• Еркін ой мінбері
  • 16 Шілде, 2012

Біз жиырма жылда қандай мемлекет құрдық?

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ-публицист

Қоғамның қандай және қай бағытта қозғалыста болуын: алға немесе кері кету тұстарын, дамуына не нәрсе кедергі бо­лып отырғанын біліп отыру − еліміздегі өзін патриот санайтын әрбір азаматтың міндеті. Себебі, әркімді де өз тағдыры толғандыруы тиіс. Адамзат тарихы осы уақытқа дейін әлденеше мемлекет түрлерін өмірге келтірді. Олар – түркі жұртына етене жақын байырғы қағанаттар (хандықтар), әлемді тітіренткен империялар, халифаттар, толып жатқан монархиялық, диктатуралық, тотолитарлық, республикалық және авто­краттық мемлекеттер. Күні кеше ғана әлем социалистік және капиталистік атты екі лагерьге бөлініп, бір-бірімен өліспей беріспес тартысқа түскен кезі де тарихқа енді. Осындай, мыңдаған жылдық тарихи тәжірибеден өте келе, адамзат таңдауы азаматтардың еркіндігі мен құқы қорғалған, әлеуметтік бағдарлы, экономикада тең бәсекелестікке негізделген демократиялық қоғамға тоқтады. Қазақстан тәуелсіздік алуымен қатар, бір мезгілде бүкіладамзаттық-демократиялық құндылықтарға сүйенетін зайырлы мемлекет құруға ұмтылатынын жариялады. Содан бері 20 жыл өтті, ол аз уақыт емес. Енді, қоғам өзінен «осы уақыт аралығында біз қандай мемлекет құра алдық?» – деп сұрауына әбден болады. Себебі, урбанизациялану дәуіріне аяқ басқан жиырма жылдық уақыт, бізге өзіндік даму жолын айқындаған мемлекет құруды тиянақты аяқтап шығуға әбден жеткілікті болды. Ендеше, не нәрсеге қол жеткізе алдық, қандай межеге келіп тірелдік? Енді осы мәселеге тоқталайық. Әрине, ең алдымен, ел Конституциясында бекітілген демократиялық, зайырлы мемлекет түрі ойға оралатыны заңды. Бірақ, еліміздегі қазіргі қалыптасқан билік пен халық арақатынасы кей тұстарда әлі де демократиялық сипатта емес екені анық. Оны қазіргі «сөз бостандығын қамтамасыз ету» мәселесі төңірегінде болып жатқан тартыстардан көруге болады. Біріншіден, демократиялық елдерде халықтың өз ойы мен қалауын білдіретін митингілер қалыпты жағдай саналады. Ол үшін биліктің арнайы рұқсаты қажет емес. Оны өткізушілер билік органдарын алдын ала ескертеді, ал, билік митингі қауіпсіздігі мен заңнан тысқары әрекеттер болмауын қамтамасыз етуді мой­нына алады. Ал, бізде, шын мәнісінде, халықтың талап-тілегі әлі күнге дейін жергілікті әкімнің құзырында: көкте – Құдай, жерде – әкім демекші. Оның көңілі қош болса – халыққа «мұң шағатын» бір бұрыш бар, ал, «сіркесі су көтермей» тұрса – үнін өшіре салады. Еліміздің Конституциясында «халық – билік көзі» және «әркім өз ойын жеткізуде ерікті» екендігі анық жазылған. Яғни, бұл конституциялық ереже биліктің халыққа қызмет етуін, оның мұң-мүддесін үнемі ескеріп отыруын міндеттейді. Халық, осы ережеге сай – биліктің әрекеті мен жүргізіп отырған саясатының барометрі ретінде өз көзқарасын (кейде митингілер арқылы) білдіріп отырады, әрі, солай болуы заңды да: халық пікірі тек қана сайланбалы депутаттар немесе ақпарат құралдары арқылы жетуімен шектелмеуі тиіс. Өйткені, жұртшылық наразылығын тудырған, болмаса тудыруы мүмкін көптеген өткір мәселелер тез арада шешуді талап етеді. Шешімі табылмаған жағдайда − митингілерге ұласады. Жалпы, қордаланған түйінді мәселелердің бейбіт наразылық акцияларына ұласуы табиғи нәрсе. Одан үркудің, болдырмауға күш салудың еш қажеті жоқ. Олай болса, оқиға одан бетер шиеленісіп кетуі мүмкін. Ал, халықтың осы − «ой еркіндігі» құқын, оған қызмет етуге ант берген шенеуніктердің белден басуы Конституцияға қайшы құбылыс болғандықтан, керісінше, қоғамға тигізер зардабы өте зор болмақ. Екіншіден, еліміздегі кезекті-кезексіз сайлаулар туралы айтқанда − адамның жылағысы келеді. Шындыққа жүгінсек, билік сайлауды ойыншыққа айналдырып жіберді. Алдын ала «пәленше пайыз түгенше дауыс береді» деп жариялайды. Одан кейін осы «міндеттемені» орындау үшін бел шешіп, заңды бұза-мұза сайлауға араласады. Әркімнің таңдау құқына шектеудің небір өрескел түрін қолдануға барады. Күні бүгінге дейін сайлаудағы келеңсіз заң бұзу­шылыққа мемлекет жағынан, нақтысында, өздерін «мемлекетпіз» деп жариялаған шенеуніктер тарапынан ешқандай құқықтық баға берілген емес. Оның себебі де түсінікті, бұл − қазіргі ат­қарушы биліктің халықтан «тәуелсіз» екендігінің белгісі болса керек. «Тәуелсіз» билік өз қателіктері мен әрекеттерінің заңға қайшылығын ешқашан мойындамайды. Ал, енді, заң іс жүзінде орындалмайтын «заңсыз» мемлекеттің тағдыры қалай болатыны түсінікті. Ол – Хаос атты «құдайларына» сыйынатын анархистердің өмір бақилық арманы ғой. Міне, осы екі мысалдың өзі біз көтерген сұраққа жарым-жартылай жауап беріп тұр. Биліктің байыпты саясаты − мемлекетті дамытады немесе керісінше, қате саясат − оны күйретеді. Біз «нарық қатынасын орнатқан мемлекет құра алдық» деп әлемге жар салудамыз. Иә, шынында да, еліміздегі пайда табуды көздейтін кәсіп­керлер тобының пайда болуы − нарықтық экономика көрінісі. Еркін айналым жағ­дайында капиталдың ірі корпорациялар мен капитал қожаларының (қаржы оли­гархтары) қолдарына шоғырлануы да − нарықтық құбылыс. Дегенмен, осы мәселелердің мазмұнына үңілер болсақ, тіптен бөлек құбылыстар екенін байқаймыз. Бәсекелестікке негізделген классикалық капитализмде аса ірі байлар байлыққа сауда, тауар өндірісі немесе жоғары технологияны меңгеру және т.с.с. арқылы қол жеткізеді. Қалай болғанда да маңдай терін төгеді. Бұл − капитализмнің бұлжымас заңы. Ал, көптеген сарапшылардың пікірінше, біздегі «қазақстандық капитализм» ондай жолдарды бастан өткерген жоқ. Біздегі жекеменшік кәсіпорындар мен қаржылық топтар түгелдей дерлік бұ­рынғы мемлекеттік меншікті жеке­шелендіру кезінде пайда болды. Бүгінгі ірі меншік иелері жекешелендіру кезінде заңсыз әрекеттер арқылы ұлттық бай­лықтың басым бөлігін қолына алды. Сондықтан, олар − «квазикапиталистер» («Квази» − нәрсенің алдамшы көрінісі. – Ә.Б.). Сөйтіп қазақстандық экономика флагмандары капитал елдеріндегідей еркін нарықтық бәсеке сатысынан өт­пей, бірден экономиканың бар саласын қамтыған өндірістік-қаржылық топтар ретінде жарқ етті. Ал, қоғамның негізі – шағын және орта бизнес дамымаған күйде қала берді. Жекешелендіру қауырт жүрді. Оны өткізудің реті мен заңдық базасы да дұрыс жасалмады. Үкімет «Шаруашылық басшыларының өздері 20 жылдан астам басқарған өндірістің 40 пайыз үлесін иемденуі туралы» Қаулысы конституциялық заңға сай болмаса да, ол жеңілдікті кездейсоқ адамдар молынан пайдаланды. Әрине, таза прагматикалық тұрғыдан «іскер басшылар шаруашылықты жеке меншік негізде әрмен қарай дамытады» деген үміт болғаны рас. Алайда, бұл шараның ондай ізгі мақсатқа жеткізуінің өзі күмәнді еді. Себебі, оңай олжаға кенелген, бәсекелестік арқылы даму қажеттігін мойындамайтын, еңбек ресурстары мен өндіріс қуатын, қаз­ба байлықты мақсатты, яғни, халықтың («өзінің де» деп ұғыңыз) бола­шағы үшін пайдалана алмайтын, үнемшілдік пен іскерлік қабілеті төмен, тек қана оқыс қоғамдық жағдайды бас пайдасына шешуді көздеген «элита» оған қабілетсіз болып шықты. Ниет пен пиғыл бас пайдадан аспайтын жерде мемлекетшілдік қасиеттен жұрнақ та қалмайды. Керісінше, тоғышарлық жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қалқиып өре түрегеледі. Сол себепті де, бізде мемлекет пен халық тағдыры белгілі бір топтардың мүддесі төңірегіне тоғысты. Оның айғағы ретінде, халықтық мүлікті иеленгендердің оны талан-таражға салғанын, бұрынғы өндірісті толықтай қиратқанын, ал, өздері қол жеткізген байлықты «көз көрмес, қол жетпес» жерлерге тығуға әрекеттеніп жатқанын айтса жеткілікті. Ең бастысы, «жаңа байлар» «жеке меншік − өндірісті дамытушы күш» деген ережені мойындамады. «Ереже» біздің жағдайға сәйкес болмай шықты. Металл сынықтарына айналған ірі өндіріспен бірге, ауыл экономикасы да қатты тұралады. Енді, оны көтеру үшін ондаған жылдар қажет екені анық. Осылайша, мұнай мен басқа қазба байлықты сатудан түскен қисапсыз ақша, онсыз да заманауи өндірістер ашуға бейімі мен білімі жетіспейтін біздің байларды «ас та төк» өмір қызығы артынан жетектеп кете барды. Іскерлері – әрі кетсе ресторан мен базар ашудан аса алмады. Қалған уақытта бәсекенің тоғышар түрін ермек етіп, бас-басына сарайлар салғызды, қымбат-қымбат көліктерді мінді. Мейлі ғой, біреудің дүниесіне көз алартпаймыз. Бірақ осындай сипаттағы тоғышарлық бүкіл қоғам үлгі тұтарлық сәнге айналып, жалпы жұрттың іскерлік-кәсіпкерлік қабілетін басқа арнаға бұрып жібергенін көргенде – оның қаншалықты қатер екенін анық түйсінеміз. Сөйтіп, нарық, біздің жағдайда, тек қана сауда-саттық, алыпсатарлық күйінде көрініс тапты. Бұл – жартыкеш, шалажансар және ең тұрақсыз «капитализм» түрі. Аты-жөнін көрсетпеуді қалаған профессордың айтуынша: «жекешелендіру басталған кезде іскер адамдарға екі жақтан қауіп төніп тұрды: біріншісі − «төменнен». Ол − қылмыскерлер мен «қара күш» иелері (әртүрлі бұзақы топтар) ұйымдасқан «рэкеттің» кәсіпкерлікті (пайда көзін) бақылауға алуы болса, екіншісі «жоғарыдан» − мемлекеттік шенеуніктер тарапынан орын алды. Олар жекешелендіру кезінде бизнес құрылымдардың меншік үлесіне астыртын кіре бастады. Бұл өндірістік-қаржылық топтардың өзара тиімді одақ құруына, нақты айтқанда, шенеуніктер мен бизнес өкілдерінің ымыраласуына әкелді. Билік пен меншіктің, экономика мен саясаттың өзара сыбайласқан байланысының әлеуметтік механизмі осылай пайда болды. Ондай жағдай бұрынғы кеңестік республикалардың барлығында дерлік (соның ішінде Қазақстанда да) орын алды. Зерттеулер оны растайды». Біздің капитализм сыртқы формасы жағынан монополиялық сипатта қалып­т­асты. Бірақ, біздегі монополия нарыққа сәйкес фирмалардың қарқынды жұмыс істеуі­мен, нарық жүйесінде толық иелік етуге ұмтылысымен, өз бәсекелестерін сапаны арттыру әрі бағаны төмендету арқылы ығыстыру жолымен қалыптасқан жоқ. Қазақстандық монополия, нақтысында, бас пайдасын көздеген шенеуніктердің мемлекеттік тапсырысты өздерінің қатысы бар фирмаларға беріп, сол арқылы мемлекеттің реттеуші мүмкіншілігін молынан пайдалана отырып, қарсыластарын нарықтан ығыстыру арқылы күшейді. Мемлекеттік құрылымдар болса (СЭС, өрт сөндіру, салық, кеден, банк, жер комитеті т.б.), осы фирмаларды қорғауға (сыбайластықты жоққа шығара алмаймыз) қызмет етті. Сондықтан да, нарық жүйесінде санаулы ғана ірі корпорациялар үстемдікке ие. Олар бүкіл нарықты өзара бөлісіп, толық бақылауда ұстауға қол жеткізді. Бағаны да өз еріктерімен қою мүмкіншілігін сақтады. Елімізде ірі жекеменшік иелері ішкі тауар өндірісін дамытуға инвесторларды тарта алмауда. Көбіне олардың ұсынған жобасына шетелдік инвесторлар қызығушылық танытпайды. Өйткені, шетелдік компаниялар Қазақстанның қазба байлыққа байланып, соны ғана сатып күн көруіне мүдделі. Олар, негізінен, пайдасы мол, шығыны аз шикізат көздеріне қаржы құюды көксейді. Неге? Өйткені, аз шығынмен мол байлыққа кенелуге жергілікті билік мүмкіндік беріп отыр. Ендеше оларға «жаңа өндіріс» секілді машақаты көп тәуекелге барудың қажеті не? (Кезінде шетелдік компанияларға ұсынылған жерасты қазба байлық көздері сонау кеңестік кезден барланып, игерілген немесе игеруге толық даяр еді. Мұнай қабаттары алғашқы фазада, яғни, жер бетіне жақын орналасқан болатын). Оның үстіне өзге табыс көзі молайған сайын, мемлекет таусылмалы қазба байлығын үнемдеуге, болашақ үшін сақтауға бет бұра бастайтынын олар да жақсы біледі. Сондықтан, Қазақстанды неғұрлым көп уақытқа «мұнай допингінде» ұстап тұру – олар үшін аса тиімді тәсіл. Өткен «жекешелендіру» науқанында, бірқатар ірі мұнай көздерінің жеке адам­дардың иелігіне өткені жасырын емес. Бірақ, олар одан тезірек «құтылуға» (сатуға) асықты. Бұл сауда әлі күнге дейін жал­ғасып жатыр. Неге? Оның да себебі сол баяғы тоғышарлық менталитетте жатыр. Оларға мемлекет мүддесінен гөрі айна­лымы мен қайтарымы тез қағаз ақша (доллар) қымбат. Әрі, жерасты байлығын шетел банкілеріне апарып тыға алмайсың ғой. Сондықтан болар, қоғам тарапынан «мемлекет өзінің реттеуші мүмкіншілігін қалайша қолдан беріп қойды?» деген заңды сұрақ тууда. Бұл сұрақтың тәуелсіздік мәселесіне тікелей қатысы бар. Мысалы, Үкімет бұрынғы келісім-шарттардағы «қазақстандық мазмұн» мәселесін енді ғана, «шетелдіктер Қазақстанда өндірістер ашады» деген үміт ақталмаған соң және дағдарыстың жаңа толқыны келіп, эконо­микалық жағдайымыз ушыға бастаған кезде көтере бастады. Ал, біз сол кездері өндіріс ашуды, оған қазақстандықтардың тартылуын, жұмысшылардың жалақысында алалаушылықтың болмауын және т.с.с. мәселелерді мемлекет әлеуетін қолдана отырып қамтамасыз еткенде – онда, қоғамда «адам капиталын» дамытатын, қоғамды алға сүйрейтін инвестициямен қамтамасыз ете алар едік. Әртарапты экономика мен мәдени даму мәселелері де бұдан гөрі қарқынды шешімін табар еді. Ғылым мен білім, денсаулық мәселелері де бүгінгі күйден әлдеқайда жоғары болар еді. Біз болсақ осы қарапайым ақиқатты ұғу үшін шетелдіктердің заңдарымызды белден басуын, жағдайымыздың тұралай бастауын күтіп отырдық. Бұл − элитаның басты қателігі. Экономикалық теорияда мұндай капи­тализм түрі − номенклатуралық (бю­рократиялық) кәсіпкерлік деп аталады. Онда шенеунік пен кәсіпкердің арасы ажырамаған, көбіне екеуінің рөлін бір субъект ойнайды. Мұнда шенеунік − мемлекеттік қызметкер ретінде бақылаушы, сонымен қатар, кәсіпкер ретінде − нарықтық қатынасқа қатысушы (қосымша табыс табушы). Бір сөзбен айтсақ, қазақстандық қоғамда шенеуніктер мен кәсіпкерлердің ымыраласқан симбиозы (екі басты айдаһар сынды) пайда болды. Ал, бұл − құқықтық-демократиялық қоғам­ның табиғатына жат нәрсе. Бұл «капи­та­лизм» қоғам мен экономиканың дамуына қолайлы жағдай туғыза алмайды және мемлекет азаматтарының жаппай іскерлік белсенділігін оятуға стимул бола алмайды. Осы айтылғандармен бірге, біздің мемлекеттікте мынадай екі мәселенің басы ашылмаған күйде тұр: олар − «нарыққа араласпау» және «өзін-өзі шеттеу». Біздің ойымызша, либералистік принциптерді ұстанған мемлекет нарықтық экономиканың дамуына қолбайлау болмау үшін, оған мейлінше араласпауға ұмтылады. Дұрыс. Бірақ біздің жағдайда бұл принцип мемлекеттің экономикалық қатынастардан «толық шет қалуымен» алмасты. «Шет қалу» принципі тек экономикада ғана емес, сонымен қатар, қоғам өмірінің барлық саласында, әсіресе, әлеуметтік салада өткір көрініс табуда. Мысалы, бізде «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» жоққа тән. Әсіресе, елдегі банкілік қызмет одан аулақ болғанды қалайды. Қай­та оларға қарағанда шетелдік бизнес құрылымдары біршама тәуір. Сондықтан, дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде мемлекет тарапынан жеткілікті бақылау мен реттеудің болмауын, мемлекеттің өзіне конституциялық заңмен жүктелген міндеттерді толықтай атқармай, ұлттық мүддені жеткілікті дәрежеде қорғамай отырғанын шындық деп мойындау қажет. Банкілер демекші, әрине, нарықтық экономиканың өтпелі кезеңінде банктерге қолайлы жағдай туғызу қажет. Сондықтан да, мемлекет осы саладағы барлық заңна­малық базаны банктерді қолдауға құрғаны өрескел қателік те емес. Бірақ, бұл қолдау оларға не үшін жасалды? Олар шағын және орта бизнесті ынталандыруға жеткі­лікті көңіл бөледі деп жасалған жоқ па? Әсіресе, азық-түлік қауіпсіздігінің негі­зі − ауылды дамытуға септігін тигізер деген үміт биік тұрды ғой. Ал, олар болса ондайға еш құлықсыз. Олардың бұл қадамы түбінде қазақстандықтардың әлеуметтік мүддесіне зиян келтіреді, келтіріп те жатыр. Сондықтан, ең дұрысы, Қазақстанда на­рықтық экономиканың «қаңқасы» құрылған сәттен бастап экономиканы әлеу­меттік бағытқа бұру қажет еді. Бі­рақ, билік ондай талап қоймады. Сол се­бепті де, осындай «картбланш» алған банкілер мен ірі бизнес тек өз пайдасына жұмыс жасауды жалғастыра беруде. Осы себептен қазақстандықтар өз өндіргіш күштерін сапалы дамыту қабілетінен ажырап қалды. Әсіресе, тәуекелі мол мал және егін шаруашылығы қиын жағдайда. Мысықтабандап қана алға жылжып келеді. Біздің кәсіпкерлердің пайдасының қомақты бөлігі шеттен тасылатын тауарлар есебінен болып отыр. Ал, осы жолмен ондай пайданы қуа берсек, ішкі өндірісті өндіруге ешкім қызықпайтын болады. Кезінде осындай сауда-саттық өтінде тұрған талай мемлекеттер бір дауылдан (форс-мажорлық жағдайдан) аман қала алмағаны тарихтан белгілі. Капитал ел экономикасына тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етуі үшін әлемдегі әйгілі капиталистерден үлгі алудың еш айыбы жоқ. Мысалы, миллиардер Генри Форд: «Менің зауыттарым тұрақты жұмыс істеуі үшін, мен өз жұмысшыларыма өздері жасайтын автомобильдерді сатып ала алатындай жалақы төлеуім қажет. Сонда бұл менің өз пайдамды ойлағаным болады. Жоғары жалақы беру үшін мен өндірісті де жетілдіріп, барлық жұмысшы-қызметкерлерімнің де біліктілігін үнемі арттырып отыруым қажет» деген екен. Сол айтқандай, біз де мемлекетті дамытуға «жаппай тұтынушылар», яғни, «тұрмыс деңгейі өте жоғары қоғам» құру арқылы ғана жете аламыз. Мұндай жағдай туса − бизнес те өзінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға мәжбүр болады. Қазіргі мақсат − ұлттық-эконо­ми­калық өрлеу. Ол үшін мемлекет мүм­кіндіктерін толық қолданып, ұлттық бизнесті ұлттық мүддеге бұру қажет. Бизнес жеке пайдасын ғана ойламай, алдымен мемлекет пен халықтың да жағдайын ойлауға міндетті. Мемлекет пен халық – бизнес отырған бұтақ, оның тұ­ғыры. Олар болмаса, жеке «капи­талистердің» байлығы – өзгелердің көз құрты! Осындай принципті ұстана отырып, Үкімет қазіргі реформалардың қандай мақсатта жасалып жатқанын халыққа түсінікті етіп жеткізуі қажет. Бүгінде олардың нақты мақсаты түсініксіз болуына байланысты, қоғам мүддесі мен реформалар арасында байланыс жоқ. Содан барып, мемлекеттік жобаларда әрбір адамды нақты істерге жетелейтін, оның тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған мағына жоқ. Ал, әлемдік тәжірибеде реформалар осындай мағынамен толыққанда ғана сәтті аяқталғаны анық. Ендеше, қазіргі билікке өз азаматтарының сенімінен және де, кез келген уақытта биліктің өз азаматтарынан қолдау таба алуынан артық маңызды нәрсе болмауы тиіс. Өкінішке орай, осы маңызды шартты билік іске асырмай отыр. Жалықтырған жалаң ұрандардан әрі аспауда. Яғни, мұнда да «билік бір бөлек, халық екінші бөлек» күйде қалған десе болады. Сол себептен болып жатқан қайта құруларға, үкімет ұсынған бағдарламаларға деген сенім аз. Дағдарыс дендеген сайын да сенім азая түсуде. Кезінде Үкімет пен Парламенттің жағдайды алдын алуға толық мүмкіндігі бар еді. Өкінішке орай, олар бұл мүмкіндіктерді пайдаланбады. Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясаты (дағдарыс жағдайында) үмітті ақтамауы − елдегі саяси ахуалды шиеленістіріп, қоғамдық ұйымдар биліктің жауапкершілігі туралы ашық айта бастады. Шынында да, беделмен бірге жауапкершіліктің қатар жүретінін кез келген биліктің ұмытпағаны абзал. Сонымен жауапты түйіндей келе: «әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, еркін нарықтық, әртарапты экономикасы бар, барлығы заң алдында тең, азаматтардың құқы заңмен қорғалған, көлеңкелі бизнес пен сыбайластыққа орын қалмаған, болашағына сенімді, мәдениетті, оқыған-тоқыған азаматтар өмір сүруші, ұлттық келбеті айшықталған қоғам құрдық» деп айта аламыз ба? Әлде, басқаша: «бұл әзірге тек қиял, бірақ ұлттың мүддесіне, еліміздің түпкілікті мақсатына сәйкес келетін қиял, сондықтан – бәрібір, жүзеге асатын қиял!» − деп, қазіргі шындықты мойындаймыз ба? Дегенмен, біз осы мақала көтерген нақты сұраққа нақты жауап бере алмадық. Оны да түсінуге болады, өйткені, теорияда сөзі мен ісі қабыспай жатқан мем­лекет түрі қарастырылмаған. Біздің қа­зіргі жағдайымыз осындай екіұдайылық қалыпта тұр: біреулерге (азшылыққа) − бұл жайнаған ел, біреулерге (көпшілікке) − бұл кері кетіп бара жатқан ел. Оған қоса, дағдарыс сағыздай созылған сайын, екіншілердің қатары көбейе түсуде. Қорыта келе айтарымыз: қандай да ащы болмасын − халықтан шындықты ешқашан жасыруға болмайды. Өйткені, «қилы-қилы ертегі» қоғамды жұдырықтай жұмылдыра алмайды. Бұл функцияны тек қана шындық пен әділеттілік қана атқарады. Бірақ, қаншама сыншыл болсақ та, шыншыл қоғам орнамай қоймайтынына сену қажет. Себебі, олай деп айтуға негіз бар: біріншісі − шындық пен әділеттілік тәуелсіздікті тиянақты етудің жалғыз шарты болса, екіншісі − қазақ халқының жоғары жасампаздық потенциалы. Қазір қазақ халқы еңсесін көтере бастады, өзінің өз елінде жетекші ұлт екенін сезіне бастады. Сондықтан, уақыт келгенде, біз де мемлекет құруда «бірізділікке» түсеміз деп үміттенеміз.

484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз