• Заманхат
  • 30 Қараша, 2015

ҚАЗАҚ АҒАРТУШЫЛЫҒЫ ФИЛОСОФИЯСЫ ХАҚЫНДА

Қоғамның пәрменді ілгері дамуына іргетас болатын құбылыс – құндылықтар жүйесі. Ал, енді, ұлы Абай шығармашылығындағы басты бағыттардың бірі осы құндылықтар әлемін құрылымдау болып табылады. Осы орайда қазақ халқының маңдайына біт­кен алтын жұлдызы іспетті жеке-дара, алып әрі қайталанбас кемеңгер тұлға Абай шығар­машылығындағы дүниетанымдық-фило­со­фия­лық мәселелердің аксиологиялық қырла­рына тоқталу қашан да орынды. Қоғам бір орында тұрмайды, үнемі өзгерісте болады және ол өзінің даму кезеңдерінде әртүрлі әлеуметтік-саяси, экономикалық қиын­шы­лық­­тарды басынан өткізеді. Дегенмен, сол дағдарыстардан шығудың бірден-бір жолы алдымен руханият әлемін ретке келтіру болып табылады, яғни, азаматтардың рухани құндылықтарға бет бұруы. Сондықтан, құндылықтар әлемі үнемі өзекті мәселелер санатында.


Патшалы Ресейдің боданындағы қазақтың дүниетанымдық жүйесіндегі, өмір салтындағы, ұлттық келбетіндегі, этникалық діліндегі кемші­ліктерді, рухани әлсіздіктерді Абай өзінің: «Қара сөздеріңде» [1]  сыни-жасампаздық сипатта пайымдап, халыққа рухани өсиет болатын деңгейде көрсете білген. Ойшыл өз шығармашылығында этникалық қауымдастыққа тән ділдік негіздердің сан қырлы тіндерін, астарларын құндылықтық бағалаулар тұрғысынан айшықтаған, сонымен қатар бұқара көпшілік барынша үйреніп, әдет­­теніп кеткен әрекеттердің осал тұстарын көрсетіп, олардың қайшылықты табиғатын сыни тұ­жырымдау тезінен өткізеді және шынайылықпен қоғамдық сана үшін маңызын айқындайды.
Абайдың дүниетанымына қайнар көз болған негіздерге тоқталғанда, жоғарыда аталған екі сыртқы бастаумен қатар, халқымыздың ішкі дүние­сінің мәйегін құрайтын негізгі халықтық рухын, дәстүрін сақтаған фольклордың маңыздылығына тоқталу қажет. Осы орайда Ғарифолла Есімнің орынды пайымдауынша, сан ғасырлық далалық тарихымызда «...халық рухы тарихи сергелдеңдер заманында өшіп жойылмай, көркем сананың ерекше формасы фольклорда сақталып қалды» [2, 356 б.]. Әрине, халықтың тіл мәдениеті өзінің сан қырлы көріністері арқылы үнемі дамып, кемелденіп отырды, қазақ даласында басқа көрші мемлекеттердегідей қалалық мәдениет кең етек алмағанмен рухани мәдениеттің ерекше саласы – ауыз әдебиеті халықты біртұтастандырушы, рухани құндылықтарды қордалаушы негізгі тетікке айналғанын атап өту керек. Абай осы рухани байлықтан толықтай сусындаған, оны сыни талдаулар жасау арқылы игерген тарихи тұлға. Ойшылдың құндылықтар жүйесінде, дүниетанымдық әлемінде озық үлгідегі нағыз гуманистік, рухани бағдарлар көркем образдар және танымдық түсініктер сипатында көрініс бергені және басымдық танытқаны белгілі. Сондықтан, ақынды таза поэзияның ғана өкілі деп атамаймыз, ол «адамзаттың даналық әлемінің көрнекті тұлғасы» деген атқа лайықты. Осыған орай айтылған Ғарифолла Есімнің төмендегідей ғылыми сараптамалық тұжырымдарымен келісуге болады: «Абайды ақын деп сөзсіз мойындап отырғанымызбен, оның дүниетанымында қай сананың (философиялық немесе көркемдік сананың) басым екенін айыру мүмкін емес. Абай өмірге бірде тек ақын көзімен, бірде тек ойшылдықпен қарамаған, оның дүниеге көзқарасы өзін қоршаған ортаны тұтас қабылдаудан туған. Ақын өз заманының тұнып тұрған әлеуметтік қайшылықтарын тұтас қабылдап, «ауыр ойды көтеріп ауырған жан» [2, 360 б.].
Абайдың жоғарыдағы келтірілген «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің дүниетанымдық, құндылықтық маңызын бағалай келіп, қазақтың белгілі жазушысы Мұхтар Әуезов былай деп тұжырымдайды: «Ел ішіндегі жас желеңге Абайдың, әсіресе, көп ой қорытып айтқан мағыналы да програмдық бір өлеңі осы деуге болады. Бұнда Абай адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы – ғылым дейді. Осы өлеңнің әр кезінде сол ғылымды Абай шап-шағын дүние деп бағаламайды. «Ғылым» деген сөзді әдейі бірнеше қайырып қолдану арқылы ұзақ өрісі бар терең білім деп таниды. Сол ғылымға талпыну жолында үгіттеп, тәрбиелемек болған жастарды айналадағы көпшіліктің сорақы, бұзық мінездерінен жирентіп өсірмек» [3, 15-16 бб.]. Осы «терең білімнің» құндылығын дәріптеген елдің болашағы кең екені анық.    
Абай жacтapғa ғылым тaппaй мaқтaнбaуды өсиеттеп, өceк пен өтipiк айту, мaқтaншaқ болу, epiншeктік көрсету, бeкep мaл шaшумен айналысу cияқты мiнeздepдeн, қасиеттерден aулaқ бoлуды кeңec eтуі арқылы адамды қоршаған ғаламның үйлесімділігі жайында ойлануға шақырады, жеке дүниетанымның көкжиегін кеңейтуге кеңес береді. «Көкжиекті кеңейтем» деп көтере алмайтын шоқпарды жанға байлағанның да қисыны келмейтіні белгілі деген тұжырымды төмендегідей жолдардан байқаймыз.
Әceмпaз бoлмa әpнeгe
Өнepпaз бoлcaң, аpқaлaн.
Ceн дe – бip кipпiш дүниeгe,
Кeтiгiн тaп тa, бap, қaлaн![1, 203 б.] – дeп, әpбір aдaм қoғaмдa өзiнiң лайықты opнын табуы кepeктiгiн, oл үшiн жай ғана әсемпаз болу жеткіліксіз екеніне меңзейді және жастардың өнep мeн бiлiмгe үздіксіз ұмтылуы қaжeт eкeндiгiн aйтaды.
Абай өзінің Жетінші сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демелік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» [1, 8 б.] деген. Дәл осы қасиет адамның хайуандардан  кейбір айырмашылығы болып табылады. Бұл қасиет табиғаттан дарыған, оны сақтап ары қарай жетілдіру керек. Оның осы дүниетанымдық көзқарастары Аристотельдің  «Мета­физикасындағы» барлық тірі ағзалар біл­мекке құмар деген түсініктерімен сәйкес келеді. Абай ақиқатты тануды білім деп санайды. Ақи­қаттың жоғарғы сатысы – ол болмыс,  дүниені тану маңыздылығының құпиясы деп танылады. Адамның өміріндегі білімнің рөлі өте жоғары, адамды адаммен теңестіретін білім, ақыл мен таным өмірді толық мәнді ететін адам бойындағы жоғары қасиет. Ақыл арқылы адам дүниенің кез-келген құпиясын түсінуге әзір. Бірақ сол ақылды адам шыңдап отырмаса, ақпараттар ағыны заманында тоқырап, кешеуілдеп, мардымсызданып қалуы мүмкін. Абай өз заманында болашақтағы білімнің құрылымы күрделене түсетінін аңғарған. Бір күн оқымаған, жаңа мәлімет алмаған маман өз саласының алдыңғы қатарлы шебері болуынан қала бастайтын заман туындап отыр.   
Бүгінде ғылымның дамуына жан-жақты қолдау да көрсетіліп, біршама қаражаттар да бөлінгенімен, өкінішке орай ғылыми білімге қатысты әлеумет пен әкімшілік тарапынан немқұрайлы қатынастар да жоқ емес. Елдің дамуы мен өркендеуінің негізін қалап, халыққа бағыт-бағдар беріп, жол сілтеу, қоғамдық сананы қалыптастырушы ғылыми қауымдастық  болып табылады. Алайда, осы немқұрайлықтың нәтижесінде кейбір ортада әлеуметтік жауапкершілік төмендеді, сапаға емес санға қызмет ету көрініс бере бастады. Оны мемлекеттік құрылымдардың ғылымның дамуы жөніндегі әртүрлі есептерінен, анықтамаларынан байқауға болады. Батыстық ғылым жүйесінде ғылыми еңбегіңнің сапалы жемісі ретінде жарияланатын импакт - фактор мақаласын бүгінде ғылым мен білім саласындағы мамандар үшін мәжбүрленген міндетке айналдырып алдық. Осындай келеңсіздіктерді ретке келтіру үшін ғылымды адамды қалыптастырушы күш ретінде қарастырып, оның құндылықтарын арттыру,  келешек ұрпақтың ғылымға деген талабын күшейту өзекті мәселе болып табылады. Абайдың пікірінше ғылымды кері тартатын төрт  қасиет бар дейді, оларды ой кеселдері деп атайды, яғни, уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Міне осы төрт нәрсе - күллі ақыл мен ғылымды іштей жегі құрттай тоздыратұғын кертартпа нәрселер екендігін айтады.
Абай үшін келесі құндылықтар топтамасы діни санамен, діни сенімдік мәдениетпен байланысты. Ислам дінінің жеке адам үшін де, қауымдастық үшін де дүниетанымдық маңызын, рухани күш-қуатын байыптаған ойшыл және оның басқа діндермен байланысып жататын қасиетін, әсіресе, төрт діннің бір-бірімен негізгі құндылықтық мәселеде түйісетіндігін, бір-бірін Ақиқатты іздеуде толықтыратынын төмендегі жыр жолдарымен нақты және көркем сипатта бейнелеп береді:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешқашанда жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас [1, 213 б.]
Ойшыл  халықтың рухани әлеміндегі діннің рөлі маңызды екенін жақсы түсінеді және қазақтың дінге деген көзқарасын біршама сынға алады. Өзінің сыни-философиялық тұ­жырымдарын Он алтыншы сөзіңде діни сенімнің лайықты сапасы болуы керектігі жөніндегі ойларын төмендегідей сипатта келтіреді: «Қазақ құлшылығын құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны. Саудагер несиесін жия келгенде, «тапқаным осы, біттім деп, алсаң - ал әйтпесе саған бола жерден мал қазамын ба?» дей тұрғаны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жат­тықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды» [1, 15 б.]. Абай атап өткен, бай­қаған қазақ халқының мәдениетіндегі тарихи ділдік архетиптерінің қатарына «қазақ көпшілдігі» деген құбылысты да атауға болады. Мәселен, Абай Жиырма үшінші сөзінде: «кейбіреулердің жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көшпен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ, болады-дағы деген сөзді жұбаныш қылады», - дейтіндігін атап өтіп, қазақтың бойындағы жетілмеген тұлғалық, жайдақ конформистік (көнгіштік) қасиеттердің кейде жетекші рөл атқарып отырғанын байқатады [1, 20 б.].    
Қазіргі өркениеттік жаңғыру белгілері айқын байқалған технологиялық даму заманында қазақтың дәстүрлі құндылықтары, тарихи жәдігерлері сақталуы мүмкін бе? Оған Елбасымыз «... бүгінде қазақ санасына ұялаған әлемдік ахуалдың қан­шалықты маңыздылығына қарамастан, ең «басты діл» діни де емес, өркениеттік те емес, ұлттық діл болу керек», – деген пікірді орнықты жауап ретінде білдіреді [5, 25 б.]. Бұл жерде ұлттық құн­дылықтарға негіз болатын ұлттық ділдің маңыз­дылығын айқындаған ел басшысы ұлттық бірегейленудің, ұлттың өзіндік төл келбетін анық­тауының жаһандану үдерістері ауқымында барынша нигилистеніп, сұрықсызданып, бедерсізденіп кетуі мүмкін деген түсініктерге алаңдаушылық білдіргенін байқаймыз.

Серік Нұрмұратов,
  ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану  институты директорының орынбасары,  философия ғылымдарының докторы, профессор,
Динара Жанабаева,
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану  институтының ғылыми қызметкері, PhD докторы

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Абай. Қара сөз. Поэмалар. – Алматы: Ел, 1993. - 356 б. 
2. Ғарифолла Есім. Абай хәкім // Абай Құ­нанбайұлы. Ұлы Дала Тұлғалары сериясы. – Алматы: «Әдебиет әлемі», 2013. – 500 б.
3. Әуезов М.О. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 20 том. Алматы: Жазушы, 1985. 110-136 б. // Абай Құнанбаев. «Қалың елім қазағым...».  Астана, 2006. – 160 б.
4. Нысанбаев А.Н. Философия взаимопонимания. – Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2001. – 544 с.
5. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, 1999. – 325 б. 

312 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз