• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

ҰЛТ БАҒДАРЫН АЙҚЫНДАҒАН ҚҰРЫЛТАЙ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде мемлекет дамуына бағыт-бағдар болар құндылықтар туралы айтты. 
Сөзін барша халықты Көрісу күнімен құттықтаудан бастаған Президент «Ең алдымен, мен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім келеді. Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз», – деді.
Шындығында осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің Батыс аймағанда ғана Амал мерекесі деп аталатын күн «Көрісу күні» деген атпен республика бойынша аталып өтіп, Қазақстан халқы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бірін-бірі қыстан аман, жылдан есен шығуымен құттықтады. 
Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өту керек екенін айтқан еді. Президенттің бұл сөзін тиісті министрліктер бірден жүзеге асырып, биыл Ұлыстың ұлы күні ерекше аталып өтті. 
Наурыз мерекесін атап өтудің арнайы он күндік бағдарламасы жасалып, Көрісу күні Қайырымдылық күні, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, Шаңырақ күні, Ұлттық киімдер күні, Жаңару күні, Ұлттық спорт күні, Ынтымақ күні, Жыл басы, Тазару күні деген жақсы күндерге жалғасты. Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мерекесін тойлауға арналған жалпыреспубликалық жоспар әзірлеп, тұжырымдамасы бекітілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған мәліметке сүйенсек, елімізде 10 мыңнан аса іс-шара өткізілген. 
Жайық жағасында, ежелгі Сарайшық қаласының маңында өткен Ұлттық құрылтай Ұлыстың ұлы күнімен тұспа тұс келіп, ел еңсесін көтеріп, әз-Наурыздың ел ішіндегі маңызын одан сайын арттыра түскендей. 
Әуел бастан-ақ, Құрылтайдың міндеті ретінде «Қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу, жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету, өз құзыретінің шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру» белгіленген болатын.  
Бұдан бұрын Ұлытау мен Түркістанда өткен алқалы жиындағыдай, осы жолы да еліміздің даму бағдарын айқындап, өткенге көз тастап, болашақты бағдарлайтын ұсыныстар айтылды. 
Ең алдымен айтылған келелі мәселе тіліміздің қолданыс аясын кеңейту туралы болды. «Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында.
Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», – деді Мемлекет басшысы. 
Шындығында да қазақ тілінің қол­даныс аясы аяңдап болса да кеңейіп келе жатқанына мысал жоқ емес. 6-7 жылдың бедерінде Ұлттық аударма бюросы түрлі ғылым саласындағы ғылыми-танымдық әдебиеттерді қазақ тіліне аударып, олар еліміздегі кітапханалар мен жоғары оқу орындарына, колледждерге таратылды. Бұл әлеуметтік ғылымдардың оқулықтарын тек орыс тілінде оқып жүрген студенттер үшін мол мүмкіндік. Оның үстіне жеке меншік баспалар мен баспа саласындағы кәсіпкерлер де әлемдік танымал әдебиеттерді қазақ тіліне аударуды қолға алды. Бұл ең алдымен қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныстың арта бастағанын айғақтайды. Қызмет көрсету салалары қазақ тіліне басымдық беріп, бірте-бірте мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасын қолға алды. Бұл үрдіс те қазақ тілінде сөйлейтіндердің санының артып келе жатқанының белгісі. 
«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр». Бұл осы жиынның ең көп талқыланған, БАҚ беттерінде ең көп айтылған тақырыбы болды десек, қателесе қоймаспыз. 
Олай болуы заңды да, себебі кітапхана ісі кенжелеген тұста кітап құнсызданып, өз ойын жүйелі жеткізе алмайтын, шолақ ойлайтын, сауатты мәтін жаза алмайтын бүтін бір ұрпақ өсіп шықты. Дүниетанымын кітап емес, әлеуметтік желідегі әумесер ақпарат қалыптастырған ұл-қыз Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген құбылнамалық сөзіне мұрын шүйіре қарайтын болды. Салдарынан қоғамның әр саласына шала сауатты кадрлар келіп, алға басар қадамымыз кері кетті. Кітапханашылардың еңбегі елеусіз қалып, олар айлығы төмен мамандықтар санатында қадірсіз болып қалды. 
Тек биылдан бастап қана мектеп кітапханашыларының айлығы 20 пайызға өсті. Ал 2027 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге көбейеді деп күтілуде.
Жалпы нарық заңының қаталдығын қай мамандықтың жалақысы көп болса, сол мамандықтың құны артатынынан көруге болады. Мұны алысқа бармай-ақ, мектеп мұғалімдерінің айлығы өскеннен кейін сол мамандықты таңдайтындардың санының артуынан көруге болады. Айлығы өскеннен соң мектеп қабырғасында ер мұғалімдердің саны көбейе бастағаны жасырын емес. 
Соңғы жылдары еліміздегі бірнеше кітапхана тәулік бойы жұмыс істейтін болып, бұл да кітап оқуға баулитын әдістердің текке кетпегенін айғақтап отыр. 
«Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек», – деген Президент сөзі еліміздің әр аймағындағы облыс тізгінін ұстаған мемлекеттік қызметкерлерді қамшылайтын шығар деген үміт бар. Ел ішіндегі жұрт кітап оқуға пейіл емес дей алмаймыз, керісінше оқығысы келсе де кітап тапшы деуге толық негіз бар. 
Бірнеше жылдың бедерінде елімізде ғылымға деген көзқарас түзелгенін және оны көзі қарақты қауым қуана қабылдағанын оқып, біліп жүрміз. Ғалымдар үшін тағы бір жақсы жаңалық Жошы ұлысын зерттейтін институттың құрылатыны жайлы болды. Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихының бір томы Жошы ұлысына арналатыны да осы игі бастаманың алғашқы қадамы деп білеміз. 
Тарих парақтарын жаңаша ай­шықтайтын жақсы сөздің бірі де осы Құрылтайда айтылды. «Бұл жердегі тағы бір таңғажайып мұра – жерасты мешіттері. Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Тарихи нысандар әртүрлі кезеңде салынған және бір-бірінен өзгеше. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Біз оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет. Мен тиісті мемлекеттік органдарға Ұлттық комиссиямен бірлесіп, осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсырамын». 
Егер тиісті мекемелер бұл тапсырманы адал орындаса, бұған дейін ЮНЕС­КО мұралар тізіміне енген Алтынемел мен Барсакелместің қатарына Батыс Қазақстан облысындағы жер асты мешіттері де енбек. 
Өткенге салауат айту, ертеңді бағдарлауға ықпал етері анық. Өткен тарихқа салауат айтып, бағасын білуге үндеу жолында «қарақшы-архео­логтарға» тосқауыл қою мақсатында археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру тапсырылды. Биыл үшінші рет өткізілген Ұлттық құрылтай шынында еліміздің мәдени-гуманитарлық саласы мен идеологиясының жаңа бағдарын айқындау жолына түсті. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, кітап оқуды дәріптеу, тарихымызды қадірлеу туралы айтылған жиында әлеуметтік ахуал да назардан тыс қалмады. 
Қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеу міндеті, осы салаға жауапты мамандардың адалдығы мен жауапкершілігін тағы бір сынға алатын тапсырма. Бұл тапсырма мұқият әрі сапалы орындалса, елдің әл-ауқатын арттыруға жасалған нақты қадам болары анық. 
Бұл тұрғыда тұрғындарға берілер бас­пана мәселесі де айтылып, әлеуметтік осал топтарға берілетін несие өсімі 7 пайыздан асырылмауы керек деп тапсырылды. Оған қоса Үкіметке газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыру және 1700 шақырым газ желісін жаңғырту жүктелді. 
Егер бұл іс адал атқарылса, 300 мыңнан астам адам көгілдір отынмен қамтылмақ. 
Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар, теміржолдың өткізу мүмкіндігінің артуы, жанар-жағар майдың үнемделуі және компания табысының көбеюі де осы басқосуда сөз болды. Үшінші құрылтайда сөйлеген сөзінің соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, даму жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл. Жаңа ғана Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева халықаралық тәжірибеден мысал келтіре отырып, жалпыұлттық құндылықтар жүйесін бекітуді ұсынды»,– дей келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтарға тоқталды. Олар ең алдымен Тәуелсіздік және отаншылдық, Бірлік және ынтымақ, Әділдік және жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, Жасампаздық және жаңашылдық. 
 «Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет. Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс. Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау  болуы қажет», – деген Президент бұл құндылықтарды дәріптеу жолында бұқаралық ақпарат құралдары мен креативті индустрия, әсіресе, кино, музыка және әдебиеттің маңызы зор екенін айтты. 
Екі күнге созылған Ұлттық құрыл­тайдың бірінші күніндегі жұмыс «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму», «Білім және ғылым», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Азаматтық қоғам» бағыттары бойынша секцияларға бөлінген еді. Онда еліміздің әр аймағынан келген Құрылтай мүшелері өз саласына қатысты туындаған мәселелерді шешудің жолдарын ұсынып, Құрылтай хатшылығы олардың барлығын жиып, хаттамаға енгізді. 

Назым ДҮТБАЙ 

 

Бану ДӘУЛЕТБАЕВА, 
Алматы қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Жамбыл атындағы кітапхана жетекшісі: 

 

Тәулік бойы жұмыс істегелі оқырман саны артты

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда 24 сағат істейтін кітапхана ашу керек деген ойды айтқан болатын. Биылғы Атыраудағы алқалы жиында Алматы мен Астанада сондай кітапхана салынатынын атап өтті. Өткен жылдан бері Мәдениет басқармасының бастамасымен Алматыда екі кітапхана 7 күн бойы 24 сағат жұмыс істей бастаған. Соның бірі – біздің Жамбыл атындағы кітапхана. Жамбыл кітапханасы 2016 жылы Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің құрамына кірді. 
Оқырманға ыңғайлы, 24 сағат жұмыс істеудің жүйесі қалыптасып, кітапханашылар  бірталай тәжірибе жинады. 
Көп жылдан бері биыл бірінші рет толық инвентаризация жасалып, жалпы ОКЖ-ның кітап қоры саналды. Электрон-көшпелі кітапханалар орнатылды. Кітапты кітапханашысыз таңдап алып, қайтарғанда кітапханашының көмегінсіз өткізетін аппараттар қойылып жатыр. Әрине, бұл кітапхана 1976 жылы ашылғандықтан жалпы ауданы 1292,7 ш. м. ғана. Кітапханада барлық ақын-жазушының кітабын таныстырып, танымдық кештер өткізгіміз келеді. Бірақ кешті көру үшін емес, өз шаруасымен келіп отырған адамға кедергі келтіргің келмейді. Түрлі үйірмелер мен шет тілдер курстарына арналған арнайы орындар болғаны да жөн. 
Осы орайда болашақта 24 сағат жұмыс істейтін кітапхана салынарда мынадай дүниелер ескерілсе деймін: 
– Ғасырдан ғасырға мұра болып қала алатын, ерекше дизайнды ғимарат; 
– Бай кітап қоры; 
– Кітапхана жобаларына арнайы жабдықталған аудиториялар; 
– Кітапханалар жүйесін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін методикалық орталық. 
Қазір барлық қызмет түрі цифрланып жатыр, кітапхана да ол үрдістен қалыс қалған жоқ. Жасы үлкен адамдарға жаңа технологияларды үйрететін үйірме болған күнде де, дәстүрлі қызмет көрсету тәртібі сақталуы керек. Көзі нашар көретін, құлағы нашар еститін адамдарға арналған қызмет түрлері, оларға арналған арнайы қор қарастырылғаны абзал. Яғни, заманауи кітапхана жалпыға бірдей қолжетімді болуға тиіс. Кітапхана ісін жетік меңгерген IT мамандар аз, соның себебінен кітапхана ісінде олқылықтар да болып тұрады. Мұндайда IT мамандар мен кітапхана құрылысына жауапты компаниялар кітапханашылармен кеңесе отырып жоба жасаса тиімді болар еді. 
Президенттің халықты кітап оқуға үндеуін кітапханашылар ғана емес, барша көзі ашық адам қолдап отыр деп санаймын. Кітап оқитын ұлт кез келген құбылысты терең саралап, сыни ойлай алады. 24/7 кестесімен жұмыс істей бастағанымызға аз уақыт болса да, оның оқырманға тиімді екенін көзбен көріп жүрміз. Әсіресе, мегаполис тұрғындары кешкі елең-алаңда кептелісте уақыт өткізбес үшін, бізге келіп кітап оқып, жұмыс істейді. Оның үстіне, үлкен қалаларда пәтерде, жатақханада тұратын оқырман көп болады. Осындай оқырманға жеке қалып, ешкімге кедергі келтірмей, шығармашылығымен айналысуына, іздеген ақпаратына оңай қолы жетуіне кітапхана мүдделі. Қазір Алматы кітапханалары мегапро аталатын бағдарламамен жұмыс істеуді бастады. Келім-кетім санын автоматты түрде анықтап отыратын құрылғылар да қойылды. Оның анықтағанына қарасақ, осы кестемен жұмыс істегелі бері оқырман санының артқаны анық байқалады. Егер бұдан да үлкен кітапхана болса, оқырмандар оған да толып кетеріне сенімдімін.

 

 

Адалдық – ең қажет рухани стандарт

Соңғы уақытта ел ішінде Құрылтайдың атқаратын міндеті туралы сұрақтар туып қалып жүр. Оған жауап табу қиын емес, Құрылтайда айтылған ұлттық идеология төңірегіндегі ұсыныстар мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасына байыппен қарасақ, Ұлттық құрылтайдың рөлі өз-өзінен айқындалады. Президент жанында осындай жоғары деңгейдегі құрылтайдың жиналуы онда айтылған сөздердің нақты іске асатынымен мәнді. Ұлттық құрылтай – халық арасында танымал, айтар сөзі бар, әр саланың мамандары жиналып, өз ойларын ортаға салып, Президентке тікелей ұсыныс айту алаңы. Менің ойымша, бұл еліміз үшін өте маңызды. 
Үшінші отырыстың орны ретінде Атырау қаласы бекер таңдалған жоқ, ұлттың ұясы Ұлытауда басталып, киелі Түркістанға көшіп, сөйтіп Батыстың Сарайшығына атбасын тіреген құрылтай, орталық, шығыс басқа да өңірлерге барып, сол жердегі маңызды мәселелерді көтереді. Бұл – біртұтас ел екенімізді, Қазақстанның әр аймағындағы мәселе сол аймаққа ғана емес, бәрімізге ортақ екенін көрсететін бір жақсы диалог. 
Осы жиында айтылған Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс идеясы қазіргі Қазақстанның қалыпты, тұрақты дамуына шын мәнінде қажетті рухани стандарт деп ойлаймын. Дамыған елдердің қай-қайсысын алсақ та, үлкен-үлкен реформаларды бірлік пен тәртіп арқасында еңсерді. Сондықтан қазіргі таңда ырду-дырдуды, саяси салғыласуды қойып, зиялы қауымның ортасында татулық орнатсақ, онда Президентіміз ұсынған экономикалық модельдердің барлығы орнайды деп ойлаймын. 

Анас БАҚҚОЖАЕВ, 
Парламент Мәжілісінің депутаты

 

Құқықтық мемлекеттің бұлжымас қағидасы – заң үстемдігі 

Конституция бойынша мемлекетіміздің бір сипаты – құқықтық. Сондықтан қай салада болса да заңның үстемдігі маңызды. Президент Ұлттық құрылтайда заң мен тәртіп, әділдік пен жауапкершілік туралы баса айта отырып, шын мәнінде, бұл мемлекеттің де, қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс екенін айтты. Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнап, татулық пен келісім  нығая түсетінін жеткізді. 
Бір сөзбен айтқанда, құқықтық мемлекеттің бұлжымас қағидасы – заңның үстемдігі. Демек, заңға бәрі бағынуы керек. Заң алдында бәрі бірдей. Кез келген тұлға, мейлі ол қандай қызметте болса да заң талаптарын орындауға міндетті. Егер заң талаптары сақталмаса, құқық бұзушылықтар орын алса, ешқандай оң нәтиже болмайды. Жалпы, заң мен әділдік – өзара байланысты ұғымдар. Заң мен әділдік қатарласа жүретін ұғымдар. Заң бар жерде әділдік орнайды, әділдік салтанат құрады. Қазіргі таңда әлеуметтік желінің өзінде де құқықтық жауапкершілік арта түсті. Блогерлер немесе өзге де желі қолданушылары бір адамдардың ар-намысына тиіп, жөні жоқ даттайтын болса ол үшін де жауапкершілік қарастырылған. Бұл – өте дұрыс. Мен өзім заңгер болғандықтан сол қағиданы ұстанамын. Заңға бағынатын болсақ, гүлденген, көркейген мемлекетке айналамыз. Мысалы, мен қазір Жапония елінде жүрмін. Бұл елдегі тәртіпке, азаматтардың жауапкершілігіне қарап, қайран қаласың. Барлығы заң аясында жұмыс істеп жатыр. Осындай қағидалардың жүзеге асуы Жапония мемлекетін алдыңғы қатарлы, озық мемлекеттердің деңгейіне көтергені сөзсіз. 
Сондықтан заңның үстемдігі дейтін мәселе – ол құқықтық сананы қалыптастыру арқылы орнайды. Заңның барлық қыр-сырын, адамдардың құқықтарын ақпарат құралдары арқылы халыққа кеңінен түсіндіріп отыру керек. Біздің азаматтардың көбісі, әсіресе, қаракөздеріміз өз құқықтарын толық біле бермейді. Заң жүзінде жергілікті жерде шешілетін мәселені Президентке жазып жатады. Мұның барлығы құқықтық нигилизмнен туындайды. Сол себепті де құқықтық негіздерді адамға балабақшадан бастап үйрете берген дұрыс деп ойлаймын. Кейін мектепте, жоғары оқу орындарында жалғастыратын болсақ, заңның үстемдігі мен әділдікке жас ұрпақты бірте-бірте тәрбиелейміз. 
Президент Ұлттық құрылтайда зиялы қауымның ауызбіршілігі туралы да жақсы айтты. Осы мәселе де бәрімізді көптен бері ойландырып келеді. Руға, жүзге бөлінген кезде ауызбіршілік болмайды. Бөлінбеуіміз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды, атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейген. Мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіреді. Сондықтан, қазақтың маңдайына біткен – Бейбарыс, Мұқали сияқты тарихта жарқын із қалдырған, ұлт үшін, мемлекет үшін үлкен істер атқарып кеткен лайықты тұлғаларды ұлықтасақ жарасады.

Өмірәлі ЖАЛАИРИ, 
заң ғылымдарының докторы, профессор 

 

Ерекше кітапханалар әр облыста ашылса...


Ұлттық құрылтай Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып құрылғанымен, ол қазір ауқымы зор ашық диалог алаңына және ұйысу мінберіне айналды.  
 Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына Атыраудың таңдалуы тегін емес. Алтын Орданың саяси-әкімшілік орталығы болған ежелгі Сарайшық қаласының орны осы Атыраудың іргесінде. Яғни, бұл өлке де кешегі орта ғасырлық өркениеттің бесігі, «Ұлы Жібек Жолы» бойындағы сауда-экономикалық тораптардың ірі бекеті болған қастерлі мекен.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының баяндамасында қамтылып, Құрылтайда күн тәртібіне шығарылған мәселелердің осалы жоқ. Бәрі де елдің ертеңі үшін маңызды міндеттер. Бұдан бұрынғы екі құрылтайда көтерілген мәселелерге қатысты тиісті шешімдер де қабылданып, Ұлттық жиынның тиімділігі дәлелденіп келеді.  Атырау құрылтайында талқыға түскен ұлт денсаулығы, ұлт кауіпсіздігі деген мәселелер бүгін ғана айтылып, бүгін ғана күн тәртібіне шығып отырған жоқ. Десек те, осы мәселелерге қатысты соны бастама, тың ұсыныстар айтылып, барлық мәселе тамырынан талданды. Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа сипаттағы қоғамдық этика орнықтыру туралы өткір пікір, өтімді ұсынысы қазіргі қоғам үшін өте орынды деп санаймын. Құрылтай көтерген өзекті мәселелердің шешім табуына жүзеге асыру сапасы жауап береді. Ол – уақыттың еншісінде. Дегенмен, зорлық-зомбылықтан ада, әр адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастыру міндеті айқындалған алқалы да, мәртебелі жиын болды. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесі көптен бері көтеріліп жүр. Осы жолғы Құрылтайда мәселені шешудің негізгі бағдары жасалды деп ойлаймын. Біз бәлкім, кітап оқып жарысып, кітап арқылы тәрбиеленген буынның соңы шығармыз деп те ойлайтынмын. Олай ойлауыма да негіз бар еді. Телефонға телміріп, керегін алақандай экраннан табатын бүгінгі виртуалды буын үшін кітаптың құны көк тиын болып қалған. Осы бағытта үлкен бетбұрыс жасалып, сең қозғалды. Бұған дейін де  өзім қызмет атқаратын AMANAT партиясы жанынан Kitap AMANAT жобасы қолға алынып, біздің партияластар да жаппай қоғамға кітап оқу мәдениетін қалыптастырсақ деген мақсатқа жұмылған. Қазір едәуір нәтиже бар. Ал, кешегі құрылтайда айтылған тәулік бойы жұмыс істейтін ерекше кітапханалар Астана мен Алматыда ғана емес, барлық облыс орталықтарында ашылса деген ұсынысым бар. Жергілікті атқарушы билік осы мәселеге қатысты өздерінің ұсынысы мен мүмкіндігін екшеп, шалғай ауылдарға дейін кітап жеткізу мәселесін шешу керек деп ойлаймын. Мектеп кітапханаларын да тек мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптармен ғана емес, қазақ және шетел әдебиетінің жауһарларымен қамтамасыз ету керек. Қазір әртүрлі жобалар бар. Мысалы, Қарағандыда Ерлан Әшім деген руханият жанашыры, меценат «Қасым кітапханасы» сериясымен небір кітаптар басып шығарып жатыр. Ол бүгінде Арқа жеріне ғана емес, күллі ел аумағына таралуда. Осындай жобаларды насихаттау, мемлекет тарапынан қолдау керек! Жошы ұлысының 800 жылдығы туралы орамды ой айтты Президент. Алтын Орданың нағыз мұрагері – біздің Ұлы дала ұрпақтары. 
Мемлекет бюджетін туризм саласы арқылы ұстап отырған мемлекеттер бар. Өкінішке қарай, олардың көбінде біздегі Жошы хан мазары секілді тарихи ескерткіштер көп емес. Сонда да туризмді тұғыр етіп, әлем назарын өзіне аудартып отыр. Бізде мол мүмкіндік бола тұра, туризмді толыққанды дамыта алмай әлекпіз. Басқа елдер туризмнен қаржы табады. Біз керісінше, туризмге қыруар қаржы бөліп, қайтарымын көре алмай келеміз. Мемлекеттік тіл мәселесі аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Осы жолы да Ұлттық құрылтай мінберінен Президенттің аузымен тағы пысықталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, енді сөзден іске көшетін уақыт жетті. Мен – тілге тірнек таптырмай жүрген өзіміз деп ойлаймын. Тура осы мемлекеттік тілді дамыту үшін қыруар қаржы бөлініп жатыр. Талап ету, қажеттілік тудыру деген мәселе де жанданып келеді. Енді бізге керегі – ниет қана. Ресми тілде сөйлеп, ресми тілде ойлайтын қандастарымыздың ниеті. Сонда ғана тіліміз ұшпаққа шығады. Ұлттық құрылтай отырысына бірінші рет қатыстым. Жалпы, Құрылтайда көтерілген әр сұрақтың жауабы болатынына, әр мәселенің артында мемлекеттік мүдде мен азаматтардың тағдыры тұрғанына көзім анық жетті. Ал, Ұлттық құрылтайдың әр жылы әр қалада өтетіндігіне келетін болсақ, мен мұны мемлекеттің еліміздегі тарихи орындарға мән беріп, терең талдауынан деп есептеймін. Құрылтай өткен өңірдің ел тарихында алатын орны ерекше болғандығы және оның тарихи мәні ашыла түсетіні белгілі. Ал, ұлттың тарихы да, тарихи орындары да – мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі, ұлттың өзі. Ендеше, төртінші Құрылтайдың Бурабайда өтуінде де тарихи маңыз бар. Бұған дейінгі Құрылтайлардың өткен жерлері (Ұлытау, Түркістан, Атырау) де қойнауына тарихтың сан қатпарлы сырын сақтаған қасиетті мекендер. Оған ешкімнің дауы болмаса керек.  

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, 
«AMANAT» партиясы Қарағанды
 облыстық филиалының төрағасы

 

Медицина оқулықтары жақсарып келеді

Мен медициналық терминдерді қазақ тіліне аударумен шұғылданып келе жатқаныма жиырма жылға жуық уақыт болды. Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде терминологиялық комиссияның мүшесімін. Тілдік пәндер кафедрасында оқытушылық қызмет атқарамын. 
Президент Ұлттық құрылтайда мемлекеттік тілді дамыту бойынша, атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өткені белгілі. Оның ішінде қазақ тілінің ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын айтты. Терминолог маман ретінде өз саламның өзекті мәселелеріне назар аударуды жөн көріп отырмын. Жалпы, қазақ тіліндегі ғылым салалары дамуы үшін оның терминологиялық базасы да мықты болуға тиіс. Бүгінде медициналық саладағы қазақша оқулықтар, кітаптар жарыққа шықпай тұрып, алдымен университетіміздің терминологиялық комиссиясының мақұлдауынан өтеді. Бізге келген әрбір оқулықтың терминдерін жіті қараймыз, қазақ тілінің заңдылықтарына қаншалықты сәйкес келеді, сөйлем құрылыстары дұрыс па, бұрыс па деген мәселеге ерекше көңіл бөлеміз. Барлығы дұрыс болса ғана баспаға жіберуге рұқсат береміз. Бұл жұмыстар медицина саласындағы терминдерді біріздендіруге жасалған нақты қадамдардың бірі. Әйтпесе, қазіргі таңда медициналық терминдер әлі де бір ізге түспей келеді. Мысалы, кейбіреулер «головной мозг» дегенді «бас миы» деп аударады. Ми онсыз да адамның басында болатыны белгілі ғой. Сондықтан оны «бас миы» деп аудару түбегейлі қате.  «Спинной мозг»-ты – жұлын, «костный мозг»-ты – жілік майы, «красный костный мозг»-ты – кемік деп аударамыз.  
Осы тәрізді сөздердің дұрыс аударылуын қадағалаймыз. Қазір, бұрынғыдай емес, медицина саласындағы оқулықтардың сапасы жақсарып келеді. Осындай жұмыстар әрбір жоғары оқу орындар­ында атқарылып жатыр деп ойлаймын. Терминологиялық комиссиялар құрылып, қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасын бақылау қолға алынғаны дұрыс. 
Қазір бізде қазақ бөлімінде оқитын студенттердің саны орыс бөлімінде оқитындардан үше есе көп. Олар оқуларын аяқтап шыққан соң қазақтілді мамандар көбейеді ғой. Сан бар жерде сапа да шығады. 
Терминологиядағы басты мәселенің бірі – халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару жайы. Сұрақ көп, түйткілдер де аз емес. «Халықаралық терминдерді аударуға болмайды» деген пікір де бар. Бірақ, халықаралық терминдер деп жүргеніміз орыс тілінің үлгісімен жасалған терминдер екенін көп адам түсінбейді. Ал осыларды қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеген кезде ол термин сөздер қазақ тілінің заңдылығы бойынша қалай дыбысталуы керек, қай дыбыс пен қай дыбыс тіркесе алады немесе тіркесе алмайды, осыларды ескеруіміз керек. Біріккен сөздерді жазу, кірме сөздерді жазу проблемасы бар. Мұның бәрін терминком шеше алмайды. Оның барлығын жөндеу үшін әліпби жөнделуі керек. Әліпби жөнделуі үшін басы артық дыбыстан арылуымыз керек. Басы артық дыбыстан құтылсақ, орысша қалыптасып кеткен терминдерді қалай жазамыз деген сұраққа жауап табылады. 
Біздің термин сөздерді қабылдаудағы санамыз өзгеріп кеткендіктен, кейбір орысша сөздер басы артық дыбыстардан арылған соң ерсілеу көрінуі де мүмкін. 1924 жылы қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде Елдес Омарұлы: «Егер біз терминдерді орыс тіліндегідей етіп алатын болсақ, ол біртүрлі ерсі сөз болады» деген. Міне, бұл мәселе де әлі күн тәртібінде тұр. 
Мұның барлығы кеңестік кезеңдегі тілімізге қатысты өктем саясаттың салқыны. «Қазақтың ғылымы сөйлеп тұрған тіл – орыс тілі» деген де пікір болған. Бірақ, әрбір сөздің шығу тегіне зер салатын болсақ, орыс тіліндегі медициналық терминдердің 90 пайызы кірме сөздер. Халел Досмұхамедұлының айтқан сөзі бар: «Егер асқазанға түскен тамақ қорытылмаса, ол асқазанға батады, зиян береді». Яғни, бүгінгі таңда терминдер қазақ тілінің «асқазанында» қорытылып тұрған жоқ, бітеу күйінде тұр. 1924 жылы «и» мен «у»-ды қалай жазамыз деген мәселе дау болған. Содан бері жүз жыл уақыт өтті.  
Түйіндей айтқанда, термин сөздерді аударудың ортақ қағидалары болмай отыр. Аударған соң ол сөздерді қалай жазамыз деген де мәселе туындайды. Ортақ ұстаным болуы үшін әліпби дұрыс болуы керек. Бұл орайда латын әліпбиіне көшкеніміз дұрыс болар еді. Көп мәселе шешілер еді. 

Төлеубек ЗАЙСАНБАЕВ, 
терминологиялық комиссия мүшесі,
 фиология ғылымдарының кандидаты

 

Аға буынның өнегесі керек

Өскелең ұрпақтың жақсы тәрбие алып, дұрыс ортада жат әдеттерден бойын аулақ салып өсуіне Президенттің ерекше көңіл бөліп отырғанын өте құптаймын әрі қолдаймын. «Парасатты ұрпақ үшін» қоғамдық қоры жастардың тәлім-тәрбиесін дамыту үшін көп жұмыс атқарамыз, өткен айлардың бірінде «Мектеп оқушылары арасындағы буллинг», «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыру» тақырыптарында семинарлар, кездесулер өткіздік. Мектеп директорларының орынбасарлары, психолог мамандар қатысып, жастар үшін көптеген пайдалы ақпараттар берілді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, барлық тәрбие, ақыл-ой, парасат, адамгершілік ұстанымдар, адамның тұлға болып қалыптасуы отбасынан қалыптасады. Сондықтан тәрбие мәселесін тек қана мектепке ысырып қоюға болмайды. Өскелең ұрпақ тәрбиесіне қоғам болып атсалысуымыз керек. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда: «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам» дей келе, қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керектігін, мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет екенін айтты. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе. 
Мөлдіреп өсіп келе жатқан жастарды дұрыс бағытқа қарай жетелеу керек. Осы орайда Президент айтып отырған бес кеселден сақтану өте маңызды дүние деп білемін. Әділетті Қазақстан құрамыз десек, санасы уланбаған, теріс әдеттерді өміріне серік етпеген сапалы ұрпақ қажет. Мен мынадай үрдісті байқаймын. Отбасынан, мектептен жақсы тәрбие алып келген бала колледжге түскенде немесе жоғары оқу орнына барғанда сондай дәрежедегі тәрбие жұмыстары жалғасын таппай қалады. Яғни, колледждерде, жоғары оқу орындарында жастардың тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлінбей қалады. Сондықтан олар бейтаныс ортаға түскен соң жат әдеттерді үйрене бастайды. Осы мәселеге үлкен көңіл бөлу керек. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Президент, сонымен қатар, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екені айтты. «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек» деді. Қазіргі таңда кейбір жастарымыз өнерде орнын таппаған «жұлдыздарды», блогерлерді үлгі етіп жүргенін көремін. Аузы дуалы алдыңғы толқын ағалармен жастарды жиі жүздестіріп, тағылымды әңгімелерін көбірек тыңдату керек. Ақсақалдар алқасының, әжелер мектебінің үлгі-өнегесін неге үйретпеске? Өмірден көрген-түйгені мол, айтары көп үлкендеріміз қаншама. Солар өз тәжірибелерімен бөліссе қандай ғанибет. «Ұрпақ тәрбиесі» деген ұғым мектеппен, отбасымен ғана шектеліп қалмайды. Ол – аға буын мен орта буын, одан кейінгі буындар арасында жалғасып жатқан алтын көпір іспетті. Жастар тәрбиесін тек қана әлеуметтік желілердің, арзанқол дүниелердің еншісіне беріп қоюға болмайды. Кешегі өтпелі кезеңдерде көп нәрсені жоғалтып алдық. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды уысымыздан шығарып алдық. Бәрін қалпына келтіру әлі де кеш емес. Осы жағын ойланайық дегім келеді. 

Марат ҚАЛИМОЛДИН,
«Парасатты ұрпақ үшін» қоғамдық 
қорының президенті

 

 

 


 

2716 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз