• Ел мұраты
  • 02 Наурыз, 2020

ЕЛУ КІТАП, ҮШ ЖҮЗ ЕЛУ СӨЗ

Байынқол Қалиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Мақаламның тақырыбына қарап, оқырмандарым: «Бұл не деген сөз?», «50 кітап, 350 сөз» дегенді қалай түсінуге болады? – деп, ойланып қалулары мүмкін. Түсіндірейін. Бұл – кейінгі кездері басылып шыққан, жаңасы бар, ескісі бар 50 кітапты оқып шығып (бұлардан басқа «Қазақ әдебиеті» мен «Ана тілі» газеттері тағы бар), солардан 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігіне» енбей қалған және өзім жазып бастырған бір томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (15 томдыққа қосымша) де жоқ 350 тілдік бірлікті таптым, – деген сөз.

Бәрін басынан бастайын. Өркениетті елдерде, нақтырақ айтқанда, ағылшын тілін зерттейтін басты ғылыми орталықта қызмет ететін ғалымдардың ішінде тұрақты штаты, мақсатты қызметі бар арнаулы бір маман болады екен. Оның негізгі міндеті – әр жыл сайын жаңадан шыққан барлық әдебиеттер (көркем әдебиеттер, ғылыми-көпшілік әдебиеттер, т.б.) мен барлық бұқаралық ақпарат құралдарын (газет, журнал, радио, теледидар, т.б.) күн сайын сүзіп шығып, олардағы жаңа сөздер мен жаңа терминдерді, жаңа фразеологиялық тұрақты тіркестерді жазып алып, арнайы журналға тіркеп отыратын көрінеді. Жай ғана жинап, тіркеп қана қоймайды, сонымен бірге, ол сөздер мен тұрақты тіркестердің авторы кім, олар қашан және қай басылымның қай бетінде жарық көрді дегендерді де ұқыптап жазып қояды. Қол жеткізген нәтижелері туралы басшыларына жыл сайын есеп береді. Әр 10 жылда табылған әлгіндей сөздер мен тұрақты тіркестердің сөздігін жасап, мағыналарын түсіндіреді, мысалдарын келтіреді. Егер, көлемді үлкен сөздік жасалатын болса, сол даяр тұрған жаңа сөздер мен тұрақты тіркестерді оған қосып, көпшілікке ұсынады. Ал, бізде қалай? Біздегі ұлт тілін зерттейтін басты ғылыми орталық – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Онда қазақ тілінің байлығын есепке алып отыратын арнаулы адам жоқ. Ешқашан болған да емес. Егер, бұл институт басшылары «сөздік жасау керек» деген шешім қабылдай қалса, оған керекті тілдік материалдарды жинау мәселесі сол кезде ғана еске түсіп, асығыс қолға алынады. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» мен 10 томдық және 15 томдық түсіндірме сөздіктер де осындай тәсілмен жасалды. Соның салдарынан әрбір сөздік жасалып бітіп, басылып шыққаннан кейін, бізде «ана сөздер сөздіктен қалып қойыпты», «мына тұрақты тіркестер оған ілінбей қалыпты» деп, бірімізді-біріміз кінәлап жатамыз. Мен «Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігін» жасауға басынан аяғына дейін түгел қатысып, оның 8 томына жауапты редактор болған, түсіндірме сөздік жасаудың барлық қиыншылықтары мен ауыртпалықтарын бастан өткерген адаммын. Сөздік жасалынып жатқанда да, жасалынып біткеннен кейін де, әйтеуір, бір сөздердің сөздіктен қалып қойғандығын іштей сезінетінмін. Сол кезде «шіркін, қазақ тіліндегі бар сөздерді түгел жинап, ұлт тілінің сөз байлығын түгендер ме еді!» деп, қиялданатын едім. Бұл ойымды 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» жасалынып бітіп, барлық томдары баспадан басылып шыққаннан кейін ғана жүзеге асыруға шындап кірістім. Көп жылғы қажырлы еңбегімнің нәтижесінде 2014 жылы өзім жазған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деген бір томдық сөздігім жарық көрді. Көлемі – 59,1 баспа табақ. Онда 15 томдықта жоқ, оған енбей қалған 10 мың 690 сөз бен 2 мың 645 тұрақты тіркес – барлығы 13 мың 335 тілдік бірлік қамтылды. 15 томды қазақ әдеби тілінің сөздігінің «Ұлттың ұлы қазынасы» деген қорытынды мақаласында: «Сөздікте 92.300 сөз, 57.856 сөз тіркесі – барлығы 150.156 лексикалық бірлік қамтылды» деп жазылыпты (15 том. 819 бет). Егер, 15 томдықтағы көрсетілген осы цифрлар рас болса, бұл санның үстіне мен жасаған бір томдық қосымша сөздікте көрсетілген 10 мың 690 сөз бен 2.645 тұрақты тіркестерді оған қоссақ, қазақ тілінде 102 мың 990 сөз, 60 мың 501 тұрақты тіркес – барлығы 163 мың 490 лексикалық бірлік бар болып шығады. Осымен қазақ тілінің сөз байлығы түгел жиналып болды деуге бола ма?! Әрине, жиналып бітті деуге болмайды. Өзім жазып бастырған бір томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» жарық көргеннен кейін, осынша істі ешкімнің бұйрығынсыз, үкіметтен бір тиын алмай-ақ, өз еркіммен, тегіннен-тегін жалғыз өзім жасап шыққаныма көңілім тоғайып, біраз уақыт марқайып жүрдім. Біреу болмаса да, біреу бітірген ісіме риза болып, маған рақмет айтатын шығар деп күттім. Тек қызметтесім – Бейбіт Ихсан ғана «Қазақ лексикографиясының тарланбозы» деген тақырыпта мақала (редцензия) жазды. Онда ол: «Байынқол Қалиұлы 15 томдыққа енбей қалған сөздер мен тұрақты тіркестерді іздеп тауып, адам айтқысыз зор еңбек етіпті. Ол бір өзі бір институттың жұмысын атқарған» деп, өз ойын білдірді (Өнегелі өмір. А., 2018. 150-154 бб.). Басқа бір де бір тіл маманы, не ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдері ләм-мим деп ауыздарын ашқан жоқ. Ауыз ашпағандардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инситутының басшылары мен оның ғылыми қызметкерлері де бар. Бұл жағдайға көңілім қалып, «жеке- дара шауып, маған не жоқ», «қазақ тілінің байлығы жалғыз маған ғана керек пе?!» деп, ізденістерімді сол жерде кілт тоқтатқан болатынмын. Содан бері 5 жыл өтіпті. Биыл (2019 ж.) ұстаздық қызметімді жарты жүктемеге ауыстырып, бос уақытым аздап болса да молайған соң, жаңадан жазылып, бастырылып шыққан қазақ жазушыларының романдары мен повестерін, әңгімелерін, өлеңдерін оқи бастап едім, олардың ішінен маған таныс емес сөздер мен тұрақты тіркестер сирек болса да ұшыраса бастады. Бұрынғы қалыптасқан әдетім бойынша, «осы сөздер 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» бар ма екен?» деген қызығушылығым қайта оянып, ол сөздерді 15 томдықтан іздей бастадым. Мен күдіктенген сөздердің кейбіреулері шындығында да ол сөздікте жоқ болып шықты. Оларды өзім жазған қосымша томнан да іздедім. Мұнда да жоқ. Әлгі сөздерді ойланбастан карточкеге түсіре бастадым. 4-5 ай өткеннен кейін қарасам, жиналған мұндай сөздерімнің саны әжептеуір молайып қалыпты. Жоғарыдағы «50 кітап, 350 сөз» деп отырғаным – 15 томдыққа енбей қалған сол сөздер мен тұрақты тіркестер. Әзірше қолға түскен, жиналған сөздердің жалпы саны – 350-дей ғана. Оның 35-і тұрақты тіркестер. Нақтылай түссем, 35-тің 23-і күрделі сөздер де, 12-сі фразеологизмдер. Қалғандары мейлі әдеби тілдің сөздері болсын, мейлі ауызекі сөйлеу тілі мен жергілікті тілдің сөздері болсын – бәрі түбір сөздер мен туынды сөздер. Енді, осы аталған топтарға жеке-жеке тоқталайын. 15 томдықта жоқ түбір сөздердің жалпы саны – 64. Бұларды іштей: әдеби, жергілікті, кірме, көне және ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздер деп, тағы да бөлшектеуге болады. Әдеби сөздер: жаңса (45,260), қақандоз (1,171), құбылық (16,378), сағдыр (31,14), тасқаяқ (21,387), шажа (45,378). Жергілікті сөздер: дуайпат (3,345), дүндук (3,16), дәсері (1,56), дегер (11,43), кепелек (13,430), қалаңғыр (32,420), қасаңғыр (32,422), одаманды (32,443), тә (49,69), тәбия (32,130). Көне сөздер: ақылақ (33,230), бітік (5,150), салғырт (радиодан), тариқат (34,145), тұман (3,168), шорай (35,233). Ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздер: дидәку (5,77), жеше (11,351), қасылас (1,205), қатым (11,95), нүкте (12,427), сөкіт (36,209), тақсы (11,244), тоғап (35,239), шілпі (23,171), шіңжау (2,356). Кірме сөздер: әшшәдді (36,222), мүджахид (6,192), рауаят (37,13), рәкәт (32,194), үрмәт (2,345). Бұл топтың ішінде орыс тілінен енген сөздер де бар. Олардың біразы қазақ тілінің дыбыстау заңдылығына бағынып қолданылған. Мыс., бәлшөйбек (23,282), мінәнай (32,176), жәлүз (6,312), мілиса (10,205), пәтипон (20,202), першіл (10,196). Орысша айтылуы мен жазылуын өзгертпей-ақ қолданылып жүргендер де жоқ емес: дециллион (1,195), ЖИП (20,79), макияж (радиодан), офшор (Ана тілі. 14.11.2019). Жаңадан табылған 350 сөздің ішінде біріккен сөздер [30] мен авторлық сөздер де [9] ұшырасады. Мыс., ауанзал (32,89), әсиягүл (26,18), әтіршөп (11,223), биоөріс (28,42), етеккиім (16,74), жазғышбай (49,10), имантаразы (33,45), көжеқатық (16,160), көксірік (17,6), көтекарба (16,276), күреңқасқа (32,209), қақшабас (38,62), қамалбұзар (19,331), қотырқара (12,18), құбырқұдық (13,443), құдасый (16,208), майтышқан (25,8), міртемір (39,13), намазгүл (4,121), өмірөзек (11,10), сөздәйек (15,109), үкірана (35,223), шеттіктікен (1,102). Авторлық сөздер: адамхақ (42,42), жаркемеш (36,31), керөңеш (36,186), құлбарақ (1,188), сырғақ (49,173), тағдыршеш (3,367), тоққобдый (33,57), шынтақсүйер (14,332), істәлім (13,251). Саны жағынан бізге ең көп кездескен сөздер – туынды сөздер [Олардың жалпы саны – 204 сөз]. Туынды сөздерді қандай жұрнақтар арқылы жасалғандықтарына қарай оларды зат есімді, сын есімді, етістікті және үстеулі туынды сөздер деп, 4 топқа жіктеп қарастыруға болады. 1) Зат есімді туынды сөздер [40] -кер, -қыш/ғыш, -ым/ім/м, -ша/ше, -шы/ші, -шық/шік, -шылық/шілік, -дық/дік/тық/тік/лық/лік, т.б. жұрнақтар арқылы жасалады: керіскер (2,290), төстартқыш (15,203), шашқыстырғыш (2,33), электрқыздырғыш (10,95), сыйласым (13,433), үйренім (14,179), сүйрем (11,222), көсеуше (37,262), кәйіпші (33,87), бірлестіруші (19,90), қамыршық (36,181), тоғыршық (35,234), таукеншік (35,115), пійәншік (10,114), жасырмаушылық (40,44), шаманшылық (49,13), өшпеушілік (40,42), сөйлеушілік (40,57), болғандық (23,21), қажытқандық (32,282), орысшылдық (15,53), тоңазығандық (23,65), тұтатындық (32,447), шошынғандық (40,150), бөліскендік (19,324), берілгендік (40,43), жеткендік (6,147), кемелденгендік (22,233), сәбіздік (4,121), тәсірсіздік (3,246), тәшкендік (38,58), ішетіндік (23,111), көжетамырлық (32,472), қоюшылық (23,12), сыйласымдылық (13,404), таңсыққойлық (35,146), мәнжулік (11,244). 2) Сын есімді туынды сөздер [62] -қы/кі, -лық/лік/дық/тық/тық/тік, -дай/дей/тай/тей, -дау/деу/тау/теу/лау/леу, -па/пе, -шыл/шіл, -рақ/рек/ырақ/ірек, -ды/ді/ты/ті/лы/лі, -сыз/сіз, т.б. жұрнақтар арқылы жасалған: зорақы (1,149), шалқайыңқы (32,523), көтергі (16,56), қанағаттандырарлық (32,529), мойындатарлық (19,83), сағынарлық (50,284), саралқалық (15,175), этнодемографикалық (19,80), ермелік (49,10), мәтібилік (49,15), өсірерлік (10,26), отыздық (36,207), саялдық (35,124), жүздік (11,312), адамхақтық (42,42), саптық (49188), дарбыздай (49,64), пойыздай (49,96), шытадай (21,264), патшадайын (49,83), кенелткендей (49,44), күздегідей (50,193), шибөрідей (49,130), сыздауықтай (50,55), түйежапырақтай (32,445), шомбалтастай (16,34), ыдыстай (49,75), әңгелектей (50,168), кепшіктей (39,58), қырқылғандау (36,151), албырттау (50,51), башақтау (17,38), қорғансыздау (48,158), дуайтпаттау (1,156), тойымсыздау (50,330), ессіздеу (50,14), жүгенсіздеу (49,211), суықбастау (13,30), дәлекүстеу (21,224), тікістеу (1,21), аққұбалау (21,264), жабырқаулау (49,203), ұшпалау (49,97), қажыңқылау (32,137), қитұрқылау (28,43), кеппелеу (35,144), күдірлеу (18,434), кінәлілеу (49,143), ұшқындатпа (50,245), көшпе (49,151), жағырапияшыл (6,220), сырқатшыл (1,197), айбарлырақ (10,3), шағынырақ (6,75), айлакерлірек (35,196), естанды (25,35), қырғауылды (50,45), тораңғылды (50,87), ызды (49,117), құлақсіңді (50,63), қызылтікенді (1,181), сіңірүзді (32,41), екіректі (35,113), ақбарлы (35,233), қалытқылы (35,198), қылаулы (50,52), қырпулы (27,21), таңырқаулы (23,159), торылы (35,195), сушайлы (17,64), шалықпалы (48,71), тәсірлі (1,79), үздікпелі (49,152), ілінбелі (33,56), аяқ-қолсыз (50,208), адвокатсыз (23,267), қайыршылықсыз (28,100), қызсыз (10,36), қысылыссыз (23,392), сайлаусыз (42,119), сылақсыз (6,144), талғаусыз (6,246), топысыз (31,131), тыныссыз (10,229), шықсыз (50,14), қантөгіссіз (32,225), қолжетімсіз (43,103), тәсірсіз (3,45), текірексіз (11,34), ішусіз (36,54), ішімдіксіз (49,75). 3) Етістікті туынды сөздер [55] -т, -н, -л, -сы/сі, -да/де/та/те/ла/ле, -дал/дел, -дан/ден/тан/тен/лан/лен, дас/дес, дат/дет/лат/лет, -дыр/дір/тыр/тір, -ыңқыра/іңкіре, -у жұрнақтары арқылы жасалады: қатқылдат (49,111), тоғыздат (43,168), бөшкелет (1,126), түкіріктет (35,233), шалдырт (43,257), шымқыт (35,113), ысқырт (11,271), айрықтал (49,210), намдал (1,174), суытқансы (35,181), буазда (12,22), мәлкілде (32,420), жалғызаяқта (6,26), солбалақта (6,66), бөгенайла (16,6), шөткеле (36,149), жанарсыздан (10,58), сыбыссыздан (36,8), тоңмойындан (32,302), желбастан (49,47), салдыбалақтан (35,114), тірмізіктен (3,45), можантомпайлан (28,164), көкбілеулен (14,50), үнділен (41,50), қыртыңдас (49,213), айдындандыр (36,188), ғылымиландыр (28,58), жаймашуақтандыр (32,522), ажыратыңқыра (35,203), алшақтаңқыра (37,266), қадаңқыра (32,104), қасаттаныңқыра (11,204), наныңқыра (6,25), нығыздалыңқыра (32,566), ежірейіңкіре (35,204), желпілдетіңкіре (32,167), келісіңкіре (10,264), көптіріңкіре (32,167), жерлесу (37,257), қасқалану (10,76), отырықтану (12,139), сөлкектеу (32,141), шану (15,59). 4) Туынды үстеулер негізінен -ша/ше жұрнағы арқылы жасалады [11]: атқарғанша (22,173), ауырғанша (49,102), бабамша (22,4), жолыққанша (22,5), кәпірше (4,53), қоюланғанша (32,457), құлыншақша (4,108), татарша (22,202), бөлкеше (23,69), көргенше (21,245), күндесше (22,188), қайсыбіреулерше (19,316). Айта кететін бір жай: «15 томдықта жоқ сөздер» деп біз келтірген 350 сөз туралы кейбір мамандастарым «бұлардың көбі жасанды сөздер ғой» дейді, менсініңкіремей. Олар – жасанды сөздер емес, туынды сөздер. Туынды сөздер мен жасанды сөздер бір нәрсе емес. 15 томдықта бар, бірақ қарапайым қазақты былай қойғанда, жоғары білімді зиялы қауым өкілдерінің де тілі келе бермейтін, мағыналары түсініксіз аберрация, абрикотин, автаркия, агиспелагус, агранулоцитоз, аденокарцинома, актиномикоз, аминотрансфераза, аминопептидаза, андеррайтер, анклив, аннигиляция, аннуитет, антеридий, антициапатия, армресслинг, атриопор, ахондрид, афорфэ, ачилер дегендер сияқты жатжұрттық сөздерге қарағанда, жоғарыда біз келтірген туынды сөздердің жібі түзу, өңі сынық, түр-тұрпаты қазақша ғой. Мұндай жатжұрттық сөздер 15 томдықта осы жерде біз көрсеткендей 20 шақты ғана емес, тек А әрпі бойынша ғана ондайлардың жалпы саны – 502. «Қазақ әдеби тілінің сөздігіне» жоғарғылардай жатжұрттық сөздерден гөрі, тілімізде кең түрде қолданылып жүрген, көркем әдебиеттерде мысалдары бар төл сөздеріміз ретінде осындайларды сөздіктерімізге қалдырмай алғанымыз жөн емес пе еді?! Біз жинаған 350 тілдік бірліктердің ішінде түбір сөздер, туынды сөздермен бірге қос сөздер де, күрделі сөздер де және фразеологиялық тұрақты тіркестер де кездеседі. Қос сөздер [4]: қаш-қаш (11,115), өшті-қасты (35,118), сейіл-серуен (35,159), ши-шыпта (36,113). Күрделі сөздер [23]: арба қамшы (23,238), бостың суы (28,186), етікбас алабұға (36,109), ешкі самырсын (24,87), жанат торғай (1,43), жол қараушы (22,195), киіктің мойын жуары (28,116), көкектің көз жасы (Қазақ әдебиеті. 12.04.2019), көк телпекті (28,4), қара арпа (1,69), қоян малақай (10,86), қыл шашақты (29,51), мәулет қағазы (41,59), пұшпақ бөрік (21,208), сүйреткі арба (18,460), тау қойы (28,144), теппе шай (4,36), тор көзді үй (11,47), ши орау (19,35). Фразеологиялық тұрақты тіркестер [12]: айпарасын асырды (18,445), дала бәдік (14,204), дәулет құсы басынан ұшты (35,177), желім ауыз (17,123), ит ырғасын шығарды (Ана тілі. 14.11.2019), киімді бала (47,16), қасам ұрғыр (3,355), қыртыма келмейді (35,180), марғау асты (18,304), су каролі (теледидардан), шелпек бет (10,41), ілік салды (12,326). 350 тілдік бірліктің ішінде жоғарғылардан басқа тағы да он сегіз сөз қамтылған. Олар – 15 томдықта бар сөздер. Бірақ, бұлар – 15 томдықтағы сөздерден мағыналары мүлде басқа сөздер. Олар: аттай (35,114), байтақыт (17,75), жойыт (44,228), көкжұлын (32,131), көкіл (30,120), көрпеш (32,223), қақтама (13,125), қозыкөш (32,155), рай (48,60), сәй (14,300), сүйсін (Қазақ әдебиеті.12.04.2019), тасбұршақ (12,378), теңеу (6,150), теппе (49,121), тынжы (13,85), үрпек (49,153), шыбық (31,120), ыспа (48,60). Осы жерде ескерте кететін бір нәрсе бар. Ол – 15 томдықта жоқ деп өзім жинастырған 350 тілдік бірлікті бір мақала көлеміне «қалай сыйғызсам?» деген мәселе. Менің негізгі мақсатым – 15 томдықтан қалып қойған сөздер мен тұрақты тіркестерді іздеп тауып, оларды халық игілігіне жарату болғандықтан, ең дұрысы: әлгі сөздер мен тұрақты тіркестерді жеке-жеке сөйлем ішінде алып, олардың мағыналарын ашқаным және қай стиль саласында қолданылатындығын айқындағаным жөн еді. Бірақ, мен олай істей алмадым. Олай етсем, көлемі тым үлкейіп кетіп, бір мақалаға сыймаған болар еді. Сондықтан, мен амалсыздан тек тілдік бірліктердің қарақан басын ғана алып, оларды қай автордың, қай кітәбінің, қай бетінен табуға болатындығын көрсеттім. Басқа айласы болған жоқ. Мүмкін менен: «Осымен 15 томдықтан қалып қойған тілдік бірліктер түгел жиналып біткен болар?» – деп, сұрап қаларсыздар. Жауап берейін. Бір жағынан «жиналып бітті» деуіме болады. Өйткені, қазақ тілінің сөз байлығын түгендеу мақсатында 1966-86 жылдары 10 томдық, 1996-2011 жылдары 15 томдық түсіндірме сөздіктер жасалды. 2005 жылы «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» басылды. Онда 22.000 сөз қамтылған. Академик І.Кеңесбаевтің 1977 жылы шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» тағы бар. Онда 10 мыңнан аса тұрақты тіркестер алынған. 2014 жылы 15 томдықта жоқ сөздерге қатысты менің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деген бірегей еңбегім жарық көрді. Осы сөздік арқылы қазақ тілінің сөз байлығына 13 мың 335 тілдік бірлік қосылды деп айтуымызға әбден болады. Енді, міне, оған жаңадан 350 тілдік бірлік тағы да қосылып отыр. Екінші жағынан, қазақ тілінің сөздік қоры түгел жиналып бітті деуге әлі де ертерек. Себебі мұндай сөздер тілімізде өте сирек қолданылады. Сөздікшілердің ұқыпсыздығынан үлкен сөздіктерден қалып қойып жүрген ондай сөздерді іздеп тауып, оларды қатарға қосып жүрген тек мен ғана. Бір адамның аты – бір адам (Жаяудың шаңы шықпас). Ондай сөздерді көп болып іздесек, әлі де табыла берері сөзсіз. Бұл жердегі әңгіме тек іздеп табуда ғана емес, табылған тілдік бірліктерді зерттеп, зерделеп, реттеп, оларды бұрыннан тілде бар басқа сөздермен салыстырып, артықтарын алып тастап, кемдерін толықтырып, мағыналарын айқындап, сол арқылы әрбір тілдік бірліктердің мәртебелерін нақтылап, олардың әдеби тілден алатын орнын анықтап, тіліміздің байлығын тиянақтау. Сөйтіп, алдағы кезде қазақ тілінің нормаланған үлкен академиялық сөздігін жасау – ең басты және маңызды міндет болуға тиісті.

917 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз