• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2023

Түркі әлемі әлемдік орталыққа айнала ма?

Күні кеше Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының X саммиті өтті. Әлемдік баспасөз мұны «Түркі дәуірі» басталды деп бағалауда. Талай салада ынтымақтастық жасалып, маңызды стратегиялық құжатқа қол қойылды. 
«Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеген Президент түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор екенін айтып, тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз – ортақ болуына байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн деді.
– Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар. Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын өзара насихаттау маңызды. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн. Бұған әлеуметтік желіні пайдалану, танымал медиа тұлғаларды жұмылдыру керек деп есептейміз. Сол арқылы жастарымызды рухани тұрғыдан жақындастыруға мүмкіндік туары сөзсіз, – деді Президент.Түркі мемлекеттерінің қатар дамуы өте маңызды екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымға мүше елдердің стандарттары мен терминологиясын жүйелеуді ұсынды. Сондай-ақ Ұйым қызметін оңтайландыру және халықаралық ықпалдастық жөніндегі бірқатар ұсынысын ортаға салды.Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми әріптестік арқылы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту аса маңызды екеніне назар аударды. Бұл орайда Президент Ұйымға мүше елдердің басшыларына әлемдегі үздік университеттердің филиалдары мен тіл үйрететін бөлімдер ашуды, бірлескен ғылыми шаралар өткізіп, тәжірибе алмасуды, сондай-ақ жасанды интеллектіні, цифрлық және аэроғарыш өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударуды ұсынды. Мемлекет басшысының пікірінше, қазіргідей халықаралық ахуал тұрақсыз, алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды. Әріптестерін аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән беруге шақырды. Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болғанына алғысын білдірді. Қауіп-қатерлерге қарсы бірігу, өзара көмек көрсетіп, тиімді іс-әрекет жасау маңызды екеніне назар аудартып, оның бәрі түркі әлемін өркендетуге, елдеріміздің ынтымағын арттыруға ықпал ететінін айтты.

  ТАРИХҚА ЖҮГІНСЕК...
Тарихқа жүгінсек, Түркістан өлкесінің көне атауы – Ұлы Тұран аймағы деп аталған. Ұлы Тұран аймағының сол кездегі шекарасы Балқаннан Тынық мұхитына, Оралдан Таяу Шығысқа дейінгі кеңістікті алып жатыр екен. Сол уақытта Ұлы Тұран жеріне Албания, Косово, Босния мен Герцеговина, Қырым, Поволжье, Солтүстік Кавказ республикалары, Орталық Азия, Закавказияның шығысы, Ирак пен Иран, Солтүстік Ауғанстанның бір бөлігі, Қытайдың солтүстік-батысы кірген. Осынша алып аймақты заманында дүрілдеткен көк түріктің ұрпағы қайта күш алып, осы дәуір «Түркі ғасыры» бола ала ма? Әлемде түрік этносы басты орында тұратын алты мемлекет бар. Бұлар: Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстан. Осы елдердің басшылары келген биылғы саммитке осы жиынның қарсаңында елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі де қосылды. Түркі мемлекеттерінің мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет білдірген оған Президент: «Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар» – деді. Өз сөзінде Виктор Орбан да: – «Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады» деді. Еуропаның бел ортасында жатқан Мажарстан ертеден түркі әлемінің бір бөлшегі. Жалпы, түркі әлемі тек жоғарыда аталған мемлекеттермен шектелмейді. Бұған қоса бүгінде өзге мемлекеттердің құрамына кіргенмен түркі әлеміне жататын аймақтар мен автономиялық және ұлттық республикалар бар. Яғни Ресейдің құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Тыва, Саха (Якутия), Қытайдың құрамындағы Шығыс Түркістан, Молдавияның құрамындағы Гагаузия, Солтүстік Кипрдегі мойындалмаған Түрік Республикасы. Сонда Балқаннан Шығыс Түркістанды қоса есептегенде Саха еліне дейінгі жалпы саны 200 миллион түркілер мекендейтін ұлан-ғайыр өлке түркі әлеміне тиесілі болып шығады. Кім білсін, тарих қайталанады деседі. Түркі әлемі де қайта оянып, күш алатын күн туар. Түркі елдерінің ішіндегі азулысы, әрине, Түркия. Беріде өткен уақытқа көз жүгіртейік. КСРО келмеске кетісімен түрік бірлігін бірінші болып марқұм Тұрғыт Озал ту ғып көтерді. Сол кезде саяси-экономикалық кеңістік құрудан бастап ортақ тіл мәселесіне дейін ортаға шыққаны есте. 1992 жылы осы мақсатта Анкарада тұңғыш рет түркітілдес елдер басшыларының саммиті өтіп, ол тек мәдени-гуманитарлық серіктестікке уағдаласумен аяқталған. 
1993 жылы 12 шілдеде, Алматыда қол қойылған келісім бойынша, түрік мәдениеті мен өнерін бірлесе дамыту мақсатында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы құрылды. Дегенмен сол кезде «түркі бірлігі» мәселесінде Орталық Азия елдері басшыларының өзара көзқарас бірлігі болмады. Бұған Тұрғыт Озалдың қапыда дүние салуы да өз әсерін тигізгені анық. 
Бұдан кейін «түркі бірлігі» 1994 жылы Стамбулда, 1995 жылы Бішкекте, 1996 жылы Ташкентте, 1998 жылы Астанада, 2000 жылы Бакуде, 2001 жылы Стамбулда өткен ел басшыларының саммитімен шектелді десек болғандай. Әрине, Түркия мен түркі тілдес мемлекеттердің өзара мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасы студенттер алмасумен шектелген жоқ. Бұл орайда Әзербайжан, Түркіменстан мен Өзбекстанның кириллицадан латын қарпіне көшуі нәтижесінде үлкен қадам жасалғанын атап айтқан жөн. 
Дегенмен, бауырлас елдердің арасында туындаған түйткілдер де жоқ емес еді. Мысалы, Каспий теңізіндегі даулы жердегі мұнай кеніне байланысты Түркіменияның марқұм президенті Сапармұрат Ниязов пен Әзербайжанның марқұм президенті Гейдар Әлиев қарым-қатынасын үзген болатын. 2001 жылы Ниязов Бакудегі елшісін кері шақырып алған-ды. (Екі елдің қабағындағы мұз 2007 жылы Ниязов көз жұмып, орнына Бердімұхаммедов келген соң ғана жібіді). Түркияның өзі сол кезде экономикалық қиындыққа ұшырап, алдыңғы орынға еуропалық бағытты шығарды. Ел басшыларының саммиті тұтас бес жыл бойы өтпей қалған да кезі бар. «Түркі бірлігі» идеясының екінші қайтара жандануында мәдени-гуманитарлық достық біртіндеп экономикалық достыққа көшу мәселесіне ұласқан. Түркі кеңесі мен Түркі академиясы құрылды. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі, Парламенттік Ассамблея, Ақсақалдар алқасы құрылды. Осының бәрі түркі әлемінің келешегі келісті болуына жол ашқан қарышты қадамдар болды. Жалғыз ғылым-білім емес, түркі елдері ұйымы арасында экономика, қауіпсіздік саласындағы ынтымақ та артып келеді. Осы жолғы Астанада өткен Саммиттің жөні бұрынғыдан бөлек, шынымен де «Түркі дәуірі!» ұраны аясында өтіп, жаңаша асуларға жол салынды, бірлігімізді нығайтқанымызды, ортақ құндылықтарымызды әлемге паш етіп, бабалар аманатына беріктігімізді білдірдік, алпауыт державалар санасатындай айбынымызды таныттық деуге болады. 

ОРТАҚ ӘЛІПБИ ОРНЫҒА МА? 

Түркі мемлекеттері ұйымының осы 10-шы саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түркі елдерінің ортақ әліпбиі жөнінде сөз қозғады. Ортақ әліпби жөнінде бұрын да сөз болып келе жатқаны белгілі. Бірақ ол талқылаудан асқан емес, ортақ шешім шыққан емес. Бізде латын жазуына көшпек түгілі, әліпби түзудің өзі әлі дау-дамайдан арылған емес. Тіпті, латын жазуына әлдеқашан көшіп алған Өзбекстанда латын әліпбиі жобасы сәтсіз болды делінеді. 2019 жылы Ташкент әуежайынан қолыма алып көз жүгірткен «Халқ сузи» деген бас газеті әлі күнге кириллицамен шығып жатыр екен, тым құрыса біздегідей газеттің атауын да латынға ауыстырмаған. Мұның себебін өзекеңдерден сұрасам, «жастар газет оқымайды, үлкендер латынша білмейді, сондықтан газеттер кирил әрпімен шығады» деген жауап алдық. Естуімізше, Үкіметінің бүкіл іс-қағаздары кирилше екен. ӨР-ның латын қарпіне көшу туралы Заңында, латын әліпбиімен бір қатарда, ұлттың тарихи ұлы мұрасы қашалған дүниелерді зерделеу үшін арап және кирилл жазуларын үйрену және олардан пайдалану еркіндігі сақтап қалынады» делініпті. Ол, әрине, түсінікті. Бірақ Өзбек елінің латын қарпіне көшкеніне тура отыз жыл болса да (1993 жылы көшкен), «Халқ сузи» бас газетінің кириллицада шығып жатқаны ойлантып қойды. Еске түсірсек, 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын әліпбиін қолданған Қазақстанда қайтадан латын жазуына көшу мәселесі алғаш 1993 жылы көтерілген. Оған сол жылы Анкара қаласында өткен түркі халықтарының латын жазуына көшу мәселесіне арналған тіл мамандарының мәслихаты түрткі болған-ды. Осы алқалы жиында мамандар түркі халықтарына ортақ 34 әріптен тұратын латын әліпбиін жасап, қабылдаған. Міне, содан бері ортақ әліпбиге қатысты қоғамдық талқылау тыйылған емес. Бұл екі арада Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырым татарлары мен гагауыздар латын жазуына біржола көшіп алды. Қазақстан мен Қырғызстан әліптің артын бағып қалды. 
Сонымен ортақ әліпби мәселесі Астанада өткен саммит аясында Ердоған тарапынан мәлімделгені болмаса, әлі тиянақталған жоқ. Қашан тиянақ табары да белгісіз. Болашақта әбден пісуі жеткен кезде ғана ол мәселе ұйым шеңберінде қарастырылатын болар, уақыт өте келе шешіліп те қалар, бәлкім. Ал жұрттың аузында ара-тұра айтылып қалатын ортақ тіл мәселесі ше? Ол енді...алыс болашақтың ісі. Айт-айтпайық, түркі халықтарының ішіндегі бастапқы түрінде ең жақсы сақталған тіл қазақ тілі екені бесенеден белгілі. Ол жағын бір жиында Түрік мемлекетінің президенті Ердоған да айтып жібергені бар. Не десек те, қазақ – көне түркінің қарашаңырағында отырған халық. Көш бастау міндеті бізде. Бірімізден біріміз алшақтау қасіретінен түркі әлемін түбі ортақ әліпби ғана құтқарары анық. Бара-бара ортақ тіл мәселесі де ортаға шығар.         

Төреғали ТӘШЕНОВ

ӘЛЕМДІ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРЛІГІ ҒАНА ҚҰТҚАРАДЫ

Түркітекті халықтардың бір ақиқаты – бірлік пен ынтымақтастыққа қол жеткізбей, ешқай­сысының өркендемейтініне көз жеткізгелі көп болды. Бұдан әлемдік бейбітшілік жүйесінің де ұтылып жатқаны барған сайын айқындалуда. Соңғы үш жүз жылдың көлемінде жеңіліс пен шегіністен көз ашпаған ұлыстар тарихтың жаңа буынында өздеріне беріліп тұрған бірегей мүмкіндікті терең пайымдап отыр. Бір қызығы, бұл жоғарыдан төменге емес, төменнен – қарапайым жұртшылықтан жоғарыға қарай өрістеуімен ерекше.Не күш біріктіріп ортақ бір өріс түзеді, не осылай әлемдік ойыншылардың көкпарында кеткені кеткен. Бізге бұған дейінгі жіберілген қателіктер сабақ болуы керек. Түркі әлемінің өркениеттің қозғаушы күшінен периферияға айналуына, ақырында басым бөлігінің отарлануына сол ауызбіршіліктің жоқтығы мен өзара бәсеке әсер етті. Кезінде дүниені дүр сілкіндірген империяларды ұстап, Еуразияда шешуші болған доминанттылық бітпейтін ішкі қырқысулардың нәтижесінде көзден бұл-бұл ұшты. Ал жаңағы шанс деп отырғанымыз – әзіргі геосаяси-экономикалық ахуалды тиімді пайдалана білсе, ес жиып, көптеген тұрғыларда есе қайтаруға жол ашып тұр. Әзербайжан мен Армения соғысында біріншісінің өз жерін қайтаруына не үшін қуандық? Оның түркілік маңызы мен масштабы үшін қуандық. «Қаншама ғасыр бойы тек жоғалту мен капитуляциядан тұратын даму маховигіміз, әйтеуір, оң бағытта айнала бастады-ау» деп қуандық. Әйтпесе, адам баласының қаны төгілген уақиға қайбір оңған болсын?! Бірақ бұл туысқан ұлт-ұлыстардың милитаристік ұмтылысын емес, теңдікке жетсек деген арман-тілегін нышаналауымен маңызды.Түркілер бірінші кезекте бір замандары ұрланған қадір-қасиетінің орала бастауына мүдделі. Өз-өздеріне деген сенімнің артуына мүдделі. Сапалық жаңа деңгейге өтуге мүдделі. 
Күні кешегі Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X саммиті осылардың бәрінің мән-мағыналық ортақ көрінісі. Онда «Түркі дәуірі!», яғни «Turktime!» ұранының да көтерілуі бекер емес. Салт-дәстүр, біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергия топтамасында сегіз мәселе аталып, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжаты бекітілді. Иә, «бұл бірлестік түбінде әскери одаққа айналады» деп болжамдап жатқандар баршылық. Жеке-жеке алып қарар болсақ, ешбір түркі мемлекетінің табысты трансформация жасауға ресурсы жетпейді. Тіптен Түркияның өзінің бұған қал-қайраты шамалы. Біз оларға керекпіз, олар бізге керек. Біреуден екеу, екеуден жетеу жақсы. Мына жақтан мажарлардың да «ғұндық-қыпшақтық» тектерін ту етіп келіп, күш біріктіруге ниет білдіруі тіптен тамаша. Меніңше, бұл бірлестікте аға деген болмауға тиіс. Өзара құқықтары тең әріптестер ғана болуы керек. Бұл бірлестік мұқым түркінің қадірін қайтару мен рухани бірлігіне, сонан кейін барып саясат пен экономикаға жұмыс істеуі керек.Тап қазір дүниежүзінің дамуына жаңа концепция, адамзаттық құндылықтар айналасына топтастыратын ұйыстырушы идеология жетіспей тұр. Міне, оларды ащы мен тұщыны, шүкірлік пен сабыр дегеннің не екенін кемінде шежіредегі он атасынан бері жан-тәні, жүрегімен сезініп, бар мен жоқтың арасын пайымдаған, «Мың өліп, мың тірілген» түркі әлемі бере алады. Қалай береді? Бұл енді бөлек мәселе. Түркі әлеміне ес кірді. Бұрынғы көзқарастар ескірді. Ендігісі – әрекет ету ғана. 

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ,
мәдениеттанушы-философ

2610 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз