• Ел мұраты
  • 04 Ақпан, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІК – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, 
журналист

Жыл басындағы сөзімізді ең әуелі қасиетті Тәуелсіздігімізден бастағымыз келіп отыр. Өйткені биыл Тәуелсіздігімізге отыз жыл толады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы жыл басындағы  санында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен  қымбат» деп аталатын мақаласында: «Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет» дей келе, Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейтінін, Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасатынын орынды атап өтті. «Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» деп жазды. 

Иә, өткен отыз жылымыз телегей теңіз тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, елдігіміздің қалыптасуы үшін аз емес. Тәуелсіздік таңы атқанда, азаттықтың туы желбірегенде ойымыздың көкжиегі кеңейіп, егемендіктің лебін сезіндік. КСРО-ның билеп-төстеген құрсауынан құтылып, жаңа қоғам, жаңа мемлекет құруға құлаш сермедік. Елдің алдында талай шаруалар тұрды. Олардың бір парасы күрделі заманның өзекті мәселелерін шешумен байланысты болса, екінші бір парасы ұлтымызды отаршылдық санадан арылтумен байланысты атқарылуы тиіс шаруалар еді. Бұған ана тіліміздің мәртебесін биіктету, жер-су атауларын қайтару, ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тарихи сананы ояту, ұлттың өз күшіне, әлеуетіне деген сенімін арттыру және т.б. жұмыстар кірді. Әрине, тоталитарлық жүйенің шырмауынан шыққан әрбір халық, мемлекет үшін әрбір кезең, әрбір жыл тек қана алға жылжумен,  тезірек өркендеп, тезірек өзгеруге қажырлы қадам жасауға, отаршылдық заманда жасай алмай қалған іс-шараларды түгендеуге бағытталатыны белгілі. Елбасы айтқандай, осы жылдардағы еңбегіміздің ең басты қорытындысы – ел болғанымыз. Ел бола алғанымыз. «Біз мемлекет құрдық. Құрғанда да, аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адамзат танитын, танып қана қоймаған, мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра алдық». Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын тарихи тұрғыдан да, әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, демократиялық тұрғыдан да бағалап, терең зерттеулер мен талдаулар жасауымыз қажет. Әрине, бұл белес ұлт өмірінде, мемлекет шежіресінде алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз, дегенмен, отыз жылдан қорытынды шығару, қол жеткізген табыстарымызбен қатар жіберілген кемшіліктерді де таразылаудың еш артықтығы жоқ. Қалай болғанда да осы жылдардың ішінде қоғам да, ел де өзгерді. Құндылықтар ауысты. Экономикамыз жоспарлыдан нарықтық қатынастарға ауысты. Жаңа заманның ұғымдары орныға бастады. Ел аузында «бизнес», «сауда-саттық», «компания», «фирма», «жоба» (проект) тәрізді ұғым-түсініктер жиі айтыла бастады. Нарықтық қатынастарға үйренбеген халыққа оның философиясын түсіну оңайға соқпады. Мемлекеттің қамқорлығына, Үкіметтің көмегіне сеніп қалған ел бірте-бірте нарықтық жүйенің заңдылықтарын меңгере бастады. Мұның барлығы сол кезеңдердегі экономикалық дағдарыспен бетпе-бет келгенін жақсы білеміз. Зауыт-фабрикалар жұмысы тоқтап, барлық салалар тоқырауға ұшырады. Оның бәрінен еліміз өтті. Шетелдік ірі компаниялар келе бастады. Инвестициялар тартылды. Әйтеуір, барлық қам-қарекет экономикалық тығырықтан, дағдарыстан аман-есен шығуға бағытталды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз­дігіміздің алғашқы бес жылдығына берген бағасында былай деген еді: «Мемлекеттік, тәуелсіздік – бұл тарихтың сыйы емес және тек қазіргі ұрпақтың бір өзінің ғана меншігі емес. Бұл – өткеннің алдындағы парыз және болашақтың алдындағы жауапкершілік. Қазіргі ұрпақтың рөлі мынада – ол осы мемлекеттік пен тәуелсіздікті тек нышандармен ғана емес, олар қандай сүйкімді болып көрінсе де, қайта нақты мазмұнмен толықтыруға тиіс. Жай ғана саяси тәуелсіздік пен күшті мемлекет арасын орасан зор қашықтық бөліп жатыр. Біздің мақсатымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін ақиқат шындыққа айналдыру, экономикалық, құқықтық, әскери, ақпараттық өлшемдерді ақиқат шындыққа айналдыру. Бүгінгі мемлекеттіктің аксиомасы осындай...Мұндай тағдыр жер бетіндегі халықтардың бәрінің маңдайына жазыла бермейді, қысқа ғана уақыт аралығында осыншама күрделі міндеттерді шешу де кез келген халықтың қолынан келмейді. Өзіміздің қуатты мемлекеттігімізді құра отырып, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтап қалу – ХХІ ғасырдың табалдырығындағы біздің міндетімізді осылайша тұжырып айтуға болар еді» (Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік белестері» кітабынан. Алматы: Атамұра, 2003 жыл). 

Тәуелсіздік жайында әңгіме қозғағанда «ұлттық рух» мәселесін айналып кете алмаймыз. Мұстафа Шоқай айтпақшы, ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? «Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт  азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» дейді Мұстафа Шоқай. Иә, ұлттық рух – тәуелсіздіктің негізгі темірқазығы. Ұлттық рух болмаса, мемлекетті де, тәуелсіздікті де сақтап тұру қиын. Себебі ұлттық рухтан көп дүние өрбиді, бастау алады. Оның түпкі мағынасы елге деген отаншылдық сезіммен, сүйіспеншілікпен, азаматтық ұстанымдармен, кіршіксіз перзенттік көңілмен, адамгершілік қағидаларымен астасып жатыр. Жалпы, біз дәл осы кезеңде Отан туралы, ел туралы көп ойлануымыз керек. Бүгінгі ахуалымыз қалай, елдің жағдайы нешік, қандай мәселелер туындап отыр? Руханиятымыз қай деңгейде? Ұлттық сана-сезіміміз дұрыс қалыптасып отыр ма? Қазақтығымыздан айырылып бара жатқан жоқпыз ба? Осы және басқа да мәселелер күн тәртібінен түспеуі керек. Асылы, тірлігіміз шикі, ақылымыз күйкі болмасы үшін ұлттық ұстанымнан, темірқазықтан айырылмау маңызды. Ресей демократы, ойшылы Петр Чаадаевтың мына бір сөзін еске алайықшы: «Я сказал только и повторяю, что пора бросить ясный взгляд на наше прошлое, и не затем, чтобы извлечь из него старые, истлевшие реликвии, старые идеи, поглощенные временем, старые антипатии, с которыми давно покончил здравый смысл наших государей и самого народа, но для того, чтобы узнать, как мы должны относиться к нашему прошлому...Больше, чем кто-либо из вас, поверьте, я люблю свою страну, желаю ей славы, умею ценить высокие качества моего народа...Я полагаю, что мы пришли после других для того, чтобы делать лучше их, чтобы не впадать в их ошибки, в их заблуждения и суеверия». П.Чаадаев өткенді дұрыстап бағалаудың маңызды екенін меңзеп отыр. Ал біз өткенімізді дұрыстап бағалай алдық па? Тарихымыздан қандай сабақ алдық? Тарихты зерттеу бар, күңгейлі-көлеңкелі тұстарын, ақтаңдақтарын аршып алу бар да, тарих болып саналатын өткенімізден сабақ алу бар. Тарихты білу – болашағымызды бағдарлау үшін қажет дейтініміз сондықтан. П.Чаадаевтың ойын сана сарабына салып зерделейтін болсақ, біз өзімізге дейінгі ұрпақтардың қателіктерін қайталамау үшін, олардан жақсы шаруаларды атқару үшін өмірге келуіміз керек екен. Әбден келісуге болатын пікір. Себебі алдыңғы буынның жасаған қателіктерін кейінгі буын дәл солай қайталап ғұмыр кеше беретін болса, даму, жетілу, өркендеу жайында әңгіме қозғаудың өзі қиын болып қалмай ма. Мысалы, басымызға бақ болып қонған Тәуелсіздігімізді қаншалықты қастерлей алып жүрміз? Тәуелсіздік дегеніміз ең алдымен мемлекет құраушы ұлттың, яғни қазақтардың иығына түсетін жауапкершілік. Елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері де осындай жауапкершілікті сезінсе, тіпті жақсы. Мемлекеттің азаматы болғаннан кейін осы елдің бүгіні мен ертеңіне ет жүрегі езілетін азаматтық ұстаныммен, көзқараспен қарайтын кез келді. Бүгінгі елдік өлшем – бірлік, ынтымақ. Ертеңгі де қастерлі ұстаным осы. Бірлікті ту еткен ел ғана көп нәрсеге қол жеткізеді. Ал осы тұрғыдан келгенде бүгінгі зиялы қауымға артылар міндет те зор. Өйткені қалың ел зиялысына қарап бой түзейді. Зиялысы зиянды тірлік жасаса, түңіледі. «Үлгі алып отырған адамымыз осы ма?» деп налиды. Мұстафа Шоқай «Ұлттық зиялы» атты мақаласында ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алатынын айтады. М.Шоқайдың пікірінше, халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жіктеледі. 

«Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру сынды негізгі мақсатқа жету үшін, ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән болып отырған халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс. Міне, осы сананы айқындау, яғни халық тілегін дұрыс және анық бір формаға келтіру, аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау – зиялылардың міндеті. Зиялылар қауымы өздерінің тарихи міндетінің мүддесінен шығуы үшін не істеулері керек? Әлбетте, тек жүктелген міндеттерді атқарумен ғана шұғылдану жеткіліксіз. Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білулері тиіс» дейді. Қазір қоғамда жиі талқыланатын тақы­рыптың бірі де – біздің елде зиялылар бар ма деген мәселе.  Біздің айтар жауабымыз: зиялылар қай кезеңде де болады. Әрбір ұлттың төбесіне көтеріп, маңдайына басатын зиялы тұлғасы болады. Бірақ, зиялы атын жамылып жүргендер де аз емес. Мұны да айтуымыз керек. Негізі, зиялы деген бағаны ел, халықтың өзі беруі керек. «Мына адам шын мәнінде зиялы, өйткені ол халқына қасық қаны қалғанша, өмірінің соңына дейін адал қызмет етіп өтті» деген баға берілсе, расымен де сенуге болады. Жоғарыда Мұстафа Шоқайдың зиялыға қоятын талап-тілегін оқыдық. Біз де осы пікірді құптаймыз, әрине. Яғни, бізге «өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар» керек. Зиялылар қашанда, қай кезде де қоғамдық ойды алға қарай жетелеуші жандар. Кешегі Алаш арыстарын – еліне, ұлтына қалтқысыз қызмет еткен, сол жолда басын бәйгеге тіккен, ештеңеден тайынбаған, жүрексінбеген нағыз зиялылар деп айтуымызға болады. Зиялылықтың табиғаты, өмірі, болмысы, атқарып жүрген харекеті жай адамдардан ерекшеленіп тұрады. Зиялылық жол – анау айтқандай оңай жол емес. Ол әрдайым қиындықтармен өріліп, табанды істермен әдіптелетін жол. Бірақ, қайткен күнде, қиыннан қиыстырып, «баяғы жартас сол жартас» дегізбейтіндей қоғам құруға сүбелі үлес қосып, атсалы­сулары маңызды. Зиялылар – терісті көре білушілер, қисықты түзетушілер. Олардың айтқан сөзі, жазған еңбегі осы тұрғыдан көрініп, бағаланады. Ұлттың зиялысы болу үшін білімді, парасатты болу аз, ұлтым деп соққан жүрек керек, елім деген азаматтық биік өлшем керек. Ұлтының ұлттық қасиетінен нәр алмаған, ұлтының құндылықтарын бойына жақсы сіңірмеген адам зиялы бола алмайды, әлбетте. Осы орайда ортаға салар мәселенің екінші бір қыры – қазақтың бірлігі, ауызбіршілігі. Зиялы қауым өкілдері қазақтың бірлігін нығайтуға күш салуы керек. Дүние көшіне ілескен қазақтың асығы сол кезде ғана алшы­сынан түспек. Қазақ арасында әлі күнге дейін азаймай келе жатқан рушылдық, жүзшілдік кеселі өзара бірлігімізге сызат түсіретіні белгілі. Асылы, бүгінгі басты идеямыздың өзі «қазақ идеясы» болуы керек шығар. Бірақ осы идеяға қалай жетеміз? Қайткен күнде қазақтың бірлігі мығым болмай, әр қазақ бір-біріне жанашыр болмай, көсегеміздің көгере қоюы екіталай. Белгілі ақын Сабыр Адайдың «Әр қазақ менің жалғызым» деген ұранды сөзі қазір кең даламызға тарап кетті. Бұл сөзде терең мән бар. Ақындардың аузы қашанда дуалы келеді ғой. Үлкен тебіреністен, толғанудан туған сөз әрқайсымыздың да жүрегімізді тербеп, санамызды селт еткізеді. Бірақ, осы өлең жолының мән-мағынасына, түбінде асыл тастай жарқырап жатқан терең ойына әр қазақ шынымен бойлап, мән беріп кетті деп айта алмаймыз. Демек, қазақтың бірлігі қалыптастыру жолында атқарылар жұмыс өте көп. Әлемдік саясаттың, геосаясаттың қалай құбылып бара жатқанын көріп отырмыз. Бүгінгі заманның өз қиындықтары бар. Осы мәселелердің барлығын ой таразысына салып, безбендей келгенде қазақтың рухани жаңғыруы тоқтамауы керек. Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясы де ұлтымызды белгілі бір биіктерге бастайтыны белгілі. Кешегі тарихымызға қарасақ, көп дүниені жоғалтыппыз. Оларды түгендеу, рухани дүниелерге басымдық беру дәл бүгін қажет болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Мұның бір себебі – жаһанданудың ти­гі­зіп отырған теріс ықпалдары мен салдары ұлттық құндылықтарымызды көмескілендіре бастады. Бірақ, жаһандануға басыбайлы ырық беруге болмайды. Ол үшін ұлтымыздың әлеуеті, өзін-өзі тануы, тарихын білуі, салт-дәстүрін ұстануы өте қажет. Қазір біз күнделікті тұрмыста салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты ұстанбай кеттік. Дәстүр-салтын терең ұстанатын қазақ ретінде емес, жай ғана адам, азамат ретінде ғана ғұмыр кеше бастағандаймыз. Бұл да жаһанданудың біздің санамызға тигізіп жатқан әсері демеске лажымыз жоқ.  Ал қолданылмаған дәстүр-салт бірте-бірте ұмытылатыны белгілі. «Рухани жаңғыру» аясында осылардың барлығын қалпына келтіруіміз керек.

Екінші мәселе бүгінгі ел шаруасының өрге домалауы – іс басындағы азаматтардың қарым-қабілетіне, ұлттық көзқарасына тікелей байланысты болып отыр. Өйткені мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуы, бөлінген қаражаттың өз орнына жұмсалуы, талан-таражға түспеуі, бармақ бастылық, көз қыстылыққа жол берілмеуі – іс басындағы азаматтардың адалдығымен өлшенетін дүние. Істің шикілігіне, жұмыстың өнбей қоюына, содан келіп өршитін халық наразылығының бірден-бір себебі – іс басындағы лауазымды тұлғалардың, шенеуніктердің шынайы шыншылдығында, өз міндетіне деген жауапкершілігінің толымдылығына тікелей тәуелді десек, артық айтқандық емес. Осы мәселенің барлығын ойлай келгенде, алдымен мемлекетке деген жанашырлық керек. Мемлекетіміз көркейсін, ілгері бассын деген ұстаным іс басындағы азаматтардың басты қағидасына айналмай, жұмыс алға жүрмейді. Қанша жерден жақсы заңдар, жақсы бағдарламалар қабылданғанымен, оны орындауда шикілік, сапасыздық белең алса, ол да бірден көрініп қалады.

Енді әрі қарайғы өрбітер ойымызды қазіргі таңда аса өзекті болып тұрған «қоғам­дық мәдениет» ұғымына арнайық. Өзекті дейтін себебіміз, мемлекет өсіп-өркендеп, қоғамдық мәдениет кенжелеп қала беретін болса, мемлекеттің өркендеуінде жарасымды үйлесімділік аздау болып тұрады. Қоғамдық мәдениетті қалыптастырушылар – қоғамның мүшелері. Яғни, осы қоғамда тіршілік кешіп отырған әрбір адам қоғамдық мәдениеттің қалыптасуына үлес қосушылар.

 Жалпы, қоғамдық мәдениетті көтеру – маңызды міндет. Онсыз болмайды. Қоғамдық мәдениетімізді түземесек, көп елден кейін қалып жүре береміз. Қазақтық намысымызды алға салып, ата-бабаларымыз көрсеткен жолды бағдар етіп ұстап, жақсы қасиет, жақсы мінез, жақсы қарекет иесі болсақ, бір жақсының жарығы мен сәулесі мың адамға рухани демеу болмас па. Жасырып, жабары жоқ, өз ұлтымыздың бойындағы жақсылықтарынан үлгі алуға келгенде қам-қарекетіміз әлі де шабан, жүрісіміз мардымсыз. Ілім-білімге ұмтылу аз. Уақытымыздың көбін пайдасыз, бос нәрселерге жұмсап, зая кетіріп жататынымыз да бар. Дүниеде ұлттар, мемлекеттер арасындағы бәсекелестік күшейіп тұр. «Сен тұр, мен атайын» деген мемлекеттер күші өзінен әлсіз, әлеуеті төмен елдерге жол берер емес. Қайтсек, көш басында тұрамыз, алдыңғы орынды, бірінші шептің туын пенде баласына ұстатпаймыз, өзіміз де біреудің қолжаулығы болмаймыз деген мақсат-мұратты арқау етіп, мығым жүріспен, зор тілекпен, алшаңдаған қадаммен алға озып кетуде. Ғылым болса, ғылым, білім болса, білім, адамзат ақыл-ойының жемісімен келген барлық құндылықтарды тез-ақ игеріп алуда. Осының барлығы біреуден кем болмайық деген ниеттен туындап жатқан жағдайлар. ХХІ ғасырдағы қазақ баласының ізгі арманы – білімді болу, не нәрсені үйреніп істесе де ыждаһаттылықпен кірісу, өз ісінен нәтиже шығару, іскерлік қабілеттерді терең меңгеріп, еліне адал еңбегімен қызмет ететін білікті маман атанумен байланысты болса ғана, озық жұрттың баласы тәрізді жарқырай көрінеді. Бірақ, білім дейтін жарық нұрға шынайы жүрекпен, таза көңілмен кірісетіндер қатары аз болып тұр. Білімді көбінесе шартты мақсатпен ғана оқып, әйтеуір, аттестат, диплом алсақ, магистр, доктор атансақ деген өлшеммен ғана қарайтын сияқты сезіледі. Білім деген еліңнің жарқын келешегіне жол бастаушы қуатты құрал деп білек сыбана кіріскенде ғана, жақсы нәтиже шықпақ. Тауардың өзі сапалы немесе сапасыз деп бөліп қарайтынымыз сияқты, адамның да өлшемі оның бойындағы сапалы қасиеттер арқылы анықталмақ. Мысалы, шетелдік компаниялар өз қызметкерлерінің еңбегін, атқарып отырған шаруасын бейнелі түрде айтқанда грамдап өлшеп, кәсіби көзқарас талаптарымен ғана қарайды. Демек, ондай компанияларда еңбек ететін жандар әрдайым өздерінің біліктілік деңгейлерін көтеруге күш салады. Сапалы алынған білімнің де пайдасын көреді. Бір қуантарлығы, осындай стандарттарды біздің жастар да бірте-бірте игеріп келеді. Өйткені жастар жағы кәсіби шыңдалуға, әрдайым өздерін жетілдіруге көп мән беріп келе жатқанын байқаймыз. Бірнеше тілдерді меңгеріп, заманауи білім, ақпарат көздерін жиірек тұтынатын болып жүр.

Қоғамдық мәдениет – ауқымды ұғым. Оған бір ғана мәдени өлшеммен қарау­ға болмайды. Қоғамдық мәдениетке қоғам жылдар бойы келеді. Ұзақ уақытта қа­лып­тасатын көзқарастар, түсініктер бар. Оны бір жылда жасай салу мүмкін емес. Мысалы, былтыр жыл соңына таман Алматы қаласындағы «Sulpak» сауда-саттық дүкенінің алдындағы ағаштардың қырқылуы қоғам тарапынан қандай наразылық тудырғанына куә болдық. «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалар ма еді, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іске назар аударып, кінәлілерді жауапқа тартуды мықтап тапсырмағанда?! Қасым-Жомарт Кемелұлына рахмет! Проблеманы дер кезінде аңғарып, жағдайдың елеусіз қалуына жол бермеді. Табиғаттың нағыз жанашыры екенін, әрбір терек-талдың тағдырына бейжай қарамайтынын байқатты. Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен кезекті жиында айтып еді: «Ағаштарды кесу деген «сән» қайдан пайда болған?» деп. Өкінішке қарай, қоғам, халық тарапынан табиғатқа, жасыл-желекке деген оң көзқарас әлі де болсын дұрыс қалыптаспай отыр. «Sulpak» дүкенінің басшылары да кешірім сұрауға жарамады. Демек, олар үшін жайқалып тұрған ағаштарды отай салу, айыппұл төлей салу – түкке де тұрмайды дегенді білдіргені ме? Сөйтсек, елімізде оталған ағаштарға салынатын айыппұлдың көлемі де өте мардымсыз екен ғой. 30-40 мыңның айналасында ғана. Жасыл-желекке оранған Алматы қаласының ағаштары соңғы жылдары аяусыз оталып жатқанын көргенде жаның жабырқап, көңіл құлазиды. «Sulpak»-та болған жағдай бұл халық көзіне түсіп, назарын аударған бір ғана факті. Ал көзден таса оталып жатқан, оталып кеткен ағаштардың обалы кімге? Онсызда миллиондаған автокөліктің түтінінен тұншығып, екі өпкесінен әрең тыныстап тұрған Алматы үшін әрбір ағаш алтыннан да қымбат болып тұр. Бірақ, осыны елеп-ескеріп, мәніне терең бойлап жатқан шенеуніктер, әкім-қаралар, бизнес қауымдастықтың төбе көрсете бермейтіні өкінішті-ақ! Біз өзіміздің бір күндік сәтімізді ғана ойлауымыз керек, мың күндік тіршілігімізді ойлауымыз керек. Ал қазіргі ағаш отағыштардың (отатқыштардың да) ниет-пиғылы – «менен кейін не болса о болсын, әйтеуір, кәсібімді дөңгелентіп, пайдамды тапсам болды» дегенге саятындай. Мұндай көзқарас дұрыстыққа жатпайды. Ең әуелі табиғаттың амандығын ойлайтын, қоршаған ортаның тазалығын қорғайтын кәсіпкерлер қауымы болмаса, бас пайдасын көксейтін, қалтасының қампайғанын ғана мұрат еткен кәсіп иелері елдің ертеңін ойлай қоймас. Қысқасы, қоғамда ойлантатын да, ойландыратын да дүниелер өте көп. Бірақ, уақыт көші тоқтап жатқан жоқ. Зымыраған уақытқа ілесе отырып, қордаланған мәселелерді шешуімізге тура келеді. Бұрын заңымыз осал болса, енді заңымыз күшейіп, құқықтық санамыз өсіп келеді. Соның бір дәлелі – елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар.

Саяси реформалар – мемлекеттің дамуын жаңғыртып отырудың бір жолы. Бұған ерекше мән бермеген кез келген елдің дамуы да, өркендеуі де тұйыққа тіреліп, түрлі сценарийлерге ұрынуы мүмкін. Саяси реформалар дегеніміздің өзі елді, халықты толғандырған мәселелерді ғана шешу деп түсінсек, тар мағынада ойланғанымыз болып шығады. Саяси реформалар – ең алдымен мемлекетті нығайтуы, отаншылдық сана-сезімді қалыптастыру, жаңа болмыс, жаңа саяси мәдениет орнықтыру, билік пен халық арасындағы сұхбаттастықтың жаңа көкжиектерін айқындап, нақты өмірде іске асыру. Азаматтық қоғам мүшелерінің белсенділіктерін арттыру, бюрократтыққа жол бермеу. Мемлекет ісіндегі шалағай­лықты, сапасыздықты жою. Жалпы, мемлекетшілдік сананы қалыптастыра отырып, елдіктің ортақ мүддесін айқындау. Саяси реформалар жоғарғы биліктен бастап ауылдағы әкімдік кеңселерге дейінгі жолды ғана емес, жалпы, тұтас қоғамды қамтиды. Қоғамды демократияландыру үдерістерінің сәтті жүзеге асуы да саяси реформалардың маңызды бөлігі. Әлбетте, «демократия» деген ұғымның өзі жеке адамдардың биік санасымен, ақыл-парасатымен, мәдениетімен байланысты дүние. Демок­ратия дегеннің өзі сіз бен біз қандай қоғам құрып отырмыз, сол қоғамға қай тұрғыдан атсалысып, үлес қосып отырмыз деген үлкен әрі өзекті мәселеге келіп тіреледі. Әйтпесе, әлемде демократияның сан түрлі үлгілері бар. Бір елдікі екінші елге сәйкес келе де бермейді. Өйткені тарихи қалыптасу жағдайлары әртүрлі. Мұның барлығын ескермеске болмайды. Таза батыстық үлгідегі демократияны қалыптастырамыз деп талай елдер опық жеп, даму жолдарынан адасып қалғаны, сыртқы күштердің ықпалында кеткенін бүгінгі заманауи тарихи жағдайлар көрсетіп отыр.

Қаңтар айының 10-да елімізде кезекті Парламенттік сайлау өтті. Осы жолғы саяси  додаға «Nur Otan», «Ақ жол», «Халық» «Адал», «Ауыл»  партиялары қатысқаны белгілі. Жасырып-жабар несі бар, бұған дейінгі Парламент жұмыстарына көпшілік халықтың көңілі толмай келді. Бірақ, былтырғы күз айынан бастап Парламент жұмысына бұрынғыға қарағанда қан жүгіріп, жаңа жұмыс қарқынын байқағандай болдық. Талай депутаттар елдік, халықтық мәселелерді қозғап, Үкіметке депутаттық сауалдарын көбірек жолдайтын болды. Парламент жұмысының жандануы – еліміздегі саяси реформалардың да бір көрінісі болып отыр. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы ұсынған: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы іске асып келеді. Парламенттің елдегі ықпалы, сөзсіз, мықты болуы керек. Өйткені талай заң жобалары Парламент алдынан өтеді. Тек қана заң жобалары ғана емес, халықты толғандырған өзекті мәселелер де Парламентіміздің биік мінберлерінен қарастырылып, дер кезінде мән беріліп жатса, құба-құп. Сол кезде азаматтардың Парламент жұмысына деген көңілдері толады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қарашада (2020 жыл) Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайында сөйлеген сөзінде: «Мемлекет пен қоғамның өзара сенім мен жауапкершілік қағидаттарына негізделген өзара іс-қимылынсыз елдің жүйелі және тұрақты дамуы мүмкін емес. Ел үшін күрделі уақытта партия халыққа жақындай түседі. Біздің міндетіміз – азаматтардың өзін және ұрпақтарын лайықты тұрмыспен қамтамасыз етсем деген әділ әрі орынды тілегімен ұштасып жатқан ниеттестік пен іс-қимыл бірлігіне қол жеткізу. Тағы да атап өтейін, біздің жұмысымыздағы басты бағдар – жұрт­шылықтың талап-тілектері мен мұң-мұқтаждықтары. Мемлекет халықтың үні мен пікіріне құлақ асуға міндетті. Парламент пен халыққа есеп беретін Үкімет дәл осы бағытта жұмыс істейтін болады. Бұл үшін біздер, партияластар, қоғамымызды толғандыратын барлық мәселені жақсы білуге, оның жылдам әрі тиімді шешімін табуға тиіспіз» деген болатын.

9 желтоқсан күні (2020 жыл) Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізгенде де бірқатар маңызды мәселелерге назарын аударып қана қоймай, олардың шешілу жолдарын да бағдарлады. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен көзбояушылықтан толық ада болуы қажеттігін айтты. «Сұлу сөз қаншалықты аз болса, мазмұны соншалық бай болады. Ол атқарушыларға іс-қимыл еркіндігін беру үшін өте прагматикалық болуы тиіс. Атқарушыларға қосымша жұмыс жүктемеу аса маңызды. Яғни, басқа нақты істерге нұқсан келтірмеу үшін бұл бағыттағы жұмыстарға күш түсір­меу керек. Үкімет сарапшылардың қоғамдастығымен және жұртшылықпен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуі тиіс» деді. Сонымен қатар, жоғары мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі Қазақстан халқына адал, шынайы қызмет етуі керек екенін айтты. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін – мемлекеттік қызметтен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне дейін іс жүзінде қайта құру қажеттігіне тоқталды. Лайым, бәрі оңынан болсын деп тілейміз. Өйткені мұның барлығы елдік шаруалар ғой. Елдік шаруалардың оңынан болуына тілектес болмасақ, отаншылдығымыз, мемлекетшілдік ұстанымымыз, мүддеміз қайда қалмақ? Қысқасы, еліміздегі саяси реформалар, жаңғыртулар парасаттылықпен, байыптылықпен жүргізіліп келеді. Әрине, бұл келелі істерге назар аударатын әрбір азаматтың өз көзқарасы, өз бағасы болуы әбден мүмкін. Ақпараттық қоғамда өмір сүріп отырғаннан кейін әлеуметтік желілерде түрлі талқылаулардың жүріп жатуы да заңдылық. Атқарушы билік, биліктің өзге де тармақтары қоғамды толғандырған мәселелерден хабарсыз деп айта алмас едік. Халықтың өз талап-тілектерін білдіруіне де заң жүзінде мүмкіндіктер жасалды. Мұның барлығын саяси реформалардың нәтижесі емес деп айта алмас едік.

Ендігі қорытынды сөзімізді қазақ баспасөзінде ерекше орны бар «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының биылғы болатын 100 жылдық мерейтойына арнап, мақаламызды аяқтағымыз келіп отыр. «Ақиқат» ұлттық-қоғамдық саяси журналының іргетасы қаланғанына қыр­­күйек айында 100 жыл толады. Ға­сырлық белесті еңсергелі отырған қазақ баспасөзінің ардагер басылымының ұлттық журналистикамызды дамытудағы рөліне баспасөз саласын зерттеуші ғалымдарымыз, қайраткерлеріміз өз бағасын берді. «Қазақ газеттері» ЖШС-нің құрамындағы басылым уақытпен бірге есейіп, салмақтана түсті. Тәуелсіздігіміздің келуімен басылымның атауы да өзгеріп, «Ақиқат» деп қайта аталды. Демек, «Ақиқаттың» мазмұны тәуелсіздік идеяларымен астаса отырып, жаңа бағыт алды.

ХХ ғасырдың бірінші ширегінен бас­тап, яғни 1921 жылдан бері жарық көре бастаған «Ақиқат» журналының тарихи-тағылым­дық ше­жіресі халқымыздың тәуел­сіздік жолында­ғы өсіп-өркендеуімен тығыз байланысты. Тұтас бір ұлттың бет-бейнесін айшықтайтын, бір ғасырға жуық жолды жүріп өткен басылымның айтары да, жазары да қашанда мол. «Ақиқат», шын мәнінде, көпшіліктің ықыласына бөленген басылым екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Жүз жылдық нөмірлерінің сарғайған беттерінде «Ақиқаттың» көтерген мәселелері аз болған жоқ. Ел мен жер, халықтың әл-ауқаты, саяси-экономикалық бағыт-бағдар, әлемдік өр­кениеттер тоғысы тәрізді күрделі мәсе­лелерді күн тәртібіне шығарып, оқырманға ой салып, көкірек көзін ашатын сарабдал басылымға айналды. Журнал заман мен уақыттың саяси-әлеуметтік көріністерін сипаттап бейнелеген, осылайша, болып жатқан рухани-мәдени құбылыстарды саралап, тасқа басқан тірі шежіреге ұласты. «Ақиқат» халық өмірінің айнасы болуымен бірге, қазақ халқының болмысына, дү­ниетанымына жақын тақырыптарды қозғай алды, рухани байлықты дәріптеді, ғылым мен білімді ту етіп, ізгілікті арқау еткен бірегей басылым ретінде қызмет етті. Кеңес дәуірінің кезінде «Ақиқат» жур­налының атауы басқа болғанымен, мақсаты-мұраты, көтерген тақырыптары тап қа­зіргі­дей ұшан-теңіз еді. «Қызыл Қазақстан», «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақ­стан коммунисі» деген атаумен жарық көріп, бүгінде «Ақиқат» атын ұстанып келе жатқан журнал, шын мәнінде, өзінің ұлттық келбетін айшықтауда ақиқаттың, шындық пен шынайылықтың үлгісін насихаттауға бағыт алды. Бір кездері «Ақиқаттың» тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамған заманында идеологиялық құралға айналған кездері де болды, алайда қасиетті Тәуелсіздіктің келуімен журнал әрбір тақырыпқа еркін бойлап, цензуралық шектеуден біржола арылды. Ол бүгінде мемлекет дербестігінің нығаюына өзіндік сүбелі үлесін қосып келеді. Басылым беттерінде зиялы қауым өкілдерінен бастап, жас ғалым зерттеушілердің ойлы мақалалары жарық көріп, қоғамдық пікірталастың өзегіне айналды. Журналдың бастапқы редакторлары Абдолла Асылбеков, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Ерғали Алдоңғаров, Мырзағұл Атаниязов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақовтар салып кеткен сара жолды әр жылдары елге белгілі қаламгерлер мен қайраткерлер – Кәкімжан Қазыбаев, Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Ахат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбек, Темірхан Медетбек, Жұмабек Кенжалин, Самат Ибраим, Мұхитдин Салқынбаев, Аманхан Әлімұлы сәтті жалғастыра білді. «Ақиқаттың» редакторлық ұжымы уақыт пен заман талабына сай өзгеріп келсе де, басылымның ел өміріндегі бет-бейнесі дәл сол қалпында. 100 жылдық белесіне толайым табыс пен ғибраты мол өнегелі шежіресімен жетіп отырған басылымның алдағы уақытта да қазақ руханиятының шамшырағы болып қала беретіні сөзсіз!

2870 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз