• Ел мұраты
  • 05 Шілде, 2016

ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР немесе Бектің Орынбегі кім еді?

Қарағандыдан заң ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Жүнісов ағамыз хабарласып, біраз сұхбаттасқан едік. Әңгіме ауаны «Тар жол, тайғақ кешіп» елі үшін шаһит болған Бектің Орынбегіне ауды. Бақтыбай ағамыз бұл аяулы есімді бүгінде білетіндер ілуде біреу екенін, тарихи тұлға әлі де өз бағасын ала алмай келе жатқанын айтып қынжылды. Бектің Орынбегінің аты-жөнін бұрындары бір романдардан, естелік мемуарлардан кездестіріп қалғанымыз болмаса, біз де жыға тани қоймаушы едік. Қызығушылығымыз артып, өзімізше зерттеп, зерделеп көрдік. Соның нәтижесінде, өзімізше Орынбек Беков деген кім деген сұраққа жауап тапқан сыңайлымыз.
Орынбек Беков – журналист, жазушы, ақын, қоғам және мәдениет қайраткері.Көп­теген деректерде оны Семей облысында ауыл батырағының отбасында дүниеге келген деп жазады. Алайда, Шы­ғыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған Орынбек Бековты айыптау ісінде (СССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі. Орталық архив. Жалпы тергеу қоры. № 10767 АPX. NП – 413493) тіркеулі тұрған Шығыс Қазақстан облыстық НКВД бас­қармасының 1937 жылы толтырған анкетасында оны 1898 жылы Қарағанды облысының Шет ауданында өмірге келген деп анық та қанық көрсетеді. Қалай болған күнде де, оның отбасы 1903 жылы Спасскге қоныс аударғаны анық. Сонда сауатын ашып, екі кластық училищені бітіріп, 1912 жылы Спасскідегі зауытта әртүрлі қара жұмыстар істейді. Ақпан төңкерісінен кейін зауыттың саяси өміріне белсене араласа бастайды. Совдеп төрағасының орынбасары, еңбек бюросының төрағасы болады. 1919-1922 жылдары ревком төрағасы және жұмысшылар депутаттары Спасск зауыт кеңесі мен БК (б)П Спасск аудандық комитетінің мүшесі, хатшысы қызметтерін атқарады. 1923 жылы Қарқаралы уездік милициясының бастығы, одан соң Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болады. 1925 жылы БК(б)П Өлкелік Комитетінің шешімі бойынша Еңбек халық комиссариаты аппаратына қызметке ауысады. 
Еркін ел болуды аңсап, қазақтың өз қолы өз аузына жетуін көксеген Орынбек Беков еңбек жолының алғашқы жылдары «Алашорда» үкіметіне іш тартады. Оның «Алаш» қозғалысына тілектес, тілеулес болғанын, қолдап-қуаттағанын зерттеушілердің бәрі де бір ауыздан мойындайды (1937 жылы халық жауы ретінде ұсталғандағы тағылған негізгі айып та осы болатын). Бірақ, оны бұл райынан сол кезде дәурені жүріп тұрған мемлекет және қоғам қайраткері, атақты жазушымыз Сәкен Сейфуллиннің өзі қайтарып, кеңес үкіметі жағына басы-бүтін өтуіне үгіттеп, ақыры көндіреді. Оны Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты роман-эссесінде былайша түсіндіреді: «...Нілді, Спасск, Қарағанды заводтарымен қатынасымыз жиіленіп, байланысымыз күшейді. Заводтарда да совдеп құрылды. Заводтардан уездік Сов­депке өкілдер жиі келе бастады. Біздің Совдептің мүшелері де заводтарға барып-келіп жүрді. Совдептің қазақ мүшелерінен Тұрысбек Мыңбайұлы заводқа барып-келді. Арын барып келді. Заводтар туралы баяндама жасалып, Совдеп заводтардың, жұмыскерлердің тұрмыстарын жөндеуге әрекет қылды. Заводтарды мемлекет қазынасына алуға кірісті. Спасск, Нілді, Қарағанды заводтарының жұмыскерлер Совдепінен біздің уездік Совдепке өкілдер келді. Іштерінде жолдас Нейман мен Орынбек Бекұлы бар. Заводтың жайы туралы бұлар Совдепке баяндама жасады. Совдептен ақша сұрады. Мылтық сұрады. Совдеп заводтарды қазынаға алуға қарар шығарды. Спасскінің жетпіс мың пұт мысын алдыруға қарар қылды. Заводтардағы жұмыскерлердің мылтық алып, жарақтанғанын бір ауыздан мақұл тауып, жұмыскерлер өкілдеріне (Нейман мен Бекұлдарына) ақша берілді. Қолдағы бар мылтықтардан мылтық та берілді. Содан кейін Ақмолаға мылтық, пулемет сұратуға, Омбыға және Қызылжарға қызыл әскер штабының мүшесі матрос­тар Зиминді, командирі Капыловты, Спасск заводының жұмыскері, Совдептің мүшесі Прудов деген жігітті жібердік.
Совдептен ақша мен мылтықтарын алып болған соң, қызметтен кейін, Орынбек Бекұлы менің пәтеріме келді. Сөйлестік. Бұрын маған Бекұлын «Зерек, шешен жұмыскер...» – деп Прудов мақтаушы еді. Бекұлының шешендігін Совдепте баяндама жасағанда-ақ көріп едім. Біздің пәтерде сөйлесіп отырдық. Завод туралы әңгіме қылдық. Қазақ жұмыскерлері туралы, Совет үкіметі, большевик партиясы туралы сөйлестік. «Алашорда» туралы пікірі айқын емес, былқылдақтау екен. Біраз түсіндіріп сөйледім. «Алашорда» да, Абылай да, Николай да бәрібір... –
дедім.
Бекұлы біздің Тіршілік газетімен қатар «Сарыарқа» туралы, оның жазушылары туралы түсіндіріп, біраз сөз айттым. Біраздан соң Бекұлымен пікіріміз үйлесті. «Алашорда» туралы пікірі айқындалды. Революцияның жолында енді екпіндірек іске кірісу керек екенін айтып, менімен қош айтысты...» (Сәкен Сейфуллин. Тар жол, тайғақ кешу. Роман-эссе. Алматы. «Жазушы» баспасы, 2009 жыл, 182-183 беттер).
Міне, осынау шағын үзіндінің өзінен-ақ Орынбек Бековтың табиғи болмыс-бітімі, ой-санасы, қарым-қабілеті айқындала түседі. Көріп отырғандарыңыздай, оның бұла бойында елім дейтін ер-азаматқа тән тұлғалық тұмса қасиеттер тұнып жатқан еді. Соны тамыршыдай тап басып таныған Сәкен Сейфуллин оның жан-тәнімен Кенес өкіметіне, сол арқылы қазаққа қызмет етуін қалады. Ол кезде Арқадан шыққан арқалы азаматтар оны өздеріне үлгі тұтатын, арқа сүйейтін, бір ауыз сөзін жерге тастамайтын, айтқанынан шықпайтын. Міне, Сәкен Сейфуллин ол кезде кім-кімге болсын айтқанын орындататын, айбарлы, абыройлы, беделді тұлға болатын.
Сәкен ағасы сияқты Орынбек те Кеңес үкіметінің қазақты жарылқайтынына, басына бостандық, қолына теңдік әперіп, ұшпаққа жеткізеріне қалтқысыз сенді. Кіммен бірге болса да, еліне, ұлтына, қазағына адал қызмет етуді алдарына мақсат етіп қойды және осынау өмірлік ұстанымдарынан кеуделерінен жандары шыққанша еш айныған жоқ. Өздерінің өнегелі ғұмыры мен игі істері арқылы оны келешек ұрпаққа үлгі ғып көрсетіп, аманаттап кетті.
Орынбек Беков 1928-30 жылдары Ал­матыда шығатын «Тілші» газетінің редакторы болып қызмет істейді. Редакция ұжымына басшылық жасай жүріп, газеттің бағыт-бағдарын анықтап, бағдаршамдай бағдарлап отырады. Бұнда да сол кездегі қазақ халқының тыныс-тіршілігі, басындағы көңіл-күй, санадағы сілкіністер мен көкейдегі ой-толғаныстар, жаңарған қоғамдағы өзгерістер, замана тудырған жаңалықтар негізгі ұстын болып, газет бетінде көрініс тауып отырады. Міне, дәл осы кезеңде Орынбек Бековтың қаламгерлік қыры ашылып, алтын алмастай жарқырай көрінеді. Оның қаламынан туған «Азамат соғысында біз қалай жеңіп шықтық?», «Жалықпасаң жау жеңесің», «Үкібас жалшы ақысын қалай алды?», «Ауылды кеңестендіру деген не?», «Малайлар одаққа кіріңіздер» атты жалынды мақалалары мен өлең, әңгіме, повестері сол кездегі «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы», «Әйел теңдігі», «Қазақ әдебиеті», «Екпінді», «Социалды Қазақстан», «Тілші» қатарлы газет-журналдарда жарияланып тұрды. Қанша қиын-қыстау кезең болса да, қаламының ұшына негізінен ұлт, халық, ел, жер тағдыры туралы мәселелер ілін­ген. Елдің сөзін сөйлеп, халықтың мұңын мұңдап, ұлттың жырын жырлауға барынша күш салған. Мәселен, «Азамат соғысында біз қалай жеңіп шықтық?» (О. Беков. «Азамат соғысында біз қалай жеңіп шықтық?», Қызылода, 1928 жыл) атты мақаласында «Октябрь төңкерісі болған күннің ертеңінде жалпыресейлік кеңестер сьезі алпауыттардың мұнан былай жерге иеліктері жойылсын, жер көптің мүлкі болсын, жері үшін оларға бір тиын төленбесін деп заң шығарды. Содан бері жер жалпы халықтың мүлкі болды. Жерге еңбек сіңіретіндердің қолына көшті, пайдасын солар көретін болды» деп бастап, қазақ жерін ата-баба­ларынан қалған мұрадай иеленіп алған капиталистерден тартып алып, мемлекеттің, халықтың меншігіне айналғанын қуа­нышпен хабарлайды. Бұл әлі күнге дейін мән-маңызын жоймай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Кезінде Ресей патшасының жарлығымен қазақ жері басы бүтін Ресей империясының меншігі болып шыға келгенін көзіқарақты оқырман білетін шығар. Міне, сол қасиетті жеріміз халқымызға қайтарылып берілгендей көңіл-күйде болып, бөркін аспанға атады. Қазақ үшін ата-бабадан мұра болып келе жатқан жерінен асқан қасиетті нәрсе жоқ, ендеше, ұлтын сүйген ердің қуанатын жөні бар. Ал, енді, «Ауылды кеңестендіру деген не?» (Бекұлы Орынбек. «Ауылды кеңестендіру деген не?» Қызылорда, 1928 жыл) деген көлемді еңбегінде «Патша үкіметінің «бұратана» елдерге қолданған саясатының қандай болғанын бұл күнде тілі шыққан жас балалар да біледі. Әр елдің елдігін жойып, жегіше ішінен жеп отырғанына қанағаттанбай, қасқыр тиген қойдай қылып, бірін ойға, бірін қырға қуып, шөлге қамады. Бір кезде бір бауыр болып келген елдер азып-тозып кетті. Октябрь төңкерісі тарихтан аттары өшуге айналған елдерге туған алтын күн болды» – дей келіп, қазақтың күні енді туатынына, басына бақ орнайтынына шынымен сенім артатынын жеткізеді. Қалам қайраткері туған елі мен ұлтының еңсесі көтеріліп, болашаққа нық қадам басатынына көңілі алып-ұшып, шаттанады, сондықтан да, Кеңес үкіметіне жан-тәнімен қызмет қылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жылдары Орынбек Беков туған елі мен халқы үшін білегін сыбанып, қалам құдіретімен еңбек етті, оның күрескерлік рухы аталмыш мақалаларынан көрініс тауып жатты...
1930 жылы Орынбек Беков Алматыдағы қазақ драма театрының директорлығына тағайындалады. Бұл қазіргі Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Міне, осы кезге дейін қаламның отты қуатымен күресіп келген азаматқа Алла тағала енді соны іспен дәлелдеуге мүмкіндік туғызды. Ол қазақ мәдениетін, өнерін, театрын биікке көтеруге, дамытуға, өркендетуге бойындағы бар күш-жігерін сарқа жұмсады. Алғашқы қазақ драма театрына басшылық жасай жүріп, ұлттық өнер ордасының сол кездегі тірлігі мен болашағы туралы үнемі ой толғап, ізгі ниетпен қалам тартып отырған.
1934 жылдың 12-18 маусым аралығында Алматыда Қазақстан жазушыларының І құрылтайы өтті. Онда әртүрлі жанрлар бойынша баяндамалар жасалып, ұлт әдебиетінің бүгінгісі мен болашағы туралы келелі кеңестер айтылып, салиқалы ой-толғамдар сарапқа салынды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ілияс Жансүгіров «Қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күйі, келешектегі міндеттері», көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақ поэзиясының халі және келешектегі міндеттері», ал, Орынбек Беков «Қазақ театры мен драматургиясының өсу белеңдері» деген тақырыптарда негізгі баян­дамалар жасады. Ал, әдебиеттанушы ғалым М. Ахетов аталмыш құрылтайдағы Мұхтар Әуезовтің «Драматургияның бүгінгі жайы мен алдағы міндеттері» атты баяндамасы Орынбек Бековтың баяндамасына қосымша ретінде жасалғанын тіліне тиек етеді (М. Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 9-том, Алматы, «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2003 жыл, 395 бет).
Ал, енді, Орынбек Беков «Қазақ театрының екі жылғы жұмысы мен ендігі беті» атты мақаласында қасиетті өнер ордасының екі жылдық шығармашылық жұмысына кеңінен тоқталып, кеткен кемшіліктері мен жеткен жетістіктерін жіпке тізгендей тізбелеп береді. Жалпы, қазақ театр өнері туралы, драматургиялық шығармалар мен актерлер қауымының шеберлігі мен мінез-құлықтары, тіпті, жүріс-тұрыстарындағы кем-кетіктер жөнінде де айтар ойын бүкпесіз ашық білдіреді. Осындай сын ескертпелерді айта келіп, халқымыздың біртуар аяулы перзенттері, ұлы сахна шеберлері – Серке Қожамқұлов пен Қалибек Қуанышбаевтарды нағыз өнер үшін жаралған жандар ретінде бағалап, олардың ойынына көңілі толатынын риза көңілмен жеткізеді. Өнер ордасының жүріп өткен жолын шиырлай келіп, өз кезіндегісі туралы былайша толғанады: «Тап осы күні қандай десек, қазақ театры тап қазір қай елдің (өзіміз секілділердің) театрынан болса да кем емес. Қазіргі кездегі артистердің жүріс-тұрысынан халық алдында өздерін-өздері қалай ұстауға жаттығып қалғандықтарын анық аңғаруға болады. Және бұрынғы желөкпеліктен гөрі білімге қарай ұмтыла бастағандықтары білініп тұрады. Биыл қыстан бері ойындар қазақ театрын тіпті өзгеше қылып көрсетіп отыр. Серке мен Қалибек, Елубай мен Абылай, әйелден Шарбан қайда салсаң да ұялтпайтын артист емес пе? Шарбан, Серке, Қалибек, Елубайларша қазақ өмірін бұлжытпай көз алдыңа келтіріп ойнайтын бұрын кімді көрдің?! Өз рөліне пысықтың бірі Құрманбек, оны тағы айтып өту керек. Исада да өзгеріс бар. Әміренің осы күнгі әні қандай? Әнді Әміредей салушы әзір жоқ секілді. Әміре көптен бері әнші, жақсы әнші. Бірақ, 25-26 жылдардағы театрдағы қалпы мен бүгінгі қалпы бір емес. Қазір ілгері өрлеп бара жатқаны көрініп тұр, біз соны салыстырып отырмыз».
Театр басшысы аталмыш мақаласында театрмен сабақтасып жатқан қазақтың ән, күй, би өнеріне қатысты да өз ойын сынамалап жеткізіп, оларды жаңа сапа мен биік деңгейге көтеру керектігін баса айтады. Театрдың бас режиссері Жұмат Шаниннің еңбегіне оң баға беріп, мәдениет ошағындағы жетістіктердің көпшілігін соның есімімен байланыстыра келіп, ендігі кезектегі атқарылуға тиісті алты міндетті көлденең тартады: «Ең алдымен артистер арасында саяси тәрбие жүргізу жұмысы қолға алынуы керек. Екіншіден, өнер жүйелерін үйреніп жүрген істерін мұнан гөрі кеңейтіп, көркейту керек. Үшіншіден, сахна аспаптарын дұрыстамай болмайды. Артистерге түрлі киім керек, ол да жеткіліксіз, бұны реттеудің қамына кірісу керек. Төртіншіден, артистерді ойын, ән туралы жаттықтырып келеді. Қазірден қолға алынатын бір жұмыс әндердің сөзін реттеу – қызды ұнату мен «қызды іздеп күндіз-түні таппайым, қойныңа алдан» басқа өлең жоқ па? Оқу комиссариаты осыған назар салып жәрдемдессін. Бесіншіден, осы керектілердің бәрі даяр болып, ойнаушылар бапсыз болса құр аспап ойнамайды. Білім тәрбиеден де басқа бап бар. Ол бап артистердің тұрмыстары, алатын ақылары, тұратын пәтерлері жайсыз-жеткіліксіз болуы олардың жұмысына өз әсерін тигізбей тұрмайды. Жаны жайлы, көңілі көтеріңкі, түрі бал-бұл жайнамаса болмайды. Қазіргі тұрмыстары, жалпы алғанда, жаман емес деседі. Бірақ, мұнан гөрі тұрмыстарын түзеу, жалпы көз салу алдындағы міндеттердің бірі».
Міне, көріп отырған шығарсыздар, жалпы, басшы атаулының негізгі міндеттерінің бірі қол астындағы қызметкерлерден темірдей тәртіп пен еселі еңбекті талап етумен бірге, олардың тұрмыс жағдайларына да көңіл бөліп, мүмкіндігінше жағдай жасау ғой. Осы тұрғыдан алғанда Орынбек Бековтың мықты ұйымдастырушы, білікті басшы болғанын, артистерді қай жағынан болсын әрдайым қолдап-қуаттап отырғанын замандас мәдениет және өнер қайраткерлерінің естеліктерінен анық байқауға болады.
Театр директорының таланттар мен дарындарға ерекше қамқорлық жасап, қо­лынан келген көмегін аямағанын сол кездегі өрімдей жас, кейіннен қазақ театр өнерінің қара шаңырағын көтеріскен бір-бір мық уыққа айналған дара тұлғалардың естеліктерінен де анық аңғаруға болады. Солардың бірі – сол кездегі уыздай жап-жас бойжеткен, уақыт өте келе қазақ өнерінің алып бір бәйтерегіне айналған ұлы актриса, Қазақстан және КСРО халық артисі Сәбира Майқанова апамыз өз естелігінде былайша тебіренеді: «Ойын басталғалы жатыр. Бір соммен театрға кірген он шақты адам ең артқы орындықтардың бірінде отырмыз. Соған да дән ризамыз. Залда халық лық толы. Бір кезде сахнаға жасындай жарқылдаған сұлу жігіт жайраңдап шыға келді. «Құрекең, Құрманбек» деп жатты сыбырласып бірлі-жарым оны білетіндер. Шынында да, концерттің жүргізушісі Құрманбек Жандарбеков болып шықты. Сырбаз да сері Қаллеки Қуанышбаев шықты. Үстіне киген үлкен жолақты әдемі де сәнді костюмі қандай! Сол кездері Қаллеки отыздың ар жақ, бер жағында. Тақпақты төпелетті-ау бір. Күләш шықты бетінен нұры төгіле, тоты құстай таранып...Тақпақтатып Серке аға шықты сахнаға. Елағаң да керемет әнші кісі екен. Камалдың жарқылдаған жас кезі, өлеңді кемеліне келтіре айтады. Жас Сейфолла – ол да қалысар емес ешкімнен. Бір кезде өзбекше шапан киіп, басындағы тақиясын ойнатып Құрекең кетті дөңгелеп. Атлас көйлегі жер сызған Шара сұлу қандай әдемі. Екеуінің жарасымын айтсаңшы. Жер тепкілеп, у-шу болып қол соғып жатқан ел-жұртта ес жоқ. Мынадай сұлу жұп көрсем, не қыл дерсіз? Халық қошеметінде шек жоқ. Театрда өтер осындай қызықтардан қалай шет қаларсыз?! Ынтызарлығым асқына, театрға келуім жиілей түсті. Күндіз-түні ойлайтыным – сахна. Оқу ойдан шығып бара жатты. Орайын қалай тапсам екен деп жүрегім лоблып жүргенде қыздар да мені қайрай түсті. «Текке толқып не керек, одан да театрға барайық та, оның басшыларымен тікелей сөйлесейік», – деп өрекпіді олар. Ақыры, айтқандарын істеді. Алда не боларына көзім жетпей, мен аласұрамын. Сонымен, аңсарым әбден қатты ауған шақта еріксіз келіп театр басшысының есігін қақтым. Өзімде өң жоқ, түс жоқ. Бұл 1932 жылдың ақпан айы болатын. Театр директоры өте сыпайы, кісіге қарағанда көзінің қиығын ғана тастайтын, аузынан насыбайы кетпейтін түсі жылы өте жақсы адам екен. Бұл – атақты Орынбек Беков ағай екен. Басы артық көп ештеңе сұраған жоқ, кәдімгідей үлкен адаммен сөйлескендей (менің қысылып отырғанымды сезді-ау, шамасы), аса салиқалы мінез көрсетті. Мен де пәлендей тәрбиелі ортадан шықпасам да, үлкен кісінің алдында өзімді барынша бекем ұстауға тырысып бақтым. Соңында ол кісі Серке ағайды шақыртып, мені оған мұқият тапсырып, оның тексеріп көруін өтінді. Әлі көз алдымда, Серке ағаның кигені галифе шалбар, аяғында өкшесі биік, қонышы ұзын қырым етік, бұйра шашы дудырап мені басқа бір бөлмеге ала жөнелді. Көңілімде үрей. Серке аға ананы-мынаны сұрап жатыр, мен шамамның келгенінше жауап беріп жатырмын. Этюд жасатты. Өлең айтқызды. Баяғы «Қараторғайды» ортасынан бастайтын әдетімнен бұл жолы да жаңылғам жоқ. Керемет болмағаны өзіме мәлім. Қойшы, әйтеуір, терлеп-тепшіп жанталаса, жағаласа жүріп, Серағаңа ұнасам керек, театрға қабылдандым. 120 сом айлық белгіледі. Шын өмір енді басталғандай. Мен келісімен 8 наурыз мейрамы да тойланып жатты. «Қандай бақыттымын!» деймін іштей шаттанып. Бақыт құшағына күмп ете түстім. Кешкілік көпшілік сахналарына қатысамыз. Екі езуім екі құлағымда. Баяғы сүреңсіз күндерімнен алыстай түскеніме ессіз қуанамын. Жаратқан қашанғы қинасын?» (Сәбира Майқанова.Ғибратты ғұмыр, Алматы, «Қазақстан» баспасы).
Міне, өмірін өнерге айналдырған ұлы актрисаның осынау шағын естелігінен-ақ Орынбек Бековтың өмірде қандай адам болғандығын шамалауға болатын шығар. Тіпті, атақты сахна шебері Қапан Бадыровтың айтуынша, театр директоры артистердің білімін жетілдіріп отыруға мүмкіндік тудыру мақсатымен қасиетті өнер ордасында үлкен кітапхана жабдықтаған екен.Сөзіміз жалаң болмас үшін тағы бір мысал келтірейік. Орынбек ағамыз Қазақстанның халық артисі, атақты әнші Жүсіпбек Елебековті де ауылда қой соңында салпақтап жүрген жерінен Алматыға алып келіп, өзі басшылық ететін қазақ драма театрына қызметке қабылдап, талантының жарқырай ашылуына мол мүмкіндік тудырып, барлық жағдай жасаған. Егер, О. Беков болмаса, құдіретті әншінің өмірбақи қой соңында салпаңдаумен өмір өткізіп, бойындағы Құдай берген дарынын қор қылуы әбден мүмкін ғой. Алматыдағы Мемлекеттік мұрағатта Жүсіпбек Елебе­ковтың өзі жаздырған орыс тіліндегі өмір­баяны сақталған. Оны осы мақаланы жазу­ға дерек іздестіру мақсатында аталмыш мұрағатқа барып, өз көзімізбен көрдік. Сонда, Жүсіпбек Елебеков өзінің қай жерде туып, қандай қызметтер атқарғанын жіпке тізгендей айта келіп: «1931 нанялся перегнать баранов на базар «Кызыл-Жар» где встретился с директором Каздрамтеатра который был командирован на мясозаготовке. Последний пригласил ехать с ним в Драмтеатр гор. Алма-ата и я охотно поехал. В Драм. театре работал с 1931 по 1935 год. В 1935 году перешел на работу в Казгосфилормонию, где работаю и посие время» – деп тайға таңба басқандай анық жаздырған. Ал, белгілі өнертанушы, талантты әнші Ерлан Төлеутай өзінің «Жүсіпбек Елебеков» атты ғұмырнамалық хикаятында аса көрнекті өнертанушы, академик Ахмет Жұбановтың тұмса дарын Жүсіпбек Елебековті театр директоры Орынбек Бековтың өзі барып, мамыр айында алып келгенін жазғанын тіліне тиек ете келе, оны әйгілі әншінің жан жары Хабиба Елебекованың «Ән қанатында» атты кітабында қуаттағанын айтады. Шынында да солай, ол кітапты өзіміз де оқып шықтық. «1931 жылдың май айының орта шені болатын. Аудан орталығынан арнайы келген хабаршы жігіт Төлеубек: «Жүсіпбек, сүйінші, сені Алматыға әкететін болды» – деп басындағы тымағын аспанға атты. Жүсіпбек ештеңесіне түсінбей, жаутаңдап жаңағы жігітке қарай береді. «Жүр, тез жинал, кеттік» – деп үсті-басына бастырмалатып жатыр. Жүсіпбек сүйіншінің мән-жайын түсіне қоймаса да, Алматыға әкеткелі жатыр деген сөзден жолы түсіп тұрғанын сезіп қуанды.
Алматыда театр ашылғаны, өзі білетін Әміре, Иса, Қалибектер сияқты өнер санлақтарының жиылған ордасы сол театр екені мәлім еді. Жүсіпбектің арманы сол театрда жұмыс істесем, азды-көпті бойымдағы барды елімнің игілігіне тарту етсем деп қиялдайтын. Енді, сол арманына, шынымен жеткені ме? Жоқ, әлде мына жігіт жай-әшейін әжуалап тұр ма деп, тіпті, анығын сұрауға батылы бармай, тілі тұтығып үндей алмай қалады. Әлгі жігіт: «Өй, саған не болды? Тіпті, өзің қуанбайсың ғой. Барасың ба, жоқ па?» – деп Жүсіпбектің қолынан жұлқылайды. Жүсіпбек сонда ғана барып есін жиғандай: «Келген кім? Ол кісі саған не деп айтты?» – деп сұрай бастайды.
«Қазақ мемлекеттік драма теа­тры­ның директоры Орынбек Беков деген кісі сені сыртыңнан біледі екен. Және де Әміре, Иса, әсіресе, Қалибек көп айтушы еді дейді. «Егер, баратын болса біржола келсін, ертең ерте жүреміз!» – деп, Орынбек Бековтың сөздерін айта бастады» – деп еске алады өзі де ғажап актриса, бүгінде көзі тірі Хабиба апамыз.
Міне, сол жолы Орынбек Беков Жүсіпбекті арман қала – Алматыға алып келеді. «Алматыға барған күні Жүсіпбек Орынбек Бековтың үйіне түсті. Театр директоры Совет көшесі мен Карл Маркс көшесінің (қазіргі Әйтеке би мен Д. Қонаев көшелерінің қиылысы) түйіскен жерінде тұрады екен. Орынбек Жүсіпбекті театрмен, оның артистерімен таныстырды. Бұрыннан таныс-біліс Әміре, Иса, Қалибектер Жүсіпбекті құшақ жая қарсы алды. Мұнда ол Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов сынды кәнігі артистердің ойынын тамашалап, олармен танысып-білісіп жақын араласып кетті. Көп ұзамай Орынбек Беков Жүсіпбекті театрға қабылдау үшін тыңдау сынағын ұйымдастырады. Жүсекең орындайтын әндерді Қалибек хабарлап тұрды. Ә дегеннен Біржан салдың әнінен бастаған Жүсіпбек Жарылғапбердінің «Ардағы», Ақан серінің «Майдақоңыры», Естайдың «Жайқоңыры», Жаяу Мұсаның «Сапары», халық әні «Сұржекей» сияқты әндерді айтты. Бұл 1931 жылдың 20 мамыры еді. Сол күннен бастап Жүсіпбек Елебеков Қазақ драма театрына әртіс болып қабылданды» (Е. Төлеутай. Жү­сіпбек Елебеков. Алматы, «Өнер» баспасы, 2013 жыл, 53 бет).
Міне, Орынбек Беков сынды жанашыр ағаның жетелеп әкелуімен қасиетті мәдениет ордасына орналасқан жас өнер­паздың кейіннен қайталанбас дара тұлғаға айналып, өнер көгінде жарық жұлдыздай жарқырағанын айтпай кетсек қиянат болар еді. Ал, тау тұлғалы азамат тек Сәбира Майқанова мен Жүсіпбек Елебековке ғана емес, сол кездегі сахна шеберлерінің қай-қайсысына да қолынан келген көмегін жасап, өнердегі жолдарына бағыт-бағдар сілтеп отырған. Қарымды қаламгер Төрехан Майбас Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жазған мақаласында « – Айхай да айхай, айхай... Бұл Арқа әншісінің әлқисасы немесе қайырмасы. Осыдан тура жарты ғасыр бұрын естігем. Туған жерім Ақшатау сахнасында. Қазақтың Жүсекесінің аузынан... Мен ол тұста он жастағы баламын. Бала да болсам, қолға түсе бермейтін қадірменді қонақтың келгенін бар жан-дүниеммен сезінемін. Ақшатау топырағына сонау 1964 жылы қазақтың біртуар әншісі Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков келген еді. Жүсекең сол кездің өзінде де Жүсекең болатын. Елдің ол кісіге деген құрметі бөлек еді. Қазір ойлап отырсам, 60 жасқа толған мерейтойына орай гастрольдік сапарға шыққан екен. «КАВЗ» деген автобуспен жүрді. Біз үшін одан өткен көлік жоқ болатын. Жүсекең сол жолы оншақты ән шырқады. Заманында Жүсекеңді ауылда жүрген жерінен Бектің Орынбегі алдырған екен. Ал, Орынбек Беков осы елдің тумасы болатын. Жүсекең сол жолы Орынбек бабамызға деген алғысын жерлестеріне әнмен жеткізген еді» – деп сағынышпен еске алады.
Сол алыптар тобының белді мүшесі, режиссер, драматург, әнші-актер, Қа­зақ­станның халық артисі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Қанабек Байсейітовтың естелігінде де Орынбек Бековтың өмір жолына қатысты бірқыдыру дерек-дәйектер бар: «1930 жылы драм­театрға директор болып Орынбек Беков келді. Жұмат бас режиссер болды. О. Беков бізге облыстық «Тілші» газетіне редактор болып тұрған жерінен ауысты. Ол кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында талай айтыс-тартысты басынан өткізіп ысылған, әрі іскер, әрі шешен адам еді. Сол кез үшін оның білімі де аса жоғары болатын. Мысқылшыл, қу тілді кісі еді. 1919-22 жылдары Спасск ревкомында және Совдепте төрағалық етіпті. Оның мінезінде сол жылдарға тән бірбеткейлік те, өткірлік те, анда-санда байқалып қалушы еді. Ол келе сап театрда қатаң тәртіп орнатуға кірісті, өнер адамдарының кейбір еркіндеу жүріс-тұрыстарын ұнатпады, саяси сауаттану мәселесіне қатты көңіл бөлді. Онымен Жұматтың, Құрманбектің арасы келгеннен-ақ қиюласпады, әлсін-әлсін шекісіп қалып жүрді. Қатты ашуланған кезде Орынбек бір рет алтыатарын жұлып ап Құрманбекті атам дегенге де барып еді. Біз Орынбек екеуміз бірден тіл табысып кеттік, оның сөздері, талаптары маған дұрыс көрінді, сондықтан мен оны ашық жақтайтынмын. Оның батыл принциптері, қайтпастығы ұнайтын.
...1932 жылдың жазында Орынбек Беков спектакль жазуға үш кісіге тапсырма берді. Бірін – Мұхтарға: Д. Фурмановтың «Бүліншілігі» бойынша пьеса жасауың керек деді оған, екіншісі – Ілиясқа: Түркістан – Сібір темір жолының салынуы жайында, үшіншісі – маған: колхоз өмірі тақырыбында пьеса жазуға тапсырды. Үшеумізге екі ай демалыс берді. Медеудің астындағы санаториядан бізге арнап үш үй тіккізді, сонда жатып тапсырылған пьесамызды жаза бастадық. Күндіз бас алмай жазамыз, кейде түнде бөлмемізде, кейде түс қайта жотаға шығып алып жазғанымызды бір-бірімізге оқып береміз, кеңесеміз. Екі айда: шілде, маусымның ішінде бір-бір пьеса бітіріп қайттық. Театрдың худсоветі талқылап, үшеуміздің де пьесамызды кейбір сын ескертпелермен қабылдады».
Бұл кезде Мұхтар Әуезов аталмыш театрда Әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейтін. 1930 жылдың 17 қыркүйегінде тұтқындалып, 1932 жылдың жазында «Ашық хат» жазып, абақтыдан әрең босап шыққан атақты жазушыны ешкімнен қорықпай театрға қызметке қабылдаған да, драматургиялық шығармалар жазуына жағдай жасап, үнемі қолдап-қуаттап отырған да Орынбек Беков болатын. Бұны үлкен ерлік деп бағалауға да әбден болады. Бұндай батыл қадамға Орынбек Беков сынды батыр, қайтпас қайсар, бірбетпей, ештеңеден тайсалмайтын жүректі жандар ғана бара алатын. Сол бір аласапыран уақытта мойнына қоңырау байланған Мұхтар Әуезовты қызметке алмақ түгіл, жақын жүрсек пәлесі жұғып кетеді деп одан сырт айналған адамдардың да болғанын білеміз. Міне, әйгілі қаламгер осы жылдары драматургиялық шығармалар жазуға құлшына кірісіп, жемісті еңбек етті. «Айман – Шолпан», «Хан Кене», «Қаракөз», «Еңлік – Кебек», «Тартыс» се­кілді драматургиялық туындылары осы театрда бірінен соң бірі кедергісіз қойылып жатты. Драматург үшін бұдан артық қандай жақсылық болуы мүмкін.
Мұхтар Әуезовтың алғаш театрға келуін әйгілі сахна саңлағы Сәбира Майқанова былайша еске алады: «Бір кезде бір топ кісі кіріп келді. Өнер иелері орындарынан тұрып, қонақтарды қол шапалақтап қарсы алды. Келген кісілердің бәрі де байсалды. Мұхаңды халыққа таныстырды. Үлкен ағаларымыз қатты қуанышты. Бәрі де Мұхаңды құрметтей мадақ сөз сөйлеп, ол кісіні жылы қарсы алып жатыр. Дуылдаған халықты тыныштандырып, театрдың директоры Орынбек Беков ағай сөз сөйледі. Ең аяғында сөз кезегі Мұхаңа тиді. Мұхаңның жігіт кезі. Сөзі қандай парасатты, өзі қандай сыпайы. Бұл кісідей мәдениетті, білімді адамды бірінші көруім. Сол күннен бас­тап, Мұхаң ортамызда жүрді десек те болады. Қол жетпейтін кісімен істес болдық деп біз қуандық. Не деген бақыт десеңізші! Театрдағы жастардың бағы жанды. Қамқор сөз, рухани көмекке жарып қалдық. Мұхаң қандай үлкен адам болса-дағы қарапайымдылығынан, кіші­­пейіл­дігінен айнымайтын кісі екен. Мұ­хаңмен бір шаңырақтың астында өткен біраз жылдар біздерді едәуір есейтіп тастады».
Мұхтар Әуезов пен Орынбек Бековтың өте жақсы қарым-қатынаста болғанын осының өзінен-ақ анық байқауға болатын шығар. Екеуі театр өнері мен драматур­гияның болашағы туралы үнемі ойласып, ақылдасып-кеңесіп отырған. Соның негізінде көптеген шешімдер қабылдаған. Орынбек Беков басшы, Мұхтар Әуезов қосшы болып талай-талай жақсы істердің басы-қасында жүрді, көптеген түйінді мәселелердің арқандай тарқатылуына мұ­рындық болды. Сондықтан да, сол жылдары қазақ театр өнері мен драматургиясы өркендеп, жаңа бір белеске көтерілді. Бұған аталмыш қос қайраткердің қосқан үлесі өлшеусіз.
Орынбек Беков пен Мұхтар Әуезовтың бірігіп «Қазақстан мемлекет театрының жеті жылдығы және алдағы міндеттері» атты мақала жазғанын көзіқарақты оқырман білуге тиіс. Бұл мақала кезінде «Социалды Қазақстан» газеті мен «Әдебиет майданы» журналдарында жарияланған. Онда авторлар қазақ драма театрының жеті жылда жеткен жетістіктері мен кемшіліктерін жіпке тізгендей тізбелей көрсетіп, алдағы міндеттеріне кеңірек тоқталады. Театрдың сол тұстағы тыныс-тіршілігін, өсу, даму жолдарын, драматургия, маман, актер, режиссер, репертуар мәселелерін де назардан тыс қалдырмаған. Енді, осы мақаладан қысқаша үзінді келтірейік: «...Театр осындай репертуар, осындай негізді жол, беттеген өріс пен өзінің бетін аша барып, нық қалып пен қашық үлгісін, театрлық мектебін белгілеу керек. Бұл жөнде жақын келешекті сөз қылсақ, біздің театр әзірше жеке жайылыс тауып, жекеше бір түр шығарамын демейді. Біз әзір оқу дәуіріндеміз. Бұл кезімізге ең қолайлы жол, Ресейдің төңкерісшіл театрларының ішіндегі ірілерінің бірен-саранын алып, солардың үлгі ұстаздығына ілесіп көру шарт болады. Әрине, бұл үлгі құр көзді жұмып байланып кетуде емес. Қазақ театрының ұлттық тұрпатын сақтай, өсіре отырып, үлгі алу болады.
Қазақстан астанасының, қала берсе бар Қазақстанның бірден-бір театры осы болғандықтан, бұл өзінің жаңағы үлкен өрісімен қатар тағы бірнеше үлгілерді ала жүргізу керек болып отыр. Мысалы, бізде жастар-балалар театры жоқ. Бізде жеке опера, оперетта, музыка, комедия театры, я болмаса ұсақ түрлер театры жоқ» – дей келіп, сондықтан, әзірше осының бәрін бір шаңырақтың астына үйлестіру керек болып отырғанын, болашақта оларды бөліп, әр бағытта жұмыс істейтін театрлар ашу керектігін мәселе етіп қояды. Сонымен бірге, кезек күттірмес толғақты бес мәселе төңірегінде сөз қозғап, соларды шешу жолдарын көрсете келе, былайша ой қорытады: «Жалпы алғанда қазақ театры өзінің қысқаша тарихында бүгінгі күнге дейін ықылас, көңіл, көмек ортасында бұрын істеп көрген емес, басқа жағынан алғанда театр өсетін, көрнекті жеміс беретін өрісіне енді шығуға беттеді».
Міне, Беков пен Әуезов көтерген осынау толғақты мәселелер көп кешікпей-ақ шешімін тауып, жастар мен балалар, музыка, опера және балет театрлары бірінен кейін бірі көрермендерге есігін айқара ашады. Театр мамандарын даярлау, олардың шеберлігін шыңдау, өнер ордасының мұрағатын жабдықтау, оркестр құру, сыни мектепті қалыптастыру сынды кезек күттірмейтін көкейтесті мәселелер де іле-шала мемлекеттік тұрғыдан қолға алына бастады. Қос арысымыздың ауыздары қаншалықты дуалы болғандарын осыдан-ақ көруге болады. «Классикалық зерттеулер» көп томдығының «Қазақ театртану ғылымы (қалыптасу кезеңі)» атты сегізінші томының алғысөзінде зерделі театртанушылар: «Осы тұрғыдан келгенде қазақ кәсіби театры мен ол саланы зерттеп жазатын ұлттық театртану ғылымы XX ғасырдың бірінші жартысында пайда болды. Ұлттық театрдың алғашқы қадамынан бастап қалыптасу жылдарында жаңа сахналық өнердің бағыт-бағдарын түзеуге, дамуына соны серпіліс беруге көрермен талқысына ұсынылған спектаклдер жайлы жазылған сын пікірлер мен рецензиялық мақалалар маңызды рөл атқарды. Бұған ұлттық мәдениетке қатысты тұлғалар, оның ішінде Алаштың ардақты тұлғаларының қосқан үлесі зор болды. Дер кезінде заманның озық ойлы оқыған азаматтары Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Орынбек Беков, Смағұл Садуақасұлы, Жұмат Шанин, Темірбек Жүргенов, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов, Есмағанбет Ысмайылов, Бейімбет Майлин, Шахмет Хұсайнов, Ысқақ Дүйсенбаевтар т.б. секілді тұлғалардың еңбектерінде қазақ театр өнерінің тынысы, теориялық және практикалық мәселелері сараланды» – деп орынды атап өткен. (Классикалық зерттеулер. Көп томдық. 8 том. Алматы, «Әдебиет Әлемі» баспасы, 2012 жыл. 3 бет)
Замандастарының естеліктерінің бәрінде де Орынбек Беков айтқанынан қайтпайтын, намысты қолдан бермейтін қайсар жан ретінде суреттеледі. Оның азамат соғысы жылдарында да, бейбіт күнде де жасаған ерліктері жетерлік. Мәселен, ол 1923-28 жылдары Қарқаралы уездік милициясының бастығы болады. Сол жылдары қарапайым халықты қан қақсатып, аш қасқырдай талаған қандықол қарақшылар Дорошенко мен Зайцевтің бандысын қалай талқандағанын зерделі зерттеуші Ерлан Төлеутай келістіре жазған.
Ел ішін ала тайдай бүлдірген шаш ал десе бас алатын баскесерлерді ұстау үшін Орынбек Бековтың өзі белсеніп шығады. Сенімді серіктерін ертіп желе жортып келе жатқан ол Айғыржал ауылында қылыштарын ой­натып, тұрғындарын қорқытып-үркітіп, талап-тонап жүрген Зайцев пен Дорошенко бандысының тап үстінен түседі. Орынбек ағамыз аюдай ақырып келіп, қоян-қолтық айқасқа кіріп кетеді. Доршенкоға жаралы жолбарыстай атылып барып, мылтығын кезенуге де үлгертпей, жуан жұдырығымен ұрып мұрттай ұшырады. Сөйтіп, сол маңайды үрей мен қорқынышта ұстаған қандықол қарақшылар құрықталып, Қарқаралы абақтысына қамалады. Қарақшылардың атаманы ату жазасына кесіліп, арттарына ерген қосшылары қатаң жазаланады. Осыдан кейін сол маңайда тыныштық орнап, ел Орынбек Бековке алғыстарын айтып, риза болысады. Бұл аласапыран уақыттағы бір көзсіз батырлығы болса, бейбіт күндегі бір ерлігі ше?..
Бейбіт күндегі ерлігін айтар болсақ, бойында қазақтық қаны тулап жатқан Орынбек Беков 1934 жылы Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасын сахналауды ойластырады. Алдымен Оқу комиссары Темірбек Жүргеновке өз ойын дәлелдеп, келісімі мен рұқсатын алады. Ол бұл қойылымға ерекше мән беріп, маңыз артып, үлкен жауапкершілікпен кіріседі.
«Хан Кене» спектаклі 1934 жылдың мамыр айында қойылды. Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Михаил Григорийұлы Насонов болатын. Алматыдағы Орталық архивтегі 1148 қордың 1 описіндегі «Казахский Драматический театр: Автобиография сотрудников театра» деген 23-інші ісінде оның өз қолымен жазылған өмірбаяны бар. Сонда режиссер «С 33-го года работаю в Казахском государст. Драмат. Театра. Постановлении пьесы: «Еңлік – Кебек», «Хан Кене», «Турксиб», «Тастүлек», «Қызыл сұңқарлар» и др» – деп ағынан жарылады.
Спектаклде Кенесары ханды – Қалибек Қуанышбаев, Наурызбайды – Елубай Өмірзақов, Бопайды – Мәлике Шамова, Кәрібозды – Қапан Бадыровтар ойнайды. Орынбек Беков бұл спектакльден ерік-күшін де, қаражатты да аяған жоқ. Ғажайып бір өнер туындысын жасағысы келді. Жасады да. Киімдері де, декорациясы да керемет болды деседі көзкөргендер. Тіпті театр директоры цирктен осы қойылым үшін арнайы ақбоз ат алдырыпты. Оны Наурызбай батырды ойнаған Елубай Өмірзақов мініп, сахнаға атойлап шыға келгенде көрермендер орындарында отыра алмай, жауға қоса шаба­тындай тегіс тұрып кетіпті. Бұл туралы атақты жазушы, белгілі әуезовтанушы Тұрсын Жұрт­баевтың «Бұзылған бесік» атты моно­гра­фиясында егжей-тегжейлі жазылған. Аталмыш қойылымда жас сәбилердің бірі болып ойнаған Қалибек Қуанышбаевтың қызы Бақытжамал апамыз былайша еске алады: «Тұңғыш рет спектакльге арналып арнайы киім тігілген қойылым – «Хан Кене» спектаклі. Қалибек – Кене, Елубай – Наурызбай, Жүсіпбек – ақын бейнесінде ойнады. Сонда, жаудан түскен олжаларды көрсеткенде балаларды бұршаққа тізіп өткізетін көрініс бар. Театрдың директоры Орынбек Беков соған барлық актерлердің балаларын қатыстырды. Күләш Байсейітованың сіңілісі Рыстай да бар. Көрермендердің кейінгі айтуына қарағанда, ол көрініс сондай әсерлі, аянышты шыққан көрінеді. Әке-шешемізге еліктеп, өзімізше тырысып, айтқандарын бұлжытпай сахнада ойнайтынбыз. Осы спектаклде сүйекпен, алтынмен өрілген шаңырақ есімде қалыпты. Әкем Қалибек ауылға барғанда Сәдірбек байдың күміс белбеуін, кісесін, алтын зерлі бақанын, қасқыр ішігін алып келген. Сол пайдаланылды».
«Хан Кене» қойыла салысымен бұршақ­тай жауған сынның астында қалды. Айтыс-тартыс тым күшейіп кетті. Сынды басқа емес, айтулы қаламгерлердің өздері бастады. Алғашқы болып классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов қорамсаққа қол салды. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы 24 және 26 мамырдағы сандарында жарияланған «Хан Кенені» қалай түзету керек» мақаласында: «Театрымыз «Хан Кенені» алтынмен аптап, күміспен күптеп, мұны бір айтақаларлықтай етіп шығаруға бар күшін салған сияқты еді. Бірақ, жұртшылығымздың күткен жерінен шығара алмаған. «Хан Кенені» шу деп сахнаға шығарғанда театр да, оқу комиссариаты да асығыстық істеді. «Хан Кене» жайындағы ойласуды керек ететін пікірлерге құлақ аспады. Көрер көзге-ақ басқа пьесаларды ысырыңқырап қойып, «Хан Кенемен» бір жарқ ете түскісі келді. Орынбек жолдас осы «Хан Кене» арқылы театрдың бағытын, жолын белгілеймін дегенді талай-ақ айтып жүрді. Төңкерісшіл театрдың бағыты мен жолын «Хан Кене» арқылы, «Еңлік – Кебек» арқылы белгілеймін деудің өзі қате болатынын ұғынғысы келмеді. Біздің драма театрымыз өзі-өз болғалы ескі пьесаларды жаңа пьесалардан анағұрлым жақсы қойып келеді. Мұның өзі біраздан соң театрды кейін тартатын, ескі тұрпаттарды (образ) пайымдап, жаңадан қашықтата беретін нәрсе болып шығатынын ескермеді. Өйткені, жаңа пьесалардағы жаңа қарым-қатынастарды, жаңа адамдарды тереңдетіп көрсетуге талпынудың орнына ескі шаңдақты шыңдай беру, театрды ілгері сүйремейді. Театрдың шеберлігі «Түрксиб», «Майдан», «Тартыс», «Талтаңбай» секілді пьесаларға салынып, театрдың бағытын, жолын осылар арқылы белгілеу керек. Театрдың жолын белгілеу деген – саяси мәселе. Жеңіл қарауды көтермейтін мәселе. Мұны белгілеу театрдың өз қолында ғана емес» – деп тарпа бас салды. Онымен де қоймай, «Театр «Хан Кенені» қоюда сүріне қалса, ол әншейіндегі ұшыраса салатын жеңіл сүріну емес. Мойынға қаупі бар, мойын үзілу қаупіне ұқсас сүріну болатынын ұғынбады» – деп аса қатқыл ескерту жасайды. Оған іле-шала атақты ақынымыз Сәкен Сейфуллин қосылып, спектакль туралы өзара сынды одан әрі өрістете түседі. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы маусымның 10 және 11 күнгі сандарында жарияланған «Хан Кене» туралы» мақаласында: «Хан Кене» пьесасындағы көрсетілетін адамның ішіндегі ең бастысы, әрине, Хан Кененің өзі. Ал, бұл Хан Кене (яки Кенесары) пьесаның басынан аяғына дейін күшті, қайратты, «қиырға көз салған» ер болып суреттелген дедік. Және «қиырға көз салған» ер болып суреттелгенде, ұлтшыл, «қазақшыл», «халықшыл», «отаншыл» ер болып суреттелген. Міне, пьесаның бұл арасы қарап отырған аңқау жұрттың көбін нандырып, Кенесарыға мүлде тартып әкетеді. Пьесаның негізгі мәні Кенесарының осы «сыры» болып шығады. Ал, бірақ, біздіңше, Кенесарының ең шын сыры – социалдық тапшылдық сыры бұл емес, оның шын сыры хан болу. Мұны театрдың бастықтары да, жазушының өзі де айтады. Бірақ, театрда көрсетілгенде пьесаның негізгі мәні Кенесарының әлгі өзі айтқан «халықшылдық сыры» болып шыққан. Ал, пьесаның негізгі «сыры» солай болып шықса, пьесада суреттелген ең басты адамдар: Кенесарының өзі мен оның қарындасы Бопай және Наурызбай үшеуі болса, мұның үшеуі де басынан ақырына шейін үлгі болғандай қаһарман болса: бірі қиырға көз салған «халықшыл» қайыспас батыр болса, бірі – «әйел болса да ерден артық» ақылды әмірші, көсем ер қыз болса, бірі – қылшылдағын алмас қылыштай, қайратына ие болмаған, қарсы келген өлімнен кірпік қағып жасқанбайтын батыр болса, – міні, мұндай пьеса аңқау жұрт арасында хандарды, ханның балаларын, олардың сондай болып көрінген «қасиеттерін» құрметтеп, үлгі қылатын сезім туғызса, – және олардың жауласқан жауы жеңілсе екен деген сезім туғызбай ма? Айналып келгенде, ол сезім жат сезім, ұлтшылдық сезімі емес пе?.. Міне, осының бәрін қосып алғанда «Хан Кене» пьесесі бір-біріне жалғасқан сезім мен ұлтшылдық сезім туғызатын пьеса болып шыққан» – деп қойылымның кемшіліктерін санамалап өткен. Әйгілі ақынымыз Ілияс Жансүгіров те бұл айтыстан сырт қалмай, өз ойын баспасөз бетінде ашық білдіреді. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы маусымның 12 күнгі санында жарияланған «Қата қайда?» мақаласында: «Қазір «Хан Кене» айналасында әңгіме бас көтерді. «Хан Кене» қазақ театрының қойылуында – құлаған пьеса. Сахнадан тоқтатылған. Кеңеске түскен. Пьесаның кемшілігі айтылған. Пьесаны қайта түзетуге ұйғарылған. Жазушының да, қоюшының да қатесі көрсетілген. Бірақ, театрдың директоры Орынбек жолдас «Хан Кене» туралы қатаны анық мойындағысы келмейтін көрінеді. «Оқу комиссариаты болсын, өзге болсын, біздің дұрысымызды бұрыс етуге ұмтылады» – дегендей ойы бар. «Хан Кенені» түзету туралы пікірді қарсы алудың орнына не қыртыстанып қиқайып қалу, не бет тырнасқа белсеніп дайындалуы бар. Бұл «Хан Кенені» сөз қылған мәжілістегі сөзсіз қалуы мен «Лениншіл жас» газетіндегі соңғы мақаласынан көрінеді. Бізге өзара сын бір-бірімізді мінеу үшін, мүйіздеу үшін емес, мынау үшін: «Өз ара сын қатаны түзету үшін, кейіндеп қалуды, мәдениетсіздікті жою күресінде, жауға қарсы күреске көпшілікті қаруландыру үшін керек» (Мырзаян). Бірақ мұны Орынбек орындағысы келмейді. «Хан Кене» нашар қойылды дегеннің бәрін шаншу көретіндігі анықталайын деді. Осыдан Орынбектер «Хан Кене» туралы айтылған пікірді, жасалған сынды төмендеткісі келе ме деген ой көңілімізге келеді.
...Мұнда оқу комиссариатының бұрынғы көркем өнер секторында болған Ғабиттің, оқу комиссары Темірбектің – драм театрдың ішіне кіре араласпай бойын аулақтатуының не екендігі бізге түсініксіз. Бұл жолдастарға драм театрға салқын қарағандығы, не театр директоры Орынбектің өз білермендігі болу керек. Екінің бірі.
Ал, әңгіме көтерілген «Хан Кенеге» келейік. «Хан Кене» Мұхтардың бізге келгенше жазылған пьесасы. Бұл пьеса – Мұхтардың бұрынғы байшыл, ұлтшылдық көзқарасымен жазылған пьесасы. Мұхтар бұл пьесасында да бұрынғы пьесалары «Еңлік – Кебек», «Қаракөздердің» сарынымен қазақ елінің ескілігін арман қып, ескі хандардың жұрнағы «елім» деген ұлдарын, Кене хандардың өлімін, қаһармандығын мұраттаған, жоқтаған пьесасы. Ал, «Хан Кенені» театрдың мына қойысында – пьесаның сол ескі құрылысы, уақиғасы, сөздері барлығы да сол бұрынғы күйінде қалды. Оны дәлелдейтін сөздер Ғабит мақаласында жақсы келтірілген. Бұл пьесаның бастапқы негізгі мақсаты – идеясы бұрынғы күйінде қалды деген сөз. Театрдың Мұхтардың пьесасының ескі құрылысына тиместен апарып қойған біраз жаңа жамаулары (кедейлері, кемпірлері) жабыспады. Қайта жамау екені жақсырақ көрінді. Міне, бұл «Хан Кенені» қоюдағы театр мен жазушының басты қатасы еді. Бұл қатаны Орынбек мойындап қоюдың орнына, қатаны айтушыларға құлағын жымыртатыны – қатаны қарсылыққа айналдыруға талап ету сияқты.
Театр өз ойынымен пьесаның жаман жарасына пышақ сұқты. Театрдағы шынайы артистер бізге қарсы адамдарды жақсы ойнап, бізге дос деген адамдарды артист емес, қарапайымдар ойнаумен ойсыратып жіберді. Бар жақсылық (ән, киім, салтанат, сырлы сөз, мұң, боз ат, ерлік) Кене – Наурызбайлардың басына үйіліп-төгіліп, қара бұқара дегендер жиіркеніш көрінді. Театрдың бұл қылығы пьеса қойылуда өз тілегенін алды. Көруші көпшілік төрелерге қынжылып, кемпір, жетімдерді көргенде селт етуге жарамады. Сондықтан, «Хан Кененің» ойыны біздің пайдамыздың ойыны болмай шықты. Сахнадан тоқтатылған себебі сол. Енді түзетіліп қойылсын делінді. Ал, «Қалай түзету керек» деген әңгімені Ғабит көтеріп еді, «Хан Кене» қазір қып-қызыл дауға айналды» – деп ойындағысын бүкпесіз жайып салады.
Әрине, жан-жақтан сілтенген таяқтың бір ұшы сол кезде Оқу-ағарту комиссары болған Темірбек Жүргеновке де тиіп жатты. Өйткені, Орынбек Бековтың айтқанына илігіп, «Хан Кенені» сахналауға келісімін берген осы аптал азамат болатын. Сондықтан да, сын мақалардың бәрінде де Темірбек Жүр­геновтың аты аталып, «кінәсі» мойнына қойылып жатты. Әрине, Оқу ағарту комиссары да қарап қалған жоқ, өткір сындарға нақты жауабын берді де. «Казахстанская правда» газетінің 1934 жылғы 12 маусымындағы санында жарияланған «О пьесе «Хан Кене» и ее критиках» жауап хатында сыншылардың өз қателіктерін бетіне басып, нақты дәлелдермен ақталғандай болады. Әсіресе, Ғабит Мүсіреповтың қамшыны артығырақ сілтеп жібергенін айтып, оның өзіне дүрсе қоя береді: «Біз бұл мақаламызда «Хан Кене» пьесасының бар кемшілігі мен Мүсірепов жолдастың мақаласындағы бүкіл қате көрсетінділердің ақ-қарасын айыруды мақсат етпейміз» – дей келіп, Ғабит Мүсіреповтің Мемлекеттік театр мен Муз студияның көркемдік-саяси кеңесінің төрағасы екенін есіне салып, театр мен репертуарға жауап беретін адамдардың бірі өзі екенін ұмытпауын ескертеді. Сондықтан, бұған «Ғабит Мүсіреповтың өзі де кінәлі» деп, өз басын арашалап алмаққа ұмтылады. Сөзінің аяғын «Әуезов жолдас өзінің идеялық қателігін мойындаса жақсы болар еді» деп түйіндейді. Біз Темірбек Жүргеновтың аталмыш мақаласынан «Хан Кене» мен Мұхтар Әуезовты сипай қамшылай отырып, қалайда ақтап алуға тырысқанын байқадық.
Міне, осылай бұл айтыс-тартыстың нүктесін Темірбек Жүргеновтің өзі қойды. Егер, Оқу-ағарту комиссары қолдап-қуат­тамағанда, ара ағайындық танытпағанда «Хан Кене» спектаклі түгілі, Орынбек Беков пен Мұхтар Әуезовтың тағдыр-талайлары не күйге ұшырайтынын болжап білу қиын еді. Иә, әрине, бұл айтыс-тартыстан театр басшысы да, пьеса авторы да сырт қала алмады. Орынбек Беков «Сыншылар біздің дұрыс ісімізді бұрыс етіп көрсетуге тырысады. «Хан Кенені» біз өзіміз білерменденіп ешкімге айтпастан, ақылдаспастан қоя салған жоқпыз. Бәрінің де алдынан өткенбіз, кеңескенбіз, жөн сұрасқанбыз. Енді келіп түк білмегендей бола қалмаңдар. Наркомпрос репертуарға бекіткен, Крайком кісілері «қойыла берсін» деп келісімдерін берген, Құтсобет кеңеске салған пьесаны қалай білмейсіздер. Ақыл-кеңестеріңіз болса, спектакль қойылғанша неге айтпадыңыздар? Қайда қалдыңыздар, қайда жүрдіңіздер? Енді келіп араша талайсыздар. Хан Кене мен Наурызбайды неге еңбекшілердің дұшпаны етіп көрсетпейсіңдер дейсіздер, осыны түк түсіне алар емеспін. Шынымен де Кенесары хан мен Наурызбай батыр еңбекшілердің дұшпаны ма? Тіпті, керек десеңіздер, пьесаның тарихқа келетін жағын жазушы да, театр да ойлаған жоқ. Оны бізден талап ету дұрыс болмайды. Біле-білсеңіздер, бұл өнер туындысы. Оны қалай жазамын десе де автордың өз хұқығы, ал қалай қоюды театр өзі шешуі тиіс» – деп өз ұстанымын айқын жеткізеді. Ал, Мұхтар Әуезовтің бір рет аузы күйгені бар, ашық айқасқа бел шешіп кірісе қоймайды. Тек «Сынайтын кісі пьесаның осы жазылған күйінде қалай түзетуді көрсетсін. Ал, пьесаның бойында жоқ тарихты, тарихи қозғалысты сөз қылғандар сынаған болмайды. Бұл ғылыми зерттеу еңбек емес, көркем шығарма, сондықтан «Хан Кенеден» тарих дәметуге болмайды» деген кесімді сөзін ғана айтады.
Міне осы айтыс-тартыстардың өзінен-ақ «Хан Кененің» басындағы хәлді анық аңғаруға болатын шығар. Театр басшысы Орынбек Бековтың ерекше күш-жігерінің арқасында керемет сахналанған «Хан Кене» спектаклі тұсаукесер қойылымы өте салысымен репертуардан алынып тасталды. Қанша рет қойылғанын тап басып айту қиын, бірақ, куәгерлердің айтуынша бірнеше мәрте сахналанып, көп адам көріп үлгерген. Оны аталмыш спектакльде Наурызбай батырдың көркем бейнесін кейіптеген атақты сахна шебері Елубай Өмірзақовтың мына сөзінен де анық аңғаруға болады: «Жабық талқылаудан кейін пьеса қабылданбайды деген соң біз, артистер Темірбекке жалындық. «Тым болмаса киім-кешекке шығарған шығынымызды өтеп алайық, екі-үш күн сахнаға қоюға рұқсат етіңіз» дедік. Темкең: «Онша ай­ғайлатпай, бір-екі рет ойнап алыңдар», – деді. Халық қаптап кетті. Кішкене театрдың есік-терезесін сындырып жібере жаздады. Екі күн ойнап, мемлекетке 27 мың сом ақша түсірдік». (Жайық Бектұров. «Енеден ерте айырылған төл секілді...», Алматы, «Қазақстан» баспасы, 2002 жыл. 122 бет).
Біз бұны неге тәтпіштеп айтып отырмыз? Өйткені, Темірбек Жүргенов пен Орынбек Бековтың 1937 жылы «халық жауы» ретінде тұтқындалып, 1938 жылы атылып кетуіне де осы оқиғаның кесір-кесапаты тигенін жұрттың бәрі біледі. Оқу-ағарту комиссары мен театр директорына тергеушілердің таққан ең үлкен айыбы да осы еді. Театртанушысымақ Н. И. Львов «Казахский академический театр драмы» атты еңбегінде өнер ордасының өткен жолын саралай келіп: «Руководство театра допустило крупную ошибку, поставив порочную пьесу М. Ауезова «Хан Кене», написанную автором несколько лет назад, когда он находился еще под влиянием националистических идей. В ней изображен как народный герой хан Кенесары Касымов, глава феодально-монархического «движения» второй четверти XIXвека. Кенесары ставил своей целью восстановление ханской власти в Казахстане стремился оторвать казахский народ от русского народа и таким образом повернуть вспять ход истории.
(Жалғасы бар)

Думан РАМАЗАН,
жазушы

570 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз