• Ел мұраты
  • 23 Маусым, 2014

СЕКЕҢДЕЙ ҰЛТЖАНДЫ ҚАЗАҚ НЕКЕН-САЯҚ… Инженер, әдебиетші, тапқыр Сейілбек ҚЫШҚАШҰЛЫ туралы ой

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
журналист

Редакциядан: Секең, Сейілбек Қышқашұлы тәуелсіздіктің алғышқы жылдарында ұлтымыздың егемендігіне ерекше қуанып, оған қарсы жазылған мақалалар мен небір отарлау саясатындағы пиғылдан арыла алмай жүргендерге ымырасыз күрес ашқан қаламгерлердің бірі. Журналымыздың алдағы сандарында Секеңнің со жылдардағы жазған, бүгінгі күнде де мәнін жоғалтпаған мақалаларының бірін назарларыңызға ұсынатын боламыз.

 Бүкіл әлемді бағындырмақ болып, жорыққа аттанған Александр Македонскийдің өзін данышпан Абайдың атақты Ескендір поэмасында «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп сұрау сала жазғаны бар. Соған қарап кейде танымалдылықтың өзі шартты, салыстырмалы ма деген ой келеді. Ал, атақты қытай ойшылы Конфуций: «Ақылсыз адам жұрт мені білмейді деп ызаланады. Ал,ақылды адам мені жұртты білмеймін деп қиналады» дейді. Сол айтпақшы, Сейілбек Қышқашұлы дейтін азаматты екінің бірі білмеуі мүмкін. Әйтсе де, осындай бір ұлтжанды, жан-жақты талантты да, дарынды жанның болғаны және хал-қадірінше халқына қызмет етіп, өмірден өткені хақ....     
Басқаны қайдам мен өзім ол кісімен былай таныстым. «Ер шекіспей бекіспейді» демекші, екеуміздің таныстығымыз, тіпті, кішкене кикілжіңмен басталды.
...Кешегі сексенінші жылдардың орта тұсында редакцияда отырсам (ол кезде мен «Білім және еңбекте» істеймін, ғылым және техника бөлімін басқарамын) кабинетке жасы елулерге таяп қалған, қоңырқай өңді бір кісі кіріп  келді. Сыртқы тұрпатына, өсіңкіреген шашына қарап: «дәу де болса бір суретші ағамыздың бірі шығар» деп ойладым. Өйткені, суретшілер ғана сондай алабөтен сықпытпен жүретін. Келе:
- Мен осында бір мақала жіберіп едім...- деді.
- Аты қалай еді?
- «Бидайды қалай орған жөн?»
Атын айтқаннан-ақ мақала ойыма сап ете түсті. Шынымды айтсам, мен ол мақаланы  ішіндегі  кесіп айтқан кейбір пікірлерімен келіспей былай ысырып қойғанмын. Өйткені,  ол тұстағы тәртіп  бойынша кез келген мақала ибалы бойжеткендей сызылып тұруы, мейілінше сыпайы, әдепті  жазылуы керек. Жоғарыдан берілетін нұсқау да тәртіп те солай. Ал, мына материалдың  авторы: «олай емес, былай болуы керек!» деп бәрін кесіп айтады. Оның үстіне осы күнге дейін елімізде егін орып, бастыру жұмысына пайдаланылып келген комбайндардың бәрін оңдырмай сынайды. «Бұлардан келер ысырап, көл-көсір, сондықтан, оларды басқа  жетілген түрлерімен ауыстыру керек», дейді. Осы орайда өзінің авторлық куәлік алып тіркелген, жаңа комбайнының жобасын ұсынады. Оқыған бойда «бұл өзі қайдан шыққан данышпан?» деп ойлағам. Алдыма келіп отырған сондай «қыңыр мақаланың» авторы.
Әлгі жерде екеуміз әй-шәй жоқ  отыра қалып айтыса кеттік.
- Сіз неге бәрін кесіп айтасыз, тым болмаса авторлық сыпайылықты сақтап «былай болса қайтеді?» демейсіз бе?- деймін.
- Сендер, ол журналистер, сөйтіп мәймең­көлетіп жазатын, - дейді Секең   беріспей сіресіп. – Ал, біз техниканың адамдары төтесінен айтып, нақтысын, турасын жазамыз. Болады я болмайды деп. 
Не керек, екеуміз қызылкеңірдек болып айтысып, біраз жерге дейін бардық.  Ақырында ол басын шайқап:
-  Мен сенің ой-пиғылыңды түсіндім. Байқаймын мақаланы жарияламайтын түрің бар, - деп орнынан тұра берді. 
- Жоқ, тоқтаңыз, - дедім мен оған. – Журнал менің жекеменшік журналым емес. Бәрімізге ортақ басылым, ортақ мінбер. Айтып отырғандарым менің жеке пікірім мен жеке көзқарасым. Соған қарамастан мақалаңызды жариялауға ұсынамын. Оны жариялау жарияламау жағын редакцияның басшылығы немесе алқасы шешеді.
«Шын айтып тұрсың  ба?» дегендей ол кісі бетіме барлай қарады. Сонан соң көңілденіп сала берді. 
Ендеше, әкел қолды! Мына сөзден кейін мен, тіпті, жарияламасаңдар да ризамын,- деді.  
«Жақсының ашуы шәйі орамал кепкенше, жаманның ашуы басы жерге жеткенше» демекші, оның жүзінде жаңағы ашудан титімдей де белгі қалған жоқ. Сол мезетте мен өзімнің алдымда көңілінде ешбір кірбің жоқ, жайсаң жанның тұрғанын сезгендей болдым.
Расында да мен әлгі мақаланы тездетіп дайындап, журналдың кезекті санына ұсындым. Тіпті, жариялануы үшін жанымды сала қорғадым. Көп өтпей-ақ Секеңнің әлгі мақаласы журналда жарияланды. Оның артынан: «Жаңа тұқым сепкіш»,  «Жаңа кен қазғыш»,  «Ұшып жүріп егін оратын комбайн», «Мақта тергіш машина» деп аталатын мақалалары бірнен соң бірі жарық көрді. Жылдың қорытындысы бойынша  тіпті, журналдың лауреаты да атанды. Соған өзі кәдімгідей қуанып жүрді.
Жалпы, біздің қазақта бұлай өнертап­қыштық және рационализаторлық шығар­машылықпен шұғылданатындар өте сирек және түсінетіндер де аз. Соған қарамастан,  әлгі жазған мақалалары, онда айтылған, арнайы куәлікпен тіркелген өнертабыстық жаңалықтары оқырмандар арасында кәдім­гідей қозғалыс пен қызығушылық тудырды. Бірақ, жоғарыдағы ресми орындар, атқамінер-шенеуніктер жағы селт етпеді.  
Кейіннен жақынырақ танысқанда білдік қой. Секең мамандығы бойынша тау-кен инженері екен.  Өзіміздегі  Қазақ политехникалық / бір кездегі тау-кен металлургия/ институтының сондай факультетін бітіріпті. Мамандығы бойынша бірнеше жыл  жұмыс істеген. Темір-терсектің жаңа түрлерін жасау, яғни, өнертапқыштықпен қосымша айналысады. ( Изобретатель деген терминнің қазақша аудармасы болып еніп кеткен «өнертапқыш» дегенге өзі мүлде қарсы. Оны  «тапқыр» деу керек деп отыратын).
Идеяға берілген адам дегенді қойсаңызшы. Бір кезде  Сейілбек ағамыз  жоғарыда айтылған жаңа кен қазғышын жасап, тікелей өндірісте сынап көз жеткізу мақсатында  Екібастұзға барып жұмыс істеп қайтыпты. Мұның өзіне кезіндегі КСРО Көмір өнеркәсібі министрлігінің табалдырығын тоздырып жүріп, әрең қол жеткізіп, рұқсат алған. Ол кісінің айтуынша Екібастұздың көмірі  тұтастай емес, көлбеуінен жал-жал болып орналасқан. Кәзіргі қолданылып жүрген роторлы ЭРШРД-5000 деген адымдағыш экскаваторы  көмірді айналасындағы топырақ және басқа да жыныстармен қопара бірге қазып алады. Сөйтіп, өнімнің сапасы төмендейді. Отқа жақсы жанбайды. Сол себепті көптеген тұтынушы кәсіпорындар және басқалар Екібастұздың көмірін сатып алуға онша ықылас білдірмейді. Аталған адымдағыш экскаватор әу баста құм, тас секілді бірыңғай жынысты заттарды қазып, өндіруге лайықталып немістерде Германияда шығарылған. Оны бір «пысықайлар» үлкен жаңалық ашқандай  бізге әкеліп енгізіп, тіпті, республиканың мемлекеттік сыйлығына ие болған.  Сондықтан, оның ойынша Екібастұздың көмірін қазып алудың басқаша әдіс-технологиясын қолдану  керек. Мұның ұсынып жүрген кен қазғышы соған   қолайлы да ыңғайлы құрылғы бола алады.
Қай жерде де бюрократтар, қызғаныш пен іштарлық жасайтындар табылады ғой. Сондайлар  Сейілбек Қышқашұлына  жаңа кен қазғыш машинасын жасап шығуына  мүмкіндік бермеді. Бітуге жақын қалған комбайнын күресінге лақтыртып, өзін жұмыстан қуып шыққан. Бұл оқиға туралы бертініректе “Ищу секунданта!” деп аталатын телефильм түсіріліп көрсетілді. Жаңылмасам оның авторы Сағатбек Махмұтов   болуы керек. Ол фильмдегі,  әсіресе, бір эпизод  Секеңнің  кір-қоқыс тастайтын жерде жатқан  комбайнының қаңқасының жанында жылап тұрған сәті жан дүниеңді қатты толқытып тебірентеді.  Өмірде осындай да фанат адамдардың барына таң қаласың!
Қазақтың бір азаматы өнертапқыштықпен айналысып, жаңа техникалық құрылғылар жасауға әрекеттеніп жүрсе оны неге қолдамасқа! Шама-шарқымыз келгенше біз  өз тарапымыздан  Сейілбек Қышқашұлына қолдан келер көмегімізді жасадық. Оның  өнертабыстық жұмыстары туралы сөзіміз естілер жердің бәріне айтып, аяғымыз жетер жердің бәріне бардық.
Еліміз егемендік алғаннан кейін біраз жыл  үкіметте Мәскеуден келген танымал ғалым-физик  Ғалым Әбілсейітов дейтін азамат жұмыс істеді. Әуелі ғылым мен жаңа технологиялар министрі, артынан әрі вице-премьер болып қызмет атқарды. Әркімдерден ол жайында: «істің көзін білетін, ғылымға жаны ашитын, жаңаша көзқарастағы адам» дегендей жылы пікірлер  естіп жүрдік. Бізге соған Секеңді кіргізсек бір көмегі тиер ме еді деген ой келді. Сөйтіп,  қалайда Ғалым Әбілсейітовке кіріп сөйлесудің амалын қарастыра бастадық. Журналдың атынан хабарласып жүріп, ақырында онымен кездесіп бүгінгі ғылымның хал-ахуалы жайында сұхбат алудың сәті түсті. Ол сұхбат «Зерде» журналында көркем фотосуретімен, «Ақырын жүріп, анық бас» деген тақырыппен жарияланды. Ғалекең бұған кәдімгідей балаша қуанды. Журналдың өзі шыққан санын қолына алып, әрі-бері парақтап қарап:
Бұл бір жақсы дүние болған екен. Ғылымды игермей біз алысқа бар аламаймыз, -деді. Сонан соң Қазақстанның ғылым мен техникасын дамыту жөнінде өзінің біраз ойларын айтты. Сөзінің аяғында жөн білетін, жол білетін кісінің ретімен:
Ия, жігіттім, маған айтар қандай өтінішің не бұйымтайың бар?- деді. 
Ғалеке, сізге бір ғана өтініш – дедім өзім де соны күтіп отырғандай. Осылай да осылай, көп жылдан бері темір-терсекпен айналысып, бірнеше өнертабыстық жаңалықтар ашқан Сейілбек Қышқашұлы дейтін ағамыз бар. Сол кісіні қабылдап, сөйлессеңіз орайы келсе қолдап, көмектессеңіз...
Несі бар? Келсін көрейік, әңгімелесейік, - деді. Мен қуанып кеттім. 
Айтқандай-ақ, көп ұзатпай Ғалекең Сейілбек ағамызды қабылдады. «Талантты талант таниды» демекші, екеуі, тіпті, жақсы тіл табысып кетті. Ғалым ағамыз Секеңнің өнертабыстық жаңалықтарын арнайы бағдарламаға енгізіп, жұмысты бастау үшін азын-аулақ қаражат та бөлдірді. Бұған Сейілбек ағамыз  кәдімгідей қуанып: “Құдай бір сәтін салайын деп жатқан шығар!” деп  қанаттанып, құлшына  әрекеттеніп жүрді. Бірақ, жап-жақсы басталған іс  Ғалым Әбілсейітов кеткен соң қайраңдап тоқтап қалды.                         
Ұмытпасам 1998 жылдың желтоқсанында Президент Н.Назарбаев Алматыдағы резиденциясына біраз газет-журналдардың басшыларын жинап баспасөз конферециясын өткізді. Бұл енді астананың Ақмолаға көшкелі жатқан кезі. Жаңа нәрсе, жаңа қадам қай кезде де күмәнді ғой. Сондықтан, жұрттың көңілінде үміттен гөрі күдік басым еді. Елдің көбі арудай Алматыға үйреніп, бауыр басып қалған. Арқаның азынаған суығына жылы жақта жан бағып қалған екінің бірінің көндіге алмайтыны айдан анық. Оның үстіне тәуелсіздік алып, егеменді ел болғанымызға небәрі алты-жеті жыл болғанда жаңадан астана салудың оңай болмайтыны тағы белгілі. Сол себепті Елбасына қойылған сұрақтардың көбі осы сыңайда өрбіп жатты.   Мен сол жиында сөз алып:
Сіз «өз техникамызды шығарып, өз технологиямызды қолданбай алысқа бара алмаймыз» деп жиі айтасыз. Ал, бізде техниканың да технологияның да жаңа түрлерін жасап жүрген азаматтар бар бірақ, оларды қолдап-қуаттау жағы нашар. Мәселен, Сейілбек Қышқашұлы дейтін инженер өнертапқыш егін оратын комбайнның жаңа түрін жасаған, ал, соны өндіріске енгізе алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр, - дедім.
Ол азаматқа не керек екен?- деді Президент көңілді кейіппен.
Үкімет тарапынан қаржылай да басқадай да жан-жақты қолдау мен көмек керек!
Алдағы дүйсенбі күні мына Қырымбекке келіп жолықсын. Қабылдап сөйлесеміз, - деді. Ол кезде Қырымбек Көшербаев Елбасының баспасөз хатшысы-тын.
Бұл жаңалық хабарды мен жүрегім жарыла жаздардай қуанып Сейілбек ағама жеткіздім.  Обалына не керек, Қырымбек айтылған уақытында қабылдап, жақсы сөйлесіп, Секеңнің өтініш-хатына Президенттің тиісті адамдарға нұсқауын жаздырып, қол қойдырып әкеліп берді. Ол қағазды Сейілбек ағамыз төбесі көкке жеткендей қуанып, бізге редакцияға әкеліп көрсетті. Өтініш-хаттың бұрышына Елбасының: «вице-премьер Ж.Кәріпжановқа және ауыл шаруашылығы министрі С. Ахымбековке! Мына кісіні қабылдап, мәселесін шешіңіздер!» деп жазған нұсқауын көзіміз көрді. Әйтсе де, әр түрлі себеп-сылтаулармен шаруа аяғына дейін жетпеді. Мұндай өтініштің талайының бетін қайтарып үйренген әккі  шенеуніктік орта  былду-сылду деп, сиырқұйымшақтатып, ақырында істі болдырмау жағына шығарды. Бұдан кейін біздің үмітіміз біржолата үзілгендей болды.
Кейінгі бір келгенінде осы Алматыдағы  “Массагет” зауытының жігіттері  төрт жасалымыңызды да жасаймыз, тек оған тапсырыс беруші керек дейді, деп келді. Есітуімізше олар алты салалық министрге «осылай да осылай бізде жаңа үлгідегі жарақтар бар, соларға заказ болса, бірлесіп жұмыс істесек» деп хат жазған екен. Біреуі де жауап бермепті.
Былай қарасаң  Сейілбек Қышқашұлы техниканың, темір-терсектің айналасында жүрген бірыңғай сонымен айналысып жүрген  сияқты көрінетін.  Бірақ, жақын әңгімелесіп, сырласқан кісі  оның ішкі жан-дүниесінің бай, нәзік те әсершіл әдебиет пен өнерге, жалпы рухани әлемге де жақын екенін білетін. Орайы келсе ол сізбен Абайдың, Толстойдың немесе Джек Лондон, Теодор Драйзер, Марк Твеннің шығармалары жөнінде емін-еркін ой бөлісіп, таңды-таңға ұруға бар еді. Марк Твеннің жас шағындағы қылықтарын айтып, Лев Толстойдың  «Қажымұратты» жазғандағы әділдігіне сүйсініп отыратын. Дей тұрғанмен, Сейілбек Қышқашұлының  көркем шығармалар да жазғанын, бір кезде “Жалын” журналы жариялаған жабық бәйгеде “Паңзада” дейтін повесінің бірінші жүлдеге ие болғанын екінің бірінің  біле бермеуі мүмкін. Кейбір шығармаларға ептеп сын жазатыны да бар-тын.
Сын жазады демекші, бір жолы Секең мынадай қызық жәйтті  бастан кешіріпті.  ...Ол кезде Жамбыл жеріндегі Ақбақай кенішінде жұмыс істеуші едім дейді. Күнделікті газет-журналдарды үзбей оқимын. Жаңадан шыққан кітаптарды да назардан тыс қалдырмаймын. Әсіресе, өзіміздің қазақ қаламгерлерінің шығармаларын. Бір жолы осы атақты жазушымыз Ілияс Есенберлиннің «Айқас» дейтін романы қолыма түсті. Өзім тау-кен инженерімін. Жазып отырған тақырыбы жаныма жақын болғандықтан кітапты бас алмай оқып шықтым. Оның үстіне соның алдында ғана «Көшпенділер» дейтін тарихи трилогияны жазып атағы елге дүркіреп жайылып тұрған жазушының енді қандай тақырыпқа қалам тартқаны қызықтырды. Ойымда ештеңе жоқ. Романды оқып шыққаннан кейін өзім байқаған кемшіліктерді қағазға түсіріп, «Жұлдыз» журналына сын мақала жазып жібердім. Ол жазғаным редакцияның назарына ілігіп, дереу жарияланады деп ойлаған жоқпын. Бір күні қарасам, жазған сыным журналда шығып тұр. Қуанып кеттім. Әрі «Жұлдыз» сияқты атақты журнал біздей шетте жүрген оқырманның да жазғандарын жариялайды екен-ау деп таң қалдым. Өзімше мақтанып, айналадағы жігіттерге көрсеттім. Олар «е, дұрыс болған екен!» деді де қойды. Содан оны ұмытып та кеттім. Бір жолы Алматыға келіп, түс мезгілінде тамақтанып алайын деп Комсомол мен Мир көшелерінің қиылысындағы дәмханаға кірдім. Сол жерде өзім тәуір көретін, маңдайым терлеп-тепшіп ішетін сорпа болушы еді. Кірсем анадай бұрышта қасында бір-екі кісі бар Сырбай Мәуленов ағамыз сорпалатып, әрі сыралатып отыр екен. Мен де тамағымды алып, жандарына жақындап, үлкен кісілер болған соң кішілік ізет  көрсетіп сәлем бердім. 
Әй, Қышқашев. Қалың қалай? – деді Сырбай аға салған жерден өзінің гүрілдеген даусымен.
Жақсы аға. Мені қайдан танисыз? – деппін сасқанымнан.
Е-е, танымағанда ше? – деді ол кісі кеңк-кеңк етіп күліп, -Сенің «арқаңда» екі жыл бойына «Жазушы» баспасынан  кітаптарымды шығара алмай қалдым емес пе?!
Басында ол кісінің нені айтып, нені меңзеп  отырғанын түсінбедім.
Сөйтсем ол кезде Сырбай ағам «Жұлдыз» журналының бас редакторы да, ал, Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасының директоры болып жұмыс істепті. Баспаның директоры Сырбай Мәуленовке «менің кітабым туралы сынды журналыңа әдейі бастырдың» деп реніш білдіріп, өлеңдер жинағының шығуын кейінге ысырып, кешеуілдете берген көрінеді.
- Нишауа, Қышқашев!- деді Сыр-ағам  қоштасарда күректей қолымен арқамнан қағып,- Өмірде ондай-ондай бола береді. Алған бетіңнен қайтпа, жаза бер. 
   Кейде оңаша бір сәттерде әзілдеп:
Секе, осынша  қабілет-талантты қайдан игеріп жүрсіз? – десек.
Құдайдың, жаратылыстың бергені ғой.  Әйтпесе қанша тыраштанғаныңмен бола алмайсың,- дейтін күліп.
  Расында да жаратқан ие бір адамның басына соншама талант-қабілетті үйіп бере салған.
Соңғы кезде елімізде дәлірек айтқанда Балқаш көлінің маңынан АЭС /Атом Электр Станциясын/ салу керек. Ол келешекте Қазақстан үшін мол қуат көзі болады, оған қол жеткізсек энергия тапшылығынан құтылып, тіпті, оны жақын шет елге де экспортқа шығарамыз деген мәселе жиі-жиі қозғалып жүрді. Әрине бұл жобаны қолдайтындар да қолдамайтындар да бар.  Елдің қауіпсіздігіне, табиғаты мен экоологиясына, түптеп келгенде адамдардың өмірі мен денсаулығына қатысты осындай аса кінәрәтті мәселеден шет қалмай Секең өзінің қарсылығын білдіріп, шырылдап газет-журналдарға мақалалар жазды.  Әлемдік тәжірибе бойынша АЭС-тің апатсыз жұмыс істеуіне әлі де ешкім кепілдік бере алмайды. Ол үшін өзіміз салуымыз керек. Өз мамандарымыз болуы қажет. Бұған дейін де бізде энергияның басқа да мүмкіншіліктері мен көздері жеткілікті. Және мұны салу біздің қаржы-қаражаттық қоржынымызға ауыр тиеді деген секілді бірнеше уәж-аргументтерді көлденең тартты.
       Ол кісінің өзінің айтуынша  ғылымдағы жолы да жап-жақсы басталған.  Тіпті, атақты академик ғалым Өмірхан Байқоңыров оның ғылыми жетекшісі болған. Сондықтан, Сейілбек Қышқашұлының тау-кен саласынан жазған кандидаттық жұмысының ойдағыдай қорғалатынын ешкімнің де титтей күмәні болмаған. Айтқандай-ақ, бәрін бітіріп, қорғап, Мәскеуге Жоғары аттестациялық комиссияға жібергенде кедергіге тап болған. Артынан біреулер «домалақ арыз» жазып жіберген. 
Менің кандидаттық диссертациямда жеті бірдей жаңалық ұсынылып еді, - деген Секең сол бір күндерін мұңая еске алып.- Соған қарамастан оны ғылыми жұмыс ретінде бағаламады. Меніңше жұмысымның бекітілмеуіне басқа-басқа емес, өзімнің турашылдығым, бірбеткейлігім, кемшілікке шыдамай бетке айтатындығым себеп болды-ау,- дейтін.
Жұмысыңыз бекітіліп, қолыңызға қағазын алып алғанша кішкене  кішірейіп, үндемей  жүре тұрмадыңыз ба? – дегенімізде.
Қайтесің Құдай берген мінез ғой. Мұнымнан өмірде аз таяқ жеген жоқпын, - деген-тін.
Мінез демекші, Секең кейде болмашы нәрсеге бұлқан-талқан болып ашуланып, есікті тарс жауып кетіп қалатын. Содан он-он бес күнге дейін бізге ат ізін салмай жүреді. Шыдамай өзіміз телефон соғамыз.
Бізге келмей кеттіңіз? - дейміз түк білме­генсіп.
Сендермен ұрсысып қалғанмын,- дейді телефонның ар жағынан бәсең үнмен.
Бізбен ұрысқанмен, «Зердемен»  ұрысқан жоқсыз ғой. Журналға келіп тұрыңыз...
Әй, тауып кеттіңдер! Мен жеңілдім!- деп со бойда арсалаңдап жетіп келетін. 
Сейілбек ағамыздың екіжүзділікке, жарамсақтыққа, жағымпаздыққа жаны қас болатын.  Кісілік пен адамгершілікті және ұлттық ар-намысты бәрінен жоғары қоятын.
Әйгілі «желтоқсан оқиғасынан» кейін бұл кісіге Мәскеуде шығатын газеттердің бірінің тілшісі келіп жолығып:
Сіздің бұрыңғы билікке деген өкпеңіз қара қазандай көрінеді. Ашқан жаңалықтарыңыз еш жерден қолдау таппапты. Біраз жыл сенделіп, жұмыссыз да жүріпсіз. Сондықтан сіз жайында мақала жазсақ?- депті. Бұл келісім беріп әріптің артын бағып қараса, әлгілердің мынадай шарты бар болып шығады. Материалдың мазмұнын ашу үшін Секең жерде жатқан Қонаевтың үлкен портретін табынан таптап тұрып суретке түсуі керек екен.
Жоқ!!! – дейді әлгі жерде Секең бұлқан-талқан болып ашуланып, - Мен ондайға бара алмаймын. Жаным арымның садағасы. Менің өйткенше өлгенім жақсы! – деп шарт бұрылып кетіп қалады.
 Осы оқиғаны еске алғанда ол кісі:
-   Әй, мынаны ұмытпаңдар! Біздің қазақ бірін-бірі дауға қиғанмен, жауға қимаған. Өкпеге қиғанмен, өлімге қимаған! – деп отыратын.
      Көп ізденіп, көп оқитындықтан ағамыз заманның ағымын, өмірдің талабын да дөп басып біліп отыратын. Сырттай естігеніміз болмаса бұрын-соңды көріп, бастан кешпеген «капитализм» – базарлы экономика келіп, бәріміз абдырап, дағдарып қалдық емес пе? Міне, сол кезде Секең Генри Фордтың /әйгілі американдық кәсіпкер, Форд автокөліктерін шығаратын өндірістің негізін салушы/  «Менің өмірім – менің табыстарым» деген кітабын қазақшалап, журналдың бірнеше нөміріне жариялатты.
- Секе, қайдағы американдықтың жыртысын жыртып қайтесіз? – дегенімізде.  
- Ей, Фордқа менің емешегім езіліп тұр дейсіңдер ме? Оның іс-тәжірибесімен танысып, қазақ баласы кәсіпкерлікті үйренсін деп ем, - деді.
Артынан оны кітап етіп шығарсақ, жұртты оқытсақ деп біраз жерге жүгірді. Тіпті, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігіне де барып жолықты. Өкінішке қарай, онысынан  бір нәтиже шыға қоймады. Содан болар бір жолы: «бізде ешкімге ештеңе керек емес екен-ау!» деп күйініп келіп еді.
Мен өзім осы күнге дейін ол кісідей ке­ремет ұлтжанды, қазақ үшін жанын беруге даяр, болмысы бөлек пірадар адамды кездестірген емеспін. Қазақтың тіліне, діліне, жеріне, салт-дәстүріне қатысты біреу бір қиғаш, не оғаш пікір айтып қалады ма, оған газет-журналдың бетінде, я болмаса, радио-теледидар арқылы үн қатып тойтарыс бермей жаны тынбайтын.  Ол кісі тілімізді, ұлттық болмысымызды, тәуелсіздігімізді сақтап қалуға қатысты талай-талай  өзекті мақалалар жазды. Секең кейде, тіпті, қатты да ащы, бетің бар, жүзің бар демей төтесінен жазатын. Сондықтан да, оның жазғандарын көп газет-журналдардың басуға батылы мен тәуекелі жете бермейтін. 
Әлі күнге есімде, бір жолы ол қазақтың елі мен жеріне қазақтан басқаның жаны ашымайды деген терең ойды меңзеп: «Диверсанты всех стран, добро пожаловать в Казахстан!» деген мақала жазды. Былай қарағанда атынан да адам шошып, үріккендей ғой. Бірақ, айтып отырғаны дұрыс. Шетелдіктердің бәрі бізге, Қазақстанның көсегесін көгертейін деп емес, өз пайдасын ойлап келеді. Ішімізде жүрген кейбіреулердің де емешегінің езілуі неғайбыл. Сол себепті Қазақстанды дамытып, өркендету үшін ең алдымен қазақтың өзі тырбануы керек.
Әдеттегідей бізге «мақаламды еш жер баспай жатыр» деп мұңын шаға  келді. Мен бір сәт ойланып отырдым да:
- Мұны сіз Ерік Нұршинге апарыңыз,-  деген ақыл айттым. Ақыл емес, дұрысы жөн сілтедім.
- Қалайша? – деп Секең бетіме таңырқай қарады.
- Өйткені, ол батылдау және жаңа көзқа­растағы журналист. Жақыннан бері «Доживем до понидельника» деген газет шығарып жатыр. Оған әлі ешкім сізді «жамандап» үлгерген жоқ.
- Мейлі оны да көрейік,- деген сыңайда Сейілбек ағам сөмкесін сүйретіп, үмітсіздеу, құлықсыздау кейіппен, солай қарай кетті. Түс қайта:
- Әй, сен дөп басыпсың!- деп қуанып келді. Газеттің алдағы аптадағы нөміріне басатын болды. Тіпті, мақаланың әр бетіне қол қойдырып алды.
- Мұны енді ешкімге айта көрмеңіз,- дедім жанашырлық танытып.
- Оның рас. Ондайдан талай аузым күй­ген...
Расында да сөзінде тұрып Ерік Нұршин Сейілбек Қышқашұлының әлі мақаласын жариялады. Онысы елдің арасында біраз әңгіме, қозғалыс тудырды. «Ықпалды» адамдардың қысымы болды ма, одан кейін Нұршин Секеңнің жазғандарын баспай қойды. 
Тағы бірде «бұл мақалаңызды Заман-Қазақстан» газетіне апарып көріңіз» дедім. Ойлағандай-ақ, олар да басында бір-екі материалын басты да, артынан ат-тондарын ала қашатын болды.   
Араласқанда ептеп білгеніміз Сейілбек ағамыздың Құдай қосқан қосағы Нағима жеңгемізге деген махаббаты ерекше болатын. Кейбіреулердің айтуынша жоғарыда аталған, «Жалын» журналының жабық бәйгесінде бірінші орын алып жүрген «Паңзада» повесі сол кісіге арналған. Оның аламан бәйгеден оза шауып шыққаны, сірә, шынайы махаббаттан, сүйіспеншіліктен туған шығарма болғандығынан болса керек. 
Тағдыр кейде қылышын қатал сермеп, аяусыз кесіп түседі. Алдымен Нағима жең­геміз дүниеден озды. Бұл қаза Секеңді қатты күйзетті. Жанталаса қандай да бір шығарма жазып жүрді. «Осы кітапты бітіріп шығарсам, Нағимаға орнатқан мәңгілік ескерткішім болар еді» деп еді. Артынан көп ұзамай өзі де бақилық болды. Енді ойлап қарасақ, Сейілбек ағамыз сол бір күндері сыңарынан айырылған аққудай күй кешіп жүрген екен. 
Сейілбек ағамыздың ең бірінші арманы өзі ойлап тапқан техникалық жаңалықтарды жасап, жүзеге асырып, Қазақстан дейтін елдің игілігіне жұмыс істеп жатқанын көру болатын. Әттең тағдыр оған жазбады. Кей-кейде өзі де мұңайып:
Әй, жігіттер, ондай бақытты күнді көре алмайтын шығармын?- дейтін.
Неге? – дейміз ғой.
-    Себебі жаңалықтың жолы қай кезде де ауыр, тапқырлардың тағдыры қиын болған. Өйткені, ол бұрын-соңды болмаған жаңа дүние, сондықтан оны жұрттың оп-оңай қабылдауы қиын,  - деп үнсіз отырып қалатын.
  Сонан соң әлемдегі әр қилы жаңалықтардың ашылу тарихы жайында қызық әңгімелер айтып кететін. Мәселен, ең алғаш темір жолды ұсынғанда жұрттың көбі ол жүрмейді деп күдік келтіріпті. Себебі, рельстің үсті жылтыр, дөңгелек жылтыр тайғанайды деген. Ал, жүргізіп көрсеткенде енді тоқтата аламайсыңдар депті. Сол сияқты адамдар о баста самолеттің де құстар тәрізді көкте қалықтап ұшатынына күмән келтірген. Өйткені, ол ауадан ауыр деп сондықтан ұшпайды, ұша алмайды  деп ойлаған. 
Жалпы, біз бойкүйездік пен нем­құрай­дылық әлі арыла қоймаған халықпыз. Оның зардабы мен залалын аз тартып келе жатқан жоқпыз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейміз де одан қорытынды шығармаймыз. Өстіп отырып, ел үшін керек бір азаматтан көз жазып қалдық. Оның бағасын көзі тірісінде біле алмадық. Әлі де білуіміз неғайбыл-ау.
   Өкінішті-ақ!

 

 

622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз