• Заманхат
  • 18 Мамыр, 2015

Көкірек кәрілігі – барша жамандықтың басы

Абайдың әлеуметтік-экономикалық ұс­та­­ным­­дарын білдіретін қара сөздерінің бірі – алтыншы қара сөз. Қазақ қоғамдық санасы мен дүниетанымын танытатын танымдық мақалдарын сынай отырып, айтылуы дұрыс болғанымен, түсінуі, түсіндірілуі дұрыс бол­май жүрген мәселелерге тоқталады. Ұлы ақын: «Қазақтың бір мақалы: «Өнер ал­ды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал?» деп, өз замандастарының еңбек, әлеуметтік-экономикалық қатынастардың та­биғаты мен заңдылықтарын дұрыс түсін­бейтіндігіне назар аударады.

Абайдың ойынша, дұрыс экономикалық стратегияны құру, таңдау, адамзат қоғамымен қатар, әр­бір адамның өмір жолының құрылымын айқындайды. Ер жетіп, ес жиғаннан кейін адамның алдында дұрыс таңдалған стратегия болмаса, адам тағылық деңгейден көп ұзай алмайтындығын түсіндіреді. Өзі де ел билігіне араласып, болыстық еткен, ел басқару заңнамаларымен таныс басқарушы ретінде, еңбек, экономикалық қатынастарға жетік Абай өмірлік тәжірибемен қатар, орыс және Еуропа әдебиеті мен саяси ой-пікірлерінен жеке меншік, нарық, капиталистік үдерістің заңдылықтарымен таныс болғандығы көрінеді. Дүние ортақ деп түсінетіндерге: «Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» деп, ол қате түсініктен мақсатсыздық, жалқаулық, енжарлық, ездік,  қайратсыздық, талапсыздық, тоғышарлық сынды қасиеттердің туындайтындығын аңдатады. Абай қоғамды идеялық, рухани-әлеуметтік бірлікке шақырады. Сонымен қатар, «ырыс алды – тірлік» сөзін талдай отырып, тірліктің биологиялық, физикалық тірлік, кеудеден жанның шықпауы ғана  емес екен­дігін алға тартады.     Автор тірлік ұғы­мын еңбек, әрекет, қайрат, талап, жігер деген түсініктермен қатар, психологиялық, рухани, моральдық мағынасына терең үңіледі. Бұл Абай шығармашылығындағы елеулі орын алатын үлкен мәселелердің бірі. Ақын әр­қашан жан мен тән мәселесіне, жан мен тәннің бірлігіне, үйлесімділігіне ерекше көңіл бөледі. Адамның материалдық табиғатымен қатар, оның ішкі мазмұны руханият, ішкі жан әлемі барлығын үнемі талдап отырады. Адамның ішкі болмысы дұрыс қалыптасып, дұрыс ұстанымды ұстана білсе және үнемі оны байытып, жетілдіріп, еңбектеніп отырса, діттеген мұрат-мақсатына жететіндігін түсіндіреді. Ал, адамның көкірегі, көңілі тірі болу деген мәселе – ол симбиозды, синтезді дүние. Адамның ішкі әлемінің бай, руханиятының терең болуы үшін қандай қасиеттер қажеттігін адамзат баласы әлі толық тани алған жоқ. Адам баласы дүние келмей тұрып оның ата-анасының тегі, отбасылық қарым-қатынасы, аспан әлеміндегі денелердің орналасуы, алған тәрбиесі, өскен, білім алған ортасы деген критерийлер өте маңызды деп саналады. Десе де, адам ер жетіп, ес жиғаннан кейін  өзін Адам ретінде қалыптастыру өз қолында екендігін ешкім де жоққа шығара алмас. Адамның жеке тұлғалық сатыға кө­терілуі тектік нышандары, тәрбиемен қатар, Білім, Ғылым, Дін, Мәдениет деген дүниелер арқылы іске асырылады. Осы төрттағанды жетік меңгеріп, олармен «дос» болған адамдар, адамдықтың тағы бір сатысына көтеріле алады, болмаса жоқ.  Абай да осы ұстанымды ұстанатындығы ай­қын байқалып тұр. «Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың» деп, көкірек қазынасын жылдар бойы, инемен құдық қазғандай тірнектеп жиятындығынан хабар береді. 
Жә, дейік. Абай заманына қарағанда біздің қоғам азаматтары анағұрлым сауатты. Қазір барлық азаматтардың орта білімі бар, көбі жоғары оқу орындарын бітіреді, тіпті, үлкен қызметтер атқарып, түрлі биіктерге жеткендері де бар. Мәселе, сол адамдардың бәрі көкірек көзі ояу ма? Абай айтатын «көкірегі өлі», «көкірегі қараңғы», «көкірегі мөрлі» деген ұғымдар және бар. Бір ғана білім­мен адамның көкірек сарайы ашылып, ішкі руханияты бай болады ма? Абай­дың «көкірегі тірі болу» дегенін қалай түсінуіміз керек? Абайдың ұстанымы бойынша «көкірегі өлі» адам ол биологиялық, физикалық тірлік сатысында ғұмыр кешетін, сыртқы сезімдердің қажеттіліктеріне сай өмір сүретін, тұтынушылық санадағы адамдардың категориясы. Тұтынушылық  санадан тоғышарлық сана туындайтыны белгілі. Ал, тоғышарлық – барша мәдениет пен өркениеттің қас жауы. Абайдың «көкірегі тірі болу» ұғымын тек діни тұрғыдан, иман тұрғысынан түсінбеуіміз керек. Әрине, иман адами абзал қасиеттердің бастауы, адам баласының мі­незінің  табиғи тұрғыда көркем қасиеттерге ие болуына бастап отырады. «Көкірегі тірі болу» иманмен, адами құндылықтарды бойға сіңірумен қатар, дүниетаным, ғылым, білімді терең меңгеру, тарихи және саяси санасының қалыптасуы, азаматтық ұстанымының жетілуі, эсте­ти­калық, этикалық танымдарының са­ралануы нәтижесінде орын алатын күр­делі психокоммуникациялық, интел­лектуалдық, рухани-танымдық, шы­ғармашылық үдеріс. «Көкірегі тірі болу»  деген ұғым ән салып, күй тартып, сурет салу және тағы басқа өнер иесі болу да емес, ол адам бойында кез келген нәрсенің байыбына жетуге талпынатын, соны өз ақылымен бойына сіңіріп, тұшынуға тырысатын, кез келген әрекеттің мәніне, мағынасына бойлай алатын ойшылдық, болашаққа, алға, дамуға, жақсылыққа, өркениетке, жетілуге, толықтыққа ұмтылсам деген ой-сезімдері жігер мен құштарлықпен астасқан зиялы адам. Ол, тіпті, оның білім деңгейімен не әлеуметтік мәртебесімен де өлшенбеуі мүмкін. «Көкірегі тірі болу» ұғымын суық ақылдан туындайтын ман­сапқорлықпен, мақтан, бахас, бәрекелді үшін ұмтылатын риялы даңққұмарлықпен ша­тастыруға болмайды. Ол адамзат бала­сының табиғатының мазмұнына дарыған, адамдық қасиеттердің әлеуетіне жа­зылған басты байлықтарымыздың бірі.  Абай алтыншы сөзі арқылы қазақ халқына, қала берді бүкіл адамзат баласына  адамзат жаратылысы мәнінің қайнар көзі – Адам болуды, үнемі даму, жетілу, өсу үстінде болуды жеткізгісі келеді. Жеке адамның адамдық эволюциясы жинақтап келгенде қоғам эволюциясына, адамзат эволюциясына алып келетіндігін түсіндіреді. Ал, біз Абай аманатын орындап, «көкірегімізді байытып, кеңейтіп», адамдығымызды арттыра алып жүрміз бе? Біздің көкірегіміз қаншалықты ояу?

Ноябрь Кенжеғараев, 
филология ғылымдарының 
кандидаты, Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі

367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз