• Ұлттану
  • 15 Шілде, 2014

Қостілділік пен қағазбастылық зардабы

Бейбіт Жәлелұлы, 
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Ақпараттық-қатыстық технологияның (ІТ) шарықтап дамуының арқасында небір электронды құрал-жабдықтарды пайдаланып, қандай да болсын тірлігімізді жеңілдетуге қол жеткіземіз бе деп жүрсек, ол дәмеміздің жуыр маңда жүзеге аса қояр түрі жоқ. Бұрын қолжазбамыз, әрі кеткенде машинкаға басылып қол қойылған қағаздарымыз іске жарай беретін еді, қазір кез келген дүниемізді компьютермен теріп, үш дана етіп басып шығарумен қоймай, электронды нұсқасын да дискіге жазып ұсынатын болдық. Бұл аздай-ақ, қостілділік пен көптілділіктің кесірінен орысша, тіпті, ағылшынша нұсқасын да үш дана етіп шығарып, небір құжаттар мен ақпар-мәліметтердің, есеп-қисаптардың астында қалдық.

Соларды дайындауға кетіп жатқан есіл уақытты айтпағанда, қағаз-бояуға, энергияға кетіп жатқан шығынның еліміздің экономикалық дамуына әкеліп жатқан жалпы залалын ешкім ойлап жүрген жоқ сияқты. Осы ретте орыстардың ХІХ ғасырда «й» мен «а», «й» мен «у», «й» мен «о», «т» мен «с», «т» мен «ш», «ш» мен «ш» дыбыс тіркесімдері – жазылатын мәтіндерде қатар келіп, жиі қолданылатынын, сол себептен оларды қайта-қайта жазып, қағаз бен бояуды және уақытты артық жұмсаудың тиімсіз екенін ескеріп, қанша қағаз, бояу, уақыт жұмсалатынын мұқият есептеп шығарып, қаржы үнемдеу үшін олардың орнына «я», «ю», «ё», «ц», «ч», «щ» әріптерін ойлап тауып, өз әліпбилеріне енгізіп, реформа жасағаны еске түседі.

 


Елімізде орныққан қостілділік пен көптілділік жағдаятқа (ситуацияға) байланысты қағазбастылық өстіп өршіп тұрғанда берілетін материалдары бірін-бірі онша қайталамаса да, идеялық ұстанымы бірдей «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы», «Айқын» мен «Литер» сияқты екі тілде жарық көретін газет-журналдардың, екі тілдік материалдарды араластырып беретін университет-институттық газеттердің өркен жая беретіні сөзсіз. Ал, отандық телеарналарымыз екі тілде бірдей кезек-кезек хабар-ошар жүргізетіні аздай-ақ, олардың тек қазақ қоғамына ғана арналған-ау дейтін бағдарламалары да осындай дертпен ауырып, концерттер мен думандарды (шоуларды) екі тілде қатар жүргізумен қоса, кейіпкерлері шұбар тілде сөйлейтін киносымақтар түсіріп, соларын орысша хабар тарату уақытында емес, қазақ қоғамына арналған уақытта көрсетуді әдетке айналдыра бастады. Бұдан, ондай дүниелерді орыстілділердің керек қылмайтындығын ескерсек, тағы да қазақтілді қоғам ұтылып отыр. Осындай бағдарламалар мен киноларды дайындап, халыққа ұсынушылар, біздің ойымызша, осы әрекеттерімен сол бағдарламаларды, сол киноларды тамашалайтын қазақтілді қауымды біртіндеп орыс тіліне бауыр бастырып, орыстандыруды көздеп жүрсе керек, әлде біреулерден сондай тапсырма алған ба екен?!

Қағазбастылықтың нағыз көкесі, кең етек жайған жері – білім ошақтары мен ғылым салалары және ғылыми мекемелер. Мұғалімдер мен оқытушы-профессорлар жоғары жақтың оқу үдерісін оңтайландыруға «аса қажет» деген «жаңашылдық (инновациялық)» нұсқауларын басшылыққа алып, өзі жүргізетін сабаққа, өзі оқитын дәріске тиянақты дайындалып, оқушы-студенттерге заманауи сапалы білім берудің орнына оқу-әдістемелік кешеннің қажетті-қажетсіз сан алуан құжаттарын жазып, қағазға басып шығарумен қатар, олардың электронды нұсқаларын да сайттарға енгізіп, әуре-сарсаңмен күндерін өткізіп жүр. Ал, ғылыми кадрлар ҚР БҒМ ҒК тарапынан жарияланатын іргелі, қолданбалы, жаңашылдық ғылыми жобалар байқауларына қазақ-орыс-ағылшын тілінде жоба әзірлеп, үлкен машақатты бастан кешуде. Олардың осындай қағазбастылықпен дайындаған ғылыми жобалары байқаудан өтіп, орындала бастағанда түрлі ақпар-мәлімет, есеп-қисап беру деген тауқымет басталады. Әйтеуір, ҚР БҒМ ҒК-нің талап-ережелері тек орыс тілінде болса да, ғылыми жобалардың түрлі кезеңдік есептерінің рефераттары екі тілде жазылатынымен, бір тілде – қазақ немесе орыс тілінде қабылданатынына шүкірлік дейсің. Бірақ, ҒК-нің сол та­лап-ережелерінің барлық шарттарын орындап, оларға жолданатын ай-тоқсан сайынғы ұсақ-түйек ақпар-мәліметтерді айтпағанда, қалыңдығы екі елідей (100-150 бет) болатын есептерді дайындауға жұмсалатын уақыт – ғылыми-зерттеудің қорытынды нәтижесінің сапалы болып шығуына айтарлықтай залалын тигізіп жатыр.
Бәрімізге белгілі, тілдік саясатын ұлттық мүддеге негіздеп жүргізетін елдер, егер, мемлекеттік тілімен қосамжарласып екінші бір тіл саяси-қоғамдық түрлі қызмет атқаратын болса, қағазбастылық (бюрократизм) күшейетінін біліп, оған ешқашан жол бермейді. Ал, біздеше, еліміздегі қазіргі тілдік жағдаят мемлекеттік іс жүргізуге де қол байлау болып, қағаз­бастылыққа ұрындырып, зор әлеуметтік-экономикалық зиян әкелуде. Бұдан еліміздің ұлттық-тілдік саясаты өзгер­мейінше жуыр маңда құтыла алмайтынымыз анық.
 Біздегі бір дарақылық
Қазақ ғылымы дамуының қазіргі ахуалына мән беріп, назар аударсақ, бір сәт көңіліңе күдік-күмән ұялайды. Себебі, қазақ тілі еліміздің 1989 жылдан бастап мемлекеттік тілі болғанына 25 жыл болса да, қазақ ғалымдарының басым көпшілігі орыстың ғылымы мен ғылыми стилін (тілін) дамытатын Ресейдің бар екенін мүлдем естен шығарып, қазақ қоғамына ғана қажетті, басқаларға қажеттілігі шамалы-ау дейтін қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы (қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тарихы мен мәдениеті, қазақ этнографиясы, этнолингвистикасы т.б.) ғылыми жобалар мен зерттеулердің өзін және солардың түрлі кезеңдік есептерін орысша орындап, дайындап жүр.
Отандас өзге ұлт өкілдері мен орыстілді өз қандастарымызды және шетелдіктерді қазақ тілі мен әдебиетінің, қазақ тарихы мен мәдениетінің жағдайы аса көп ойландырып, жандарын ауырта қоймайтыны белгілі. Өйткені, ұлттық мәселелерді оңтайлы шешу қазаққа ғана қажет. Сондықтан да, қазақтілді мамандар (мұғалім, оқытушы, ғалым т.б.) өз кәсібінің өзекті мәселелерін өз тілінде зерттеп-зерделеп, өз елінде мәселе етіп көтере алады және оның дұрыс-бұрыстығын қазақтілді қоғам ғана бағалай алады. Осы бір ұлттық ғылымдарға қатысты мәселені қаперге алмай жүрген ҚР БҒМ ҒК математика, физика, жаратылыстану, техника, медицина ғылымдарына қойылатын талапты ұлттық гуманитарлық-қоғамдық ғылымдарға да қойып жүр. Рас, жоғарыда аталған математика сияқты ғылымдардың белгілі бір ұлтқа қызмет етуімен қатар жалпыадамзаттық ортақ сипаты бар. Оның үстіне сол ғылымдар бойынша жүргізілген зерттеулердің маңыздылығы мен жаңашылдығын, өзектілігі мен қажеттілігін саралайтын білімді де білікті мамандардың бір ел көлемінде жеткілікті мөлшерде бола бермеуі де, бар болғанның өзінде 100 данамен шығатын ғылыми зерттеулер жинағы мен аз таралымдық ғылыми журналдардың еліміздің түкпір-түкпірінде шашырап еңбек етіп жүрген сол мамандардың бәріне бірдей қолжетімді бола бермеуі де мүмкін. Сол себептен, аталған ғылымдардың негізгі нәтижелерін әлемге танымал тілде (ағылшын, испан т.б.) ғылыми мақала ретінде дайындап, дүниежүзі елдерінің білікті мамандарының қолына тиеді-ау дейтін импакт-факторлы журналдарда жариялап, талқылауға ұсыну қажет те шығар. Міне, осының ұлттық гуманитарлық ғылымдарға қажеті бар ма? Жоқ деп бірден кесіп айтуға болады.
Ұлттық гуманитарлық ғылымдар бойынша елімізде жарық көрген мақа­лаларды қазақ тілін білетін кез келген көзі қарықты, білімді, өрелі жан, ол – математик, физик, химик, агроном, дәрі­гер, механик, технолог, теолог т.б. болсаң, түсініп, пайымдап оқып, оған өз пікірін білдіре алады. Тың жаңалығы, ұсыныс-пікірі жоқ, бұрын да айтылған мәселені қаузаған, тіпті, біреулердің ғылыми зерттеулеріне «жиендік» жасаған дүниелерді лақтырып тастайды немесе өзінің сыни көзқарасын білдіреді. Демек, ұлттық ғылымдардың кең талқылауға түсіп, сараланатын жері, нағыз ғылыми ортасы тек өз еліміз ғана. Алайда, осыны ескермеген біздің бүкіләлемге танылуға тым құштар жетекші-басшыларымыз, ел бастар «серкелеріміз» ұлттық ғы­лым мәселелерімен айналысатын оқы­тушы-профессорлардан, ізденуші-ғалымдардан алыс шетелде (жақын шетел – бұрынғы КСРО елдері. Неге екенін кім білсін, оларда жарияланған мақалалардың ғылыми құндылығы төмен болып есептелінеді), оның өзінде Томсон Рейтер, Скопус мәліметтер базасына енетін импакт-факторлы журналдарда ғылыми мақала жариялауларын талап етіп келе жатқанына 6-7 жыл болды. Бас­ты уәждері (мотивизациясы) – Қазақстан Республикасы ғылымының «керемет» жетістіктерін әлемге паш етіп, елімізді таныту. Тәуелсіздік алып, егемен ел атан­ғанымызға және әлемге таныламыз деп алашапқын болып тыраштанып жүрге­німізге 23 жыл болды, қашан танылып болады екенбіз?!
Біздің аңғалдығымыз бен дарақы­лығы­мызды тиімді пайдаланып отырған шетелдер небір импакт-факторлы журналдарды ашып тастады.  Жариялайтын әр ғылыми мақаламыз үшін әрбір журнал өздерінің рейтингілік дәрежесіне сәйкес бізден 50-200 мың теңгені қақшып алып отыр. Бүкіл адамзат үшін маңызды ғылыми мақала болса, неге тегін жарияламайды? Осыған ой жіберіп көрдік пе?
Біздің ойымызша, құнды мақала ешуақытта далада қалмайды. Оған өз басым куә болған бір оқиға дәлел. Менің марқұм нағашым – математика-физика ғылымдарының докторы Тоқтар Нүрекенов нағыз ғалым адам еді. Әлемнің 200 танымал математиктерінен тұратын қауымдастығының бір мүшесі болатын. Бір күні үйіне барсам, нағашым шат-шадыман күйде отыр екен. Себебін сұрасам, нағашым бір маңызды мақаланы аяқтап, баспаға ұсыныпты. Мен көлемі мен қанша уақытта жазғанын сұрадым. Нағашымның сол жеті беттік мақаланы жазуға екі жылдай отырғанын естігенімде 5-6 беттік мақаланы екі-үш күнде жазып тастайтын гуманитарлық ғылымдардың бір өкілі – өз басым, іштей, «Ойпырм-ай, ә! Бұндай да болады екен-ау!» деп қатты қайран қалғанмын. Міне, қызық! Бірер айдан соң, АҚШ-тан телефон шалынып, олар аудармашы арқылы сөйлесіп, Мәскеудің атақты бір журналында жарияланған сол мақаланы ағылшын тіліне өздері аударып басуға рұқсат сұрапты. Әрине, нағашым келісімін берген. Біраз уақыт өткеннен кейін, АҚШ-тан нағашыма журналдың бір данасы мен 500 доллар көлемінде қаламақы келді. Бұл уақыт – өткен ғасырдың 90 жылдарының басы болатын.
Ғалымдарымыздың құнды ғылыми ой-тұжырымдарының бостан-босқа рәсуә болып, сыртқа кетіп жатқанын ойлағанда еліміздің тек пайдалы қазба байлықтары ғана емес, ғылыми, рухани байлықтары да тоналып жатыр-ау дейсің. Бұрын, патшалық, тіпті, кеңестік дәуірде біздің дүниетанымымызды, ой-санамызды, мінез-құлқымызды, салт-дәстүрімізді, қысқасы бізді жан-жақты зерттеп-зерделеп, өздерінің жы­мысқы мақсат-мүдделеріне пайдалану үшін олар өз зерттеуші-шпиондарын (Н.И. Ильминский, А.Е.Алекторов, А.В.Ва­сильев, В.Н.Катаринский т.б.) жі­беріп, этнографиялық түрлі мәліметті өздері жинаушы еді, енді, біз өзіміз олардың ала­қанына тап-тұйнақтай етіп салып берумен қоймай, сол материалдарымызды жариялағаны үшін қомақты ақша төлейтін болдық. Қазір олар соларымызды бізді зерттеп-зерделеуге пайдалана ма, жоқ па, оны анықтау өз алдына бір бөлек мәселе болар, ал, бізді теспей сорып, ақша табудың көзі ретінде пайдаланып, «әлемге әйгілі боласың» деп жас балаша алдап отырғаны даусыз. Жарайды, олардың ондай арам пиғылы жоқ, біздің ғылыми құнды ойларымызды жарыққа шығарып, әлемге танытып, бүкіл адамзаттық ортақ игілікке айналдыру үшін қызмет етіп жатыр-ақ дейік, бірақ импакт-факторлы журналдарда ғылыми мақала жариялаудың қиындығы шаш етектен. Оның қиындығы неде дегенде мыналарды атап айтуға болады: мақала әлемдік тілдердің бірінде (ағылшын, француз, неміс т.б.) жазылып, журналдың қоятын талап-ережелеріне сәйкес құрылуы және мазмұндалуы қажет; оның көлемі – 5 бет (1 интервал, 14-шрифт), онда дәйексөз келтірілген немесе сілтеме жасалған әдебиеттердің саны – 30-дан кем болмауы тиіс; жариялауға ұсынылған мақалаға атақ-дәрежесі жоғары бір ғалым рецензия жазып, өз қолын қойып, мөрмен растауы қажет; мақалаға қосымша ретінде жарты беттік аңдатпа (аннотация) мен бір беттен кем емес реферат қоса жіберіледі. Бұның бәрі жариялайтын мақала тілінде (ағылшын т.б.) болуы керек. Рас па екен, кім ол жағын анықтапты, әйтеуір, жіберілген мақаланы импакт-факторлы журнал редакциясы қабылдап алғаннан кейін өздерінің бір ғалымына беріп, сараптамадан өткізіп, ол мақұлдаған соң ғана 4-5 айдан кейін жариялайды. Егер, мақалаңыз сараптамадан өтпей қалып, жарамсыз деп танылса, құйған ақшаңыздың (журнал рейтингісіне сәйкес, біздің ақшамен 50-200 мың теңге аралығында) желге кеткені дей беріңіз.
Ақшаңыз күйіп кетпеуі үшін жаныңызды беріп, барыңызды салып, тартымды етіп жазуға тырысып-ақ бағасыз. Сосын, оны орысшаға бір, ағылшыншаға екі аудартып, тағы да шығынға батасыз. Орысша, ағылшынша аударманың құны – әр бетіне 1500-2000 теңге. Орысша аздап білетініңізге орай, орысша аударма сапасының «аса» еңбектеніп жазған түпнұсқаңызға қаншалықты сәйкес келетінін өзіңіз бағамдай аласыз, ал, ағылшыншасының сапасын бірнеше майталман маманға қайта-қайта қаратып барып, бір жөнге келтірдім-ау деген кезіңізде журналға жолдайсыз. Әрине, ағылшыншаға дәлме-дәл жақсы аударылды-ау деген сеніміңіз ақталып, мақалаңыз 4-5 айдан кейін жарияланып жатса, жақсы. Міне, осындай тауқыметтен соң, бүйткен  импакт-факторлы журналы да, онда жарияланған мақаласы да құрысын деп түңіліп кетесіз. Соған қарамастан, оны қажетсінген ұлттық гуманитарлық ғылымдар салаларының ғалымдары өз зерттеулерінде  «тіл аралық байланыс», «әдеби, мәдени ықпалдастық», «қоғамдық-әлеуметтік маңызға ие», «жаһандасу үдерісіне ықпалы бар», «тарихи танымды толықтыруға қажет», «жалпы адамзаттық ортақ құндылық» деген сияқты т.б. мәселелерді желеу етіп, негізгі өзек ретінде көрсетіп, қалай да бір қисынын келтіріп мақала жазып, сол журналдарда шығаруға тырысып-ақ бағуда. Сөйтіп, өз мақалаларын сол журналдарда әйтіп-бүйтіп шығарып жүр. Өйтпегенде қайтсін, оқу орындары мен ғылыми мекемелер басшыларына сіздің өз еліңіздегі ғылыми ой-тұжырымыңыздың құндылығы қажет емес. Алыс шетелдік импакт-факторлы журналдарда ғылыми жарияланымыңыз болса ғана мықты ғалымсыз және ғылыми іскерлігіңізді бағалап, жалақыңызға аз-маз тиын-тебен қосудың рейтингілік шкаласында отандық басылымда жарияланған әрбір мақалаңыз үшін 10 балл алатын болсаңыз, импакт-факторлы журналдағы бір мақалаңызға 100 балл аласыз. Ескере кететін бір мәселе – рейтингілік балл қоюдың республикалық ортақ қағидасы жоқ. Оны әр оқу орны мен ғылыми мекеме өздерінің қалауымен белгілейді.
Еліміздің қазіргі «стратегиялық» ұста­нымына орай, импакт-факторлы жарияланым әлемдік дамыған елдермен жан-жақты қарым-қатынас жасап, ықпалдастық (интеграциялық) байланыстар орнату үшін, мүмкін, керек-ақ шығар. Оның үстіне батыс еуропалық білім беру жүйесін қабылдап,  Болонья декларациясына қол қойып, білім берудің үш деңгейлі (бакалавриат, магистратура, докторантура) жүйесін біртұтас құрылым ретінде жоғары оқу орындарына ендірдік қой. Осы жүйенің талабына орай, РһД-докторы атағын алуға үміткер докторанттар да импакт-факторлы журналдарда 2-3 ғылыми мақала жариялауға міндетті. Сөйтіп, қанша туласақ та, тек экономикалық жақтан ғана емес, ғылым-білім, рухани әлем бойынша да шетелдіктерге арбалып, олардың торына топ етіп түсіп, шырмалып, тәуелді болып қалғанымызды білмей қалған сияқтымыз. Алайда, біздің ойымызша, ұлттық саясат тұрғысынан қарағанда импакт-факторлы жарияланымның бізге, яғни, ұлттық гуманитарлақ ғылым өкілдеріне берер түгі жоқ сияқты көрінеді де тұрады. Өзімізді өзіміз танып болмай жатқанда, өз құндылықтарымыздың қадір-қасиетіне өзіміз жете алмай жүргенде әлемдік өркениетке сүбелі үлес қосамыз деп тыраштануымыз асқан дарақылық емес пе екен деген ой келеді.
Дүниежүзі елдерінің даму тарихына көз жүгіртсек, алдыңғы қатардағы дамыған елдердің ешқайсысы өздерінің асыл дүниелерін, ол ғылыми, әдеби, мәдени құндылықтар болсын, соны игілігіне жаратып, дамып-өркендесін деп өзге дамушы елдердің бірінің тіліне еш уақытта өздері аударып бермеген екен. Дінін болсын, мәдениетін болсын, тағы басқаларын болсын өз тілінде уағыздап, өзінің отарына, өзінің рухани құлдарына айналдырумен болып келіпті. Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін ғылыми еңбектердің дені орыс тілінде жазылып келеді, яғни, қазақтан шыққан ғалымдар өз бойындағы білімі мен біліктілігін, небір ғылыми ой-тұжырымдарын, ең әуелі, өз тілінде өз қандастарына берудің орнына өзге тілде жазып, кейбір қазақ ақын-жазушылары сияқты орыс тілін, әдебиетін, ғылымын, мәдениетін, өркениетін дамытуға арнап жүр. Әлбетте, бұны жақсы түсінетін олар (орыс, жөйіт, ағылшын, француз т.б.) тегін еңбек қылатын «рухани құлдарынан» оңайлықпен қалайша айырылсын. Математика, физика, химия және т.б. ғылымдарды «бүкіл әлемдік ортақ ғылымдар» деп барынша уағыздап жалған пікір қалыптастырумен қоймай, табиғи бітім-болмысымыздан біртіндеп ажырап-алыстап бара жатқан біздердің ұлттық гуманитарлық ғылымдарымыздың өзекті мәселелерін де халықаралық деңгейде қарастырамыз деп санамызды одан сайын улауда. Сондықтан да, біз осы бір құйтырқы саясаттың мәнісіне тереңірек үңіліп, кеңірек ойлап, оған аса мән беріп, ұлттық ой-санаға, ұлттық таным-түсінікке, ұлттық салт-дәстүрге, ұлттық әдеп-ғұрыпқа қатысты ғылымдардың қазақша жазылған зерттеулерін өз елімізде, әрі кеткенде түркітілді елдерде ғана жариялап, қазақтілді қоғамның немесе түркі әлемінің талқылап саралауына ұсынуымыз керек.
Қазақ тілінде жазсам, менің еңбегімді ешкім оқымайды, бүкіләлемге танылмай қаламын деген бейұлттық немесе даңғойлық ниеттен де арылғандығымыз абзал болар. Егер, сол қазақша жазылған еңбектеріміз, ең әуелі, өзімізге қызмет етіп, игілігімізге жарап жатса, сөйтіп бір, біз де ұшпаққа жетіп, бақ пен абыройға кенеліп, қуанып жатсақ, «Ау! мына қара қазақты мәз-мәйрам етіп, қарық қылған бұл неткен керемет дүние» деп, ең алдымен орыстардың өздері-ақ әдемілеп өз тіліне аударып алары сөзсіз. Абай атамыз айтқандай, «Ақымақ өзін мақтап былжырайды, Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрыйды, Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайдының» кебіне келтірмей, ұлттық барлық мүмкіншілігіміз бен әлеуетімізді алдымен өзімізге арнайық, сосын барып басқа жұртқа қарасайық. Сондай-ақ көркем прозамыз бен поэзиямыздың озық үлгілерін де өзге ұлт қажетсіне ме, жоқ па, соған қарамастан, жалпаңдап, бүкіл әлемге әйгілі болуға соншалықты қатты құмартып, өзіміз аударып беруді де тоқтатқан жөн сияқты. Мәселен, біздің қажетімізге жарасын, осыларды оқып, ой-өрісін кеңейіп, адам болсын деп өздерінің қай асыл дүниесін кім бізге қашан аударып беріпті!
Ұлтқа қажеттілігін біліп, А.Пушкин мен М.Лермонтовтың, Л.Толстой мен Ф.Достоевскийдің, О.Бальзак пен А.Дю­маның, Д.Лондон мен Э.Хемингуэй сияқты т.б. әлемдік классиктердің құнды дүниелерін ұлы Абай бастаған өз қандастарымыз қазақшалады емес пе? Сондықтан да, ұлттық гуманитарлық ғылымдар бойынша жүргізген зерттеу­леріміздің нәтижелерін ғылыми айналысқа түсіріп, өз игілігімізге айналдыр­ғымыз келсе, ең әуелі өз елімізде жариялауымыз қажет. Дүниежүзі елдеріне мәшһүр боламыз деп дарақыланып, өзіміз қадір-қасиетіне жете алмай жүрген ұлттық құндылықтарымыз бен өзіміздің жыртығымызды жамауға жетпей жатқан қаражатымызды бостан-босқа рәсуә етпеуіміз қажет-ау деген ойдамыз.  
 Ғылыми зерттеулердің нәтижесі және оның қолданбалық сипаты

Ұлттық гуманитарлық ғылымдардың зерттеу нәтижелерін іске жаратып, жүзеге асыру дегенде оның нақты (точные) және техникалық ғылымдардан өзгешеленетін өзіндік сипатына да мән беруіміз қажет сияқты. Ғылым мен білімнің түпкі мақсаты – ғылыми-теориялық зерттеудің қорытынды нәтижесін іс-тәжірибеде пайдалана білу екені ақиқат. Сонда ғана ғалымдардың көз майын тауысып жазған еңбектерінің жемісі нақты көрінеді. Математика, физика, жаратылыстану, техника, медицина сияқты ғылым салаларының кейбір қолданбалы зерттеулерінің (іргелілері (фундаментальді) емес) нәтижелері қолданысқа бірден еніп кете алатын болса, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың ғылыми-теориялық қолданбалы  немесе іргелі деп дайындаған зерттеулерінің нәтижелерін қалтарыста қалдырмай, негізгі оқулықтың қосымша оқу құралдары тізіміне ендіріп қана пайдалануға болмаса, бағдарламалық түрде іс-тәжірибеге, қолданысқа енгізу өте қиын (бұны айтып, бұл саланың зерттеулері мүлдем оқылмайды, пайдаланылмайды деп отырған жоқпыз. Әр адам өз қажетіне қарай іске жаратып жүр). Себебі, олардың жүйелі қолданыс табатын жері тек білім беру жүйесі ғана. Оған ендіру үшін, ең әуелі, оқыту стандарттары мен оқыту бағдарламалары өзгеріп, содан соң білімді де білікті маманның (ұжымның) қолымен оқу құралы жаңа ғылыми ой-тұжырымдармен толықтырылып қайта жазылуы қажет.
Гуманитарлық ғылымдардың зерттеу нәтижелері оқыту (білім беру) бағдарламасы пәнінің негізгі оқулығының бір тарауына (параграфына) айналғанының өзінде де оның әсер-ықпалын толықтай байқап-бағамдау ұзақ уақытты қажет етеді. Тіпті, ұрпақтар ауысқаннан кейін ғана оның әсер-ықпалы аңғарылуы мүмкін. Көпшілік қауым осыны ескермей, оқушылар мен студенттерге кеше ғана жазылған бір дүниені бүгін бір мұғалімнің, оқытушы-профессордың көзі шалып қалып, өз сабағында, дәрісінде пайдаланып оқытса, олар қайта тәрбиелене қалатындай көреді. Отандық математик, физика сияқты өзге де ғылымдардың ғылыми-теориялық жаңалықтары қаншалықты дәрежеде қолданысқа еніп, жүзеге асып жатқанынан хабарымыз жоқ. Оны өз мамандары сөз ете жатар. Ал, өзім қазанында біте қайнасып жүрген қазақ тіл білімінің білім ошақтарындағы оқытылатын материалдары оқулыққа негізделгендіктен, соңғы 30-40 жыл бойы орындалған зерт­теулердің ғылыми-теориялық тың жаңалықтары монографиялар мен диссертациялар көлемінде қалып қойып жатыр. Олардағы соны ой-пікірлердің, қорытынды ой-тұжырымдардың жү­зе­ге асуы – айналып келгенде бі­лім беру жүйесіне келіп тіреледі. Ал, білім ошақтарына, әсіресе, мектепке арналған қазақ тілі оқулықтары қанша рет жаңартылып жазылса да, негізгі тұжырымдамасы (концепциясы), негізінен, өткен ғасырдың 40-50 жылда­рындағы қалпында әлі келе жатыр.
Бәрін бірдей қаузамай-ақ, кез келген тілдің ең кішкентай бөлшегі болып саналатын дыбыстар туралы ілім, яғни, мектепке арналған оқулықтың қазақ тілі дыбыстық жүйесі (фонетикасы) туралы білімі сол бұрынғыша – «й» мен «у» әрпі дауысты дыбыстан кейін келсе, дауыссыз дыбыс, дауыссыз дыбыстан кейін келсе, дауысты дыбыс болып саналады» делініп оқытылып жүр. Өзге де пәндердің кеңестік дәуірдегі мазмұннан онша арыла қоймағанын ескере отырып, білім беру жүйесіне құрылымдық тұрғыдан ғана қайта-қайта өзгерістер ендіре бергенше, мазмұндық жаңартулар жасау қажет сияқты. Бұл мәселені қозғап, біз отандық білім беру жүйесіне тағы да бір реформа жасау керек дегенді емес, талай жылдық еңбектеніп жазған сан алуан ғылыми-зерттеу жұмыстарымыздың ғылыми-теориялық тұрғыдан дәлелденген елеулі де маңызды соны нәтижелерін пайдаланып, оқулықтарымызды қайта жазсақ қалай болады дегенді меңзеп отырмыз.

304 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз