• Еркін ой мінбері
  • 12 Қазан, 2011

Ескерусіз қалған есіл ер

Нұрдәулет Манкеев Қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы пед¬инс¬титутында алғаш құрылғаннан бері жүргізіліп келе жатқан тарих пәнінен дәріс беру ісі 1934 жылы жаңадлан ашылған «тарих-география» факультетінде өз жалғасын тапты. Оның алғашқы деканы қоғам қайраткері, профессор Санжар Асфендияров болса, араға аз уақыт салып факультетті басқару тізгінін айтулы тұлға – Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев алды [1]. Ол 1934 - 1939 жылдары та¬рих факультетін басқарумен қатар, 1937 жылы құрылған «КСРО тарихы» кафедрасына алғаш меңгерушісі де болды [2]. Х. Әділ¬гереев 1939 жылы «ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ қоғамында төлеңгіттердің пайда болуы және әлеуметтік рөлі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының кандидаты [3]. Оның ұстаздық қызметі барысында Абай атындағыҚазПИ-де өмірінің соңына дейін тарихи білім беру ісінде лекторлық шеберлікпен танылып, ғылыми кадрлар даярлау жолында академик Ақай Нүсіпбеков, тарих ғылымының докторы, профессорлар Тәжен Елеуов, Ғазиз Әбішев және Нығметолла Киікбаев тәрізді болашақ қазақ тарихының білгірлерін жетелеп, ғылым кеңістігіне шығара білудегі еңбегі зор. Солай бола тұра Х. Әділ¬гереевтің Қазақстанда педагогикалық білім беру мен мұғалім кадрлар даярлау ісіне зор еңбек сіңіргені бүгінде ешбір айтылмастан көлеңкелі күйде қалып келеді. Осы орайда, «еңбегің сіңбей атақ алғанша, еңбек сіңіріп аталмай қалған дұрыс» деген қанатты сөз Халел Мұхамеджанұлына бағыттап айтылғандай көрінеді. Олай дейтінім, соғыс басталысымен институтта бар болғаны бір жыл директор болса да қыруар жұмыс атқарып, артынша өз еркімен сұранып майданға аттанған асыл азаматтың қажырлы еңбегін өз замандастары мен бүгінгі ұрпақ бағалай білдік пе? Жасыратыны жоқ, Х. Әділ¬гереевтің институтта директор болғаны қайсыбір тараптан әлі де болса күмәнмен қаралып келеді. Десек те, халық ағарту саласында өнеге таныта білген әрбір азаматтың сіңірген еңбегі лайықты бағасын алуға тиіс. Ал, сіңірген еңбекке әділ баға берудегі бір¬ден-бір сүйенеріміз мұрағат деректері болып табылады. Х. Әділгереевтің институт директоры болып тағайындалуына өзімен бірге осы институтта жұмыс істеп, 1941 жылы Қазақ КСР Халық ағарту комиссары қызметіне ауысқан қоғам қайраткері Тө¬леген Тәжібаевтың тікелей ықпал еткені байқалады. Сол кездегі мәліметтерге қарағанда, институттағы 5 факультетте 408 студент білім алып, институт жанындағы педагогикалық факультеттің мектеп бөліміндегі кешкі тобында 21 студент, неміс тілі бойынша 2 жылдық мұғалімдер курсында 29 студент оқыпты. Институт аспирантурасындағы 24 аспиранттың 14-і қазақ ұлтының өкілі болса, институт ұстаздарының жалпы саны 90 адамды құраған[4]. Сол уақытта елімізде жоғары оқу орындарын бір жүйеге келтіру мақсатында айтулы іс-шаралар жүргізіліп жатқан болатын. Осыған байланысты 1941 жылы Алматы Мемлекеттік педа¬гог¬тік институты мен оның жанындағы Мұғалімдер институты бірігіп, Абай атындағы «Алматы Мем¬лекеттік педагогика жә¬не мұғалімдік институт» (АлМПМИ) деген атауға ие болды [5]. Ендігі жерде, екі институттың өзара бірігуіне сәйкес факультеттер мен кафедралар жүйесі кеңейіп, оқытушылар құрамы Мұғалімдер институтынан келген ұстаздармен толықты. Халел Мұхамеджанұлы Әділгереевтің директорлық қызметке кіріскен бастапқы қадамында атқарылған игі істің бірі институт тарихына қатысты 1928-1931 жылдардағы іс-құжаттардың алғаш рет жинақталып Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік мұрағатына (ЦГА) өткізілуі еді. Онда әрбір құжаттың жазылуына аса мұқият қарап, құжаттарды қолжазба күйінде емес, арнайы жазу машинкасымен басып тіркеу міндеті жүктелген. Нәтижесінде, факультет декандары мен барлық бөлім же¬текшілері соңғы жылдардағы іс-құжаттарды даярлап институт мұрағатына өткізу жұмысына белсене кірісті. Осылайша, мұрағат жұмысын жетілдіру және болашақ ұрпақ еншісіне қалатын тарихи құжаттарды түгелдей жинақтап мұрағат қорларына өткізу бағытында атқарылған істерден асыл азаматтың бойындағы ғылыми ізденіске деген үлкен құрмет пен нағыз ғалымға лайық абзал қасиеттің жоғары деңгейде болғанын байқаймыз [6]. 1941 жылы республика халық ағарту саласында үлкен өзгеріс болып, латын алфавитінен орыс графикасы негізінде бүгінгі таңда қолданылып ке¬ле жатқан кириллицаға көшу басталды. Осыған байланысты шыққан Қазақ КСР Оқу Халық комиссариатының жаңа алфавитке көшу туралы қаулысын іске асыру мақсатында 1941 жылы АлМПМИ директоры Халел Әділгереевтің басшылығымен ауқымды шаралар жүргізіле бастады. Атап айтсақ, 24 наурыздан бастап оқу үрдісіне 20 сағат көлемінде «Жаңа қазақ алфавиті» атты жаңа курс енгізіліп, дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері барлық институт ұстаздары, шаруашылық қызметкерлері мен студенттер арасындағы қазақ ұлтының өкілдеріне кириллицаны үйрету басталды. Осы орайда, жаңа алфавитті үйрету және оны ұйымдастыру ісіне ф.ғ.к., доцент Сәрсен Аманжолов басқарған «Қазақ тілі» кафедрасының ұжымы сүбелі үлес қосқан екен [7]. Десек те, кеңестік саясат негізінде жүргізілген мұндай әрекеттер институтта орыс тілін оқытудың мәртебесін жоғары көтеріп, кейіннен барлық мамандықтар бойынша өзара бөлінген қазақ және орыс факультеттерінің құрылып жеке-дара жұмыс жүргізуіне тікелей ықпал етті. 1941 жылы 7 сәуірде Қазақ КСР Оқу Халық комиссары Төлеген Тәжібаев «Жоғары оқу орындарына студенттер қабылдаудың дайындық жұмыстары туралы» № 20 қаулы қабылдады. Қаулы бойынша, республика халық ағарту саласын білікті мұғалім кадрлармен қамтамасыз етіп, педагогикалық білім беру ісін жетілдіруде еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының рөлін арттыру және бұл іске барлық білім басқармалары, институт және орта мектеп директорлары мен халық ағарту ісінің үздік ұстаздарын жұмылдыру мақсаты көзделді. Осыған байланысты, Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдік институтының (АлМПМИ) республика орта мектептерімен өзара байланысы күшейтіліп, мектеп бітіруші түлектерді мұғалімдік мамандыққа оқуға тарту шаралары қарқынды түрде жүргізіле бастады. Осы орайда, ағарту саласына еңбек сіңірген озат ұстаздардың өмір жолы мен шығармашылық қызметі жөнінде республикалық баспасөз беттері мен радиодан арнайы сұхбаттар берілген екен. Сондай-ақ, республика орта мектептерін бітіруші түлектерді институттың оқуға қабылдау ережелері мен емтихан талаптарынан кең мағлұмат беретін анықтама-консультациялық жұмыстарды жүргізу мақсатында профессор-оқытушылар құрамынан арнайы кезекшілік ұйымдастырылды [8]. Алайда, кеңес-герман соғысының басталуы институт өміріне күтпеген өзгерістер енгізді. Соғыс басталысымен бірқатар институт ұстаздары мен аспиранттар, шаруашылық қызметкерлері майданға аттанды. 1941 жылы 3 шілдеде КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің «Әскери әуе шабуы¬лы қорғанысына жалпыға бірдей міндетті дайындық туралы» қаулысының мәтіні «Казахстанская правда» газетінің бетінде жарық көрді. Аталмыш қаулыда көзделген міндеттерді шұғыл түрде жүзеге асыру мақсатында 1941 жылы 4 шілдеде институт директоры Халел Әділгереев институтта 3 айлық әскери дайындық курсы мен әскери-патриоттық кабинеттерді ұйымдастырды. Ка¬би¬нетте әскери әуе шабуылы қорғанысына қатысты жүретін сабақтардың жұмыс бағдарламасы мен оқу-әдістемелік құралдар жинақталып, әрбір топ жетекшілері әскери дайындық курсын жоғары деңгейде өткізуге барынша күш салды. Ал, мұндай сабақтардың өтілу барысын директор .Әділгереевтің өзі мұқият қадағалап, барлық институт қызметкерлері мен студенттердің сабаққа түгелдей қатысуын жіті назарда ұстағаны байқалады. Басқа түскен қиындықтарға қарамастан директор Халел Әділгереев институт басқаруда шебер ұйымдастыру қабілет таныта отырып, институтты білікті мамандардан құралған бірден-бір орталыққа айналдыруға және мұғалім кадрлар даярлау ісін жақсартып, білім сапасын жетілдіруге барынша күш салды. Соғыс басталысымен Қазақстанға қоныс аударылған (эвакуация) КСРО Ғылым Академиясының көрнекті ғалымдарының институт жұмысына тартылуы Халел Әділгереевтің директорлық қызметіндегі ерекше бөліп айтатын жағдай. Айталық, 1941 жылғы шілде мен желтоқсан аралығында КСРО Ғылым Академиясының академиктері Н. Н. Баранский, В. Г. Фесенко, профессорлар Г. А. Кокиев, К. П. Персидский, А. А. Глаголев, Р. А. Фридман, П. М. Рубинштейн, И. А. Палунск, Б. А. Воронцов-Веляминов, Н. Ф. Бельчиков, А. С. Бутягинді қосқанда барлығы 11 адам институтқа жұмысқа қабылданған. Халел Әділгереевтің директорлық қызметі барысында институт жанындағы аспирантурада ғы¬лыми-педагог кадрлар даярлау ісіне ерекше көңіл бөлініп, кандидаттық диссертациялардың сапасы мен кандидаттық емтихан тапсыру кезінде қойылатын талаптардың жоғары деңгейде болуына жүйелі түрде бақылау жүргізілді. Мұрағат деректеріне жүгінсек, Х. Әділгереев аспиранттар¬ға неғұрлым білікті ғылыми жетекшілер тағайындап және олардың бұл іске асқан жауапкер¬шілікпен қарауына, сондай-ақ, одақ көлеміндегі ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарында іс-тәжірибе алмасуларына барынша қолдау көрсеткені байқалады. Бұған, аспирантурада ғылыми жетекшілік жүргізген белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың 1941 жылы 2 мамыр мен 10 маусым аралығында Мәскеу және Ленинград қалаларындағы ғылыми орталықтардан тәжірибе жинақтауға және химия кафедрасының доценті Әбікен Бектұровтың 4 мамыр мен 20 мамыр аралығында Риддер зауытында ғылыми-зерттеу жүргізу үшін арнайы іссапарға жіберілгені толық дәлел [9]. Бұл кезде аспирантурада Мәлік Ғабдуллин, Әлішер Тоқмағанбетов, Темірхан Бәкіров (қазақ әдебиеті), Бекежан Сүлейменов, Ахметхан Ахметжанов (КСРО тарихы), Нұрмаш Шоқаев, Нығметолла Киікбаев (жалпы тарих), Наурызбай Саттаров, Сергей Шкуридин (орыс тілі), Николай Чистопольский (орыс әдебиеті) т.б. аспиранттар ғылыми -зерттеу ісімен айналысты. Осы арада айта кеткен жөн, Х. Әділгереев институттың оқу және ғылыми-зерттеу ісінде жемісті еңбектерімен көрін¬ген ұстаздар мен аспиранттардың және оқу озаты болған студенттер еңбегін әділ бағалап, оларды лайықты құрметке ұсына білген басшы. Айталық, 1941 жылдың 1 мамыр мерекесі қарсаңында Әділгереевтің ұсынуымен оқытушылар С. Аманжолов, Г. Ф. Бутлер, Б. Ф. Боярчук, Н. И. Доморацкий, В. М. Зимин, М. Д. Исаев, А. Н. Коваленко, Р. Г. Лемберг, М. М. Маркович, В. И. Попова, О. А. Суворова, Н. С. Смирнова, М. И. Фетисов, Е. Г. Федоров, аспиранттар М. Ғабдуллин, Б. Сүлейменов, ста¬линдік стипендиаттар Б.Бөлтірікова, С.Дайырбеков, Қ.Жармағанбетов, Б.Қазықанов, П.Я.Уваров және тағы басқаларды қосқанда барлығы 37 адамның есімі институттың Құрмет тақтасына жазылса, 76 адам директордың алғыс хатымен марапатталып, Институт екпіндісі атанған екен [10]. 1941 жылы 13 тамызда Қазақ КСР Оқу Халық Комиссариаты Коллегиясының «Республика университеттері, педагогика және мұғалімдік институттар мен педагогикалық училищенің сырттай бөліміне оқуға қабылдау туралы» қаулысы шықты. Аталмыш қаулы негізінде 1941-1942 оқу жылынан бастап Облыстық білім бөлімі (ОблОНО) жанындағы қысқа мерзімді мұғалімдер курсын және 2 жылдық педагогикалық училищені біті¬рушілер, орта мектеп мұғалімдері, V-VІІ сыныптық кәсіптік мектепті бітірген орта білімі барлар институттың сырттай бөліміне ешбір емтихан тапсырмастан қабылданатын болып белгіленіп, осыған байланысты жұмыстарды жауапкершілікпен жүзеге асыру міндеті институт директорына тапсырыл¬ған. Сондай-ақ, 1941 жылы институт жанынан 2 жылдық неміс тілін тереңдетіп оқыту курсы ашылып, онда неміс тілі мамандарын даярлау ісі жолға қойылды. Халел Мұхамеджанұлы Әділгереевтің директор кезіндегі институт құрылымында болған үлкен өзгерістің бірі жаңадан «Дене шынықтыру» факультетінің құрылуы еді. Яғни, Қазақ КСР Оқу Халық комиссариатының 1941 жылы 27 қазандағы «Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдік институты жанынан дене шынықтыру факультетін ұйымдастыру туралы» қаулысының негізінде 1941 жылы 1 қарашада институт тарихында тұңғыш рет «Дене шынықтыру» фа¬куль¬теті ашылып, оны басқару тізгінін аға оқытушы Виктор Матвеевич Зимин қолына алды. Сондай-ақ, аталмыш факультет құрамында «Дене шынықтыру және әскери дайындық» кафедрасы құрылды. Директор Х. М. Әділгереев факультет жұмысына танымал спорт шеберлері мен білікті мамандарды тарта білді. Олардың қатарында КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері М. В. Тышко, Мәскеу Дене шынықтыру институты түлектерінен гимнастик Г. А. Мещерский, спорт тарихын оқытушы А. А. Тер-Ованесян, шаңғы спортының жаттықтырушылары А. Ф. Горин, В. Г. Жужиков, Бүкілодақтық жекпе-жек сайысы бойынша 1-ші санатты жаттықтырушы Д. М. Четвериков тағы басқалар бар еді [11]. Институт қабырғасында Х. Әділгереев алғаш рет қазақша күрес бәсекесін ұйымдастырды. Өйткені оның өзі де қазақша күрестің майталманы еді. Сөйтіп, 1941 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік педагогика және мұғалімдік институты жанынан «дене шынықтыру» факультетінің ашылуы республикадағы дене шынықтыру институтын құруға бастама болды. Нәтижесінде, осы факультет негізінде Қазақстанда тұңғыш рет «Дене шынықтыру институты» ашылып, еліміздің спортшы мамандарын даярлау ісі жеке өз алдына жолға қойылған болатын. Қазақ КСР Оқу Халық комиссариатының 1941 жылы 21 қарашадағы «Сырттай бөлім студент¬терінің қысқы емтихан сессияларын өткізу туралы» № 18-64 бұйрығы және соғыс жылдарында халыққа білім беру жүйесіне енгізілген міндеттерге байланысты 1941 жылы желтоқсан айының соңында институтта студенттерге сабақ жүргізу тоқтатылып уақытша жабылды. Өйткені, институт дәрісханалары соғыс қажетіне қарай босатып берілгендіктен сырттай бөлімде оқитын студенттер қысқы сессияны өздері мұғалім болып жұмыс істеп жүрген мекемелерде тапсыратын болып бел¬гіленді. Сондықтан, институт оқытушылары рес¬пуб¬лика аймақтарындағы орта мектептердің жағдайымен танысып, арнайы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және институттың сырттай бөлімінде оқитын студенттерден емтихан қабылдап, тиісті әдіс¬темелік көмек көрсету және кәсіби бағдар беру мақсатында 2 айдан астам уақыт арнайы іссапарға жіберілген екен [12]. Сондай-ақ, институт қызметкерлері мен студенттерге ауылшаруашылық жұмысы бойынша арнайы курс оқыту мәселесі жолға қойылды. Осы мақсатта, бұл курсты жүр¬гізуге Қазақ КСР Оқу Халық комиссариаты тарапынан 11500 сом қаржы бөлініп, бітіруші курстан басқа студенттердің барлығы қысқы сессия тапсырудан арнайы босатылды. Сөйтіп, институтта ауыл шаруашылық жұмысы бойынша жүргізілетін арнайы курсты оқыту үшін Алматы машина-трактор станцияларынан (МТС) 2 агроном маман арнайы шақырылып, сабақ кестесі бойынша өтілетін курстың аяғында барлық тыңдаушылар сынақ тапсыруға міндеттенді [13]. Осылайша, соғыс жыл¬дарында халыққа білім беру жүйесіндегі маңызды міндеттерді жүзеге асыру мақсатымен 1941 жылы желтоқсан айында директор Х.М.Әділгереев қызмет бабымен 1 айлық іссапарға шықты. Егер сұрапыл соғыс болмағанда Х. Әділгереев директорлық қызметті жемісті табыстармен одан әрі жалғастыра берер ме еді. Бірақ, кеңес-герман соғысының қасіретті жылдары өзге замандастары тәрізді оның да өмір арнасын уақытша өзгерткен дауылды кезең болды. Соғыс басталып ел басына күн туған заманда институт басшысы болып отырғанға қарағанда отан алдында азаматтық борышын өтеуді жөн санаған директор Халел Әділгереев 1 айлық іссапардан келісімен 1942 жылы 29 қаңтарда өз еркімен сұранып майданға аттанды. Бұл әрекеттен асыл азамат бойындағы адамгершілік қасиет пен патриоттық сезімнің жоғары деңгейде болғаны тағы бір қырынан байқалады. Майдан шебінде жүргенде оның қажымас қайраты ерен ерлікке ұласып «Қызыл Жұл¬дыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендері және «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үш¬ін», тағы басқа медальдармен марапатталып, 1945 жылы күзде «майор» әскери шеніндегі соғыс ардагері болып елге оралды. Келісімен 1946-1951 жылдары қайтадан Абай атындағы АлМПМИ-де «КСРО тарихы» кафедрасының меңгерушісі, доцент болып жұмыс істей жүріп 1949 жылы 10 ақпанда Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі атанды. Алайда, мұрағат деректеріне қарағанда, 50-жылдары саяси қуғын-сүргіннің қайта жанданған кезінде Халел Әділгереев өз ұстанымынан таймағаны үшін Ермұқан Бекмаханов тәрізді қазақтың біртуар азаматының қатарында саяси қуғынға ұшырап 1951 жылы жазықсыз Шымкент қаласына жер аударылған. Дегенмен, басқа түскен ауыртпалықтарға мойымастан Х. Әділгереев 1951-1954 жылдары Шымкент мұғалімдер институтында доцент, Марксизм-ленинизм кешкі институтының тарих кафедрасы меңгерушілігін атқарды. 1954 жылы 1 қыркүйектен бастап кезінде өзінің шәкірті болған Кеңес Одағының Батыры, Абай атындағы АлМПМИ директоры Мәлік Ғабдуллиннің араласуымен «КСРО тарихы» кафедрасының доценті болып қабылданып, қайтадан Алматыға ауысады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, 1956 жылы 22 қыркүйекте институт ди¬рек¬торы Мәлік Ғабдуллиннің бұйрығымен Х. М. Әділгереев тарих-филология факультетінің деканы болып екінші рет тағайындалып, 1963 жылдың 5 мамырына дейін факультетті басқарады. Оған 1966 жылы 17 қазанда институт Ғылыми Кеңесінің шешімімен «профессор» ғылыми атағы берілді. Про¬фессор Х. М. Әділгереев өзінің ғылыми-педагогикалық қызметінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе¬сінің Құрмет грамотасымен 4 рет марапатталған екен. Ол өмірінің соңғы жылдарында Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ Мемлекеттік университетінде студенттерге КСРО тарихынан қосымша дәріс оқыды. Осылайша, Абай атындағы ҚазПИ-де 36 жыл ұстаздық қызмет атқарып, өзінің саналы ғұмырында тарихи тұлғаға лайық қажырлы еңбегімен ұрпаққа өнеге бола білген Халел Мұхамеджанұлы Әділгереев 1974 жылы 17 қазанда 67 жасында дүниеден озды. Ардақты ұстаздың 1934 жылы 17 қазанда алғаш тарихи білім мектебінің есігін ашып, арада қилы тағдырға толы 40 жыл өткеннен кейін дәл осы 17 қазан күні өмір мектебінің есігін жабуы, сондай-ақ, 1966 жылы 17 қазанда «профессор» ғылыми атағын алуы тарих толқынындағы өзара ұқсас сәттер болса керек. Осылайша, мұрағат қорларындағы тарихи деректерді зерттеу барысында тыңнан түрен түртуге негіз болған құнды мәліметтер ала отырып, қазақ тарихына сүбелі үлес қосып, қоғамға қажырлы еңбек сіңіре білген тарихи тұлға – Халел Мұхамеджанұлы Әділгереевтің қазақтың тұңғыш жоғары оқу орнында атқарған ғылыми-педагогикалық және директорлық қызметіне нақты дәлелдермен көз жеткіздік.

990 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз