• Ел мұраты
  • 28 Сәуір, 2021

ӘЛ-АУҚАТТЫҢ АРТУЫ – БАСТЫ КӨРСЕТКІШ

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы бас редакторының орынбасары

 

Мемлекеттің маңызды стратегиялық бағдарламалары халықтың әл-ауқаты жоғары болғанда ғана орындалады. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен жоспарлардың орындалуы, жұмыспен қамту мәселелері қаралған экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесте халықтың өмір сүру деңгейін жақсартатын шешімдер қабылдауды  ұсынған болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте жұмыс орындарының жаппай қысқаруына және тұрғындар табысының азаюына жол бермеуді тапсырып, әлеуметтік салаға ерекше назар аударды. Әсіресе қазіргі пандемия кезінде халықтың әл-ауқатын төмендетпеу өзекті болып отыр.  

Атақты грек философы Аристотель мемлекет тұрақтылығы туралы тұжырым­дарында елдегі әл-ауқаты төмен топтардың жағдайын назардан тыс қалдырмауға шақырады. «Кедейлік бүлік пен қылмыс тудырады. Орта табы жоқ, кедейі көп елдің болашағы күмәнді»  дейді ойшыл. Ал социолог ғалым Г.Спенсер адамзат қоғамында әлеуметтік теңсіздіктің болмауы мүмкін еместігін келтіреді. Яғни, оның пікірінше, кедейшілік – қоғам дамуының қозғаушы күші,  адамдар кедейлікті жеңу үшін әрекет жасап, жетістікке жетуге тырысады. Бұл да тіршілік үшін күрестің бір түрі дейді ол. Жалпы алғанда кедейшілік проблемасы – бүкіл әлемге тән мәселе. Дүниежүзі бойынша қазіргі таңда 1 миллиардтан астам адам шектен тыс кедейшілік жағдайында өмір сүреді. Осыған байланысты 2000 жылы әлемнің жетекші елдерінің басшылары БҰҰ-ның Мыңжылдық декларациясын қабылдады. Онда кедейшілік деңгейін азайтуға бағытталған жаһандық іс-шараларды жандандыру міндеттелді, тұрғындардың денсаулығын жақсарту, әлеуметтік жағдайды көтеруге бағытталған іс-шараларды қолдау, адам құқықтарын қамтамасыз ету, экологиялық тұрақтылықты сақтау мәселелері тұжырымдалды. Декларацияда нақты бағдарлар белгіленіп, кедейшілікті азайту қарастырылды. 2002 жылы мемлекеттер басшылары Мексикада бас қосып, дамушы елдердегі кедейшілікті жою жөніндегі Монтеррей консенсусын қабылдады. Бұл жаһандық деңгейдегі жиын да экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін адамдардың әлеуметтік ахуалының маңызды екеніне арналды.

Қоғамның тұрақты дамуы үшін кедей­шілік мәселесінің себеп-салдарын, дең­гейін білу, зерттеу өте қажет. Мәселен, кедейшілік адамдарда психологиялық қолайсыздық тудырады. Олардың көбі өзінің шарасыздығын, кедейліктен құтыла алмайтынын мойындап, жағдайдан шығуға тырыспайды. Ғалымдардың айтуын­ша, кедей адамның сипатты белгісі – шектен тыс агрессивтілік, ашу-ыза немесе кері­сінше, торығу, өмірге немқұрайдылық, салғырттыққа салыну. Олардың арасында содырлық әрекетке бейімділік те кездеседі. Сондықтан, бұл тұрғыдан алғанда кедейшілік шегіндегі адамдар психологиялық жәрдемге де мұқтаж.

Кедейшілік проблемасын зерттеуге көзқарас әртүрлі. Дамыған елдерде депривациялық (латынша deprivatio – бірдеңеден айрылу, жоғалту)  тәсіл дамыған, ал дамушы елде – абсолют кедейлік концепциясы. Дамыған елдерде кедейліктің жағдаяттық типі басым. Яғни, тұрғындардың бір бөлігі кездейсоқ жағдайдан немесе қоныс аудару, жұмыстан айрылу, науқастану, ажырасу, т.б. салдарынан белгілі бір уақытқа кедейлікке ұшырауы мүмкін. Дегенмен жағдаяттық кедейліктің басты себебі – жұмыссыздық. Сол себепті жұмыссыздық деңгейі мен елдегі кедейлік деңгейі арасында тікелей тәуелділік бар. 

Кедейшілік проблемасы экономика мен социология тұрғысынан қарастырылады. Экономикалық жағынан жұмыс істейтін азаматтар мен жұмыссыздар саны салыс­тырыла талдау жасалып, жұмыс істейтін адамдардың өзіне және отбасына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету қабілеті есептеледі. Тұрғындардың әлеуметтік қорғалуы төмен болған сайын кедейшілік ықтималдығы да жоғары. Әлеуметтік теңсіздік пен кедейшілік проблемасы әлеуметтік  стратификациямен тығыз байланысты. Теңсіздік ресурстардың адамдар арасында әркелкі бөлінуінен туындайды. Бұл ретте әлеуметтік мәртебе, қаржы, билік, білімге қол жеткізу мүмкіндігі есептеледі. Бірақ теңсіздік елдегі барлық азаматтарға қатысты болғанмен, кедейлік тұрғындардың белгілі бір бөлігіне ғана тән.

Кез келген мемлекеттегі кедейлік шегінде өмір сүретін адамдардың саны – елдің әлеуметтік, экономикалық даму деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін басты көрсеткіш. Ол басқа әлеуметтік индикаторлардың ішінде ең көрнектісі. Тар мағынада алғанда, кедейшілік дегеніміз азаматтың негізгі  қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтын жағдайы. Кедейшіліктің шегін неғұрлым дәл анықтау – оларға тиімді әлеуметтік көмек көрсету әдістерін табудың кепілі. Сонымен бірге, елде кедейлердің саны көп болса бюджеттен әлеуметтік көмекке бөлінетін шығын орасан зор болады және бұл өзге адамдардың әл-ауқатына әсер етеді. Кедейшілікті ең маңызды көрсеткіштерді есептеу және салыстыру жолымен есептейді.  Оған тұрғындардың табысы, ең төменгі күнкөріске қажетті тауарларды сатып алу қабілеті кіреді. Бұл ретте әлеуметтік  топтардың стандарт индикаторлар арқылы даму ерекшелігі ескеріледі. Яғни, ол қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік қаншалықты күшті, тұрғындардың тұрмысы қаншалықты төмен, осыны бағалауға мүмкіндік береді. Еуропалық Одақта енгізілген терминология бойынша кедейлер – әлеуметтік активі, мәдени және материалдық қоры өте аз адамдар. Сол себепті олар дұрыс өмір сүру салтынан тыс қалады.

Кедейшіліктің бір сатысы – табыстың төмендігі. Яғни, тұрғындардың белгілі бір бөлігі ең маңызды қажеттілігінің бірнешеуін  қанағаттандыра алмайды. Ал қажеттіліктің үш-төртеуіне қол жеткізе алмаса, онда бұл кедейшілік деп есептеледі. Депривация – өмірлік маңызды  қажеттілігінің бес немесе одан көп түрін қанағаттандыруға мүмкіндігі  жоқ адамдар санатына қолданылатын ұғым. Егер мамандар әзірлеген  тізімдегі қажеттіліктерге қол жеткізе алмайтын адамдар тобы ел халқының басым көпшілігі болса, онда бұл сол елдегі кедейшіліктің шектен шығуы дегенді білдіреді.    

Дегенмен, өмір сапасы деңгейін бағалау, есептеу оңай емес. Орташа жан басы табысына қарай есептеу нақты жағдайды бере алмайды. Сондай-ақ көптеген адамдар табысын жасырады, азайтып немесе көбейтіп айтады. Күнделікті табысынан тыс қоры бар отбасылар да бар. Сондай-ақ табысы бірдей отбасылардың өмір сүру салты әркелкі, бұл да кедейлікке субъективті көзқарас туғызады. Адамдардың баспанасы бар-жоғын, күнделікті пайдаланатын заттарын, техникасын, киімін зерттеу арқылы алынған ақпаратқа қарап та өмір сүру деңгейін бағалауға болады. Бұл заттар адамның тұрмыс деңгейін, өмір салтын, мінез-құлқын білдіреді. Әдетте өмір сүру үшін ең қажетті заттарға тоңазытқыш, теледидар, шаңсорғыш, жұмсақ жиһаз бен заттар сақтайтын шкафтарды жатқызады. Егер аталған тізімдегі екі зат жоқ болса, ендеше ол адам кедейлік шегінде тұрады делінеді. Бұл ретте заттардың сапасы ескерілмейді, себебі заттың бар/жоғы туралы факті жеткілікті. Отбасының мүлкі, қоры да назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл ретте тұрмыстық заттардың ескіруі де ескеріледі.Сондай-ақ кедейлік пен тұлдыр кедейліктің  айырмашылығы бар. Кейбір ғалымдар  «тұлдыр кедей» санатына кедейлік шегінде өмір сүретін, қарызға батып кеткен және қажетті мүлкі (техника, жиһаз, киім) мүлде жоқ адамдарды жатқызады. Олардың табысы кедейден де төмен.

Ресми түрде кедейшілікті мемлекетте бекітілген күнкөріс минимумы мен адамның табысын салыстыра отырып бағалайды. Бұл әдіс қаражатты ғана емес, денсаулық сақтау деңгейін, бала өлімі көрсеткішін, орташа өмір сүру ұзақтығын және білім алу мүмкіндігін есепке алады. Әлемдік практикада кедейшіліктің үш негізгі концепциясы бар: абсолют кедейшілік – кедейшілік шегі ұғымымен байланысты. Кедейшілік шегі – адам кедей деп есептелетін табыс немесе тұтыну деңгейі. Абсолютті кедейлік – тұрғындардың бір тобының өмірлік маңызды қажеттіліктерге қол жеткізе алмауы. Ол қажеттіліктер: баспана, тамақ, киім. Абсолют кедейшілік табысы немесе тұтыну деңгейі белгіленген шектен төмен адамдар санымен немесе үй шаруашылығымен есептеледі. Дүниежүзілік банк абсолют кедейшілік шегі деп күніне 1,25 америкалық доллардан аз ақшаға күнелтуді айтады. 2015 жылы ДБ оны 1,9 долларға жеткізді (800 теңге).    

Салыстырмалы кедейшілік. Бұл тұжы­рымдама бойынша кедейшілік ме­диандық табысқа қарай есептеледі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда медиандық жалақы 170 мың теңге болды.  Яғни, статистика бойынша қазақстандықтардың көпшілігі осы мөлшерде жалақы алады. Салыстырмалы кедейшілік концепциясы қоғамның әлеуметтік жіктелуінің, теңсіздіктің міндетті белгісі. Және ол барлық уақытта бола береді. Әлеуметтік топтардың өмір сүру стандарттары өссе де салыстырмалы кедейлік сақталады.  Ал  абсолют кедейшілікті жоюға болады.

Субъективті кедейшілік – индивидтің өзін кедеймін деп есептеуі. Табысы аз адамдар қоғамдағы игіліктерге, қызметтерге қол жеткізе алмайды. Тіпті ең қажетті тауарларды сатып ала алмайды, сапасыз тағам ішеді, білім алуға, денсаулығын сақтауға, дұрыс баспана алуға мүмкіндігі жоқ.

Кедейшілікті есептеудің ең дұрыс әдісі – тұрғындардың табысын емес, тұтыну шамасын есептеу. Тұтыну деңгейіне қарап не нәрсеге қол жеткізе алмайтынын білуге болады. Мысалы еліміздегі ауылдық жерлердің тұрғындары негізінен маусымдық табыспен күн көреді. Тұтыну деңгейі де соған қарай тербеліп тұрады. Одан бөлек, жер иеленудің әділетсіз құрылымы, шаруаларда жердің болмауы,  агробизнес кәсіпорындарының, егістік пен жайылымдық жерлердің жеке адамдар қолына шоғырлануы ауыл тұрғындарының кедейленуіне алып келді. Кедейшілік шегінде өмір сүретін адамдар санын банктерден несие алу көрсеткіші арқылы да анықтауға болады. Мәселен, Қазақстанда халықтың көп бөлігі баспананы, тұрмыстық заттарды несиеге алады, жастар несие алып үйленеді. Бұл да отбасы табысының төмендігін білдіретін көрсеткіш.

Кедейшілікті анықтау үшін социологтар балама әдістерді ұсынады, мәселен, базалық тұтыну кәрзеңкесі. Кәрзеңкедегі қызметтер, заттар тізімі әр елде әртүрлі. Мысалы АҚШ-та оған медициналық сақтандыру, Англияда банк есепшоты кіреді. Негізінде батыстың дамыған елдері өздеріндегі кедейлер саны туралы деректерді жариялап отырады. Мәселен, АҚШ-та кедейлер саны 2020 жылы 8 млн адам, Германияда – 15 млн (2017 ж.). Қырғызстандықтар елдің жартысына жуығы кедей деп жазады (2213,1 мың адам). 

Қазақстанда да кедейшілік – өзекті әлеуметтік мәселенің бірі. Оған  тиісті назар аударылып, саясаткерлер, экономистер, ғалымдар зерттеп, қарастырып келеді. Алайда бүкіл әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты экономиканың көптеген салаларындағы дағдарыс тұрғындардың әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр.

Себептер мен салдар

Қазіргі заманғы әлемдегі басты әлеуметтік проблеманың бірі саналатын кедейшілік мәселесінің түрлі себептері мен алғышарттары бар және ол кешенді құбылыс. Кедейшілік – индивидтің немесе әлеуметтік топтың өмір  сүруге,  еңбекке қабілеттілігін сақтауға, ұрпағын өрбітуге қажет минимал   қажетттіліктерінің белгілі бір тобын қанағаттандыра алмауын білдіретін экономикалық жағдайының сипаттамасы. Кедейшілік салыстырмалы, яғни қоғамдағы өмір деңгейінің жалпы стандартына, әлеуметтік жіктелуге байланысты көп мәнді ұғым (Джини коэффициенті, т.б.).

Кедейшіліктің шығу себебі саналуан, өзара байланысты және әртүрлі. Оларды былай топтауға болады: 

Экономикалық: жұмыссыздық, экономикалық теңсіздік, оның ішінде аз жалақы, еңбек өнімділігінің төмендігі, саланың бәсекеге қабілетсіздігі.

Әлеуметтік-медициналық: мүгедектік. Сарапшылардың айтуынша, ең басты себептер: ауқатты адамдардың  салық төлеуден жалтаруы, жұмысшылар жалақысының қысқаруы, еңбекке  ақы төлеудің максимал және минимал деңгейі арасындағы айырмашылықтың ұлғаюы. 

Кейде адамның кедей болуы оның өзіне байланысты еместігін де жоққа шығаруға болмайды немесе адам кейде өзін сол жағдайға жеткізеді. Экономистер елдегі кедейшілікті шиеленістіретін негізгі себептерді былайша бөледі: саяси (әскери жағдай), медициналық, әлеуметтік (мүгедектік, кәрілік), қаржылық (девальвация, дағдарыс, аз жалақы), географиялық (қолайсыз ареалдар, артта қалған өлке), демографиялық (толық емес отбасының көбеюі), жеке тұлғалық (маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындар), біліктіліктің төмендігі (білімнің жетіспеуі). 

Кедейшілікте өмір сүретін адамдардың әлемге көзқарасы, өмірлік ұстанымдары, бала тәрбиелеу сипаты, ұмтылысы бөлек. Олар үнемі кедейлік қамытын киіп өмір сүруіне байланысты, дербес субмәдениеттің  қалыптасуына әкеп соғады. Кедей отбасы балалары осы ортада өседі, олардың мінез-құлқы мен қарым-қатынасына орай тұңғиықтан шығуға қабілетсіздік болуы ықтимал. Америкалық социолог О.Льюис кедейлікте өмір сүретін адамдарда маргиналдық сезімі орныққан, оларға шарасыздық, тәуелділік, қоғамнан тыс қалушылық тән деп жазады. Олар өз елінде өзін өгей сезінеді. Егер мемлекеттік құрылымдарда олардың мүддесі ескерілмесе, олар өздерін толыққанды азамат санамайды, қоғамдық игіліктерден шетқақпай қалады. 

Кедейліктің басты белгісіне нашар баспана, ауырса дәрі-дәрмек ала алмау, жақсы дәрігерге бара алмау, жақсы киім кимеу, тіпті мүлде киім ала алмауды жатқызады. Олардың көбінің денсаулығы төмен. Кейбір сарапшылардың айтуынша, кедейлікте өмір сүретін ата-аналар өздері өмірде жетістікке жетпеген соң, балаларын да табысқа бағдарланған құндылықтар мен мінез-құлыққа баули алмайды. Өйткені кедейшілік өзін және балаларын материалдық жағынан қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Кедейлік адамдардың білім алуына, кәсіби біліктігін көтеруіне кедергі жасайды, сөйтіп дискриминацияны қоздырады, қоғам дамуын тежейді. Материалдық кедейлік салдарынан кәмелетке толмаған балалар өз отбасына көмектесу үшін ерте еңбекке араласады. Болмашы ақы үшін уақытында білім алмаған балалар кейін жалақысы аз жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Зерттеушілердің айтуынша, ұзақ уақыт кедейлікте өмір сүрген адам осы нүктеде қалып қояды, жақсы өмірден үмітін үзеді. Кедейлік адамның материалдық әл-ауқатына, денсаулығына, психологиясына әсер етуімен қоса, олардың тұтынушылық қабілетінің төмендеуі мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына да кері әсерін тигізеді. Кедейшілік адам потенциалын дамыту индексіне де кері ықпал етеді.  Адам дамуының жиынтық көрсеткіші: өмір ұзақтығы және денсаулық, білім, лайықты өмір деңгейі. Табысы төмен адам бұл игіліктерден тыс қалады.

Дамушы елдерде кедейліктің әлеуметтік динамикасының басым типі – созылмалы және/немесе толқымалы, ал дамыған елдерде – жағдаяттық. Дамушы елге тән тағы бір сипат, жұмыс істейтін адамдар да кедейлікке ұшырауы мүмкін (егер ол бюджет секторы болса). Қазақстанда бұл өзекті мәселенің бірі. Ол мемлекеттің мамандар еңбегін жеке компанияларға  қарағанда сараң бағалауынан, аз жалақы төлеуінен туындайды. Бұл екі  сектор жалақысы арасындағы айырма бірнеше есеге жетуі мүмкін. Сол себепті жоғары білімді адамдардың бір бөлігі кедейлік шегінде өмір сүруі таңғаларлық емес. Жұмыс істейтін адам күнкөріс шегінен жоғары жалақы алса да, бүкіл салықтарды, басқа да қызметтерді төлеген соң қолында қалған қаражаты күнкөріс минимумынан аз боп шығады.

Кедейшілік: цифрлар сөйлейді

Елдің ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) көрсеткіші төмен болған сайын ол елде әл-ауқаты төмен адамдар көп болады деп есептеледі. Бірақ кедейшіліктің дендеуіне басқа да факторлар ықпал етеді. Мысалы, 2013 жылы елімізде ЖІӨ 6%-ға өсті, келесі жылы тағы көтерілді (4,3%). Демек, ЖІӨ өсіміне сәйкес аз қамтылған азаматтар саны өспеуі тиіс еді, бірақ іс жүзінде олай емес.  Өйткені ЖІӨ өзгерісімен қоса ұлттық валюта бірнеше есе құнсызданды, ал импортталатын тауарлар көлемі ұлғайды. Осы іспетті факторлардың барлығы қосыла келе кедейлік шегіндегі  тұрғындардың санын көбейтеді.

Ресми статистика бойынша, 2019 жылы тұрғындардың 4,3%-ы аз қамтылған адамдар болды (яғни белгіленген күнкөріс минимумынан төмен табысқа ие). Шартты түрде кедейлерді екі топқа бөлуге болады: табысы бойынша – статистикада келтірілгендер, екіншісі – табысы бар болса да қиыншылықта өмір сүретіндер (науқастық, мүгедектік, т.б.) . Сарапшылар Қазақстанда кедейлік жұмыс істейтін адамдар арасында күшейгенін айтады. Бұл жалақының төмендігінің әсері. Табыс төмендеуінің себептері: теңге девальвациясы, бюджет қызметкерлері жалақысын индекстеудің қысқаруы, әлеуметтік төлемақыларды алу шарттарының қатаңдауы, т.б. Бұл ретте тұрғындар табысының мемлекеттік бюджетке тәуелділігі артуда: жалақы мөлшерінің қысқаруы себепті қазақстандықтардың табысы  құрылымындағы әлеуметтік төлемдердің үлес салмағы жоғары.  

Қазақстанда ең бай азаматтар мен ең кедей адамдар арасындағы  әлеуметтік жіктелу  ұлғайып барады. Академик, экономист ғалым Аманжол Қошанов 2012 жылы ең бай мен ең кедей топ өкілдерінің табысы арасындағы айырмашылық 30 есе болғанын жазды. Ал дамыған елдерде ол көрсеткіш 4,8 шамасынан аспайды. Яғни, децильдік коэффициент үнемі өсуде.

Ауыл тұрғындары арасында кедейшілік қала тұрғындарына қарағанда үш есеге жоғары. Бұл адамдар ауыл шаруашылығының күйреуінің құрбандары. Шағын қалаларда өндіріс жоқ, сәйкесінше жұмыс орындары жетіспейді. Бұл қазақстандық экономикада  мұнай-газ секторының қызметін қамтамасыз етуге баса мән беріліп, диверсификация жүргізілмеуінің салдары.

Осылайша, қазақстандық кедей  дегеніміз – бұл түрлі себептермен төмен жалақы төленетін жұмысты істеуге мәжбүр адам. Кедейлік елдегі өмір сүру деңгейі нашарлай қалған бір жылғы құбылыс емес, ол ұзақ мерзімдік сипатқа ие: жұмыссыз қалған адам басқа жұмыс таба қоюы қиын, жақсы жұмысқа тұру үшін кемінде 2-4 жыл оқу керек, білім үшін тағы ақша керек. Баланы өсіріп, тәрбиелеуге де қаражат керек. Осылайша кедейлік құрдымға тарта береді. Егер он жыл бұрын аз қамтылған адамдар өздерін ертеңгі күнмен жұбатса, ал соңғы жылдары кедейлік қамытына мойынсұнған адамдар саны күрт өскен.  Өндірістік және басқа тауарларға, коммуналдық қызметке бағаның үздіксіз өсуі бұл көрсеткішті көбейтпесе азайта қоймайды. Ұлттық валютаның құнсыздануы тоқтамай жатыр. Сарапшылар соңғы жылдары теңге 65%-ға арзандағанын айтады.

Ресми статистика бойынша Қазақстанда кедейлер саны жылдан жылға азайып келеді, республикадағы өмір сүру деңгейі дамыған елдермен теңесуге жақын.  Бірақ кедейлік шегі жылдан жылға өсуде, 2017 жылы оның мөлшері күнкөріс минимумының 40%-ы болса, қазір 50%-ға өсті. 2020 жылғы пандемияға байланысты төтенше жағдай кезінде жұмысқа қабілетті халықтың жартысынан астамы, 4,6 миллионға жуық адам 42500 теңге мемлекеттік жәрдемақы алуға мәжбүр болған.

Қазақстан заңнамасы бойынша, атаулы әлеуметтік көмек табысы кедейлік шегінен аспайтын адамдарға беріледі. ҚР Әлеуметтік қорғау және еңбек министрлігінің дерегіне сәйкес, 2014 жылы атаулы көмекті 136 мың азамат алған. 2017 жылы – 97 мың адам. 2020 жыл қорытындысы бойынша, атаулы әлеуметтік көмек 936,2 мың адамға тағайындалған. Оған бюджеттен  75,3 млрд теңге бөлінген. АӘК отбасының әр мүшесіне шаққанда орташа табыс күнкөріс минимумының 70%-нан төмен болғанда тағайындалады. Демек, бір миллионға жуық адам мемлекет көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. 

Елімізде кедейлік құбылысы шартты түрде үш деңгейге бөлінген.

Кедейліктің екінші деңгейі азық-түлік кәрзеңкесінің құны бойынша анықталады. Азық-түлік кәрзеңкесі күнкөріс шегінің 70%-ын құрайды. Ресми түрде Қазақстанда азық-түлік кәрзеңкесі мөлшерінен төмен табысы бар адамдар жоқ. Бұл кәрзеңкеге адам өмір сүруі үші ең қажет тағамдар, тауарлар мен қызметтер жиынтығының құны кіреді. 2019 жылы күнкөріс минимумы 29698 теңге болды. Оның 16238 теңгесі азық-түлікке және 13360 теңгесі азық-түлік емес тауарларға деп есептелген. 2021 жылдың басында күнкөріс минимумы 32668 теңге болды, ал ең төменгі жалақы мөлшері – 42500 теңге. 

Кедейлік шегі – Қазақстандағы кедейліктің ең төменгі деңгейі. Бұл өте маңызды көрсеткіш. Кедейлік шегі көрсеткішінің өте төмендетілуі себепті шын мәнінде кедей, құрыққа сырық жалғап күн көріп отырған отбасылар бұл санатқа ілікпейді. Мәселен, айына 42500 мың теңге алатын ер адамның отбасында 4 адам болса, олар кедей болып саналмайды. Ал бір адам бір айда он мың теңгеге өмір сүре алмайтыны белгілі. Бұл көрсеткіш әр өңірдегі жағдайға байланысты әркелкі.  

Тұрғындардың тұрмыс деңгейін олардың тұтыну қабілетіне қарап та білуге болады. Қазақстандық әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институты (КИСЭИП) қызметкерлері жүрізген әлеуметтік зерттеу бойынша, тұрғындардың 26%-ның материалдық жағдайы ауыр. Орташа жағдайда – 40,5%.  Тамаққа ғана ақша жұмсай алатындар – 17,5%. Тамаққа да ақшасы жетпейтіндер – 4,6%. Тұрғындардың түрлі топтары ақшаны табысына қарай жұмсайды.  Ұлттық статистика бюросы мәліметі бойынша, 2020 жылы қарапайым қазақстандық тұрғын бір айда азық-түлікке 15090 теңге жұмсаған. Ал ауқатты топта орташа көрсеткіш бір тұтынушыға – 74698 теңге.  Азық-түлік емес тауарларға кедей қазақстандық айына 5691 теңге жұмсаған, ал бай қазақстандық дәл сол тауарларға 38877 теңге жұмсапты. Ақылы қызметтерге аз қамтылған топ өкілдері орташа бір адамға айына 3452 теңге, ал ауқатты топ өкілі дәл сол қызметтерге – 21668 теңге жұмсаған. 

Кедейшілік генезисін зерттеуші белгілі ғалым, Нобель сыйлығының  лауреаты А.Сен тұжырымы  бойынша, басты себеп – қаражатты бөлу механизмінің дұрыс еместігі.  Мәселен, түрлі сала өкілдерінің жалақысы: өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлері – 75 000 теңге, құрылысшылар – 81 мың теңге, ауыл шаруашылығы жұмыскерлері – 32 мың теңге. Ал ауылда ел тұрғындарының 43 пайызы тұратынын ескерсек, ондағы әлеуметтік ахуалдың қандай екенін байқауға болады.

Жалпы кедейшілікті қаржылық жағдай күрделендіретіні белгілі.  Елімізде көптеген азаматтардың тұрақты жұмысы бар, бірақ жалақы көлемі өте төмен болғандықтан өздерін барлық жағынан шектеуге мәжбүр. 

Кедейлік деңгейін төмендету тетіктері

Кедейшілік адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді, толыққанды азамат сезіндірмейді, адам құқығына қайшы құбылыс. Сол себепті кедейлікпен күресу және оның деңгейін қысқарту кез келген өркениетті елде басымдық болуға тиіс. Кедейліктің себептерін қарастырған зерттеушілер тиімді әлеуметтік саясат жүргізу арқылы оны жоюға болатынын айтады. Өмір сүру деңгейін көтеру үшін тұрғындардың көпшілігінің табысын ұлғайту қажет. Әлеуметтік салаға қомақты қаражат құю үшін елдің, өңірдің, облыстардың бюджетінен тұрақты қаржы бөліп отыру керек. Қосымша бюджеттен тыс қорлар мен әлеуметтік қорлардан қаражат алуға болады.

Қазіргі заманғы кел келген мемлекетте өзінің әлеуметтік қорғау жүйесі бар. Бұл институттың жұмысының ең маңызды бағытының бірі –  кедейшілікпен күрес. Кедейлікпен күресудің дамыған елдерде қолданылатын екі әдісі бар. Мәселен, бірінші кезекте мемлекет минималды табыс деңгейін барынша жоғарылатады. Екінші жолы – күрделі жағдайға тап болған әрбір адамға дер кезінде тиімді көмек беру. Қазақстандағы кедейшілікті еңсеру үшін өнеркәсіп орындарын ашу, ел экономикасын тұрақтандыру, барлық жерде жалақы деңгейін көтеру қажет. Тұрмыс көтерілсе өмір сүру салты да жақсарады. Кедейлікті төмендету бойынша негізгі мемлекеттік іс-шаралар: өндіріс өсуі үшін жағдай жасау, сөйтіп тұрғындар табысын  ұлғайту; әлеуметтік-бағдарлы нарықтық экономикаға өту, байлар мен кедейлер арасында табысты неғұрлым әділетті бөлу үшін прогрессивті салық енгізу; макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау; инфляцияға қарсы саясат; еңбекке ақы төлеудің төменгі деңгейін елдегі орташа жалақының 40%-нан төмендетпеу;  әлеуметтік бағарламалар мен оларды іске асыру тетіктерін әзірлеу.

Қорыта айтқанда, Қазақстандағы кедейшілік құбылысын талдауды өзара байланысты факторлар кешенін бағалай отырып жүргізу қажет. Кедейшілікпен күрес – жан-жақты талдап, зерттеп-зерделей отырып шешім қабылдауды қажет ететін маңызды міндет. Бұл мәселе мемлекеттің қатысуынсыз шешілмейді. Саясаткерлер, экономистер, социологтар бірлесіп, қалыптасқан жағдаят пен оның динамикасын талдап-таразылап, мемлекеттегі нақты жағдайға қарай тиімді жолын таңдайды.

Әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу қажеттілігі және тұрғындарды бүкіл ел мен азаматтардың өміріне ықпал ететін шешім қабылдау процесіне тарту азаматтық қоғам құру қағидасына сай келеді және кедейшіліктің алдын-алуға ықпал етеді. 

 

795 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз