• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

Қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик әйел

Еңбек адамының артында із қалса, мұның өзі үлкен ғибрат. Әрбір жаңа ұрпақ сол ғибратты істерден үлгі-өнеге алып, жақсылыққа мейірленеді. Елдің алғысына бөленген жандар қашанда өз халқының ақ батасымен көктеп, көгереді. Бұл  өмірдің жазылмаған заңдылығы. Жамбыл облысы Қордай ауданы Кенен ауылында жемісті еңбек еткен тұлға, қазақтан шыққан тұңғыш киномеханик әйел Рәпия Халыққызы мен жан жары, ұлағатты ұстаз Ордабай Сәдібеков туралы осыны айтуға болады.  Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі еңбек адамдарын бағалауға ерекше мән беріп отырған тұста, еселі еңбекті өмірінің мәніне айналдырып, соңынан жақсы ат қалдырған жандар туралы да айта отыруды парыз деп білеміз. 
 

Ордабай ата мен Рәпия ана есімдері Қордай ауданы жұртшылығына жақсы таныс. Өз кәсіптерінің майталман шебері республикамыздың жарқын келешегі үшін аянбай еңбек етіп, сүбелі үлес қосты. Ардақты ата-ана ретінде жеті баланы аялап өсіріп, ұлағатты тәлім-тәрбие берді.  
«Жақсы мұраптың соңынан су ереді» демекші, бар ғұмырын ауыл өмірінің мәдениеті мен біліміне арнаған ардақты ана Рәпия мен құрметті ұстаз Ордабай ақсақалдың өмір жолы үлгі-өнеге деуімізге толық негіз бар. Осы орайда өскелең ұрпақ ел қадірлеген ата-апалардың өмірінен сыр шертетін «Жақсылыққа жарасады жақсылық», «Рәпия» атты құнды кітаптарды оқып, зор ғибрат аларына шүбә жоқ. Өйткені елдің ыстық ықыласына бөленген Рәпия Халыққызы мен Ордабай Сәдібековтердің өмір жолы тағлымға толы. Бұл туралы қолымыздағы аталған кітаптар терең сыр шертеді. Кітап – рухани қазына. Ал бұл еңбектің жөні де, жосығы да бөлек. 
Міне, ақиық ақын, көрнекті әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың ауылында ақ түйенің қарны жарылған көптен күткен қуанышты күн де келіп жетті. Мерейіміз тасыды. Жылдар бойы арман етіп, толассыз жасаған еңбектің берекеті келді. Олай дейтін себебіміз, кеңес одағы кинемотография үздігі, «Құрмет белгісі» және «Октбярь революциясы» ордендерінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері, Жамбыл облысының «Құрметті киномеханигі» Рәпия Халыққызының құрметіне Қордай ауданы Кенен ауылында мұражай кабинеті ашылды. Аталған музейді Сәдібековтер әулеті өз қаражатымен жабдықтады. 
Оның ішіне ардақты анамыздың көзі тірісінде қолына ұстаған заттары мен тарихи құнды жәдігерлері қойылды. Сонымен бірге музейге Рәпия анамыздың өмірлік жары, оқу-ағарту ісінің үздігі, Қордай ауданының «Құрметті азаматы» Ордабай Сәдібеков жайында да өмірбаяндық деректері мен шығармашылық еңбек жолы туралы мағлұматтар бедерленді. Олардың бәрі де тарихилығымен көз тартады. 
Айта кетейік, Ордабай ақсақал заманында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтан бата алып, ақиық ақын Кенен Әзірбаевпен бір ауылда аға-іні болып ғұмыр кешкенін айта кеткеніміз жөн. 
Иә, бұл да жас ұрпаққа айта жүрер тағылымды дүние. Кенекеңдей асылмен замандас болу, аға-інідей аралас-құралас болу да бір бақыт қой, шіркін. 
Аталған музей-кабинеттің ашылу салтанатына Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы ханым, Қордай ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы Біржан Әлімбетовтер арнайы қатысып, мерекелік рәсімді өткізді. Ауыл халқы мен Алматыдан арнайы келген мәртебелі меймандар музейдің ішін аралап көріп, фото архивтермен, құнды жәдігерлермен танысты. Мерекелік шараның екінші бөлімі ауылдан шыққан таланттардың дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Мәдениет үйінің меңгерушісі Жазира Орынқызының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада атақты режиссер Ораз Әбішев түсірген «Рәпия» атты деректі фильм және аяулы ананың өміржолы туралы әзірленген бейнематериал көрсетілді. Мұндай шығармашылық жұмыстар кештің шырайын келтіріп, сәнін ашты. 
Жиында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы іс-шараға орай құттықтау сөз арнап, Кенен ауылында ашылып отырған мұражай кабинет аудан үшін маңызы зор рухани орта болатынына тоқталды. Ауылдың тумасы, Қордай ауданы ақсақалдар алқасының төрағасы Біржан Әлімбетов Рәпия Халыққызы туралы естеліктерін айтып, ол кісінің ескі клубта қойған киноларын көріп өскенін әсерлі жеткізді. Өнер саласындағы қызметінің маңыздылығна назар аударып, тұшымды ойларын бөлісті. 
Сонымен бірге елдімекенде тұсауы кесіліп отырған музей кабинетті елі мақтан етеріне сенім білдіріп, осы ұлағатты іске ұйытқы болып, құнды деректерді көздің қарашығындай сақтап келген Сәдібековтер әулетіне ризашылығын білдірді. Ыждаһаттылықты талап ететін келелі іс атқарылғаны атап өтілді. Бұл шын мәнінде солай еді. 
Іс-шара кезінде Рәпия анаға арналған жыр шумақтары оқылды. Ауылдың әнші апалар тобы тамылжыта ән айтып, мектептің мың бұралған бишілері өнерлерін тарту етті. Жұртшылықтың көңілінен орын алған атақты Кенен Әзірбаев атамыздың төл шәкірті – Асылқұл Бүрбаевтың ұлы Ерлан Бүрбаевтың кеш иесіне арнап шығарған өлең жолдары әсерлі болды. 
Кеш барысында «Желтоқсан Ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев «Халыққызы халық үшін туған екен, ендеше елі құрметтеген анаға қандай алғыс айтсақ та жарасады» деп ағынан жарылды. Ғылым академиясы қауіпсіздік қызметінің басшысы, полковник Сайфутдин Шамсутдинов, Қазақстан Кітап палатасының редакторы, белгілі журналист Нұрымжан Мауыт және елге танымал ардагер суретші Қуантқан Сапаровтар ықыласты лебіздерін білдіріп, ардақты ананың қолынан дәм татып, ғибратқа толы әңгімелерін тыңдағандарын еске алды. Ғибратты естелік жиналған қауымға жақсы жақсы әсер қалдырды. 
Жиырма  жылдай Рапия Халыққызы­ның жан­ын­да жүріп, төл шәкірті болған Серік Сұран­шыбайұлы Омаров ұлағатты ұстазынан үйрен­ген тәлім-тәрбиенің бағыт-бағдар болғанын тілге тиек етті. Ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрсымбек аға мен Сиязбай және Аман ағаларымыз жүрекжарды ізгі тілектерін жеткізіп, кеш мазмұнын арттыра түскені сөзсі. Саналы өмірін ауыл мен ел мәдениетінің өркендеуіне өзі қойған кинолары арқылы ерен еңбек сіңірген ардақты анамыз Рәпия Халыққызына арналған алғашқы игілікті іс-шара осылай мәресіне жетіп, ас беріліп, құран бағышталып, тағзым етілді.  
Алдағы уақытта Қордай ауданында үлкен мұражайдың қабырғасы қаланып, сол мұражайда Рәпия Халыққызының атында бөлме ашылатыны туралы жақсы хабарды аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халық арасынан шыққан еңбек адамдарын жұртшылыққа жан-жақты насихаттау туралы айтқаны белгілі. Міне, бүгінгі іс-шараға арқау болған қос тұлға – нағыз еңбек адамдары. Осындай ұлағатты жандардың ұрпағы болғанымызды мақтан етеміз. Иә, ендеше өзі қырық жыл табанынан тік тұрып елге еселі қызмет жасаған Рәпия Халыққызына клубтың аты мен ауыл-ауданнан көше аты беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Ел есіндегі тұлғалар ғибраты арқылы біздер жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беріп, Отаншыл, жақсы азамат болып қалыптасуына себепкер бола білсек, мақсатымыздың орындалғаны. 

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ
 

81 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз