• Ел мұраты
  • 28 Сәуір, 2021

ПАРАСАТТЫ ЖАСТАР – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

Бүгінде Отан туралы ойлануға мұрша бар ма? Ата-бабамыз не деген? «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл», «Отан отбасынан басталады», «Құртақандай торғай да өз ұясын қорғайды», «Отанын сүйген отқа жанбайды, суға батпайды», «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деген данышпан аталарымыз. Туған жердің қадір-қасиетін сеземіз бе? Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық емес пе. Туған жердің жусаны жұпар. Туған жердің тасы да таныс. Олай болса,  әркімнің өз жері – жұмақ, әркімнің жүрген жері – Мысыр шаһары. Ел қадірін білеміз бе? Қашан да кеңесті ел кемімейді. Біле білсек, елді іс біріктіреді, сөз бұзады. Ел аузы – дуалы. Елің – төрің. Ел жасымен көрікті, тау тасымен көрікті, аяқ асымен көрікті. Өзін-өзі білген ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты. Еліңді сүйсең, ерлік істейсің. Туған елің болмаса, тумай-ақ қойсын Күн мен Ай. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме ел даналары. Елді ер теңестіреді. Ердің баласы – елдің панасы. Тілін білмеген тіленіп, дінін білмеген күйініп, елін білмеген күйзеліп өлер. Олай болса, белің бүгілсе де, елің бүгілмесін делік. Құлан қайда семірсе, сол жерге түгін төгеді емес пе, бұлт қайда төнсе, тамшысын сонда себеді емес пе, ел қайда қоныстанса, күлін сонда үйеді емес пе. Демек, ел ділімен танылмақ. Өнерсіз елдің өрісі тар. Ендеше, миға ерген дене азбайды, милыға ерген ел озбайды. Күшке күш қосылса – құп, елге ел қосылса – құт. Талқы – елге пайда, тамшы – жерге пайда екенін ескерелік! Тоқетері, осы секілді ата-бабаларымыздың тағылымы мол қасиетті өсиеті замандар бойы мысқалдап жиналған, ақыл-ой сүзгісінен екшелген, сұрыпталған өмір тәжірибесінің, тарихи зерде-санасының даналық қорытындысы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, отаншылдықтың, адамгершіліктің ереже-қағидасы емес пе?!

Осы және өзге де жастарды маза­лайтын өзекті мәселелер төңірегінде Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының ғы­лыми қыз­мет­­­керлері мен универ­ситеті­міз­­дің студенттік өзін-өзі басқару ұйымының мү­ше­лері дөң­гелек үс­тел ба­сында келелі кеңесте бас қосты. Ке­лелі кеңеске онлайн және офлайн форматы арқылы университеттің «Рухани жаңғыру» институтының директоры Қыдыршаев Абат Сатыбайұлы, ғылыми қызметкерлер Шайхиев Тұрар Төлегенұлы, Алдоңғарова Әйгерім Тоқтарқызы, әдіскер Қабдірахимова Жанар Қабдірахимқызы, университет ректорының жалпы мәселелер жөніндегі көмекшісі Дүйсенбаев Төрехан Ерсайынұлы, жастар комитетінің жетекшісі магистр Қонысбаев Абылай Оңғарұлымен бірге университет студенттерінің өзін-өзі басқару ұйымының жетекшісі, сту­денттік ректор Жандос Меңдешұлы, жаратылыстану-география факультетінің студенттік деканы Мейрамбек Аман­гелдиев, филология факультетінің студенттік деканы Сауат Берікқали,  физика-математика факультетінің студенттік деканы м.а. Аружан Ихсанова, педагогика факультетінің студенттік деканы м.а. Ділназ Оразбекова, БҚУ «Жас Отан» ұйымының жетекшісі Айбарша Түмен және бір топ белсенді студенттер – Аяжан Қуанышева («филология: қазақ тілі» мамандығы), Гаухар Бақытжанова (тарих, экономика және құқық факультетінің студенті), Аружан Бисенғалиева (филология факультеті), Ербатыр Тілекешов (физика-математика факультеті), Диана Жұмашова (физика-математика факультеті), Динара Қанашова (жаратылыстану-география), Гүлсезім Төлегеновалар (мәдениет және өнер факультеті) қатысты.

Бүгінде заманауи әлемдегі рухани жаңғыру құндылықтары негізіндегі берік рухани иммунитеттің қажеттілігі айқын. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлтты рухани жаңғырту бағытындағы мақаласында баса айтылған түйінді тезистер қазақ елінің зиялы қауымын саналы ұрпақтың рухани тұрғыдағы тазалығы, рухани байлығы туралы тереңірек ойлануға жетелеуде.

Рухани жаңғыру ұлттық рухы жоғары азаматтардың азаюына алаңдаушылықтан да туындап отыр. Себебі адамды ұлтымен, тілімен қатар, мәдениеті де, салт-дәстүрі де, табиғаты мен тарихы да байланыстырмақ. Мәселен,еврей халқында ұлт болашағына қатысты бір өлшем бары мәлім. Оларда егер ұлттың 18 жасқа дейінгі жастарының 40%-ы ана тілінде сөйлесе, ол ұлттың 40 жыл өмірі бар, ана тілін меңгерген жастардың саны өсіп, азайған сайын ұлттың ғұмыры да өседі не өшеді делінеді.Ақиқаты сол – тек рухани жан-дүниесі бай ұрпақ қана елдік мәселелерге бет бұрмақ, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін сезе алмақ, біле алмақ. Бұл – аксиома! Бұл – елдің, жердің біртұтастығының, мемлекеттің мәңгілігінің, ұлт сақталуының негізгі кепілі. Ал жалпақ әлемді аузыңа қарату үшін, рухани ерлік керек, жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін, рухани байлық керектігін дөп шегелеген әйгілі көсемсөзгер Әбіш әлеміне үңілсек,  «рухани ерлік», «рухани байлық», «рухани өмір», «рухани күшті адам», «рухани максимализм», «рухани енжарлық», «өзін-өзі рухани шыңдай білуі», «рухани тәжірибе», «рухани жалдаптық», «рухани көлгірлік», «рухани мүгедектік», «рухани мүгедек», «рухани алаяқтылық», «рухани экология», «рухани адалдық», «рухани жанқиярлық», «рухани нақұрыстық», «рухани қайсарлық», «рухани әлем», «рухани микроб», «рухани иммунитет», «рухани бедерсіздік» секілді  ұғымдарды кездестіреміз. 

Жасыратыны жоқ, бүгінгі сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамдағы рухани мәселеге келсек, кей тұстарда күйзеле сөйлесек те, қорына, торыға сөйлеуден аулақпыз. Десек те, бүгінгі идеологиялық ахуалдың біраз тұстары ойландырмай қоймайды. Ең бастысы – науқаншылдық, осы маңызды іске үстірт қарау. Бағдарлай білсек, әрбір жеңіл-желпі іс-әрекеттің де терең себеп-салдары бар. Нақтырақ айтар болсақ, біздің халқымыздың рухани өмірінде саяси проблемалардан гөрі адамгершілік проблемалары үстемірек орын алатын сынды. Мәселен, классик жазушы өзі тұңғиығына бойлаған  әдебиетте іскер адамды да, қарапайым адамды да емес, рухани күшті адамды көрсетуді қалайды. Себебі, рухани бай адам – ең алдымен, арлы адам. Ал арлы адам – ең күшті адам. Өйткені, ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсынбайды. Сондықтан оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, бірақ та өкінішті болуы мүмкін емес. Шынайы әдебиет – ұлттың рухани бейнесі. Ойшыл Әбіш Кекілбаев сананың рухани жаңғыруы турасында айта келе, қазіргі гуманистік әдебиет адамдарды рухани енжарлықтан, жалқаулықтан, көрсеқызарлықтан, ләззатқұмарлықтан, баққұмарлықтан, даңққұмарлықтан сақтай білуге тиістілігін қозғайды. Жазушы әдебиеттің негізгі міндеті ретінде әшкерелеу де, дәріптеу де, ақыл айту да, алдарқату да емес, адамдарды адамдық тіршілікті әуелі өзі жете түсініп, сосын оқушысын жете түсіндіріп, оның өзін-өзі рухани шыңдай білуіне түрткі болуы тұрғысында пайымдайды. Шынында да, ойлап қарасақ, ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы – өзіміз бастан кешкендерден түйген азды-көпті рухани тәжірибеміз. Одан қол үзген қауым – келешегінен қол үзген қауым. 

Тәуелсіздік тұсында халқымыз талай дүниені ой елегінен өткізе білді десек те, рухани салада әлі де пәрменіміз төмен. Ел жаңаруда, десек те сананың жаңаруы баяу. Ұлтсыздық отбасылық тәрбие, ақпарат ағынымен, әлеуметтік ортаның ықпалымен жалғасуда. Сыртқы ықпал да жоқ емес. Мәселен, орыс бұқаралық мәдениеті мен орыс тілі арқылы қазақтарды орыс идеологиясы аясынан шығармау, тәуелсіздікті құнсыздандыру мақсаты бүгінде өткір күйінде қалуда. Ұлттық мүдделерге парықсыздықпен қарау,талғамсыздық, ұлттық құндылықтарды менсінбеу, селқостық және оны сезінбеу ұлтсыздықты бойға сіңіре бермек. Бүгін жалған руханилық, ұлттық мүдделерді сыйлаған болу,тіпті мүсіркеу, ұлтшыл болып көріну де ұшырасады. Көп ұлттымыз деп басқалардың қасы мен қабағына қарау да ұлттың намысын түсірмек. Ұлттық сананы кейде сыртқы факторлар да оятары анық. Мәселен, егер Мәскеу қазақты ұлт ретінде менсінбей, қайдағы бір шүрегейге қазақ елін басқаруға бермесе, қазақтардың бірқатарының намысы оянбас та еді-ау!

 Байқап тұрсақ, өмірде небір шын құрмет, шынайы ықылас, нағыз махаббатқа лайық абзал жандар өзін-өзі көтермелеп, өзін-өзі қолдан-қолға өткізіп, өзін-өзі саудаға салып жүрген рухани жалдаптардың  құрбандығына айналып жатады. Сәйкесінше өмірдегі небір қаны тамшылаған шындықтар  қайдағы бір жалған намыстың сойылын соққан рухани көлгірліктің тасасында қалып жатады. Ендеше, бүгінгі тұста шындыққа сенбей, қисынға сену рухани мүгедектікке ұрындырады. Біздіңше, қазіргі қоғамдағы көнбістік – рухани мүгедектіктің бір сатысы. Ал көнбістік бара-бара ұлтсыздыққа әкелмек. Ал ұлтсыздық болса, отарланған ұлтқа тән көнгіш, жалтақ, еліктегіш психологияның салдары.Ұлтсыздық – ұлт мерейінің төмендігі. Осы ретте де жазушы Әбіш Кекілбайдың: «Заман үрдісіне тән қойылған төтен сауалдан айламен сытылып кетуге тырысатын рухани алаяқтық – перілік, төтен сауалға тура жауап беруге тырысатын рухани адалдық – періштелік, тырысып қана қоймай, жауап таппай тынбайтын рухани жанқиярлық – пайғамбарлық» (Қазақ афоризмдері (Ақыл-ой антологиясы: бағзыдан бүгінге дейін). Құрастырушы Е.Шаймерденұлы, Алматы: Алматы кітап баспасы, 2012. – 213-б), – деп жазғаны бар-ды.

Шынтуайтында өмірдің күллі саласында ұлттық ерекшеліктерді ескеру, этностық мәдениетті, әдепті сақтау – руханилықтың бір көрінісі. Себебі, дәстүрлі наным-сенім, ұлттық құндылықтар – ұлттың темірқазығы. Мәселен, француздарды өзге еуропалықтар ұлтшыл деп айыптаса да, ұлттық құндылықтарын бәрінен де жоғары қояды. Басқа мәдениеттерге айқара есік ашу – өз мәдениетін төмендетіп, басқаны қаржыландыру, қолдау деуге саяды. Біле білсек, кино мен театр – идеология негізі. Ол ұлттың мінез-құлқына, ойлау мәдениетіне қарқынды ықпал етпек.

«Табиғат экологиясы», «Тіл экологиясы» дегенді білеміз. Әбіш қаламгер «рухани экология» ұғымын баса атап: «Рухани экологиямызды аздырып-тоздыратын апат өзіміздікін өзімізге көп көретін ескі қасіретімізден – етектен тартпа іштарлығымыздан өніп, өрбиді»(Сонда, 214-бет), – деп пайымдайды. Одан әрі жазушы бүгінгі ортақ рухани проблемаға назар аударта келіп, қолына қалам алып, былайша ой өргені бар: «Әңгүдік дәурен: әлеуметтік делқұлылыққа, рухани нақұрыстыққа, саяси қояншықтыққа бой алдырғанымыз сонша, желбіреген тудан басқаға, будақтаған түтіннен басқаға, от түкірген мұржадан басқаға көзімізді, зіркілдеген зеңбірек пен азынаған гудоктан басқаға – құлағымызды тікпейтін болдық. Жайқалған гүлді жырласақ – арзан әсемпаздыққа, жауқазындай жарымыз бен бүлдіршін баламызды жырласақ – күйкі үйішілікке, дос-жар ортасын жырласақ – томаға-тұйық тоғышарлыққа бой алдырған болып шықтық» (Сонда, 215-бет), – деп ашына жазған-ды. Сондай-ақ, ой зергері оқырмандарымен сырласа келе, сырт көзге қиқарлық көрінетін кейбір қылықтардың ар жағында үлкен рухани қайсарлық жатарын да абайлап айтады. Демек, қаламгердің кез келген микробтар сияқты рухани микробтардан да тек есік-терезені тарс қымтап қойып сақтана алмайтынымызды айтып, берік рухани иммунитеттің қажеттілігін түйіндеуі қолдарлық. Олай болса, ұлт руханиятына терең бойлай алған, қазақ сөзінің мағыналық тұңғиығына тереңдей алған, артына, кейінгі ұрпағына теңдессіз қайталанбас мұра қалдырған әлемдік деңгейдегі құндылықтар сапындағы қайраткер-жазушы Әбіш Кекілбайдың жазбаларына бойлау арқылы бүгінгі мына адасу үстіндегі әлемді жартылай құтқаруға болар еді. Нәтижеде, бүгінгі заманауи әлемдегі рухани жаңғыру құндылықтары негізіндегі берік рухани иммунитет қажеттілігі турасында баса айта келе, қазіргі қоғам жастарына қатысты рухани жаңғырудың жолы қайсы дер едік. Біздіңше, бүгінгі жастарға қарата айтылар бұл бағыттағы нақтылы қадамдар сатысы бір шоғыр. Біріншіден, ата-баба лұғатына құлақ түрсек, білімнің басы – бейнет, соңы – зейнет. Көзі жоқ, құлағы саудың ақылы толарына, құлағы жоқ, көзі саудың ақылы соларына қалай сенбессің. Ердің сәні – қашан да білім. Білім – ырыс тізгіні, ырыс қазығы. Бүгінде оқусыз білім, білімсіз күнің жоқ. Күш – білімде. Білекті бірді, білімді мыңды жығары даусыз. Білімі жоқ ұрпақ – жұпары жоқ гүлге тең. Үйренбей білім жұқпасы да ақиқат. Дұрысы, білімді бесіктен тесікке дейін іздену арқылы толтыру жөн. Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл демей ме. «Жаста  оқыған оқуың – тасқа жазғанмен бірдей» деу де қаншама тұңғиық мағына жатыр. Осы тәмсілдерді ескерсек қана, аттан тай озары, атадан бала озары күмәнсіз. Демек, көп оқыған білімдар болғанға не жетсін! Әйтпесе, мына заманда қарусыз адам секілдісің. Бүгінгі студенттерімізге қарата айтарымыз, олар үлкен ғылым-білім ордасында тәлім алып жатыр, енді оның да ауқымынан шығып, біраз нәрселерге үңіліп, біраз дүниелерді қарау керектігін ескерген жөн-ау! Екіншіден, өзіндік ой, өзіндік мінез қалыптастыру мәселесі – аса маңызды. Студент жас алғашқыда жаңа ортаға бейімделу кезеңінен өтеді, сол шақта әркімнің сөзіне сену, еру басым болмақ. Осындай жағдайда өзіңді ілгері алып шығатын, өзгешелігіңді көрсететін басты белгі – өзіндік ой өре білу білігі. Бес саусақ бірдей емес болса, адамның ойы да түрліше, осы бастан өзіндік ой, сана-сезім қалыптастыру – аса қажетті алғы міндет те. Ендеше, адамның өз заманының көркі болғанына не жетсін! Әр адам – өз заманының баласы да. Адамды заманы билейтінін ескерсек, әр заманның бір көрегені болары даусыз. Десек те, адамның сырты алдамшы. Қалай болғанда да әркімнің өзі шығар биігі бар. Ал адамның құлағынан семіреріне сенсек, жасық адамның жасына жетпей қартаярын, асыл адамның жасына жетпей марқаярын ескерейік. Яғни, жұмсақ ағаш құртқа жем, жұмсақ адам жұртқа жем. Қысқасы, армансыз ер – жалаңаш. Арманы жоқ жігіттің пәрмені де жоқ. Олай болса, өзіндік мінез негізсіз сомдалмайды. Өзіндік мінез қалыптастыру жолы университет табалдырығынан басталмақ. Сынықтан өзгенің бәрі жұғады десек, талабы жоқ жас – қанаты жоқ құспен тең, жалыны жоқ шоқпен тең. Бұндайда әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал жақсы. Тәрбиелі адам – тағалы атпен тең. Әйгілі көсемсөзгер Әбіш ғұлама айтады: «Заманауи мінез: қазір орынсыз момын болуға да, орынсыз пысық болуға да, орынсыз ақылды болуға да болмайды»(Сонда, 219-бет)деп. Қалай сенбессің? Сенесің! Сену үшін де өзіндік ой, көзқарас керек-ау. Демек, өз кезеңінде бүгінгі қарбалас тұста қағылез жастарымыздың өзіндік ойына жететін ештеңе жоқ деп білеміз. Үшіншіден, бүгінгі өзекті тұстың бірі – жастардың өз ойларын еркін жеткізе алмауы. Адам болып туған соң, еркін көсіле ой өргенге не жетсін! Сұңқар қанаты ұшқанда қатаймақ. Бұл жолда да жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ бола қоймас. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген. Темір сырын отта танытады, адам сырын жоқта танытады емес пе. Студент жастарымыз айтар сөзін, ойын еркін, ашық жеткізе білуге осы бастан дағдылануы тиіс. Біздіңше, осы айтылған кеңес-пікірлер – болам-толам, өсем-ұлғаям, рухани тұрғыда жаңғырам, болашақ тұлға ретінде қалыптасам деген жастың бойында болуы тиісті алғы ретте жолға қойылар біліктілік биігі-ау деп ойлаймыз. Қазақ халқы айтпай ма: «Он адам жүрген жерде із қалады, жүз адам жүрген жерде – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деп. Демек,  ұлтымыздың ұлы тұлғаларынан тағылым алғанға не жетсін! Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады дегендей, Елтұтқа қайраткерлеріміз тарапынан айтылған сериалды қамқор кеңестер – студенттер бойынан ғана емес, кез-келген саналы адам бойынан табылуы тиіс қасиеттер. Тек өзіңе керегін қажетінше ала білгейсің! Білім алу ешқашан кеш емес, сондықтан әр кезде жаңаша білімге, жаңаша көзқарасқа ұмтылыс болуы тиіс. Білімді жас – ел болашағы. Білімді адамның ойы қашан да ерекше, әсерлі. Өз сөзімізде өзіндік ойды екінші кезекте айтуымыз да тегін емес. Білімсіз адамның өзіндік ойы қайдан болсын! Өзіндік ой – жарқын келешекке жетелейтін, өмір өткелдерінен сүріндірмей өткізетін бірден-бір белгі. Ой еркіндігі – адам баласына туғаннан бітетін құдірет іспетті. Қазақ жұрты еркіндікке үйренген халық, кейінгі жастарының бойында да еркіндік болғанын қалары даусыз. Сөздің өзі ой арқылы жарыққа шықпақ, ендеше ой еркіндігі – сөйлеудегі еркіндік, өзіндік ерекшелік, сом тұлғалыққа бастар алғышарт. Қысқасы,  жоғарыда айтылған кеңестеріміз бір тұлға бойына жиналса, мол жетістіктер мен белестерге жеткізері анық. «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас» дегендей, бүгінгі заман талабына қажетті айтылған тұжырым-түйіндеріміз өз дәрежесінде таратыла насихатталуы тиіс деп білеміз.

Бүгінгі таңда жастарымызға білімге негізделген құндылықтар мен өнер қуатын дарыту –  кәсіби ұлт тұлғасын баулу кредосы. Өнегені алыстан іздеудің қажеті шамалы. Біле білсек, тағылымға толы өнеге жолы өз іргемізде. Мәселен, университет тарихындағы ғалым-ұстаздардың бірі Мәтжан Мақсымұлы Тілеужановтың ұлттық рухани құндылықтарға қатысты тұжырымдарының өзі бір төбе. Елба­сымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамау тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек»,  – деп түйіндеген-ді. Осы қағидат іспетті қағидалы пікірге жалғастыра бағдарласақ, профессор Мәтжан Тілеужановтың ұлттық рухани құндылықтарға қатысты тұжырымдары – білімге негізделген рухани құндылықтар мен өнер қуатын дарытуға арналған кәсіби ұлт тұлғасын баулу кредосы да. Профессор М.Тілеужанов – халықтық тағылымға негізделген рухани тәр­бие мектебінің негізін салушы (Тілеужанов М.М. Халық тағылымы. Алматы, «Рауан» баспасы,1996.-302 б.). Бағдарлай үңілсек, ғалым өзіндік ғылыми тезистік жазбаларында кәсіби маманның сөйлеу мәдениетіне, шешен сөйлеу білік-дағдысының болуына акцент береді, шаршы топ алды шешен сөйлеу мәдениетінің болуы кәсіби маман көркі болатынын айтады. Сократқа сүйеніп, «Сөйлеп көріңіз, мен сіздің кім екеніңізді айтайын» деген. Платонша ой ағытып, «Кез-келген сөйлеген сөз – жанды құбылыс іспетті, ол бас-аяғы бар дене секілді және де тұтас кеуде тұсы мен аяқ жағы бір-бірімен үйлесімді де сәйкесімді әрі біртұтастықта өрілген болып келеді емес пе?» деп ой тастайды. Ғалым маңғыстаулық Мәтжан би тапқырлығына таңдай қағады. Бұл ретте ғалымның ел аузынан жинаған жазбаларынан көптеп үзіктер келтіруге болар еді. Бір мысал: Мәтжанның бір балдызы оны мүдіртпек болып: «Еркектерге айтқан сөз бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кететіні несі?» – депті.  Сонда ол іліп ала: «Ал әйелдердің екі құлағынан кірген сөз аузынан шығып кететіні несі?» – деп, қарсы сұрақ қояды да, балдызын үндетпей тастайды. Ел ішінде «Әйелдің ақылы аузында жүреді» деген сөз бар. Бұл тұста шешеннің тапқырлығына таңданып қана қоюға болар. Ал  ойлансақ , бұл сөздің арғы мәні орасан терең. Бұл бағыттағы кейінгі ұрпақ таңданысын туғызар тапқырлық үзіктерін ғалым не үшін жинады деген сауал туады? Сөз жоқ кейінгі сөз түсінер ұрпақтың рухани байлығы үшін. Ғалым бір оңтайлы мезетте: «Иә, Құдай бізге тіл мен жақ берді. Біз осы байлықты орынды пайдаланып жүрміз бе?» деп те сауал тастайды? Ойланып көрейікші? Бүгінгі қоғамда ауызекі сауатты сөйлеуді ұмыта бастадық. Нәтижеде жастарымыз астарлы сөзді түсінуден қалды. Астарлы сөйлеуді айтамыз, сөз мағынасын түсінуден кемдеуміз бе деп ойлаймыз. Рене Декарт секілді француз ғұламаларының бірі айтпай ма: «Сөздің мағыналық тұңғиығына терең бойлай білгейсіз, сонда сіз мына жарық дүниені адасудан жартылай құтқарасыз» деп. Профессор М.Тілеужанов астарлы сөйлеуді – ойлау қабілетіңізді тереңдету жолы тұрғысында пайымдайды. Халық қоржынынан алынған мысалдарды астын сыза ұсынады. Мәселен, «Барып едім, жоқ екен, айтып едім, келем деді. Келмегені келгені ғой, келмесе егер келер еді». Ғалым талдауында бұл жұмбақ емес, екі адам ғана түсіне алатын ұғым, төңіректі терең ойға қалдыратын ұғым. Мұны айтқан – жеті-сегіз жастағы жеткіншек. Ойын-тойға келген жігіт өзінің сүйікті қызын жиынға шақыруға әлгі баланы жұмсайды. Бала барады, қыздың шешесі үйінде жоқ екен. Шешесінен рұқсатсыз ешқайда баспайтын қыз: «Шешем келеді, рұқсат берсе, барамын, ал бермесе, бармаспын», – деп, сәлем айтады. Бала қайтып келсе, жиын-той басталып кеткен. Жұмсаған жігіт топ ішіне түсіп кеткесін, бала «қыз келмейді» деп, бадырайтын айтудың орнына, басқалары түсінбеуі үшін әдейі астарлап, жоғарыдағы ойды тақпақтап айтады.Мұны тек жігіт қана ұғынады (Сонда,181-бет). Біздің қазіргі жас жеткіншектеріміз де астарлы сөйлеуге дағдыланса, ел келешегіне зор үмітпен қарарымыз даусыз. Бұл орайдағы ғалым пайымы: «Астарлау – ой жасыру емес, арнайы түсінетін кісілерге бағытталған тұспалдау, уақытша ғана ойды құпиялау. Астарлап сөйлеу – отырған адамдардан ой бүкпелеу емес, олардың әзірше ғана түсінбей қалуы үшін, ой иесінің өзіне ғана керекті адамның түсінігіне сай ыңғайлап айтылған, әдейі қолданылған ымы, меңзеуі (ойы, ұғымы)» (Сонда,181-бет).

Демек, астарлап сөйлеу – халқымыздың мәнері. Бұл – ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Бұл – тек сөйлеу шеберлігімізді ғана емес, сөйлеу мәдениетімізді де танытатын, ойлау қабілетімізді аса тереңдететін құбылыс, бүгінгі кейінгі жастарды терең ойлауға машықтандыратын өнеге. Тағы бір мысал.  Сабан айдап жүрген жігіттің қасынан  екі аттылы: біреуі  жас қыз, екіншісі мосқал тартқан адам өтіп барады. Оларды көріп әлгі жігіт: «Пай-пай, мына қыздың астындағы жорғасын-ай, қасына ерткен жолдасын-ай!» – деп таңданады. Жорғалы  қыз сәл ғана кідіріп: «Әй, жігіт-ау, әй, жігіт! Аңдысын-ау, аңдысын, аңдап сөйле соңғысын, бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі, сонда мен бұл жігітттің несі?» – деп жауап береді. Мұны естіген жігіт ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайды. «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» деген (Сонда,182-бет). Қалай ойлайсыз? Бүгінде осындай халықтық өнеге өркен жайса, ескіліктің қалдығы болар ма?

 Сондай-ақ,  ғалым талдамаларында көз қысу да, ым да, иықтың әр түрлі қимылы да, бас шайқау да, көз  аларту да, қол сілтеу де бір кездерде (осы қимылдардың тілдік атауы болмаған кезеңдерде) мифтік ұғымға ие болып, сол ұғым халқымыздың әлі де болса кәдесіне жарап келетінін айта келіп, бұны ерте заманғы сөйлеу мәнеріміз тұрғысында пайымдайды. «Халқымыз ой тереңдету мақсатында астарлы сөйлеуді де ертеден бастаған. Соған келешек ұрпағын да баулыған. Бірінің-бірі ойын сөйлемей-ақ ұғынатын халық отырған-тұрған қалыбынан түсінетін, бет әлпетінен ұғынатын, қайғысын түсінетін, күлімдеуінен әр түрлі жағдайын байқайтын болған» (Сонда,182-бет), – деп жазады ғалым. Сөйлеуіміз ымнан басталып, содан әрі қарай тереңдей беретіні мәлім. «Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді»  деп Мәтжан аға жиі айтатын. Бұл – ғалымның тәжірибе үстіндегі ой қорытулары. Бүгінде бізге мәлімі – бұл сөздің сонау Анахарсистен бері келе жатқаны (Қыдыршаев А.С. Шешен сөйлей білеміз бе? Орал, «Полиграфсервис» баспасы, 2017. – 364 б.).

Астарлаудың алғаш түрлерін ерте­гілерден кездестіреміз. Астарлап сөйлеудің алуан түрлерін «Аяз би» ертегісінен байқауға болар еді. Ғалым «мұржасы қисық болса да, түтіні түзу екен; «ертеңгі асты тастама, кешкі асты бақпа»;  «оң қолың ұрыс қылса, сол қолың арашашы болсын»; «суын ішкен құдыққа түкірме» секілді магиялық, тотемдік ұғымдар ертеде қалыптасқанын айта келіп, осылар туралы жеке-жеке аңыздар, ертегілер қалыптасты, мағыналары терең болды, әрбірінің мәні халық тәжірибесімен қабысып жатты. Кейбір ұғымдардың сыры тереңде болғасын, оларды тура айтуға ұяттау болғасын, табу (тыйым салу) қолданылды. Табу – астарлы сөйлеудің алғашқы түрі болғанын болжайды (Тілеужанов М.М. Халық тағылымы. Алматы, «Рауан» баспасы,1996.-182-183 б.). Мәселен, бүгінде де жиі қолданылар «қала сайын үй сал» (әр қалада бір үйің болсын); «күн сайын бір көйлек тоздыр» (таза жүр); жұма сайын үйлен (жұбайыңмен жаңа қосылғандай жарастықта бол) секілді тіркестерге назар аударудың өзі жеткілікті.  Бүгінде бізге мәлімі – осы жоғарғы айтылғандардан кейін қайын ата, ене, жезде, апа, аға, нағашы, жиен ұғымдарының пайда болғаны. Бұлар күрделене келе, «біздің үйдегі», «әлгі», «пәленшенің әкесі» (жұбайының есімін қасиетті деп ұққан кезде) дегендермен ұласуы, атын атамауы – сыйластықтың керемет үлгісі, өнегесі. Бұл тағылым күні бүгінге дейін келіндер тәжірибесінде пайдаланылды, ерлі-зайыптылар арасында жарастық, татулық күшейді. Ал бұның бәрі – меңзеу, ал кейбірі тұспал, нышан, ишара іспетті емеурінде, жорамалдар, болжамдарға ұласқан халықтық құнды қасиеттер. Бір ғажабы – осы саладағы ойлау қабілетіміз күрделене келе, астарлаудың поэтикалық түрлерімен жалғасты, образдап сөйлеуімізге ұласты, поэзиямыз көріктене түсті, ақын-жазушыларымыздың стилі қалыптасты. Бұл ретте ғалым: «Астарлау, тұспалдау нені меңзейді, не туралы айтылуға тиіс, дала Цицерондары ойын қиялмен, жөн-жосықпен, қисынмен, мәніспен астарлайды, олардың сөз салғысулары аспанмен астасып шарықтап жатады, терең тебіреніспен қабысады, әлеуметтік мәселеге тіреледі», – деп пайымдайды (Сонда,183-бет). Мәселен, бұл орайда Шал ақын: «Жаман туса балаңыз, Бұғып өткен азбен тең. Қайғы ойлаған жігіттің, Кең дүниесі тармен тең. Уайымшыл адамның, Алды тайғақ жармен тең. Жетесіз жаман боз бала, Тоқсандағы шалмен тең»  демей ме. Ғалым тұжырымдарының бірінде: «Біздің сөйлеу тіліміздің бір ғаламаты  – жорамал мен болжамға, ишаратқа толылығы. «Ұл туса – ат әкелер, қыз туса – қырық тоғыз, қарттық – жазулы хат пен ерттеулі ат, жігіт – қайраулы қылыш, семсердің жүзі» деп олардың болашағын ишараттайды. Қазіргі жастарыңыз осындай жорамалдауларға түсінбей қалды, болжалдап, ишараттап сөйлеуден мақұрым қалғасын, енді ойлана сөйлеуге тіпті мүмкіндіктері құрыды. Кейде бұрма мағынадағы мақал-мәтелдерді де («Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды», «Менің білетінім қызыл ит», т.б.) түсінбейді», – деп ой салады (Сонда,184-бет).

 Профессор М.Тілеужанов талда­маларында астарлы, тұспалдап сөйлеуде күлкі реңктері көбірек кездесетіні, ирония (келекелеу, келемеж), юмор (сықақ) көп орын алатыны орынды айтылған (Тілеужанов М. Астарлы әзіл. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1978. - 112 б.). Мәселен, ауыл айналасынан тезек теріп жүрген қыз-келіншектерден жолаушылап келе жатқан бір топ атты: «Бұл кімнің ауылы?» – дегенде, «Өзгеде жоқ, өзімде бар (Көтібар) қайнағаның ауылы» – деп, жауап береді. Келісімді тапқырлық! Ожар батырдың аты да өзіне лайық қойылғаны келекеленген астарлаумен айтылады. Астарлаудың небір ғаламат түрлерін Сырымның («Тұз шірісе, не себемін?»), Абайдан («Ит маржанды неғылсын?») кездестіреміз. Бүгінгі айтарымыз: Мұғалімге сөз не үшін берілмек? Мұғалімге сөз шәкіртті ойланту үшін беріледі? Біздіңше, осы кредо әр ұстаздың есінен шықпауы тиіс. Бұлар шешен-билердің, ақын-жазушылардың ойлылығын, халық тілін аса зор мәдениеттілікпен пайдаланғандығын аңғартып қана қоймайды, оқушыларын терең ойға баулиды. Ойлануға үйретпеген сөз сөз емес, көркем шығарма шығарма емес. Шынында да, астарлаудың бүкпе сырлары – халық ойы сияқты тоқсан түрлі, сан салалы. Олардың түбіне көпті көрген тәжірибелі азаматтар ғана жете алары даусыз. Қазақтың өмір қырларынан талай-талай кәсіби мамандардың шыққаны да рас. Әншілік, күйшілік, жыраулық, шешендіктерді үйрететін мектеп болмаса да, ондайларға іштен туа біткен қабілет-қарымды өмір үйретті, қажеттіліктен үйренді, өзінен-өзі даярлана білді. Мәселен, азаматы өліп, абдырап қалған азалы үйдің шаруасын ыңғайластырушы, қайтыс болған адамды ақтық сапарға аттандыруды ұйымдастырушы шеберлік; құда түсуде кез келген адамды жібере бермеу; ру арасындағы дау-жанжалды шешудегі билердің рөлі; қазақ өміріндегі атбегі, құсбегілік; түрлі белгілерді тапқыш, ізші, емші, қуақы сезімталдар, т.б. Бұл реттегі ғалым түйіндеріне жүгіне айтар болсақ, өмірден тоқығаны көп азаматтар кез келген кісіні сөйлеген сөзінен байқаған, көзінің күлімдегінен, бет әлпетінен, бас қондырысынан, сәлемдесуінен, киім киісінен, жүріп-тұруынан оның қандай адам екенін тани білгені рас. Мәселен, атақты Сырым бидің шындық пен өтірікті айыруда «Көзімен көрген шын, ал құлақпен естіген өтірік, екеуінің ара қашықтығы төрт елі» деп, қолын құлағы мен көзінің арасына қоюы. Осыған ұқсас тағы бір мысал. Мәселен, тапқырлық пен шешендікті мінсіз меңгерген Ақтайлақ би Алшынбай биді алшысынан түсірген тарланбыз делінеді. Ақтайлақ би Қарқаралыға келгенде, Алшынбай би: «Осы сіздің ел «қымызға тар» көрінеді, шөлден қаталап бара жатқан жолаушыға тостағанмен ауыз тигізіп шөлін қандырмайтын көрінеді. Осы рас па?» – деп сұрапты. Сонда Ақтайлақ би: «Жылқыны қазағым «жаным», қымызды «қаным» дейді емес пе?! Осы сөзді көзбен көріп айтып отырсыз ба? – депті. Алшынбай естігенін айтады. Сонда Ақтайлақ би: «Көз – шынның расы, құлақ өтіріктің ұясы» делінген. Би төрт саусағын көз бен құлақтың арасына қойып тұрып: «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі. Сіз осы сөзді көзбен көрген шығар, расын айтып отыр екенсіз десем, «өтіріктің ұясы» құлақтың естігенін айтып отыр екенсіз ғой», – деп өкінуі. Не болмаса  түйесін жоғалтқан адам ен далада келе жатқан үш кісіге жолығып: «Түйе көрмедіңдер ме?» – дегенде, «Жоқ, көрмедік»,– деп, жауап береді де, соңынан үшеудің біреуі: «Түйенің сол көзі соқыр ма еді, аяғы ақсақ па еді, құйрығы шолақ па еді?» – деп сұрағанда, «Тап сондай еді, түйемді сен алдың», – деп оны қазыға әкелгенде, әлгілерді айтқан азамат: «Мен түйесін алған жоқпын, бірақ жолшыбай келе жатқанымда, жол бойындағы шөптерді тек оң жағынан жеп, сол жағы қалып қойғандығынан түйесінің соқыр екендігін, тұрғанда бір аяғының ізі болмағандығынан ақсақ екендігін, құмалағының алысқа түскендігінен құйрығы шолақтығын аңғардым», – депті. Қазы әлгінің орасан байқағыштығын аса зор бағалап, пәледен құтқарыпты. Қысқасы, профессор Мәтжан Тілеужановтың пайымдауынша, осы айтылғандардың барлығы халықтың ауыз әдебиетінде көрініс тапқан. Бұл – қазақ халқы тағылымының ұшан-теңіздігінің бір қыры. Ендеше, бүгінгі ұлт тұлғасын баулу ісінде білімге негізделген рухани құндылықтарға сүйену, ұлттық өнер қуатын дарыту адастырмас басты шарт болмақ. Демек, осы іспетті ұлттық қағидалар негізінде жастарымызды парасаттылыққа баулуға тиіспіз. Ал парасатты жастар – тәуелсіздігіміздің тірегі болары даусыз.

Абат Қыдыршаев,

Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Төрехан Дүйсенбаев,

Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің магистранты

1034 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз