• Еркін ой мінбері
  • 07 Тамыз, 2012

Көзбояуы жоқ көріністер

Қуандық Түменбай, жазушы

*** 31-ші телеарнаның орыс тіліндегі кешкі жаңалықтары аяқталды (08.02.2012). «Енді хабарымыз қазақша жалғасады. Атақты сазгер Алтынбек Қоразбаев төңірегіндегі дау-дамайға қазақ тілінде қанық болыңыздар» деп, қаракөз диктор жігіттің миығы тартып, қасындағы серігі – көккөз келіншекке қарады. Бұл – қазақтың дауын қазақ шешеді деген аңдатпадай көрінді. Қазақ тілінің ақпарат айдынында кәдеге асқанын қарашы. Бұл бір жағынан, қазақ өз қотырын өзі қасысын деген қылидың қарағанындай нысанасы бар қарас емес пе? *** Жұмыстан қайтарда әйгілі әріптесіме еріп, үйіне бас сұғып едім, бізден кейін келген әйеліне едіреңдеп, еркектігін көрсетіп қалды. – Қайда жүрсің-ей?! Бір жұтым жылы суға зар боп кенеземіз кепті ғой. – Ой, мен, как обычно, жолда магазинге соқтым. Нан, туалетная бумага алдым… – деп қиыла қарағанда әріптесімнің еркектігі басылып елп ете қалды. – Нанды алға шығарғаныңа шүкір, ананың қызметі наннан кейінгі кезекте ғой, – деп қалада өскен жанжарына жағымды жауап қайырды. Тілде сүйек жоқ деген осы. *** Алматының №1 емханасының күндізгі емдеу бөліміндегі сырқаттарға қарасаң, славян тектестерден көз сүрінеді. Жасы да, кәрісі де орыс, шәу тартқандары арпа ішінде бір бидай қара көз қазаққа мұрнын шүйіре қарайды. Күре тамырға ине тығып, тынымсыз жүгірген медбикенің бәрі – қазақ қыздары. Қызметінде мін жоқ. Қолдары жеңіл, тілдері тәтті. Сонда да, олар осқырынып тұрғандардың көңілінен шықпай жатыр. – Сенің үстіңнен шағым жасаймын. Неге менің дәрім екі сағаттан артық тамшылады?! – дейді ардагер кереуетінде жатқан орыс шалы дүңк-дүңк етіп. – Оған мен де, дәрі де кінәлі емес, тамырыңыз кінәлі, – деп талдырмаш қыз тірлігін жасай берді. – Келесі кіріңіз... Тағы да, арқасы дүңкиген орыс шалы қалт-құлт етіп кіріп келе жатты. Баласының қолына көшіп кеп, «Ия, Алла, көрсеткеніңе шүкір!» деп жатқан мекенмөрі (пропискасы) жоқ қазақтың шал-кемпірі аз ба? Мекені де, мөрі де болғанмен солар жанын аялап, дәрігерге аяқ баса қойса… Жөйт дәрігерге ауырардан үш күн бұрын, орыс ауырған күні, қазақ өлерінен үш күн бұрын барады деген сөз рас. Халық айтса, қалт айтпайды. *** «Барахолкадағы» қырғыз базарында Қырғызстанда тігілген бас киім, жеңіл куртка мен спорттық үлгідегі дамбал сатылып жатыр. Бәрінде де қазақтың Елтаңбасы бар. Ел матасына қызықты ма, әлде тігісіне қызықты ма, әйтеуір қырылып алып жатыр. Ол жерде Елтаңбаға елең еткен ешкімді көрмедік. Тек кешке қарай, 31-арнадан бір тау халқының өкілі: «Мен Қазақ Елінің Елтаңбасы бар киімді таңдадым. Әрі ыңғайлы, әрі тұнып тұрған символ ғой. Бас киімім, курткам, дамбалыма дейін символ», – деп ақсия күлгенде дамбалындағы Елтаңба көгілдір экранды көмкеріп кетті. Елтаңба биікте тұру керек. Он екі мүшенің де өз орны бар. *** Дұрыс ем жасамай адамды о дүниелік еткен дәрігер тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай рақымшылыққа ілігіпті. Арысынан айрылған Ана теледидарда жоғарыға шағымданам деп аһ ұрып тұр. Шымкентте полиция майоры зулаған мәшинесімен көшеде біреуді қағып кетіп, о дүниелік қылады. Шенді кісі жаралыға бұрылып та қарамастан жалт етіп ізін суытып, ақыры ұсталып, сот залында тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай тағы да рақымшылыққа ілікті. Темір тордан шыққанда өзін қамауда ұстағандарды оқты көзбен бір атып, басқаларға жүзін де жылытпастан шығар есікке қарай сытылып кетті. Екі адам өлді, адам жанының «екі арашашысы» ақталды. Рақымшылық құқық қорғаушы шен­ділер мен тірлігіне жеңіл-желпі қара­ған ақ желеңділерді қылмыстан арашалау үшін жария болғандай. О дүниелік болғандардың әруағы алдында рақымшылық тілеп кім тұрар екен? *** Жиенімнің арманы – жолсерік болу еді. Дегеніне жетіп, жүрдек пойыздың алғашқы жолсапарында ең үлкен Арыс бекетінде есік-терезені қымтап, пырылдап ұйықтап жатқан жерінен ұсталып, қызметіне қызыл жолақ тартылып, істен кетті. Ендігі арманы – көшеде алатаяқ ұстап, МАИ боп маңғазданып тұрсам, – дейді. Өзі заң факультетін сырттай бітірген. Қазіргі қазақ жастарының арманы – қызыл жаға киіп, погон тағу. Сонда, ха­лыққа қызмет етсем дей ме екен, жоқ, әлде теледидардан көргенін істеп, қор­ғансызды қорқытып нәпақа тауып, заңсыздықтан жанына ләззат алу ма? Жастардың санасын мілитса болу деген мақтаныш сезімі билеп алды. Инженер боп, құлап жатқан құрылыс бен шетке кетіп жатқан мұнайға иелік етуді кім ойлайды? Олар Мұхамеджан Тынышбаев пен Шахмардан Есеновтың есімін… естеріне түсіре алар ма екен?! Ал, мілитсаның қарапайым құра­мын былай қойғанда, полковнигі мен генералдарын күнде көріп жүрген таныстарындай жырлағанда, Қобланды мен Ертарғынды қорқып отырып еске аласың. *** Владимир Молчанов «Мир» телеар­насында саханың (якут) екі өнерпаз әйелімен сұхбат жүргізіп отыр. Біріне: «Сіздің тіліңіз таза орысша», екіншісіне: «Сізде акцент бар» деп еді, әлгі әйел: «Сіз білесіз бе, халықтан халықтың айыр­машылығы – акцентінде ғой», – деді. Молчанов мүләйімсіп қалды. Біз қашан осылай бетке айтар екен­біз? *** Қызылордадан бір сұмдықты естіп қайттым. Құмкөл мұнай кенішінің жартысы қытайларда екені әмбеге аян. Сонда, жұмысқа денсаулығы жарамай еліне қайтып бара жатқан бір қытайлық қатты күйініпті, дейді. «Маған қазақтың бір қызын жүкті қыл» деген аманат бар еді, орындай алмай барамын» депті тістеніп. Бұл туралы бұрын да жазғанмын. Кенішті сатып алғаннан кейін қытай­лықтар жер-жерге жарнама іліпті. «Қа­зақ қыздарын айлығы көп жұмысқа шақырамыз» деген жазу жер-жерде ілі­ніп, желмен желпілдеп тұрыпты. Кімге сенерін білмей қол қусырып бос жүрген қаракөздердің айлалылардың алақанына түспесіне кім кепіл? Оларға қарсы «...қой дер қожа»-лық саясат көре алмай отырмыз. Әлгі қытайлық еліне олжасыз орал­ғанмен оның орнын аманат арқалаған тағы біреуі басары сөзсіз. «Қара қытай қаптаса…» деген сөзді майын тамызып айтамыз да қоямыз. Аманатпен келгендердің алдынан шығып, жібек жаймамызды жайып тастап отыра береміз бе? *** Бір теміржолшы танысым Белоруссияға жалдамалы жұмысқа барып келді. Қарық болам деп барған романтик тамыр жағасын ұстап қайтты. Оларда жалақы әуелі жергілікі ұлтқа төленеді екен. Ал, сырттан келгендерге міндетті түрде екінші кезекте, сосын аз көлемде беріледі. Келімсектер жергілікті халықтан аз алу керек деген заңдастырылған ереже – өмір сүрудің түп қазығы. Сол ережені бетке айтып, «енді осы тойғандарыңмен қайтыңдар» деп шығарып салды, туған жерімізде өзімізге-өзіміз ақы төлей алмай күнде у-шу. Қонақжай екенімізде дау жоқ. Қонағымыз бізді асырай ма?» – дейді алыста қалған елдің ережесін есінен шығара алмаған танысым. Қонағын сыйламайтын халық жоқ. Қонақ пен қойдың қайтымы болмай ма? 34 миллион қара қойдың маңырағаны әлі күнге мазамызды алады. *** «Алаш айнасы» Құлбек Ергөбек деген түрколог-профессордың: «Мүмкін, экономикалық жағынан өсуде шығармыз, бірақ, біз қазір рухани құлдыраудамыз. Мынау – анық соның көрінісі, соның дәлелі. Өзің айтшы, Абайды – Семей, Сұлтанмахмұтты – Павлодар, Қасымды – Қарағанды, Мұқағалиды – Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жамбылды Ұзынағаштың ғана иелік етуі керек де­геніміз трагедия ғой! Біз қазір рухани дағдарыста отырмыз деп айта аламын, ешкімнен қорықпай, ешкімнен де именбей» деген сұхбат-сөзін оқып, Түркістандағы сопы қайнағама дән риза болдым. «Литературная газетаны» қарасам, Ресейдегі Ұлыбритания елшілігі «Пушкин Британияда» атты орыс поэзиясы фес­тивалінің 10 жылдығына орай орыс ақындарына қабылдау өткізіпті. Орыс­тардың бір ерекшелігі – өмірі бірін-бірі жатсынбайды. Құлбектің шырылдап отырғаны да осы. «Әдебиет – халықтікі» деген социализм кезеңіндегі ұғым да осыдан шыққан емес пе. Біз тәуелсіздік алғалы әдебиет аясы кеңеюдің орнына тарылып бара жатқандай. Баспасөзге бас бұрмай отыра алмайсың. «Айқын»-ды ашып қалсам, 60-қа толған жазушы досым Қуаныш Жиенбай да «Әріптес әлемінде» көркем сөздің қадіріне кім ара түсетінін шырылдап отырып айтыпты. «Мына қызықты қараңыз, – дейді сергек қаламгер, – қазір қазақтың республикадағы үлесі 65 пайыз, ал кітаптың таралымы 2 мың ғана. Айта берсең, жүйкең жұқарады». Сол жүйкені жұқартар фактіні мен де жеткізейін – Мұхтар Әуезовтің 50 томдық таңдамалылар жинағының 1 мың данамен шығуы кітап тұсаукесерінде шаттана айтылды. Ең болмаса 5 мың дана емес. Бүгін өзі баспасөзде менің дос-жарандарымның айтатын күні-ау деймін. Сөзге құлақ салатын біреу болса… *** Тағы да автобустың үстіндегі тағ­дыр… Есік аузындағы томардай дөңгелек билет кесуші жігіт: «Тез, тез, тез! Тез мініп, тез түсіңдер!» деп кіріп-шыққандардың жанын үйіріп тұр. Қолына сөмке ұстаған орта жастағы қазақ жігіті: – Қарағым, сен автозек дегенді білесің бе?! – деді ызбарлана қарап. – Жоқ. – Тұтқындар машинаға мініп-түскенде менттер (мілитсалар): «Тез! Тез!» деп асықтырып, ыңғайы келсе арқадан ду­бинкамен салып жібереді. Сенде тек дубинка жоқ… – Бізге тез мініп-түсу керек. Әрбір минут ақша… – Әркім өзі үшін мініп-түседі. Жолаушы тұтқын емес. – Маған біреудің түрмеде отырғаны міндет емес. Әркім өзі үшін отырады түрмеге. – Сен басқа ұлттың баласы болсаң, аузыңды бұзып жіберер едім. Сен үшін 86-жылы мен 8 жылға сотталдым. – Неге мен үшін? – Қысқарт! Есік ашылып, жолаушы түсіп қалды. Жоғалған ұрпақтың өкілі сарт-сұрт ашылған автомат-есіктің алдында аузы-мұрны жоқ томардай дөңкиіп тұр. *** «Ана тілін игерген 10 миллионнан астам қазақ болса, байлықтың ең үлкені осы болар еді» дейді Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде. Тіл байлығымыз да, жер байлығымыз да – қолымызда. Тек, жиналыста Елбасы бір рет бастан-аяқ қазақша сөйлесе, 10 миллионнан астам қазақ тақылдап, өзгелер де өзеуреп, қазақша сайрап қоя берер еді. Өйткені, тіл – күнкөріс құралы. 1991 жылы қазақ тілі бір жыл то­лыққанды мемлекеттік тіл мәртебесін алып өмір сүріп тұрғанда Баспасөз міністірлігіндегі еврей орынбасарым: «Мен баламды орыс мектебінен алып, қазақ мектебіне бердім»,– деді өз-өзінен. Ол сонда баласының болашағын, күнкөріс қамын ойлап тұрды. Бір жылдан кейін орыс тілі ұлтаралық тіл болып, мәртебесі мемлекеттік тілмен бір тұғырға шықты. Әлгі еврейден: – Бала оқып жатыр ма? – деп әдейі сұрадым. – Жоқ, бұрынғы мектебіне қайта жібердім. Орыс тілі мемлекеттік тіл болды ғой, – деп нақты жауабын берді. «Алаш айнасы» газетінде (28.04.2012 ж.) философия ғылымының докторы Серік Нұрмұратов бүй дейді: «Мемлекеттік тілді қорғауымыз қажет. Қазақтар 70 пайыздық басымдыққа ие болды. Егер, қандай да бір жиында қай ұлттың саны 70 пайыз болса, жиналыс сол тілде жүргізілуі тиіс. Кез келген мәселені қазақ ұлтының өзі қабылдап, шеше алатын жағдайға жеттік... Қазақ өз тілін өзі дұрыс игермей, өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді игеруге құлшынбайды». Расул Гамзатовтың «Сижу в президиуме, а счастье нет» деген сөзі еске түседі. Сөз бен істің арасы алшақ боп тұр. «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме». *** Мәскеудің «Мир» телеарнасы биыл Ұлы Жеңістің 62 жылдығына арналған Қызыл Алаңдағы шеруге Қазақстан ар­дагерлері қатыспайтын болды деп хабарлады. Шақыруын шақырғанмен, оларға мінберде орын жетпейтін көрінеді. Наразылық білдірген ұлты орыс екі соғыс ардагерін сөйлетті, қазақты іздемеген де болу керек. Осының бәрі біздің Панфилов пен Б.Момышұлын естен шығару үшін жасалып жатқан әрекет секілді. Ең жақын көршіміздің өткелден өтер­дегі бұл әрекетіне не дерсіз? Мәскеуді қорғаған Панфилов дивизиясы да, 28-гвардияшы да тарихтан сызылып кететін сияқты. Көрші ақысына келгенде қазақтан имандысы жоқ. «Мәскеуді қорғағаным – елімді қор­ғағаным» деп әлі мәз боп жүрміз. *** «Сатайфильм» студиясы «Ағайынды» деген көп сериялы тәп-тәуір фильм шығарыпты. Бірақ, орысшадан аударма. Қазақша сөйлеген кейіпкерлердің аузы ерте ашылып, кеш жабылып, әйтпесе, керісінше кеш ашылып, ерте жабылып қалады. Өз еркіміз өзімізде тәуелсіз елміз, мемлекеттік тіліміз бар, осыны неге қазақша шығарып, орысша аудармаймыз? «Жаралы сезім» мелодрамасы да солай. Қазақша аударма арқылы жасанды тіл қатқан кейіпкерлерден тосылып отырасың. Армян мен грузин, түбіміздегі өз­бек фильмдері кеңестік кезеңде-ақ, өз тілдерінде сөйлейтін. Керек болса орысша аударып алыңдар деп міндетситін. Грузиндердің «Зауал» («Покояние») фильмі қайта құру басталған тұста өз тілдерінен орысшаға аударылып сөйлеп, жер жүзін тамсандырған жоқ па? Кеңестік киноның перзенттері – «Біздің сүйікті дәрігер» мен «Тақиялы періште» мыналармен салыстырғанда қазақша жатық сөйлейді. Барымыздан айрылып бара жатқан жоқпыз ба? *** «Мәдениет» телеарнасының сәрсенбі күнгі бағдарламасында (2.04.2012) 18-сағатта «Күләш Ахметованың 100 жыл­дығына. Ғасыр бұлбұлы» атты хабар тұр. Ақын Күләш 60-тан енді асты, бұлбұлымыз Байсейітова еді ғой деп әрі-сәрі болдым. Қас қылғанда, сол күні ымырт жабыла «Мәдениет» арнасының бетін сыптығырдай қыз тіп-тік боп көлбеп тұрып алды. Одан басқа ештеңе көрінбеді. Осындай шатасулар соңғы кездері көбейіп кетті. Бұл не? Тәуелсіздік алып берген бейберекеттік пе? Қайран социализм кезеңінде осын­дай қателік үшін сол саланың бірінші басшысынан бастап, ең төменгі қызмет­керіне дейін дүресіз қалмайтын. Мәселе дүрелеуде емес. Сауаттылық пен салауаттылықтың аражігі ажырап барады. *** – Кеше міністір біздің мекемеге «АУ­­ДИ»-мен келді, – дейді қарапайым қыз­меткер шенеунікті сыртынан көр­геніне мәз боп. – Нендей мәселе қозғады. – Мен қайдан білейін. Аңғарбай міністірдің немен келгенін емес, не айтқанын аңғару керек еді... *** «Таңшолпан» бағдарламасында көзіне қара көзілдірік тағып, қымбат көлік жүргізіп келе жатқан жігіт тебірене сөй­леп отыр. Сөз сыңайына қарағанда әнші секілді. – Мені МАИ ұстай қалса, кішірейіп, кешірім өтінем. Ол мені танып жібере салады, – дегенде, дәл осы оқиғаны сюжет қып көз алдымызға тартты. Ән­­ші қайта көлеңдеп, екіленіп кетті. – «Ең­кейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай...» – деп, сөзінің соңын жұтып қойды. Сол сәт, 60-тан асып, алды 20 кітап шығарған қаламдастарымды ойладым. Оларды ешқандай МАИ өкілі танымайды, олардың ұятты беттері көгілдір экраннан көрінбейді. Мәшине жүргізе қалса куәлігі шұрқ тесік, сосын жүрегі жұлым-жұлым боп емхананың кезегінде екі бүктетіліп отырар еді. «Атақты болғаннан кейін кішіпейіл болу керек қой», – деп, қара көзілдірік өң-жүзін көлегейлеген әлгі белгісіз ан­самбльдің белгісіз мүшесі мәшине рө­лінде отырып тағы да ой толғады. Осы... көгілдір экраннан көрініп қа­латын өнер иелері «өнер – халықтікі» (Ленин) екенін естіді ме екен? Отыра-отыра белі бүгіліп қалған қаламгерлерді аяймын. Қаламгерлерді де көгілдір экранға ша­қырып, қара сөз бен өлеңді судыратып оқып тұрса МАИ таныр ма еді? Өлең болмаса, қара сөз бас ауыртып жіберер... Қайдам. Әдебиетті әуреге сап... Олар­­дың халық әндері емес, эстрадаға бой­лары балқиды дейді ғой. Әйтсе де, танылу үшін осындай бір дәстүр қалыптастырсақ па екен? «Жазушылар ансамбль құрды» деп ақпарат жар салып жүрсе... Не де болса, әншінің қасында жазушың бұйым болмай тұр. *** Тарихшы В.В.Тарлеге табынып келдік. «Наполеонды», «Талейранды», «Қырым соғысын» жазған деп қырылып қала жаздадық. Соның 1943 жылы шыққан тұңғыш «Қазақ КСР тарихын» жоққа шығарып, А.М.Панкратова мен Е.Бекмахановтың еңбегін зая кетіруі ұлыорыстық шовинизмнің шыңы – біздің ұлттың көзіне шөп салып, тартысқа толы тарихымызды жөргегінде тұншықтыруға әрекет етушілердің басында тұрғанын енді біліп жатырмыз. Солардың Тарих – Ана алдында көзсіз көлгірсуімен біртуар Бекмаханов итжеккенге айдалды. Кімге сенерін білмей шілденің шіліңгірінде шыбынға таланған халқымыз ше? Бұған бертінде Медеу Сәрсекенің «Егемендегі» «Ел тарихы тартқан тауқыметін» оқып терең көз жеткіздік. Қазақ тарихына оқ атқандарды қара тізімге алатын уақыт әлдеқашан жетті. Батыс республикалары бұл тізімді 1991 жылы-ақ жасап, кінәлілерді тілін салақтатып дар ағашына іліп қойды. Біз бетмоншағымыз төгіліп әлі жүр­міз. Тарленің ұрпақтарының оқшантайында оқ тұр. *** Үй алдында сары шаш жігіт құлап жатыр. – Бұл орысты неге мілитса алып кет­пейді? – деймін. – Оны қайтсін. Одан мілитсаға не пайда? – дейді күнде көріп, көзі зәрәзап болған жеміс-жидек сатушы келіншек. Қазір мілитса жүдеу адамға жоламайтын көрінеді. Айықтырғышқа да қалтасында бар мас керек екен. Ауруханада да осындай. «Соқырішек бес мың» дегенді аудандық оташының аузынан естіп едім. Пенде жан үшін несін аясын. Бес мыңы жоқтың соқырішегі жарылып кете бере ме? Қоғамның соқырішегі жарылайын деп тұр. Осы күндері социализмдегі тәртіпті аңсайсың. Олар партбилетті сыйлап, соның жолында шыбын жанды тәрк етуге әзір еді. Кеше теледидар дикторы: «14 адам Нұр Отан партиясы қатарынан шығарылды» деп шаттана хабарлады. Чеховтың «№6 палатасы» да еске түседі. «Иә, бұл шындық. Енді маған не істеу керек?» деп бәрінен түңіліп, жүйке ауруына шалдыққан кейіпкердің үні құлаққа келеді. Қазір алтыншы палатада басқалар жатыр. Ол – пікірі барлардың палатасы. *** Қоғамдық көлікте талтайып отырған балаң жігіттің тізесін қағып: – Аяғыңды жиып отырмайсың ба? – десем: – Не ваше дело, – дейді тіксініп. Оныкі дұрыс. Көлік қоғамдікі болғанмен, аяқ өзінікі. Сауалыңа жауап дайын. «Кемедегінің жаны бір» дегенмен, жолаушы әртүрлі. Алматыға қарағанда, Тәшкенде тәртіп бар. Көліктің артынан мініп, алдынан түсетін олардың аузы да, аяғы да бір ережеге бағынған. *** Ортақ дастарханға буы бұрқырап табақ толы ет келді. Жасы кіші кейінгі буынға қарап: «Турайсың ба?» деп едім, «Менің де тамақ жегім кеп отыр» деді орысшалап. Бәріміздің де асқазанымыз жас етке қол бұлғап тұр. Ата салтын алға сап ұсыныс жасай қойып едім. Ата сақалым аузыма түсіп, өзім турадым. Түбіт мұрттың алдына асықты жілік қойып едім, асығыс-үсігіс мүжіді де, «өз батасы өзінде» тұрып жүре берді. Артында қалған анасы ақтала сөйледі. – Жаңа «БМП» алып еді, соған біреу-міреу тиіп жүре ме деп асығып кетті. Асық ойнап өскендер пышақ ұстап қала бердік. Жып-жылмағай боп көлденең түскен асықты жілік те 2030-ға қарай асығатын секілді.

384 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз