• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2020

ЖАҒДАЙЫҢ ҚАЛАЙ, ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫ?

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
журналист

Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Философия жайынан» деп аталатын мақаласында «Философияның құралы – толғаулы терең ой. Іздейтіні мүтіл дүниенің ең әуелгі сыры, негізгі хақиқаты, – дей келе: «Бұл терең ойдың адам баласына жолдасшылық істей бастағанына үш мың жылдай болды. Адамның әуелгі аясы аз ақылының туғызған қараңғы танымын, меңіреу надандығын философия кетірген. Философия заманның жәй қозғалысының артынан еріп, бақылап отырып бір жол ескіруге айналса, я теріс болса, оң, жаңа жол нұсқамай қойған жоқ» депті.

Философия пайда болғалы адамзат баласына қатысты небір мәселелерді қозғады, олардың шешімін нұсқады. Өркениеттер мен мәдениеттердің қалыптасуында да философия ілімінің рөлі айтарлықтай зор болды. Философия әр заманның рухани болмысына зер салып, адамды толғандырған мәселелерден бастап адамзаттық сауалдарға дейін талқылап, тұжырымдар жасап келеді. Әлемді философия ғылымынсыз елестетудің өзі қиын. Ғылымдардың атасы аталып кеткені де сондықтан. Әрбір уақыт пен кезеңнің мән-маңызын саралайтын болсақ, түрлі оқиғалардың себеп-салдарына үңілетін болсақ, өзіміз ғұмыр кешіп отырған заманның алдымызға тосқан күрделі мәселелерін шешу де философия ғылымынсыз қиынның қиыны. Демек, біз тәуелсіз қазақ мемлекеті болғаннан кейін, өзіміздің еліміздегі болып жатқан түрлі рухани, мәдени, әлеуметтік, т.б. процестерге төл философиямыздың тұрғысынан көбірек зер салуымыз керек. Өйткені, әр елдің, әрбір ұлттың өмірге деген көзқарастар жүйесі, өзіндік болмысы, терең тарихы, жүріп өткен жолы, бай тәжірибесі – ұлттық философиясының негіздерін құрайды, соған негіз салады. Егер де біз фәлсафа ілімін ғылымдардың атасы деп қабылдайтын болсақ, оның еліміздегі ғылыми салалар мен ғылым түрлерінің де проблемалары фәлсафа ғылымының көмегімен де шешімін табуы тиіс қой. Неге екенін қайдам, біздің еліміздегі ғылым түрлерінің дамып, өркендеуіне философия ғылымының ықпал-әсері аздау сияқты сезіледі. Ғылымдар дербес дамып, өз мәселелерін өздері шешіп, тіпті фәлсафалық негіздерге көп назар аудара бермейтіндей де әсер қалдырады. Айтар мәселемізді – қазақ философиясына орайластырып отырған соң, қазақ философиясының ғылыми әлеуеті, маңыздылығы мен мазмұны қай деңгейде деген сауалдар туындайды. Жалпы, еліміздегі ғылым мен білімнің өсіп-өркендеуіне де философия ғылымы іргетас болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, әлемнің саяси құрылымы күрделеніп бара жатыр. Жекелеген ұлттар мен мемлекеттер алдынан сан түрлі сауалдар туындауда. Олардың жауаптарын ұлттық негізде, ұлттық өре тұрғысынан іздеу ұлттық болмысты сақтап қалудың бірден-бір жолы болмақ. Сондықтан ХХІ ғасырдағы қазақ ойшылдығы, қазақ философиясы мемлекетіміздің, тәуелсіздігіміздің ірге-тасын бекітуде, нығайтуда сүбелі үлес қоса білуі керек.

Этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің жазуынша: «Ұлттық рухымызды сақтап қалу бүгінгі технократтық аралас-құралас (коммуникация) заманында ең елеулі проблемалардың бірі болып отыр. Соңғы үш ғасыр бойы үздіксіз індеттей жайлаған құлдырау үдерісі (процесі) айқын аңғарылады. Ол – этностың қорғаныс тетігінің тоқтаусыз әлісеруі. Қазір этникалық түйсік (мембрана) жансызданудың аз-ақ алдында. Бұл үдерісті сырттан құйылған информация тасқыны одан әрі тұқырта түсуде. Сыртқы информация нөпірі саяси қысыммен үндес, ниеттес. Нәтижесінде халық біртұтас этникалық арман-аңсарынан (идеалынан) жаңылған. Бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі жек көретін, ой-арманы қилы, талғам-түсінігі кереғар, салт-дәстүрі бөлек-бөлек жіктерді бір ғана қазақ деп аталатын ұлттың құрамынан ұшыратуға болады» дейді. Демек, ұлт ретінде жаңғыруымыз, өзімізді өзіміз тәрбиелеуіміз, ескі әдеттерден арылып, заманның жаңа сапалық қасиеттерін бойымызға көбірек сіңіруіміз – бізді бәсекеге қабілетті ете түседі. Заман бір орында тұрған жоқ. Ол үнемі алға жылжып, тоқтаусыз ілгерілеп барады. Заманының талап-тілектеріне лайықты үн қата алмаған ұлт тынымсыз адымдаған әлемдік көштен қалып қояды. Осы себептен де біздің ұлттық философиямыз қазіргі әлемдік сын-қатерлерді ескере отырып, ұлтымыздың бойына керекті қасиеттерді айқындап, жаңа заманға байланысты ой-тұжырымдарын молынан ортаға салуы керек. Ұлтымызды кемелдендірудің жаңа концепциялары мен теориялары, жаңашылдық көзқарастары қажет. Мұны рухани-мәдени тұрғыдан негіздейтін – ХХІ ғасырдағы қазақ философиясы болуы керектігі сөзсіз.

Академик Оразалы Сәбден «Абай және қазақ елінің болашағы» деген еңбегінде қазіргі заман сын-қатерлерін былайша тұжырымдайды: «Соңғы уақытта әлемнің өзгергені соншалықты – кейде алдағы уақытта бізді не күтіп тұрғанын көру қиын. Ең өзектісі – дағдарыстан қалай шығу, ғаламдық теріс өзгерістерден адамзатты қалай құтқару мәселесі тұр. Олар: әлемдік климаттың жылынуы, су және азық-түліктің жетіспеуі, миграция, әлеуметтік-экономикалық және саяси шиеленістер, т.б. әртүрлі келеңсіз өзгерістер, апаттар мен теріс үдерістер». Осы орайда белгілі саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлының мына бір пікіріне ден қойсақ: «Қазір Қазақстандағы халықтар арасында ынтымақ және қазақстандық айрықша бір менталитет қалыптасып үлгерді. Біртұтас қоғамдастықты сақтап, бекіте түсу, жаңа мемлекеттілік құру жолындағы күрес пен қиындықтар халықты бір-біріне жақындастыра түсті. Қазақтың алдынан шығуы мүмкін ұлттық дағдарысты жеңу үшін мемлекетшілдік идеологиясына негізделген жаңа иденттілікті қалыптастыру қажет. Бұл – жаңа сападағы қазақтың бейнесі мен іс-әрекеті үлгісін анықтайтын қалыпты өлшем. Ол үшін, біріншіден, мемлекет құрушы халық – қазақтардың социомәдени ынтымағы керек. Екіншіден, қазақтар жаңа жағдайдағы өзінің миссиясын, нақтылап айтсақ, Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуі жолындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Олар мемлекетшіл болуы керек, жауапкершілікті басқарушы билікке, «элитаға» аудармауы тиіс. Бұл топ қаншалық «мемлекетшіл» екенін істе көрсетіп болды» («Қазақ болайық» жинақ /Б.Әбдіғалиұлы. – Астана: ИП «Ві-Принт», 2014 ж. – 360 бет.). Бұл айтылған пікірлерден байқап, көріп отырғанымыздай, қоғамдық, елдік, ұлттық мәселелерге қатысты айтылып жүрген келелі ойлар аз емес. Мұның барлығы біздің «Қалай мықты ел боламыз? Қалайша тұғыры берік мемлекет боламыз? Азаматтарымызды қалайша бәсекеге қабілетті етеміз?» деген мақсатты арқау еткен ізденістер жолы. Ресейдің ағартушы демократтары, философтары да мұндай күрделі сауалдарға сан түрлі жауап іздеп, көзқарастарын ортаға сала отырып, халқына арналы жол нұсқай білген, туындаған проблемаларды да ашық айтқан. Николай Бердяев былай деп жазады: «Когда в ХХІ веке в России народилась философская мысль, то она стала по преимуществу религиозной, моральной и социальной. Это значит, что центральной темой была тема о человеке, о судьбе человека в обществе и в истории. Россией не был пережит гуманизм в западноевропейском смысле слова, у нас не было Ренессанса. Но может быть, с особенной остротой у нас был пережит кризис гуманизма и обнаружена его внутренняя диалектика. Человечность лежала в основе всех наших социальных течений ХІХ века» (Н.Бердяев. «Малое собрание сочинений. – Азбука-Аттикус, 2018. – 672 с.) десе, ресейлік жазушы Борис Васильев өз ұлтының алдында тұрған мәселелерді шешуге орай мынадай көзқарасын ортаға салады: «Я убежден, что все наши беды – экономические, национальные, социальные, экологические – будут преследовать нас до тех пор, пока мы не поймем, что начинать надо не с плюрализма и гласности, не с борьбы реформаторов с консерваторами, не с денежных манипуляций и даже не с вожделенного рынка: все наши новации неминуемо утонут в трясине утраченного народом смысла, что и происходит в жизни. Начинать надо с восстановления фундамента всей культуры: с правопорядка, понимаемого не как борьба с преступностью, а с четкого определения, что есть Добро и что есть Зло для всего народа, то есть с решительного отмежевания от прошлого. Судьба народа дороже любой идеи, а воплощение его судьды – в обретении смысла на новом этапе. Другого пути нет».

Әрине, бұл тақылеттес ойлар қазақтың бүгінгі замандағы ойшылдары тарапынан да айтылып келеді. Мәселен, «Ана тілі» газетінің биылғы №38-ші санынан философия ғылымының кандидаты Сейітқасым Әуелбековтің «Қоғамға фольклорлық көзбен қарайтын кез өтті» деп аталатын сұхбаты соның дәлелі. Аталған сұхбатты бірнеше рет оқып шықтым. Әңгіменің түп-төркіні – бүгінгі руханиятымыздың өзекті мәселелеріне арналған. Сейітқасым Әуелбеков: «Адамзат баласы рухани кеңістіктің талай жүйесін жасап шығарды. Сол мұрамен таныс болсақ, мынадай тұйыққа тірелмес едік. Ғалымдар мен ойшыл жұрт қоғам алдындағы өз міндетін атқармады» депті. Осы ретте ойымызды ғылым және білім мәселелерімен сабақтастыра отырайық.

Осы ретте философия ғылымының құрамдас бөлігі саналатын – ғылым мен білім мәселесіне де тоқтала кетейік. Жасыратыны жоқ, кешегі аумалы-төкпелі кезеңдерде елімізде ғылымға деген қамқорлық кемшін соқты. Қоғамға ғылым керек болмай қалды. Ғылым керек болмаған соң, ғалымдардың да еңсесі түсті. Бірақ, соған қарамастан, ғылыми тақырыптар зерттеліп, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып жатты. Ғылыми процесс тоқтаған жоқ. Алайда ғылыми зерттеу нәтижелерінің, ғылыми жаңалықтардың әрі қарай қолданыс табуында туындаған мәселелер аз болмады. Десек те, біздің отандық ғылым қазір ізденіс үстінде екенін де айта кетуіміз керек. Алдағы уақытта тамаша еңбектер жазылып, ғылыми жұмыстар дүниеге келеріне сенім мол.

Гуманитарлық ғылымдарға келетін болсақ, оның да асығы алшысынан түсті деп айту қиын. Өйткені, гуманитарлық ғылымдар өткен кезеңедерде теориялық, методологиялық тұрғыдан бағыт-бағдарын айқындаумен болды. Қоғамдық формациялар алмасып жатқан тұста гуманитарлық ғылымдардың алдында: «Нені зерттейміз? (және) «Қалай зерттейміз?» деген сауал туындады. Кеңестік заманда қалыптасқан теориялық база мына заманға жарамай қалды. Жаңа көкжиек, жаңа арна, жаңа мазмұн қажет болды. Яғни, табиғаты баяулау дамитын гуманитарлық ғылымдарда идеологиялық бос кеңістік (вакуум) пайда болды. Белгілі бір идеологиялық базиске сүйеніп үйреніп қалған гуманитарлық ғылымның өкілдері өз бағыттарын өздері айқындауға кірісті.

Білім саласында министрлердің жиі өзгере беруінен аталған салада «тұрақ­сыздық», «тоқтаусыз реформалар» белең алды. Бір-бірін алмастырған реформалар білім саласын «сынақ алаңына» айнал­дырып жіберді. Шет мемлекеттерде мұндай реформаларды тұтас институттар әзірлейді. Оның өзінде революциялық емес, эволюциялық жолмен жүзеге асырады. Ал бізде, өкінішке орай, реформаларды– «өзгеріс үшін жасау» қағидасы орнады.

Қазіргі жаһандану заманы бізге көп нәрсені үйретіп, біраз дүниеге көзімізді ашты ғой. Ғалымдардың мәртебесі, қоғамдағы орны қандай болатынын да басқа елдердің мысалынан көріп отырмыз. Біз болсақ, ғылымды біресе университет аясында дамытқымыз келеді, біресе ғылыми кластер жасағымыз келеді, біресе жекеменшіктің қолына тапсырғымыз келеді. Әйтеуір, бір тоқтамға келе алмай отырмыз. Әзірге ғылым мен білімді дамытудың Еуропалық моделін хош көрдік. 1997 жылы Болон процесіне де өттік. Бірақ, мақтаулы Еуропалық білім жүйесін бүге-шігесіне дейін зерттей алдық па, жоқ па? Мұны айтып отырған себебіміз, біз Еуропа моделінің сыртқы формасын ғана алып, мазмұнына терең бойлай алмаған сияқтымыз. Болон процесі о баста даму деңгейлері қарайлас, ортақ білім кеңістігін қалыптастыруды көздеген Еуропа мемлекеттерінің арасындағы жасалған келісімі еді ғой. Біз Болон процесіне кіріп, «бакалавр-магистратура-докторантура» деп аталатын үш сатылы білім жүйесіне көшкенімізбен отандық жоғары оқу орындарымыз Еуропа университеттерінің дәрежесімен иық теңестіре алмайтын. Мысалы, Болондық жүйе бойынша «Студент білімді өзі іздеп табу керек, оқытушылар тек қана бағыт беру керек» деген тұжырым біздің білім беру жүйемізде белгілі дәреже «теріс әсер» берді. Өйткені, студенттер білімді өзі іздеп, өзі игеруі үшін оларға лайықты кітапхана қоры, Еуропалық үлгідегі материалдық-техникалық база, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі және т.б. қажетті инфрақұрылым дайын болмай шықты.Нәтижесінде білім сапасы өсудің жақсы динамикасын көрсете алмады. «Білікті мамандар неге азайып кетті?» деп ойландық.

Еуропалық стандарттарға бағыт алған жақсы ғой, бірақ өзге елдердің білім беру моделдерін көңілімізге тоқ санап жүре беретін болсақ, Ұлттық білім беру жүйемізді қалай дамытпақпыз? Халықаралық білім беру процесіне ену деген сөз солардың толып жатқан шарттарын орындау, белгілі бір міндеттемелерді өз мойныңа алу деген сөз. Мұның барлығы Ұлттық білім беру жүйемізді дамытуға айтарлықтай мүмкіндік бере қоймайды. Неге жұртшылық Жапонияның, Қытайдың, Ұлыбританияның, Сингапурдың, т.б. елдердің жоғары білімдерін алуға ұмтылады? Өйткені, ол елдерде өздеріне ғана тән Ұлттық білім беру жүйелері бар. Сапалы білім іздеген жастар жапон, қытай, ағылшын, сингапурлық ма­мандар сияқты алдыңғы қатарларда болуды армандайды. Міне, ұлттық білім беру дегеніміз осындай факторлар мен өлшемдер арқылы анықталады. Мысалы, қытайлық университеттер беретін білімді ағылшын университеттері бере алмауы мүмкін. Немесе жапонияның инженерлік білімін америкалық университеттер бере алмауы мүмкін. Өйткені, мұның барлығы сол елде оқытылатын пәндердің «Білім мазмұны» арқылы айқындалады. «Білім мазмұнын» қалып­тастыруға мүйізі қарағайдай ғалымдар жұмыс жасайды. Әр мемлекеттің білім беру жүйесінде белгілі бір жетістіктері болады. Сол жетістіктері олардың ұлттық білім беру мазмұндарын айқындайды. Демек, біздің еліміз де Ұлттық білім беру жүйесін мықтап қалыптастыруды ең бірінші кезекте ойлауы керек және ол міндетті түрде қазақ тілінде болуы керек.

«PhD докторлардың біліктілігі бұрынғы ғылым докторларымен тең емес» деген де әңгімелер ел арасында айтылып жүр. Мұның барлығы ғылыми кадрларды даярлаудағы оқыс жасалған өзгерістердің салдары. Кезіндегі кандидаттық және докторлық кеңестердің жұмысы тоқтатылғаны отандық ғылыми кадрлардың сапасына қатты әсер етті. Докторлықты айтпағанның өзінде, ғылым кандидаттарына қойылатын талап өте қатаң болатын. Кейін мұндай талаптар сол жүйемен бірге жоғалғаны рас.

Қайбір жылы Ұлттық ғылым акаде­мия­сының кезекті сессиясына журналист ретінде қатысқанымызда, көптеген ғалым­дардың жасы егде тарта бастағанын, олардың ізін басып келе жатқан буынның оншалықты көп емес екенін көріп, еліміздегі ғылымның келешегі қалай болар екен деп ойлап қойғанбыз. Ғылымға әрдайым жаңа леп, жаңа буын қосылып тұрмаса, ондай ғылымның болашағы туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Жалпы, еліміздің Ұлттық ғылым академиясы бұл – ғылымның қасиетті қара шаңырағы. Ұлттық ғылымымызды осы академия негізінде дамытып, өркендету үшін оның бұрынғы мәртебесін қалпына келтіргеніміз дұрыс болар еді. Өйткені, ғылыми прогресс болмай, ел де, қоғам да алға жылжымайды.

Енді қазақ философиясы жайындағы мәселемізге қайтадан оралсақ. Жалпы, қазақ философиясы дамыту мәселелері туралы әңгіме тәуелсіздік алған жылдардан бері сөз болып келеді.Заман кемелденіп, көзқарастар жүйесі өзгерген сайын «Қазақ философиясы бар ма?» деген сұрақтың күн тәртібіне қойылып отыруы заңдылық. Біріміз бар, біріміз жоқ деп жүргенімізге қарағанда, біз өзімізге өзіміз «Қазақ философиясы» деген сөзді қимайтын сияқтымыз. Дегенмен біз: «Қазақ философиясы бар. Бірақ ол басқа елдердегідей әлемдік дәрежеде ғылыми айналымға түсе қойған жоқ» деген тұжырымға келуіміз керек шығар. Әлбетте, барша әлем халықтары зерттеп, жүйелеп, ғалымдары зерттеу еңбектерін жазып, философиялық теориялары мен заңдылықтарын қалыптастырып жатқан үрдістен біз де қалыс қалмағанымыз жөн. Қалай болғанда да, философияның проблемаларын елемеу, оған тиісті деңгейде назар аудармау – ұлт ретінде дамудың жүйелі жолын таба алмауымызға әкеп соғады.

Философия ғылымынан хабары барлардың бұл ілім жайындағы көзқа-растары бір арнаға тоғыса қоймайды. Бірі – философияны адам санасының түсініп қабылдауы қиын, сол себепті оған көп бас қатырудың қажеті жоқ десе, енді бірі – дүниені бүлдіретін фәлсафашылар деген пікірдің жетегінде келеді.Тағы бір пікірлер легі – философия ойымыз бен санамызды тәрбиелейді, ақылымызды кемелдендіріп, рухани тұрғыдан жетілдіреді дегенге тоғысады. Қалай болғанда да, философия төңірегінде пікірталас көп. Бірақ, тарих көрсетіп, дәлелдеп отырғандай, философияны терең меңгерген халықтар, оған ұлттық сипат дарытып, мемлекетінің қалыптасу тарихымен байланыстырып, өзіндік болмысын да, мәдени-рухани дәрежесін де, ұлт ретіндегі ерекшеліктерін де белгілі бір жүйеге келтіріп алды. Өздерінің ежелгі дүниетанымдық бастауларын, ата-бабаларының ұстанған көзқарасы мен өмір сүру салттарын жүйелеп: «Біздің ұлттық философиямыз осы», – деп қабылдап, әрі қарай ойшылдары сүбелі еңбектер жазды. Яғни, ұлттық философиясын дамытқан елдер аспаннан ештеңе алған жоқ. Нені зерттеп, нені тапса да, ұлтының дүниетанымынан, бағзыдан қалыптасқан ойлау жүйесінен алды, керекті құндылықтарды ұлтының рухани әлемінен іздеді және соны ақиқат деп түсініп, оған ең алдымен өздері имандай сенді. Келе-келе ол ілімдерге әлемнің өзге де халықтары: «Иә, бұл халықтың философиясы осындай», – деп, баға беріп, зерттеп-зерделеуге көшті. Сөйтіп, ұлтты кемеліне келтірген тұтас философиялық жүйелер өмірге келді. Қай заманда болмасын философия өз уақытының ең күрделі сауалдарына жауап бере білген ілім. Әйтпесе, тегіннен тегін ғылымдардың атасы атана ма?

Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік заманда қазақ философиясын зерттеу ісі қанатын кеңге жайып, еркін самғай алмады. Біз бұл тұрғыдан келгенде, ол кездегі ғалымдарымызға түсіністікпен де қарауымыз керек. Өйткені, бодан елдің саяси жүйесі ғана емес, ғылымы да бодандық күй кешетіні, бір орталықтан басқарылатыны белгілі ғой. Сондықтан, сол кезеңдердегі философия ілімін зерттеуші қазақ ғалымдары жазған іргелі еңбектер көбіне-көп марксизм-ленинизм теорияларын талдауға, Аристотель, Платон, Кант, Гегель сынды әлемдік ойшылдардың трактаттарын, диалектика заңдылықтарын зерделеуге арналды және олар тамаша нәтижелерге де қол жеткізе білді. «Қазақстандық диалектика мектебі» деген мектеп те қалыптасты. Мұндай үлкен бағаға көп елдің ғалымдары қол жеткізе алған жоқ. Ал ол кездегі қаламдары жүйрік, ойлары ұшқыр, әлемдік философияны жетік меңгерген қазақ ғалымдарының ізденісі ұлттық философиямызды түбегейлі зерттеп, қалыптауға бағытталса, біз бүгінде «Қазақ философиясының» бар-жоғын түгендеу емес, мүлдем басқа деңгейде әңгіме қозғап отырар едік. Әттең деуден басқа амал жоқ. Әйтпесе, Имануил Канттың мықтылығын немістердің өздеріне түсіндіріп берген Жабайхан Әбділдиндер Еуропа елдерінің ешбір ғалымдарынан кем емес еді. Оның үстіне философияны зерттеген қазақ ғалымдары өз еңбектерін негізінен орыс тілінде жазғандықтан, қазақ философиясының ғылыми категорияларын дамыту мәселесі кенжелеп қалды. Соның нәтижесінде бүкіл тарихымызда философиялық ойлардың жүйеленбей, ана тілімізде ғылыми трактаттар жазу бағытында белгілі бір қадамдар жасалғанымен, кең өріс алып кете алған жоқ. Десек те, біз жеке ұлт ретінде философия дейтін ғылымнан алшақ болған ел емеспіз. Небір даналар мен ғұламаларды өсірген елдің төл философиясы жоқ деуге келмейді. Бір белгілісі – біздің ұлттық философиямыз сөз өнерімен бірге жетіліп, дамыған. Шынтуайтына келгенде, өмір бойы аттың жалында, түйенің қомында жүріп, талай жаугершілік замандарды басынан өткерген халқымыздың өз философиясын арнайы ғылым пәні ретінде қалыптастыруға мүмкіндігі аз болды. Философияның бірден-бір сипаты – ойшылдық, даналық дейтін болсақ, қазақтың ойшылдығы ақындардың өлең-жырларында, би-шешендердің толғау-ларында, жазушылардың шығармаларында, халықтың мақал-мәтелдерінде көрініс тауып келді. Ал, бірақ Батыс философтары сияқты «Рух бірінші пайда болды ма, материя бірінші пайда болды ма? Құдай бар ма, жоқ па? Идея мен болмыс, сан мен сапа, өлшем деген не? Ақыл мен сананың айырмашылығы қандай? Уақыт пен кеңістікті қалай түсінеміз?» деген сауалдар ойшылдарымыз тарапынан философиялық категорияларға жіктеліп қарастырылмағаны рас. Мұның бірден-бір себебі біз көп сауалдың жауабын бағзыдан келе жатқан дәстүр-салттарымыздан, наным-сенімдерімізден, ұлттық дүниетанымымыздан тапқан елміз. Әлбетте, мұндай мәселелерге фәлсафалық талдаулардың жасалмағаны айтарлықтай кемшілік те емес. Себебі философия дегеніміздің өзі әлемдегі әртүрлі ұлттардың әртүрлі көзқарасы мен ой үлгілерінің жиынтығынан құралмай ма? Осы тұрғыдан келгенде қазақтың ойшылдық дәстүрлері мен мектептерін өзіміз де толыққанды зерттеп, тани алмай келеміз. Ата-бабаларымыз қаншама философиялық сұрақтарды арқау еткен мәселелерді айтып кетті. Оларды аршып алу, барша әлемге философиялық үлгіде таныту – кәсіби философиялық білім алған бүгінгі қазақ ғалымдарының парызы. Мысалы, «дүние» деген бір ғана ұғымның өзіне ата-бабаларымыздай сан түрлі анықтама беріп, оның қыр-сырын адам өмірімен байланыстыра қарастырған өзге ұлтты жер бетінен табу қиын. «Бұл дүние жеткізбейтін арман дүние, Бұрынғы бабалардан қалған дүние. Барында оралыңның ойна да күл, Бізден де өте шығар жалған дүние» деген тұжырымдардың көптеген үлгілерін қазақтың «Қара өлеңінен» молынан кездестіреміз. «Қазақтың «Жазмыштан озмыш жоқ» деген бір ғана мақалының өзін генетика ілімімен байланыстыруға болады» дейді биолог Төлеген Алмаханов. Бәлкім, біздің ғалымдарымыз мұндай мәселелерді әлемдік философиялық дәрежеге дейін көтеріп, арнайы бір жүйеге келтіріп, ғылыми айналымға түсіре алмай келе жатқан болар.

Жалпы, философия ғылымын қоғамнан, қала берді мемлекетіміздің дамуы мен өркендеу ісінен тыс қарауға болмайды. Мысалы, ежелгі қытай философиясының бүгінгі өсіп-өркендеген қытай еліне, көне үнді философиясының жалпы үнді өркениеті мен мәдениетіне, прагматизм философиясының АҚШ-тың гүлденіп кетуіне бағыт сілтегені белгілі. Сол елдердің философиясы олардың өркендеу сырының, мемлекеттерінің қалыптасып, дамуына жасаған ықпалы тәрізді қазақтың ұлттық философиясының да бүгінгі қазақ мемлекетінің қалыптасуында алар орны айрықша болуы керек. Ұлттық философиямыз біздің ұлттық саясатымызда, өзге де бағыттар мен салалардың іргетасына айнала білгенде ғана, тұғырымыз мықты болады. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық философия ұлтымызды жаңа заманның талап-тілектеріне бейімдей білсе, ең үлкен нәтиже осы болар еді.

Философ Сейітқасым Әуелбеков өз сұхбатының бір тұсында: «Бүгінгі қазақ мәдениетінің типтік сипатын ауыстыру керек дегендегі ойым мынау: көшпелі қазақ қоғамының әдетін ақылға қайта салатын уақыт келді; тұрпайы талай әдет арамызда жүр; оның кертартпа қасиетінің зардабын басынан кешіріп отыр бүкіл қоғам», – депті. Өткен тарихымызға үңілсек, біз ұлт ретінде мінезімізге, болмысымызға едәуір өзгеріс жасап, ішкі құрылымдаудан өтуге мән бере қойған жоқпыз. Мәселен, әлемдік тарихта біраз ұлттар мұндай өзгерістерден өтіп алды. Нәтижесінде ол ұлттар жаңа сапалық деңгейге шықты. Абай атамыздың 41-ші «Қара сөзінде»: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салып, дүниеде есепсіз ғылымның жолдары бар, сол әрбір жолда бір медресе бар, соларға тоздырып, бірін сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді» дегені қазағын жаңа белестерге бастағысы келіп, шыңдағаны. Сондай зор тілектен туған ойлар екені сөзсіз.

Қорыта айтқанда, бүгінгі қазақ философиясы еліміздің, ұлтымыздың, қоғамның алдындағы рухани мәселелерді, оның ішінде отаншыл азаматтарды қалыптастыру, жаңа заман адамына керекті қасиеттер мен мінездерді айқындау, ұлттың жаңа уақыт талаптарымен үндесетін болмысын қалыптастыру, мәдени көкжиектерімізді айқындау, ұлттық санамызды жаңғырту бағытында білек сыбана кірісіп, қадау-қадау жұмыстарды атқарса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір біз азат ойлы, еркін пікірлі, жаңаша көзқарастағы буынның өсіп келе жатқанын білеміз. Олар да өздерінің танымына сай заман алдында тұрған сауалдардың жауаптарын іздейтіні сөзсіз. Демек, сондай кезде қазақ ойшылдарының философиялық еңбектеріне деген сұраныс та артады. Олай болса, бүгінде қазақ философиясы пән ғылымы ретінде дамудың жаңа белесіне шығуы керек. Тұйықталып, дамымай қалды деуден аулақпыз. Жақсы ізденістер, жақсы үлгілер бар. Бірақ, әлі де болсын нәтижелі қадамдар, теориялық ізденістер аздау сияқты көрінеді. Сондықтан, қазақтың философиясына ден қойған ғалымдардан, ойшыл азаматтардан ұлтымыздың бүгінгі болмысы мен келешегіне қатысты, бағыт-бағдарына арналған іргелі еңбектерді көбірек күтеміз. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың философия ғылымы қарқын алуы керек. Бұл бүгінгі заман мен уақыттың тілегі. Ұлтымыздың кемелденуі мен жаңа өркениеттерге қадам басу жолы.

1647 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз