РУХЫ БИІК АЗАМАТ

  • 01.08.2016
  • 1193 рет оқылды
  • Пікір жоқ

УндемесовДЕРЕКТЕМЕ

Оңғарбай Үндемесов – үлкен спортта өшпес із қалдырған аты елімізге әйгілі балуан, әрі ұстаз. Он үш жылдан астам Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектепті басқара жүріп, жас ұрпақты үлкен спортқа баулу жолында елеулі еңбегімен ел құрметіне бөленіп, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген тұлға.
КСРО-ның   спорт   шебері,  Қазақстан  Республикасына еңбегі сіңген жаттық­тырушы, Қазақстанның Құрметті спорт қайраткері, Шымкент қалалық мәсли­хатының депутаты ретінде, облыстың саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып, сол жолда талай жаңа бастамаларымен халық құрметіне бөленген азамат.


«Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып еңбек ет» деген батыр ағамыз Бауыржанның осы қанатты сөзі, менімен қырық жылға жуық сыйласып, араласып келе жатқан Оңғарбай Үндемесовке арналып айтылғандай. Оңғарбайдай ел ағасы болған азаматтар балалық шағын кеңестік дәуірдің еншісінде қалдырғаны белгілі. Еңбек деген қағиданы зердесіне түйе білген Оңғарбай еңбекке етене жақын болды. Жасынан адамдардың қабағына қарап, бір тілім нанды бөліп жеді. Жұртқа жаны ашып тұру, біреуге қол ұшын созу, қысқасы адамгершілікте болуды жүрегіне түйіп өсті. Оның бар оқулығы дала болды. Сол даланың адамдары бұған дархандықты жомарттықты, кішілік пен кісілікті үйретті, тоқытты, оқытты. Сол дала тәрбиесімен келіп, қазақтың дене тәрбиесі институтына оқуға түсті… Бұл оқу орнын таңдауы тектен-тек емес болатын. Балалық балғын шағынын, күрес әлеміне арбалды, ден қойды. Оның өзіндік себебі де бар. Ол күш атасы Қажымұқан бабасының ізі түскен топырақта туылды. Бұрынғы Бөген ауданына қарасты «Ленин туы» ауылының тумасы. Қазір бұл ауыл – «Қажымұқан» ауылы деп аталады. Осы ауылда бір көшенің бойынан 87 спорт шебері, бір халықаралық дәрежедегі спорт шебері шыққан. Солардың қатарында Оңғарбай Үндемесовте бар. Ол өзінің күрес әлеміне қалай келгені жайында былай дейді. 
– Біздің ауылда кілем үстіне шықпаған бала жоқ, себебі, күреске деген сүйіспеншілігімізді оятқан – Қажымұқан атамыздың әруағы, осы топырақты  мәңгілік мекеніне айналдырғаны. Жыл сайын Қажымұқан атындағы жарыс өтеді де, оған біздің ауылдың барлық баласы қатысады. Әнебір жылдары Қазақстанның оқушылар спортакиадасында 12 салмақ дәрежесінің жетеуін Темірлан ауылының балалары жеңіп  алғанымыз әлі есімде. Бұл жарыстар біздерді үлкен күрес әлеміне алып келді, жолдама берді. Осылайша күрес өнері мен үшін өмірлік мақсатқа айналды, – дейді. 
Тіршіліктің толқындары мен жосындарында, өрлері мен төрлерінде, асулары мен белдерінде адамды өмір бойы адастырмай, деміктірмей тыныс беріп отыратын құдірет – оның туа бітті табиғи қабілеті, оның тіршілік көші қабілетімен өлшенеді, осы қабілетімен өседі. 1978 жылы отан алдындағы борышын өтеп жүрген кезінде Киевте өткен  жарыста КСРО Қарулы күштерінің чемпионы атанды. Сол жолы оған Латвиялық бапкерлердің көзі түсіп, сол елдің атынан жауапты жа­рыстарға  қатысуға барлық жағдайды жасады. Әлі оңы мен солын толық танып болмаған, сарыауыз балапан жас балуанға,  алдынан үлкен жол ашылғандай болып көрінді. Аталған жылдары еркін күрестен Қазақстан Құрама командасының бас бапкері болып сайланған Қабден Байдасовпен кездесу оның күрес жолын жаңа арнаға бұрып жібереді. Оңғарбайдай талантты балуанның бөтен елдің намысын жыртып жүргені таланттарды сағанынан тани білетін Қабдендей бапкердің арқасына аяздай батты. Бірден Қазақстан Құрамасына шақырды. Жылы орнынан кеткісі келмеген Оңғарбай ананы-мынаны сылтауратып бас тартқандай болған сыңай танытқан-ды. Көзі қарақты ұстаз-бапкер оның жанды жерін дөп баса біліп – Латвиянды қой елге қайт – деді. Ойланып көрейін дегенінде – әй, Оңғар, қазақта «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөзді ұмытпа дегенінде көнбеске амалы қалмады. 
– Ия, бұл 1979 жылы КСРО Халық­тарының кезекті спортакиадасы қарсанында болған әңгіме еді. Спортакиада додасында Рамазан Нұрманов, Жақсыжол Көрпебаев және Нұржан Қарабалин сияқты атышулы балуандармен бірге ел намысын қор­ғап, Қазақстанның атын шығарды. Өмір бір орнында тұрмайды. Жылжып жылдар өте келе, спорттық жолын аяқтап, еңбек майданына аралас­ты. Өмірдегі өз орнын тапты. Кешегі шәкірт енді ұстаздық жолға түсті. Оған сенім артылып, ол Қазақстанның Еркін күрестен жастар құрамасының бас бапкерлігіне тағайындалды. Ұстаздар жайында халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет», себебі,  ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғылымын да еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді, өрбітеді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды сондай ардақ­тауға міндеттіміз, – деген қанатты сөзі бар. 
1996 жылы Оңғарбай Үндемесов еркін күрестен жастар құрамасына бас бапкер болып тағайындалған кезең Атланта олимпиадасына баратын жауапты сын қарсаңында болған еді. Еркін күрестен ересектер құра­масының бас бапкері Мәлік Надырбеков екеуі қосылып, екі құраманы шеберлікке баулыды. Құдайға шүкір еңбектері зая кетпеді. Олар дайындаған балуан Мәулен Мамыров Атлантада Еркін күрестен олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Ол 1998 жылы өткен Әлем біріншілігінде тағы да осы биіктен көрінді. Нағыз жауапты ұстаздың жолы 1997 жылы жаңадан ашылған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Спорт мектебінің іргетасын қалаудан басталды деуге болады. Алдымен осы мектептің директорының орынбасары болса, 2003 жылдан бастап мектеп директорының лауазымына ие болып, күні бүгінге дейін еңбек етуде. 
13 жыл бойы Оңғарбай табан аудармай Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектептің көсегесін көгерту жолында үнемі ізденіс үстінде жүретінін облыс, қала спортының басшылары бағалай біліп, оған деген сенімдеріне селкеулік түсірген емес. Өзінің рухы биік, пейілі кең адам өзгелердің биіктігі мен біртуарлығын бағалап, жақсылығын жарқыратып көр­сетуге әзір тұратынына онымен бірге еңбек етіп жүрген әріптестерінің көзі күн сайын жетіп келеді. Ол адалдықты ту еткен, асыл адамгершілігін бітімі бөлек болмысын, жан жомарттығын, емен жарқын көңілін, ең негізгісі – қазақ спортының мұрат-мүддесін алдыңғы кезекке қойып, оның ертеңгі жарқын болашағын ойлайтыны. Мінезге бай, достыққа сай жүзі жарқын, тілегі түзу, ниеті ақ азамат. Ұрысқақ, тырысқақ емес, көнтерлі, өркөкірек, менмен емес, қарапайым. Өзіне де, өзгеге де талап қоя біледі. Сол талаптың арқасында спорт мектептің түлектері жеңістің биік шыңын жиі бағындыруда. Дзюдодан Иван Баглаев, Базарбек Донбай, балуан Жасұлан Мұхтарбек сияқты ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың табысы соның айғағы. Ол жайында өзі былай дейді: «Біз күн сайын не істеп, не қойдық деген өмірдің қамшылаумен еңбек етеміз. Өткен күн мен  ертеңгі күнді салыстырмасақ, кемшілігін жоймасақ, жақсылығын жадымызда сақтап қалып, әрі қарай дамытпасақ біздің ісіміз алға баспас еді. Біздің жүректеріміздің түкпірінде бұрқ-сарқ қайнап жатқан арманымыз көп. Қазақтың бір баласы Олимпиада чемпионы атанып, көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды ойнатса дейміз. Ізімізді басып келе жатқан жастардың спортқа деген ыстық ықыласын оятсақ, солар елдің намысын қорғап, атын шығарса дейміз. Міне, осы армандарды шындыққа айналдыру үшін қызмет жасаудамыз. 
Иә, бұл көпті көрген ғана емес, арбаның бел ағашындай спорт өнерінің бар салмағына төзген, оны өрге сүйреген бейнетқорлығымен ерінбес ізденім­паздығымен, оқшау тұлғалығымен, қазақ спортының шоқтығын биікке көтерген киелі азаматтың сөзі. Шымкент қаласындағы №1 олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің кешенді мамандандырылған спорт мектебі тек облыс көлемінде ғана емес, республика деңгейінде оқу-жаттығу базалары бүгінгі өмір талабына сай салынып, спортшылардың шеберлігін шыңдайтын нағыз орталыққа айналуына Оңғарбай Үндемесовтің кезінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты ретінде үлес қосқаны, күш-жігерін қалай жұмсағаны жөнінде оның әріптесі, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болған Ермек Дәрменов өз ойын былай білдіреді: 
– Негізі бұл азамат жоғары жетістіктерге жеткен талай шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Спортшылардың психологиясын терең меңгерген маман. Кезінде Қазақстан Құрамасын жаттықтырған кісі. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып екі мәрте сайланды. Екі шақырымда да жақсы қырынан көрінді, сөзі тиянақты, уәдеге берік. Спорттың шын жанашыры. 
Депутаттық өкілдігі кезінде спорттық модульдар салу туралы ең бірінші ұсыныс берген де осы Оңғарбай аға. Шымкенттегі көптеген спорттық ғимараттардың құрылысына жемісті ықпалын тигізді. Жалпы, Үндемесов ағамыздың «Мен депутатпын, – деп өктем  сөйлегенін ешқашан байқамадық. Мен директормын. Менің осындай атақ-дәрежелерім бар» – деп бөлектенбейді, шіренбейді. Әйтпесе бұл кісінің ауыз толтырып айтарлықтай атақ-дәрежелері жетерлік. Сонымен қатар, үлгілі шаңырақтың иесі. Жеңгеміз де ағамызға сай, жан-дүниесі кең адам. Оңғарбай Салхауұлы – нағыз қазақ. Мінезге де бай, өзін әрқашан қарапайым ұстайды. Өзінен кейінгі толқынға көрген-түйгенін үйретуден жалыққан емес. Ақыл айта біледі. Ақты – ақ, қараны – қара деп тіке айтады. Болмыс-бітімі жағымпаздық дегеннен мүлде аулақ. Аузын ашса – жүрегі көрінеді. Бұл інінің ағаға деген шынайы шындық пікірі ғана емес, ағаның нағыз азаматтығына бас ию. Рас, адам бойындағы қасиеттер оның бойынан емес, оның ойынан байқалып тұрады. Өмір мен тіршілікке, қоғам мен адамға өзгерістер мен саясатқа да әсерленетін, кейде арбалатын, кейде шамданатын сезімдер жетегінде болатын әрбір жанның біліктілігі мен парасаты лайым сол адамдық сипатына тікелей байланысты. 
Оңғарбай қашанда ашық болуға тырысады. Өйткені, өзіне сенімді, өз ойының әмірімен, өз жүрегінің жетегімен жүретін спорт басшысының болмысында бір батылдық бар. Ол өзіне деген сенім. Сенімнің негізі – шындықты сүю. Адам өзіне мықтап сенген жағдайда батыл да, батыр болады. Ол ештеңеден ықпайды, жалтақтамайды, жағымпазданбайды. Оң­ғар­байдың бойындағы осы бір қасиет кімді де болса тәнті етеді. Ол мансап іздеп депутат болған жоқ, алдына қойған мақсат үшін халық қалаулысы болды. 1996 жылы Шымкент қаласында  9  спорт мектебі жұмыс істейтін. Сол уақыттағы қаржы тапшылығы көптеген спорт мектептерінің тамырына балта шапты. 9 мектептің бесеуі есіктеріне құлып салып, құрдымға кетті. «Шықпа жаным шықпа» деп әупіріммен 4 мектеп қалды. Бұл үлкен спорттың болашағына жасалған, үлкен қауіп болатын. Осындай келеңсіздік Оңғарбай Салхауұлының шымбайына қатты батты. Жабылып қалған мектептердің есігін қайта аштыру үшін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты  ретінде бармаған бастығы ашпаған есігі қалмады. Спортқа қатысы бар ұйымдар басшыларына облыс, қала әкімдерінің алдына талап қойып, мектептерді қалпына келтіру істерін қайта жандандырды. Осындай тынымсыз ізденістер, нәтижесін берді. Бүгінде Шымкент қаласында 11 спорт мектебі жұмыс істеуде. 
Ия, бота тірсек бозбала күнінен-ақ, өзі қасиет тұтқан спорт әлеміне именбей еніп, атақтары айдай, мүйіздері қарағайдай, қадірлі ағаларымен терезесін тең ұстап сөйлесіп, қабырғам қатып, буыным бекімеді-ау деп жасқанбай, қазақ спортының бейнесіне сын болар батпан жүгін көтерген еңбегі ұшан-теңіз. Кешегі – бозбала, бүгінгі – ел ағасы Оңғарбай табиғатында сондай қағілез, әсершіл, ізденгіш, білмекке, көрмекке ынтызар болса, қоғам алдындағы өзінің адамзаттық борышына да дәл сондай сергек, ізденіс пен іргелікті шебер ұштастыра біледі, әрі қарекетшіл. 
Бүгінгі  таңда  Спорт  мектептерінің  алдында тұрған үлкен мәселе, ол жаттығу өткізетін өздерінің спорт залдарының болмауы. Бұл орайда Оңғарбай Салхауұлы басқарып отырған №1 Қажымұқан Мұңайт­пасов атындағы олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің кешенді мамандырылған спорт мектебінің ұжымы бұл жағынан қиындық көріп отырған жоқ. Бұл жайында Оңғарбай өз ойын былай білдіреді: – Аллаға шүкір, егемен елміз! Ата-бабаларымыз аңсаған арманға біз жетіп отырмыз. Өзің мықты болсаң, Қазақстанның намысын қорғауға жол ашық. Әлем чемпионатына, олимпиадаға  қатысуға да толық мүмкіндік бар. Тек қана алдына мақсат қойып, сол бағытта еңбек етіп тер төгу керек. Бізде жаттығу жасауға кедергі келтіретін кемшіліктер жоқ. Үлкен екі залымыз тұрақты жұмыс істеп тұр. Жақында ғана мектеп жанындағы бос жерге ені 22 метр, ұзындығы 44 метрлік үшінші спорт залын салып бітіріп, пайдалануға бердік. Әр залда киім ауыстыру, жылы сумен жуыну бөлмелері қарастырылған. Дәрі-дәрмек пен дәрумендер қабылдауға, жеңіл жарақаттарды  емдеуге арналған медициналық кабинеттер керекті құралдармен жабдықталған. Біздің мектепте бапкерлердің, қызметкерлердің өзі қалағандай жұмыс істеуіне қолбайлау болатын шектеу жоқ. Сондықтан да, болар, мектепте кадрлар тұрақтылығы бар. Себебі, олардың бәрінің өз жаттығу залдары бар, өздері би, өздері қожа. Әманда еркіндік. Міне, сол тұрақты мамандарымыз тұрақты табысқа жетуде. Олар дайындаған шәкірттердің арасында Әлем, Азия, олимпиада чемпиондары бар. Олардың бәрінің аттарын атап, түстерін түгендеп жату үшін көп уақыт керек. Осы жерде бір азаматтың аты-жөнін атай кеткім келеді. Қазақ жастарының арасынан  шыққан тұңғыш кәсіби каратэші, Қажымұқан атамыздың немересі – Шаттық Айдарханұлы. Шат­тықтың өзі каратэден Азия ойын­дарының екі дүркін чемпионы, халық­аралық дәрежедегі спорт шебері. Бапкер ретінде де біліктілік танытып жүр. Ол тәрбиелеген Дархан Асадилов Азия ойындарының жеңімпазы. Қазіргі таңда үлкен қалалардағы спорттық кешендер қалтасы тесік қала тұрғындары үшін қол жетпейтін арман. Спорт нысандарының барлығы дерлік ақылы қызмет көрсетеді.
Баласын спорт үйірмелеріне берген ата-аналар спорт залдарда жаттыққаны үшін 10-15 мың теңге көлемінде ақы төлеуге тиіс. Оңғарбай Салхауұлы депутат ретінде осы келеңсіз жағдаймен күресуге бел буып, түбінде сол мақсатына жетті. Бүгінде Шымкенттегі спорт-мектептер өз залдарын спорт сүйер қауымға ақысыз тегін беруде. Есіктері айқара ашық.
«Тәрбие – адам тағдырын шешетін  ұлы іс» – деп бір ойшыл айтқандай өмі­рінің бар мәні ұрпағына дұрыс тәрбие беруде екенін жақсы ұғынған Оңғарбайдай тұлғаның еңбегі жемісті бола берері хақ. Араға уақыт салып ұстазынан тәрбие алған шәкірттер ұяда жатқанда көргенін істеп, қазақ спортының үлкен желкенін көтеріп, туын желбіретіп жатса, өсіпті, өніпті демей, не дейміз.
Адамзатқа Алланың берген сара жолы біреу ғана дер болса, ол жолда өмірлік бағытың мен бағдарыңды айқындай білу, талантынды танытып, қабілетіңнің қайнар көзін ашу, туған елің мен жеріңе, айналаңа жақсылық жасау жігерің мен намысыңды жасытпай, рухыңды биік ұстау, арман мақсаттарыңа қол жеткізу адамшылық пен парасаттылықтың пернесін теңдей басып, көпшіліктің жүрегіне жол табу екінің бірінің тәлейіне жазыла бермейтін бақыт. Бұл бағалы бақыт жүрегіне имандылық сәулесі ұялаған Оңғарбайдай жандарға лайық.

Рабат Жәнібекұлы,
Қазақстанның құрметті 
журналисі

Алдыңғы «
Келесі »

Мұрағат