• Ел мұраты
  • 29 Қаңтар, 2024

Озық ойлы ұлтымыздың бағдары қандай?

Жоғарыда айтқанымыздай, жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбаты «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деп аталып, қоғамда қызу талқыланды. 
Сұхбат несімен қызық болды? Ең алдымен Мемлекет басшысы көп жайтқа байланысты нақты баға берді. Екіншіден, қоғамда айтылып жүрген түрлі алып-қашпа әңгімелерге, ешқандай саяси негізі жоқ жорамалдарға байланысты ойларын бөлісті. Әлбетте, мемлекеттің бірінші адамынан алынған сұхбаттан көпшілік қауым өзін толғандырған сұрақтарға жауап іздейтіні анық. Олардың ішінде зиялы қауым да бар, қарапайым халық пен жас ұрпақ та бар. Сол себепті де сұхбат сауалдары тереңдігімен, өзектілігімен ерекшеленіп, оған берілген жауаптар да ашық әрі жүйелі болып шықты. 

 

«Қазақ газеттері» ЖШС-­­нің прези­денті Дихан Қамзабекұлы сұхбатты «Өткен жыл несімен есіңізде қалды?» деген сауал қоюдан бастады. Президент 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болғанын тілге тиек етіп «біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық» деп, әрі қарай бірқатарын атап өтті. 
Қарап отырсақ, атқарылған жұмыстар аз емес екен. Көрер көзге көп байқала бермегенімен, әрбір реформаның ар жағында қыруар іс жатыр. Мысалы, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын жаңа ереже бойынша сайлау, алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау, әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірісу, әлеуметтік саладағы қордаланып қалған мәселелерді шешу, әлеуметтік кодекстің қабылдануы, ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заңның күшіне енуі сынды кешенді шаралар жүзеге асырылған. Мемлекет басшысының айтуы бойынша, осы жұмыстың бәрі биыл да жалғасады. «Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады» деді.
Жалпы, сұхбаттан байқағаны­мыз, ол – еліміздің алдында ауқымды мақсаттардың тұрғандығы. Соның бірі – 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есеге арттыру. Ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастыру. Сонымен қатар сұхбат барысынан хабардар болғанымыз, идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы көктемде өткізілетіні, ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын дәріптеу, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыруға бағытталған Дүниежүзілік көшпенілер ойынын өткізудің маңыздылығы айрықша болмақ. 
Сондай-ақ ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсетілетіні, әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығы, Жошы ұлысының 800 жылдығы айтулы даталар ретінде мерекеленбек. Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстары да биыл аяқталатынын тілге тиек еткен Президент көптомдықты әзірлеу жұмыстарына өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылғанын атап өтті. 
– Осындай маңызды оқиғалардан бөлек, күнделікті атқарылуға тиіс жұмыстар да аз емес. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны барша азаматымыздың ерік-жігеріне де байланысты. Мен жаңажылдық құттықтауымда биыл бәріміз тұтас ұлттың өсіп-өркендеуіне куә болатынымызды айттым. Бірақ осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек, – деді. 
Сұхбаттың келесі бір маңызды сауалы – Қасіретті Қаңтар оқиғасымен байланыс­ты өрбіді. Бұл сауалға Қасым-Жомарт Кемелұлы егжей-тегжейлі тоқтала отырып, кеңінен жауап берді. Себебі Қаңтар қасіретіне байланысты елдің көкейінде жүрген сұрақтар аз емес. Президенттің пайымдауынша, басты себептің бірі «...жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы». 
Жылдар бойы қордаланып келген әлеуметтік-экономикалық мәселелер қарапайым халықтың тұрмыстық жағдайын қиындатып жібергені рас. Күнкөріс деңгейінің төмендеп кетуі, азаматтардың қарызға белшесінен батып, несие алып, оны дер кезінде өтей алмауы, жұртшылық пікірлерінің билік тарапынан назарға алынбауы...осының барлығы ел азаматтарының орынды наразылығын тудырып жүргені еді. 
Бірақ, Қаңтар оқиғасының себептері бұдан да тереңірек екенін Президенттің мына бір пікірлерінен аңғаруға болатындай: «Жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», «Жоғары лауа­зымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен», «...арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды», «...қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады», «Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады».
Президент сөздерінен байқағанымыз, қасіретті Қаңтар оқиғасы арнайы ұйымдастырылған, мемлекеттік төңкеріс жасауға бағытталған оқиға. «Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді» деген ұстанымда болған Мемлекет басшысының пәрменді іс-әрекеттері болмағанда тәуелсіздігімізге, тұтастығымызға, бейбіт заманымызға қауіп төнер еді. Сұхбатта осының барлығы толымды баяндалған. Ең бастысы билік те, халық та осындай оқиғадан тиісті сабақ алып, алдағы уақытта мұндайға жол бермеуге, арандатушылардың жетегінде кетпеуге күш салуы керек. Бұл туралы Президент былай деп тұжырымдады: «Өкінішке қарай, ішкі саяси дағдарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды. Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екені Қаңтар оқиғасынан айқын көрінді. Біз бір ел болып, бұл дағдарысты еңсердік, қиындыққа қасқая қарсы тұрып, одан тіпті шыңдалып шықтық. Азаматтарымыздың бекем бірлігінің және барлық деңгейдегі билік өкілдерінің батыл іс-әрекетінің арқасында алапат апаттың бетін қайтарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алдық. Кейін кейбір қаскөйлер тергеу кезінде халық жауапты сәтте жұдырықтай жұмыла біледі, билік қандай қатерге де қаймықпай төтеп бере алады деп еш күтпегенін мойындады». 
Келелі әңгіменің жалғасы ретінде Қ.Тоқаев 2022 жылы саяси жаңғыру үдерісі тың қарқынмен жалғасқанын айтты. Олар – «әділ әрі теңгерімді сая­си жүйе құру», «...саяси өзгерістерді кері қайтару мүмкін болмайтындай, сонымен бірге реформалар қоғамдық өмірдегі қалыпты құбылысқа айналатындай ахуал қалыптастыру», «Ата заңға енгізілуі мүмкін кез келген өзгеріс пен толықтыруды Конституциялық Соттың оң қорытындысы болса ғана республикалық референдумға немесе Парламентттің қарауына шығару», т.б. өзгерістер ел игілігіне бағытталып отырғаны анық. Мемлекет басшысы сұхбатта айтқандай, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды. Ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. 
– Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ, – деді Президент. 
Дихан Қамзабекұлы Мемлекет басшысынан елімізде 2026 жылы өтетін Президент сайлауы туралы пікірін сұрады. «Әлеуметтік желіде Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?» деген сауалға Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды», «Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген» деп нақты жауап берді. 
Президенттің айтуынша, ол жеті жылдық бір ғана мерзім туралы идея­ны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрген екен. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймапты. Ел тізгінін қолға алған соң, осы бастамасының артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойланған екен. Суперпрезидентке тән өкілеттіктерді жою үшін 2022 жылы Конституцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізіліп, сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсынып, бастамаға бүкіл халық қолдау білдіргенін атап өтті. 
Сарабдал сұхбаттың келесі бөлігі – экономика тақырыбына арналды. Экономиканың ахуалы дұрыс болса, мемлекетіміздің де жағдайы дұрыс болатыны талас тудырмайды. Бұл орайда Президент өзі үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес екенін, азаматтардың тұрмыс сапасының іс-жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл пікіріне ішіміз жылып қалды. Өйткені, біз бұрынғы биліктен «макроэкономикалық көрсеткіштер ұдайы жақсарып келе жатыр» дегендей құрғақ сөздерді көп естуші едік. Ал мұнан экономикамыз керемет дамып, көркейіп кетті деп айта алмас едік. Енді бұдан былай азаматтар тұрмысының іс жүзінде жақсаруы кез келген экономикалық реформалардың көрсеткішіне айналса, экономикалық факторлардың өміршеңдігі де арта түсер еді. Осы ретте Президент бірқатар міндеттерді атап көрсетті. Соның бірі – ауқымды жобаларды жүзеге асыру. Келесі міндет – инвестиция тарту. Сұхбатта жаңа Бюджет кодексі туралы да әңгіме қозғалып өтті. Президенттің айтуына қарағанда, біз қазына қаражатына деген көзқарасымызды өзгертіп, оны тиімді, жөнімен әрі үнемдеп жұмсауға тиіспіз. 
– Әлемдегі экономикалық ахуал біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз, – деді Қ.Тоқаев. 
Сұхбатта, сондай-ақ азаматтардың қарызға батуы, несиелерін өтей алмауы сынды өзекті мәселеге ерекше мән берілді. Бұл күрделі сұрақ Президентті де алаңдатады екен. Себебі аталған түйткіл жұртшылықтың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұл турасында Президент 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі – қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы жарлық болғанын, сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілгенін мысалға келтірді. 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енгенін, мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал еткенін жасырмады. Негізінен бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауатының төмендігі себеп болып отырғаны айтылды. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек. Сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр екен. Олардың барлығы еліміздегі несие саясатының кемшін тұстарын жоюға, бұл саладағы шикіліктерді түзетуге мүмкіндік береді деген сенім мол. Алдағы уақытта несие пайыздарының шамадан тыс мөлшері азайтылса, құба-құп болар еді. Өйткені, халықтың көп бөлігі осы үстеме пайыздардың жоғарылығынан зардап шегіп, алған несиесін өтеуге шамасы келмей, қиын жағдайға түсіп қалып жатады. Несиені халық экономикалық мәселесін шешу үшін алатыны белгілі ғой. Бірақ, банктер несиені жоғары пайызбен ұсынып, сол аралықта мол пайдаға кенелгілері келеді. Шет мемлекеттерде несие пайыздары едәуір төмен дегенді естиміз. Біз осы күнге қашан жетер екенбіз? Қалталарын қампайтуды ғана ойлайтын банктер бұған мүмкіндік бере ме? 
Президент өз сұхбатында Үкімет жұмысына қатысты да көзқарасын білдірді. Үкіметтің өкілеттігі айтарлықтай кеңейгенін, түрлі салаға қатысты шешім қабылдау құқығы Үкіметке және басқа да жауапты органдарға өткенін, Үкіметтің өнімді жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктері жеткілікті екенін айтты. «Атқарушы билікке жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және өз міндетін тиімді жүзеге асыруға деген ынта-жігер ғана қажет. Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», оларға қойылатын талап та күшейді. Үкімет мұны түсінуге тиіс» деді.
Көпшілікті толғандырып жүрген АЭС салу мәселесіне қатысты сауалға Президент ең алдымен АЭС-тың маңыздылығына жан-жақты тоқтала отырып, бұл тақырыпқа қатысты бірқатар жәйттерді түсіндіріп өтті. АЭС-ты салу немесе салмау мәселесін халық референдум арқылы шешетінін жеткізді. Жалпы, бұл терең ойлануды, егжей-тегжейлі саралауды қажет ететін дүние болған соң, бейжай қарауға әсте болмайды. Сондықтан алдағы уақытта аталған мәселе бойынша қоғамдық талқылаулар өткізіліп, ұсыныс-пікірлер ортаға салынбақ. 
Әңгіме ауаны еліміздің сыртқы саясатына қарай ойысқан тұста Президент қазіргідей аумалы-төкпелі геоясаяси жағдайда шетелдік серіктестеріміздің бәрімен, әсіресе көршілерімізбен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Бұл үшін тұрақты әрі өзара сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диалогтар қажет. Биыл Наурыз айында Ресейдегі Президент сайлауының жаһандағы және аймақтағы ахуалға қалай әсер ететіні туралы қойылған сауалға: «Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады» деген ойын білдірді. 
Ресей ұстанымымен бүкіл әлем санасатынын, бұл мемлекеттің қатысуынсыз дүниежүзінде бірде-бір проблема шешілмейтінін атады. Дәл сол сияқты Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына да ерекше назар аударды. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отырғанын жеткізді. Екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келе жатқанын, оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша 24,3 миллиард долларға жеткенін айтты. 
– Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды, – деді Президент. 
Жүздесуде бүгінгі қоғамға қатысты да ой-пікірлер ортаға салынды. Атап айтқанда, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың орнына, болмашы нәрселерге назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуатымызды сарп ететініміз, әлдекімдердің жалған сөзіне сеніп, пайдасыз істерге алаңдайтынымыз, ескілікке бой ұратынымыз сынға алынды. «Бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды. Сондықтан қандай қиындықтан өткенімізді бағамдайтын кезде ғана ауызбіршілік танытпай, баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет» деген ойын айтты. 
Президенттің пайымдауынша, өткенді аңсаумен өмір сүрудің қажеті жоқ. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуіміз керек. Даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Бүгінде айрықша бағалайтын қасиеттеріміз – еңбекқорлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық, үнемшілдік. Бұлар нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Келелі әңгімеде қоғамдағы зорлық-зомбылық пен қатыгездік жайы да тілге тиек етілді. Бұл турасында Қасым-Жомарт Кемелұлы мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын, әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатынын, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілгенін мәлім етті. Осы бағыттағы жұмыстар мұнымен шектелмей, отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері қайта қаралған екен. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстық анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшіпті. 
Иә, Мемлекет басшысының өзі бұл өзекті мәселеге ерекше зер салып отырғаны жайдан жай емес. Ендігіде мұндай келеңсіз оқиғаларға кінәлі адамдарға аяушылық болмайтыны меңзелді. Жаза қатая бастады. Бұл орайда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптасқаны жөн. Әйтпесе, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайран болмай тұрғаны құпия емес. 
Байыпты әңгіме соңына қарай Президент кадр саясатында қандай қағидатқа сүйенетінін, қол астындағы қызметкерлермен қарым-қатынасының қандай екенін айтты. «Қарамағымда қызмет істейтін азаматтардың маған емес, Әділетті Қазақстанды құру идеясына адалдығы әлдеқайда маңызды. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс» деді. 
Мемлекеттік қызметке, жауапты лауазымдарға орналасып жатқан азаматтардың жаңа буын өкілдері туралы қойылған сауалға Президент оларға сенетінін айтты. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастағанын, осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жақсартуға тың серпін беретінін атады. Пікір білдіру барысында жаңа басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейтінін жасырмады. Олардың менмендік және өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі қарым-қабілетін жоғары деңгейде көрсетуіне кедергі келтіретіні айтылды. Дегенмен, кәсіби мамандарға алдағы уақытта да мүмкіндіктер беріле бермек. 
Тұңғыш Президенттің мемуарына қатысты пікірін сұрағанда «Бұл кітап тәуелсіз мемлекет құру ісінің жылнамасы ретінде оқырман қызығушылығын туғызады деп ойлаймын» десе, «Өзіңіздің мемуар жазатын ойыңыз бар ма?» деген сауалға «Мен үшін қазіргі кезең мемуар жазып отыратын уақыт емес» деп қысқа қайырды. 
Жалпы, бұл сұхбаттан Президент­тің қара­пайым­дылық қағидат­тарын ұста­натынын байқауға болатындай. Бұған бір мысал ел аралуға шыққанда әкімдердің салтанатты шаралар ұйымдастыруына, көл-көсір дастархан жаюына, билбордтар орнатуына тыйым салыныпты. «Уақыт өте келе жергілікті жерлерде де осындай жұмыс дағдысы қалыптасатынына сенімдімін» деп түйіндеп өтті. 
Келелі әңгіменің қорытынды сауалы 2024 жылды қалай қарсы алғаны туралы болды. Мемлекет басшысы жаңа жыл ол үшін қастерлі мереке емес екенін, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз-Наурызды естен шығармағанымыз жөн екенін айтты. Төл мерекеміздің мазмұнын байытып, барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керектігіне назар аударды. 

Шолуды дайындаған Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

 

Тақырыпты тарқатады

«С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың сұхбаты сарапшылар мен оқырмандар арасында кеңінен талқыланып, халықтың көкейіндегі маңызды сұрақтарға нақты жауаптардың берілгендігі­мен ерекшеленді. Сұхбатта еліміздің саяси бағытының нақты векторлары, Орта­лық Азия елдері арасын­дағы ин­теграция, еліміздің халықара­лық ұйымдар аясындағы стратегиялық қадамдары, Ресей, ҚХР елдерімен достық, тату көршілік және мәң­гілік стратегия­лық серіктес­тік бай­ланыстың негіздері және т.б күн­ тәртібіндегі маң­ызды мәселелер қамтылды. Мемлекет басшысының кәсіби дипломат екендігін ескерсек, сұхбат аясында еліміздің сыртқы саяси бағытына қатысты келелі ақпараттар айтылды. 
2023 жылы еліміз үшін маңызды өзгерістермен қатар күтпеген жайттарға толы жыл болды. Тәуелсіздік тарихында халқымыз алғаш рет 20 миллиондық межені бағындырды, Үкімет құрамы қайта жасақталып, жаңа министірліктер құрылды. 2023 жыл 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында көрсетілген әлеуметтік, экономикалық өзгерістер аясында біршама реформалар жүзеге асырылуда. 
Сұхбатта Мемлекет басшысы 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтетінін атап өтті. Еліміз бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді. Аталған ұйымдарға төрағалық ету халықара­лық қауым­­­­­дастықтың елімізге деген сенімдіч, көзқарасын білдіреді. Аталған халықаралық ұйымдар арқылы Қазақстан әлемдік күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің тиімді шешілуіне тікелей ықпал жасайды. Президентіміз 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясынның 78 cессиясында атап өткендей, қазіргі таңда халықаралық қауіпсіздік жүйесіне төнген қауіп­терді жоғары державалар тиімді шеше алмауда. Сәйкесінше, Қазақстан сынды орта державалы мемлекеттердің халықаралық тұрақтылық пен хал­ықаралық құқықтың орындалуын қам­тамасыз етуде ықпалы мен рөлі ора­сан. Сонымен қатар, 2024 жылы жоспарланған Астана халықаралық форумының маңызы зор. Аталмыш форум аясында, әлемдегі қордаланған мәселелер мен түйіткілді жағдаяттардың шешімін әлемнің көшбасшы ғалымдары мен саясаткерлері талқылайтын болады. Дипломатиялық тұрғыда аталған форум әлемде еліміздің бейбітсүйгіш, белсенді саяси актор ретіндегі имиджін қалыптастыруда аса маңызды болмақ.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы сұхбатта қазіргі таңдағы әлемдегі геосаяси турбулентті кезеңде мемлекеттің ұлттық, территориялық біртұтастығын сақтаудың маңыз­дылығына ерекше тоқталды. Бұл тұрғыда, еліміздегі заң үстемдігі мен ұлттық біртұтастық, ортақ құн­дылық­тарымызды қолдау өзекті. «Ортақ құндылықтарымыз еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, экономикамыздың орнықты дамуына барынша қолайлы жағдай жасау»  деп айқындады. 
Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, құрылымдық негізде қалыптасып, қазіргі таңда халықаралық саясатта бейресми тұрғыда  «Орталық Азиялық Швейцария» аталады. Мемлекет басшысы сұхбат барысында еліміздің солтүстік­­тегі Ресей Федерациясы, Оңтүстік Шығ­ысымыздағы Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынасымыздың достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серік­тестік рухында қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті.
Сұхбатта, сондай-ақ еліміздің Орта­лық Азиядағы орны мен ықпалына нақты баға берілді. Соңғы отыз жылда халықаралық саясатта Орталық Азия мемлекет­тері туралы бірегей ұғым, ортақ түсінік қалып­таспады. Себебі Орталық Азия елдерінің арасында ішінара аймақтың болашағы туралы қарама-қайшы пікірлер болатын.  Алайда, қазіргі таңда Орталық Азия елдері «C5» үлгісінде халықаралық сая­сатта аймақтық ықпалдастық форматында әрекет етуде. Тұрақты әрі өзара сенімге негізделген жоғары деңгей­дегі диалогтер болмаса, аймақтағы мем­лекеттердің басқа да ықпалды елдермен қарым-қатынасын қарқынды дамытуы неғайбыл. Соңғы жылдары бұл бағытта біршама ілгерілеу бар. Әсіресе, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жыл сайынғы консультативтік кездесулері нәтижелі өтіп келеді. Қазақстан төраға ретінде 2023 жылы осындай үлгідегі кездесу ұйымдастырады. Сыртқы саяси қатысушылармен, Орталық Азия елдері жеке-жекеден бөлек, бірлескен «C5+» үлгісінде байланысуда. Бұл құрылым аймаққа төнетін ортақ қауіптің алдын алып, аймақтық бірегейлікті қалыптастыруда өте өзекті. Бүгінде бұл өңір сауда, инвестиция, бизнес, инновация үшін жаңа мүмкіндіктер орны болып отыр. Сол себепті әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды.

Нұрболат НЫШАНБАЕВ, 
саяси сарапшы

Энергетикалық қауіпсіздік жайын ойлағанда...


Президент сұхбатында айтылғандай, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі маңызды мәселе. Соның ішіндегі негізгі сауал атом электр станциясын салуға қатысты болып отыр. 
«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, атом энергиясын игерудің пайдасы да, қауіп-қатері де бар екеніне дәлелдер жетіп артылады: Чернобыль мен «Фукусима-1» атом электр станцияларындағы апаттар, қырғиқабақ соғыс жылдарында белсенді қызмет еткен Семей, Невада, Лобнор сияқты ядролық сынақ полигондарының зардаптары, дамыған елдердегі атом электр станцияларының радиоактивті отын қалдықтарын зарарсыздандыру мәселелері, т.б. 
Мұның барлығы атом энергиясына қатысты қоғамда қарама-қайшы ой пікірдің туындауына ықпал етері сөзсіз. Сондықтан Мемлекет басшысы өзінің жолдауында АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынған болатын. Әрине, бұл тұрғыда энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн деген Президенттің ойы өте орынды. Яғни, АЭС салу тек энергетикалық қауіпсіздік қана емес, экологиялық қауіпсіздікпен, ғылыми-техникалық саясатпен, дамыған елдердің геосаяси мүдделерімен де астасып жатыр. АЭС салушы мердігер компания қайсы елге тиесілі болатыны да аса маңызды. Осындай өзекті мәселелердің барлығын кешенді талдап, жалпылап қорытып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» үшін референдум өткізілгені жөн. Президентіміз айтқандай, «АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді».
Дегенмен, кім де болса қолында барды ұқсатып, ұтымды пайдаланғысы келері сөзсіз. Дүниежүзілік ядролық қауымдастық (World Nuclear Association)  мәліметі бойынша, әлемдік уран өндірісінің үштен екісі негізінен Қазақстан, Канада және Намибия сияқты үш елге тиесілі. Оның ішінде Қазақстан 2022 жылы әлемдік нарықтағы уранның ең көп бөлігін өндірген (әлемдік үлесі 43%), одан кейінгі орында Канада (15%) және Намибия (11%). Ал әлемдегі табиғи уран қоры мол елдердің алғашқы бестігі мынадай: Австралия – 28 % (1 692 700 тонна), Қазақстан – 15 % (906 800 тонна), Канада – 9 % (564 900 тонна), Ресей – 8 % (486 000 тонна), Намибия – 7 % (448 300 тонна). Көріп отырғанымыздай, бейбіт атом энергиясын игеруде еліміздің әлеуеті орасан зор. Мәселе сол әлеуетті қауіпсіз және орнықты дамудың талаптарына сай жүзеге асыра білуде болып тұр.
Атом электр энергиясына қажетті уранның мол қорына ие бола тұра, Қазақстанның энергетикалық жүйесі соңғы жылдары өткір тапшылықты сезінуде. Энергетика министрлігі 2023 жылы 6 миллиард киловатт-сағатқа жуық электр энергиясының тапшылығы  болғанын көрсетті. Сәйкесінше, қазір бұл көрсеткіш тәулігіне 1 гектоваттан асады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2029 жылға қарай энергия тұтыну 20%-ға артады, ал өндіріс тек 17%-ды ғана құрайды. Президентіміз 2021 жылғы жолдауында да Қазақстан 2030 жылға қарай энергетикалық тапшылықты өткір сезінетін болады деген болжам жасап, одан шығудың бірден бір жолы бейбіт атомды игеру деген болатын.
1996 жылдан бастап бүкіл энерго жүйенің бірыңғай жүйелік операторы ретінде «KEGOC» АҚ (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания анықталған. Еліміз бойынша барлығы 207 әртүрлі меншік нысанындағы электр станциялары бар, бірақ олар тұрғын  үй құрылысының қарқыны жоғары, халқының саны артып жатқан қалаларымыз үшін жеткіліксіз. Қазақстанда энергия өндірудің 60%-ы әлі күнге дейін көмір отынға тәуелді болып отыр. 
Egov порталындағы қолжетімді ашық ақпаратқа сәйкес, электр энергиясын өндірудегі мемлекеттің үлесі 48%-ды  құрайды: оның шамамен 30%-ы – «Самұрық Энерго» АҚ, 6% – «Қазатомөнеркәсіп» МАЭК, 4% – Өскемен және Шүлбі ГЭС-тері, 2% – «Астана-Энергия» АҚ, 6%-ын басқалары өндіреді. Ал жекеше компаниялар қазақстандық энергияның 52%-ын өндіреді екен.
Өкінішке қарай, Қазақстандағы жасыл энергетиканың үлесі өте аз. 2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астанада өткен «ЕХРО 2017» арнайы дүниежүзілік көрмесінің тақырыбы «Future Energy» (Болашақ қуат) болғанымен, отандық баламалы жасыл энергия өндірісі баяу дамуда. Қазақстан Премьер-министрі Ә. Смайылов 2022 жылы 6-20 қарашада Еги­петте өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) әлемдік көшбасшылар саммитінде сөйлеген сөзінде «Бүгінде Қазақстандағы «жасыл» энергияны өндірудің жалпы үлесі шамамен 3%-ды құрайды. Бұл ретте оның өндірісін 2030 жылға қарай 15%-ға дейін, қосымша 7 гигаватқа дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы жылға қарай көміртегі шығарындыларын кем дегенде 15 % төмендету жоспарланды» деген  болатын.
«QazaqGreen» жасыл экономика жөніндегі ақпараттық порталының мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда қуаты 2388 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 130 нысаны жұмыс істейді. Олардың ішінде:
– Қуаттылығы 957,5 МВт жел электр станцияларының 46 нысаны;
– Қуаты 1149 МВт күн электр станцияларының 44 нысаны;
– Қуаты 280 МВт болатын 37 гидроэлектростанция ғимараты;
– Қуаты 1,82 МВт болатын 3 биоэлектр станциясы бар.
Елордамыз Астананың өзіне табиғи газ соңғы жылдары ғана жетті, «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылысы 2018 жылы басталғаны белгілі. 2021 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан көгілдір отынмен 53 пайызға қамтамасыз етілгенін, тек 6 аймақ қана газдандырылғанын айта келе, үкіметке елімізді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырғаны есімізде. 
Электр энергиясының тапшылығына халық саны мен урбанизацияның қарқыны ғана емес, қосалқы факторлар да ықпал етуде. Қазақстанда өнеркәсіп орындары электр энергиясының 58%-ы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық – 22%, көлік саласы – 3%, құрылыс – 1,5 %, ауыл шаруашылығы – 1% тұтынады. Бүгінгі таңда 19 қазақстандық ЖЭО-ның техникалық жай-күйі өте ауыр жағдайда, инфрақұрылымы 80% тозып кеткен. Оларды жөндеуге 182 миллиард теңге жұмсау жоспарлануда. 
Сонымен қатар, электр энергиясын тиімді және үнемді қолдану мәселесі де өте өзекті. Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметі бойынша, еліміздегі электр энергиясының шығыны 14%-ды құрайды. Бұл электр станциясынан тұтынушыға дейінгі аралықта, яғни желі бойында немесе ескі тех­нология мен тозған инфрақұрылым кесірінен ізім-қайым жоғалып кететін энергия. Бұған қоса электр энергиясының желілеріне заңсыз қосылу және ұрлау мәселелері де толық шешімін таппаған. Әсіресе соңғы жылдары криптовалюта өндіретін астыртын майнингтік фермалар (mining) электр энергиясын өте үлкен көлемде ұрлайтын «паразит» тұтынушыға айналып отыр.
Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі 2022 жылы бірнеше отандық белгілі кәсіпкерлермен және бұрынғы шенеуніктермен байланысы бар 51 заңсыз майнингтік фермаларды анықтап, оларды электр желісінен ажыратып, қызметін тоқ­татқан. Бұған қоса 55 майнингтік ферма өздерінің заңсыз қызметтері әшкере болғандықтан ерікті түрде қызметтерін тоқтатқан.Сонымен қорытып айтар болсақ, Қазақстандағы АЭС салынуының тағдыры жалпыхалықтық референдумда шешілетіні айдан анық болып тұр. Сәйкесінше, бұл бастаманың дамуында екі түрлі сценарий болмақ. Біріншісі – халық қолдап, АЭС салынуы. Мұндай жағдайда ұлттық мүддемізді ескеріп, барынша қауіпсіз, бағасына сапасы сай келетін ұтымды нұсқаны, ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары, сенімді әріптес әрі адал мердігер болатын мемлекетті таңдай білу міндеті туындайды. Одан кейін әрине АЭС-тің қауіпсіздік қызметін қамтамасыз ететін отандық ғылыми-техникалық кадрлар мен тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселесі тиісті шешімін табуға тиіс. Яғни, болашақта ешкімге жалтақтамай, АЭС-ке «өзіміз би, өзіміз қожа» бола білуіміз керек.
Екінші сценарий бойынша, яғни, референдум нәтижесі бойынша АЭС салуға халық қарсы болып, бейбіт атом энергетикасын дамытуға мүмкіндік болмайтын жағдай. Мұндай жағдайда еліміздің энергетикалық жүйесін жаңғырту, инфрақұрылымды жаңалау, жаппай энергия үнемдеу, қалпына келетін баламалы қуат көздерін (негізінен су, жел, күн энергияларын) пайдалануды ынталандыру, жеке тұрғын үй секторында балама энергия көздерін пайдалануды субсидиялау мен ынталандыру, балама электр өндіруші технологияларды шетелдерден әкелуге қатысты баж салығын жою, электр желілері бойындағы энергияның жоғалуын барынша азайту, энергияны ұрлайтын түрлі «паразит» тұтынушылардың әрекеттерін болдырмау, жылу мен энергияны үнемдеуші технологиялар мен материалдарды ғылыми-зерттеу мен өндіруді дамыту сияқты көптеген өзекті мәселелерді кешенді шешу қажет болады.

Сейілбек МҰСАТАЕВ, 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы

Саяси қадамды айқындаған сұхбат

Президентіміздің сұхбаты  саяси-стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болды. Алдымен сұхбат туралы ақпарат таратып, қызықтырып қойғандықтан, барлығымыз асыға күтіп жүрдік. Сұхбаттың қазақ тілінде шығатын газетке жарияланғаны Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілдегі БАҚ-қа басымдық беретінін байқатты. 
Меніңше, сұхбатта екі маңызды мәселе қамтылды және олар жаңа жылдан соң ақпарат кеңістігінде кең таралды. Ол – Қаңтар оқиғасына дейінгі қос билік туралы, екіншісі Қ.Тоқаевтың бұрынғы президентке қарата «кетсең қайырылма» деп тіке айтуы. Оны Назарбаевқа айтылған ұсыныс деп те, ресми ескерту деп те түсінуге болады. Президент Қ.Тоқаев сұхбатта басқа да маңызды сұрақтарға тоқталды, бұл оның қарсыластарына нақты жауабы болды. Соған қарамастан, Назарбаев және оның отбасы мен қазіргі билік арасындағы ақпараттық майдан тоқтамайды деп ойлаймыз. Меніңше, жыл соңында қоғамды қызықтырған бұрынғы президенттің кітабы мен оның отбасының саяси белсенділігі Қ.Тоқаев сұхбатының тасасында қалды. Бұдан бұрын қоғам олардың  арасында қайшылықтар мен қақтығыс бар екенін тек болжап жүр еді, енді оны Қ.Тоқаев ашық айтты. Назарбаев жария мәлімдемелерінде үнемі қазіргі Президентпен бірге әрекет етіп жүргенін, оны барлық істе қолдайтынын (тіпті Қайрат Сатыбалдының тұтқындалуына дейін) айтып жүретін. Енді біз олардың  ешқандай ынтымақта емес екенін көреміз, тіпті олардың арасында «ескі достық» та жоқ деген тоқтамға келе аламыз. 
Президент сұхбатында Қаңтар оқиғасы туралы айтқандықтан, бұл тақырып баспасөзде қайта қозғалды. Осы оқиғаларды еске алу үшін өткен Алматы алаңындағы митинг те Прези­денттің сұхбатын шетке ысыра алмады. Сондықтан саяси технология тұрғысынан да, қарсыластарына саяси жолдау тұрғысынан да сұхбат діттеген мақсатына жетті. 

Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА, 
Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының бас директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты

Ғылыми әлеует –  негізгі өлшем

Білім қай кезде де өз мәнін жоймайтын бағалы құндылық. Алайда, бүгінгідей ақпараттық қоғамда өмір кешіп отырған соң білімнің қайсысы шынайы білім, қайсысы сапасыз білім екенін білуге тиіспіз. Қазір, жасыратыны жоқ, жастардың көбі негізгі мәліметтерді ғаламтордан алып, соны қанағат тұтатыны белгілі. Ал бұл шынайы білімге жата ма?  Ғаламтордағы білімге қатысты деректер қайдан, қалай алынып отыр деген мәселе ерекше сараптауды қажет етеді. Өйткені, бұл ұлттық білім мазмұнының қалыптасуына теріс ықпалын жасайды. 
Ғаламторда ақпарат көп. Бұл жағынан қазіргі қоғам кенде емес. Алайда, оның сапасы қандай, жастардың білімін қалай толықтырады деген мәселеге көп мән бере бермейтініміз шындық. Осы олқылықтың орнын толықтыру мақсатында кешенді іс-шараларды қолға алғанымыз жөн деп білемін. Мәселен, жастарды ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеуге дағдыланчдыратын тәрбие сағаттары өте-мөте қажет. Жастар ғылыми әдебиеттермен дұрыс жұмыс істей алса, сауатты қолдана алса, өзіне керегін тауып ала алса, сараптай білсе, ғылыми дәйектемелерді сүзгіден өткізе алса, мұның өзі үлкен жетістік болар еді. Қазір еліміздің білім кеңістігі жан-жақтан келіп жатқан ғылыми-танымдық, қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және түрлі саладағы әдебиеттермен, оқулықтар мен оқу құралдарымен толығу үстінде. Бұрын орыс тілінде көбірек болса, енді ағылшын тіліндегі әдебиеттердің қатары артып келеді. Демек, ағылшын тіліндегі әдебиеттерге қоғамда сұраныс бар деген сөз. Шетелден нөпір болып келіп жатқан әдебиеттер өздерімен бірге белгілі бір идея­ларды, идеологияларды әкеліп, адамдар санасында мәдени трансформациялардың жасалуына түрткі болатыны анық. Осындай әдебиеттерді саралауға жастардың мүмкіндігі болуы керек. Бұл жердегі ең басты қағидалы сұрақ: «Ол әдебиеттерден біз қандай құндылықтарды ала аламыз?», «Ондағы мүдделер біздің ұлттық дүниетанымымызбен қалай қиысады?», «Санамызды өзгертіп, ойымызды басқа арнаға бұрып, ұлттық иммунитетімізді әлсіретіп жібермей ме?». Осындай қарапайым сауалдар кез келген әдебиет немесе ақпарат түрімен танысқанда әрбір жастың осы мәселелер көкейінде тұруы керек. 
Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбатын мұқият оқып шықтым. Президент өз сұхбатында ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек, қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс деген ой айтыпты. Міне, бүгінгі күннің талабы осы. Бәріміз қоғамның мүшесі ретінде осы үдеден шыға білсек, ұлт ретінде тезірек өсіп-өркендейміз. Осы ретте ғылыми әдебиеттерді оқып, ондағы мәліметтерді ой-елегінен өткізе білу машығы туралы сөз қозғап отырғанымыз жайдан жай емес, әрине. Бұл межелерге жетсек, Мемлекет басшысы айтқандай, өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болары хақ. Қазіргі таңда бізде байсалдылық пен байыпты көзқарас кемшін соғып тұрғаны рас. Соның салдарынан болар қоғамда ашушаң, қызу-қызба, дыз етпе жандар көбейді. Олар мәселенің байыбына бармай жатып, туындаған сұрақтың мәніне бойламастан үстірт қарай салады да, артынан үлкен өкініште қалып жатады. Байсалдылық пен байыптылық – адамның ішкі мәдениетін білдіретін ұғымдар. Бұл зиялы адамдарға да қатысты дүние. Осы ұғымдарды тиісті дәрежеде меңгермегендер Президент айтқандай, ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей «біздің халық аса данышпан» деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмайды. Осылайша, ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беріледі. 
Қарап тұрсақ, қателіктің көбі адамның өзінен. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейміз. Десек те, адам өзін тәрбиелесе бірте-бірте қоғамды да тәрбиелейді. Қоғам кемелденсе, тұтас елдің бағы артып, мәртебесі биіктейді. «Әлемді өзгерткің келсе, ең алдымен өзіңнен баста» деген сөз бар. Өзіңнен бастау – өзгеден талап ету емес. Өзгенің мінін қазбалау да емес. Алдымен жеке дара индивид, тұлға ретіндегі ішкі рухани әлеміңді түзеуге күш салу. Президенттің баса көңіл бөліп, сын тезіне салып отырғаны осы мәселе. Сонда ғана озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қараймыз. 
«Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады» депті Мемлекет басшысы. Бұл жастарға деген үлкен сенім.  Әлемнің өзгермелі талаптарына сай болу, әбжілдік таныту, көштен қалып қоймай, алдыңғы шептен көріну – бәсекеге қабілеттіліктің өлшемі. Иә, қазір адамның иығына артылып отырған жүктің салмағы еселеп артты. «Адам осындай қабілеттерге ие болуы керек» дейтін әртүрлі теориялар, көзқарастар жетерлік. Әрине, оның бәрін зерделеп, дұрысы қайсысы, бұрысы қайсысы деп отыруға уақыт та жетпейді. Бәлкім, ол керек те емес шығар. Заман, уақыт, қоғам қандай болса, адам баласы да соған қарай бейімделетіні түсінікті. Дегенмен, заманның ыңғайымен кете беру де оншалықты дұрыс емес сияқты. «Заманды қай жан билемек, заманға жаман күйлемек» деген Абай сөзін де қаперден шығар­мағанымыз жөн. Пәлсапалық тұрғы­дан алғанда, заман деген үлкен ұғым. Оның шеті мен шегі көрінбейді. Ой көкжиегінен қаншалықты зер салсақ та, заманның құпия сырларын, тылсым жұмбақтарын шешу мүмкін емес. Бірақ, заманның аужайын бағамдап, қалай қарай құбылатынын сараптап, бүкіл іс-әрекеті­мізді заманның ыңғайымен сабақ­тастыра отырып, атқаруға болады. Президент сұхбатының көпшілік қауымға жолдаған негізгі «месседжі» осы. Айтар сөзімізді білім және жастар мәселесімен бастадық қой. Түйін сөзімізді де сонымен аяқтайық. 
ХХІ ғасыр – адамзат бала­сын әр­түрлі сын-қателермен шыңдауда. Техно­логиялық даму шарықтаған кезде адам баласы табиғилықты аңсай бастайды екен. Жастарымыз қарапайымдылық, ұстамдылық сынды қасиеттерге табан тіреп, өмір белесін осындай сипаттармен еңсере беруге тиіс деп білемін. 

Тілеуберді АЗАМАТ, 
білім беру сарапшысы

  Сынақтан сүрінбей өттік

Қазақтың басынан әртүрлі тарихи кезеңдерде сан сынақтар өтті ғой. Терең тарихымызға қарасақ, өкініштен күрсінетін де, қуаныштан жадырайтын да оқиғалар баршылық. Осы ретте әрбір халықтың тағдырына жазылған белгілі бір жеңістер мен жеңілістер бола ма деп ойлаймын. Екі-үш жылдың жүзі болды атамекен жерімізге қоныс аударып, елмен араласып, тұғырлы мемлекетіміздің дамуына шама-шарқымыз келгенше үлесімізді қосудамыз. Туып-өскен жерім Қазақстанмен шекараласып жатқан Алтай өлкесінің Байғамұт дейтін ауылы.
Сол ауылда 30 жылдан астам қазақ мектебінің директоры болып, білім саласында еңбек еттік. Қаншама қазақ балаларын тәрбиелеп, қанатын қатайтып, үлкен өмірге жолдама бердік. Бүгінде бәрі де азамат болып ер жетті. Таңдаған мамандықтары бойынша жұмыс істеп, еңбек етуде. Бәріне де шүкір дейміз. Саналы өміріміздің көп жылдары Алтай өлке­сінде өткенімен, қазақ елімен, осындағы зиялы қауыммен байланысымыз бір сәт те үзілген жоқ. Еларалық мәдени іс-шаралардың барлығына атсалысып, келіп-кетіп жүрдік. Талай жақсы-жайсаңдармен пікірлесіп, ғибратты әңгімелерін тыңдадық. Сонау кеңес одағында біздің кішкентай ғана ауылымызға қазақтың көрнекті ақын-жазушылары келетін. Жұртшылық­пен жүздесіп, шығармашылық жаңалықтарынан сыр шертіп, әдебиет төңірегіндегі, өмір, заман, қоғам, руханият жайындағы әңгімелерін ортаға салатын. Міне, осындай байланыстардың нәти­жесінде біз өзімізді қашанда емін-еркін сезіндік. Өйткені, тұла бойымызда қазақтың рухы, өнері мен мәдениеті, әдебиеті менмұндалап, өзіміз де ептеп өлең жазуға, ән салып, күй тартуға құмар болып өстік. Қазақстан – әлемдегі бар қазақтың қарашаңырағы болғандықтан, тұғырлы мемлекетіміздің өркендеуі жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматтың назарынан тыс қалып көрген емес. 
Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлының сұхбатын оқи отыр­ып, он­дағы мақсат-­міндеттермен жете­ғабыл таныс­қан соң, жақсы әсер алғанымды жа­сырмаймын. Қаншама дүниелер жасалып жатыр. Қаңтар оқиғасы кезінде аумалы-төкпелі жағдайлар орын алғанда мемлекетіміздің тұтастығына айтарлықтай қауіп төнгені рас. Бәріміз де ойланып қалдық. Қасым-Жомарт Кемелұлының ерік-жігерінің арқасында шиеленісіп бара жатқан оқиғаларға дер кезінде тосқауыл қойылып, жағдай тұрақталды. Сол оқиғалардан кейін елімізде ауқымды саяси реформалардың жүргізіліп, сапалы заңдардың қабылданып, үлкен саяси шешімдерге ұласқаны анық. Сұхбатта осының барлығы кеңінен сөз болған екен. Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы да әңгіме өзегіне айналған екен. «Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің тауар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән беріледі» деген Мемлекет басшысының сөздері қос мемлекеттің арасындағы байланыстар жақсы қарқында дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Ресейде қаншама қазақтар өмір сүріп жатыр. Екі елдің арасындағы достық пен әріптестікке негізделген тату көршілік байланыстар, әрине, өте маңызды. Президентіміздің сыртқы саясатқа ерекше көңіл бөліп отырғаны, көптеген мемлекеттермен экономикалық, мәдени-гуманитарлық аяда қарым-қатынастар орнатып отырғаны еліміз үшін пайдалы екені сөзсіз. Жуырда Алматыда болғанымда «Шалқар» радиосына сұхбат беріп, екі ел арасындағы байланыстарды да тілге тиек еттім. 
Жалпы, менің ойымша, бүгінгі уақыт – ел алдындағы жауапты кезең. Президент айтқандай, тек қана еңбекқорлық, адалдық сияқты қасиеттер бізге дамудың даңғыл жолын ашады. Иә, нарық заманы, қым­батшылық, әлеуметтік мәселелер, халық­тың тұрмыс-жағдайы – бәрі де еңбек арқылы ғана еңсеріледі деп білемін. Өмір бойы білім беру саласында жұмыс жасаған азамат ретінде ең басты түсінген қағидам – адал еңбек адамды далаға тастамайды. Еңбек адамын өрге сүйрейді, мәр­тебесін биіктетеді, түрлі қиындықтарды мойымай жеңіп шығуға үйретеді. Сол себепті адал еңбектің орнын әманда жоғары қоямын. Одан кейін денсаулық керек. Бұл екі құндылық болған жерде жетістік міндетті түрде болады. Спортқа, салауатты өмір салтына жастайымыздан жақын болғандықтан ба, өзіміз тәрбиелеп өсірген жас ұрпақты, балаларымызды да, немерелерімізді денсаулықты спорт арқылы нығайтуға үйреттік. Бұқаралық спортқа жаппай халық болып кіріссек, дені сау ұлт ретінде көп игі мақсаттарға қол жеткіземіз. Оқушыларды түрлі жарыстарға, командалық, жекелей сындағы сайыстарға апаратынбыз. 
Біле білсек, спорт та адамды адалдыққа тәрбиелейді. Мықты болсаң, жеңесің. Дайындығың аздау болса жеңілесің. Қар­а­пайым қағиданы арқау еткен спорт саласы кез келген бала үшін өмір мектебіндей. Спорттың да өн бойында еңбек, маңдай тер жатыр. Оларсыз жетістікке жету мүмкін емес. Қазір, құдайға шүкір, даладағы алаңқайларда, аулаларда спорт жабдықтары көптеп орнатылып жатыр. Яғни, елімізде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар жүзеге асуда. Осыны көріп қуанасың. Ендігі мақсат – соған халықты жұмылдыру. Өз денсаулығына дұрыс қараған адам жігерлі, намысты, қайратты болып өседі. Өмірде биік жетістікке жеткен адамдардың ғұмырбаянына қарап отырсаң да, олардың спортты серік еткендерін көресің. Президент сұхбатынан белгілі болғандай, биыл елімізде бүкіләлемдік көшпенділер ойындары өткізіледі екен. Қандай тамаша! Өзіміздің төл дәстүріміз бен мәдениетіміз, өмір сүру салтымыз, ұлы дала төсіндегі дәстүрлі спорт ойындары насихатталады. Қазақ халқы «Күш атасын танымас» деген қағиданы ежелден білген. Батырларымыз бен балуандарымыз неге шымыр болып өсті. Өйткені, олардың да ата-бабалары сондай батыр, сондай балуан еді. Яғни, ұрпақтар сабақтастығы арқылы да біз спорт өнерін жоғары деңгейге көтеріп, насихатын күшейте аламыз. Көшпенділер ойынын өз басым асыға күтемін. Ол осы бағыттағы көп нәрсені жаңғыртып, ортамызға оралтуға септігін тигізе ме деп ойлаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, біз өткенді аңсаумен ғана өмір сүрмей, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Иә, мұндай кезеңде халық алдына қойылған міндеттердің ауқымы да кеңейе түспек. Бәсекеге қабілетті екеніңді дәлелде. Білімді екеніңді өзгелерге мойындат. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене біл. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Ол үшін, әрине, серпіліс керек. 
Өмір тек қана саясаттан, экономикадан тұрмайды ғой. Өмір жан-жақты, сан қырлы болған соң, барлық саладағы игі жетістіктерді арттырып, соларға көңіл бөліп, артық-кем тұстарын саралап, дамытып отырсақ, бүгінгі уақыттың ғибратты ісіне айналар еді. 

Сапарбек МАУСЫМБАЕВ, 
Ы.Алтынсарин
 атындағы төсбелгінің иегері

Нағыз идеология –  ұлттық тарих

Президент сұхбаты бір күнде  айтыла салған ойлардан тұрмайды. Мұнда өткен жылдардағы алуан түрлі үдерістерге аналитикалық талдаулар жүргізілгенін нақты көреміз, сондай-ақ келешекке жасалған болжамдар мен алға қойылған мақсаттар, мүдделер де тоғысып жатқанын байқауға болады. Келелі әңгімеде ел алдында тұрған міндеттер жайы айтылды. Қазақстанның және ҰҚШҰ бітімгершілерінің күш-жігерлерінің рөліне, қаңтар оқиғасы мысалындағы тәжірибе мен көрінісіне баға беріліп, Ресей мен Қытай елдерімен арадағы стратегиялық серіктестік жайы қарастырылып, негізгі мәселелер төңірегінде ой қозғалды. Сонымен қатар қос биліктің мемлекетте орын алуы төңірегіндегі әңгімелер жай-күйі қаузалып, алдағы үкілі үміт пен шынайы әрі өміршең жоспарлар төңірегінде ойлар ортаға тасталды. Жалпы алғанда, бүгінгі қоғамда орын алған барлық мәселелер көтеріліп, қордаланған сауалдар да айтылып кеткен. 
Әсіресе, елдің көкейінде жүрген кейбір жайттарға баса назар аударылған. Мәселен, бұдан екі жыл бұрын орын алған Қаңтар оқиғасы халықтың көкейінде жүрген, тіпті жабық тақырыптардың бірі секілді болып келген еді, себебі жауапсыз қалған көптеген сұрақтар болды. Билік үшін талас-тартыс орын алып, көптеген адамдардың тағдыры қиылды, материалдық шығындар келтірілді. Соған байланысты Президент халықтың көкейінде жүрген күмәнді ойларды сейілтуге тырысты, ал мұның өзі қалың оқырманға және қарапайым халыққа ұнады дей аламыз.
Мемлекет басшысы тарапынан әрбір үдеріс, оқиға мен құбылыс мұқият қадағаланып отырғандығын аңғартады. Тіпті, отбасында болып жатқан алуан түрлі зорлық-зомбылықтар жайы да оны алаңдататындығын байқаймыз. Бізге, әсіресе, соңғы кездегі белең ала бастаған тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі қатаң жазаланатындығы туралы нақты тапсырмалар берілгендігі ұнады. Мемлекет отбасынан басталады десек, мұның өзін дұрыс ұстаным дей аламыз. Себебі кез-келген адам қоғам мүшесі болғандықтан социумның талаптарын орындауы тиіс. 
Өз сұхбатында Президент зиялы қауым өкілдеріне де бірқатар міндеттер жүктеп отыр. Мысалы, ағымдағы жылы бірқатар айтулы даталар мемлекет тарапынан тойланатын болады. Оның ішінде ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізетіндігі айтылды. Ол бұл жөнінде былай деді: «Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады». Бұл тарихшыларға және өзге де ғылым салалары мамандарына деген сенімді де білдіреді. Қазіргі таңда түрлі блогерлер, тарихтан хабары шамалы кейбір маман иелері көптеген тарихи фактілерді бұрмалап, халыққа бұрыс ақпарат жеткізіп жатқан кезде тұлғатануға ерекше мән беру оң іс болып табылады. Кез келген факт немесе тарихи дерек мамандар тарапынан деректанулық талдаудан өтуі тиіс. Сонда ғана тарихи шындық қалпына келтіріледі. Қоғамда, оның ішінде әлеуметтік желіде талқыланып жатқан тұлғатануға қатысты тақырыптар әлдеқашан мамандар тарапынан өз бағасын алған. Алайда бәзбіреулер әлеуметтік араздық отын өршітіп тұр. Міне, осындай келеңсіз жайттарды біржолата тоқтату үшін ұлттық тарихты идеология негізі әрі өзегі ретінде алсақ құба-құп болар еді.

Досбол Байғұнақов,
тарих ғылымдарының докторы, 
профессор 


 

3975 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз