• Ел мұраты
  • 01 Сәуір, 2024

ҰЛУ ЖЫЛҒЫ НАУРЫЗ ЖАҢАША НАҚЫШЫМЕН ЕРЕКШЕЛЕНДІ

Адамның тәні – су, топырақ, ауа және от секілді төрт элементтен құралған болса, осы физиологиялық әрі метафизикалық мән-мағынасы бар төрттіктің түгел алмасып, қимыл-қозғалысқа түсетін кезі тап наурыздың 14 күнінен бастау алады екен. Қазақтың «Өшкен – жанып, өлген – тірілді» дейтін күні де осы болар. 
Баяғыда қазақтар наурыз көжені аспанда жаңа ай туғаннан бастап үлестіре бастағаны түрлі деректерде айтылады. Сол күннен наурыз мерекесін тойлап, күн аралатып, әр ру, әр ауыл, әр көше соғымнан қалған сүріні асып, қайқы бас кәрі жілікті асыр салған балаларға мінгізіп, ұлан-асыр бір ай бойы тойлаған. Яғни бұл – наурыз мерекесі күнтізбедегі бір күннің көлеміне сыймайды деген сөз. Иранда бұрыннан бақандай 13 күн, Әзербайжанда 7 күн тойланады. Қазақстанда 3 күн (кей жылдары 5 күн) тойланып келсе, биылдан бастап жаңаша нақышта бақандай он күн тойлап, әз Наурыздың бәсін бір биіктеттік. 
Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурызды тек қана шығыстық мейрам емес, күллі адамзаттық мереке етуге алғашқы қадам бұдан біраз жыл бұрын жасалғаны есте. Бірқатар ислам мемлекеттері ЮНЕСКО-ға ресми хат жолдап, Наурыз мерекесін адамзаттың рухани-мәдени мұралары тізіміне енгізуді сұраған. Атап айтқанда, бұндай жарқын шешім Тегер­анда өткен наурыз тойы аталып өтетін түркі және парсы тектес елдердің отырысында қабылданған еді. Ол жиынға Әзербайжан, Түркия, Түркіменстан, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан мен Тәжікстан өкілдері қатысқан. Осы оқиғаға орай, үш мың жылдық тарихы бар әз-Наурыздың түрлі елдердегі мерекелену ерекшеліктерін бейнелейтін фото және бейне материалдар әзірленіп, аталған құжаттар әлемнің барлық елдеріне жіберіліп, мақұлдануы күтілген. Не керек, ЮНЕСКО оң шешім қабылдап, әз Наурызды адамзаттық мерекелер тізіміне енгізді. 2010 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы 21 наурызды Халықаралық наурыз күні ретінде ресми түрде бекітті. Дәл сол күні планетамызда бұл күнді 300 миллионнан астам халық тойлады. 
Бір айта кетер жай, ЮНЕСКО 1999 жылы 21 наурызды Бүкіләлемдік поэзия күні ретінде атап өтуге шешім шығарған. Бүкіләлемдік поэзия күні тұңғыш рет осы күні Парижде аталып өткен. «Поэ­зия – қазіргі адамдардың ең өткір және терең рухани сұрақтарына берілер жауап бола алады» делінген-ді ЮНЕСКО-ның шешімінде. Бүкіләлемдік поэзия күнінің қасиетті Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде де зор мән бар. Поэзия – жастықтың, көктемнің, махаббаттың символы. Ал әлемнің бүкіл ұлы ақындары Наурыз нұрын шашқан Шығыстың жеті жұлдызын ұстаз тұтқан. Ендеше Нау­рызды Бүкіләлемдік поэзия күнімен сабақтастырып, біте қайнастырып алып кетудің жолы оңынан туып тұр. Міне, осындай мүмкіндіктерді түркі және парсы тектес елдер құр жібермеуі керек. Бұдан былай Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттері табиғаттың түлеп, күн мен түн теңесетін 21 наурызды ресми түрде Жыл басы деп белгілеуге күш сала берулері тиіс. Осылайша болашақта жаһандану заманының аламан көшін қасиетті Наурыз бастап, күллі әлем жаңа жылды 1 қаңтардан емес, 21 наурыздан бастайтын күнге де жетерміз. 
Үлкендер жағы жақсы біледі, 60 жылдан кейін ел бойынша жаппай тұңғыш тойланған 1988 жылғы Наурыз мерекесіндегі халық көзіндегі қуаныш, жүрегіндегі лүпіл қандай еді, шіркін! Сол қуаныш, сол лүпіл жылдан-жылға азая бергендей көрінген. Олай деп отырғанымыз, соңғы жылдары Нау­рыз нағыз отбасылық та, халықтық та мереке емес, жасанды, фольклорлық-этнографиялық еске алу сынды мерекеге айнала бастағаны жасырын емес. Жылда бір сағындырып келетін Әз Наурызды әр шаңырақтан бастап, толыққанды жалпықазақстандық мерекеге айналдырсақ деген арманға биылдан бастап енді нақты жол салынды десек болады. 
14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесін бұрын тек еліміздің батыс өңірлері атап келсе, биылдан бастап бұл мереке барлық аймақта тойлана бас­тады. Қайырымдылық күні де ел бойынша қайырымдылық, мейірім шуағы шашылғанына куә болдық. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні де түрлі игі іс-шараларға куә болдық. Әсіресе 18-наурыздағы Ұлттық киімдер күні Алматыда автобуста болсын, метрода болсын ұлттық нақышта қазақша киінген жұрт қарасы мол болғанына қуандық. Болсын-болмасын Алматының Арбаты сол күні қазақтың ұлттық рухын сырт киімімен-ақ паш етіп тұрды. Бағасы мен қолжетімділігін, насихатын келістірсек, ұлттық киімнің жаңаша жаңғыруы жастар арасында да күрт қарқын алғалы тұр. 
Президентіміз Қ.Тоқаевтың биылғы наурызды Алматы жұртшылығымен бірге қарсы алуы әлеуметке үлкен серпін бергендей, өзіміз тұратын шаһардағы бұл мереке – кей күндері аздап жаңбырлы болғаны болмаса , бар бояуымен жарқырап көрінген аса үлкен халықтық сейіл-серуен, қызық думанымен есте қалды. 
Осы наурызда біраз қазақстандық қауым Самарқанд шаһарына қыдырыстап барғанын әлеуметтік желіде жарыса жазып жатты. Түркістан – Самарқанд бағытында ұшақ та қатынауды бас­тапты. Уақытша болмай, ары қарай да тұрақты жалғасатын болса, бұл қос көрші елдің бір-бірін тану үшін, қос тарихи шаһардың тұрғындары үшін ғажап мүмкіндік. «Ұлыстың ұлы күнінде Самарқанның көк тасы ериді» деген нақыл сөзді бала кезден естіп өстік. Егер Ұлыстың ұлы күнінде адамдар бұрынғы өкпе-ренішін қия алмаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді» деп наз айтатын. Сол айтқандай, бауырлас қос халықтың бір-бірімен жақын араласа бастауы биылғы наурыздың жақсы нышаны ретінде жалғаса бергей! 
Қасиетті Рамазан айымен биыл тұспа-тұс келген Әз Наурызды жыл сайын кіршіксіз тазалықпен, шынайы ақ ниетпен қарсы алудың әрекеті тереңдеп, ізгі амалдарымыз жүзеге аса бергей! 
           

Төреғали ӘЛІПҰЛЫ
 

2638 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз