• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2024

Парламент – ел сөзі айтылатын жер

Еліміздің саяси, әлеуметтік өмірінде Парламенттің алар орны ерекше. Ата Заңымыздың 49-шы бабында жазылғандай, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық болса, Парламент – Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы. Демек, Парламент еліміздегі биліктің бір тармағы бола отырып, мемлекетіміздегі билік институтын әділдік жолымен өркендетуге толық мүмкіндігі бар.
 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында Парламентке зор сенім артып, Парламент қоғамның ең өзекті мәселелері талқыланатын орынға айналуға тиіс деген тұжырымды айтқан болатын. Міне, осы тұжырым бүгінде теориялық және практикалық тұрғыдан да Парламент жұмысының өзегіне айналды. 
Иә, Парламент – ел сөзі айтылатын жер. Қоғамда шешімін таппай тұрған түйткілді мәселелер Парламент қабырғасында көтерілуге тиіс. Яғни, Парламент тек заң шығаратын өкілді орган ғана емес, ол қоғамда өткір тұрған мәселелердің тамырын дөп басатын, соны Президент пен Үкімет, атқарушы билік назарына жеткізетін орган. Егер де көпшілікті толғандырған мәселелер Парламентте дер кезінде көтерілмей қалса, халықтың оған деген сенімі азая түседі. Жасыратын несі бар, кезінде «депутаттар түк бітірмейді, ұйықтап отырады» деген пікірлер айтылып, қалғып-шұлғып отырған халық қалаулыларының бейнежазбалары да әлеуметтік желілерде тарады. Міне, осындай келеңсіз дүниелер бүкіл Парламенттің жұмысына сын келтіретіні сөзсіз. 
Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттік қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы Жолдауында халыққа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын ұсынды. Бүгінде осы қағида бойынша көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Осы ретте Президент «Ықпалды Парламент» деген сөзді жайдан жай қолданбағаны мәлім. Мұнда Парламент шын мәнінде ықпалды болуы керек деген ой жатыр. Парламент ықпалды болуы үшін оның қоғамдағы беделі де артуы керек. Яғни, Парламентке Президент тарапынан үлкен сенім жүктелді. Шынтуайтына келгенде, Парламенттің ықпалы онда қабылданып жатқан сапалы заңдарға, депутаттардың жұмыс нәтижесіне тікелей байланысты. Елімізде болып өткен сая­си реформалардан кейін жасақталған Парламенттің қазіргі мазмұны бұрынғыға қарағанда өзгешелеу екені рас. Өйткені, Парламент төрінен халық күткен сөздер айтыла бастады. Елді толғандырған мәселелер күн тәртібіне қойылды. Бірақ, бұған қарап, Парламент ықпалды күшке айналды деп айтуға әлі ерте, әрине. Жекелеген белсенді депутаттар ойларын ірікпей айтып, батыл сөйлеп, алдарына келген министрлерді, лауазымды тұлғаларды өткір сұрақтардың астына алып келеді. Мұның өзі де бұрынғы жылдармен салыстырғанда үлкен өзгерістердің бастауы деуге болады. Саяси жүйемізде Парламенттің өзіндік мәдениеті, келбеті қалыптасты деуге негіз бар. Әлбетте, қоғам іргелі мәселелерді заң арқылы шешіп, реттеуде Парламентке назар салады. Осындай кезде Парламент үнсіз қалса, қоғамның үміті ақталмайды. Тиісінше, Парламент жұмысына қатысты айтылар сын көбейе түседі. 
Әділетті Қазақстан жағдайында Пар­ламентіміз де әділеттілік туын берік ұстап, елді жаңаруға бастайтын саяси тұғырға айналуға тиіс. 
Парламенттің ең басты міндеті – заң шығару. Өркениетті қоғамда бүкіл мәсе­лелер заң арқылы реттелетіні белгілі. Қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер, түрлі жағдайлар­дағы қарама-қай­шылықтар сапалы заңдар мен қара қылды қақ жарған әділетті сот жүйесі арқылы реттелмесе, бәрі бекер. 
Иә, тәуелсіз Қазақстанның ілгері-кейінді тарихында Парламент жұмыс­тарының әртүрлі деңгейін көрдік. Батыл да өткір пікірлерімен, айбарлы болмысымен халықтың есінде қалған депутаттар болды. Олар саяси жүйеміздегі солқылдақ мәселелерді сынға алып, күн тәртібіне шығарып отырды. Билікке «бетің бар, жүзің бар» демей, турасын айтып салатын депутаттар, әрине, ұнай қоймайтыны белгілі. Бұрынғы жүйе мұндай депутаттардан іргесін аулақ салғаны анық. Уақыт өте келе Парламент жоғарғы биліктің бастамаларын қолдап, қуаттап отыратын, солардың ыңғайына бейімделген заңдарды қабылдайтын өкілді органға айналып кеткені де рас. Ал бүгінгі жағдай басқаша жұмыс стилін талап етуде. 
Заңды сыйлайтын кез келген өркениетті елде Парламент сол елдің саяси жүйесінде үлкен рөл атқарады. Парламентте қаралған мәселе пәрменді күшке ие болып, бүкілхалықтық сипат алып, қолдау табады. 
Қазақы дүниетаным мен ұлттық діліміз бойынша, біз мәселенің ақ-қара­сын ажыратып айтатын, шешендігімен, көсемдігімен нақты істердің атқарылуына ұйытқы болатын тұлғаларға назар аударатынымыз рас. Сондай азаматтар, жан аямай жұмыс істейтін депутаттар Парламент төрінде отыруға лайық. 
Депутаттарға дауыс берген сайлау­шылар, әлбетте, олардан үміт күтеді. Өткелден өтіп алғанша демей, депутат болып сайланған соң да сайлаушылардың мүддесін өз мүддесіндей көріп, солардың талабы мен тілегін тиісті орындарға, министрліктерге жеткізіп, мәселенің оңынан шешілуіне ықпал ете алуға құлшына кіріскен депутаттар елдің алғысын арқалайтыны анық. 
Былтырғы сайлауда Парламентке өткен депутаттар арасында танымал тұлғалар аз емес. Олардың әрқайсысы өздеріне жүктелген міндетті жақсы түсініп, соған сай әрекет етіп, дүркін-дүркін депутаттық сауалдар жолдап, өз жұмыстарына білек сыбана кірісіп, бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізіп те жүр. Алайда, жылдар бойы қалыптасқан заңсыздықтармен күрес жүргізу кім-кімге де оңай тимесі анық. Өйткені, заңсыздық әрекеттер тамырын тереңге жіберіп, қоғамның бүкіл жүйесіне кірігіп алған. Парламент қабырғасында көтеріліп жатқан мәселелерге қарап отырып, осыны ұғынасың. Шетелге кеткен активтерді, қарапайым халыққа тиесілі жерлерді қайтару сынды толып жатқан түйткілдер депутаттардан кәсіби біліктілікті талап ететіні хақ. 
Әрине, кез келген саяси-әлеуметтік, елдік маңызы бар мәселеге барлық депутаттың тісі батады деп айту қиын. Мысалы, жер қатынастары мәселесін заңгер депутат Бақытжан Базарбектей білетін адам кемде-кем. Шырылдап айтып жатқан депутаттық сауалдары көпшіліктің көңілінен шығады. Міне, өз саласын бүге-шігесіне дейін білетін осындай депутаттар Парламенттегі қызметі арқылы көп пайда келтіретіні сөзсіз. 
Президент айтқандай, елімізде Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Ел Президенті суперпрезиденттік үлгіден мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы атап өтті. «Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді» деді. 
Парламент еліміздегі демократиялық, адами-азаматтық құндылықтардың қалыптасуына, Әділетті Қазақстан қағидаларының іс жүзінде орнығуына, қоғамымыздың жаңа рухани-мәдени болмысын қалыптастыруға, идеологиялық мазмұнды ұлттық тұрғыдан тереңдетуге, мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз етуге, халық мәдениетін көтеруге жағдай туғызуға, Үкіметтің қабылдаған экономикалық бағдарламаларын қатаң қадағалап, шикіліктерге, жауапсыздыққа жол бермеуге ықпал ете алатын болса, сонда ғана ол нағыз ықпалды Парламентке айналмақ. 
Заңның көп нәрсені реттейтін функциясы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Заң жобасын дайындап әкелетін министрліктер оның ішіне өз пайдасын көздейтін баптарды енгізіп, артынан ол заңдар қабылданып кетсе, нақты жағдайда зиян шегетін тағы да бұқара халық болып шығады. Міне, Парламент депутаттары заң жобаларындағы мұндай шикіліктерге жол бермей, қитұрқы саясатты барынша әшкерелеп отырса, сапалы жұмыс деп осыны айтуға болады. 
Депутаттық қызмет – қашанда халық назарында. Демек, оның артында сұрауы бар. Не істедің, не бітірдің деген мәселе айтылмай қалмайды. Қазіргі депутаттар өз жұмыстарына есеп беріп, әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы халықты құлақтандырып, мағлұмат беріп отырады. Бұл да болса, бүгінгі депутаттардың халыққа ашық бола бастағанын білдіреді. 
Бір сөзбен айтқанда, Парламент заң шығару билігін жүзеге асыратын өкілді орган болғандықтан оның пәрмені қашанда күшті болуы керек. Өйткені, заңға бәрі бағынады. Заң алдында бәрі бірдей. Заңды құрметтейтін ел ешқашанда қия баспайды. Бірақ заңдар ең алдымен халық мүддесін ескере отырып қабылдануға тиіс екені талас тудырмайды. 

Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ
«Aqiqat»


 

 

2163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз