• Ел мұраты
  • 05 Шілде, 2016

Стелла АМИЛЬ: «АДАМШЫЛЫҚТАҒЫ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТ – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ»

Жәнібек ҚОЙТАЙ,
ҚазҰУ журналистика факультетінің 
2- курс студенті

Стелла АМИЛЬ – орыс тілінде жазатын армян жазушысы. Мәскеуде тұрады. Оның «От грехов до истины», «Мое небо – Мама», «Два минус один», «Птица Грузий» деген кітаптарын интернет оқырмандары қанын жерге тигізбеуде. Өйткені, ол дәл бүгінгі, ХХІ ғасыр жастарының бойындағы иман мен ислам, ниет пен әдет, ашу мен ұят, жомарттық пен сараңдық, үлкенді сыйлау, ашкөздік пен күншілдік секілді тәлімді мәселелерді қозғаған. Ойландыратыны, өзі христиан дінінің өкілі  бола тұра пасық істерден, оңбаған әрекеттерден, жат қылықтардан тазарудың кілті исламда екенін ұғынықты түрде жеткізуінде дер едім. Мен интернет арқылы жазушымен байланысқа шығып, оның жазғандарынан алған әсерімді, түсінбей қалған тұстарымды сұрап хат жазып едім, бірден жауап жазды. Сол күнгі сезімімді, қанаттанғанымды айтып жеткізе алмаймын, жолдастарымның бәріне оның шығармашылығымен танысып шығуды өтіндім. Оның кітаптарын оқыған адамның өзін-өзі рухани жағынан емдейтініне кәміл сенемін. 
Стелла Амильмен болған  интернет-сұхбатымызды назарларыңызға ұсынғым келеді.

ЖӘНІБЕК: – Қымбатты Стелла ханым! Сіздің «От грехов до истины» (Мен бұл кітаптың атын оқиға мазмұнына қарай «Зорлық пен қорлық», «Тамұқтан ұжмаққа дейін», «Күнәкәрлік пен адалдық шегі», «Ақиқат жасырына алмайды» деп аудардым) деген кітабыңызды оқып шыққаннан кейін, ұйқыдан жақсы түс көріп оянған адамдай әсерде болдым. Жан-дүниемді баурап, жан-тәніммен жақсы сезімге берілдім. Қазір оқығаныңды қазір ұмытатын мына ақпараттар ағыны заманына қарсы тұра алатын дүние жазғаныңызға шынайы қуандым. Мүмкін мұның әсерлі болуы  мынада шығар деп те ойлаймын. Қоғам + әке-шеше + бала (болашақ ұрпақ) мәселесінде ме? Осыларды бір-бірімен біріктіріп, бір мақсатқа бағындырып, қарым-қатынасты игілікпен толтырып, сол игілікті сақтау үшін, баянды ету үшін исламды иманды байланыс етіп алуыңызда ма?
Стелла АМИЛЬ: – Жәнібек, менің шығармаларыма айтқан жылы сөздерің үшін рахмет. Әңгімемнің саған әсер еткеніне мен де қуанып қалдым. Әңгімедегі түйін, исламның ішкі иланым болғанында ғана емес, жүректегі Аллаға деген сенім. Түймедейден түйедейгі іс-әрекетіміздің бәрі қылға тізіліп, алдымыздан шығып отыратындығы, Алланың көретіндігін, еститіндігін, жарататындығын ұқтыру болатын. Сенің және күніне жүздеген оқырмандарымның хат жазып, ойларын ортаға салып жатқанына қуанып, сол мақсатымның орындалғанын сезіп, қуанып отырмын. 
ЖӘНІБЕК: – Ислам демекші, мен Сізді неге екенін қайдам, ағыл­шынша жазатын араб жазушысы деп ойлап, ағылшын тілінде жазған шығармаларыңызды  іздедім. Алға­шын­да аударма деп ойлағанмын. Сөйт­сем, орыс тілінде жазады  екенсіз. Өзіңіз хрис­тиансыз, бірақ, ислам құндылықтарын шығармаларында дәл сіздей насихаттайтын қаламгерді әзірге кездестірген жоқпын. Оның себебін айтып бере аласыз ба? 
Стелла АМИЛЬ: – Мен христиан дінінің өкілімін. Құдайға қатты сенемін. Христиандар сенімі туралы жазылған шығармаларым да бар, дегенмен кітап­тарымның басым бөлігі ислам елдеріндегі адамдардың өмірі мен іс-әрекеттері туралы жазылған. Шығыстың болмыс-бітімін жазуға университетте оқыған жылдарымдағы олардың тарихын, салт-дәстүрін зерттеуім көп ықпал етті. Адамдарымен араласқанда олардың жазылмаған, бірақ, берік ұстанатын заңдарының әділдігіне көзім жетті. Менің оқырмандарға түсіндіре кеткім келетіні мынау: ислам дәстүрін емес, алдымен мен мұсылмандар туралы жаздым. Мұсылман мен  ислам – екі түрлі мәселе. Сондықтан, мен әңгімелерімде тәрбиесіз, дөрекі мұсылманның исламның өкілі бола алмайтындығын оқырман санасына жеткізгім келеді. Өзім христиан өкілі бола тұра, мұны өзгелерге неге айтқым келді? Мүмкін, Шығыста тұратындардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын зерттеп оқы­ғандығымнан шығар. Тақырып қызықтырды да оны өзгелермен бөліскім келді. Араб жігітінің басынан өткерген оқиғасын айтып беруі шешімге келуіме орайласа кетті.
ЖӘНІБЕК: – Сіздің кейіпкерлеріңіз Омар, Абдулла, Шамиль, Хаким, Хасан, Ахмед – қазіргі заманның бай балалары. Тойымсыздық пен қомағайлыққа мал­тығып, рахат өмірді белшесінен басып жүргендер. Олар ешнәрседен де тайын­байды. Дегенмен, қандай нәрсенің де шегінен шықпай, тең ортасынан ұстай білу адамшылық екенін оларға ұқтыру үшін молда Мұстафаның бей­несін жасағансыз. Молда Мұстафа тағдырыңды дұрыс жолға салатын періш­те іспеттес. Осы кейіпкердің бей­несін жасауда ұзақ дайындалдыңыз ба,  әлде ойыңызға бірден оралды ма?
Стелла АМИЛЬ: –  Мұстафа  молданың бейнесі әңгіменің сюжеті әлі толық пі­сіп-жетілмеген шақта-ақ айқындалып қой­ған. Менің ауған танысым болды, қар­сы­ласын білім күшімен тізе бүктіретін. Ол Алла жолын ұстанып сөйлегенде, сөзіне иландырғанда екінші жақ ауыз аша алмай қалатын. Омар туралы жазарымда оны ақылға жүгіндіріп, сабырға шақыратын, күнәнің жазасы болатындығын ұқтыратын кейіпкер бейнесі ойымда дап-дайын еді.
ЖӘНІБЕК: – Кітапта диалогтар көп. Олардың барлығы  да өз орнында, мағыналы салмақ көтеріп тұр. Сол сәтке, сол оқиғаға сайма-сай. Мен соған қарап, күнделік бойынша жазылған ба деп ойладым.
Стелла АМИЛЬ: – Күнделік жүргізіл­меген. Кейіпкерлерім – өз ортамның адамдары. Солардың сөйлеген сөздерін, іс-әрекеттерінің көшірмесін ойыма сақ­тағанмын. Оқиғалардың басым бөлігі ойдан шығарылғанымен, нақты адамдардың нақты іс-қимылдары суреттелген. Ал ата-анаға, достарға, Аллаға деген махаббат, сүйіс­пеншілік  туралы жазғанда өз жүрегімнің  сөзін сөйледім. Кейіпкерлерімнің әдепті, мәдениетті іс-әрекеті арқылы ізгілікті қоғам орнатуға деген талпынысты бергім келді. 
ЖӘНІБЕК  – Сіз араб жастары туралы жазып отырсыз. Олар табиға­тынан қызба. Омар автожарыстан мү­гедек болып  қалып, арбаға таңылып отырғанда оны  Ахмедтің тобындағы қарсыластары ұрып, таяққа жығып кетуі, тіптен, артық кеткендік. Қанша­лықты қызуқанды болғанымен  жы­ғылып жатқан адамды ұру – оңбаған әрекет. Осы жері оқырманның жүрегін ауыртады. Өзіңіз жазып отырғанда қиналмадыңыз  ба?
Стелла АМИЛЬ: – Мен реалистпін, айналамда болып жатқан жағдайларға да осы тұрғыдан қараймын. Менің жазып отырғаным қазіргі өмірде кездесетін оқиға. Қылмыс ұлт, дін таңдамайды. Жан-дү­ниесі азған, өзін-өзі жоғалтқан адамның оңба­ғандық әрекетін көрсеткім келді. Құдайдан қорықпағаннан қорқу керектігін ұқтырдым деп ойлаймын. 
ЖӘНІБЕК: – Көгершін шығыс елдерінде қасиетті құс, Құдайдың  ха­бар­­шысы ретінде ырыс-берекенің, бей­бітшіліктің символына баланып ке­леді. Христиандар үшін де солай. Ал, Сіз кітабыңызда оны өлім хабаршысы ретінде көрсетесіз. Қалыптасқан ұғымды бұзу не үшін қажет болды?
Стелла АМИЛЬ: – Анаң жағымсыз қылығың үшін жазалайды. Алла да өз пендесінің орынсыз қылығына өкінеді. Бейбітшіліктің көрінісі болып ұғылатын көгершін күнәліге мейірімін төгіп тұрса не болғаны?! Қатер қай кезде де жаныңда жүреді, тек жақсы іс, иманды әрекет қана оның жолын бөгейді. Мен көгершінді әңгі­мемде жақсы мен жаманның хабаршысы ретінде алдым. 
ЖӘНІБЕК: – Омар кейіпкер адасып, тәлтіректеп барып, шындыққа, иман­дылыққа жетеді. Адамның жетілуін, мінезін түзеуін нанымды суреттейсіз. Сіз­дің фантазияңызға бағынбай кеткен кейіпкеріңіз бар ма?
Стелла АМИЛЬ: – Сөзімде қайталау болып кетті-ау деймін... Дегенмен, менің кейіпкерлерім, олардың іс-әрекеттері, оқи­ғалар нақты өмірден алынған. Мен тек соларды жинастырып, иманды өмір сүру жолына бағындырдым. Бұл жауапкершілікті кейіпкерлерімнің кейбірі көтерді, кейбірі «сынып кетті». 
ЖӘНІБЕК: – Шығармаңызда өлім неге көп?
Стелла АМИЛЬ: – Кейіпкерлерім де, оқырмандарым да айналамыздағы адам­дардың, өмірдің қандай құнды, қандай қадірлі екендігін білсін дедім. Жақын жандарымыздың жанын жараламауды үйренуіміз, соған тәрбиленуіміз керектігін айтқым келді. Басты кейіпкердің осал тұсы – түрлі машиналармен жүргенді, оларды күніне ауыстырып тұрғанды ұнатады. Әкесі машина айдауына, жарысқа қатысуға рұқсат бермей қойғанында ол бәрін өлердей жек көріп кетеді. Содан кейін, қол ар­баға таңылып, мүгедектік хал кешкенде, айналасындағы достары түрлі себептермен қайтыс болғанда барып адамдардың қадірін, тіршіліктің тәттілігін ұғынады. Сенің мұңың­мен ақша мен машина емес, ата-анаң мен достарың бөліседі. Сондықтан, өлім ситуациясын беру арқылы жақыныңды қадірлеу керектігін көрсеттім.  
ЖӘНІБЕК: – Сіздің мамандығыңыз не? Отбасыңыз, әке-шешеңіз туралы ай­тып беріңізші? 
Стелла АМИЛЬ: – Мен алты жыл қатарынан Кавказ халықтарының билерін үйретуден сабақ бердім. Осы жұмысымда түрлі ұлт өкілдерімен, әр түрлі діндегі адамдармен араласып, біраз тәжірибе жина­дым. Оны кейіпкерлер бейнесін жасағанда пайдаландым да. 
Ата-анам – өте тамаша адамдар. Мен жақсы көретін сүйкімді сіңлім бар. Өзім туралы айтарым осы. Алдағы уақыттарда да оқырмандарымды жақсы әңгіме жазып қуантқым келеді.
ЖӘНІБЕК: – Әңгімеңізге рахмет.
Стелла АМИЛЬ: – Сенімен сөйлескен маған да қызықты болды.

 

444 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз