• Келелі кеңес
  • 02 Тамыз, 2019

Жыр, жырау, жыршы атаулары туралы не білеміз?

Сурет: e-history.kz

Тынышбек Дайрабай,

зерттеуші, этногроф

Әлімсақтан бері қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан жыраулық өнер – рухани рух беретін, қоғамдық ойды қозғайтын күш болып, сан ғасырлардан өтіп, бүгінге жетіп отыр. Жетіп отыру дегеніміз аздық етеді, ол заманалар ағымына орай өзгеріп, құбылып, жаңарып, сан түрлі бояу-нақышпен қымбат қазынамызға айналған. Жырауды айтқанымызда әдебие-тімізде, ауыз-екі тілде де қалыптасқан, жыр сөзін – жыраудан бөліп қарауға болмайды, олар бір-бірін толықтырып отырған рухани күш. Сонымен, жырау, жыршы атауының негізгі түбірі жыр сөзінен басталады. Көне түркі тілінде жыр сөзі – иыр деп аталыпты. Оны кезінде Махмұт Қашқари бабамыз жырау сөзін «иырағу» – өлең шығарушы, музыкант деп түсіндірген. Ал, қазақ қоғамында жыраулар – халықтың рухани көсемі, қоғам қайраткері ретінде танылған. Жыр, жырау, жыраулық поэзияны зерттеуші, әдебиетші ғалымдар: «Жалпы жыр дегеніміз кең мағынасында поэзия шығарушының жалпы атауы», – депті, орынды сипаттаған. 2005 жылы «Аруна» баспасынан жарық көрген «Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалық» кіта-бында «Жыраулық поэзия – 15-18 ғасырдағы қазақтың халық поэзиясы. Біздің дәуірімізге негізінен ауызша жетті» – дей келе, жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері болып саналатын Қотан Тайшы, Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған – жыраулардың мұра-ларын жалғастырушы да болғанын жазды. Жыраулар жаугершілік кезінде ұрысқа қатысып, ту ұстаушы, қолбасшы, батыр бола жүріп, сарбаздардың рухын көтеретін шығармаларын жазған. Жы-раулар сәуегейшілдік, батагөйшілдік, түс көру, оны жору, ырым айту, табиғат құбылыстарына қарай жыр шығарған. Ең бастысы, көне заманның (әлімсақтан) сөз зергері, алмас қылыш ретінде танылған. Жыраулар: сақ, ғұн, Түркі қағанатынан, Қорқыт оғыздардың абызы көшпелі заманда үлкен орны болған жырау – абыз. Ол өз қобызымен өмір жырын жырлаған деседі. Сөйтіп ол 40 жыл бойы ажалдан қашып жүріп, Сырдария өзені үстінде (Қармақшы тұсында, Т.Д) өмірден өтеді. Алғашқы жырауларды жалғастыру-шы Доспамбет, Шалкиіздер. Олардың жырларының рухы биік. Олар қазақ әдеби поэзиясының қалыптасуына белгілі дәрежеде роль атқарған. Доспамбет жорықшы жырау, ол ерлікке шақырады. «...Шалкиіз – жырау, жырау болғанда, өлеңмен де қарасөзбен де сөйлеген» М.Мағауин. Ал, Жиембет пен Марқасқа жыраулар қазақ хандарын әділдікке, бір орталықтан басқаруға шақырады, үгіттейді. Сондай-ақ, Ақтамберді (1675-1768) ол соғыс жыршысы, көрнекті жырау да болған. Тәттіқара, Үмбетей, Қожаберген, Бұқар, Нысанбай, Төремұрат жыраулардың өздері майдан даласында, үлкен дау-жанжалдарды бітістірген, сарбаздарды өткір жырларымен сарбазды, сардарды үлкен жеңіске рухтандырып, күш берген. Әріге бармай-ақ, Бұқар жырау (1668-1781) – Абылай ханның бас жырауы, әрі ақылшысы болған кісі. Он жыл бойы орыс басқыншыларымен күрескен халқымыздың ең соңғы ханы болған Кенесарының сарбазы, жырауы болған Нысанбай (1821-1870) Жаманқұлұлының атақты «Кенесары» атты дастанында: ...Менің атым Нысанбай, Ат жібердім тұсамай! Өзім жырау болыппын. Ата-анама ұқсамай, – дей келе: Бұл қиссаны шығарған Нысанбай деген жыршы еді. Кене ханның тұсында Жұрттан озған сыншы еді. Көзінен көріп, сөз қылған, Соғыста өзі бар еді – деп дастанды шығарып, жырлаған. Сонымен, жырау дегеніміз – өз жанынан жыр шығарып айтатын, эпикалық кең тынысты дастандар мен жырларды орындайтын халық поэзиясының өкілі болып табылады. Жыраулық өнерімен көпке танылған жырауларға есімімен қатар, ру аты қосарлана берілген. Мысалы: Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Дүр Оңғар атаулары. Кейде, оларды ақын-жыраулар деп бір бірлікте атайды. Демек, олар бұрынғы жырларды жырлаумен қатар, өздері жанынан суырып салып айтатын болғандықтан да, олар – ақын жырау аталған. Дүр Оңғар «Өзі туралы» айтқанында, (1859-1902) Жақсы жырау емеспін, Сөзін пұлдап, ақы алған. Жаман да жырау емеспін Таусылып сөзі тақалған; – десе, Кете Жүсіп «Сыр сүлейлері» атты толғау-жырында: ...Аға мен іні, жамағат, «Айтқыш жырау» дегенге, Айтуыма әуес боп, Отырған шығар қиылып, – деп жырласа, Қаңлы Жүсіп (1873-1923). ...Нақышындай алтынның, Жыраулар сөзі еленген. Ешниязұлы Жүсіппен, – деп, 7-8 жыл бойы айтысқа түскен, әрі жырау, әрі ақын қарсыласы Кете Жүсіпті мадақтаған.Мұнан әділдік, азаматтық көз-қарасын көреміз. Біз көрген Рүстембек Жиенбайұлы, Әбілда Жүргенбаевтар бұрынғы жыраулардың сарқыты болатын.

* * *

Жыршы – негізінен жыр айтатын және таратушы, жинаушы да. Жыршылар негізінен аспаптардың сүйемелімен түрлі мақамдармен айтады, кейде өз жанынан шығаратындары да кездеседі. Эпикалық жырларды да айтады. Жыршы да жырау, ақындар сияқты халық қадірлейтін беделді тұлға болып табылады. Жыршының ең атақтылары қатарында «Қырымнан Қырық батыр» жырын жырлаған Мұрын Сеңгірбаев, Нұрпейіс Байғанин, Айса Байтабынов, тағы басқаларды жатқызуға болады. Жырау мен жыршы арасында бір-бірімен байланысатын, сабақтастық та бар. Мынау жырау, анау жыршыға жатады деп қатып қалуға болмас. Өйткені, олар бір-біріне өте жақын өнерпаз иелері. Оның мысалдарын тарқатып көрейін. Жыраулық дәстүр тұқым қуалап, бірнеше аталыққа жететін де болған. Оның нақты мысалы Ешнияз Жөнелдікұлы – ақын-жырау, би болса, оның баласы Жүсіп – Жүсіптен туған Сабыт ақын-жырау атанса, атақты жырау Жиенбайдан – Рүстембек – одан Көшепей, Бидас, олардан тараған ұрпақтары бүгінде сыр еліндегі айтулы жыршы-жыраулары. Қазіргі Қазақстан Республикасында есімдері алыс-жақын шетелдерге танылған жыраулық өнердің көрнекті тұлғалары, сол салада ғылыми жұмыстар жүргізіп жүрген жыраулар Алмас Алматов, Ұлжан Байбосынова, Е.Қосбасаров бәрі де әуелде жыршылық өнерден бастап, жырау атанды. Осылайша жыр, жырау, жыршы жайын сөз етіп, өз білгенімді, оқығанымды, түйген ойымды оқырмандарға ұсындым. Қысқа жыр, толғауларды айтушыларды термеші десе болады. Жақында ҚР Ұлттық кітапханасының «Қазақстан кітаптары» бөлімінде «Жыраулар жайлы» әңгіме өткізіліп, жыраулық өнер насихатталды.

9408 рет

көрсетілді

14

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз