• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

Ғылыми-көпшілік ақпарат қолжетімді болуға тиіс

Дина ИМАМБАЙ,

«Aqiqat»

Ғылым – ежелден бері дүниені танудың бір көзі, өркениеттің қозғаушы күші. Қазіргі ХХІ ғасырда ғылымның мәні мен маңызы тіпті арта түсті, адамзаттың болашағы осы саладағы зерттеулерге тығыз байланысты. Қоғамға ғылым қалай қажет болса, ғылым қоғамға сондай қажет. Сондықтан да қалың көпшілікті ғалымдардың ісімен таныстыруға бағытталған қызмет бүгінгі күні өте маңызды. Ол, әрине, бұқаралық ақпарат құралдары. Оның ішінде ғылым мен ғалымдар қызметін таныстырумен салалық БАҚ – ғылыми журналистика айналысады. 
Ғылым деп әдетте ғылыми білімдер мен оларға қол жеткізу әдістерін, ұйымдастыру формаларын айтады. Әсіресе қазіргі таңда ғылым орасан зор серпілістер мен жаңалықтарға толы. «Ғылыми журналистика» осынау күрделі зерттеулер әлемін қалың жұртшылыққа таныстыратын өте маңызды қызмет. Ғылыми журналистер ғылыми білімдер мен ғылымды көпшілік аудиторияға насихаттайды. Ғылыми журналистика арқылы ғылыми қасаң тұжырымдардың тігісі жатқызылып, түсінуге жеңіл әрі қызықты әңгімеге айналады, сөйтіп ғылыми білімдер көпшілікке қолжетімді әрі тартымды бола түседі. Яғни, ғылыми журналистика дегеніміз ғылыми зерттеудің тілін кәдімгі қарапайым тілге «аудару», бірақ мағынасын бұрмаламай дәл жеткізу. Осы салаға маманданған журналист ғылым саласындағы ақпарат легін қарапайым тілмен бұқараға жеткізеді. Ғылыми журналист – ғалымдар мен жұртшылық арасындағы байланысты қамтамасыз етуші алтын көпір. Ғылыми зерттеулер саласына үңілген сайын, ғылыми журналистиканың ғылым әлемін түсінуге, қызығуға және оған сенуге ықпал ете алатын бірегей күш екені көрінеді. Қоғамның барлық саласының тыныс-тіршілігі мен дамуы – экономика, білім, ауыл шаруашылығы, экология, тағы басқасы, - барлығы да ғылыми жетістіктерге өте тәуелді бүгінгі күні ғылыми коммуникацияның рөлі өте зор. Ол жаңалықтардың, өнертабыстар мен инновациялардың күрделі сипатына үңілтіп, оның қаншалықты маңызды екенін көрсете алады. Ақпарат дәуірінде күнделікті жаңалықтар ғана емес, күрделі ғылыми тұжырымдар да бүкіл аудиторияға жетуі қажет. 
Ғылымның өзіндік ерекшелігі бар, ол қарапайым жұртшылық үшін қиын да жұмбақ. Зертханаларда, обсерваториялар мен басқа да мекемелерде жүргізіліп жатқан зерттеулер арнайы терминологияны, әдіснаманы пайдаланады, ол тек мамандарға түсінікті. Ал осы зерттеулерде бүкіл адамзат алдында тұрған өзекті проблемалардың шешімі жасырынып жатыр: климаттың өзгеруі, жасанды интеллект, жұқпалы аурулар, технологиялық прогресс және т.б.  
Сондықтан да дәл осы тұста ғылыми коммуникация ерекше күш болып саналады. Ол ғылым тілін әмбебап түрге көшіріп, оны қарапайым жұртқа түсінікті, тартымды етеді. Тіпті шым-шытырық гипотезалар мен зерттеулердің нәтижелерін күнделікті тілдегі қызықты хикаяға айналдырып жіберуге болады. Осылайша, ғылым әлеміне, табиғатқа қызығушылық тудырады. Мысалы, қазіргі аса өзекті тақырып – климаттың өзгеруін алайық. Ғылыми қауымдастық өз тілінде климаттың өзгерісінің әсерін, көміртегі газының шығарындылары қаншалықты зиян екенін анықтап, жаһандық температураның тербелісін зерттейді, ал қарапайым қауым үшін ол түсініксіз сөздердің жиынтығы ғана. Ал ғылым насихатшылары осы күрделі тақырыпты түсінікті тілге аударып, климат өзгеруінің проблемасы мен оның шешімдері өзекті екенін, оған жауапкершілік баршаға ортақ екенін жете түсіндіреді, оны жақсартуға бүкіл халық болып қатысуға шақырады. Мысалы, бір ғана «декарбонизация» деген терминнің өзін түсіндіру бір мақалаға жүк болады. Міне, ғылыми журналистиканың маңызды қоғамдық міндеті осыдан өрбиді. 
Сонымен, ғылыми журналистика – бұл ғылыми ақпаратты бұқараға жеткізу және қоғамды ғылымға ынталандыру мақсатында ғылыми жаңалықтарды, зерттеулер мен әзірлемелерді жария­лаумен айналысатын журналистика саласы. Ол ғылыми ақпаратты көпшілік аудиторияға жеткізуде маңызды рөл атқарады және ғылымды насихаттауға көмектеседі. 
Ғылыми журналистиканың мақсаты – ғылыми ақпаратты тарату және қоғам назарын ғылыми зерттеулерге аудару. Ол ғылыми қауымдастыққа және ғалымдарға өз идеялары мен зерттеу нәтижелерін халыққа жеткізуге көмектеседі, сондай-ақ ғылымға қоғам қызығушылығын артырады. Оның ішінде жастарды тартудың маңызы бір бөлек. 
Ғылыми журналистиканың негізгі міндеттері: 
– Ғылым мен ғылыми зерттеулерді насихаттау; адамдарға ғылыми жаңалықтар мен жетістіктердің мән-маңызын түсінуге және бағалауға көмектесу. 
– Күрделі ғылыми тұжырымдамалар мен терминдерді түсіндіру: 
ғылыми материалдарды қолжетімді формада ұсынып, адамдардың арнайы білімсіз оны түсінуіне жәрдемдесу.
– Дәл, шынайы ғылыми ақпарат тарату: ол ғылыми фактілерді мифтер мен дезинформациядан ажырата білуге көместеді, адамдарға сенімді және тексерілген дереккөздерден ақпарат ұсынады. Бұл қазір интернет пен әлеуметтік желі арқылы түрлі тексерілмеген ақпарат тарап жатқан кезде өте маңызды. 
– Ғылыми мақалалар мен зерттеу нәтижелерін талдау, жеткізу: ғылыми журналист ғылыми зеттеулерден қандай түйін жасауға болатынын және олар практикада қалай қолданылуы мүмкін екенін көрсете біледі. Сондай-ақ ғылыми материалдарға сыни баға беруге шақырады. 
– Қалың жұртшылыққа ғылым туралы қызықты да түсінікті материалдар ұсыну: ғылыми журналист ғылым туралы жұртқа қызықты да түсінікті материалдар құрастыра алады, бұл үшін ол түрлі жанрлар мен форматтарды пайдаланады, мақала, репортаж, бейне, подкасттар, т.б. 
Ғылыми журналистика ғылыми зерттеулер мен жаңалықтардың шынайылығын тексеруде маңызды рөл атқарады. Бұл жалпы журналистиканың принциптеріне қатысты мәселе. Ғылыми журналистиканың негізгі қағидалары: 
– Сапалы және шынайы материал жасау; 
– Объективтілік: фактіге, сенімді дереккөзге сүйену;
– Дәлдік: ақпаратты тексеру, шынайылығына көз жеткізу, ұсақ-түйекке дейін мұқият болу;
– Түсініктілік: журналистер қарапайым тілді пайдалануы керек, күрделі терминдерден аулақ болу; 
– Ғылыми жаңалықтың мәні мен қоғамға ықпалын түсіндіру, күнделікті өмірмен қалай байланысады, болашаққа қалай әсер етеді, соны жеткізу; 
– Тәуелсіздік: ғылыми журналис­тика саясаттан, бизнес пен басқа мүддеден тәуелсіз болуға тиіс. Ғылыми жаңалықтар мен зерттеулер туралы еркін және объективті жазу. 
–Этикалық нормалар мен қағи­ладарды сақтау, ақпарат көзінің құқығын құрметтеу, әділ де ашық болу, өз материалының ықтимал салдарын ескеру. 
Ғылыми журналистің басқа журналис­терден ерекшелігі бар, ол ең алдымен ғалымдармен еркін әңгімелесе алуы керек және олардың идеяларын қарапайым сөзбен жеткізу қабілетіне, тәжірибеге ие болуға тиіс. Ақпарат баршаға – біліміне, шығу тегіне қарамастан әркімге қолжетімді және түсінікті болуы шарт. Сондай-ақ бұл қағиданы сақтау ғылыми қауымдастықты қалың жұртшылықтан көлегейлеп түратын кедергілерді де бұза алады. Қазіргі болып жатқан өзгерістер, технологиялық төңкеріс барша адамның өміріне қатысы бар, сондықтан да адамдар өз өміріне қатысты жаңалықтар мен шешімдер жөнінде білуге тиіс. 
Қазіргі әлемде бүкіл сала ғылымның көмегімен дамып жатыр, ол – денсаулық, қоршаған орта, адамдардың өмір салты, сондықтан да халыққа ғылымда не жаңалық болып жатқанын жеткізудің маңызы зор. Мысалы, коронавирус пандемиясы кезінде жалған ақпарат көп таралды. Адамдар кімге сенерін білмей қалды, әлеуметтік желіні түрлі зиянды-зиянсыз ақпарат басып қалды. Медициналық білім қолжетімді болмаса, адамдар жалған ақпаратқа сенуге мәжбүр болады. Сондықтан медициналық зерттеулердің нәтижелері туралы уақтылы және шынайы ақпарат беріп отыру әр адамның өз денсаулығына қатысты дұрыс шешім қабылдауына көмектеседі. Біздің қоғамда тіпті мемлекет тарапынан кепілдендірілген міндетті медициналық көмекті алуды білмейтіндер бар екені жасырын емес. Инклюзивті қоғам құрып жатырмыз, ғылыми білімдердің қолжетімді болуы инклюзивтілікті дамытады. Ғылыми ақпарат қолжетімді болса, адамдар сұрақтарына жауап алады, іздейді, ойланады. 
Ғылымды насихаттауда қазір дәстүрлі медиарналардан бөлек жаңа медиа да бар және ол өте белсенді даму үстінде. Кітаптар, мақала-сұхбаттар, деректі фильмдер сенімді болғанмен де, цифрлы платформалар білімді ғаламат ауқымда демкоратияландырып жатыр. Интернет ғылыми ақпараттың орасан зор қоймасына айналды және ол әркімге – үлкен-кішіге бірдей қолжетімді. Әсіресе, әлеуметтік желілер ғылыми жаңалықтар мен пікірталастарды тез таратуға ықпал ететін тетікке айналды. 
Ғылыми журналистиканың тағы бір маңызды рөлі – жастарды білім-ғылымға құлшындыру, қызықтыру, тарту. Балалар табиғатынан білуге құштар, олардың кішкене кезінде қоршаған ортаны тануға деген құмарлығы орасан зор. Ғылыми коммуникация балалардың осы бір ерекшелігін іске асыруға, жас таланттарды жарыққа шығаруға үлес қосады. Қызықты әңгімелер, интерактивті контент арқылы ғылыми журналистер ғылымды өмірге жақындатады, қолжетімді әрі қызықты етеді.  Адамзаттың әрбір жетістігінің артында ғалымдардың еңбегі тұрғандығын жеткізе алады. Ғылымның сырлары, ғалымдар ғалам құпияларын ашу үшін бүкіл өмірін арнағандығы балаларға өте қызық екені сөзсіз. Сондықтан да жас жеткіншектерді ғылымға ынталандыру – ғылыми журналистердің ең игілікті ісі. Олар білуге құштар жастардың жігерін жанып, құштарлығын оятады. Осылайша ғалымдардың жаңа буыны қалыптасады, ғылымдағы ұрпақ сабақтастығы деген осы. 
Соңғы жылдары елімізде ғылымның ел арасында танымалдығы төмендегені шындық. Сондықтан да ғылым туралы ақпаратты қолжетімді ету ғылымға сенімді нығайтады. Бұл істің қоғамға пайдасы зор екені даусыз. 
Осы ретте ғылыми журналистердің жауапкершілігі деген де мәселе бар. Ғылымның күрделі әлемінен дұрыс бағдар табу қажет. Ең бастысы – қарапайымдандырамын деп ғылыми дәлдікті жойып алмау. Шектен тыс қарапайымдандыру зерттеудің мәніне зиянын тигізеді, ал тым қасаң сөздер аудиторияны мезі қылады. Сондықтан да ғылыми журналистер күрделі ақпараттың тұтастығына зиян келтірмей жеткізуге мән беруге тиіс. Даңғазаға құмарлық, сенсация қуу, оқырман-көрерменді көбірек тартуға жанталасу да өзекті мәселе. Қазіргі қауырт ақпарат ағыны кезінде ғылыми жаңалықтың бәрін сенсация ретінде жеткізуге тырысу, «лайк» пен қаралымды көбейтуге ұмтылып, ақпараттың өңін айналдыру көріністері де ара-тұра кездеседі. Мұндай ақпарат зерттеулердің шынайы мәнін бұрмалап, ғылымды түсінуге зиянын тигізеді. Дәл емес, адастыратын ақпарат ғылымға сенімді бұзады. Сондықтан да ақпарат таратуға асқан жауапкершілікпен қарау керек, статистикалық мәлімет­терді тексеру, дәлдік, зерттеушілердің, сарапшылардың пікірін беру маңызды. Басқасы басқа, ал ғылым саласында жалған ақпарат таратудың салдары ұзаққа созылады. Сондай-ақ әлі де аяқталмаған, жүргізіліп жатқан зерт­теулер туралы ақпарат бергенде этикалық жағынан жауапкершілікті ұмытпаған жөн. Әлі толық анықталмаған, алдын ала нәтижелерді жариялау фактілерді бұрмалауға әкеп соғады. 
Зерттеулердің дерегін дәл келтіруге мән беру керек, сенсация қуу немесе пропаганда үшін ғылыми нәтижелерді шамадан тыс ұлғайтып көрсету ғылымға сенімді бұзады, сондықтан адалдық пен тәртіп басты орында болғаны жөн. 
Әлбетте, кез келген сала сияқты ғылыми журналистика да үздіксіз дами береді. Бүкіл ақпарат саусақтың ұшында тұрған қазіргі заманда ғылыми журналистер де аудиторияның қажетті­лігіне, сұранысына қарай бейімделеді. Оның үстіне, біздің елімізде салалық журналистикаға мамандану енді-енді қолға алынды. Оның ішінде ғылыми журналистика да бар. 
Қазіргідей ғылыми журналистика деп аталмағанмен де, бұл саладағы ақпарат бұрын да болды, қазір де бар. ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің білім мен ғылым саласындағы ағартушылық қызметі – қазіргі ғылыми журналистиканың бастауы және қазіргі буынға үлгі-өнеге. Осы ретте 1960 жылдары дүниеге келген «Білім және еңбек» журналын ерекше атап айтуға тиіспіз. Ғылыми-танымдық сипаттағы басылым бүкіл қазақтілді қауымның ай сайын күтіп оқитын журналына айналды, бірнеше буынның ғылымға, техникаға қызығушылығын туғызды. Бүгінгі күні осы журналдың орнын басатын басылымдар жарыққа шығып жатыр. Оның ішінде көрнекті математик Асқар Жұмаділдаевтың бастамасымен жуырда оқырманға жол тартқан «Әл-Жәбрдің атасы» атты ғылыми-көпшілік журнал бар. Ғылыми тақырыптағы материалдар еліміздегі барлық дерлік газет-журнал, сайттарда шығып тұрады. Ғылым – еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты тақырыбы. Сондай-ақ «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы да ғылыми бағыттағы мақала-сұхбаттарымен ерекшеленеді. 1921 жылдан бері шығып келе жатқан журналда әр кезеңде белгілі ғалымдар қызмет етті және осы үрдіс қазір де жалғасып келеді. Ұлтымыздың руханияты мен мәдениетін насихаттайтын танымал басылым –  «Ана тілі» газетінің басты тақырыптарының бірі ғылым мен білім екенін көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Сондай-ақ, аталған серіктестікке қарасты «Ақ желкен» журналы мен «Ұлан» газеті өздерінің аудиториясы – балалар мен жасөспірімдердің жас ерекшелігіне сай келетін ғылыми-танымдық материалдарды тұрақты түрде жариялайды. 
Интернет-сайттарға келетін болсақ, ғылым туралы ақпарат салалық минис­трліктің, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының сайттарында жарияланып тұрады. Бірақ бұл көбінесе егжей-тегжейлі материал емес, жаңалық сипатындағы ақпарат. Мұндай жаңалықтар көптеген қазақтілді сайттарда да беріледі. Айта кетерлігі, қазір қазақтілді сайттар ғылыми контентке баса мән беріп отыр. Олардың ғылымға арналған тұрақты айдарлары бар, мысалға «Адырна» ақпарат порталын келтіруге болады. Ал жеке сайттардан Gylym.kz ғылыми-танымдық сайтының жөні бөлек. Бұл ресурста биология, химия, математика, физика және басқа ғылым салалары бойынша шетелдегі және Қазақстандағы жаңалықтар, танымдық дүниелер жария­л­анады. Сайтты химик ғалым Жексен Тоқтарбай жүргізеді. Өкінішке қарай, мұндай ғылыми-танымдық сайттар саусақпен санарлық. Мәселен, елімізде робот техникасын, жаңа технологияларды дамыту, жастарды тартуға баса мән беріліп жатқанмен, бұл салалар бойынша қазақ тіліндегі жеке сайттар немесе басқа ресурстар әзірге жоқ. Бұл да бір қаперге алатын дүние.  
Ғылыми журналистикадағы жаңа үрдістердің бірі – мультимедиялық контент. Дәстүрлі жазба мақалалар қазір жарқын визуал эффектілермен, интерактивті графикамен беріледі, қазір подкасттар, бейнеконтент өте тартымды әрі танымал. Мультимедиялық тәсіл аудиторияны көп тартатыны белгілі. Соның ішінде цифрлы медиаға жататын аудио­подкастарды атап айтуға болады. Аудиподкаст тыңдауға өте қолайлы, бұған  дәлел – шет елдерде подкасттардың миллиондаған тыңдарманы бар. Мәселен, Германияда ғылым, білім, медицина, психология және басқа салалар бойынша жүздеген аудиоподкаст шығады. Бұл салада қазақ тіліндегі сапалы ақпаратты көбейту, осы салада ағартушылықпен айналысу – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі.   
Қазір елімізде ғылым саласына мемлекет тарапынан баса назар аударылып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан ғылымсыз, білім мәдениетінсіз дами алмайды» деп атап өтіп, мемлекеттік тілдегі контент пен цифрлы өнімдерді ұлғайтуға, қазақ тілін ғылым мен техника тіліне айналдыруға шақырды. Президенттің тікелей назар аударуымен, Ұлттық ғылым академиясының қызметі қайта жанданып, мемлекеттік мәртебе алуы ғылымға тың серпін бере бастады. Ғылымды насихаттаушы журналистер мен ғылыми қауым арасында қарым-қатынас жолға қойылып, нығайып келеді. Бұндай ынтымақтастық күрделі ғылыми тақырыптарды көпшілікке кеңінен таратуға ықпал етеді, ғылыми қауым мен қоғам арасын жақындата түседі. Ғылыми білімдерді тарату, біріншіден, ғылымның өзіне жаңа кадр­лар тарту үшін қажет. Ғылыми журналистер ғылыми бастамаларды қоғамның қолдауына ықпал етеді. Екіншіден, басқару орындары маңызды шешімдерді қабылдауда ғылымға сүйенуі үшін қажет. Үшіншіден, қалың жұртшылық біз өмір сүріп отырған әлемді тануы үшін қажет. Ғылыми-көпшілік ақпарат қоғамның өмір сапасын, халықтың білімділігі мен сауаттылығын көтеруге, ағартушылыққа жағымды ықпал етеді.
Ғылым жетістіктеріне сүйенетін әлемде ғылыми журналистиканың рөлі арта түспесе кемімейді. Ол жаңалықтар мен инновациялар әлемінде жол көрсетіп, жетелейтін шамшырақ іспетті. Ғылым жасалып жатқан әлемге қолыңнан жетелеп кіргізетін жолсеріктерсіз ғылымда не болып жатқанын білу қиын. Ғылыми жаңалықтар туралы қарапайым тілмен әңгімелеп беретін журналистер көп болғаны дұрыс. Ғылым насихаты адамдардың логикалық ойлауына әсер етеді, сыни көзқарас қалыптастырады, маңыздыны ажырата білуге үйретеді. Ғылыми-танымдық басылымдардың, электронды ресурстардың даму деңгейі елдің интеллектуалдық әлеуетімен тікелей байланысты. Ғылымға қызығушылық жоғары болса, қоғамның деңгейі де биік. Өйткені, «сен ғылыммен айналыспасаң, ол сенімен айналысады». 
Елімізде қазақтілді ғылыми журналис­тика өзіндік ерекшелігімен дамып жатыр. Шет елдерде ғылыми журналистердің қауымдастықтары бар, бізде де ондай ұйымдар құрылатын күн келері сөзсіз. Ең бастысы, ғылым ғажайыптары баршаға қолжетімді болуға тиіс. Ғылыми журналистер әлемді жақсартуға үлес қосады. 

2086 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз