• Заманхат
  • 15 Шілде, 2014

Көркем фильмді сабақта қолданудың тиімділігі

Тілін үйренетін елде тұрмай сол елдің тілін үйрену ұзақ уақыт тер төгіп, қажырлылық пен уақытты қажет ететін еңбек болып табылады. Осы мақсатқа жетуде аутенттік фильмдердің маңызы жоғары. Видеофильмдер шетел тілін оқытуда құнды материал болғанымен, оны тікелей оқу үрдісіне қолданудың әдістемесі толық шешімін таппаған мәселе болып отыр. Көрерменнің көбісі фильм көргенді жақсы көргенімен, оны шетел тілін үйрену үрдісінде пайдалануға онша мән бермейді. 


Қазіргі таңда шетел тілдерін оқыту әдіс­темесінің жетілдірілуге тиісті теориялық және тәжірибелік мәселелерінің қатарында комму­никативтік құзыреттілік және оған қол жеткізу тәсілдері үнемі көкейтестілігін жоймайтын мәселе болып отыр. Қазақстан Республикасында шет тілдік білім беру Халықаралық стан­дарттың негізгі желісінде жүзеге асуда, яғни оның өзегі жалпыеуропалық құзырлылықта сипатталған деңгейлеп оқыту болып табылады. Шетел тілін меңгерту үрдісі халықаралық стандарт негізінде оқыту арқылы коммуникативті құзыреттілікті іске асыру мақсатын ұстанады. Ал, бұл құзыреттілік тілдік, сөйлеу, әлеуметтік-мәдени және оқу-танымдық сияқты ішкі біртұтас құрылымдық бірліктерінен тұрады. Сондықтан да мұғалім алдында шетел тілі сабағында әртүрлі әдіс, тәсілдерді (рөлдік ойын­дар, пікірталас сайысы, жобалап оқыту, фильм) қолдана отырып, шетел тілінде сөйлеу­ге үйрету  міндеті тұр. Сонымен қатар тілін оқи­тын елдің мәдени құндылықтарын да мең­герту оқушыларды шетел тіліне дайындауда білікті маманның мақсаты болу керек. Бұл аталған істе нәтижелерге қол жеткізуде сабақта видеофильмдерді көрсету өз нәтижесін берері анық [1,7].
Көп тәжірибелерден оқып, талдағаннан бай­қа­ғанымыз, видеофильмдерді сабақта пай­­­далану оқушылардың ойлау қабілеттерін ғана дамытып қоймайды, сонымен қатар, мұ­ғалімге оқытудың бірнеше мақсатын іске асыруға көмектеседі. Оқушылар тілін оқитын елдің өмірі, салты, дәстүрі туралы көрнекі мағлұмат алады және осы арқылы олардың сол елдің тілін түсініп, үйренуге деген талпыныс құштарлықтары арта түседі. Видеофильмдер, киноүзінділер, киноклиптер оқу үдерісін жетілдіріп, оған барынша коммуникативті бағыт береді. Олар сабақта қосымша тілдік орта құрып, тілдік сөйлеу жағдаяттарын дыбыстық және көру арқылы іске асыратын көрнекілігі жоғары материалдар болып табылады[2,188]. 
Видеоматериалдарды таңдау белгілі ұста­ным­мен жүргізілуі қажет. Сабақта фильмді пайдалануда міндетті түрде мынадай жағ­дайларды ескеруі керек: 
- тіл үйренушілердің қызығушы­лықтары;
- лингвоелтанымдық мәліметтердің құнды­лығы;
- материалдың заманауилығы мен көкей­тестілігі;
- видеофильмнің елтанымдық және тәрбие­лік маңыздылығы;
- оқушының көңіл-күйіне әсер ету деңгейі;
- бағдарламаға сай әдістемелік бірізділігі мен жүйелілігі.
Сабақта қолданылатын видео өнімдердің ішіндегі ең тиімдісі және тартымдысы ау­тент­ті көркем фильмдер болып табылады. Мұнда оқушының білімін тереңдету, оның ел­танымдық білімі мен тыңдау, сөйлеу, жазу, оқу дағдыларын жетілдіруге мән беріледі. Осы мақсатқа жауап беретін, тілдік талаптарға және қазіргі оқушы жастардың сұранысы мен тілегіне сай келетін көркем фильмдерді  таңдау оқытушының оң нәтижеге жететін әдістемелік шешімі болып табылады. 
Көркем фильмді таңдағанда оның аутенттігі де ескерілуі керек. Онда кино кейіпкерлерінің сөйлеу тілі стандартты тіл болып, фильмнің тақырыбы көрермен оқушыларға қызықты болуы тиіс. Оқытушы фильммен жұмыс барысында алдын-ала жаңа сөздермен жұмыс жүргізеді. Бұл оқушылардың фильм мазмұнын түсінулерін жеңілдетеді.   
Фильмді көруге даярлық барысында фильм­нің ең қызық деген тұстарымен жұмыс жүр­гізілуі тиіс. Сабақ мақсатына сай, басқа тілдің реалийлеріне түсініктеме беріп, басқа мә­дениет пен ділдік айырмашылықтарға шолу жасауы мұғалімнің оқушымен дұрыс әдіс­темелік байланыс орнатуының басты әдісі.  Бұл жаттығулар жүйесі барлық әдістемелік жұ­мыстарда: фильмді көрер алдындағы, фильмді көріп отырған кезде орындалатын тап­сырмалар  және фильмді көріп болғаннан кейін оқушының орындайтын жұмыстары деп аталып жүр[3,2;4]. 
Фильмді көрер алдындағы тапсырмалар ретінде мынадай жұмыстарды атауға болады:
- Фильм тақырыбы бойынша алдын-ала түсіндіріп,мағлұмат беру;
- Кезеңдердің маңыздылығын түсін­діру;
- Фильмді бір рет дауыссыз көріп шы­ғу;
- Жаңа сөздердің аудармасы мен қолдану жолдарын түсіндіру, мысалдар келтіру;
- Фильмді көріп отырған кезде орындалатын тапсырмаларға мына жұмыстарды атауға болады:
- Тілдік мәліметті іздестіру, фильмнен үзін­ді көрсетіп, керекті сөздер, сөз тіркесі не фра­за­­ларды шет тілінен қазақ тіліне аударып, бала­ма­сын табу;
- сөйлемдегі бос орынды көріп отырған фильмнен алып жаңа сөздермен толтыру;
- етістіктерді дұрыс грамматикалық формасында беру;
- оқушының дұрыс сөйлеу қабілетін қалып­тастыру үшін монологтық, диалогтық сөйлеуге арналған фильмнен үзінділермен жұмыс жасау;
Фильмді көріп болғаннан кейін оқушының орындайтын тапсырмалары оқушының фильм­нен туған танымдық ойын дамытуға, шы­ғармашылықпен жұмыс істеуіне әсер етеді. Бұл кезеңде мынадай жұмыстар істеуге болады:
- жобалық жұмыс, оқушы көрген фильміне ұқсас бейнефильмдер даярлайды, мысалы, қаланы аралау, концертке, театрға саяхат, өз үйі туралы әңгімелеу;
- рөлдік ойындар, оның негізіне көрген фильм алынады. Бұл жұмыстар мынадай сұрақтарға жауап бере отырылып жүзеге асырылады:
Сонымен, сабақта аутентті көркем фильмді пайдалану барлық іс-әрекеттерді жүзеге асыруға септігі мол, шетел тілін тереңдетуде тиімді әдіс ретінде танылады. Фильм оқушыны сөйлеуге, әңгімелесуге құлшындырады, сонымен бірге ол тіл үйренушіге сол ел туралы нақты мәліметтерді өз көзімен көріп, танысатын көрнекілік болып табылады.
Арайлым Әмірбекова,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық  университетінің 
2 курс магистранты

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ильченко З.Е. Использование видеозаписи на уроках английского языка  //Первое сентября, Английский язык. - 2003 г.- №9, стр.7
2. Комарова Ю.А. Использование видео в процессе обучения иностранному языку в старшей школе /Методики обучения иностранным языкам в средней школе. – Санкт Петербург: изд. КАРО, 2005, стр.188
3.Соловова Е.Н. Использование видео на уроках  иностранного  языка  //
ELT NEWS & VIEWS - 2003 г.-№1, стр. 2
4. БесироваН.Шет тілі сабағында коммуникативтік құзыреттіліктіқалыптастыру әдісі ретінде бейне жазбаны қолдану. Ақиқат журналы. – Алматы, 2014.
In the article is discussed the efficiency of using of a feature film and its viewing stages in the foreign language teaching process.

611 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз