетке алып жолға шығады.

Қаланы таңдау жеңіл болғанымен, оқуды таңдау оңай болмайды. Қала толған талапкерлер. Қалайда осы қалада оқуға қабылдануға нық шешім қабылдаған олар оқуға шақырған жарнамаларды оқып жүріп , Новосибирскідегі біржылдық радиомонтерлық техникумның жарнамасына қызығады. Олар бірден сол оқу орнына баруға тілек білдіріп техникумнан бірақ шығады.

Ал Арман Қожахметов Новосибирск техникумын қызыл дипломға тәмәмдап, бірден Мәскеудің Ломоносов университетіне жолдама алады. Оқуға енді жүрейін деп жатқанда міндетті әскери қызметке шақырылады. Ол Түркменстанның Чаржоу қаласында орналасқан Ауған жеріне интернационалдық борышын өтеуге жауынгерлер даярлайтын алты айлық парашютшілердің десанттық дивизиясынан бірақ шығады.

Арман Қожахметов сол жылдың күзінде алты айлық дайындық курсынан толық өткен соң Ауғанстанның Баграм қаласында орналас¬қан сол кезеңдегі армия генералы А. Руцкой басшылық жасаған әскери авиа базасындағы десантшылардың жедел құтқару тікұшағында бір жарым жыл штур¬ман болып қызмет атқарады. Алғашқы жауын¬герлік ¬ерлігі үшін медалын А.Руцкойдың өзі тапсырыпты. Бұл Ресей киноқоюшыларының сол соғыс күндерінде атақты «9 рота» фильмін түсірген Баграм Әскери базасы болатын. Бір жарым жыл ішінде көптеген әскери тапсырмалармен Ауғанстан республикасының біраз жерінде өткен талай соғыстарға қатысады. Талай майдандас достарының өмірден ерте озып кеткенін де көрді. Ауғанстан соғысында өмірге деген көзқарасы нық орнығып, ерте есейгені де даусыз. Жауынгерлік ер¬лігі үшін берілген бес медалі соның жарқын дәлелі болса керек.

Арман Қожахметов 1988 жылы әскерден ерте есейіп, шыңдалып, елге аман-есен оралысымен Қарағанды мемлекеттік университетінің Заң факультетіне қабылданады. 1993 жылы үздік бағалармен аталмыш оқу орнын аяқтайды. Ол кәсіби заңгерлік қызметін Жезқазғандағы «Қазақмыс» корпорациясының Заң қызметін ұйымдастыру департаментінде қатардағы заңгер болып бастайды. Алғашқы еңбек жолын Жезді тау-кен кенішінде әкесі мен үлкен аталары еңбек еткен шахталарда тау-кенші¬лердің құқығын қорғайтын заңгер болып баста¬ған ол кеніш жұмысында көп өмірлік тәжірибе жинақтағаны даусыз. Ол кеншілердің құқығын күнделікті қорғау, шахта тереңдіктеріндегі кен¬ші¬лердің жұмысымен жан-жақты танысу үшін, апта ішінде шахталарға әлденеше рет түсіп мәсе¬лелердің мән-жайына көз жеткізу барысында еңбекпен шыңдалған шахтерлерден көп нәрсені үйренуге және тәлім-тәрбие алуға болатынын айтты.

Арман Қожахметовтың жұбайы Тоғжан банк қызмет¬кері, үш ұлы бар. Үлкені Дәурен әке жолымен Астанада Қазақ Мемлекеттік Гуманитарлық университетінің Заң факультетінде оқиды. Ал кіші¬лері Мұрат пен Жәңгір мектеп жасында.

Арман Қожахметов 1995-1996 жылдары еңбектен қол үзбей жүріп Алматы Халық шаруашылығы Академиясының Халықаралық экономика факультетін қызыл дипломға бітірді. Ал 2008-2010 жылдары өндірістен қол үзбей жү¬ріп Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Жоғары басқару мектебінің Басқару және халықаралық бизнес факультетін бітірді. Ломоносов универ¬ситетінің жанындағы Жоғарғы Ғылыми кеңесінде Халықаралық экономика құқығы тақырыбында кандидаттық дәрежені қорғады. Ол 1994-1999 жылдары «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазғандағы Кұқық жұмысын ұйымдастыру басқармасында бөлім бастығы, 1999-2001 жылдары «Қазақмыс» корпорациясының Өскемендегі Құқық жұмысын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары, 2001-2007 жылдары «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазғандағы басқарма бастығының орынбасары, ал 2007 жылдан күні бүгінге дейін «Қазақмыс» корпорациясының Құқық жұмысын ұйымдастыру департамен¬тінің директоры қызметін үлкен іскерлікпен, жоғары біліктілікпен атқарып келеді.

Арманы алға жетелеген Жездінің ақиық азаматының әлі де талай белестерден көрінері сөзсіз, сондықтан Арман Төлешұлына жолың әрқашан ашық болып, еселі еңбегіңмен биік-биік белестерден көріне бер демекпіз.

885 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз