• Еркін ой мінбері
  • 07 Тамыз, 2012

Қодар «қуалайды», Сүлеев «сүйреңдейді». Неге?

Әлнияз Бестемір

«Адасып» АҚШ асып, айналып қазығын (қазағын) тапқан Бигелді Ғабдуллиннің «Central Asіa Monіtor» атты газеті бар. Соңғы кезде сол газет басқа адам таппағандай Әуезхан Қодар, Жәнібек Сүлеев сияқты саусағын сорып, «жаңалық» ашып жүргендерге «қазақ мәселесін» емін-еркін талқылатып қойды. Рас, «қазақ мәселесі» бар, оның жоғын жоқтап, барын көрсетіп талқылаған, талдаған жөн. Бірақ, олардың айтып жатқан сын аралас ұсынысы ұлтты жаңғыртуға, жасампаздыққа бастамайды. Сыны сына қағуды, ұсынысы қазақты құз жағалатып жіберуді көздейді. Өзін философ, әлем мәдениетінің білгірі санайтын Әуезхан Қодар «таза» қазақтарға арнап ақыл айтқан мақаласын «Кто должен стать для нас ориентиром: Абай или Шокай?» деп атап, дүниелік көзқарасы мен мақсаты бір болған екі ұлы тұлғаның арасына сына қағудан бастапты. Оның ойынша, қазақтар Тәуелсіздік алғаннан кейін «абайша» өмір сүруден тайқып, «шоқайлап» кетіпті. Оны «Абай үрдісіне қарсы үрдіс» немесе «Мұстапа Шоқай үрдісі» деп атап, оған еуропалық құндылықтардан мансұқ еткен «азиятшылдық + ислам» деген анықтама беріпті. Ә.Қодардың ешбір дәйегі жоқ анықтамасынан, соны желі қылып тартқан әңгімесінен ұққанымыз - «Шоқай үрдісіне» еліккен қазақтар аяқастынан мәдени дәстүрінде жоқ мұсылманшылыққа ессіз беріліп, тарихи санасынан айырылып қалыпты. «В каждом мало-мальски крупном ауле строились мечети, приносились в жертву бараны, с молитвенным благоговением соблюдались посты, а свадьбы, которые ранее были радостью молодых, теперь стали делаться ради родителей молодоженов. Мало того, теперь там нельзя было пить спиртное и веселиться, ведь это были богоугодные «исламские свадьбы...» дейді ол. «Шоқай үрдісін» Ә.Қодар босқа «төмпештеп» жатқан жоқ. Оның сызат түскен күйтабақтан шығатын ән сияқты неше жылдан бері қайталап, талмай айтып келе жатқан ұсынысы бар. Ол исламды тәрк етіп, әлімсақтан мұсылман қазаққа бұдан былай тәңіршілдікті таңып бермекші. «Так и у казахов есть своя, тенгрианская, метафизика... «Религио» в переводе с латинского и означает эту связь. А в тенгрианстве такая связь идет через культ аруаха, т.е. духа твоего собственного предка. Ты каждый раз идешь не в церковь, не в мечеть, а на могилу своего предка. Ты следишь за этой могилой, прибираешь ее, делишься с предком своим самым сокровенным, возносишь ему молитвы. Ведь по смерти он сам становится Тенгри, частью Абсолюта. И как не ему, твоему предку, не услышать тебя, твоего потомка? Разве это не подлинная связь – генетическая и духовная? И разве пристало нам, казахам, этого лишаться?»  деп, «адасып» кеткен қазақтың бетін «бері» қаратпақшы. Ол мұсылмандардың құрбандық шалуын да шет санайды, одан бекерге қан ағызған жауыздықты, қатыгездікті көреді. Ал, тәңіршілдік діні бойынша, қымызды отқа шашса, құрбандыққа сол жеткілікті болып саналады екен. Осылайша ол қазақтарды «жауыздықтан» арылтпақшы. «Но ведь смогли же якуты возродить свой вариант тенгрианства. У них уже есть свои тенгрианские храмы... Если народ, стоящий на грани исчезновения, смог это, почему бы не попытаться и нам? Это мой вариант решения «казахского вопроса», и я знаю, что в среде казахов у меня найдется много сторонников» деп бұтқа толып, маңғазданып отыр ол. Басқа халықтар алға ұмтылып жатқанда, қазақтарға кері кетіп, тәңіршілдікті қайта жаңғыртып, сол дінді қабылдаудың қажеті не? Бұл сұраққа «қазақ мәселесінің» «білгірі» осыдан бес‑алты жыл бұрын өзінің «Тамыр» журналының бір санында «басқалардан өзгешелену үшін керек» деп жауап берген болатын. Оның ойынша, барлық мәселе «өзгешеленуге», басқаларға ұқсамауға» тіреліп тұр. Осы маңызды болса, «қазақ мәселесін» түбегейлі шешіп берсе, «өзгешеленудің» түрлі әдісін, түрлі жолын табу қиын емес. Мысалы, күш салып, ынта қойсақ, кіші дәретті алдыға емес, артқа қаратып та сындыруға болады. Бұл да бізді басқа халықтардан «ерекшелей» түсетіні анық. Бірақ, оның мәні не, қандай мақсатқа жетпекке бұлай жасамақпыз?! Ә.Қодар мақаласының кейбір тұсында қазақ зиялыларының ұлтты кейінге, орта ғасырға тарта беретіні жөнінде аракідік ой айтып қояды. Ал, өзі болса, Құдайдан түгел түскен соңғы Кітапты тастап, ескірген әрі мәнін жойған тәңіршілдікке қазақты шақырып отыр. Оның бұл ісіне қарап отырып, «Ә.Қодар «қазақ мәселесін» шешу үшін емес, өзін бұлдап, «ескі әрі жаңа» діннің пайғамбары болғысы келіп жүрген жоқ па?» деген сұраулы ойға қаласың. Ә.Қодарға Мұхтар Шаханов сияқты ұлт патриоттарының қазақ тілі үшін күресіп жүргені де ұнамайды екен. «Халықтың әлеуметтік мәселесі туралы неге айтпайды, неге тіл мәселесін көтере береді?» деп кінәлайды оларды. «Но на 20-м году независимости плакать о казахском языке как о притесняемом – это, по меньшей мере, странно. И когда появилось «письмо 138», я задумался: кому это нужно? Здесь больше попахивало политикой, чем состраданием к родному языку» деп, қазақ тілінің дамуына кедергі болып тұрған шынайы жағдайды түсінбейтін адамша кейіп танытып, таңданып қояды. Осылайша ойнақыланған ой айта отырып ол «қазақ мәселесімен» «шоқайша», «шахановша» шұғылданып жүргендерді «симулякр» (сыртқы пішіні бар, ішкі мазмұны жоқ немесе мазмұн‑маңызы жоқ мәселені қоғамдық проблема дәрежесіне көтеру) деп атапты. Шындығында, Ә.Қодардың өзі жағдайды шынайы бағаламай, рационалды ойлаудан ада болып отыр. Мұны оның Абай мен Шоқайды дүниетанымынан алшақтық (?) табуынан, қазақ тілінің мәселесі шешіліп қойғандай біткен шаруаның тізіміне жазып қоюынан‑ақ байқаса болады. Ол мұны біліп істеп отыр ма, білмей істеп отыр ма, оны айта алмаймыз. Бірақ, оның дін және тіл жөніндегі «жаңалығы» «қазақ мәселесінің» түйінін шешуге емес, қайта сол түйінді одан әрі шиеленістіруге бағытталып отырғаны анық. Абайды Шоқайға қарсы салған Ә.Қодар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында маңызды рөл атқарған Тәуке хан туралы да «жаңалық» ашып тастапты. Қазақтардың ішіндегі жүзшілдікті, рушылдықты қоздырып кеткен сол екен. Әсіресе, бұл қоғамдық кесел қожалар мен төрелердің ішінде дендеп кетіпті. Мәдениеттанушының сөзіне сенсек, қазір Тәуке хан «мұра» етіп қалдырып кеткен жүзшіл‑рушылдықтан зардап шеккен екі адам болса, соның бірі өзі екен. Басқа зиялы қауым өкілдері топ‑топқа бөлініп, руынан атқа қонып, билік тізгінін ұстаған  көке‑жәкелерінің қамқорлығының арқасында «қазақпайский» өмірдің рахатына бөленіп жүр екен. Ал, Ә.Қодар болса, қоғамның дамуына кедергі келтіріп тұрған осындай жаман әдетті «қазақпайлардан» іргесін аулақ салып, әлемдік озық өркениетпен қабысып жатқан орыстілді қазақ қауымына қосылып кетіпті. Әрине, осы жерде  шындық үшін, Ә.Қодардың да өзі айтып отырған «қазақпайшылықтан» алыс кете қоймағанын, оның да жыл сайын қолында билігі бар бір дәу «агашка» жіберетін соғымды жеп, соның сөзін сөйлеп, сойылын соғып жүргенін жіліктеп айта кетуге болар еді. Бірақ, мәдениеттанушының «қазақпайский» тіршілігі, оның не жеп, немен ұртын майлағаны  қоғам үшін маңызды емес. Одан гөрі оның «таза» қазақтарға ақыл айтуындағы мақсатының астарын ұғынған жөн. Оны түйіндеу үшін «Central Asіa Monіtor» газетінде Ә.Қодардың ойын қуаттап жазған журналист Жәнібек Сүлеевтің «Камуфляж – кому «пляж» атты мақаласын орайластырып қарастыру керек. Қазақ қоғамының дамуына кедергі жасап отырған кертартпалықтың қайдан бастау алып жатқаны турасындағы Әуезхан Қодардың «жаңалығын» сүйенген журналист Жәнібек Сүлеев ол ойды одан әрі құтырта түседі. Алдымен ол «қазақ мәселесін» түйіндеп тастаған мәдениеттанушыға көпшік тастап алады. «Ауэзхан Кодар – талантище, он обладает творческой жилкой (а разве мало было и есть таких казахов?!), но, что немаловажно, он не входит в число тех 99% членов Союза писателей Казахстана, у которых просто зияющие провалы в самообразовании, в эрудиции и вообще в понимании простейших законов развития общества. Думаю, если бы Кодар жил и работал, скажем, даже не в Западной Европе, а в той же Москве, – его потенциал раскрылся бы намного мощнее. И мы бы гордились таким мыслителем» дейді ол. Саусағын сорып, «жаңалық» ашып, соған сай тұжырым түйіндеп алатын Ә.Қодардың неге соншама  Ж.Сүлеевке ұнап қалғаны - түсінікті. Себебі, қоғамдық проблемалардың бас­тауын қазақ болмысынан іздейтін оған «білгір» мәдениеттанушы негіздеме жасап, теориялап берді. Осындай тарихи себептерге сүйенген журналист, оны қазақ қоғамының бүгінгі тіршілігімен, дәлірегінде жағымсыз жақтарымен бай­ланыстыруға тырысады. Оның ойынша, ел тізгінін ұстап, қоғам дамуының бағытын анықтайтын мемлекеттік шенеуніктердің шет елде білім алғаны бар, басқасы бар, олардың бәрі айналып келіп, баяғы «қазақы» әдетіне басады. Оны Ж.Сүлеев «дала ережесі – кім күшті, сонікі – дұрыс, кімнің қолында билік бар, сол – бай» деп айтады. Сондықтан, қоғамда жаппай заңсыздық, әділетсіздік жайлаған. «Таза» қазақ қоғамы осы жағдайды жылы жауып қойып, екіжүзділік танытып отыр. Мұны Ә.Қодар «симулякр» десе, Ж.Сүлеев «камуфляж» деп атапты. Осылайша, «қой терісін жамылған» қазақтар адами қасиетінен айырылып бара жатыр екен. «Некий народ, некие массы вопиют о справедливости, но ее нет ни наверху, ни в середине, ни на самом дне. Никто ничем поступаться не хочет, тем паче во имя справедливости, о которой столько разговоров. «Человек человеку – волк». Да что там мелочиться, по большому счету, казах казаху… кас­кыр. Как так получилось, что понятия «справедливость» и «казах» сильно разошлись во времени и пространстве и, cамое жутковатое, похоже на то, что сходиться в одной точке не собираются?» дейді ол. Рас, қоғамда әділетсіздік бар. Бірақ, ол қай қоғамда жоқ?! Онымен күрескен де, кертартпа үрдістердің себебін анықтаған да жөн. Бірақ, Жәнібек Сүлеевке ұқсап әділетсіздікті, жалпы қоғамдық қатынастардағы кертартпа әрекеттің бәрін нақты бір халықпен, біздің жағдайымызда «таза» қазақтармен байланыстырудың қажеті не? Бұдан ұшқары қорытынды шығарып, «қазақ қазаққа қасқыр» деп, оны айнымайтын, өзгермейтін константа ретінде бекітіп тастау жөн бе? «Қазақтың жауы – қазақ» деген сөздер бұған дейін де айтылғанды. Бірақ, ол ұлттың жасампаздық мүмкіндігін жоқ ету үшін емес, қайта намысын жанып, жандандыру үшін айтылатын. Ал, Ә.Қодар мен Ж.Сүлеевті тыңдасақ, қазақ өзінің қанына сіңісті болған болмыс бітімінен, әдет-ғұрпынан, мәдениетінен бас тарту керек екен. Олардың ойынша, қазақ қоғамының дамуына, өркениеттің көшінен қалмауына осы кедергі болып тұр. Бір қызығы, журналист Ж.Сүлеев белгілі бір жағдайларды іріктеп алып, ондағы жағымсыз әрекеттерді қазаққа таңуға құмар. Мысалы, ол Ауыл шаруашылық министрлігінде жұмыс істейтіндердің бәрі қазақ екенін айта келіп, бұл министрлікте жемқорлықтың кең етек жайғанын сөз етеді. Бұдан қазақ жүрген жерде жаппай келеңсіздік орын алды деген тұжырым жасайды. Тараздағы және басқа жерлерде болған террорлық жарылыстар мен Жаңаөзендегі әлеуметтік қақтығыстардың себебін де «қазақшылықтан» көреді. Осыны біле тұра, қазақтар «камуфляж» жамылып алып, «симулякр» жасап, шынайы жағдайды жасырып, қоғамдық кезеңсіздіктің шығу себебін айтуға құлықты емес. Сондықтан «қазақ мәселесінің» шешілуін күн тәртібіне шығарып, талап қойып жүрген қайраткерлерге, әсіресе ұлт патриоттарына жан-жақты соққы беру жөнінде ұсыныс айтады. «...Словом, много чего надо выжечь… Иначе… Иначе метан от собравшегося говна может рвануть так, что и сам «казахский вопрос» потеряет свою актуальность. Чтобы не доводить до этого, надо решить наконец: мы будем строить светское гражданское общество или займемся модернизацией нашей трайбы, и тогда хочешь не хочешь придем к кадетской идее. Так что бой симулякрам для затравки надо начать хотя бы с современной казахской эстрады или кино…» дейді ол. Қазақтардың саяси ұлт болып, азаматтық қоғам құра алмайтыны жөніндегі кесімді пікір айтып жүрген Ә.Қодар мен Ж.Сүлеев ғана емес. Олардың қатарына ғалым Нұртай Мұстафаев, саясаттанушылар Талғат Исмағамбетов пен Данияр Әшімбаевты қосуға болады. Бұлардың бәрі соңғы кездері қазақтардың, дәлірегінде, дәстүршіл «таза» қазақтардың ұлт, халық ретіндегі жасампаздығына күмән келтіріп, оларға қарсы идеологиялық-ақпараттық соққы беруді күшейтті. Тіпті, бұл мәселені арнайы мақсатты науқанға айналдырып отыр. Неге? Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жиырма жылдың ішінде Қазақстандағы ұлттардың ара салмағы күрт өзгерді. Қазір қазақтар 70 пайыздан асып бара жатыр. Мұның ішінде күн санап қазақтілді қазақтардың саны көбейіп жатыр. Бұл дәстүршіл қазақтардың алдағы он-он бес жылда ел өмірінде жетекші саяси күшке айналатынынан хабар береді. Ал бұрын қандай еді? Ресей ипериясының құрамына кіргелі бері қазақ мүддесі ескерусіз қалды. Империя коммунистік идеологияны саяси жамылғы ретінде пайдаланған кеңестік кезеңде де «қазақ мәселесін» анықтау мен оның орталықтан рұқсат етілген даму бағытына орыстанған қазақтар жол сілтеді. Қазақстан өз алдына ел болып, егемендік алған соң да сол баяғы екпін жалғасып келеді. Бірақ, жоғарыда айтқандай, соңғы 20 жылда қоғам қатты өзгеріске ұшырады: қазақтілділер саны және сапалық жағынан өсті. Бұл өз кезегінде орыстілділердің әрекет ету аясын тарылтып бара жатыр. Сондықтан, Ә.Қодар мен Ж.Сүлеев сияқтылар «таза» қазақтардың «тіршілігін» түкке тұрмайдыға балап, ұлт ретінде даму бағытынан бас тартуға шақырып отыр. Осылайша,  олар қоғамның қандай бағыт бойынша даму керектігін анықтаудың тізгінін қолдан беріп қоюдан қауіптеніп, сол шылбырға жармасуда. «Қазақ мәселесін» көтеріп, қазаққа жаны ашығансып, «жаңа» жол ұсынып жүргендер қазақ қоғамын екі бөліп қарайды. Біріншісі – ана тілін, ұлттық дәстүрін құрметтейтін қазақтар, екіншісі – өздерін «еуропалық» мәдениетті қазақ санайтын орыстілділер. Олардың түсінігі бойынша, дәстүршіл қазақтардың дүниетанымы мен өмірлік ұстаным-көзқарасы қазақ қоғамын дамыта алмайды, қайта қоғамды апатты жағдайға жеткізеді. Ал «жағдайды шынайы бағалайтын» және «жасампаздық ниеті бар» қоғамның екінші бөлігі ғана елдегі тұрақтылыққа мұрындық болып отыр. Сондықтан олар ылғи қоғамдағы қандайда бір оңды өзгерістерді орыстілділердің бастамасымен немесе солардың дүниетанымымен байланыстырады. «...это говорит о том, что казахи – не совсем симулякры, что есть еще трезвые головы, и я почему-то думаю, что большинство из них – это русскоязычные казахи» дейді Ә.Қодар. Оның бұл сөзінен нені байқауға болады? «Сендер тыныш отырыңдар, қоғамның даму бағытын біз анықтаймыз» дегенді меңзеп тұр.  Өйтпеген жағдайда қоғамдық тұрақтылық шайқалып, қақтығыс басталып кетуі мүмкін екенін айтып, қорқытады. Бірақ, олар бір нәрсені түсінбейді. «Көп қорқытады, терең батырады». Осы мақал дәл қазір «қодаршылардың» жағдайын емес, керісінше қоғамның жаппай қазақтану процесін байқатып тұр. Демократиялық принциптерде де «азшылықтың мүддесі ескерілетіні, бірақ азшылық көпшіліктің мүддесіне бағынатыны» айтылған. Билік құру мен мемлекеттің даму бағытын анықтау да осы принциппен жүзеге асады. Олай болса, Ә.Қодар мен Ж.Сүлеев сияқтылар босқа бұлқына бермей, осы жағдайға мойынсынуы керек. Басқаша болуы мүмкін емес.

473 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз