• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Алматыда аншлаг, өңірлерде көрермен аз

 «Театр – киім ілгіштен басталады» деген қанатты сөз бар. Бұл театр мәселесінде ұсақ-түйек мәселенің болмайтынын білдірсе керек-ті. Театр көрермен талғамын, сана-сезімін тәрбиелеп қана қоймай, ол қоғамдық ойдың да, заманауи мәселелердің де бағдаршысы іспетті. Демек, театрларға жүктелер міндет те, жауапкершілік те зор. Осы ретте біз белгілі өнертанушы, театр сыншысы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты Амангелді Мұқанмен жүздесіп, бүгінгі театр өнерінің дамуы, өзекті мәселелері жөнінде әңгімелескен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.   

 

– Кейінгі жылдары Алматы театр­ларында аншлаг болып жүр. Мұны халықтың руханиятқа бетбұрысы деп айта аламыз ба?
– Бұл сұраққа «иә» деп те, «жоқ» деп те жауап беруге болады. Сұрақ Алматы қаласына қатысты болған соң екі миллионнан астам халық тұратын мегаполис­те театрлардың көрерменге лық толуы заңдылық. Алайда, кейбір облыстардағы жағдай Алматы мен Астанадан мүлдем бөлек дер едім. Оларда жақсы қойылымдар бар, бірақ көрермен аз. 
Алматы халқының, жалпы еліміздегі көрерменнің театрға бетбұрысы біздің ойымызша 2015-2017 жылдары басталды. Ол кезде қалада «Откровение» атты тәуелсіз халықаралық театрлар фестивалі өтетін. Біздегі мемлекеттік театрлардың қарымы мен тәуелсіз театрлардың әлеуеті екі бөлек. Тәуелсіз театрлардың көрерменмен жұмыс істеу, репертуар таңдау тәсілі ерекше. Маған ұнайды. Олар жоғарыдан келетін тапсырмаға сай келетін спектакльдерді емес, көрермен шын мәнінде көргісі келетін, кассалық және өткір мәселе көтеретін спектакльдерді қояды. Ал мемлекет қаржыландыратын театрларда жылу, жарық қамтамасыз етілген, айлық аз болса да тұрақты. Жеке театрлар өз жанын өзі баққан соң жатпай-тұрмай, жан аямай жұмыс істейді. Тіпті карантин кезінде, бәрі үйді-үйінде отырғанда олар көрерменнен қол үзбеуге, тұрақты байланыс жасауға күш салды. Олардың бұл жанкешті еңбегі мемлекеттік театрларға да ықпал етіп, 2016-2017 жылдары оларда да жаңа леп байқала бастады. 
Өз басым қазақ театрындағы тың серпілісті белгілі режиссер-педагог Маман Байсеркеновтың шәкірті, жас режиссер Фархат Молдағалидың талантымен байланыстырамын. Ол С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театрында жұмыс істеп жүріп, театр жанынан құрылған жастар труппасымен бірге SounDrama бағытында «86» деген спектакль қойды. Оны Алматыға фестивальге алып келіп, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Біздегі драматургия тарихында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы жазылған пьеса көп деп айта алмаймын, бар, азын-аулақ қойылды да, бірақ, Фархат қойған «86» театр сахнасында айтулы жаңалық болды. Оқиғаны сөзбен емес, музыка мен пластика арқылы жоғары эмоцияда баяндауы көременнің жан-дүниесін астан-кестең етеді. Әлі күнге нақты тарихи баға берілмей келе жатқан қазақ тарихындағы қасіретті оқиғаның осы қойылымда жақсы баяндалғанын көрермендер арасындағы желтоқсаншылардың қызу талқысынан байқауға болады. Қазақ театр өнеріне SounDrama мен жаңа леп келуіне Фархат көп еңбек сіңірді. Одан кейін қойылған «Қарагөзі» де театр мамандары арасында дүмпу туғызып, 2018 жылдан күні бүгінге дейін түрлі деңгейдегі театр фестивалдеріне қатысып, еліміздің әр аймағын аралап, көрерменнің ықыласына бөленді. Оның жұмысына сын айтушылар да жеткілікті, десек те, жалпы қазақ театрының бүгінгі жетістігі осындай қадамдардан басталды.
Әрине, оған дейін де қазақ режиссурасында жаңа буын жастар болды, жаңа сипатта қойылымдар қойылды. Олар Асхат Маемиров, Елік Нұрсұлтан, т.б. Негізі режиссерлік те жеке жүріп, өз бетін­ше шығармашылық­пен айналыса­тын ин­ди­видуалистердің мамандығы. Бірақ, Фархат жеке жүрмей, өзі құралыптас жас режиссерлердің басын қоса білді. Айналасындағы жастарды жиып, шығармашылық лабораториялар, форумдар, режиссерлер фестивалін өткізді. Бұл еңбегі менің оған деген құрметімді арттыра түседі. 
Осылай басталған тың қадам театр репертуарына жаңа қойылымдардың, заманға сай, көрермен қалаған спектакльдердің қосылуына ықпал етіп, көрермен жинады. Адамдар жекелеген қойылымдарға арнайы барып көретін болды. Тіпті бір ай бұрын билет алмасаңыз театрға кіре алмайсыз. 
Әрине, мұндай аншлагтар қазақ театрында бұрын да болған. Қазіргі көп көрермен кейін азайып қалуы әбден мүмкін. Мені сол толғандырады. Бір кездері Ә.Мәмбетовтың қойылымдары осындай аншлагпен жүретін. Бұл театрда 15-20 жылда қайталанып тұратын үрдіс. Біздегі осы құбылысқа көрші елдердің мамандары қызығып та, қызғанып та қарайтынын көріп, қуанып, марқайып жүргеніміз рас. 
Фархат бастаған жас мамандар­дың ай­­туынша, қазір бізде 35 жасқа дейінгі жастардан 35 режис­сер бар екен. Арнайы білім алған, білім алмаса актерліктен режиссураға ауысқан жастар. Демек, бұл бағытта ізденіс бар, олар театрға көрерменді қайтарды. 
Есіңізде болса, тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылдай уақыт аралығында театр тұтас бір буын көрерменінен айырылып қалған еді. Тұтастай бір ұрпақ театрсыз өсті. Театрлар жұмыс істеді, бірақ көрермен ықыласы мұндай болған жоқ. Ол кезде театрларға мектеп оқушылары, ЖОО студенттері мен курсанттарды күштеп жинап апаратын. Қазір ол өліара шақтан шықтық. Сол себепті рухниятқа бетбұрыс бар деуге әбден болады. Кез келген көрермен театрға барғанда руханиятқа мойын бұратыны анық. 
Оған себеп болған тағы бір жайт – театрлардың электронды билет сатуды қолға алғаны. Ғ.Мүсірепов театрының бір қойылымының билеті сатылымға шыққан сәттен соң 16 минутта түгел сатылып кетіпті. Бұл бұрынғыша айтқанда театрдың есігін сындырып кіретін көрерменнің ықыласын көрсететін дерек. Бұл үрдіс мейлінше ұзақ жылдарға жалғасса екен деген тілек бар. Әрине, ол үшін көп ізденіс, көп еңбек керек, көрерменмен тоқтаусыз байланыс орнату керек. 
– Бұл үрдіс өңірлердегі театрларға әсер етуі мүмкін бе?
– Әрине, әсер етеді. Ғ.Мүсірепов театры «Махаббат, қызық мол жылдар» (реж. Ф.Молдағали) қойылымымен, Астаналық Жас көрермен­дердің музыкалық театры «Гауһартас» (реж. А.Маемиров) спек­таклімен, «Шам» коммер­­циялық театры «37» (реж. Ф.Молдағали) қойылымымен ел ішін аралап шықты. Бұлар республика көлемінде аты шыққан, көрермен саны көп жобалар. Бір ұжымда басталған жақсы үрдіс  міндетті түрде жан-жаққа толқын-толқынмен тарайды. Әр өңір өз ерекшелігімен даму үстінде. Астана қаласындағы театрлардың да өз көрермені бар. Ендігі міндет осы үрдісті тоқтатып алмау. 
Сөз басында сұрағыңызға «иә» әрі «жоқ» деп жауап беруге болатынын айттым. «Жоқ» дегенге келер болсақ, қазір аншлаг жасап отырған көрермен жалпы халықтың 1%-ы, одан көп дегенде 2%-ы ғана шығар. Ал қалғаны театрсыз өмір сүріп жатыр. Біз осы көрсеткішті көтеру жолына әлі түскен жоқпыз. Көрерменді жаппай қамту мүмкін емес те шығар, десек те барынша талпынсақ, келешек көрерменнің саны да көп болмақ. Қазір театрдың төңірегіндегі, театрға үйренген көрерменмен ғана жұмыс істеп жүрміз. Осы көрерменмен шектелу қауіпті. Ертеңгі көрерменді дайындауды назарда ұстау керек. Қазіргі көрерменнің көбі студент, ертең есейген соң олар театрға  сирек барады. Сол себепті көрермен жинау ісі бір рет атқаратын науқандық шара болып қалмағаны жөн. Әрине, арнайы қабылданатын түрлі бағдарламалардан әбден мезі болдық. Дегенмен, бүлдіршіндер мен балдырғандардың, балалар мен жасөспірімдердің назарын руханиятқа, театрға бұратын оңтайлы тәсілді жетілдіру қажет. Әр театр өз көрермені үшін күн­делікті күрес жүргізуі керек. Өкінішке қарай, біздің елде бір жұмыс жоғарыдан қағаз жіберіліп, міндеттелмесе қолға алынбайды ғой... 
– Болашақ көрерменді қуыршақ театр­лары қалыптастыра алмай ма?
– Қалыптастырады, алайда қазір жұмыс істеп тұрған қуыршақ театрлары аздық етеді. Ересектерге арналған театрларда балаларға немесе бүлдіршіндерге арналған репертуар тым аз. Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларына арналған қойылымдарды қою қуыршақ театрының мойнында. Бүкіл республика бойынша мемлекеттен қаржыландырылатын 8 қуыршақ театры ғана бар. Ал Алматыдай халық саны 2 миллионнан асатын мегаполис тұрғындарына бір ғана қуыршақ театры дегеніңіз, мүлде көзге көрінбейді дегенмен тең. Сонау Наурызбай, Алатау аудандарының балалары Қуыршақ театрына жиі бара алмайды. Сол себепті мемлекет өзі ашпаса да қаланың әр аумағынан театр ашатын жеке тұлғаларға мүмкіндік жасауы керек. Егер жеке театр ашуға жеңілдіктер жасалса, оны қолға алатындар көп болар еді. Бұл саланың қажеттілігін сезінген облыс орталықтарында (Қарағанды, Қызылорда) драма театрының жанынан арнайы штат бірліктері бөлініп, қуыршақ труппалары жұмысын бастауда. 

Кез келген спектакль – эксперимент


– Эксперименттік қойылымдардың қойыла бастағанына да біраз уақыт болды. Нәтиже қандай?
– Кез келген сахналық қойылым – эксперимент. Танымал драматургтың белгілі шығармасы болса да, режиссер сахнаға шығармас бұрын жан-жақты ізденеді, көрерменге қай формада жеткізсем өтімді болады деп талпынады. Ал сіз сұраған экспериментке келетін болсақ, сахналық үлгісі қалыптасып қалған пьесаларды жаңаша қоюда, жаңа пьесаларды дәстүрлі әдіс-тәсілдерге ұқсамайтындай етіп қоюда ізденіс бар. Бұл процесс бүгін басталып, ертең бір деңгейге жетіп тоқтап қалатын дүние емес, ол күннен күнге, айдан айға, жылдан жылға жалғасып кете береді. Яғни, заман талабына қарай түрлі эксперимент жасала береді. Әр режиссер өз заманының талғамына қарай жаңартып қоя береді. Мәселен, «Еңлік – Кебек» пьесасы жақында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры сахнасында қойылды. Ол бұған дейін бірнеше рет қойылғаны белгілі, қаншама режиссер қойды, қаншама актер ойнады. Біз оны көріп, Жанат Хаджиевтің, Есмұхан Обаевтың, оның ар жағындағы Қадыр Жетпісбаев, Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәмбетовтың шешімімен салыстырамыз. Енді Әлімбек Оразбеков нені өзгертті? Әбден пісіп-жетіліп, төрт-бес рет авторлық редакциядан өткен пьесаны 2023 жылы Әлімбек мырза қалай қойды? Әрине, ол да экспериментке барып отыр. Демек, классикаға да, заманауи пьесаларға да эксперимент жасалып жатыр. Ал таза эксперимент туралы айтсақ, жас режиссерлердің көбеюі батыл эксперимент жасауға жол ашып отыр. Ақтөбеде жыл сайын «Балауса» деп аталатын жас режиссерлердің эксперименттік спектакльдер фестивалі өтеді. Әрине, оған қатысқан спектакльдердің барлығы эксперимент болмауы да мүмкін. Бірақ жастардың шығармашылық еркіндігі менмұндалап көрінеді. Мұнда мәтінге негізделген пьесаны пластикамен, бимен, жарықпен, музыкамен қоятын үлгілер де бар. «Балауса» режиссура саласында елімізде жаңа есімдердің қалыптасуына ықпал етіп жүр. Әрине, бірін-бірі көшіріп қайталайтындар бар, дегенмен, жүйрік бәйгеде шыңдалатыны секілді, талант талпынған сайын ашылады. Эксперименттік театрлар туралы айтқанда, еліміздің барлық мемлекеттік театрларының жанынан жастар труппасы қалыптасып, жаңа қарқынмен жұмыс істеп жатқанын баса айту керек. Оған арнайы ақша бөлінбейді, жастар өздері бастама көтеріп, жұмыстан соң қалып жаңа қойылымдар қойып, фестивальдерге апарып танылып жүр. Тек ел ішінде ғана емес, көрші Қырғызстан, Ресей, т.б. елдерге апарып жүр. Бұл тым жақсы үрдіс. Мәселен, Қаллеки театры кешкі сағат 21.00-де Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасын сахналап жүр. Оның да өз көрермені бар. М.Әуезов театры да кіші залын экспериментке беріп қойған. Онда қойылған спектакльдер репертуарға ене ме, енбей ме, көрерменнің келуіне байланысты.  
Әрине, әлемдік эксперименттердің деңгейіне әлі де жете алмай жатырмыз, тек өкшелеп келеміз. С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры Шерхан Мұртазаның  «Текебұрқақ» шығармасын тек пластикамен қойды. Сөз жоқ. Республикалық фестивальде гран-при алды. Экологиялық мәселе қозғалады. Шерхан Мұртазаның  ойы бірде-бір сөзсіз, тек бимен, қимылмен, жанды музыкамен берілді. Қазір біздегі эксперименттер осы үлгіде жасалып жатыр. Экспериментке мемлекеттік театрлар көп бара бермегенімен, тәуелсіз театрлар мен мемлекеттік театрлардың жанынан құрылған жастар труппасы батыл қадамдар жасап келеді. Мұнымен тоқтап қалмайтын шығар деген үміттемін. Себебі әлемде болып жатқан үрдістің қарқыны күшті. Ал қазақстандық театр қауымдастығы сол әлемдік үрдістің ішінен озып та кетпей, қалып та қоймай көріне білсе, бізге сол медеу. 
Кеше ғана М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында жас режиссер Өмірбек Әлібекұлы қойған «Құйын» спектаклі эксперимент деуге лайық. Оқиғаны жүйелі баяндап беруге үйренген көрермен бұл қойылым оқиғаларының жіпке тізген моншақтай етіп баяндалмайтынын көргенде абдырап қалатыны жасырын емес. «Құйында» біздің түсінігіміздегі классикалық үлгідегі драматургия жоқ. Үзік-үзік тарихи кезеңдер мен сәттер мидай араласып кеткен, барлық оқиғада қазақ, қазақтың талқыға түскен тағдыры жүр. Бұл бүгінде батыс театрында көп көрсетілетін постдрамалық театр үлгісіндегі қойылым. Әрі күлдіреді, әрі ойландырады. Бұл қойылымды түсіну үшін көрермен интеллектуалдық тұрғыда дайын болуы керек. Көрерменнің барлығы интеллектуал деп айта алмаймыз, 25-30 жыл бойы ойын-сауық пен күлкінің түрлі формадағы үлгісін талғажау еткен жұрт ойланып отырып көретін қойылымды көріп, өзін қинағысы келмейді. «Құйынның» режиссері қазақ сахнасына тың дүние алып келді. Сол себепті режиссура дамыған сайын көрермен де  жетіледі. 
– Еліміздегі театрлар­­дың репер­туарлық саясаты қалай жүзеге асады? Онда белгілі бір талап бар ма? Мәдениет министрлігі оған қаншалықты араласа алады? Диаспоралардың театрлары қазақстандық авторлардың пьесаларын қоюға міндеттеле ме? 
– Өте қиын сұрақ. Бір жағынан министрлік шығармашылық іске араласпауы керек деп санаймын. Себебі шығармашылық ұжымға еркіндік қажет. Шығармашылық адамына нұсқау берілсе нағыз өнер тумайды. Ал енді мемлекеттік саясатта белгілі бір мәдени бағыт, ұстаным болуы керек. Біз тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да ұлттық, мемлекеттік құндылықтарды нық орнықтыра алмай отырған елміз. Сол себепті ұлттық құндылықтарды тұрғындардың санасына сіңіру тұрғысынан белгілі бір талап болған жөн. Мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыра алмай, ұлттық репертуарымызды өзге түгіл өз театрларымызға мойындата алмай отырмыз. Мемлекеттен қаржы алып отырған өзге тілді театрлар қазақтың классикалық шығармаларын репертуарына енгізбей отыр. Қазақ тарихына қатысты туындылар да олардың сахнасына ешқашан шықпаған. Осы тұрғыдан келгенде құзыретті органдар бұл мәселені реттеудің заңды, мәдени тетігін тапқаны абзал. 
Қазақстандағы театрлар жапон немесе Қытай, іргеміздегі Ресей еліндегідей бір тілде сөйлемейді. Алматы театрлары алты тілде сөйлейді. Орыс тіліндегі театрлар барлық облыста бар. Олардың ұстанған репертуарлық саясатын кім бақылап, одан қандай нәтиже шығаруда? Осы жерде «Өзіміздің қазақстандық авторлар қайда?» деген заңды сұрақ туады. Мейлі қазақ тілінде жазбаса да, орыс тілінде жазатын өзіміздің авторлар да жетеді ғой? Осы тұрғыда Мәдениет министрлігі идеологиялық саясатты қолға алуы қажет. Оны белгілі бір комитетке жүктей ме, әлде облыстардың Мәдениет басқармалары арқылы реттей ме, әйтеуір қолға алғаны жөн. 
Мәселен, театрдың репертуарында жыл сайын қоятын 5-6 спектакльдің біреуі міндетті түрде қазақ авторының шығармасы болуы керек деген талап қойылса. Ал қалғаны әлемдік классика бола ма, өз ұлтының классигі бола ма, ерік өздеріне берілсе. Бұлай реттеу Кеңес үкіметі тұсында болған. Қазір елімізде мемлекеттің қалтасынан қаржыландырылатын 20-ға жуық орыс театры бар. Олардың ішінде санаулы театрлар болмаса, барлығы дерлік әбден сахналанған, дайын күйінде пісіп-жетілген, көбінесе ресейлік пьесаларды әкеліп қоя береді. Қазақстандағы өзге тілді мемлекеттік театрлар мемлекеттік бюджеттен ақша алатын болған соң, елдің мемлекеттік идеологиясына бойұсынуға міндетті деп санаймын. Жыл сайын бір қазақ авторының шығармасын репертуарға тұрақты енгізіп отыруы керек. Қоюға ниет еткен режиссерлер болса, қазақ авторларында да адамзатты толғандырған өзекті мәселені көтерген құнды шығармалар көп. Өзіміздің отандық Drama.kz сайтында қазақ тілді авторлармен бірге орыс тілді авторлардың да көп пьесасы тұр. Тек өзге тілді театрлар тарапынан қоятын құлық, министрлік тарапынан түртпек болмай тұр. Еркіндік беру жүгенсіз жіберу деген сөз болмаса керек. Өкінішке қарай, қазір біздің театрларға репертуар жасақтауда мол еркіндік берілгенімен, өздері суын ішіп, нанын жеп отырған мемлекеттің мәдениетін титтей де болса алға дамытуға ниет жоқ. 
Өңірдегі театрлардың барлығы дерлік облыстың Мәдениет басқармасына қарайтын болғасын, олар басшылыққа алатын Мәдениет министрлігі тарапынан бекітілген репертуарлық саясатты мемлекеттік идеологияға сай реттейтіндей құжат болуы керек. 
– Театр саласы қай тұрғыда алда келеді, қай тұрғыда дамуы қажет деп санайсыз? 
– Қай жерде де білікті кадр бәрін шешеді. Театр саласында басқару ісі, яғни заманға сай менеджмент ақсап тұр. Әрине, жақсы менеджерлер бар, бірақ олар көп емес. Жақсы менеджерлер Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің жыл сайын жүргізетін мониторингінде анық көрініп жүр. Ол мониторингте «үздік менеждер», «үздік режиссер», т.б. номинацияларды анықтаймыз. Сонымен қатар, жылына қанша қойылым қойылды, оның қазақшасы қанша, өзге тілдегісі қанша, аударма қанша, әлемдік классиктердің шығармасы қанша екенін анықтаймыз. Сонда байқағанымыз, сергек басқарушылардың театры фестивальден қалмайды, шетелден режиссер шақырып тәжірибе алмасып жатыр, ұжым бір емес, бірнеше труппаға бөлініп, бірі стационарда репертуарды орындап жатыр, екіншісі жер-жерді гастрольдік сапармен аралап жүр, үшіншісі жиналып фестивальде өнер көрсетуде. Бұл жұмысты жақсы ұйымдастыра білген театрдың тыныс-тіршілігі мен бағыт-бағдарын айқын көрсетіп тұр. Бізде театр басшылығына көбіне актерлер қауымынан тағайындайды. Актер көрнекті тұлға болғасын, халық арасында танымалдығын ескерер. Алайда, олардың барлығы мықты менеджер емес. Осы тұрғыдан келгенде директорлардың ішінде шын мәнінде шаруа тындырып, жарғақ құлағы жастыққа тимей шауып жүргендер бар, қос танауы делдиіп босқа шауып жүргендер де баршылық. 
Бізде 70-ке жуық театр бар, оның 60-тан астамы мемлекеттік, яғни халықтың қалтасынан жиналған қаржыны алады. Бірінен бірі үйреніп, тәжірибе алмасып жүр десек те, кемшін тұстарымыз жеткілікті. Көбі шығармашылық ұжым жұмысын жақсы ұйымдастырып, сауатты менеджментпен жұмыс жасап, жақсы жетістіктерге қол жеткізді дей алмаймыз. Кері кеткен тұсымыз да баршылық. 
Қай тұрғыда театр дамуы керек деген сұраққа, театрдағы басты тұлғалар – Директор мен Көркемдік жетекші арасының жігі нақты ажыратылып, олар айналысатын кәсіби міндеттер нақты айқындалмағанын айтар едім. Көркемдік жетекші театрдағы шығармашылық басты тұлға екені бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Директор – барлық шығармашылық, шаруашылық жұмысты ұйымдастырушы. Көркемдік жетекші мен бас режиссердің жауапкершілігін бір адам атқаратын кездер де жиі кездеседі. Қазір театрда Көркемдік жетекшінің позициясы өте төмендеп кетті. Оған себеп Директор ақша табады, бөледі, репертуар жасайды. Ал Көркемдік жетекші Директордың тасасында қалып қойды. Шығармашылық тұлғадан белсенділікті талап ету де қиын, дегенмен, Көркемдік жетекші труппаның, яғни шығармашылық ұжымның репертуарлық бағыт-бағдарына, көркемдік сапасына жауапты болатын. Осы тұрғыдан келгенде, Көркемдік жетекшінің ролін арттыру керек. Мәселен, М.Әуезов театрының шарықтаған кезеңін үнемі бас режиссер әрі көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетовтің есімімен байланыстырамыз. Ол кезде театрдың директоры кім болғаны есте жоқ. Жанат Хаджиев тұсында да Ғ.Мүсірепов театрын кім басқарғанын білмейміз. Театр жұмысы Көркемдік жетекшінің ұстанымымен өлшеніп, бағаланатын. Әрине, бүгінгі директор болып отырған еті тірі жігіттер көркемдік жетекшінің де жүгін арқалай алатын мамандар. Бірақ ол үнемі сәтті бола бермейді. Сол себепті қазір бізге Көркемдік жетекшінің қызметін нақтылап, тұғырына қондыру керек деп есептеймін. 
Әрине, директорлардың барлығына сәттілік тілеймін, барлығының талпынысын көріп жүрмін. Десе де олардың драматургия саласындағы жаңа тенденцияларға ілесе алмай немесе базалық білімі жетпей жатқан тұстар бар. Директордың міндеті негізінен шаруашылық мәселелерін шешу. Ал оны шығармашылықпен қатар алып жүрем десе, біреуі ақсайтыны анық. Бұл бірін көтеріп, екіншісін аласартып, алалау емес, екі түрлі міндет атқаратын маңызды екі жетекшінің қызметі мен міндетін нақтылап алу. 

Елімізде ең көп қойылатын автор – Шекспир 


– Қазақстандық патриотизмді қалып­тас­тыруда театрдың ролі қандай? Нақты қандай қойылымдарды атар едіңіз? Өңірлердегі өзге диаспора театрларында ондай қойылымдар бар ма?
– Патриотизм туралы мемлекеттік деңгейде көп айтылады. Бұл жеке тұлғаның рухани-адамгершілік құндылығының бір көрінісі. Бірақ қазір әркім өз жанын өзі бағып кетті. Біреу ұлттық, отаншылдық сезімдерді оятатын мазмұндағы дүниелерге арқаланса, енді біреулерге ол еш әсер етпейді. Қазір адамдар ұжымдық санадан шығып, индивидтік сананы алға шығара бастады. Индивидуализмнің ар жағында эгоизм бар екені рас. 
Десе де, біз біртұтас әрі жас мемлекет болғасын ұйымдастыру жұмысын көппен бірге атқару үрдісі әлі де өзекті. Бұрынғы отансүйгіштік сезімді нығайтатын пионер, комсомол, партия деген тетіктердің орны бос қалған соң, оны діни уағыздар жайлап алды. Жас мемлекеттің, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін кеңістігі бос болмауы керек. Ондайда театрдың атқаратын ролі, маңызы зор. Театрдың бір функциясы – тәрбие. Оның басқа да функциялары бар, бірақ Кеңес үкіметі тұсында осы функциясына аса қатты мән бергендіктен, біз де әлі сол сүрлеумен келе жатырмыз. Ақпарат беру, ағартушылық деген функциялары бар. Гоголь «Театр – мыңдаған адамға ой тастайтын мінбер» деп бекер айтпаған. Біз театрдың осы ақпарат беретін, ағартушылық, ой тастайтын функцияларын көп айтпағанымызбен, олар елеусіз ғана адам санасына әсер ете береді. 
Адамды патриот етіп тәрбиелеу мүмкін емес, ол отбасынан басталады. Отбасында ахуал жақсы болса, адам туған жерін, отанын еш тәрбиесіз-ақ жақсы көреді. Өз ұлтының құндылықтарын қадірлейтін, мемлекетінің заңын құрметтейтін адамның бәрі патриот. Сол себепті театрлар ұлт пен мемлекеттің құндылықтарын сахнадан көрсете алса, соған көрермен келіп, таңданып, қайғырып, қол соқса, тіпті, қарсы пікір айтып кетсе де патриоттық сананы оятады. Тіпті Кеңес үкіметі тұсында қойылған спектакльдердің кейбірін сұрыптан өткізіп қайта қойса да, сол кезеңде өмір сүрген ата-әже, әке-шешеміздің өмірі жайлы біраз ақпарат аламыз. Жаманынан жиренеміз, жақсысына сүйсінеміз. Кеңеске дейінгі Алаш арыстарының қаншама шығармасы сахналанбай жатыр. 
Біздің театрлар Шыңғыс Айтматовты көп қояды. Мен оған бір жағынан қызыға да, қызғана да қараймын. Айтматов көп пьеса жазбаған, бір ғана Қалтай Мұхамеджановпен бірге жазған «Көктөбедегі кездесу» болмаса, қалғанының бәрі проза. Біздің театрлар оның прозаларын инсценировка жасап, сахнаға лайықтап қойып жатыр, қойып жатыр. Байыппен қарасаңыз, бізде де Айтматов секілді мықты жазушылар көп қой. Ұлттық репертуар туралы сөз болғанда қазақ жазушыларының шығармалары театр репертуарынан ойып тұрып орын алуы керек. Ал бізде ол тым аз. Театрдағы патриоттық дегенде репертуарда қазақ авторларының шығармаларын көбейту ісі алға шығуы керек. Қазақ режиссерлері қазақ әдебиетінің қоржынын үнемі ақтарып отырса, бір-бірінен өткен тамаша инсценировкалар туар еді.  
– Осыдан біраз жыл бұрын театрлар «драматургия тапшы» деп шырылдайтын. Қазір жағдай қалай?
– Қазір де сол шырыл естіледі. Себебі шығармашылық адамдары бірін-бірі онша мойындамайды. Драматург менің шығармамды қоятын режиссер жоқ дейді, режиссер драматургтың шығармасы көп сөзге кұрылған, драматургиясы әлсіз деп қарсы уәж айтады. Дегенмен, драматургия шынында аз. Сан тақырыпта пьесалар жазылып жатса, театрдағы әдебиет бөлімінің меңгерушілері пьесадан бас алмай отырса, онда жағдай мүлде басқаша болар еді. Халқымыздың саны көп емес қой, Ресейде 2010 жылдардан бері қарай драматургия жақсы дамыды. Қазір оларда бір ғана «Любимовка» атты жаңа пьесалар конкурсына жыл сайын 850-ге жуық жаңа пьеса түседі. Ал біздің жылда өтетін Drama.kz жаңа драма фестиваліне жыл сайын 50-55 пьеса түседі. Бізде жазушы көп болғанмен, көбі драматургияның қиындығына, созылмалы жүрісіне шыдамайды. Пьеса жазуға уақыт көп кетеді, талқыланып, қоюға қабылдануына, дайындық кезеңі біраз уақытқа созылады. Екіншіден, режиссерлер шабан, «Түйенің танығаны жапырақ» дегендей, бір көргенінен танбайды. Жаңа авторлардың пьесасын оқуға, талдауға, олармен тыңғылықты жұмыс істеп сахнаға шығаруға енжар. Айтар ойы бар шығарманы әбден пісіру үшін автормен бірге отырып  жұмыс істеуге ерінген соң, әбден апробациядан өткен дайын пьесаларды қоя салады. Қазақтың авторын қой деп талап етіп жатқан ешкім болмағасын, режиссерлер де дайын пьесаға тік қасық болуға құмар-ақ. 
Режиссер мен драматургтың тығыз шығар­машылық жұмысына Айдана Аламан есім­ді автор мен Ұлт театрының режиссері Әридаш Оспанбаеваның еңбегі мысал бола алады. Драматургияны Сұлтанәлі Балға­баевтың сыныбынан бітірген Айдана пьесасының 60-70 пайызын сахнаға дайындық барысында қайта жазып шықты. Премьера болардың алдында екі апта бойы театрда отырып, түзейтін жерін түзеді. Осылайша, режиссер мен автор тығыз жұмыс істегеннің арқасында сапалы спектакль дүниеге келді. Мұндай мысалдар кездеседі, бірақ өте аз.  Өңірдегі режиссерлер де Алматыда қойылып, көрерменнің көңілінен шыққан пьесаны тура естіген бетте, сол күйінде қайталап қоя береді, қоя береді. Бұл біздің театрлардың үлкен проблемасы. Ол шынайы шығармашылық ізденіс емес, нашар көшірме ғана.  
Әрине, бізде ауыз толты­­рып айтар­лықтай, ресейлік қандас драма­тург Олжас Жанайдаровтың дәрісін алған жаңа буын драматургтер қалыптасып келе жатыр, олардың жұмысынан жаңа заманның лебі сезіледі. Олжас драматургиясының талабы – тарихқа тереңдеп бармай-ақ бүгінгі күн кейіпкерлерін, қоғамды толғандырған қаны сорғалаған мәселелерді көтеру. Көшеден театрға кірген көрермен сахнадан өзін, айналасын, оларды толғандырған мәселелерді көруі керек деп санайды. Оның дәрісін тыңдаған жастар қазақ театры мен драматургия саласында белгілі бір соны леп қалыптастырып үлгерді. Белгілі драматург Сұлтекең – Сұлтанәлі Балғабаев осыдан 5-10 жыл бұрын қазақ драматургиясында орта буын жоқ деп жиі айтатын. Қазір Құдайға шүкір, жаңа драманың өкілдері қалыптасты. Әйтсе де олар әлі аяғына нық тұрған жоқ, себебі оларға танымал драматургтерге беретін қомақты қаржыны бермейді. Қолдау болса, қомақты қаламақы болса, олар көп іс тындырып, тау қопарары сөзіз. 
– Қазір театрларда драматург деген штат бар ма?
– Жоқ. Театрдағы драматург «Әдебиет бөлімінің меңгерушісі» деген штатта отыр. Драматургті штаттық бірлікке енгізсе, театрларда өрлеу болатын шығар. Бұлар айлықты редактор ретінде алып, драматургтің жұмысын атқарады. Германияда өзекті тақырыпқа бір пьеса жазылар болса оқиға орнына театрдың драматургы, режиссер, психолог, актер барып, оқиғаны зерттеп, қалай жазамыз деп ақылдасып барып, іске кіріседі. Біздегі үрдіс басқа, авторлар кабинеттен шықпайды. 
– Театр сыншысы ретінде репер­туарлық саясат қай бағытты ұстанғанын құп көресіз?
– Театр тірі организм, онда бәрі болу керек, комедия да, драма да, трагедия да. Десек те, қайталап айтамын, театрларды қазақ авторларына басымдық беруге ынталандыруымыз керек. Жоғарыда айтқан ҚТСБ 5 жыл бойы өткізіп келе жатқан Қазақстан театрларының мониторингінде байқағанымыздай, бір жылда ең көп, яғни бес жыл қатарынан қойылып келе жатқан драматург – У.Шекспир, екінші қойылатын – Чехов. Әрине, бұл авторлар шынында сұрапыл, ешкімге дес бермейді. Әр театр, әр режиссер классик драматургтің пьесаларын өз сахнасында қоюға құштар. Үшінші орынға кейде М.Әуезов, кейде О.Бөкей шығады. Біз осыған өзгеріс енгізуіміз керек. Біздің ақын-жазушыларымыз да адамзаттық мәселені жиі қозғайды. Сахнаға мықтап лайықтаса, әлемдік кеңістікке шығатындай формасын тапса, кез келген шетелге ұялмай апаруға болады. Шетелге барып қойылып жатқан бірді-екілі драматургіміз бар, бірақ бұл өте аз. Ал енді алыс шетелге болмаса да, көрші елдерде біздің драматургтеріміз тұрақты қойылып жатса қандай жақсы. 
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Назым ДҮТБАЕВА

1459 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз