• Ел мұраты
  • 19 Мамыр, 2021

ПАРАСАТ БИІГІНДЕ

Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ,

Халықаралық Ақпарат  академиясының академигі,

заңгер-журналист

 

Қырық жылғы журналистік қызметімде мұндай қысылған емеспін. Ол кісі өмірден озып, көзден кеткелі бері көңілімнің ең бір көрікті жеріне, жүрегімнің жан аяғы баспас түкпіріне аялап сақтап жүрген ұлы ұстазым туралы ойларымды сыртқа шығару қиынның-қиыны екен-ау өзі...

Иә, ол кісі мен үшін басына самұрықтан басқа құс қона алмайтын алып бәйтерек, жан баласы шыға алмайтын Эверест шыңы сияқты болып мәңгі асқақ күйінде қалды. Алғашқы редакторым, ұлағатты ұстазым ғана емес, рухани әкем болды. Осы күні біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, қолыма қалам ұстап, қатарымнан қалмай, журналистика деген ұшы-қиыры жоқ жазираның шаңын аспаңға шығарып жүрген жүйріктерден қара үзіп қалып қалмай, кәдеге жарап жүрсем, ол, ең алдымен, Құрекең сияқты құдіретті қалам иесінің алдын көргенімнің, ұлан-ғайыр тәрбиесінің титтей де болса тамшысын алып қалғанымның арқасы деп білемін. Ал ол кісінің бүгін ұлтымыздың сөз өнерін өрге сүйреп жүрген  айтулы шәкірттері де  қаншама: Кеңес Юсупов, Қуанышбай Құрманғалиев, Ұзақбай Доспанбетов,   Мұрат Күлімбетов, Құрманғали Тұтыбаев... санай берсең осылай кете береді.

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» демекші, компьютермен ауызданып, теледидармен таралғысын тартып атқа мініп жүрген бүгінгі ұрпақ қазақ журна­листикасының сардары, аударманың аузын айға білеген айбозы, қарымы зор қайраткер, қаламдас серігі Әбиболла Ахметов айтпақшы, «сүйегі де, өзі де ірі» Құрманбек Сағындықов сияқты саңлақ қаламгер  болғанын біле қояр ма екен? Сондықтан, ол кісі туралы есте қалғандарды тағы бір жаңғыртып, білгенімді шама-шарқымша  айтып беру ұстаз алдындағы шәкірттік парызым деп білемін...

Дәл бүгінгі күні жүзге толып отырған Құрекең көзі тірі кезінде-ақ өз заманының аты аңызға айналған айтулы да айдынды азаматы еді. Ол кісі туралы сол журфакта оқып жүргенде-ақ арамызда талай әңгімелер айтылатын. Сапар Байжанов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұлов... Міне, осы алыптардың ортасында маған неге екені белгісіз Құрекеңнің тұлғасы ерекше асқақ, болмыс-бітімі бөлек болып көрінетін. Сол ықыласым себеп болды ма, әлде тағдырдың маған деген тартуы солай болды ма, ақыры диплом жұмысыма жетекшім Зейнолла Тұрарбековтың ақылымен «Алтынға айырбастамас асылымыз» деген тақырыппен марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларының қазақ тіліне аударылуы жайын алдым. Қазіргі ұрпақ үшін  түсініксіз де түйсіксіз жәйт болып көрінер, бірақ сол кез үшін бұл тақырыптың төресі еді. Және айрықша сақтық пен сарабдалдықты, көп ізденісті талап ететін қиын тақырып. Енді шынымды айтайын, одан мені бір-ақ кітап құтқарды, Ол Құрманбек Сағындықовтың «Көсемнің асыл мұрасы» деген еңбегі еді. Жәй кітап емес, аударма жөнінде жазылған тұтас бір жатқан трактат, сарқылмас қазына дерсіз. Бұл ғылымның тұнығынан сонда тұңғыш рет дәм татып едім. Сол дәм әлі аузымнан кеткен емес. Ал аударма одан кейін менің өмірлік серігім болды. Аударма дегеннің өзі сайып келгенде екі тілдің тайталасы тәрізді. Жатқан бір қан-майдан. Бүгінгі тәуелсіз күнімізде тіліміздің туы қисаймай, барған сайын асқақ желбіреп тұрса онда заман тамырын тап басып, қазақ тілінің мүмкіншілігінің басқа тілдерден артық болмаса кем емес екендігін дәлелдеп кеткен Құрекең сияқты аударма абыздарының үлесі айрықша мол екендігі даусыз.

Диплом жұмысыма Үсебаев бастаған комиссия «бес» және «атап өтілсін» деген жоғары  баға берді. Атап өттік те. Алматыда Ташкент көшесінде өзімнің үйлену тойым өткен «Жастар» деген ресторан бар еді, сонда жайылған дастарқан басында Тауман Амандосов көкеміз көсіле сөйлеп, тіпті мені әрі қарай ғылым соқпағына салмақшы да болды.

Осы сөз құлағына жетті ме, әлде шалғайға барып шыңдалсын деген шынымен де жанашырлығы болды ма, іле-шала болған жолдама бөлісу кезінде деканымыз темір Темкең: «Дорогой, тебя Тургай ждет или партбилет на стол!» деп үстелді бірақ қойды. Тым болмаса өзім туып өскен Жезқазған да емес (ол кезде ол да облыс болып ашылып жатқан), ту алыстағы Торғай... Тентіреп кетті деген осындай-ақ болар. Көкжиегі көгілдір таулармен көмкерілген Алматыны кім қияды, оның үстіне үйленіп те үлгергем, тұңғышымыз Саматты ауылда ата-енемнің қолына бергеміз, енді жанұшырып жұмыс іздейін. Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл ауылда жұмыс істеп, партия қатарына өтіп келгем. Көкем жоқ. Бар сенерім сол.

Алла тағала тағдырымның соқпағын әу баста-ақ Құрекеңмен табыстыруға жазып қойған ғой, бір күні көше кезіп келе жатып, Совет пен Фурманов көшелерінің қиылысынан «Қазақстан» баспасы деген көрнекті маңдайшаны оқып қалдым. Оның директоры да болатынын қайдан білейін, «ең бастығы осы шығар» деп, «Бас редактор Құрманбек Әбілдаев» деген жазуы бар кабинеттің есігін имене аштым. Сірә, соғыс ардагері болуы керек, бір қолы ептеп кемдеу, екі бетінен нұры тамған, қызыл шырайлы, жылы жүзді бір кісі отыр екен. Қақалып-шашалып келген шаруамды айтып жатырмын.

– Сен ертең сағат онда  кел, осында бір орын бар, соған ұсынып көрейін, – демесі бар ма әлгі ағайдың. Келіншегім екеуміздің қуанышымызда шек жоқ. «Барымды киіп, бақанымды ұстап» дегендей ертеңіне әлгі ағайдың айтқан уақытына алып-ұшып жеттім. Ол қолымнан жетектеген күйі бір кабинетке алап келді де, «Жігіттер, кіші қызметкер іздеп жүр едіңдер ғой, мына баланы алып келдім» деді. Ондағылар:

– Құреке-ау, біз кеше ғана қызметкер алып қойдық қой, – деп шу ете қалды. Менің жүрегім зу ете қалды. Бар үмітім үзіліп, көз алдым тұманданып жүре берді. Сыртқа қалай атып шыққанымды білмей де қалдым. «Ау, қарағым, тоқташы!» деген дауысқа артыма бұрылсам, әлгі бас редактор ағайым екен.

– Қамықпа қарағым, Алматыда қыз­мет табу оңай емес, бұл бәріміздің де басымыздан өткен. Сен маған үш күннен кейін қайта соқшы, тағы да бір бағыңды сынап көрелік, сөйте ғой, жарай ма, – деді сонсоң мүлде өзімсініп.

Мен ол кісіге үш күн емес, бір жетіден кейін барып соқтым. Күдер үзіңкіреп қалғам, онда да «кіре салайыншы» деген немқұрайды үмітпен келе салғам.

– Ойбай-ау, қайда жүрсің, келісіп қойып едім, қап, – деді дереу телефонға жармасып,-тағы да адам алып қоймаса игі еді. Құреке, бұл мен ғой, әнеу күнгі айтқан бала келді, жіберейін бе, жалпы тәрбиеге көнетін сияқты, жас жігіт қой енді... Бұл жолы жолың болатын сияқты, – деді сосын маған қарап. «Қазақстан коммунисі» журналының қайда екенін білесің ғой?

– Білемін.

– Білсең осы бетте дереу сонда бар да менің атымнан Бас редакторына жолық. Ал, жолың болсын.

Ол кезде барлық газет-журнал редак­циялары көк базардың жанындағы он қабатты бір ғимаратта. Алдында «Социалистік Қазақстан» редакциясында Бекболат Әдетов, Тәжібай Битаев деген сол кезде атақтары айғайлап тұрған ағалардан өндірістік тәжірибеден өткенмін. Әлгі журналдың қай қабатта екенін де білетін сияқтымын. Бірақ редакторы кім екенін анық білмейді екенмін. Әлгі ағаның өзі де «Құреке» бола тұрып, ана жаққа да «Құреке» деп сөйлескені несі деп айран асыр боламын, әлде мені мазақ қылып жіберді ме екен!?

«Қазақстан коммунисі» журналы, міне, мынау – қабылдау бөлмесі. Ал ондағы жазуды оқып шын мәнінде талып қала жаздадым: «Бас редактор Құрманбек Сағындықов». Иә, мен еңбегінен диплом жұмысын қорғаған, аты маған ертегідегі аңыздай естілетін Құрманбек Сағындықов мына есіктің аржағында отырған көрінеді. Не ілгері басарымды, не кейін кетерімді білмей теңселдім де қалдым.    

– Жәмкенов деген сен бе? – деп сұрады менің әрі-сәрі күйімді аңғарып қалған хатшы қыз, – сені редактор күтіп отыр.

Дереу әлде бір түймені басып емен есіктің аржағына хабарлап та жіберді.

– Кір, – деді сонсын.

Енді шегінетін жер қалмады. Есікті ақырын ашып кіріп бардым. Ол кезде қазіргідей қытайдың жұқалтаң іркес-тіркес үстелдері жоқ. Кәдімгі еменнен жасалған шомбал мүліктер басшылардың айбынын асыра түсетін. Содан ба, әлде өзім күнде ашқұрсақ ілмиген студент болғансын ба, әйтеуір орынтақта отырған адам маған айрықша дәу болып көрінді. Өзі еңгезердей аппақ кісі екен. Екі бетінен қаны тамып тұрған реңді адам. Ал енді  бұрын- соңды мұндай сұсты жанды кездестірген емеспін. Тостағандай от шашқан көзімен бас-аяғымды шоли қарағанның өзінде тізем дірілдеп қоя берді. Ана Құрекең мына Құрекеңнің қасында тіпті қыздай екен ғой. Бір-екі аттап барып қалшиып қаттым да қалдым. Екі жанары бүкіл денемді қарып барады, тынысым жиілеп, денем бой-бой болып терлей бастадым.

– Қарағым, бері кел, отыра ғой!

О, ғажап, енді қарасам, манағы ызбардың ізі де жоқ, екі беті нарттай жанып, жылы жымиып отыр. Сұсты жанның мейірі аса шуақты болатынын осы жолы аңғардым.

– Шырағым, бізге жауапты хатшының көмекшілігіне қызметкер керек еді. Журналымыз Орталық Комитеттікі бол­ғаннан соң міндетті түрде коммунист алуымыз керек. Естуімше партбилетің бар екен, сол орынға бара ғой. Өзіңді өзің көрсете білсең, кейін бөлімге де ауыса жатарсың, – деді де  әлдебір түймені басып: әлгі Зұфарды шақыршы, деп бұйырды. Кабинетке шашы ақ бурыл, сары кастөм-шалбары мен галстугы, кеңсірігіне ілінген көзәйнегі зиялылығын айрықша айшықтап тұрған егделеу бір кісі келіп кірді.

– Зұқа, мына баланы әлгі Құрманбек жіберіпті, өзіңе көмекші етіп ал, білмегендерін үйретерсің, жас жігіт қой, әлі-ақ ысылып кетеді. Болашақ журналист қой, анаған-мынаған шапқылата бермей, қолынан қаламын түсірме! Бұйрық дайындаңыз, қол қойып кетейін.

Сөйтіп Алланың құдіреті, Құрекеңнің көмегімен жарты сағаттың ішінде республикадағы ең бас басылымның қызметкері болып, жиһаздары жарқыраған жеке кабинетте шәниіп отырдым. Алдымда дербес телефон. Онымен көл-көсір қуанышымды айтып сөйлесейін десем, қатарымнан өзімнен басқа ешкімде телефон жоқ. Қызықтың мұндай да түрі болады екен!

Менің өмірімде өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаз, асыл аға, қамқор басшы Құрманбек Сағындықовпен тағдырым осылай тоғысып еді. Бұл күнде осындай шуақты жанмен кездестірген тағдырыма мың шүкіршілік айтамын. Мұның бәрін тәптіштеп жазып отырғаным, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бұрын танымақ түгілі, естіп-көрмеген маған жасаған қос Құрекеңнің кісілігін,   анау-мынау күйкі сезімнен ада асқақ адамгершілігі мен еңбек есігін енді ашқан жастарға деген қамқорлығын көрсету еді. Сол кісілердің ішінде кеткен асыл арманы – тәуелсіздік туы желбіреп, бодандықтан бостан болып отырған бүгінгі күні мұндай өресі биік өнеге өрістей берсе, қанеки.  

Айтпақшы, алғаш жолықтырған Құрман­бек Әбілдаев та кейін журналымызға бас редактордың орынбасары болып келді. Сөйтіп, бір мекемеде екі Құрманбек қатар жұмыс істеді. Ол кісілерді шатастырмау үшін, «Үлкен Құрекең», «Кіші Құрекең» деп атайтынбыз. Жалғыз біз емес, сол кездегі астанамыз – Алматының бүкіл зиялы қауымы солай атайтын. Және ерекше ілтифатпен ауызға алып, құрметпен айтатын. Ал олар таланттар мен талаптары қатар өрілген қандай құрметке де лайық жандар еді.

Кейін жұмыс бабымен талай жерде қызмет істедім. Алайда бір отбасыдай ынтымағы жарасқан қос Құрекеңнің сондағы ұжымындай мекемені кездестірген емеспін. Әлде алғашқы еңбек ұям болған соң солай көрінді ме екен. Неғылса да сол ұжымның маған берген тәлімі көп болды. Адам болып ес жиып, етегімді сонда жаптым, журналист деген қиындығы мен қызығы, шаттығы мен азабы қатар жүретін өмірдің ащы-тұщы дәміне сонда қанықтым.

Несін айтасыз, сол кездегі қазақ жур­налис­тикасының кілең ығайы мен сығайы осында екен. Құрекең өз қызметкерлерін қалай іріктеп алған десеңізші. Бөлім басшылары Төлеубай Ыдырысов, Әбиболла Ахметов, Бекмырза Баймаханов, Орақ Смағұлов... әрқайсысы бір-бір мектеп. Ал менің бірінші тікелей басшым болған әлгі көзілдірікті Зұфар аға әйгілі ақын Мұзафар Әлімбаевтың туған ағасы екен. Осылардың қай-қайсысының да осалы жоқ, қазақ журналистикасында бір-бір зәулім сарай соғып кеткен талант иелері. Бұл кісілерде материалдарды шала-шарпы жасау яки қарау деген тіпті ұғым жоқ. Қашан жеріне жеткізгенше тыным таппайтын. Міне осындай қалам қайраткерлерінің өзінің ортасында Құрекеңнің шоқтығы әрдайым биік тұратын. Беделі қандай еді. Құрекең күнде арамызда жүрсе де, қызметкерлер екеуара бастары қосыла қалса, ол туралы аңыздай қылып әңгіме айтатын. Әр ісін, әр қадамын үлгі тұтатын.

Ол кісінің ұжымды басқару әдісі де ерекше еді. Ешкімнің ар-намысына тиіп, шаптығу деген атымен жоқ. Материалды түзеткенде өзің «әттеген-ай» деп күдіктеніп немесе тіліңнің ұшына түспеген сөзіңді дәл тауып қоятын. Және ол түзеткендерін міндетті түрде шақырып алып түсіндіріп беретін. Сөйтіп қаламыңды әр мақалаң сайын ұштап отыратын.

«Кезінде қазіргі «Ақиқат» журналының алдында шығып тұрған саяси-теориялық «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы Құрманбек Сағындықов ағамыз тілге ерекше биік талапшылдық тұрғысынан келетін қарымды қаламгер еді, – деп жазды кейінірек ол кісінің талантты шәкірттерінің бірі Кеңес Юсупов. – Ол кісі редакция қызметкерлерінен әр сөзге, әр тыныс белгісіне дейін барынша мұқият, сергек қарауды талап ететін. Өзі де әр сөзін таразылап, өзгерткен әр сөзін неге түзеткенін тәптіштеп түсіндіріп беріп отыратын. Ол кісінің алдына кіріп шығудың өзі мазмұнды дәріс алумен бірдей еді».

Ол кісінің сол кездегі өріп жүретін орысша сөздердің баламасын табудағы шеберлігі ерекше болатын. Мәселен,  «первопроходец» деген сөзді «ізашар» деп аударды.  Бұл ретте ол кісіге бәріміз де еліктеп бағатынбыз. Әбиболла ағамыз болса «Пәленбай орденінің кавалері» дегеннің орнына «иегері» деген сөзді сәтімен ойлап тапты. Мен де ағаларыма еліктеп «Котельный» дегенді «Қазандық» деп аудардым. Қазір айналымда жүрген бұл сөзді көргенде ортақ ішінен өз малымды көргендей мәз болып қаламын. Қысқасы бәріміз де күнделікті сүреңсіз мимырт тірліктен ада, шын мәніндегі шығармашылық шабыт үстінде болатынбыз.

Құрекең де жұмысқа келгенде аса талапшыл болғанымен, былайғы өмірде ақжарқын, көргені мен түйгені көп, өте әңгімешіл мейірбан жан еді. Түрлі отырыстарда, қонақта, әңгіме тізгінін көбіне сол кісі ұстайтын. Ол кезде редакциялар ғимараты көк базардың жанында болғанын әлгінде айттым ғой. Алдын ала келісім бойынша, Күмісай деген бәденді келіншек редакциямызға күнде сәске түсте қымыз алып келетін. Әңгіменің тиегі осында ағытылатын. Мұндайда Құрекеңнің әлгін­де аталған серіктері де қалыспайтын. Кейде жұмыс аяғында да қалған қымыз ішілетін. Бірінші басшының дархандығы ғой, мұндайда әзіл-қалжыңның оты тіпті лаулап кетуші еді. Әсіресе екі құрдас Әбекең мен Бекең ағаларымыздың қалжыңдары керемет еді. Жасыратыны жоқ, кейде әңгіме қыза келе аяғы «жүз грамға» да ұласып кетуші еді. Мұндайда Бас редактор бас жағында біраз отырып, аяғына таман ертерек шығып кететін. Сөйтсек, өздері еркін отырсын деген кеңшілігі екен ғой. Кеңшілігі де, ерлігі де екен. Әйтпесе, ол кезде партияның қылышынан қан тамып, аға ұлттың басып ұстау үшін пәле іздеп отыратын кезі, бір дабыл түссе – бітті, түгел «қырылып қалуымыз» қиын емес еді.

Бірде мынадай бір қызық болды. Экономика бөлімінің меңгерушісі Шәрібек Есмұрзаев бүкіл баспалардың бас редакторы болып, шырқап өсіп, (әрине, Құрекеңнің ықпалымен) орнына «Социалистік Қазақстаннан» Орақ Смағұлов келді. Оре­кең де мықты журналист, аңқылдаған ақкөңіл адам еді. Ертеңгілік лездеме өткізіп отырғанбыз. Бір кезде Құрекең мұрнын сәл тартып: «Осы темекінің исі шығып тұр ма?» деді айналасына барлай қарап.

– Бізде ешкім темекі тартпайды ғой, айтпақшы жаңа келген Орекең болмаса, – деді Төкең.

– Жоқ, мен темекі тартпаймын, – деді Орекең атып тұрып, сосын жалп етіп отырды да  қайта ұшып тұрды. – Құреке, мен арақ та ішпеймін ғой, – деді  құдай аманаты өзінен өзі ақталып.

Құрекеңнің қалжың айтарында екі иығын сәл қомдап, ептеп түсін жылытып, жымиып алатын әдеті болушы еді.

– Шырағым, – деді сосын Орекеңе қарап, – шылым шекпегенің дұрыс. Ал енді арақ ішпегеніңді өз басым азаматтыққа санамаймын, тіпті оны білгенде сені қызметке де алмас едім ғой, – демесі бар ма. Қыран күлкі.

Ішімдікті татып алмайтын Орекең содан күйіп кете жаздаған күні де болды. Ол кісі сағат онда ЦК-ға бару керек болады ғой, таңертең тіс дәрігеріне барады да, дәл сағат онда Ақ үйге келеді. Партияның тәртібі қатты, кешігуге болмайды. Оны қарсы алған нұсқаушы: «Аға, бұл қай басынғаныңыз, аузыңыздан «ананың» иісі шығып тұр ғой, қайтыңыз, тәртібіңізді кейін қараймыз» дейді зілденіп. Өң жоқ, түс жоқ Орекең келіп тұр. Әй, мен ішкен кісіге ұқсаймын ба? – дейді әрқайсымызға келіп. Сөйтсе, дәрігер емдеп болған соң, Орекеңнің тісінің арасына спиртке шыланған тампон қыстырып жібереді ғой. Ал ағамыз болса оны дәл ЦК-ға кірердің алдында ғана түкіріп тастайды. Сонсоң оның аузынан бұрқырамағанда қайтсін. Бұл күлкілі оқиғаның аяғы Орекең үшін қасіретке айналып кете жаздап, Құрекеңнің беделінің арқасында әрең басылғаны бар.

«Жақсының ашуы жібек орамал кеп­кенше» деген сөз де Құрекеңе қаратылып айтылғандай. Құрекеңнің түрінің бір қарағанда аса сұсты екенін мана айттым ғой. Ал ол кісі ашуланғанда тіпті бет қаратпай түтігіп кететін. Хас батырларға лайық аса қаһарлы адам еді. Бірақ қайтымы да сондай тез болатын.

Бірде көктем шыға бүкіл ұжым болып, сыртқа көкке шығып бір желпініп келуге ұйғарыстық. Біздер, жастар жағы, барлығын тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырып, бұған белсене кірістік. Соятын қойымыз, шұбат-қымызымыз, тағы басқа да асай- мүсейлеріміз түгел. Есіл-дертіміз Құрекең бастаған көргені көп үлкендеріміздің әңгімелерін тыңдау. Шіркін, Алатаудың баурайы қандай, көкорай шалғын, сыңсыған ағаш, арқырай аққан өзен, ішпей мас боласың. Осының бәрі әсер етті ме, бір ағамыз әлде артықтау «жұтып» қойды ма, шынымен-ақ мас болып қалғаны. Және масқара болғанда басқа емес, Құрекеңнің өзіне ауыр-ауыр сөздер айтты. Бәріміз де аса бір аяулымыз арам сөзбен былғанғандай жерге қарап қалдық. Одан кейін отырыстың да берекесі кетті. Күрсіне-күрсіне үйімізге қайттық. Түнімен ұйқымыз шала болып ертеңіне жұмысқа келдік. Әлгі ағамыз тіпті ерте келіпті. Өң жоқ, түс жоқ, құп-қу. Оның кететініне ешкімнің де күмәні жоқ еді.

Бір кезде Құрекең келді. Қанша жайбарақат көрінгенімен, қабағы қатулау. Тым-тырыс болып біз отырмыз. Бір кезде әлгі ағамызды қолтықтап, кабинетімізге Құрекең келіп тұр.

– Әй, жігіттер, мына ағаларыңның басы ауырып қалыпты ғой, қымыздарың қайда,  – дейді қарқ-қарқ күліп. Бас редакторымыздың бұл жерде өзінен гөрі ұжымның бірлігін биікке қойғаны анық еді. Ал әлгі ағамыз да одан кейін Құрекеңнің кісілігіне тәнті болып, қарсы келген емес.

Құрманбек ағамыздың тағы бір түтіге ашуланғанын көргенім бар. Ол кезде мен бөлімге танымал очеркист Төлеубай ағаның қарамағына ауысқанмын.

– Пушкин айтқан «Шығармашылық азабын» тартасың енді. Соған төзе білсең талай рет ләззатты шақты бастан кешіресің. Ал, жолың болсын, – деп Бас редактор Құрекеңнің өзі батасын берген. Төкеңнің де, Құрекеңнің де шын ұстаз екенін енді тіпті анық сезіндім. Олар бетімді онша қайтармай, жанымды тілгілеп тілдемей, сыйпай қамшылап жүріп-ақ ақыры қаламыма жел бітірді. Сөйте-сөйте берілген тапсырмаларды қиналмай орындайтын дәрежеге жеттім.

Бір күні ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың 80 жылдығына орай мақала ұйымдастыру керек болды. Ақылдаса келе Құрекең бастап, қалғандары қостап, сол кезде әр қырынан танылып, атағы дүрілдеп тұрған Евней Букетов ағамызға өтініш айтылды. Ұзамай Евней ағамыздан керемет жазылған мақала да келіп жетті. Үйренсін деді-ау деймін, оны алдымен Төкең маған берді. Оны мен құныға оқып, қол тигізбеген қалпы Төкеңе қайтардым. Төкең Құрекеңе дегендей, қысқасы журналымыздың беделін бір көтеріп тастайтын дүние оқырманға жол тартуға дайын болып тұрған. Тіпті журналдық версткасы да шығып кеткен. «Сәтбаевтың 80 жылдығы айтылмасын, оның серігі Русаков туралы көбірек жазылсын» деген ЦК жақтан зілді пәрмен сарт ете қалсын. Өз басым Құрекеңнің дәл сол сәттегі айрықша шамырқанған ашуын бұрын-соңды көрген емеспін. Сол сәтте-ақ ЦК-ға барып, ұзамай біресе күреңітіп, біресе қап-қара болып түтігіп қайтып келді. Сол күні ол кісінің есігін ашуға ешқайсымыз батпадық. Ең батыл деген Төкеңнің өзі де беттемеді.

Реті келгенде айта кетелік, осы мақала Төлеубай ағамыздың ұқыптылығының арқасында, араға он жыл салып, ғұламаның 90 жылдығында ақыры журнал бетінде сол қалпы жарық көрді. Қайран ағалар-ай, солардың бүгінгідей тәуелсіздік таңын көре алмай кеткеніне әлі күнге ішім ашиды. «Бір кем дүние!»

Құрманбек ағамыздың баспасөз басшылары арасында болсын, республика көлемінде болсын беделі ересен биік болатын. Қызыл империяның қыспағы қышқаштай қысып ұстап тұрған кез еді ғой ол. Соған қарамастан біздің ұжым Құрекеңнің арқасында ешбір таршылық көрген жоқ. Ол кісінің басшылығындағы басылымымыздың да Орталық Комитеттің саяси және теориялық журналы деген атағын жақсы мағынасында толығымен ақтап тұрған беделді кезі. Қойшы әйтеуір, санаторий-курорттарға және басқа да «жылы-жұмсақ» орындарға жолдама алдымен бізге тиеді. Ол кездегі ең басты проблема үй мәселесі еді  ғой. Әсіресе өз астанамызда тұрсақ та қазақ баласына үй алу деген бір жатқан қиямет қайым болатын. Ал біздің журнал Құрекеңнің тұсында бұл мәселені толық шешкен бірден бір ұжым еді десем, шындықтан аулақ кете қоймаспын. Екі «Құрекең» демекші, редакциямызда корректор болып істейтін екі Шолпан да болатын. Ол екеуі де бірінен бірі өткен тамаша кісілер еді. Әсіресе әкесі «Ілияс Жансүгіровпен байланысы бар» деген жаламен ұсталып кеткен үлкен Шолпанның жөні бөлек еді. Ол кісінің мен үй алғанда: «Шығармашылығың алдыңда, өсіп келе жатқан жассың, айналайын, менің кішкентай болса да баспанам бар ғой» деп өз кезегін ризашылықпен бергені есімнен ешуақытта кетпек емес.

Айтпақшы менің үй алуымның өзі қызық болды. Курстас досым Жанболат екеуміз Радищев деген көшеде пәтер жалдап тұрамыз. Әлгі үйдің әйдіктігі сұмдық. Есіктен кірген адамға төрдегі адам қуыршақтай ғана болып көрінеді. Пәтер ақысын жалғыз өзім тарта алмаған соң Жанболатты жалынып жүріп көшіріп әкелген өзім едім. Үйіміздің үлкендігі бар болсын, отын шақ келмейтін бір керемет болып шықты. Қанша жақсаң да қабырғасы сәл тершиді де қояды. Екеуміздің де келіншектеріміздің екінші сәбилерімізге жас босанып отырған кезі. Бір күні жұмыстан келсек, олардың қабақтары салыңқы. Содан бар отынды өртеп жағайық келіп. Үй де ептеп ысып, әйелдеріміздің де қабағы жылыды. Әлгі дәу залдың ортасында қазақы дөңгелек үстеліміз бар. Соған енді отыра бергенімізде төбеден бірдеңе жалп ете түссін. Аспанға қарасақ, сұмдық-ай, жұлдыздар жымыңдап, ай көрініп тұр. Сөйтсек отты жаға берген соң  бөшкенің ішіндегі су тасып төгіліп, төбені ойып түскен ғой. Амал не, Жәкең екеуміз дірдектеп жүріп әлгіні жауып қайта оралдық.

Содан суық тиіп ауырып, жұмысқа екі-үш күннен соң әрең шықтым. Жәкең болса жұмыстағыларға бәрін де майын тамызып айтып берген екен, олар да әжептеуір дүрлігісіп қалыпты. Содан бір күні Кеңес ағам үй алып, қоныс тойын жасады. Үш бөлмелі сыңғырлаған жаңа үй. Үзіліс кезінде қолыма домбыра алып, баяғы Кенен атамыздың мақамына салып әлгі әнді айтып бердім.

– Ойпырым-ай, мен қызметкерімді бүйтіп зарлатпаушы едім, – деп сондағы Құрекеңнің қозғалақтап кеткені әлі есімде. Ертеңіне кабинетімізге апалақтап Орақ ағам кіріп келіп, «шүйінші, сен үй алатын болдың» демесі бар ма!? Сөйтсек әрі қарай әңгіме былай өрбіпті. Қонақтан қайтарда Құрекең көрші тұратын Орекеңді машинасына мінгізіп ала қайтпай ма. Жол үстінде Құрекеңнің жұбайы Сара тәтеміз, «Қарағайдай-қарағайдай болып жүріп, ана бір жас жігітті сонша зарлатып қойғандарың не?» деп қатты кейіпті. «Ендігі ісім сонымен болсын» деп Құрекең сол жерде уәдесін бергенге ұқсайды.

– Ол кісі айтты ма бітті, орындайды, үй алдым деп есептей бер, айналайын, – деп аптығады ақкөңіл Орақ ағам. Ақыры айтқаны айдай келді. Екі-үш ай өтпестен-ақ бастығымыз қаланың «Қазақфильм» деген тау баурайындағы тәуір жерінен үш бөлмелі сыңғырлаған дағарадай үйді ЦК-ның өзінен суырып алып шықты.  

Ұзамай көл-көсір қуанышымды су сепкендей қыла жаздаған бір суық хабар да келіп жетті. Кеңес өкіметінің өзіндік кереметтері де жетерлік еді ғой. Бүкіл ел тұтас бір лагерь сияқты. Қайда барсаң әйтеуір адам баласын қыса беру. Реті келгенде айта кетелік, сол кезде аға халық деп аталатын орекеңдердің  басшылығымен біздің құрған ол қоғамымыз шынайы социализмнен аулақ еді. Ол сайып келгенде тек қана орыс империализмінің сойылын соғатын жүйе, соған сай идеология болатын. Әйтпесе қазір шалқып отырған Қытай, Финляндия сияқты елдер кімнен кем. Ал біздікі тек бір ұлттың ғана жоғын жоқтаған қолшоқпар болды да шықты. Қайда барсаң қысым. Үй алғанда әр адамға 6 шаршы метрден аспауы керек деген де сондай қиястықтың бірі еді. Менің отбасым ол кезде төрт-ақ жан. Оның өзінде бір ұлым сыртта. Ал маған бөлінген пәтер 70 шаршы метр. Бұл енді мен үшін алынбас қамал еді. Көңіл құлазып, үміт үзіле бастады. Осы арада Құрекеңнің беделі тағы да әлгі кедергілерді тас талқан етті. Ол кісі бар қаһарын бойына жинап, сол кездегі ЦК-ның Іс басқарушысы Статенин дегенге барған ғой.

– Әй, Бәленбай Түгенбаевич,  осы пәтерді маған бергенің рас па?

– Конечно, конечно, Курманбек Сагындыкович!

– Ендеше оның ішіне қой қамаймын ба, сиыр қамаймын ба, әлде бір адам кіргіземін бе, екі адам кіргіземін бе, жұмыстарың болмасын, понятно!

Ақырып теңдік әперген айбарлы ағам-ай! Сөйтіп ЦК-сымен қосып Мәскеудің наместнигі Статениннің аузына құм құйып келіп еді-ау сол жолы.

Жалпы Құрекең мен үшін Орталық Комитетке үш рет барды. Бірінші Торғайға берілген жолдамамды жойып, өзіне алып келді. Екінші осы үй алғанда. Үшінші рет Жоғары партия мектебіне түсерімде. Бұл оқу орны ол кезде болашағын ойлаған әркімнің арманы болатын. Өзі де теориялық білімді терең беретін. Соған бар құжаттарымды сол кездегі тәртіп бойынша облыстық партия комитетіне тапсырып қойғамын. Сол жақтан тиісті шешім қабылданып аталмыш оқу орнына кетуге тиіс. Күз түсіп, оқуға баратын да мезгіл болды. Алайда әлгі құжаттарымнан хабар жоқ. Ептеп сыр тартып білсем, олардың маған жолдама беретін де ойлары жоқ көрінеді. «Басқа облыстың тумасы бізден неге кетуге тиіс» дейді ғой ептеп жершілдік ауруымен ауыратын сол кездегі обком хатшысы. Сондағы Құрекеңнің күйінгенін көрсеңіз. «Әй, құдай-ай, осы ел болып оңбайтын халықпыз ғой біз. Жастарымызды жетелегеннің орнына жерге бөліп жерлейміз кеп. Бұл елдіктің ісі емес» деп қатты ренжігені күні бүгін есімде. Сөйтіп ЦК-ға тағы барып барлық мәселемді шешіп берген. Қайта Орталық Комитет арқылы жолдама алып тіпті жолым болып еді. Бұл Құрекең ағамның маған жасаған соңғы жақсылығы еді. Сол жылы өзі де зейнеткерлікке кетті.

Құрекеңнің өзім айрықша бағалаған және өмір бойы  соны өнеге тұтқан қасиеті – ол адамды елге, жерге, руға бөлу деген күйкі тірліктен мүлдем ада еді. Оған алысқа бармай-ақ өзімді баласындай тәрбиелеп, туған әкемдей қамқор болғанын айтсам да жеткілікті шығар деп ойлаймын. Ал жоғарыда аты аталған қызметкерлердің барлығы да ол кісіге жерлестігі жағынан жуықтамайтын адамдар. Бұл тұрғыда негізінен рулық, жерлестік негізге сүйеніп  жасақталатын қазіргі «команда» деген пәле тіпті жиіркеніш сезімін тудырады. Талай таланттың, тәжірибелі қызметкерлердің түбіне жеткен осы нәрседен арылу бүгінгі күні тіпті елдігімізге сын болып отыр.

Құрекең бірақ рет өзі тұңғыш редакторы болған «Жаңа өмір» деп аталатын Жуалы аудандық газетінен Манап Бөлекбаев деген журналист жігітті алып келгені бар. Бұл кісімен жасымыздың айырмашылығына қарамастан жан аяспас дос болдым. Ешкім туралы бір ауыз ғайбат айтпайтын мейлінше ақпейіл азамат еді. «Қыран қазасы қияда» дегендей ұшақ ішінде келе жатып үзіліп ертерек озды өмірден. Менің жан дүниемнің жақсы қалыптасуына осы кісі үлкен әсер етті. Журналистігі де жап-жақсы болатын. Өле-өлгенше қолынан қаламы түспей кетті. «Сәулебек екеуміздің руымыз түгілі, тіпті жүзіміз де ортақ емес, бірақ бір-бірімізге деген шығарда жанымыз бөлек» деп отырар еді Манап ағам. Бұл да болса Құрекеңдей сол кездегі ары да, жаны да таза ағаларымыздың үлгі-өнегесі екендігіне дау жоқ. Осындай өрелі өнегенің өрісі кең болғай деп тілейік, ағайын.

Әлі күнге бас иетін бас редакторымның небары үш-төрт жылдың ішінде үй алып бергенін жоғары да айттым ғой. Ол кезде бұл дегеніңіз, әсіресе, қазақ баласына айтып болмас бақыт еді. Құрекеңнің сол үйге қоныс той жасап отырғанымда барып, онда да сөз реті келіп қалғанда, «осы сен қай жерден едің?» деп бірақ сұраған-ды. Арқа жақтан, Қарағанды облысынанмын дегенімде «Ойбай-ау, мен сенің еліңде, Тайатқан – Шұнақ деген жерде мұғалім болдым ғой» деп мен өскен жерді суреттеп бергені бар.

Құрекеңнің өмір тарихына үңілсек, ол кісінің айтқаны дәлелдене түседі. Өйткені, еңбек жолын мұғалім болып бастаған ғой. Жамбыл облысының біраз малы жаз шыға біздің Арқаға келіп жайлайтынын жас кезімізде талай көрдік. Көкпаршы жігіттер «Бауырларымыздан хабар бар ма?» десіп оңтүстіктік малшыларды тағатсыздана күтіп жүретін. Малшылар жаз ерте, қыс кештетіп қайтқанда киіз үй ішінде балаларды оқыта беруші еді. Ондайда көбіне жайлауға жап жас мүғалімдер келетін. Сірә, Құрекең де солардың біреуі болған болуы керек.

Жалпы ауылдан шығып, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін өскен Құрманбек Сағындықов Жамбыл облысының Жуалы ауданының кешегі Бауыржан, бүгінгі Бақытжан (Ертаев) сынды батырлар аулының тумасы. Жоғарыда Құрекеңнің аса айбатты да сұсты адам болғанын айттым емес пе? Ал Манап ағамыз болса: «Ол кісінің әкесі тіпті қаһарлы болған адам. Сағындық келе жатыр дегенде бүкіл ауыл жым-жырт болып, жылаған бала уанатын» деп отырушы еді. Демек, ол кісілерде ата-бабадан дарып келе жатқан бір тектілік, қайтпас қайсарлық бар сияқты. Құрекеңнің ата-бабасы жайлаған өңірде Теріс деген өзен бар көрінеді. Бір қызығы басқа судың бәрі ойға қарай құлап аққанда, әлгі өзен табиғаттың өзіне кереғар өрге қарай өрлей ағады екен. Кім болса да туған елмен кіндіктес болып, тамыр тартпай ма, Құрекеңнің  қайтпас-қайсар мінезі де мүмкін әлгі өзеннен бастау алған шығар деген де ой келеді.

Құрекеңді жақсы білетіндердің айтуынша, ол әулеттің өсіп-жетілуіне оның атасы Құрымбайұлы Үркімбайдың көп шапағаты тигенге ұқсайды. Қарт Қаратау баурайында өзіне қараған өрен-жарандарымен көшіп қонып жүретін ол кісінің шаңырағында кешқұрым қисса-дастандар айтып, бала-шағаларға дейін ертек, түрлі мақал-мәтел, тіпті жұмбақ айту дәстүрге айналған. Сонда үрім-бұтағының кібіртіктеп, тасырқаған аттай еркін шаба алмайтынын көрген Үркімбай ақсақал қатты күйінеді екен. Арапша ғана қара танитын сауаты бар Сағындық баласына немерелерін оқытуды қатты тапсырыпты.

Бір жылы қатты жұт болып Үркімбай әулетінің малы түгел қырылып таяқ ұстап қалады. Еті тірі жігіттер енді жан бағу үшін қарашекпенділерге жалданады. Тоғыз жасар Құрманбек те бақташы болып, деревняның бір қора сиырын баққан көрінеді. Құрекеңнің бойындағы орыс тілін аса жетік білуі, мүмкін, осы тұстан бастау алған шығар деп ойлаймын. Ұжымы берік, ынтымағы жарасқан Үркімбай әулеті Кремневка деген деревня мұжықтарымен бірігіп егін егіп, олары бітік шығып, бір көтеріліп қалады. Осыны пайдаланған Сағындық әке аманатын орындап, үлкендері Құрманәлі мен Құрманбекті оқуға береді ғой. Олар әуелі молдадан ескіше оқиды. Расында да Құрекең арапша жақсы жазатын. Зұфар ағамыз екеуі кейде құпиялық керек болғанда бір-біріне арапша записка жазысып, оларын менен беріп жіберетін. Одан кейін Құрекең Әулиеатадағы Аса мектеп-интернатына орналасып, нағыз білім бұлағына бас қояды. Осы мектепті бітіргеннен кейін Құрманбек аға енді өзі де мұғалім болып, оқушыларға дәріс бере бастайды. Біздің елге дейін барып, мұғалім болғаны осы тұс болса керек.

Үркімбай атасының өзіндік мектебінен өткен жас Құрманбек күнделікті тіршіліктің ізін қуалап кетпей, ізденуді ерте бастайды.  «Жазушы бала» атанып ауызға ерте іліккен ол Жуалы ауданының алғашқы газетінің тұңғыш редакторы болған. Өзінің асқан еңбекшілдігі мен ізденімпаздығы, білімділігінің арқасында ол жоғары лауазымдарға қатарынан бұрын қол жеткізген адам. Кәсіподақтардың республикалық кеңесінде қызмет істеп, халықтың мұң-мұқтажына жете қанықты. Алайда қаламгерлікке деген құштарлығы, орыс әдебиетіне деген жетіктігі оны ақыры «Қазақ көркем әдебиет» баспасынан бірақ шығарды. Ол онда алдымен қарапайым редактор болады да, көп кешікпей өзінің білімділігі мен білгірлігінің арқасында Қазақ біріккен баспасының бас редакторы жауапты қызметін атқарады. Сөйтіп әдеби ортаға келіп, сол кезде есімдері елге белгілі М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов сияқты алыптар тобымен ерте араласты. Олармен өле-өлгенше жақын қарым-қатынаста болғанына өзіміз куәміз. Әсіресе, Ғабит, Әбділдалармен сол кезде зиялылар арасында кең тараған преферанс ойнайтынын қол астындағы біздер жақсы білетінбіз. Оны кезекті «Күмісайдың қымызын ішу» кезінде өзі де қызғылықты етіп айтып отыратын.

Құрманбек Сағындықовтың әдеби тілдің асқан білгірі, екі тілге бірдей жүйріктігі осы кезде-ақ белгілі бола бастаған. Ол Жуковтың «Отаны» мен Горькийдің «Ана» романдарын  аударуды сол кезде-ақ бастағанға ұқсайды. Ол кезде социалистік реализмнің, жалпы кеңестік әдебиеттің көшбасшысы саналатын Горькийдің «Ана» романын аудару кім көрінгенге сеніп берілмейтіні белгілі. Осы «жоғары сенім» Құрекеңе көрсетілгенінің өзі біраз жайтты аңғартса керек. Ол істі майданда жүріп те одан әрі жалғастырумен болғаны сол кезде жүріп жазған хаттарынан көрініп тұр.

Жалпы, кластас досы  Бауыржан Момышұлы екеуі соғыс кезінде бірін-бірі қалқалап, аман сақтап қалуға тырысып баққаны байқалады. Батыр Бәукеңнің әсері тиді ме екен, 8-дивизия құрамында зеңбірек батареясының саяси жетекшісі болып соғысқа араласқан Құрекең ұзамай «Отан үшін» деген дивизия газетінің редакторының орынбасары болып ауыстырылады. Ал оның редакторы кәдімгі Дмитрий Снегин еді.

«Газет екі тілде шыққанымен, оның екі тілдегі нұсқалары бірін-бірі қайталай бермейтін, – деп еске алады Құрекеңнің өзі. – Тек ең маңызды деген материалды ғана екі тілде бірдей беретінбіз. Газеттің апта сайын екі рет шығатын қазақшасын жалғыз өзім әзірлеп, тексті танымал әріптермен түгел қолыммен жазып шығатынмын. Өйткені әріп теруші орыс жігіті еді».

Жалпы, Құрманбек ағамыздың май­даннан жазған хаттары жеке бір әңгімеге лайық. Олардан сол кездегі ортақ Отанға деген жанкештілік, биік патриотизмнің, сонымен бірге туған жерге деген сағыныштың лебі есіп тұр.

44-ші жылдың 3-шілдесінде «Сара, Кентай» деп басталатын хатында: «Тұрған жеріміз сондай әдемі. Айналамыз көл, қалың орман. Тек оқ пен снарядтың үні сәнін бұзады, әйтпесе, нағыз курорт секілді. Алайда, Жуалының ұлтарақтай жерін мұның шаршы шақырым жеріне айырбастамас едім» деп ағынан жарылады ағамыз.                              

Төлеген Тоқтаров қаза болғанда оның шешесіне майдандас достары Ахметжан Мұхамедияров, Бауыржан Момышұлы, Балтабек Жетпісбаев, Мірқас Байсаров және өзі қол қойып жазған естірту-хатты да негізінен Құрекең жазғаны жазу мәнерінен анық көрініп тұр. «Қадірлі, әзіз-ана!» деп басталатын бұл хатты тебіренбей оқу мүмкін емес. Әйгілі мерген Төлеуғали Әбдібековке ол қаза тапқаннан кейін «Батыр» атағын алуға ұсынысты өз қолымен жазған да Құрманбек Сағындықов екенін бұл күнде біреу білсе, біреу білмес. Алайда, сол кездегі қиямпұрыс саясаттың кесірінен 397 фашистің көзін жойған сайыпқыран снайпердің ол атақты ала алмай кеткені тарихтан белгілі.

«Бәукештің үзеңгілес жолдастарының белгілісі Мәлік қой,– деп жазыпты Бауыр­жанның жары Жамал апайға жазған хатында. – О да айтулы ержігіт, арыстандай айбатына, жолбарыстай қайратына  ақылын жолдас еткен азамат. Бауыржан екеуі қазақтың   тарихында орын алатыны даусыз, алып та отыр ғой». Ауылы басқа деп алалау жоқ, не деген биік парасаттылық десеңізші!

Тағы бір анықтай кететін нәрсе, Құрекеңнің өзіміз омырауынан талай рет көрген биік марапат «Қызыл Жұлдыз» орденін редакцияда жүргенде емес, қан майданда арпалысып жүріп алғаны даусыз дер едік. 43 жылғы 12-тамызда Сара жеңгемізге жазған хатында «10 август күні дивизия командирі маған Қызыл Жұлдыз орденін тапсырды» деп жазады ол. Ал «Отан үшін» газетіне осы жылдың қысына қарай барған. Онда да батыр  Бауыржан жан досын қан қасаптан суырып алып сонда отырғызған тәрізді.

Құрекеңнің батырға арнап жазған «Баукеш», «Ардақты Баукешім» «Баукеш­тай», «Ардақты Баукеш», «Ардақты, сүйікті  Баукеш» деген тәрізді керемет сыйластыққа, шынайы достықтың шуағына толы біраз хаттары  бар. Жоғарыда айтқанымыздай, оның бәрін келтіре беруге бұл мақаланың жүгі көтермейді. Жалпы бұл екі алып адамның достығы әріден, бала кезден басталған. Оның үстіне Әбділда Тәжібаевтың, Бауыржан Момышұлы мен Құрманбек Сағындықовтың Шымкент техникумында Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс алғаны тағы бар. Кейін бұл үшеуінің де қазақ әдебиетінің сардары болып шығуына тұңғыш қазақ романының авторының да ықпалы болғаны даусыз.

Құрекеңнің өзі  Бауыржанның үзеңгілес серігі, қанды көйлек досы болғанын үнемі мақтанышпен айтып отыратын. «Батыр туралы мен жазбағанда кім жазады, кірісіп жатырмын» дегенін талай естідік те. Оған ғұмыры жетпеді ме, әлде бітіре алмай кетті ме екен, ол жағын анық білмедік. Білетініміз, Құрекең қайтыс болғаннан кейін екі жылдан кейін шыққан «Хас батыр бейнесі»  деген жұқалтаң кітап. Оның өзін өте ұсақ қаріппен басқан. Оның ішінде Бауыржаннан басқа Панфилов, Тоқтаров, Әбдібеков, Мәлік сынды аты аңыздай естілетін біраз батырлар суреттелген. Мүмкін осы әлгі айтып жүрген үлкен еңбегінің үлгеріп кеткен сілемі болар деп топшылаймын өз басым.

Ал Александр Бектің Баукең туралы әйгілі романын «Арпалыс» деген атпен Құрекеңнің еркін аударып шыққаны мәлім. Бұған Бәукеңнің өзі де риза болған. Оған батырдың 1957 жылы желтоқсан айында: «Данную работу не следует рассматривать как обычную подготовку к переизданию, а следует рассматривать как новую работу, как творческий перевод – переработка, куда автор-переводчик вложил немало сил и творческих поисков» деп оң батасын бергені бұлтартпас куә. Бұл басылымды Құрекеңнің мейлінше еркін аударғаны сондай, оған әрқашанда кірпияз Баукеңнің өзі «автор-аудармашы» деп баға беріп отыр.

Осы кітаптың алғашқы әңгімесінің алғашқы жолы: «...майданға барған бетімде өр мінезді, өктем сөзді бір командирге кездесе қалдым» деп басталмай ма? Майдан қылшық суырғандай осы сөйлемді әу баста басқа тілде жазылған деп кім айта алар?!

Жалпы, Құрекеңнің аудармашылығы оның шығармашылығын сөз еткенде алдымен ауызға ілігетіні рас. Бұл ретте ол кісіні қазақ аудармасының абызы десек, артық айтқандық болмас. Оның бұл саладағы аса білгірлігін білген ол кездегі билік аса қиынға салып отырған ғой.

Осы арада сәл шегініс жасап, баяғы Құрекең өзі жіберген партшколда жүргенде бір профессордың аузынан естіген мына бір әңгімені келтіре кетсем деймін. Тақап келе жатқан революция ызғарын сезген патша үкіметі сол кездері цензурасын тіпті күшейте түскен ғой. Бір күні сондай цензордың бірінің қолына Карл Маркстің «Капиталы» түседі. Ол оны әрі ақтарып, бері ақтарып, ештеңе ұға алмайды да, «Мына кітапты көзі ашық біздің өзіміз түсіне алмадық, әліпті таяқ деп білмейтін жұмысшылар қалай ұқсын» дейді де ішке енгізіп жібереді. Міне, содан бастап Ресейді «коммунизм елесі» кезіп жүре берген екен. Ал шынтуайтына келгенде, сонша күрделі жазылған бұл еңбектің тереңіне дүние жүзі ғалымдары әлі бойлай алмай, оған тамсанумен келеді. Осы кітапты біздің Құрекең қиналмай аударған ғой.

Кезінде әл-Фараби трактаттарын ауда­руға ешкімнің тісі батпай қойғанда да оның Құрекеңе жүктелгені есімізде.

«Қазақ аудармасының саңлағы атан­ған, компартия серкелерінің еңбектерін аударған Құрманбек Сағындықов секілді ағаларымыздың қазақ аударма тілін қалыптастыруға атсалысқанын кейінгі ұрпаққа айтып, естеріне салып отырған оң болады» деп жазыпты байырғы журналист Мамадияр Жақып.

Ал Құрекеңнің көсемсөздің хас шебері болғаны да өз зерттеушісін күтіп жатыр. Оның «Қазақстан коммунисі» журналына жазған бас мақалаларының өзі қаншама. Және көсемсөз жазуға белгілі адамдарды тартуда да үлкен білгірлік танытушы еді ол кісі. Айтулы ақындар Сырбай Мәуленов пен Хамит  Ерғалиевтің,  Жұмағали Ысмағұлов пен Нұрмахан Оразбековтың көскемсөздің хас шеберлері болғанын бүгінгі ұрпақ біле қояр ма екен.

Қарағанды қаласында Қали Аманбаев деген ақсақал осы бертінге дейін өмір сүрді. Кожедуб па, әлде Покрышкин бе екен, әйтеуір бір сұрапыл ұшқыштың механигі болған адам. Көп жылдар бойы радио-теле комитеттің облыстық басқармасын басқарған сол кісі «Елімізде телевизияны орнықтырған бір адам бар, ол Құрманбек Сағындықов еді» дегеннен танбай кетті. Расында да Құрекеңнің осы еңбегі әлі күнге   өз бағасын ала алмай келе жатқан сыңайлы. Осыдан екі жыл бұрын қазақ телевизиясының 50 жылдық мерейтойы болды. Онда да аты аталып жатқан Құрекеңді көрмедік.

Ал Құрманбек Сағындықов біле біл­ген адамға Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі жанындағы Радио және телевизия     хабарларын тарату жөніндегі комитетінің алғашқы төрағасының бірі де бірегейі болды ғой. Бұл қызметтегі ол кісінің еңбегінің зорлығын айғақтау үшін Дінмұхамед Қонаевтың мына сөздерін келтірсек те жеткілікті шығар деп ойлаймыз;

– Ұмытпасам 1961 жыл ғой деймін, осы бюджеттің жөнге келмей-ақ қойғаны, – деп бастапты ол кісі журналист Нина Савицкаяға берген сұхбатында. – Сол себепті оның шығыс бөлігін қысқартуға пәрмен бердік. Ал оны біздің білгіштер облыстардағы радио-телевизия стансаларын «қатыра тұру» есебінен қысқартыпты. 15-16 стансаның орнына үшеуін-ақ қалдырған ғой. Министрлер Кеңесінің мәжілісінде бұған бәрі де үндемей келіскен, қарсылық танытқан Құрманбек қана болды. Ол тіпті ауылдағылардың мәдениетін тартып алып жатырсыңдар деп қатты кетті. Мен оның әшейін көрініп қалу үшін емес, шын дабыл қағып отырғанын түсіндім.   Оның жанайқайының аржағында өз міндетіне деген  жанашырлық жатыр еді. Сөйтіп біз   облыстарда 9 станса кешенін салуға ақыры қаржы таптық, – депті елу жыл ел басқарған абзал ағамыз.  

Құрекең 1988 жылы жер қара кезінде қайтыс болды. Жаназасын сол кезде аты шығып жүрген Тельман Сауранбеков тап-тұйнақтай етіп басқарып берді. Сонда  өте-мөте тым күйзеліп жылаған екі адамды көрдім.  Оның бірі «Папалап» қоймай жылаған үлкен баласы Кеңестің үйіндегі келіні еді. Ұмытпасам ол белгілі қайраткер әйел  Ғайникен Бибатырованың қызы болатын. Ал екіншісі батыр Бауыржанның ұлы Бақытжан болатын.

– Өз әкем көз жұмғанда мен дәл мұндай күйзелген жоқ едім. Өйткені, артымда қысылсам – ақылшым, тәлтіректесем – таянышым екінші әкем Құрекең тұрды. Нағыз жетім қалғанымды бүгін ғана шын сезініп тұрмын, – деп қабір басында егілгенде жыламаған адам қалған жоқ.

Құрекеңнің Бауыржанмен достығы олардың бүкіл отбасына жайылған ғой. Кезінде Жуалыда қанаттасып бірге өскен үш дос болыпты. Олар – Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов және Еркінбек Сауранбеков. Бір қызығы олардың достығы күні бүгін өз жалғасымын тауып отыр. Осы кісілердің Бақытжан, Кеңес және Тельман деген үш ұлы да достықтары жарасып араласып өскен. Ал олардан туған үш ұл Ержан Момышұлы, Мақсұт Сауранбеков пен Ғалымжан Сағындықовтар да аталарынан қалған ұлы достықты лайықты жалғастырып келеді. Бұл достық енді олардың балаларына да даруда. «Орнында бар оңалар» деген осы болса керек. Мен негізінен өз заманының алы­бы Құрекеңнің өзіме ғана жасаған жақсылығын тілге тиек еттім. Ал ол кісінің менен басқаларға да, тіпті бүкіл елге жасаған шарапаты қаншама десеңізші. Шын мәніндегі өнегелі өмір, ғибратты ғұмыр. «Бұл ретте мен көз көрген тірі қазақтың біртуар азаматтары, әрі тұлғалары, ғалымдары Серікбай Бейсенбаев, Ермұхан Бекмаханов, Құрманбек Сағындықов, Мұхтар Жанғалиндердің өмірлерін бүгінгі ұрпаққа үлгі дер едім» деп жазыпты мемлекет қайраткері Дәуірхан Айдаров.Түптеп келгенде түгел сөздің тобықтай түйіні де осы.  

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік таңын қарсы алып, оның алтын шуағына шомылу бақыты бізге бұйырыпты. Оған іргеміз сөгілмей, тіземіз бүгілмей, елдігімізді сақтап, еңсемізді түсірмей аман-есен жетсек ол ең алдымен осы Құрекең сияқты еңсесі биік ерлердің арқасы. Өзімізден кейінгі ұрпаққа олар туралы айтып кету біздің парызымыз, болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз. Иә, тарих осылай түгенделеді.                                                                                                                                                                      

***

Бірде интернетті ақтарып отырып,  бір бүлдіршіннің депутатқа жазған мына бір сауалын көзім шалып қалды.

-Сәлеметсіз бе? Сізге қояр бір сауалым бар еді. Мен Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Құрманбек Сағындықов атындағы 4 орта мектепте оқимын. Мені мемлекеттік тілдің қолдану аясы нендей дәрежеде деген сұрақ мазалайды, – деп жазыпты әлгі оқушы.

Ағамыздың аулында атасының өр рухын бойына сіңірген Құрманбектің құлыншақтары өсіп келе жатыр екен-ау деген бір тамаша ой санамда жарқ ете қалып, бүкіл жанымды жадыратты. Лайым солай болғай, әумин!

1287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз