• Ұлттану
  • 26 Ақпан, 2016

Мемлекет, қоғам мүддесі қашанда да жоғары

Петр ғылым және өнер академия­сының мүше-корреспонденті (Санкт-Петербург, Ресей), Мұнай-газ саласы заңгерлерінің қазақстандық қауым­­дастығының президенті (KPLA), «Kazakh­stanBarAssociation» басқару кеңе­сінің мүшесі, заң ғылымының докторы Жұмагелді ЕЛУБАЕВ-пен сұхбат

– Құрметті Жұмагелді Сәкенұлы, Сіз мемлекеттік қызметті атқардыңыз, қазір халықаралық бизнес саласында жұмыс істеп, ғылыммен шұғылданып жүрсіз әрі университетте сабақ бересіз, яғни, болмыс-бітімімізді бүге-шігесіне дейін білесіз. Еліміздегі қазіргі ахуалды қалай бағалар едіңіз? Не ұнайды, не көңіліңізден шықпайды дегендей…

– Елдегі  қазіргі ахуал әлеуметті, әсі­ресе, тұрмысы төмен, жағдайы жұтаң жан­дарды еріксіз алаңдатып отырғанын айтар едім. Ғаламдық экономикалық дағдарыс бізді де айналып өткен жоқ, айналып өте де алмас еді. Өйткені, еліміз өз тауарларын әсіресе, көмірсутекті шикізатын экспортқа шығарып, өте көп өнімді, тек қана өнеркәсіп өнімдерін (техника, құрал-жабдықтар) ғана емес, азық-түлік түрлері мен күнделікті тұтынатын заттарды да импортқа алатындықтан әлемдегі экономикалық жүйеге бойлай кірігіп, біте қайнасып жатыр ғой. Сондай-ақ, экономиканы басқару ісіндегі қателіктер де ахуалды одан сайын асқындырып, өршімелі ин­фляцияға ұрындырды, ұлттық ақшаны құн­сыздандырып, шаруашылықты құл­дыратты; жұмыссыздық жайлап, қоғам жұ­тай бастады. Ағымдағы ахуалдың жағым­­сыз жақтарын ащы шектей шұбатып, тізбелей беруге болар еді, алайда, мен осы елдің азаматы ретінде бір ғана нәрсені – билік қолында елді тығырықтан шығарудың ғылыми тұрғыдан негізделген нақты бағдарламасы жоқтығы ұнамайтынын айтумен ғана шектелгім келеді. Үкіметтің бар­лық іс-әрекетінен қазіргі жай-күйді үстірт бағалап, болашаққа көз жұма қарайтын қамсыздық ауаны қылаңытып тұрады. Көкейге қонып, көңілге жағатын қадау нәрсе: жер қойнауындағы байлықты игеруден түскен қомақты қаражат есебінен Ұлттық қордың құрылғандығы. Осының өзі ентелеп жеткен дағдарыстың екпінін сәл тежеп, ел басына төнген әлеуметтік ауырт­палықтардың салмағын жеңілдетуге септесуде. Дей тұрғанмен, бұл қор – суалмайтын бұлақ емес, үкімет жинақталған қаржыны аса сақтықпен, байыппен жұм­сауға тиіс. – Қандай құбылысты елдің жетіс­тігіне, биліктің алғырлығына балар едіңіз? – Ең алдымен, құқықтанушы ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңи тұрғыдан нықтап алғанын атап айтар едім. Қазіргі кезде біздің елдің іргелес мемлекеттермен шекара сызығына қатысты алауыздығы жоқ. Әлемді аласапыран діңкелетіп, алуан аймақтың тыныштығын сепаратистік пиғыл бұзған, әлсіз мемлекеттер аумағына күштілері басып кіріп, соғыс өрті шарпыған, пидайы лаңкестік  пен діни өшпенділік өршіген алма­ғайып шақта бұл да үлкен жетістік. Екіншіден, Қазақстан өз шаруашы­лығын нарықтық қарым-қатынастар «қағи­дат­тарына» сүйене жүргізіп келеді, мұның өзі ел экономикасын бәсекелестік пен қоғам мұқтажын ескеруге бейінділік талабына сай дамытуға кепілдік береді. Үшіншіден, Ресеймен және басқа да көрші елдермен бірлесе ұжымдық қауіп­сіздік жүйесі жасалды. Бұл еліміздің өзгелермен бейбіт-қатар тұрмыс кешіп, сырттан кауіп төне қалған ретте мемлекет пен қоғамды тайсалмай қорғап қалуын қамтамасыз етеді. Төртіншіден, Еуразиялық экономикалық жүйеге кірігуі Қазақстанның сауда-саттық саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, экономикалық тұрғыдан алпауыт саналып, «капитализм акуласы» атанған елдердің ырық бермес ықпалынан қорғап қалды. Әлбетте, осы айтылған сөздің бәрі менің жеке пікірім әрі азаматтық ұстанымым, оны айнымас ақиқат санаудан аулақпын… – Елдің табысты дамуына не кедергі келтіріп отыр деп ойлайсыз? – Өкінішке қарай, еліміздің өркендей өсіп, желкілдей жетілуіне тамырын тереңге жіберген «олигархиялық капитализм» жол бермей келеді. Өткен ғасыр­дағы 90-ыншы жылдардың бас және орта кездерінде, одан кейінгі кезеңде қолға алынған мемлекеттік меншікті жекешелендіру науқаны барысында бір­шама байлық билік басында отыр­ғандар мен соларды төңіректегендердің еншісіне бұйырды, құлқына құйылды. Содан бері экономиканың тұтас секторлары солар­дың ырқынан шыға алмай қалды. Бұл жағдаят еркін кәсіпкерлікті дамытуға бөгет салып, биліктің беделіне сызат түсірді, қарапайым халық билік тұтқасын ұс­тағандар мен бастық атаулыға тыжырына қарай­тынды шығарды. Еліміздің ойдағыдай дамып жетілуіне билік құрылымдарын төменнен жоғарыға дейін жайлап алып, жегі құрттай кеміріп жатқан сыбайлас жемқорлық та кедергі болып, тікелей кесірін тигізуде. Әлдебіреулер бұл пікірге келіспей, дау қоздататын шығар, бірақ, қолақпандай деректерді қайда жібе­реміз?!. Мәселен, Қазақстан жаңа тарихын парақтаған жиырма жылдың ішінде екі премьер-министр, он шақты министр мен облыс әкімдері, жүздеген мемлекеттік орган басшылары, мемлекеттік және квази­мемлекеттік құрылымдар мен ұлттық  ком­паниялардың жетекшілері, судьялар мен прокурорлар, әскербасылар, кеден қызметі мен ішкі істер органдарының өкілдері сотталды. Бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Тіпті, АҚШ долларымен миллиардтаған қаржыны қақшып алып, шетелде «қашып» жүрген басшылар қаншама, олардың қисапсыз байлығын елді жайлаған жемқорлықтың арқасында жиғанын барша біледі. Басқару жүйесіндегі бюрократия да елі­мізді етектен тартып, алға басқан ады­мын тежеумен әуре. Биліктегілер демократиялық институттарды дамытып, жетілдіре түсудің, шын мәнінде еркін нарықтық қарым-қатынастарды орнықтыру ісіне  қолдау көрсетудің орнына бәрін және баршаны ығында ұстап, ыңғайына жығуға тырысады. Міне, осының бәрі мемлекет құрылымы мен экономика ендігінде елеулі қателіктер орын алғанын көрсетеді. – Билік пен саяси жүйеге қалай қарайсыз?  – Билік атаулы қоғамнан алшақ тұрмай, жақындаса білуі, өз азаматтарының игілігі үшін өмір сүріп, қызмет жасауы қажет-ақ. Билік болмысының амалын өзгертіп, түптеп келгенде, «өкімет халыққа қызмет етеді» деген тіркестің мәнін жете ұғынуға жетелеген жөн: сонда ол өзін бұқарадан биік қойып, сорпаның бетке шығары – ерекше жаратылған шоғыр санамайды; құрықсыз кетер құлқынын тыйып, өзі қызмет ететін халықтың тұрмысы мен шама-шақатын қаперде ұстауға бейімделеді. Мен, әрине, билік басында өз ісіне құлай берілген, қоғам мүддесіне ақ адал қызмет ете­тіндер жоқ деп айта алмаймын. Он­дай адамдар бар, бірақ, өкінішке қарай, өте аз. Сондықтан, ел басқару ісіне халықтың қайнаған ортасынан құрыштай шы­нығып шыққан өз ісіне ықтиятты, кәсіби білігі жоғары әрі білімі кенен жандардың келгенін қалаймын. Ал, тап қазіргідей мемлекеттік қызметке кан­дидаттарды іріктеп алудың тым күрделендірілген, екінің бірін маңайына жолата бермейтін тас қамалдай жүй­есі түбінде абырой әпермейді. Мем­лекеттік қызметшілер корпусын жасақ­таудың өзіндік, қазақстандық үлгісін ойлап та­будың қажеті шамалы, әлемде адам­­­дарды мемлекеттік қызметке жал­­даудың өнегелі де өркениетті үлгі-нұс­қалары жетіп артылады, міне, бізге солардың бәрін саралап, озығын қадеге жарату жағы ғана қалып тұр. Мәселен, Еуропада университеттің қатардағы профессоры мемлекеттік құрылымдарда істеген қызмет тәжірибесі болмаса да, министр лауазымына тағайындала береді, себебі, оның ой-зердесі мен білімі, ғылыми ортадағы жұмыс тәжірибесі мен азаматтық ұстанымы кез келген саланы біліктілікпен басқарып, ұршықша үйіріп әкетуге мол мүмкіндік береді. Ал, біздегі мемлекеттік қызметшілерді іріктеп, тағайындау жүйесі, ашығын айтсам, жең ұшынан жалғасар жемқорлықпен өзек­тесіп, кеудемсоқ төрешілдікпен төркін­десіп жатыр. – Ал, енді, саяси жүйе жайына келер болсақ, конституциялық тұрғыдан көңілім­нен шығады, көкейіме қонады. Алайда, сол Конституцияда жария етіл­ген саяси жүйе іс жүзінде кәдеге аспай, қыздырманың қызыл сөзі күйінде қалғанын айтқым келеді. Иә, бізде теже­гіштік және тепе-теңдік тетігі жұмыс істемей, билік тармақтарының тәу­ел­сіздігі туралы аңсар әдемі әңгіме қал­пынан аспады, себебі, ел Президентінің ықпалы мен атқарушы биліктің пәрмені өкілетті және сот биліктердің құзыретінен басым тұрады, ал, бұл «жақсы емес». Тіпті, ауыз толтырып айтарлықтай оппозиция да жоқ қой бізде, бірақ, бұл өкіметтің емес, ой-пікірін жұптап, уәж-ләмін айта алмайтын қоғамның кемшілігін көрсетеді. Өкімет құрылымын қалыптастыруға атсалысып жүрген атағы дардай партиялар халықтың шынайы қолдауына ие бола алмай отыр. Билікке басы бүтін берілген бұл партиялар өздерін ешкімге тәуелсіз әрі арасы алшақ жатса да бұқараға тиесілі ұйым кейпінде көрсеткісі келеді. Олар биліктегілердің шашбауын көтеріп, кез келген мәселеде пікірін ашық айта алмай, бас шұлғи беруді білетін басшыларының арқасында ғана өмір сүруде... Мемлекет басшысын, Парламент депутаттары мен жергілікті өкілетті органдарды мерзімінен бұрын сайлау тәжірибесінің етек жаюы мемлекеттік құрылыстың басты міні деп есептеймін. Сайлау тәртібі мен мерзімін қарастыратын конституциялық нормалардың тұрақты түрде сақталмауы жақсы нышан емес. Қазақстандағы сайлау үдерісі мемлекет пен қоғамға тікелей қауіп төндіретін қандай да бір төтенше жағдайлар салдарынан емес, депутаттардың үндеуіне, үкімет пен басқа да мемлекеттік билік субъектілерінің бастамасына байланысты өрбиді. Негізінде, кезектен тыс сайлаулар төтенше жағдай төніп, ахуал әбден асқынған шақта мемлекет қауіпсіздігін қорғап, ел ішін ауыр зардаптардан аман алып қалу үшін өткізілуге тиіс. Осыған орай, әлем елдерінің әммасы киліккен экономикалық дағдарыс тезі, депутаттық корпусты «жасартып», мемлекеттік билік құрылымын реформалау қажеттігі және басқа да осы тақілеттес сылтаулар ел өкіметінің кез келген органын мерзімінен бұрын сайлауға жеткілікті негіз бола алмайды. Үкіметтік органдар құрылымын жиі өзгерту де мемлекеттік басқару жүйесі мен сапасына аса қолайсыз тиіп, кері әсер етеді. Министрліктер мен идараларды біресе қосып, біресе бөліп, жаңадан мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар жасау, облыс әкімдерін, министрліктер мен өзге де орталық орган­дардың басшыларын әлсін-әлі ауыстыра беру елдің саяси жүйесін бере­кесіздікке ұрындырып, әртүрлі дең­гейдегі басшылардың жұмысындағы  жауапкершілікті жойып, қабылданған шешімдердің сабақтастық тінін үзеді, өйткені, әр министр өз реформасын жасап, көзге түсіп қалуға тыраштанады ғой. Сонымен, еліміз жиырма жыл бойы билік құрылымдарын реформалаумен келеді, ал, одан мемлекетті басқарудың сапасы жақсарып кете қойған жоқ. Тоқсан ауыз  сөздің тобықтай түйіні, қоғам халық мүддесін ескеріп, мұң-мұқ­тажына, аңсар-мұратына сергек қарайтын, лайқатты тұрмысқа жеткізетін билікке ғана қолдау көрсетеді. Қазіргі кезде, шынымды айтсам, билік пен халықтың арасында қарауытқан түпсіз құз жатыр... – Елдің қазіргі экономикалық жағ­дайын қалай бағалар едіңіз? Таяу жылда аяғынан қаз тұрып кете ала ма? – Мен экономикалық заңдылықтарды жіліктеп-шағатын маман емеспін, әйтсе де, мына өмірден көрген, көкейге түйген нәрселерімнен шығара отырып, біздің экономиканың өткеніне, осы шағы мен келешегіне қатысты көзқарасымды біл­діруге тырысып көрейін. Егер, тәуел­сіздік алып, егемендікке ие болған кездегі даму кезеңіне тоқталар болсақ, еліміздің жоғары басшылығы, ең алдымен, Мемлекет басшысы нарықтық экономикаға көшу, шетел инвесторларын тарту жөнінде шешім қабылдап, өте дұрыс қадам жасады. Бұл алмағайып 90-ыншы жылдардан елімізді аман алып шығып, экономика негізін қалауға, әлеуметтік ауыртпалықтарды еңсеріп, әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесіне айналуымызға мүмкіндік берді. Әйтсе де, менің ойымша, жиырма жыл өткенімен орнын толтырып, олқылығын жетілдіруге көнбейтін өрескел қателіктер де жіберілді. Солардың бірі – біз аграрлық секторды толықтай құртып, ауылды жаппай жұтаттық, адамдарды аянбай жұмыс істеп, адал еңбегімен күнелту дағдысынан жирентіп, ауыл тұрғындарының қалаға ағылуына жол ашып қойдық. Сол жылдары ауыл шаруашылығын қалай аман сақтап қалуға болатынын тап басып айта алмаймын, бірақ, осы өндіріс саласында әлемде жетекші орындарды алатын елдерден тікелей инвестиция тартса да, бір амалын табуға болатын еді ғой. Жаңа тарихымыз басталған жылдары-ақ, тап сол инвестицияның арқасында өз өнеркәсібімізді өркендетіп, алып қуатты болмаса да, басқаруға әбден икемді зауыт-фабрикалар ашып тастауға кім кедергі жасады. Бұған барша негіз, әсіресе, жер қойнауынан өндірілетін шикізатымыз бар ғой. Мәселен, менің бір түсінбейтінім, неге мұнайлы ел бола тұра, бензинге жарымай, көрші Ресейден сатып аламыз?!. Сірә, іс басындағы билікке шикізатты шетке шығарып, есепсіз қаржыны малданған жөн шығар. Бірақ, бұл тәсіл мұнай бағасы күрт арзандап, дәмеміз далаға лаққан шақта өзін ақтамай қалды ғой. Үкімет соңғы жылдары «қарқынды», «инновациялық» және басқа да ақиқи өмір шындығына қабыспайтын жобаларды жүзеге асырумен текке әуреленіп жүр, ал, ондай жобалардың ешқайсысы елге де, қоғамға да қыл ұшындай пайда әкеліп жатқан жоқ. Болашақ жайын ойлар болсақ, билік шағын және орта бизнесті дамытуға күш салуға тиіс, нақ осылар ғана экономика мен елдің ішкі саясатының алтын арқауына айналады. Әсіресе, ұзақ мерзімге арналған әр алуан көмектер мен жеңілдіктерді беру, бәлки, басы артық салықтарды қысқарту жайын заң-низам жүзінде  бекіту қажет. Шағын және орта бизнес саласындағы қарым-қатынастарды мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіріп, олардың ісіне бақылаушы органдардың жөнсіз араласа беруіне толықтай тыйым сала алсақ, ұтамыз. Әлдебір өрт сөндіруші, санитария дәрігері, учаскелік инспектор мен әртүрлі деңгейдегі тексеруші олардың ісіне қолсұғушылығын тоқтатқан, ол үшін заң жүзінде белгілі бір жауапкершілік арқалаған ретте ғана іс оңға басады. Нарықтың өз заңы бар: кейбір алақол, қуаяқ кәсіпкерлер  тұтынушыларды ал­дап, сапасыз өнімдер шығарған немесе нашар қызмет көрсеткен жағдайда, өздігінен жойылып кетеді де, олардың орнын адалдары, сан қумай, сапаға жүгінетін саңлақтары қалады. Ірі, бәлки, орта бизнес саласына да инвестициялар тартып, тіпті, шетелдік капитал құйылуына жағдай жасау  керек. Шетел қаржысынан қорқудың қажеті жоқ, қазір оны еш ел айналып өте алмайды, оның үстіне, жер қойнауын игеру сынды ірі жобаларды жүзеге асыруға басы артық қаражаты жоқ Қазақстан сырттан  қаржы тартпаса, қарыс қадам ілгері баса алмайды. Айналып келгенде, аграрлық секторға бетбұруымыз қажет. Бұл сала өз жұмысы мен тұрмысына дән риза ауыл тұрғыны мен шаруаның «жаңа үлгісін қалыптастыру» үшін Қазақстан экономикасының басым бағыттарының біріне айналуға тиіс. – Сіз Қазақстанның мұнай-газ саласын жақсы білесіз ғой. Осы сектордың Қазақстан болашағы үшін рөлі қандай деп ойлайсыз? – Мұнай мен газ өндіру секторы –  Қазақстан экономикасының жетеккүші болып қала береді. Осы саланың арқасында үкіметтің көптеген жоспары жүзеге асады, әлеумет мәселелер шешімін тауып, бюджет толығады, ал, бұл дегеніміз – республикалық және жергілікті бюджетке құйылатын бүкіл түсімнің 50 %-дан аса бөлігі. Жаратушы Ие елімізге мол байлық берген, жер қойнауында бүкіл Менделеев кестесі бөгіп жатыр, сондықтан, мұнай-газ секторы әлі талай уақыт Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл  атқарады. –  Маған мұнай-газ саласында шетел компанияларының басымдығы жүріп тұрғандай болып көрінеді. Бұған сіз не дейсіз? Олар шикізаттық ресурстарымызды сыртқа тасып, мемлекет пен қоғамның одан көріп отырған пайдасы шамалы емес пе? –  Мен мұндай пікірмен келісе алмас едім, өйткені, нақ шетел инвес­тициясының арқасында Қазақ­станның мұнай-газ саласы табысты дамып келеді. Теңіз, Қарашығанақ және басқа да инвестициялық жобалар – соның дәлелі. Шынында да, кейде біздің азаматтар ҚР Үкіметін, мемлекеттің жоғары лауазымды басшыларын кінәлап, елде шетел инвесторларының өктемдігі жүріп тұр, олар өндірген шикізатты, одан түскен пайданы шетелге алып кетіп жатыр, Қазақстанға жартымсыз мөлшері қалуда деп ойлайды. Тоғышарлық көз­қарас тұрғысынан солай көрінуі де мүмкін, себебі, шетелдік инвес­торлар қаржыландырған жобаның ірі бөлігін иеленеді әрі біздің елдегі өз қызметтерінен соған сәйкесті пайда табады. Алайда, осынау  мұнай-газ секторындағы ірі жобалар шетел менеджерлерінің өндірісті ұтымды басқаруының, жоғары әрі қауіпсіз технологияларды енгізуінің, миллиардтаған қаржы (АҚШ долларымен) жұмсауының арқасында ғана табысты, тиімді дамып келеді. Қазақстан Республикасының тек қазір ғана емес, экономикасы тұрақты дамыған жылдары да  қомақты жобаларды қолға алуға жеткілікті қаражаты болған емес. Иә, бізде жаңа жобаларды, Каспий теңізінің табанындағы байлықты игеруге қаржы жоқ.  Ал, жаңа кеніштерді ашып, тиянақты игеру ісі еліміздің экономикасын соны сапалық деңгейге көтеріп, өнеркәсіптің арналы (аграрлық, өңдеуші және т.б.) салаларын дамытуға, әлеуметтік мәселелерді  оңтайлы шешуге мол мүмкіндік берер еді. Міне, сондықтан, қоғам мүшелері еліміздегі ағымдық ахуалды бағалау барысында тоғышар түйсік, пендәуи пайымнан аулақ болғаны абзал, өйткені,  шетелдік те, отандық та жеке инвестициялар болмаса, қоғам мен мемлекеттің игілігі болып саналатын экономика салаларын одан әрі дамыту әсте мүмкін емес. Бүкіл әлем солай өмір сүреді, ендеше, Қазақстанға да нақ осы кезеңде өзінің ерекше даму жолын іздеп әуреленудің қажеті шамалы. Халықаралық озық тәжірибелерді, шетел капиталын, жо­ғары дамыған мемлекеттердегі соны технологияларды пайдаға жаратып, қадеге асырсақ, қапы қалмаймыз. Соның арқасында өтпелі кезеңде өз өнеркәсібімізді өркендетіп, ғылымды жандандырамыз, озық технологияларға қол жеткіземіз. Бұл еліміздің асқақ аңсарларды бағындыруына – тұрлаулы экономиканы құрып, билік пен қоғамның демократиялық институттарын орнық­тыруға, сол арқылы әлемнің ең дамыған, өркениетті елдерінің қатарына енуіне  мүмкіндік береді. – Шетел инвесторларынсыз немесе оларды аздаған үлеспен қатыстыра отырып, Қазақстан бай әрі стратегиялық маңызды кеніштерін өз бетінше, дербес игере алмай ма?  – Жоқ, қазіргі таңда да, таяу болашақта да ондай мүмкіндікке жете қойған жоқпыз. Әлгінде айтқанымдай, Қазақстанда страте­гиялық тұрғыдан маңызды  кен орындарын ашуға, барлап, игеруге жұмсайтын қаражат жоқ. Осы салада істейтін қазақстандық компаниялар қарызға белшеден батқан, олар қазір қалай күн көретіндерін білмей отыр. Тек үміт артар бір ғана нәрсе бар – шеттен қаржы толассыз  құйылып жатуы үшін Қазақстанда мамыражай инвестициялық климат жасай білуіміз қажет. Айта кететін жәйт, табиғи ресурстары мол, экономикасы кенже дамыған елдер арасында шетел капиталын тартуға бәсекелестік бар, Қазақстан да солардың бірі ғой. – Қазақстандық қоғамның белсенді­лігін қалай бағалайсыз? Халықтың сана-сезімін арттырып, мемлекеттік мін­деттерді шешу ісіне белсендірек қатыстыру үшін не істеу керек? – Мына дағдарысты ахуал басталғанға шейін қазақстандықтардың ертеңгі күнге сенімдері молдау еді. Тіпті, патриоттық сезімдерінің біршама көтерілгені байқа­латын. Ал, қазіргі кезде инфляцияның шарықтай өсуі, теңгенің құнсыздануы, ең қажетті тауарлар мен азық-түлік түрлері қымбаттағанымен, тұрғындар табысының төмен күйінде қалуы қайтадан халықты биліктен қашықтата түсті. Қазақстан тұрғындарын еңсесі езілген ен­жар, қалып­тасқан проблемалар мен сын-шағым­дарын бұқпантайлап, өзіне жақын-жуықтар арасында ғана айтатын адамдар тобы ретінде сипаттауға болады. Тіпті, кейбірлері өз ұстанымдарын ашық біл­діруден қорқады, сондықтан, қалтарыста күңкілдеп қалады... Халықтың енжар­лығы, өз өкілдері арқылы билікке араласуға құлықсыздығы қоғамды мешеу   қылады. Мұнда бір кілтипан бар: біздің саяси жүйе мен билік ел азаматтары шын мәнінде мем­лекеттік басқару органдарымен иық тірестіре  алатындай демократиялық институттарды құра алмады. Өкілетті өкімет органдарында «билік партиясына» басымдық беретін сайлаулар  жүйесі, сондай-ақ, де­путат­тардың біршама бөлігін Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы тағайындайтын те­тік халықты биліктен тағы алыстата түсті. Азаматтардың құқылары мен заң­ды мүдделерін қорғау ісінде біршама қиындақтар бар, оған мемлекеттік биліктің тоңмойын жүйесі мен шенеуніктердің менмен­дігі, сот жүйесінің кіріптарлығы кінәлі. Мәселен, қатардағы азаматтардың облыс әкімі мен министрдің қабылдауына кіруі іс жүзінде мүмкін емес. Ол жақта бәрін көмекшілер мен «жанторсық» жандар шешеді немесе аузымен құс тістеген әлдебір «ағашка» телефон шалуы қажет. Сөйте тұра, маған халықтың мемлекеттік билікке қатысу мәселесі емес, ел азаматтарының лайқатты өмір сүріп, бақуатты тұрмыс кешуін қамтамасыз ету қамы бәрінен маңыздырақ көрінеді. Мемлекет олардың заңды мүдделері мен табиғи құқыларын қорғауға, әлеуметтік мәселелерін шешуге жете мән беруге тиіс. Сонда ғана халық билікті жақсы түсінеді, ал, билік өзі қызмет етуге тиіс халқын мақтан тұтып, марқая алады.  – Ал, заңгер ғалым әрі тәжірибелі маман ретінде елімізде қалыптасқан құқықтық жүйеге қатысты не айтар едіңіз?   – Тұтастай алғанда, Қазақстанның құқықтық жүйесі, жетілмеген жақтарына қарамастан, қалыпты дер едім. Егер де, осы жүйеде істейтіндердің барлығы жоғары білікті әрі адал мамандар болса, онда елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіп жақсара түсетіні анық. Өкінішке орай, созылып кеткен реформалық шаралар, етек жайған сыбайлас жемқорлық, құқық қорғау органдары мен сотқа кадрларды іріктеп алу тетігінің шалалығы біздің құқықтық жүйені өз азаматтарымыздың тарапынан да, Қазақстанда жұмыс істейтін өзге ел өкілдерінің тарапынан да келемештің нысаны қылуға себепші болып жүр. Біздегі заң шығару үдерісінде тұрақтылық жоқ. Жиырма жыл бойы заң шығару ісін реформалап, жетілдірумен келеміз, бұл саланы әбден былықтырғандары соншалық, енді оны қалпына келтіруге бірнеше жылдар керек. Заң шығару ісі консервативті болуға тиіс, ең бастысы  – бірегей құқық қолдану практикасын қалыптастыру. Заң қолданудың көп жылдық тәжірибесі ғана оның олқылықтары мен кемшіліктерін көруге мүмкіндік береді. Біз экономика мен мемлекеттік құрылыстың кез келген саласындағы реформаға бола заң қабылдаймыз, бірер жылда жаңа реформа жасалады, тағы заңды ауыстырамыз, солай кете береді... Енді, реформизм «қышынбалылығын» доғарып, сабаға түсу, өткенді бағалап, қолда бар заңмен өмір сүру керек. Әрине, кейде жаңа заң қабылдауды немесе қолданыстағы құқықтық-нормативтік актілерді өзгертуді өте-мөте қажетсінетін салалар да табылады ғой. Алайда, мұндай жағдай сирек болуға тиіс. Бізде Конституция, ресми мәлімделген саяси жүйе мен оның органдары, нарық заңдары, қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуге арналған басты заң актісі саналатын Азаматтық кодекс, құқық бұзғаны үшін азаматтар мен заңи тұлғалардың жауапкершілігін қарастыратын заңдар, сондай-ақ, мемлекет пен қоғамның қалыпты өмір сүріп, алаңсыз дамып-жетілуіне мүмкіндік беретін басқа да маңызды құқықтық-нормативтік актілер бар ғой. Шетсіз, шексіз реформалар ағынында малти бермей, жасампаздықпен өмір сүруіміз керек, кейде әлгі реформалар уыстан шығарып алған пайданы бүркемелеп, қоғам назарын биліктің дәрменсіздігінен басқа жаққа аудару үшін жасалатын сияқты. – Еліміздің бір кемшілігі – әбден етек жайып алған сыбайлас жемқорлық екені белгілі. Осы індетпен қалай күресуге болады? Қоғамның одан дені сау, есі азат болуы үшін не істеу керек? –  Оңай сауал емес, ең қиыны – бір ауыз сөзбен түйіндер жауабы жоқтығы.  Әлемде аталған індетпен табысты күресудің толып жатқан мысалы бар, солардың арасынан Сингапурдың, Гонгонгтың тәжірибесін, ең соңғысы – Грузияда жүргізген Саакашвилидің реформасын бөле-жара айтуға болады. Осынау кесірлі құбылысты қоғам тірлігінен, адамдар санасынан мүлде аластап, біржола құрту қиын, жүдә мүмкін емес. Сөйте тұра, билік пен халық тізе қосып, тілек жұптаса, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады деп ойлаймын. Мысалға, билік кәсіпкерлік саласына қолсұғушылықтан тыйылып, адамдардың заңды мүдделерін аяққа таптамаса, мемлекет бәрін және баршаны жөнге салып, қабағымен жасқап отыруға тыраштанбаса, бизнес өкілдері мен азаматтардың мемлекеттік органдар мен шенеуніктер құзырына азырақ жүгінуіне жағдай жасаса, «рұқсат ететін» бизнес тізбесін мейлінше қыс­­қартып, азаматтардың түрлі құ­жат­­тарды алу әуресін оңайлатса, осы жүйедегі шенеуніктердің «тұтқалы тұлға» кейпіндегі рөлін кемітсе, жем­қорлық атаулының өздігінен адымы қысқарып, тынысы тарыла берер еді. Жемқорлық жасағаны әшкереленген ше­неу­ніктер мемлекеттік органдар жүйе­сінен дереу қуылып, билікке қайтып оралатын жолы кесілуге тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер лайқатты еңбекақы алып, белгілі бір әлеуметтік жеңілдіктер иеленгені жөн. Мемлекеттік лауазымға кадрларды таңдау аза­маттардың баршасына тең мүм­кіндік беру қағидасына негізделуі керек. Кез келген азамат әлеуетті үміт­керлерді «А» және «Б» корпустарына және т.б. бөлетін әлдебір мәртебелі ше­неу­ніктің шешіміне байланысты емес, өзінің біліміне, тәжірибесі мен басқа да жағымды қасиеттеріне қарай мемлекеттік қызметші болуға қақылы. Қазіргі жүйе­нің субъективизмі көп, себебі, көп нәрсе жоғары дәрежелі бастыққа, «ағаш­каның» телефон шалуына, туыстық байла­ныс­тарға, тіпті, трайболизм үрдісіне байланысты шешіледі. – Әлемнің асты үстіне шығып, әбден тынышы кетіп тұр; терроризм мен діни экстремизм жер-жаһанды, тіпті, керенау Еуропаны жайлап алды. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайту үшін не істеуіміз қажет? Қандай қауіп төніп тұр қазір бізге? – Қай кезде де және қандай мемлекетке де қауіп сақталып қалады. Қа­зақстан әуелден тынышсыздау аймақта орналасқан. Таяу Шығысты азаматтық соғыс өрті шарпып, өкінішке орай, кейбір елдердің қолдауымен терроризм ылаңы жайлап алды, діни экстремизм де өршіп барады, осы оттың шаласы өз ортамызға түсіп кетпеуі үшін мемлекет мығым болып, ахуалды аса қырағылықпен қада­ғалап отыруы қажет. Құқық қорғау органдары, бірінші кезекте, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ештеңені қалт жібермей, қоғамды осы­нау кесапаттан сақтаудың тиімді жүйесін жасауға міндетті. Меніңше, осынау кесірлі құбылыс мейлінше қауіпті, еліміздің қоғамдық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Сонымен бірге, жер аумағын жаулап алу, ірі әскери шабуылдар жасау, экономикаға орны толмас зардап шектіру, билік басында төңкеріс ұйымдастыру, сепаратистік пиғылға дем беру арқылы ел егемендігіне тікелей нұқсан келтіретіндей төтенше қа­терді көріп отырған жоқпын. Өйт­кені, Қазақстан қатысып отырған ұжымдық қауіпсіздік жүйесі мен ел ішінде құрылған саяси және қоғамдық институттар – ондай қауіп-қатерден қорғануымыздың басты кепілі. Дей тұрғанмен, «ұлттық қауіпсіздік» деген ұғымның басты ерекшелігі: ол қо­ғамдық қауіпсіздікке қоса әскери, саяси, экономикалық, ақпараттық және эколо­гиялық қауіпсіздіктерді де қамтиды; осы­ның өзі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды дәлірек белгілеп, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау­дың ең тиянақты тәсілдерін табуға мүм­кіндік береді. – Сіз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заң факультетінде сабақ бересіз, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің және Қазақ  гуманитарлық-заң универ­си­те­тінің Құрметті профессоры атан­дыңыз, көп мақала жазасыз, 2014 жылы 10 томдық еңбектеріңіз жарық көрді. Осыған орай Қазақстан жоғары мектептері мен ғылымы жөніндегі ой-пікіріңізді білгім келеді. – Осыдан бірер жыл бұрын берген сұхбатымда осы тақілеттес сауалға жауап қайтарған едім. Соны қысқаша қайталап шығайын. Иә, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде PhD (философия докторы) дәрежесінің магистранттары мен ізденушілеріне арнаулы сабақ беремін. Дәріс оқып, семинарлар өткіземін, ғылыми жетекші ретінде студенттердің диплом жұмыстарын дайындауларына көмек­тесемін. Басқа университеттерде жер қойнауы және экологиялық құқық пәні бойынша шолу лекцияларын оқимын. Шы­нымды айтсам, қазіргі кезде мектептерде, колледждерде, университеттерде білім беру жүйесінің деңгейі кеңес кезіндегі дең­гейден әлдеқайда төмен жатыр. Әрине, Қазақстандағы жоғары мектептің үлгісі саналатын жекелеген оқу орындары бар, бірақ, олар тым аз. Сөйте тұра, жақсы оқуға жаны құмар, сабаққа ынтасымен берілген студенттер алғырлықтарының нәтижесінде және өз ісіне берілген оқытушылардың арқасында ғана тыңғылықты білім алып, жақсы маман болып шығады. Неліктен бұлай болды? Меніңше, білім беру жүйесі мен жоғары мектептер шеті мен шегі жоқ реформалардан әбден ығыр болды. Білім мен ғылым басына келген әр министр егжей-тегжейлі талдап алмай, тексеру, талқылаусыз, осы саланың мэтрлерімен ақылдаспай, тәуелсіз сараптама жасамастан өз реформасын тықпалай бастайды. Субъективизм белең алып, әр министр ұлы реформаторлар шоғырынан ойып тұрып орын алудан дәмеленеді. Білім беру мен жоғары мектеп жүйе­сі консервативті жүйе болуы керек, шыңдалған жағымды тәжірибе әлі қадеге асып жатса, жаңасын абайлап енгізген жөн. Білім беру мен ғылымды дамытудың кеңестік мектебін қалай мақтан тұттық біз, ол әлемдегі ең озық жүйелердің бірі еді, орнына сапалырақ, тұрақтылау ештеңе ұсынбастан соны жойып жібердік. Мен реформаға қарсы емеспін, ал, ол жоспарлы да байыпты түрде жасалуға, өміршеңдігі дәлелденген ескі нәрсені көзсіз қирата салмай, уа­қыт   тезінен өткен тұжырымдамаға негізделуге  тиіс. Сайып келгенде, жоғары инстанциялардың шешімдерінде сабақ­тастық тіні сақ­талып, білім беру мен жоғары мектептер жүйесіндегі волюнтаризм мен субъективизмге үзілді-кесілді жол берілмеуі қажет. Кез келген жүйедегі тұрақтылық түбі табысқа кенелтеді. Ғылым да әлгіндей себептерден «ақсап» келеді. ЖОО-ларға «қатып қалған» оқыту­шылардың (ғылым кандидаттары мен док­тор­ларының) ғылыммен айналысуға шақаты жоқ, бүкіл уақыты оқыту және ұйымдастыру үдерісіне кетеді. Олардың кейбіреуі ғана өз біліктілігін жетілдіруге, ғылыми ізденіске, оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға, БАҚ-тардағы теориялық пікірталастарға қатысуға әзер мойын бұрады. Мұндай оқытушылардың көпшілігі өздерінің канди­даттық және докторлық диссертацияларымен ғана шектеліп қалған, ғылыммен мүлде шұғылданбайды, рас, кейде әлдебір ұжымдық еңбектер әзірлеуге, жобаларға, конференцияларға қатысатын шығар, бірақ, олардың рөлі елеусіз қала береді. Менің пікірімше, ғылыми дәрежесі мен атағы бар адамдар жүйелі түрде ғылыми ізденіспен айналысуға, ең болмағанда, өзі маманымын деп санайтын бағытпен ізденуге тиіс. Олар ғылыми дәреже алу, әрі ғалым атану емес, ғылымның табалдырығынан қысыла аттап, ғалымдыққа беттеу екенін түсінулері керек. Ғылыми дәреже нақты ғылыми жұмыстармен, ғылыми тұрмысқа белсене араласумен, теориялық айтыстарға тайсалмай қатысып, өзін маман санайтын салада көзқарасын батыл қорғап шыға алатындығымен дәлел­денгені жөн. Өкінішке орай, ғылыми кадрларды даяр­лаудың кеңестік жүйесінің толықтай жойылып, Болон конвенциясына қосыламыз деген желеумен Қазақстандағы білім мен ғылымға PhD-лендіруді ойсыздықпен ен­гізу салдары ғалым-мамандар әзірлеу ісін біржола күйретіп тынды. Осы орайда Бо­лон конвенциясы (Болон үдерісі) деп аталатын құжат білім беру мен ғылыми кадрлар даярлаудың ұлттық жүйесін еш жоққа шығармайды. Сірә, «білім беруші шенеуніктер» балақтарын түріп алып, «бүкіл планетаның алдына түсіп» жүгіргілері, мән-маңызын түсінбестен батыстық білім үлгісіне толықтай көшіп алғылары келген болуы керек. Бұл, әрине, бөлек әңгіменің тақырыбы, тек айтайын дегенім: білім беру жүйесі мен ғылыми кадрлар даярлау саласына жасалған реформалардың игілігінен гөрі кесірі көп болды. Ал, енді бұрынғы деңгейге қайтып оралу үшін білім беру ісі мен ғылымды дамыту саласына реформа емес, бас бүтін революция жасауымыз немесе  эволюциялық жолмен ұзақ жүріп, жоғалтқанымызды іздеуіміз қажет. Қазақстандық ғылымды одан әрі дамыту үшін ғылыми кадрлар даярлаудың бұрынғы жүйесіне қайтып оралу қажет. Сонда ғана қазақстандықтар кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғау қамымен Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға шапқылап, тентіреп кетпей, өз елінде қорғап, қазіргі ұрпақ буыны арасында өз ғылым мэтрлері қалыптасар еді. Қазіргі құқық магистрінің білім деңгейі мен даярлығы заң ғылымынан жоғары немесе қазіргі PhD (философия докторы) деңгейін иеленген адамның ескі жүйеде заң ғылымының докторы дәрежесін алған ғалымнан статусы салмақты дегенге мені ешкім сендіре алмайды. Әлбетте, мұндай салыстыруларды әлгілердің қай-қайсысы да дәрежелерін өз еңбектерімен, ғылыми ізденістердің нәтижесінде, «жүндес қолдардың» сүйеуінсіз, парасыз қорғаса ғана қолдануға болатынын жақсы түсінемін. – Күнделікті жұмысыңызға көмегі көп, демеуі мол жеке басыңыздың ерекше қасиеттері хақында айта кетсеңіз. Жалпы, заңгер батыл болуы керек пе? – Өзім туралы айту қиын, әріптестерім, дос-жарандарым, басшыларым әңгімелей жатар... Бір ғана айтарым, адам белсенді, жауапты, адал, тәуелсіз әрі батыл маман болғаны жөн. Алдына мақсат қойып, соған жетуге, онымен шектеліп қалмай, ілгері басуға, өзін-өзі жетілдіріп, жақсылыққа, биікке ұмтылуға тиіс, сонда өмір қызғылықты, тірлік кемел көрінеді. Өзімді кереметпін дей алмаймын, әйтсе де, мынау  тірлікте ешкімді ұятқа қалдырмауға, қолға алған шаруаны адалдықпен, тыңғылықты атқаруға тырысып, достық пен сенімді ардақ тұтып бақтым, сынды дұрыс қабылдап, қорытынды шығаруға күш салдым, ал, бұл – оңай нәрсе емес. Өз өміріме және осы тірлікте атқарған ісіме дән ризамын. – Отбасыңыз туралы әңгімелеудің орайы келіп тұрған сияқты енді... – Отбасы жайында әңгімелегенде ең бақытты жан екенімді айтқым келеді. Жібек есімді тамаша зайыбым бар, қорғаушым да, қолдаушым да сол. Мына өмірде соның арқасында көп нәрсеге қол жеткіздім. Екі бала өсірдік. Қызымыз – Жанар көрнекті ресейлік-қазақстандық құқықтанушы-ға­лым Н. Шайкеновтің ректорлығы кезінде Қа­зақ гуманитарлық-заң университетінің заң факультетін бітіріп, Англиядағы атақты Ноттингем университетінде құқық бакалавры дәрежесін алды, содан соң Лондонның экономика және саясаттану мектебінде құқық магистры дәрежесін қорғады. Шетелде, Қазақстанда әртүрлі заң фирмаларында жұмыс істеді, қазір «CОLIBRI» заң фирмасының серіктесі. Ұлым – Жанат  бизнес-әкімгерлеу және бухгалтериялық есеп саласындағы бакалавр дәрежесін, сондай-ақ, Президент жанындағы Қазақстанның менеджмент, экономика және болжалдау институтында ((КИМЭП) әлеуметтік ғылымдар бакалавры дәрежесін иеленді. 2009 жылы Солтүстік Вирджиния (Прага, Чехия) университетінің қаржы саласындағы іскерлікті әкімгерлеу магистры дәрежесін алды. Ал, болмысымыздың шаттығы арылмайтын қазыналы аралындай төрт немерем – Нәзия, Жәния, Аружан және Әмір өсіп келеді. Олар біздің мақтанышымыз, солардың жақсылығын көріп, табысқа жеткендеріне қуанғым келеді. Олар өз Отан­дарының лайықты азаматтары болатынына сенемін. Міне, осылайша уақыт тіні жалғасып, ұр­пақтар буыны сабақтасып жатыр...

Әңгімелескен  Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

435 рет

көрсетілді

30

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз