• Ел мұраты
  • 29 Тамыз, 2020

«БАҚЫТ» ПЕН «БАҚЫТСЫЗДЫҚ» ШЕКАРАСЫ

Игілік ӘЙМЕН, жазушы-сыншы

Қатарынан он жыл оқыған алтын-ұя мектебімнің қабырғасынан ұзағаныма да (2010) 40 жыл. Ұстаздарымнан шындап үш-төртеуі ғана «шынайы ұстаздық» тұрғысынан есімде қалыпты.
Алла тағала о баста һәрбір пендесін бір нәрсеге бейім етіп, сол қасиетті бойына басым дарытып қояды. Ұстаздың ең бірінші міндеті, басты парызы – «бастауыш» сыныптарда шәкіртінің бойындағы сол қасиетті дер уағында анықтап, ашып, дамытып, өмір-дарияға оң бағыт сілтеп жіберуі екен.
Міне, айта беретін – «бақытты адам, бақытты ел, бақытты қоғам» осыдан барып бастау алады. Һәркім «өз ісімен» шұғылдануы тиіс. Әйтпегендей де, «бар бақытсыздық та» осыдан туындайды.
Өмірге шыр ете әндетіп, қуана келіп, сосын – өз жолын таппай қаншама жан сенделіп-сарсылып, жылап-сықтап, бақытсыздыққа душар боп жүр? Мертігіп, мешелденіп, өмірден өтіп те кетіп жатыр.
Анық, нақты мысал: Мен өзім осы ғұмырымда қаншама сарсылып-таусылмадым, қаншама басымды тау-тасқа ұрғыламадым, қаншама өліп-тірілмедім?.. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Құдай бар пендесін есіркей бермейді екен; ал, мені – «қаншама қиналдырғанымен де» – амандықта алып қалыпты. Отыз жылдан соң, о бастағы бойыма дарытқан азды-көпті асыл қасиетін («жазушылық») Өзі қолыма қайыра ұстатты. Ол қасиеттің жауапкершілігінің аса ауыр екендігін де айтып өтелік. Десек те, ол – қуансаң да, қиналсаң да, өз жаратылысыңдағы тірлігің. Сондықтан да, һәрқашанда жан-дүниеңнің терең түкпірінде қуанышың басым, – Құдіреті Шексіз Жаратқан Жалғыз Иеге шүкіршілігің де, разышылығың да шексіз! Тоқетері, енді, мен – «өлмейтін сияқтымын, бақытты сияқтымын». Бірақ,менің жеке бақыттылығым – толық бақытқа – көптің бақыттылығына жүрмейді емес пе?..
Ұстаздық жол (педагогика) – Емшілік жолдан (медицина) жоғары екен. Денің сау болып, бірақ, өмірден өз орныңды таппасаң не пайда? Мұны ең басты қағида етіп, жадында ұстау – һәрбір пенденің, һәрбір хұкіметтің, һәрбір хұкімети басшы қызметкерлердің парызы да қарызы!
Ұстаздың бойында «еркіндік» болуы керек; мейлі, «жасырын түрде, ептілікпен» болса да. Сабағының үстінде сол «еркіндікті» пайдаланып, қалайда бес-он минутты қымқырып та үнемдеп тауып, баланың миына «имандылық сабақтарын» құйып отыруы керек. Ол дегеніңіз, басқалай айтсақ – «бұ дүние-о дүние» туралы үнемі хабар беріп отыру. Бәрі-бәрінің де бастауы («біссіміллә» деп) – «сәлем» беру – «дұрыс сәлемдесуді» үйрету. Қазіргі мектептегі балалар тек қана «сәлеметсіз бе» деген бір ғана сөзді біледі. Бұны ажырата білу керек. «Сәлеметсіз бе» деген – қыздарға, әйел затына арналған; ал, ер балаларға, ер кісілерге – «ассалаума әлейкүм» деуге тиіспіз.
Дәл қазіргі уақытымызда, көз жетер төңірегіме қарап, көріп, қолмен ұстағандарымды түгелдеп, тексеріп отырсам – қазақиямыздағы қазақи ұстаздардың оншақты пайызға жуығы ғана «шынайы ұстаздар». Ұстаздықтың қадірін соншалықты төмендетіп жібергенімізге кім кінәлі? Енді, һәрбіріңіз осыған қарай қорытынды жасап, есеп қыла беріңіздер – «кеше-бүгінгі қайғы-қасіреттеріміздің шыққан тегі һәм шешуі қайда жатқанын?..»
«Кім – Не» ойлайды?..
Тәрбие ме, өнеге ме, демеушілік пе?
«Тәрбие?..» Қыран құсты қолға баулимыз (тәрбиелейміз) – саяттық қызықшылығымыз үшін. Ит, мысық, үй торғайларының сан-түрлерін ұстаймыз (тәрбиелейміз) – сан-алуан қажеттіліктеріміз үшін. Өйтіп-бүйтіп, өз ыңғай-ырқымызға көндіктіреміз. Ал, адамды ше?..
Баланы көзін ашқаннан «тәрбиелеу керек» деген ұғым, қағида қалыптасқан. Неге? Не үшін? «Адам болуы үшін»дейміз. «Жақсы адам», әрине.
Расында солай ма? Ойланалықшы. Адам – әлгі үй торғайлары, ит, мысық, қыран құс та емес қой. Олай болса, ендеше – «неге, неліктен»тәрбиелеп әлектенуімізкерек? Л.Н.Толстой: «Воспитание есть – образование насильственное. Это – ерунда! Образование – свободно» депті. Ж Ж.Руссо: «Человек родиться совершенным» депті. Сонда қалай? Біздердікі – жан-жақты жаралып дүниеге келген баланың (адамның) болмысын бұзып, күштеп,басқа бір бағыттарға бұру ма?..
Тағы да ойлансақ, біздердің бала тәрбиеміз – шын мәнісіндегі жақсы адам үшін емес, «өз айтқандарымызды орындату, жоспардағы ойларымызды жүзеге асыру, белгілі бір мақсаттарымыз үшін» ғана болып шығып жатыр екен. Бала үйде, сол: «айтқаныңнан аспаса, ештеңеге тиіспесе, томпиып жүре берсе» – жақсы; бала-бақшада, сол: «тыныш болса, қағаздан дәл өзіміз көрсеткендей ғана көгершін жасаса» (басқаша, өздігінше емес) – жақсы; мектепте, сол: «тырп етпейтін, таяқ жұтқандай болса, математикадан тоқсанда бес шықса» (ұнатсын-ұнатпасын) – жақсы; университетте, сол: «қыңқ етіп өзге қылық көрсетпесе, қызыл дипломға бітірсе» (қажетсінеді-қажетсінбейді) – жақсы. Тәрбиеміздің әдіс-құралдары: мақтау-марапаттау, бес балдық баға, алдау-арбау, керек болса ұрысып-балағаттау (бұрындары ұрып-соғу)… Оу, баланың – айтқаны-қалағаны, ой-еркі, талап тілегі, мақсат-мүддесі, ар-намысы қайда қалды?! Кешіріңіздер, мына түрімен – бала: «айтаққа еретін күшік… бұйдалы бота болып кеткен жоқ па?» Әлде, бәлкім біздерге керегінің өзі – осы ма еді? Ия, солай болып тұр, жалғасып жатыр ғой...
Көрдік: «Ғалия деген қыз мектепті алтын медальға бітірді (бітірттік). Бітіре сала – нашарлау оқитын Серік деген сыныптасына күйеуге шығып кетті (Нашар оқыған Серіктің бағы – біздердің тәрбиемізден тыстау қалған еді). Қазір, Серік – дүрдей жүргізуші, өз ісінің шебері; Ғалия – саудагер, білдей коммерсант (Алтын медаль далада қалды). Екеуі жап-жақсы өмір сүруде».
Біздер қасарысып, алған беттерімізден қайтпай, өз мүддеміз үшін – он бір жыл бойы Ғалияның басын қатырып, активист етіп, сенделтіп, бекерден-бекер зорлықты сүйрелеп келген екенбіз...
Көрдік: «Ноян деген бала спорт мектебінде каратэге қатысты. Бапкері – каратэден «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» – Аюпов мырза. Ноян – он екі жасынан салмақ қуды, қолдан жасалынған көптеген тежеулерді көрді. 15 жасында басынан ішкі жарақат алды. Бапкер бәрін көріп біле тұра, өз мақсат-мүддесі жолында Ноянды жарыстарға қатыстыра берді, қатыстыра берді… Қазір, Ноян – каратэге жарамайды, басқа тірліктер жасауға да басы жиі-жиі ауырып, мазасы болмай жүр…
Біздер, Ғалияның алдында – «моральдік айыпкер» емеспіз бе? Аюповымыз – Ноянның алдында, қоғамның алдында – «қылмыскерге» жатпай ма? Ал... «хұкімет?..»
Л.Н.Толстой данышпан шалға қайта оралсақ: «родившись, человек представляет собой первообраз гармонии правды, красоты и добра. Но каждый час в жизни, каждая минута времени увеличивают пространства, количества и время тех отношений, которые во время его рождения находились в совершенной гармонии» деп Руссоны әрмен қарай жалғастырып дамытады.
Мұны, мен: «адамның тәрбиесі де тәртібі де, санасы да, сапалығы да, жетілуі де, гармониясы да, басқасы да – ананың жатырында, анықтап айтсақ аталық ұрықтың аналық ұяға түскен сәтінен, тіптен, турасына келсек одан әлдеқайда бұрын Алланың әмірімен басталып қояды»деп ұлғайта түсер едім.
«Кімге – қалай?» Бір құдіреттің бар екені рас болса, сол құдіреттің өзі жетілдіріп жаратқан пендесін – «қайта тудырам, қайталап жасаймын, айтқаныма көндірем, қысқасы, «робот» қылам» деушіліктер ақылға мүлдем де қона қоймаса керек.
Алланың көп аттарының бірі – Шындық. Шындық сол – бала еркін өсуі тиіс. «Керек-керек еместі» көзімен көріп, қолымен ұстап, әрнәрсенің дәмін өзі ажырата білгені жөн. Біздің басты шаруа – баланың еркін өсіп-дамуына жөнімен ғана жағдай жасап, жәйімен ғана себеп-салдар тудырып, ой-өрісінің өрбуіне оңды түйткі ғана салып, шымылдықтың сыртынан ептеп қана сығалап-бақылап тұру болса керек-ті. Былайша айтқанда, турасы да анығы – «Өнеге, Демеушілік». Халықта: «демеп жібер» деген құдіретті сөз де бар емес пе еді ежелден.
Сөз түйіні – жаңа ұғым (термин) қалыптастыратындай да ма. Ол ұғым – «НӘЗІК (табиғи) ПЕДАГОГИКА» болса керекті-ау.
(Л.Н.Толстой бейбақты да тағы-тағы еске түсіріп қойыңыздар: «Жырақтанып Ясная полянаға қоныс аударғанында – «халықтық экспериментальды мектеп» ашқан еді ғой...).

Аспан – Күн – Жер – Ай...
Аспан кеңістігі шексіз. Шексіздіктің иесі – Бір Құдай.
...Күн. Оның «қандай» екендігін біле де бермейміз; әйтеуір, білетініміз – «үлкен». Ол «нені» айналып жүреді, өз осінен өзі айналады ма? – мұны да біле бермейміз-ау. Білетініміз: Жер – өз осінен өзі айналып жүріп, Күнді бір жылда бір айналып шығады. Ай – жердің серігі – Жерді бір айда бір айналады.
Жер. Оның екі полюсі неге сығыңқы – шұңқырлау? Күннің көзі түспейді – «мұздақ»; қысылып, сығылып, жердің қайнап тұрған ядросына тартылады. Күннің көзі түсетін жақтары ысып, ісінеді. Күндізгілік – ысынады, түнгілік – суынады. Ысынып-суынудан – біртіндеп үгітіліп, бұзыла бастайды. Ай да сондай... Құдіретті Күннің өзі де солай болуы мүмкін. Оның арғы жақтарында да шексіз ғалам – тартылыстар бар ғой...
Басқаны қойғанда, Жер – үнемі ысынып-суынудан үгітіліп-мүжіліп, ақырында шаң-тозаңға айналып, жоқ боп кетеді. «Ақырзаман».
Ақырзаманның болуы, біріншіден – шексіз ғаламның заңдылықтарына (Құдіреті Күштінің пәрменіне) байланысты болса, екіншіден – адамзаттың оңды-солды пиғыл-қарекеттеріне қарасты.
Адамзат айыпты болып, Жұмақтан Жерге түсірілгелі – бірін-бірі қырып-жоюмен шұғылданып келеді, – бұрындары қолмен, қылышпен, найзамен болса, кейіндері мылтықпен, пушкімен, одан барып-барып ракеталармен, «атомдық» қарулармен, енді бүгін – «үні білінбейтін» – «коронавирустармен». Алда, тағы қандай – нендей пәлелер шығады да күтеді?..
Жердің асты-үсті, теңіздердің асты-үсті, космос кеңістігі – қырып-жоятын құралдарға толды...
Құдіреті Күшті Жаратқан Бір Иеміз – «сақтансаң сақтаймын» деді. Бұл ұлық сөздің мәні неде еді? «Сайтаннан сақтан – періштелерге жақын бол» дегендікте еді. Біздер осыны ұстанып келеміз бе?..
Біздер – «ақырзаманды» тезірек жақындата берерге құштар боп келеміз.
«Вирус»
Бұл, бүгінгі «коронавирус» – вирустардың әлдеқайда жетілдірілген («адам» нәмді жалмауыздардың ойлап-тауып, жетілдірген) түр-тұрпаты екен. Бұрынғы вирустар белгілі бір аймақта ғана болушы еді. Ал мынау – Қытайда шығып, бірденнен бүкіл әлемге жайылды. Бүгіннің өзінде, әлем бойынша екі миллионға жуық адам зардап шегіп, әрі қайғылы да қасіретті қазаға ұшырауда.
Ия, бұған, – «Құдайды жан-жүрегімізбен шынайы ұстана білмейтін», – бастарымыз бірікпейтін, қай нәрсеге де немқұрайды қарайтын, бейтараптанып алған өздеріміз де кінәлі шығармыз...
Ал енді, шындығына келер болсақ – «источниктердің» өздері сөйлесінші:
«Бұл «коронавирус» – 1981-ші жылы Қытайдың Ухань қаласындағы «бактериологиялық базада»жасалынған (Мұндай «базалар» «Құдайсыз қызыл советте» де болған, солардың бірі – біздің Қазақстандағы Степногорск қаласы. Осы жерден «бактерия-вирустар» Арал теңізіндегі Барсакелмес аралына апарылынып, сынақ-тәжірибеден өтіп тұрған. И.Ә.). Қытайдың бұған қатысты бір адамы оны дискетке түсіріп, «монстрлардың» үкімімен, АҚШ-қа алып келген («Құдайсыз қызыл совет» және бірқатар «елдер» мұны уақытында білмесе де, кейіннен «утечка» арқылы білген. - И.Ә.). Сынақ мерзімі 2020-шы жылға («бүгінге». - И.Ә.) белгіленген. «Коронавирус» қалайша тосын (внезапно И.Ә.) таралса – солайша жоқ боп кетеді. Жануарларға – жануарлар арқылы адамдарға таралмайды. Адамның организміне лайықталып, тек – «адамға» ғана бағытталған».
Бұл, шындықты баяндап та аян етіп отырған – «Дин Кунц» (Ли Николс). «Глаза тьмы». Триллер. 10.05.1981.АҚШ. Ия, «утечка» кеткен. Қазақтан сөз қалған ба: «Бір ауыздан шыққан сөз – мың ауызға тарайды» деген. Американдық «білгірдің» айтып-жазып отырғаны сол «утечка» арқылы болса керек. Әйтпесе, «әулие-әмбие я құдайдың елшісі» емес қой. Өзіміз сияқты адам. «Зерек те ділмәр адам». Біздің бұ сөзімізге сеніңкіремейтіндер – қаншама жылдар бұрын шыққан «сол кітапты» (кез-кезінде талай-талай адамдар оқып-білген, бірақ, «фантастика» деп қана қабылдаған) тауып алсын немесе ең оңайы – қолдарындағы смартфон телефонының «интернетін» ашсын: «БӘРІ ДЕ САЙРАП ТҰР!».
«Утечка» қалай кеткен? Өзіміздің жобалауымызша: «Сол «процестің» ішінде болған әлгі зәлім ғалым (мүмкін басқасы) «сенімді» деген біреуге айтқан («Күнәһарлық ісіне Құдайдан кешірім сұрағаны да шығар» – бәлкім басқа да бір себептермен). Сол айтылған «сөз» біраз «ауызға» жетіп, одан ары таралып кете берген («Фантастика» делініп).
2018-ші жылы шыққан (мынау «зұлматтан» екі жыл бұрын) Оңтүстік Кореяның «Териус у меня за спиной» деген сериал-киносындағы вирусолог ғалымның сөздеріне қараңыздар («интернеттен»): «Коронавирус» – тоқсан пайыз «өлім» нәтижесін беретін «грипп-тектес» теңдессіз мутированный вирус. Тесттен ойдағыдай өткен. Мұны жасап шығарғандар сол вирусқа қарсы вакцинаны «патенттеп», бүкіл әлемге сату мақсатымен ойлап тапқан».
Енді түсіндіңіздер ме, «НЕНІҢ – НЕ» екендігін, түп негізін?!.
Түсінсеңіздер – «не» істеуіміз керек? Бүкіл әлемнің «қарапайым халқы «не» істеулері тиіс!?» («БҰҰ» – қауқарсыз. Себебі, «солармен бірге немесе бірге болмаса да білмеген» бола қалуы да мүмкін ғой). Біріншіден, әрдайым қайталап-қақсап айтып жүргеніміз – «неге бұлай болдыны» жақсылап тұрып зерттеп-зерделеп, ұғынып алуымыз қажет. Сосын барып, барша әлем халқы болып, бүгіннен бастап: «Монстрларға» қарсы – «нақты әрекетке» көшу...
Ойлан, әлем халқы! Алда тағы нелер күтіп тұр?

515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз