• Еркін ой мінбері
  • 16 Шілде, 2012

Дене шынықпай, ми дамымайды болмаса педофилия төңірегіндегі әңгіме

Айман ҚҰЛПАТШАЕВА, журналист

«Баланы зорлаған адамды аяусыз жазалау керек. Оны химиялық кастрация түрінде еркектігінен айырған жөн». Бұл – кінәсіз жас өспірімнің болашағына балта шауып, оларды сарсаң күйге түсірген қаныпезерлерге қолданылатын ең ауыр жаза түрі болсын деген сөз. Өйткені, бұл күнде дамыған елдердің көпшілігі педофилдерге осындай жаза түрі тән деп шешкен. Ал, елімізде бала зорлаушыларға байланысты заң жобасының дайындалып жатқанын ескерсек, бұл тақырыпта әңгіме қозғаудың маңыздылығы зор. Педофил қалай пайда болады? «Педо» – бала, «филия» – жақсы көру деген екі сөздің қосындысынан тұратын бұл ұғымның мағынасы «баланы жақсы көру» дегенді білдіреді. Ал, медициналық тұрғыдан алып қарағанда, жыныстық таңдаудың бұзылысы педофилияға, болмаса одан өзге, мәселен, гомосексуализмге, зоофилияға, инцес сияқты толып жатқан психикалық бұзылуларға да әкелуі ғажап емес. Оның түрлері жеңіл, ауыр болуы мүмкін. Жеңіл түріне орай, сол әрекетке барушылар өзінің не істеп жатқанын біледі, оған жауап бере алады, ал, ауыр бұзылыстар – шизофрения, эпилепсия сияқты аурулар. Балалардың ерекшеліктері өте белсен­ділігінде, бір жағынан, инфантильдігінде болып келеді. «Бұл деген сөз, баланың физикалық, жыныстық тұрғыда то­лық дамымағанын білдіреді» дейді С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлт­тық медицина университетінің психиа­трия, психотерапия және наркология кафедрасының профессоры Белгібай Шахметов. Сонымен бірге, оның бойында басқа да бұзылыстар бар, мәселен, ол тұлғаның бұзылыстары (расстройство личности). Яғни, педофилияның қылмысқа апаратын позитивті де, негативті де жақтары бар. Ал, қазіргі педофилияда қылмыс жа­сау­шылар кімдер? Бұл тақырыпта амери­кандықтар өте көп зерттеу жаса­ған. Сондағы олардың анықтағаны – педо­филдердің 93 пайызы бала кездерінде сексуалды жағдайларға ұшырағандар. Мамандардың сөзіне қарағанда, педофилия деп айту үшін белсенді партнердың 16 жастан жоғары, ал, кіші партнердың одан 5 жасқа дейінгі аралықта жас айырма­шылығы болуы керек екен. Ол 6 айдан кем емес уақыт бойына осы мәселені ойлап, сонымен өмір сүреді, яғни, сол ойлағанын осы уақытта жүзеге асырады, жүзеге асыра алмаса ауырады дегендей тұжырым жасалған. Химиялық кастрация тығырықтан алып шықпайды Байқап қарасақ, бұған дейінгі уақытта педофилия туралы көп әңгіме айтылған жоқ. Бірақ, бұл соңғы уақытта қарқын ала бастағандай көрінеді бізге. Ал, мамандар болса, бұл мәселенің баяғыдан келе жатқанын, тек олардың айырмашылығы – бұрын жарыққа көп шығарылмаса, соңғы кезде – ашық айтылуында деп түсіндіреді. Қазіргі күні педофилияны қылмыс, балаларға қарсы жасалған зорлық деп қарасақ, дәрігердің ойынша, химиялық кастрация бұл мәселені шешпейді. Өйткені, ол адамның басында, мидың ішінде болып жататын процесс. Егер мұны «балаларға қарсы жасалатын зорлық» деп қарасақ, онда оның бәрін дұрыстап реттейтін, зерттейтін ол сот-медициналық-психиатриялық сараптамасының дәлелдері болуы тиіс. Егер қылмыс жасаған адам ол, шынымен де, психикалық ауытқуы бар педофил болса, онда оларға химиялық кастрация көмектеспейді. Себебі, ол жазылмайтын дерт. Мұндай адамдар өмір бойы қадағалауда, бақылауда болып, емделуі керек. Педофилдерді химиялық кастрация бойынша жазалауға біраз мамандар қарсы. Өйткені, химиялық кастрация – адамды бір дене мүшесінен шектеу деген сөз. «Егер адами тұрғыдан қарасақ, бұл да адамның тәніне қол сұғумен бірдей. Онсыз да мұндай қылмысты жасаған азаматтар 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Мәселен, неге қылмыстық заңнамада жаза мерзімі «10 жылдан 20 жылға дейін» деп көрсетілген? Өйткені, онда қылмыскердің жеке басы анықталады. Оны қылмысқа итермелеген жағдайға байланысты, түбінде ол қылмыскер болып табылса, сонда ғана оған қатаң жаза түрі қолданылады» дейді Алматыдағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Біржан Кәрібжанов. Оның үстіне, шетелдік зерттеулер химиялық кастрация жасалатын болса, онда ол қылмыстың одан сайын өрши түсетіндігін дәлелдеп отыр. Мүшесінен айырылған олардың одан да ауыр қылмыстарға баратыны белгілі болған. Өйткені, әлгі өшпенділік, басқыншылық күрделене түсіп, одан да ары психикалық бұзылуларға апарған жайттар анықталған. Ауытқу балаға көңілдің бөлінбеуінен басталады Егер мамандардың сөзіне сенсек, педофилдерді былайғы өмірде сыртқы түр-тұлғасына қарап анықтай алмайды екенбіз. Өйткені, олардың отбасы, бала-шағасы болуы мүмкін. Атқарып отырған жап-жақсы қызметі де бар. Бірақ, бала педофилден зорлық көрген кезде ғана барып, біз сол адамды «мынаны анықтап беріңізші» деп, психиатрдың алдына жібергенде, оның жүйкесінде ауытқушылықтың бары белгілі болып жатады. Бұл мәселенің алдын-алу үшін кез келген мекеме өзінің қызметкерлерін қызметке аларда оларды толықтай медициналық тексеруден өткізіп алғаны жөн шығар? Бірақ, бұған психиатр Белгібай Шахметов қарсы. Оның сөзіне қарағанда, психикалық ауытқуды зерттеу үшін, алдымен, оған белгілі бір себеп болуы қажет. Психиатрдың қызметтік тәртібіне орай, олар: «Сен саусың ба?» деп, сұрақ қоя алмайды. Мұны олар көршілерінің, әке-шешесінің не болмаса отбасы мүшелерінің айтуынша, не соттың шешіміне сәйкес қана зерттеп, анықтай алады. «Депутаттардың жан тазалығын зерттеу енді-енді ғана көтеріліп келе жатқан мәселе. Ал, енді кез келгеннің саулығын анықтау әдепке жатпайтын шығар» дейді ол. Біздің Ресей телеарналары арқылы хабардар болып жүргеніміздей, соңғы уақыттарда бұл елде бапкерлер қыздарды спортқа баулып, үйретуден қалған. Өйткені, бапкердің қолы қыздың жалаңаш денесіне тиіп кеткені үшін шу шыққаны есімізде. Осы оқиғадан кейін бапкерлер қыздармен, сол сияқты балалармен жұмыс істеуге қорқатын болып жатыр. «Онсыз да бізде мектептерде ер-азаматтар жоқтың қасы. Балалардың жан саулығын жылдан-жылға көбірек айтып жатырмыз. Бірақ, соған орай атқарылып жатқан шаралар аз. Баланың жаны-тәні сау болуы үшін олар ең болмағанда, өзінің ауласында футбол ойнап, спорттың бір түрімен айналысып, денесін шынықтыруы тиіс. Дене шынықса, оның мыйы да дамиды. Ал, спортпен жақсы шұғылданған баланың бойындағы артық күші сонда кетеді. Ол барып қыздарға тиісіп, анау-мынау нәрсеге қызықпайды. Яғни, оның бар назары өзін-өзі ұстауда, өзін-өзі дамытуда болады» дейді психиатр. Құптарлық жағдай. Бірақ, қазіргі таңда спорт кез келген үшін қол жетімді деп айта аламыз ба? Жоқ. Мұны қолға алмасқа болмайды. Өйткені, психолог Жұпаргүл Бейсенова да ата-ананың көңіл бөлуінсіз қалған балалардың өзінен өзінің тұйықталуына алып келетінін алға тартады. Яғни, ананың, әкенің, бауырдың өзіне көңіл бөлуіне қанағаттанбаған бала осындай педофилиялық әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл қанағаттанбаушылық баланың бойында ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір психикалық бұзылу ретінде көрініс беретін көрінеді. Ал, оның бұл бұзылулардан жазылып кетуі күмәнді. Осыған қатысты бір мысал. Жүргізіл­ген бірнеше психологиялық зерттеулер 1989, 1990, 1991, 1992, 1993 жылы туыл­ған балалардың осындай іс-әрекет жаса­ғандарын анықтаған. Өйткені, бұл жастағы балалар Кеңес одағының ыдырап, аналарымыз бен әкелеріміздің балаларын тастап, тек қана саудамен айналысуына тура келгендіктен, қараусыз қалып, жүйкедегі өзгерістерге тап болғанын тұжырымдаған. Педофилдер туралы нақты мәлімет жоқ Дәрігер Бақыт Түменова дамыған елдерде 10 пайызға жуық адамның психикалық ауруға шалдыққаны белгілі болғанын айтады. Бізде, Қазақстанда, оның саны 2 пайызға да жетпейді, 1,8 пайыз. Аз болғанда, олардың барлығы психиатрларға бара бермейтінін ескерейік. Ал, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы алдымыздағы он жылдың ішінде психикалық аурулардың санының 15 пайызға дейін өсетіндігі туралы болжам жасап отыр. Егер, байқасақ, интернетте мынадай жолдар бар: «В нашем мире много психов, каждый пятый в мире – псих. Говори со мною тише, может я один из них». Біздің қоғамда психикалық бұзылыстарға душар болғандар 15-20 пайыз деп көрсетіліп жүр. Ал, олардың 5-6 пайызы – аурулар, 2-3 пайызы өте ауыр халдегі – мүгедектер. Американдық есеп-қисапқа қарасаңыз, үркіп кетуіңіз мүмкін. Оны айтуға жүрек те дауаламайды. Егер солардың статистикасына жүгінсек, 16 млн. халқы бар біздің елімізде жыл сайын жасалатын 5-10 мың қылмыс педофилиялық мазмұнда екен. Бірақ, расында олай емес екенін біздің мамандар жеткізіп отыр. Солай бола тұра, ішкі жағдайымызды зерттеу жасалуы керек. Қалай зерттейміз? Бізде республикалық ғылыми орталық бар, сонда «Қазақстандағы педофилия, оның психологиялық портреті, ол кім, қалай туды?» дегендей мәселелерді зерттеп жатқан көрінеді. Өйткені, «бізде қанша педофилдер болды?» десеңіз, ол туралы медициналық есепті таба алмайсыз. Жоқ. Ол болмайтын да көрінеді. Оның себебі, берілетін мәлімет бар болғаны – «бала тәрбиеленіп жатыр» дегенге ғана саяды.

479 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз