• Еркін ой мінбері
  • 16 Шілде, 2012

Қазақстан оппозициясы неліктен әлсіз?

Дос КӨШІМ, саясаткер

Алдымен мәселенің мәніне үнілмес бұрын екі жағдайды түсініп алайық; біріншіден, бұл мақаланы қазіргі оппозиция аталып жүрген саяси топтарға, саяси партияларға қарсы айтылған пікір есебінде қабылдамаңыздар, оларға көзі қарақты әр азамат өз бағаларын бере жатар деп ойлаймын, екіншіден, «оппозиция» деген сөздің мән-мағынасын түсінбей жатып, ол туралы жазылған бұл тақырыпқа кіріспей-ақ қойыңыздар. Егер, осы екі жағдайға келіссек, мен өзімнің көзқарасымды білдіруге дайынмын. Сөзімізді Халықтың оппозицияға көзқарасынан бастайық. Оппозицияға қатысты Халықтың басты қателігі Меніңше, қазақ қауымы әлі күнге дейін «Оппозиция» деген сөздің мағынасын толық ұғына қойған жоқ. Олар оны халықтың мұңын қуып, жоғын жоқтайтын ұйым не адамдардың белгілі бір тобы деп ұғатын сияқты. Мүлдем қате пікір! Ол – билік басындағы топтың бағыты мен жасап жатқан жұмыстарына өз көзқарастарын білдіре отырып, салыстырмалы бағдарлама ұсынатын және әділетті сайлау арқылы (кей жағдайда қарулы күрес арқылы да) халықтың қолдауын алып, билікке келіп, өздерінің саяси, экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарламаларын жүзеге асыруға тырысатын саяси күш. Егер, оппозицияны – «халықтың қорғаушысы» деп танысақ – үлкен қателікке ұрынамыз. Әрине, билік басындағы топтың жасаған жұмыстарын сынау үшін, сол арқылы халықтың қолдауын алу үшін, олар «коррупцияға қарсы күрестің алдыңғы қатарында» болулары тиіс, «әділетті қоғам құру жолында» өмірлерін берулері тиіс, қысқасы, халықтың күнделікті ой-пікірлерін, талап-тілектерінің қорғаушысы да, қолдаушысы да болуы керек. Бұл – оппозицияның классикалық жұмыс тәсілдері. Бірақ, тағы да қайталаймын, бұл олардың тәсілдері ғана, ертең билікке келгеннен соң, сол бағытта жұмыс жасайды ма, әлде басқа жолға түседі ме, оны тек Алла ғана біледі. Екіншіден, сайлау нәтижесінде жеңілген биліктің бір күннің ішінде оппозиция болып шыға келетіндігін де ұмытпаңыздар. Ал, кешегі оппозиция сайлаудан соң (егер жеңе қалса) – билікке айналады. Демек, оппозиция саяси күштердің ішіндегі билікке әлі келмеген топқа берілетін шартты атау ғана. Біздің халықтың сана-сезімінде 90-жылдары, тәуелсіздік пен отаршылдықтан құтылу жолындағы күрес кезеңінде сақталған оппозиция ұғымы, өкінішке орай, әлі күнге дейін сол қалпында тұрған сияқты. Сондықтан, олардың сенімін шайқалтып, көзқарасын өзгерту – ешкімге (оның ішінде маған да) жақсылық әпермейтін жұмыс. Оппозицияға деген халықтың көзқа­расы (мен бұл жерде қазақ халқының көзқарасын айтып тұрмын, ал қазақ жерінде тұратын басқа ұлт өкілдері үшін қоғамдық-саяси жағдай –- өздерінің ТІРШІЛІКТЕРІНІҢ дұрыс және жайлы болуымен шектеледі. Сондықтан, болуы керек, 90-жылдары тәуелсіздік үшін жұмыс істеген Азаматтық «Азат» қозғалысы түгіл, экологиялық бағыттағы «Семей-Невада» қозғалысында да басқа ұлт өкілдерінің саны тым мардымсыз болды. Олардың басым көпшілігін Қазақ мемлекетінің болашағынан көрі өздерінің Кеңес өкіметі кезіндегі жайлы жағдайы, оның ішінде, әрине, орыстың бүгінгі тілінің үстемдігінің толық сақталуы ғана алаңдатады) 90-жылдарда қалыптасты. Сол жылдардағы коммунистік идеологияға, отаршылдыққа қарсы шыққан оппозиция – ұлттық тәуелсіздік ұранның астындағы, күрескер-романтикалық бағыттағы жолда болған сияқты. Біз алдымызға билікті алу мәселесін қойған жоқпыз, «тек тәуелсіздікті орнатсақ болды, одан соң, әрқайсымыз өз жұмысымызға кетеміз» дедік. Және сол айтқанымызды орындадық та. Мүмкін, біздің сол қарапайым «Қазақ мемлекеті» деген ұраннан аса алмағанымыз арқылы ғана, бұрын Мәскеуге беріле қызмет жасаған, тәуелсіздік үшін саусақтарының ұшын да қимылдатпаған адамдар билікті қайтадан қолдарына алған сияқты. Демек, бүгінгі оппозицияның өмірге келуіне біздің, ұлтшылдардың да, тікелей қатысы бар. Оппозицияға қатысты халықтың тағы бір қателігі – саяси партиялардың бағ­дарламаларынан, алдарына қойған мақсат мүдделерінен көрі ұрандарының артынан көбірек еруі деп айтар едім. Өркениетті елдердің азаматтарын «Оппо­зиция билікке келген уақытта мемлекеттің тұрпаты қандай болады, экономиканың бағыты, сыртқы саясатта қандай өзгерістер болмақ» деген сұрақтар бірінші орынға шықса, біздің азаматтардың басым көпшілігі ол жағына ой жібермейтін де сияқты. Басты мәселе – «коррупцияланған осы биліктен құтылу», ал, құтқарушы – «осыларды сынаушы, осы билікпен күресушілер». Мысалы, ұлттық бағыттағы саясаткер есебінде, мені Қазақ мемлекетінің атауы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл есебіндегі қолданыс аясы, оралмандар мәселесі, бұрынғы метрополия – Ресейге – көзқарас сияқты мәселелер толғантады. Егер, бұл мәселелерге деген оппозицияның көзқарасы менің ойымнан шықса, оларды қолдауға әзірмін. Ал, егер, олардың бағдарламаларында бұл сұрақтарға менің көңілімнен шығатын жауаптар таба алмасам, әрине, менің де көзқарасым олардың бағдарламаларына сай болады. Бізде, өкінішке орай, жоғарыда айтқандай ұрандардың артынан еру бар, екіншіден, өздеріне ұнаған жеке тұлғалардың соңынан көздерін тарс жұмып алып, жүре беру басым (Кешегі Тоқтардың аты мен ата­ғын естіп оппозицияға келгендер, енді қайтер екен, «Нұр Отанға» ағылып кіреді ме екен?). Енді қазақ елінің бүгінгі оппозиция­сының әлсіздігіне келейік (Бірнеше сайлауда жеңіліс тапқан, бүгінге дейін қазақтың басым көпшілігінің қолдауына ие бола алмаған оппозицияны «әлсіз» деп айтқанымыз артық болмас). Ал, саяси күштің әлсіздігі – оның стратегиялық бағытындағы қателік пен тактикалық жұмысындағы шалыс қадамдарынан шығады. Оппозицияның негізгі қателіктері Оппозицияның бірінші қателігі – күрестің басты бағытының бірі ретінде, жеке адамды ғана нысанаға алғандығы болып табылады. Әрине, авторитарлық жүйеде жеке адамның атқаратын рөлі – талассыз мәселе. Биліктің өміршеңдігі де сол адамға байланысты. Бірақ негізгі күшті бір адаммен немесе оның жақындарымен «шайқасуға» салу – оппозиция жүйесіне пәлендей ұпай да, бедел де әпермейді. Екіншіден, күрестің осы жолы арқылы оппозиция халықты мүлдем басқа жаққа бұрып әкететін сияқты. Халықтың арасында «Жеке адамның билігінен құтыл­сақ, сол адам биліктен кетсе, әділет­­ті қоғам орнайды екен» деген жалған, жаңсақ ой пайда болады. «Әділетті патшаны» аңсау, барлық үмітті соған артып қою – қоғамның белсенділігін түсіреді. Қоғамның өзі оянбаса, бір патшадан соң екінші патша келеді де отырады. Ең қызығы, біздің оппозицияға Қырғыздың «жауқазын төңкерісі» де бұл бағыттың қате екендігіне көздерін жеткізе алмаған сияқты. Оларда да Ақаев биліктен кетсе, әділетті қоғам орнайтын сияқты болды, бірақ, Бакиев билігі одан асып түспесе, кем болмаған сияқты. Оны кетіру үшін тағы да бір төңкеріс жасауға тура келді. Қысқасы, биліктің басындағы жалғыз адамды сынау, сол адаммен ғана күресу – тиімді тәсіл емес екенін көршілеріміз жақсы дәлелдеді. Біздің оппозиция болса, бір адамды және оның отбасын, аға-інісін, күйеу баласы мен қайын атасын, т.б. халықтың ең басты «жаулары» есебінде көрсетуге шамадан көп күш салды. Сол арқылы, мүмкін, өздерінің ішкі, жеке ыза-кектерін де алған сияқты болар, алайда, осы тәсіл арқылы соңдарынан көпшілікті ерте алды деп айта алмаймын. Үшіншіден, осы бір «жеке адамды сынау» бағыты билік тарапынан идеологиялық тұрғыдан қарсы іс-әрекетке көшуге алып келді. Енді, билік жағы «Жеке адамды» шектен тыс мақтау мен мадақтау, қазақ жеріндегі барлық жетістіктерді соның атымен байланыстыруға көшті. Демек, айналып келгенде, оппозицияның «сынау» тәсілі қазақ ұлтында ешқашан болмаған «жағымпаздық» дертінің пайда болуына да жанама әсер етті. Әрине, биліктің өзегі болып отырған адамды сынау, оның қызметінің кемшілік жағын баса көрсетіп, жетістігін жоққа шығаруға тырысу – әлемдегі барлық оппозициялық күштердің кең түрде қолданатын тәсілі, бірақ біздің айтып отырғанымыз, сол тәсілдің шектен шығып кетуі жөнінде болып отыр. Төртіншіден, барлық кемшілікті жеке тұлғаға аудару – коррупцияға белшесінен батқан жергілікті билік иелері үшін де таптырмас қалқан болып отыр. «Бізден не сұрайсыңдар, бәріне кінәлі бір-ақ адам ғой, сенбесеңдер, оппозицияның баспасөз құралдарын қараңдар» деген сөз (ашық айтылмаса да, көмекейлерінде тұрған), олардың жергілікті деңгейдегі бассыздықтары мен қылмыстарына тамаша қалқан болып тұрғаны сөзсіз. Оппозицияның екінші қателігі, өз жұмыстарының өнбойында – «Биліктің жаулары – менің достарым» деген принципті ұстануы. Мүмкін, бұл қателік емес, оппо­зицияның жүйелі жұмыс формасы да шығар. Себебі, біздің оппозицияның өзі де сол биліктің ішінен шыққан адамдар­дың жасаған құрылымы емес пе. Демек, билікпен белгілі бір мәселе жөнінде келісе алмаған, не болмаса ортақ дастарханнан ысырылып шығарылған жандардың күтпеген жерден «әділетті қоғам» туралы ашына сөз сөйлеуі, оның қолдаушыларына, кейіннен – жетекшілеріне айналуы – қазақ оппозициясының заңды көрінісі. Біреулердің менімен келіспеуі мүмкін, бірақ, ашығын айтайық, бұл заңдылық оппозицияға бедел әкеледі деп айта алмаймын. Әрине, халыққа танымал мемлекет қайраткерінің немесе үлкен лауазым иесінің билікті сынап, оппозиция қатарына келуі, алғашқы кезеңде «саяси ұтыс» та береді. «Көрдіңіздер ме, биліктен пәленше, түгенше деген адамдардың өздері кетіп, біздің қатарымызға қосылып жатыр. Бұл – биліктің іріп-шірігенінің белгісі. Демек, біздің бағытымыз дұрыс, бұндай биліктен үміт күтуге болмайды» деп жар салуға да болады. Бірақ, оның артында «Егер, биліктен үміт күтуге болмайтындығын білсе, 90-жылдары тәуелсіздік үшін күрес кезінде қайда болды», «Анадай-мынадай жағдайлар болғанда, бұл азаматтың үні неге шықпады, енді шыншыл болып кетіпті ғой», деген сияқты сөздердің шығатыны да анық. Меніңше, «билікке өкпелеп, оппозицияға барушылардың» бағытын 1993 жылы Серікболсын Әбділдин ағамыз бастаған сияқты. Ал, оның жүйелі түрдегі, партиялық құрылымын 1998 жылы Әкежан Қажыгелдин құрып берді. Мен бұл жерде аты аталған азаматтардың оппозициялық күштерді ұйымдастырудағы еңбектерін сынға алайын деп отырған жоқпын, билік үшін күреске сол билікте болған адамдардың белсенді түрде араласуы – талассыз шындық, бірақ, солардан соң, билікке, жеке тұлғаға сын айтқан, жауласқан жандардың барлығын оппозиция жағының «нағыз демократ», «халықшыл», «ұлтшыл» етіп көрсетуге тырысуы – үлкен қателік. Өкінішке орай, олардың кейбіреулері жазаға ұшырағаннан соң, аяқтарын тартып, тоқтап қалды, енді біреулері «мен талай шындықтың бетін ашамын» деп доң айбат көрсетуден аса алмады, енді біреулері бірде солға бұрылып, енді бірде оңға бұрылып, табандарының бүрі жоқ екендіктерін де көрсетті. Әрине, оппозициялық идеологтардың тәсілдері де түсінікті – өздерінің қасындағы бірге жүрген адамдардан «батыр» жасаса, өздерінің де беделдері көтеріледі. Алайда, солармен бірге өздерінің беделдерінің түсіп кетпеуін де естерінен шығармағандары дұрыс болар еді. Үшінші қателік – қазақ мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмеуі. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да, жиындарда да жеткілікті айтылды, жазылды. Ұмытпасам, 2005 жылдың сәуір айында ҚДТ («Қазақстанның демократиялық таңдау» қозғалысы) жетекшілерімен ұлтшыл азаматтардың осы мәселеге байланысты бетпе-бет кездесуі де болды. Алайда, бір де бір оппозициялық топ өздерінің бағдарламаларына ұлттық мәселенің шешімін кіргізген жоқ. Өздері орыс тілді болғаннан кейін бе, әйтеуір, оппозицияның қазақ мәселесіне деген көзқарасы биліктен алшақ кете қойған жоқ. Сондықтан болуы керек, қазіргі биліктің бағытын қолдамайтын қазақ ұлтшылдарының белсенді өкілдері оппозицияға тұрақтай алмады. Мысал ретінде 2005 жылдың желтоқсан айында белгілі қоғам қайраткері Болатхан Тайжан арнайы мәлімдеме жасап, оппозициядан кеткенін, бұрынғы «Азаттың» жетекші­лерінің бірі Жасарал Қуанышәлінің «На­ғыз Ақ жолдың» атының «Азатқа» ауыс­тырылуына келіспейтіндігін білдіріп, «Болат Әбіловтің» партиясынан шығып кетуін айтсақ та жеткілікті. Меніңше, оппозициялық партияның қасиетті «Азат» қозғалысының атын алулары да ұлттық бағыттағы азаматтарды жақындатудың орнына, алшақтатып жіберді. Бірнеше сайлауға қатысқан оппозициялық партиялар әлі күнге дейін өздерін орыс тілді азаматтар көбірек қолдайды деген қате түсініктен арылған жоқ. Орыс тілді аймақтардағы сайлаулардың қорытындысы мүлдем басқа нәтижесін беріп отыр. Орыс тілді электораттың басым көпшілігі орыс тілін көздің қарашығындай сақтап отырған бүгінгі билікті қолдайды. Осы жағдайда, қарапайым логикаға арқа сүйесек, оппозиция қазақ мәселесін ту етіп көтеріп, қазақ электоратының даусын алуға ұмтылуы керек емес пе? Жоқ, оппозиция бұндай саяси қадамға бармай отыр. Дегенмен, ұлттық мәселенің бар екендігін жақсы түсінген кейбір оппозициялық партиялар 2005 жылдан бастап ұлтшылдардың белсенді мүшелерін өздеріне тарту саясатын да жүргізді. Бұл, менің ойымша, кері нәтиже берген секілді – көзі ашық қазақ қауымы бұл мәселенің саяси ойынға, бір сәттік тәсілге айналғанын бірден байқады. Естеріңізде болса, Мұхтар Шахановтың бастамасымен жыл сайын өткізілетін, тілге байланысты жиындарда оппозиция басшылары да қатысып (оларды шақырып, төрден орын беріп, сөз сөйлеуге мүмкіндік беріп жүрген де өзіміз...), қазақ тілі туралы жалынды сөздер айта бастады да, 2011 жылдың тамыз айындағы «137-нің хаты» жарияланған уақытта, қарсы пікір білдіріп, өте ыңғайсыз жағдайға қалды. Оларды сүйрелеп жүрген Мұқаң да, соңғы уақытта оппозиция басшыларынан түңіле бастаған сияқты... Оппозицияны, кез келген басқа да қоғамдық ұйымдарды әлсірететін тағы бір ауру – күштерін біріктіре алмау. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақ. Оппозициялық бағыт ұстанып отырған Жалпыұлттық Социал Демократиялық партия, «Азат» партиясы, Қазақстанның коммунистік партиясы мен тіркелмеген «Алға» партияларының алға қойған мақсаттарының бірі екендігі даусыз. Өз басым, олардың тактикалық тәсілдерінен де пәлендей айырмашылық көріп отырған жоқпын. Жоғарыдағы қателіктерді бәрі де бір адамдай қайталауда...Ұмытпасам, 2005 жылы ғана оппозициялық күштер бастарын біріктіріп, Президенттік сайлауға бір кандидатпен шыға алды, одан кейін әрқайсысы өз жолдарымен кетті. Әрине, кейбір кезеңдерде бірігу де болды, бірақ, сан түрлі себептермен отау болып, жарасып кете алмады. Кейде ұлтшыл азаматтардың топтарына да осы сын көп айтылады, алайда не партиясы жоқ, не құрылымдық жүйесі жоқ, не қаржылық мүмкіндігі жоқ ұлтшылдар ұлттың болашағына қауіп төнетіндей маңызды мәселе көтерілсе, бір жұдырық болып шыға келетінін жақсы білеміз (Оған «Ел бірлігі» доктринасын тоқтатуға бағытталған іс-әрекеттер нақты дәлел бола алады). Ал, саяси күрестің жолына толық түскен партиялардың бір тудың астына біріге алмайтындығы түсініксіз жайт. Біз бұл жерде тек болжам ғана айта аламыз. Әрине, әр партияның басшысы – оппозиция көсемінің рөлін ойнағысы келеді, дегенмен, жеке отаудан шықпаудың негізгі себебі – қаражат көзінде сияқты. Өткен сайлаулардың бірінде заңды түрде тіркелген, бірақ, күндері өтіп бара жатқан, тұрақты қаржылық көзі жоқ коммунистік партия мен жұмыс істеуге мүмкіндігі мол, көптеген елді мекендерде кеңселер мен қызметкерлер ұстап отырған, қатарларына «баяғы» демократтардың басым көпшілігі кірген, тіркелмеген «Ақ жол» партиясы одақ құрып та көрді. Менің естуімше, бұл жердегі кикілжің де қаржыны бөлу мәселесінен басталған сияқты. Бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы – «бас басына би болмай», барлық партияларды таратып, оппозициялық бір ғана саяси партия құру деп ойлаймын. Әрине, бұл айтуға ғана оңай... Оппозиция қолданатын іс-әрекеттердің ішіндегі тиімді саналатын тағы бір тәсіл бар. Бұл – билікпен салыстырмалы түрде жұмыс жасау. Олардың көтерген бастамаларына, дайындаған заңдарына өз тараптарынан салыстырмалы заң жобаларын дайындау, сол арқылы биліктің бағытының «әлсіз» екендігін, ал өздерінің «нағыз халықтың ойындағысын айтатындығын» көрсету. Оппозиция билік тарапынан дайындалған ресми құжаттарға балама құжаттар дайындай отырып, өздерінің қатарында мемлекет басқара алатын азаматтардың, мамандардың бар екендігін де дәлелдейді. Өкінішке орай, біздің оппозиция бұл тәсілді өте сирек қолданады. Ұмытпасам, осыдан 5-6 жыл бұрын С.Әбділдиннің басшылығымен Конституцияның жаңа жобасы дайындалғаны бар. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі – «көлеңке үкімет», «көлеңке парламент» құру тәсілдері. Бұл жерде де оппозиция кейін қалған сияқты. Басқа да саяси күштермен (оның ішінде ұлттық ұйымдар да бар) бірлесе құрылған көлеңке парламенттің («Халық кеңесі») өмірі ұзаққа бармады... Бұларға қарағанда, ұлттық ұйымдар «Ел бірлігі» доктринасына балама «Ұлттық саясаттың тұжырнамасын» жасап, «Мемлекеттік тіл туралы», «Оно­мастика туралы» заң жобаларын жарыққа шығарып, сынай отырып, нақты ұсыныс жасай алатындықтарын да көрсетті. Оппозиция өкілдерінің маған ұнамайтын тағы бір тиімсіз тәсілі бар. Бұл – өздерін күрескер етіп көрсету жолдары. Әрине, бұл тәсіл халықаралық ұйымдарға, әлемнің басқа елдеріне біздегі авторитарлық жүйенің билікке сын айтатын адамдар мен саяси топтардың өкілдеріне қысым жасап жатқанын көрсету үшін жасалатындығы сөзсіз. Алайда, «біздерді әуежайда ұстап алды», «есікті бетондап шығармай қойды», «соттап жатыр» деп, арнайы баспасөз жиындарын шақыру – күрескерлерге жараспайтын сияқты. Құдайға шүкір, соңғы уақытта бұл бағыттағы «жалайырға жар салу» азая бастады. 90-жылдары, тәуелсіздік үшін күрескен азаматтарға жасалған қысым, бұлардан жүз есе артық болғаны анық, бірақ біздер сол уақытта да, қазір де ол туралы даңғара қағып, жария еткен жоқпыз. Төбелеске шыққан адамның мұрны қанайды. «Менің мұрным қанады» деп, араша іздеу немесе жанашыр табуға тырысу – өте тиімсіз тәсіл. Бұл, әрине, оппозиция тарапынан жасалған көптеген қателіктердің бірнешеуі ғана. Олардың «әлсіздік» себептерін қазбалай берсек, кейбіреулер біржақты пікір айтылды деуі ғажап емес, сондықтан, билік тарапынан оппозицияға қатысты жасалған, жасалып жатқан жұмыстардың қателігі жөніндегі өз пікірімді айта кетейін. Мен де, менің көптеген жолдастарым да газет алудан қалып барамыз. Оппозициялық БАҚ биліктің барлық жұмыстарын жоққа шығарады, ал, бюджеттік БАҚ-қа қарасаңыз, қазақ еліне қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман орнап қалған. Меніңше, биліктің басты қателігі – оппозицияны көздеріне ілмеу және шамасы келсе, өлтіріп тұрып сынау (Соған қарап «шамдарыңа тиіп кетті-ау деймін, демек, оппозицияның айтқандарының жаны бар шығар» дегім де келеді). Әрине, қазақ еліндегі бәсекелестердің арасында билік үшін күрес жүріп жатқанда, саяси мәдениет туралы сөз қозғау артық болар, бірақ, «басқалардың пікірін сыйлау», «сөз тыңдау» деген қасиеттер ұлтымыздың қанында баяғыдан бар емес пе? Олардың халықаралық ұйымдарға арызданулары да, ашық сұрақ қойып, биліктің белгілі бір тармағынан жауап талап етуі де – заңды іс-әрекеттер, бірақ, Ермұқаннан басқа оған жауап берген билікті естіген емеспін. Билік соңғы уақытта тағы бір қателікке ұрынып келе жатыр деп есептеймін. Бұл – оппозициялық күштерге жазалау тәсілін қолдануға көшкені. Жиынды ұйымдастырушылар жиынға бармай-ақ жолдан ұсталып, қамауға алына бастады. Бір сөзбен айтқанда, билік оппозицияны «тұншықтыру» тәсіліне көшкен сияқты. Бұл – белгілі бір кезеңде биліктің «жасын ұзартатын» да шығар, бірақ, қоғамның тұрақтылығына үлкен қауіп тудыратын тұйық жол. Билік оппозициямен барша қауымның алдында сөз жарыстырудан әлі күнге дейін бас тартып келеді. Барлық өркениетті, демократиялық құрылымдары дамыған елдерде оппозиция мен биліктің арасындағы бәсеке дастархан басындағы пікірталас арқылы жүзеге асады. Ал, бағасын халық береді.

714 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз