• Ел мұраты
  • 02 Мамыр, 2020

ӨНЕГЕЛІ АҒА

Мен өз шығармашылығымда өлеңді көп жазғанмен, эссе, мақала, естелік жағына тым сиректеу қалам тербеппін. Өзім білетін, өзім талайдан бері аралас-құралас болып жүрген жандардың бойларындағы жақсылықтары хақында әрдайым ауыз толтырып айтқым-ақ келеді. Осындайда бір нәрсені бастау үшін әлдебір сенің көңіліңді баурап, іштей толқытқандай бір жәйттер де болуы керек қой. Менің қазіргі қазақ прозасындағы өзіндік өрнегі ерекше жазушы, әрі талантты публицист Мереке ағамен алғаш рет осыдан көп жылдар бұрын Арыстанбабта кездескендігім әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Мен оны бұрын тек газет-журналдарда жарияланған көркем әңгімелері, очерктері, журналистика саласындағы өзге де елең еткізгендей дүниелері арқылы ғана білетінмін. Өзімнің бақытты балалық, жалынды жастық шағым елдің Оңтүстік өңірінде өткендіктен, сол өңірдегі байырғы ескі таныстарымның Мереке ағаның тәуелсіздік дәуірінің алғашқы жылдарында елдегі баспагерлік істі ерте қолға алып, бұл бағытта бірқатар алымды қадамдар жасап үлгергендігі, Алматы мен елдің өзге қиырларын былай қойғанда, бір тек сол Оңтүстікте, әсіресе, біздің Арыстанбабтай киелі өңірдегі үлкен бір іс-шараларды қолға алған азаматтарға дер кезінде көмектесіп, баспа өнімдеріне қатысты әлгіндей тілек-өтініштерін көңілден шығарлықтай-ақ етіп, әрі дер кезінде орындап, үлкен жанашырлықпен қол ұшын созғандығы хақындағы әңгімелерін әрдайым қызыға тыңдағандығым өз алдына, оның бертінде өзінің және өз замандас-қаламдастарының көркем шығармаларын өз баспасынан кітап етіп бастыртып шығара алатындығына қызыққандығымды да жасыра алмас едім.

Одан бері арада қаншама жылдар зырлап өтсе де, Мәкеңмен ең алғаш киелі туған өңірдегі таныстығым мен сондағы әсерім әлі күнге дейін көңіліме бір ерекше жылылық ұялатады. Адамға деген алғашқы әсер, сол алғашқы қабылдауларыңнан кейін де ұзақ уақытқа дейін еш шырқы бұзылмай, сақталуы дегеннің өзі де тым сирек кездесетін жағдай емес пе?! Оның үстіне, мен Мереке аға туралы небір жылы сөздерді өзгелерден де көп естідім. Осыдан көп жылдар бұрын, Мәкең әдеттегідей жиі болып тұратын журналистік іс-сапарлардың бірінде Жаңаарқа жағына барады ғой. Мүмкін, оның сол кездегі бұндай шығармашылық сапарлары ондап та саналған шығар?! Бірақ, талантты жазушы, журналист, өзі сол кезде Алматыдағы «Ана тілі» апталық газетін басқаратын азаматтың Жаңаарқадай қалың ел қонған, тарихы терең өңірге келуі сондағы жергілікті зиялылардың да назарынан тыс қалмайды. Мәкеңнің әр барған жерлерінің бәрінде де адамдармен жылы-жылы сөйлесіп, тез тіл табысып, бірден бауырға тарта алатындай қасиеті жаңаарқалықтардың арасында тез танылып, сол кезде Жаңаарқадағы сөзі де, өзі де өтімді, елге сыйлы, әрі қолына қалам ұстаған жандардың көркемдеп жазғандарын назардан тыс жібермейтін бір жергілікті зиялы ағамыз өзінің жақын інілерінің біріне: «Сирек кездесетін мейман, өзі Алматыда да сыйлы қаламгер дейсіңдер, әу, олай болса, сендер оны неге біздің үйге қонаққа әкелмейсіңдер?! Тым құраса, кең жайылған дастарқанымнан дәм татып кетсін», – деп, үйіне қонаққа шақыртыпты. Үй иесі бұрын шаруашылық басқарған, көпшіл, әңгімешіл, әрі өңірге танымал адам көрінеді. Мәкең де кісі тани білетін, оны жәй ауылдың адамы ғой демей, өзін сыйлағанды сыйлай алатын да жігіт қой! Ал, менің жаңаарқалық таныстарым: «Сол жолы Мәкең өзін арнайылап шақырған ағамыздың үйінде қонақ болып, Жаңаарқаның арғы-бергісі хақында әңгіме шертісіп, уақыт өткізіп қана кетпей, үй иесімен арадағы таныстығын әрі қарай да тереңдетіп, бертінге дейін аралас-құралас болып тұрды», – деп, әлі күнге дейін де аңыз қылып айтады.

Мен білетін белгілі жазушы, журналист, баспагер аға, кезінде «Қазақ газеттері» ЖШС-ін басқарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері М.Құлкенов осындай, өзінің артына ісімен, өнегесімен тек жақсылық, аңыз ғана қалдыра білетін адам. Бүгінде өзім де елағасы жасына жеткендіктен, адамның бойындағы жақсы қасиеттерді ажырата да, бағалай да білетіндей дәрежедемін ғой деп ойлаймын. Тек бір адамгершілік тұрғысынан сөз еткен күннің өзінде де, бұл жерде Мәкеңе қатысты тағы көп дүниелерді де айтуға болар еді. Ол өмірде адаммен араласуды, адамды сыйлауды, адамға өзін сыйлата алуды да жақсы біледі. Ең бастысы, әдетте өзі де қаламнан қолы босай алмай жүріп, реті келген жердің бәрінде де, адам мен адамды табыстырғыш, жақсылығы, өнегесі бар адамдардың бір-бірімен жиі қарым-қатынас жасауларына қолынан келгенше кеңірек жол ашып жатады. Бұндай қасиет бұрындары, бәлкім, кешегі өткен ардақты алаш зиялыларының арасында жиірек кездескен де шығар, алайда, қазіргі кезде бұл өте сирек ұшырасатын қасиет емес пе?! Жоқ-ау, Мәкеңнің адамдармен жүз көрісіп, араласудың өзін де мәдени-рухани биікке көтеріп, сол араластық-құраластық, қуанышты шұрқырасулардың өзін ел өмірімен біте қайнастырып, өзгелерге нұрын, шапағын молынан түсіруге бағыттайтындығына таң қалмасқа болмайды.

Жалпы ол өзінің жанында жүргендерді үнемі рухани тұрғыда биікке қоюға тырысады. Онымен сөйлесіп отырғанда, өзгелердің де көңілі көтеріліп, рухы биіктеп қалатындығы –соның әсері. Өзі сол отырғанда, аңдағыш, қай нәрседен де ой түйгіш. Сөзге қонақ беріп, қасындағы адамды көп тыңдайды. Өмірді терең білуге, адамды әр қырынан тануға құштар. Меніңше, Мәкең адамдарды осылайша таниды. Оның зерттеулері, адам жаны, адам рухына терең үңілулері осылайша үздіксіз жүріп жатады. Оның қай-қай прозалық шығармасында да өмір ұшқыны байқалып, сені бірден өзіне қарай тартып әкететіндігі де соның арқасында болып жататын сынды.

Несін жасырайын, әдетте Мәкеңдей адаммен бірге жолға шығып, онымен сапарлас болудың өзі де бір рахат дүние. Әңгімені жақсы айтады. Сені еш жалықтырмайды. Тек бұндайда сен оны тыңдай бергің келеді. Юморға, әзілге қандай шебер десеңші?! Осындайдағы ел-жұрт, ауыл өмірі, қаладағы қарбалас тірліктер, қаламдастар, қатарластар, шығармашылық тәжірибесіндегі қызықты жәйттер хақындағы әңгімесін тыңдап отырып, өзің де әжептәуір марқайып, көтеріліп-ақ қаласың. Ол өзінің отырған жерінің де сәні десем, еш артық айтқандығым болмас. Ақын-жазушылардың шығармашылық кештерінде көп қатарластары Мәкеңнің сөзіне үнемі құлақ асып, өзгелерінен гөрі, оның көбірек сөйлегендігін қалап жатады. Мәкеңнің шығармашылығы, қызметтегі алымдылығы, зиялылығы туралы көп айтылып, жазылып та келе жатыр, ал, мен оны тәлімі, тәрбиесі, адамгершілігі, азаматтығы тұрғысынан жақсы білетіндігімді еш жасыра алмаймын.

Ол өзінің туған жері, алыстағы Атырау мен Жайық өңірлеріндегі танымал адамдармен, Алматыдағы ел білетін үлкен зиялы тұлғалармен жиі араласады. Олар да Мәкеңнің бойындағы көп жақсылықты көріп білгендіктен, оны өздері үнемі тынымсыз іздеп жатады. Оның бойындағы көптеген тәуір қасиеттері алдыңғы толқын ағалардан үйренуден, соларды үлгі-өнеге тұтудан-ау деп ойлаймын. Үлкендері «Біздің Мереке» деп, кішілері оны қашан да «ағалап» тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын, қазақтың бетке шығар ақыны, Мемлекеттік Гимннің авторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жұмекен Нәжімеденовтың 80 жылдығы Алматыда кең көлемде аталып өтілгендігі белгілі. Сол кезде Мереке аға Жұмекендей алыптың жерлес-інісі және жазушы, азамат ретінде де өмірден ерте өткен дара дарынның рухын биіктету тұрғысында көп еңбек етіп, өзі лауазымдық қызметте жүргендігіне қарамастан, әрдайым уақыт тауып, тіптен-ақ көп жүгірді. Жұмекеннің шығармалар жинағын кітап етіп жарыққа шығарды. Қасына өзінің жақсы көретін ақын інісі Есенғали Раушановты ертіп алып, Жұмекен ағаның мерейтойына алыстан бірі пойызбен, бірі ұшақтармен келген талайғы сыйлы меймандарды лайықты қарсылап, кейін атақты ақын ағаның мерейтойы мазмұнды да, мәнді болып өтіп, әдеби өмірде, қалың елдің есінде ұзақ уақытқа дейін сақталып қалатындай деңгейде өткізуге көп күш жұмсады.

Осы арада мен Мәкең мен Есенғали екеуінің арасындағы достыққа көп қатарлас-қаламдастарының үлкен қызығушылықпен қарайтындығын да тілге тиек еткім келер еді. Олардың бірі ақын, бірі прозашы болғандығына, әрі азды-кемді жас алшақтығына қарамастан, екеуі үнемі нағыз бір шынайы достар ретінде сыйласады. Рас, Мереке аға өзі үлкен қаламгер болғандығына қарамастан, Есенғалидың ақындық талантын ерекше бағалайды. Керек десең, ол ағалық жасап, Есенғалиды елге талантты ақын ретінде танытып, оқырмандары арасында беделді болуына дейін көңіл бөліп, үнемі қол ұшын созып келеді. Есенғали Мәкеңнің әдебиеттегі үзеңгілес-досы болса, оның журналистикадағы қанатының астына алып, баулып, тәрбиелеген жігіттердің саны тіптен көп. Қарапайым ғана бір мысал айтайын. Оңтүстік өңірде жергілікті аудандық газеттің редакторы болған менің бала күнімнен бірге өскен досым марқұм Жұмабек Мұқанов деген тамаша жігітті кезінде өзінің жазғандары арқылы тек сол өңірдегілер ғана біліп, қадірлейтін. Жұмабек досымның Мереке аға басқарған «Ана тілі» ұлт апталық газетімен шығармашылық байланысы әрі қарай орталық басылымдарда өріс алып, оны бүтіндей ел оқырмандары да біліп, әрбір жазғандарын қадағалап, іздеп жүріп оқитындай дәрежеге дейін жетті. Соның бәрі Мереке ағасының өзінің шығармашылығына, талантына деген жанашырлығының арқасында болып жатқандығын кезінде Жұмабектің өзі де маған талай рет айтқан. Мәкең кейде оған: «Журналист бәрін де білгісі, бәріне де қалам тербегісі келіп-ақ тұрады. Дегенмен, елдің, халықтың қамы болмаса, былайғы даулы мәселелерге көп араласа бермей, үнемі шығармашылық шеберлікті жетілдіріп, өрісіңді кеңейтуге көбірек көңіл бөлген дұрыс», – деп ақыл айтады екен. Жұмабек Мәкеңнің осы ақылын қатты қадірлеп, әрбір шығармашылық иесінің өзіндік жолы болатындығын, сол жолды даңғылға айналдыру да өз қолыңда екендігін түсінгендігіне куәмін. Ол Мәкеңмен аралас-құраластық қатынаста болып, ақыл-кеңестерін тыңдаудың кезінде көп нәрселерді үйренгендігін жиі ауызға алатын. Меніңше, Жұмабек өзінің ұлы, бертінде біраз тәуір оқуларды тауысып, бүгінде елге қызмет етіп жүрген Шыңғысын да өзінің көзі тірісінде-ақ зиялылық жолына баулып, дұрыс жолға салып кетті.

Асылы, өзің жақсы білетін, өзің қадірлейтін адамның бойындағы жақсылығын айту да адам үшін бір үлкен парыз болса керек. Бір-біріңді бағалау, қадірлеу деген қасиеттер өзімізден бұрынғылардың бойларында да жиі кездесіп отырған ғой. Мәкеңді терең білген, бойындағы жақсылығын көрген сайын, оны кейде өзінен бұрынғылармен салыстырып, бүгінгі өмірде қаншалықты биікте тұрғандығына дейін де көруге болады. Мүмкін, бұның бәрі оның бойындағы тек өзіме ғана бола берсе екен демей, өзгелерге, өзінің маңайындағыларға көбірек жақсылық жасап, бір уақ соларға да болсыншы дегендей кеңдігінен шығар?! Әйтеуір, қалай болғанда да, оның елге ортақ игіліктер, жақсылықтар жасауға тіптен жаны құмар. Білетіндердің көбісі оны осындай тәуір қасиеттері үшін де жақсы көреді. Өзгенің жақсылығын жарқыратып көрсету, көрінбей жатқан қырларын ашып, жетпей жатқан тұстарын жетістіруге дейін жіті көңіл бөліп, үлкен жолға салып жіберу тек осындай азаматтың азаматының ғана, зиялылардың зиялысының ғана қолынан келетін іс емес пе?!

Менің өзім әдеби ортадан қол үзбегенмен, ұзақ жылдар бойына кәсіпкерлікте, қаржы саласында, іскер, алымды, небір танымал қайраткер тұлғалардың арасында жүріп, көп азаматтармен үнемі аралас-құралас болып келемін. Адамдарды осындай кездерде танып, өзің жиі қарым-қатынас жасап, жақсылығын көрген адамдарыңның қадір-қасиетін де осындайда тереңірек түсініңкірейді екенсің. Менің бұлай деп отырғандығым тіптен тегін емес. Ел-жұрты еркелетіп, кезінде «Бутя» деп атап кеткен танымал кәсіпкер, қайраткер, зиялы азамат Болат Әбіловты бүгінде кім білмейді. Біз ұзақ жылдардан бері істес, сырлас болып, достығымыздан ешқашан ажыраған емеспіз. Бірде менің сол Болат бауырым әңгіменің ретіне қарай сөз саптап: «Мен бұрын Мереке ағаны тек талантты жазушы, от жүректі журналист деп қана білсем, ол ағамыз өзі батыр да жігіт екен. Осыдан біраз жыл бұрын, Жаңаөзендегі жағдай қиындап, сондағы толқыған жұрттың арасы әбден ушығып бара жатқан кезде, біз де Алматыда тыныш жата алмай, өз партияластарымызбен бірге, сондағы жергілікті кеншілердің қалың ортасына бардық. Қиын кез еді ғой, жағдай да әбден ушығып-ақ тұрған болатын. Қалай болғанда да, біз сондағы жергілікті жұмысшылармен бетпе-бет кездесіп, солардың талап-тілек, өтініш, ұсыныстарын тыңдауға тырыстық. Бір есімде қалғаны, біз соларға жақындаған сайын, қатарымыз сиреп, бұрынғы қаумалап, қасымыздан шықпайтын жігіттердің өздері де көзге көрінбей қалған. Біз бұған дейін де өмірдегі көп жағдайды, көптеген қиындықты да көріп, әбден-ақ сөтілген жігіттерміз ғой. Тік жүруге тырыстық. Сонда біздің қасымыздан табылған бірден-бір зиялы қауым өкілі Мереке ағамыз ғана болды. Бізді оппозицияның жігіттері, өзгелер не дейді демей, елге ортақ мәселеде үнемі біздің қасымыздан табылып, толқыған жұмысшылармен бізбен бірдей сөйлесіп жүрген Мереке ағаға өзіміз де қатты риза болдық. Батылдығына қайран қалдық!» деп айтқандары әлі күнге дейін де көкейімнен кетпейді.

Мен білетін Болат бауырым, Болат досым бұлай деп текке айтпайды. Көңілі түскендіктен, Мәкеңді сын сәтінде көргендіктен ғана осылай деп айтып отыр ғой. Ал, мен өз басым осының бәрі тереңдіктен, өмірді көргендіктен, зиялылықтан ғой деп ойлаймын. Ол үлкен зиялы тұлға болмаса, Болат досым айтқандай, Жаңаөзендегі сында үлкен жүректілікке бара алмас еді.

Менің Мәкеңнің қаламгерлігімен бірге, зиялылығын үнемі жоғары қоямын дейтіндігім де сондықтан. Қаламдас, қатарлас жүрген жазушы ағаға алда да тек шығармашылық табыстар мен өмірдегі биіктерді ғана тілеймін!

Бауыржан ҚАРАБЕКОВ,

ақын, Халықаралық «Алаш»

сыйлығының иегері

 

630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз