• Ел мұраты
  • 01 Тамыз, 2016

ҚАЖЫРЛЫ ҚАЙРАТКЕР немесе Бектің Орынбегі кім еді?

Орынбек Беков пен Мұхтар Әуезовтың бірігіп «Қазақстан мемлекет театрының жеті жылдығы және алдағы міндеттері» атты мақала жазғанын көзіқарақты оқырман білуге тиіс. Бұл мақала кезінде «Социалды Қазақстан» газеті мен «Әдебиет майданы» журналдарында жарияланған. Онда авторлар қазақ драма театрының жеті жылда жеткен жетістіктері мен кемшіліктерін жіпке тізгендей тізбелей көрсетіп, алдағы міндеттеріне кеңірек тоқталады. Театрдың сол тұстағы тыныс-тіршілігін, өсу, даму жолдарын, драматургия, маман, актер, режиссер, репертуар мәселелерін де назардан тыс қалдырмаған. Енді, осы мақаладан қысқаша үзінді келтірейік: «...Театр осындай репертуар, осындай негізді жол, беттеген өріс пен өзінің бетін аша барып, нық қалып пен қашық үлгісін, театрлық мектебін белгілеу керек. Бұл жөнде жақын келешекті сөз қылсақ, біздің театр әзірше жеке жайылыс тауып, жекеше бір түр шығарамын демейді. Біз әзір оқу дәуіріндеміз. Бұл кезімізге ең қолайлы жол, Ресейдің төңкерісшіл театрларының ішіндегі ірілерінің бірен-саранын алып, солардың үлгі ұстаздығына ілесіп көру шарт болады. Әрине, бұл үлгі құр көзді жұмып байланып кетуде емес. Қазақ театрының ұлттық тұрпатын сақтай, өсіре отырып, үлгі алу болады. 


Қазақстан астанасының, қала берсе бар Қазақстанның бірден-бір театры осы болғандықтан, бұл өзінің жаңағы үлкен өрісімен қатар тағы бірнеше үлгілерді ала жүргізу керек болып отыр. Мысалы, бізде жастар-балалар театры жоқ. Бізде жеке опера, оперетта, музыка, комедия театры, я болмаса ұсақ түрлер театры жоқ» – дей келіп, сондықтан, әзірше, осының бәрін бір шаңырақтың астына үйлестіру керек болып отырғанын, болашақта оларды бөліп, әр бағытта жұмыс істейтін театрлар ашу керектігін мәселе етіп қояды. Сонымен бірге, кезек күттірмес толғақты бес мәселе төңірегінде сөз қозғап, соларды шешу жолдарын көрсете келе, былайша ой қорытады: «Жалпы алғанда, қазақ театры өзінің қысқаша тарихында бүгінгі күнге дейін ықылас, көңіл, көмек ортасында бұрын істеп көрген емес, басқа жағынан алғанда театр өсетін, көрнекті жеміс беретін өрісіне енді шығуға беттеді».  
Міне, Беков пен Әуезов көтерген осынау толғақты мәселелер көп кешікпей-ақ шешімін тауып, жастар мен балалар, музыка, опера және балет театрлары бірінен кейін бірі көрермендерге есігін айқара ашады. Театр мамандарын даярлау, олардың шеберлігін шыңдау, өнер ордасының мұрағатын жабдықтау, оркестр құру, сыни мектепті қалыптастыру сынды кезек күттірмейтін көкейтесті мәселелер де іле-шала мемлекеттік тұрғыдан қолға алына бастады. Қос арысымыздың ауыздары қаншалықты дуалы болғандарын осыдан-ақ көруге болады. «Классикалық зерттеулер» көп томдығының «Қазақ театртану ғылымы (қалыптасу кезеңі)» атты сегізінші томының алғысөзінде зерделі театртанушылар: «Осы тұрғыдан келгенде қазақ кәсіби театры мен ол саланы зерттеп жазатын ұлттық театртану ғылымы XX ғасырдың бірінші жартысында пайда болды. Ұлттық театрдың алғашқы қадамынан бастап қалыптасу жылдарында жаңа сахналық өнердің бағыт-бағдарын түзеуге, дамуына соны серпіліс беруге көрермен талқысына ұсынылған спектакльдер жайлы жазылған сын пікірлер мен рецензиялық мақалалар маңызды рөл атқарды. Бұған ұлттық мәдениетке қатысты тұлғалар, оның ішінде Алаштың ардақты тұлғаларының қосқан үлесі зор болды. Дер кезінде заманның озық ойлы оқыған азаматтары Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Орынбек Беков, Смағұл Садуақасұлы, Жұмат Шанин, Темірбек Жүргенов, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов, Есмағанбет Ысмайылов, Бейімбет Майлин, Шахмет Хұсайнов, Ысқақ Дүйсенбаевтар т.б. секілді тұлғалардың еңбектерінде қазақ театр өнерінің тынысы, теориялық және практикалық мәселелері сараланды» – деп орынды атап өткен (Классикалық зерттеулер. Көп томдық. 8 том. Алматы, «Әдебиет Әлемі» баспасы, 2012 жыл. 3 бет). 
Замандастарының естеліктерінің бә­рін­де де Орынбек Беков айтқанынан қайт­пайтын, намысты қолдан бермейтін қайсар жан ретінде суреттеледі. Оның азамат соғысы жылдарында да, бейбіт күнде де жасаған ерліктері жетерлік. Мәселен, ол 1923-28 жылдары Қарқаралы уездік милициясының бастығы болады. Сол жылдары қарапайым халықты қан қақсатып, аш қасқырдай талаған қандықол қарақшылар Дорошенко мен Зайцевтің бандысын қалай талқандағанын зерделі зерттеуші Ерлан Төлеутай келістіре жазған. 
Ел ішін ала тайдай бүлдірген шаш ал десе бас алатын баскесерлерді ұстау үшін Орынбек Бековтың өзі белсеніп шығады. Сенімді серіктерін ертіп желе жортып келе жатқан ол Айғыржал ауылында қылыштарын ойнатып, тұрғындарын қорқытып-үркітіп, талап-тонап жүрген Зайцев пен Дорошенко бандысының тап үстінен түседі. Орынбек ағамыз аюдай ақырып келіп, қоян-қолтық айқасқа кіріп кетеді. Дорошенкоға жаралы жолбарыстай атылып барып, мылтығын кезенуге де үлгертпей, жуан жұдырығымен ұрып мұрттай ұшырады. Сөйтіп, сол маңайды үрей мен қорқынышта ұстаған қандықол қарақшылар құрықталып, Қарқаралы абақтысына қамалады. Қарақшылардың атаманы ату жазасына кесіліп, арттарына ерген қосшылары қатаң жазаланады. Осыдан кейін сол маңайда тыныштық орнап, ел Орынбек Бековке алғыстарын айтып, риза болысады. Бұл аласапыран уақыттағы бір көзсіз батырлығы болса, бейбіт күндегі бір ерлігі ше?.. 
Бейбіт күндегі ерлігін айтар болсақ, бойында қазақтық қаны тулап жатқан Орынбек Беков 1934 жылы Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасын сахналауды ойластырады. Алдымен Оқу комиссары Темірбек Жүргеновке өз ойын дәлелдеп, келісімі мен рұқсатын алады. Ол бұл қойылымға ерекше мән беріп, маңыз артып, үлкен жауапкершілікпен кіріседі.
«Хан Кене» спектаклі 1934 жылдың мамыр айында қойылды. Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Михаил Григорийұлы Насонов болатын. Алматыдағы Орталық архивтегі 1148 қордың 1 описіндегі «Казахский Драматический театр: Автобиография сотрудников театра» деген 23-інші ісінде оның өз қолымен жазылған өмірбаяны бар. Сонда режиссер «С 33-го года работаю в Казахском государст. Драмат. Театра. Постановлении пьесы: «Еңлік – Кебек», «Хан Кене», «Турксиб», «Тастүлек», «Қызыл сұңқарлар» и др» – деп ағынан жарылады. 
Спектакльде Кенесары ханды – Қалибек Қуанышбаев, Наурызбайды – Елубай Өмірзақов, Бопайды – Мәлике Шамова, Кәрібозды – Қапан Бадыровтар ойнайды. Орынбек Беков бұл спектакльден ерік-күшін де, қаражатты да аяған жоқ. Ғажайып бір өнер туындысын жасағысы келді. Жасады да. Киімдері де, декорациясы да керемет болды деседі көзкөргендер. Тіпті, театр директоры цирктен осы қойылым үшін арнайы ақбоз ат алдырыпты. Оны Наурызбай батырды ойнаған Елубай Өмірзақов мініп, сахнаға атойлап шыға келгенде көрермендер орындарында отыра алмай, жауға қоса шабатындай тегіс тұрып кетіпті. Бұл туралы атақты жазушы, белгілі әуезовтанушы Тұрсын Жұртбаевтың «Бұзылған бесік» атты монографиясында егжей-тегжейлі жазылған. Аталмыш қойылымда жас сәбилердің бірі болып ойнаған Қалибек Қуанышбаевтың қызы Бақытжамал апамыз былайша еске алады: «Тұңғыш рет спектакльге арналып арнайы киім тігілген қойылым – «Хан Кене» спектаклі. Қалибек – Кене, Елубай – Наурызбай, Жүсіпбек – ақын бейнесінде ойнады. Сонда жаудан түскен олжаларды көрсеткенде балаларды бұршаққа тізіп өткізетін көрініс бар. Театрдың директоры Орынбек Беков соған барлық актерлердің балаларын қатыстырды. Күләш Байсейітованың сіңілісі Рыстай да бар. Көрермендердің кейінгі айтуына қарағанда, ол көрініс сондай әсерлі, аянышты шыққан көрінеді. Әке-шешемізге еліктеп, өзімізше тырысып, айтқандарын бұлжытпай сахнада ойнайтынбыз. Осы спектакльде сүйекпен, алтынмен өрілген шаңырақ есімде қалыпты. Әкем Қалибек ауылға барғанда Сәдірбек байдың күміс белбеуін, кісесін, алтын зерлі бақанын, қасқыр ішігін алып келген. Сол пайдаланылды». 
«Хан Кене» қойыла салысымен бұршақтай жауған сынның астында қалды. Айтыс-тартыс тым күшейіп кетті. Сынды басқа емес, айтулы қаламгерлердің өздері бастады. Алғашқы болып классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов қорамсаққа қол салды. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы 24 және 26 мамырдағы сандарында жарияланған «Хан Кенені» қалай түзету керек» мақаласында: «Театрымыз «Хан Кенені» алтынмен аптап, күміспен күптеп, мұны бір айтақаларлықтай етіп шығаруға бар күшін салған сияқты еді. Бірақ, жұртшылығымыздың күткен жерінен шығара алмаған. «Хан Кенені» шу деп сахнаға шығарғанда театр да, оқу комиссариаты да асығыстық істеді. «Хан Кене» жайындағы ойласуды керек ететін пікірлерге құлақ аспады. Көрер көзге-ақ басқа пьесаларды ысырыңқырап қойып, «Хан Кенемен» бір жарқ ете түскісі келді. Орынбек жолдас осы «Хан Кене» арқылы театрдың бағытын, жолын белгілеймін дегенді талай-ақ айтып жүрді. Төңкерісшіл театрдың бағыты мен жолын «Хан Кене» арқылы, «Еңлік – Кебек» арқылы белгілеймін деудің өзі қате болатынын ұғынғысы келмеді. Біздің драма театрымыз өзі-өз болғалы ескі пьесаларды жаңа пьесалардан анағұрлым жақсы қойып келеді. Мұның өзі біраздан соң театрды кейін тартатын, ескі тұрпаттарды (образ) пайымдап, жаңадан қашықтата беретін нәрсе болып шығатынын ескермеді. Өйткені, жаңа пьесалардағы жаңа қарым-қатынастарды, жаңа адамдарды тереңдетіп көрсетуге талпынудың орнына ескі шаңдақты шыңдай беру, театрды ілгері сүйремейді. Театрдың шеберлігі «Түрксиб», «Майдан», «Тартыс», «Талтаңбай» секілді пьесаларға салынып, театрдың бағытын, жолын осылар арқылы белгілеу керек. Театрдың жолын белгілеу деген – саяси мәселе. Жеңіл қарауды көтермейтін мәселе. Мұны белгілеу театрдың өз қолында ғана емес» – деп тарпа бас салды. Онымен де қоймай «Театр «Хан Кенені» қоюда сүріне қалса, ол әншейіндегі ұшыраса салатын жеңіл сүріну емес. Мойынға қаупі бар, мойын үзілу қаупіне ұқсас сүріну болатынын ұғынбады» – деп аса қатқыл ескерту жасайды. Оған іле-шала атақты ақынымыз Сәкен Сейфуллин қосылып, спектакль туралы өзара сынды одан әрі өрістете түседі. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы маусымның 10 және 11 күнгі сандарында жарияланған «Хан Кене» туралы» мақаласында: «Хан Кене» пьесасындағы көрсетілетін адамның ішіндегі ең бастысы, әрине, Хан Кененің өзі. Ал, бұл Хан Кене (яки Кенесары) пьесаның басынан аяғына дейін күшті, қайратты, «қиырға көз салған» ер болып суреттелген дедік. Және «қиырға көз салған» ер болып суреттелгенде, ұлтшыл, «қазақшыл», «халықшыл», «отаншыл» ер болып суреттелген. Міне, пьесаның бұл арасы қарап отырған аңқау жұрттың көбін нандырып, Кенесарыға мүлде тартып әкетеді. Пьесаның негізгі мәні Кенесарының осы «сыры» болып шығады. Ал, бірақ, біздіңше, Кенесарының ең шын сыры – социалдық тапшылдық сыры бұл емес, оның шын сыры хан болу. Мұны театрдың бастықтары да, жазушының өзі де айтады. Бірақ театрда көрсетілгенде пьесаның негізгі мәні Кенесарының әлгі өзі айтқан «халықшылдық сыры» болып шыққан. Ал, пьесаның негізгі «сыры» солай болып шықса, пьесада суреттелген ең басты адамдар: Кенесарының өзі мен оның қарындасы Бопай және Наурызбай үшеуі болса, мұның үшеуі де басынан ақырына шейін үлгі болғандай қаһарман болса: бірі қиырға көз салған «халықшыл» қайыспас батыр болса, бірі – «әйел болса да ерден артық» ақылды әмірші, көсем ер қыз болса, бірі – қылшылдаған алмас қылыштай, қайратына ие болмаған, қарсы келген өлімнен кірпік қағып жасқанбайтын батыр болса, – міні, мұндай пьеса аңқау жұрт арасында хандарды, ханның балаларын, олардың сондай болып көрінген «қасиеттерін» құрметтеп, үлгі қылатын сезім туғызса және олардың жауласқан жауы жеңілсе екен деген сезім туғызбай ма? Айналып келгенде, ол сезім жат сезім, ұлтшылдық сезімі емес пе?.. Міне, осы­ның бәрін қосып алғанда «Хан Кене» пьесесі бір-біріне жалғасқан сезім мен ұлтшылдық сезім туғызатын пьеса болып шыққан» – деп қойылымның кемшіліктерін санамалап өткен. Әйгілі ақынымыз Ілияс Жансүгіров те бұл айтыстан сырт қалмай, өз ойын баспасөз бетінде ашық білдіреді. «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы маусымның 12 күнгі санында жарияланған «Қата қайда?» мақаласында: «Қазір «Хан Кене» айналасында әңгіме бас көтерді. «Хан Кене» қазақ театрының қойылуында – құлаған пьеса. Сахнадан тоқтатылған. Кеңеске түскен. Пьесаның кемшілігі айтылған. Пьесаны қайта түзетуге ұйғарылған. Жазушының да, қоюшының да қатесі көрсетілген. Бірақ, театрдың директоры Орынбек жолдас «Хан Кене» туралы қатаны анық мойындағысы келмейтін көрінеді. «Оқу комиссариаты болсын, өзге болсын, біздің дұрысымызды бұрыс етуге ұмтылады» – дегендей ойы бар. «Хан Кенені» түзету туралы пікірді қарсы алудың орнына не қыртыстанып қиқайып қалу, не бет тырнасқа белсеніп дайындалуы бар. Бұл «Хан Кенені» сөз қылған мәжілістегі сөзсіз қалуы мен «Лениншіл жас» газетіндегі соңғы мақаласынан көрінеді. Бізге өзара сын бір-бірімізді мінеу үшін, мүйіздеу үшін емес, мынау үшін: «Өз ара сын қатаны түзету үшін, кейіндеп қалуды, мәдениетсіздікті жою күресінде, жауға қарсы күреске көпшілікті қаруландыру үшін керек» (Мырзаян). Бірақ, мұны Орынбек орындағысы келмейді. «Хан Кене» нашар қойылды дегеннің бәрін шаншу көретіндігі анықталайын деді. Осыдан Орынбектер «Хан Кене» туралы айтылған пікірді, жасалған сынды төмендеткісі келе ме деген ой көңілімізге келеді. 
...Мұнда оқу комиссариатының бұрынғы көркем өнер секторында болған Ғабиттің, оқу комиссары Темірбектің – драм театрдың ішіне кіре араласпай бойын аулақтатуының не екендігі бізге түсініксіз. Бұл жолдастарға драм театрға салқын қарағандығы, не театр директоры Орынбектің өз білермендігі болу керек. Екінің бірі. 
Ал, әңгіме көтерілген «Хан Кенеге» келейік. «Хан Кене» Мұхтардың бізге келгенше жазылған пьесасы. Бұл пьеса – Мұхтардың бұрынғы байшыл, ұлтшылдық көзқарасымен жазылған пьесасы. Мұхтар бұл пьесасында да бұрынғы пьесалары «Еңлік – Кебек», «Қаракөздердің» сарынымен қазақ елінің ескілігін арман қып, ескі хандардың жұрнағы «елім» деген ұлдарын, Кене хандардың өлімін, қаһармандығын мұраттаған, жоқтаған пьесасы. Ал, «Хан Кенені» театрдың мына қойысында – пьесаның сол ескі құрылысы, уақиғасы, сөздері барлығы да сол бұрынғы күйінде қалды. Оны дәлелдейтін сөздер Ғабит мақаласында жақсы келтірілген. Бұл пьесаның бастапқы негізгі мақсаты – идеясы бұрынғы күйінде қалды деген сөз. Театрдың Мұхтардың пьесасының ескі құрылысына тиместен апарып қойған біраз жаңа жамаулары (кедейлері, кемпірлері) жабыспады. Қайта жамау екені жақсырақ көрінді. Міне, бұл «Хан Кенені» қоюдағы театр мен жазушының басты қатасы еді. Бұл қатаны Орынбек мойындап қоюдың орнына, қатаны айтушыларға құлағын жымыртатыны – қатаны қарсылыққа айналдыруға талап ету сияқты.
Театр өз ойынымен пьесаның жаман жарасына пышақ сұқты. Театрдағы шынайы артистер бізге қарсы адамдарды жақсы ойнап, бізге дос деген адамдарды артист емес, қарапайымдар ойнаумен ойсыратып жіберді. Бар жақсылық (ән, киім, салтанат, сырлы сөз, мұң, боз ат, ерлік) Кене – Наурызбайлардың басына үйіліп-төгіліп, қара бұқара дегендер жиіркеніш көрінді. Театрдың бұл қылығы пьеса қойылуда өз тілегенін алды. Көруші көпшілік төрелерге қынжылып, кемпір, жетімдерді көргенде селт етуге жарамады. Сондықтан, «Хан Кененің» ойыны біздің пайдамыздың ойыны болмай шықты. Сахнадан тоқтатылған себебі сол. Енді түзетіліп қойылсын делінді. Ал, «Қалай түзету керек» деген әңгімені Ғабит көтеріп еді, «Хан Кене» қазір қып-қызыл дауға айналды» –  деп ойындағысын бүкпесіз жайып салады. 
Әрине, жан-жақтан сілтенген таяқтың бір ұшы сол кезде Оқу-ағарту комиссары болған Темірбек Жүргеновке де тиіп жатты. Өйткені, Орынбек Бековтың айтқанына илігіп, «Хан Кенені» сахналауға келісімін берген осы аптал азамат болатын. Сондықтан да, сын мақалардың бәрінде де Темірбек Жүргеновтың аты аталып, «кінәсі» мойнына қойылып жатты. Әрине, Оқу ағарту комиссары да қарап қалған жоқ, өткір сындарға нақты жауабын берді де. «Казахстанская правда» газетінің 1934 жылғы 12 маусымындағы санында жарияланған «О пьесе «Хан Кене» и ее критиках» жауап хатында сыншылардың өз қателіктерін бетіне басып, нақты дәлелдермен ақталғандай болады. Әсіресе, Ғабит Мүсіреповтың қамшыны артығырақ сілтеп жібергенін айтып, оның өзіне дүрсе қоя береді: «Біз бұл мақаламызда «Хан Кене» пьесасының бар кемшілігі мен Мүсірепов жолдастың мақаласындағы бүкіл қате көрсетінділердің ақ-қарасын айыруды мақсат етпейміз» – дей келіп, Ғабит Мүсіреповтың Мемлекеттік театр мен Муз студияның көркемдік-саяси кеңесінің төрағасы екенін есіне салып, театр мен репертуарға жауап беретін адамдардың бірі өзі екенін ұмытпауын ескертеді. Сондықтан, бұған «Ғабит Мүсіреповтың өзі де кінәлі» деп, өз басын арашалап алмаққа ұмтылады. Сөзінің аяғын «Әуезов жолдас өзінің идеялық қателігін мойындаса жақсы болар еді» деп түйіндейді. Біз Темірбек Жүргеновтың аталмыш мақаласынан «Хан Кене» мен Мұхтар Әуезовты сипай қамшылай отырып, қалайда ақтап алуға тырысқанын байқадық. 
Міне, осылай бұл айтыс-тартыстың нүктесін Темірбек Жүргеновтің өзі қойды. Егер, Оқу-ағарту комиссары қолдап-қуат­тамағанда, ара ағайындық танытпағанда «Хан Кене» спектаклі түгілі, Орынбек Беков пен Мұхтар Әуезовтың тағдыр-талайлары не күйге ұшырайтынын болжап білу қиын еді. Иә, әрине, бұл айтыс-тартыстан театр басшысы да, пьеса авторы да сырт қала алмады. Орынбек Беков «Сыншылар біздің дұрыс ісімізді бұрыс етіп көрсетуге тырысады. «Хан Кенені» біз өзіміз білерменденіп ешкімге айтпастан, ақылдаспастан қоя салған жоқпыз. Бәрінің де алдынан өткенбіз, кеңескенбіз, жөн сұрасқанбыз. Енді келіп түк білмегендей бола қалмаңдар. Наркомпрос репертуарға бекіткен, Крайком кісілері «қойыла берсін» деп келісімдерін берген, Құтсобет кеңеске салған пьесаны қалай білмейсіздер. Ақыл-кеңестеріңіз болса, спектакль қойылғанша неге айтпадыңыздар? Қайда қалдыңыздар, қайда жүрдіңіздер? Енді келіп араша талайсыздар. Хан Кене мен Наурызбайды неге еңбекшілердің дұшпаны етіп көрсетпейсіңдер дейсіздер, осыны түк түсіне алар емеспін. Шынымен де Кенесары хан мен Наурызбай батыр еңбекшілердің дұшпаны ма? Тіпті керек десеңіздер, пьесаның тарихқа келетін жағын жазушы да, театр да ойлаған жоқ. Оны бізден талап ету дұрыс болмайды. Біле-білсеңіздер, бұл өнер туындысы. Оны қалай жазамын десе де автордың өз хұқығы, ал, қалай қоюды театр өзі шешуі тиіс» – деп өз ұстанымын айқын жеткізеді.  Ал, Мұхтар Әуезовтың бір рет аузы күйгені бар, ашық айқасқа бел шешіп кірісе қоймайды. Тек «Сынайтын кісі пьесаның осы жазылған күйінде қалай түзетуді көрсетсін. Ал, пьесаның бойында жоқ тарихты, тарихи қозғалысты сөз қылғандар сынаған болмайды. Бұл ғылыми зерттеу еңбек емес, көркем шығарма, сондықтан «Хан Кенеден» тарих дәметуге болмайды» деген кесімді сөзін ғана айтады.
Міне осы айтыс-тартыстардың өзінен-ақ «Хан Кененің» басындағы хәлді анық аңғаруға болатын шығар. Театр басшысы Орынбек Бековтың ерекше күш-жігерінің арқасында керемет сахналанған «Хан Кене» спектаклі тұсаукесер қойылымы өте салысымен репертуардан алынып тасталды. Қанша рет қойылғанын тап басып айту қиын, бірақ куәгерлердің айтуынша бірнеше мәрте сахналанып, көп адам көріп үлгерген. Оны аталмыш спектакльде Наурызбай батырдың көркем бейнесін кейіптеген атақты сахна шебері Елубай Өмірзақовтың мына сөзінен де анық аңғаруға болады: «Жабық талқылаудан кейін пьеса қабылданбайды деген соң біз, артистер Темірбекке жалындық. «Тым болмаса киім-кешекке шығарған шығынымызды өтеп алайық, екі-үш күн сахнаға қоюға рұқсат етіңіз» дедік. Темкең: «Онша айғайлатпай, бір-екі рет ойнап алыңдар», – деді. Халық қаптап кетті. Кішкене театрдың есік-терезесін сындырып жібере жаздады. Екі күн ойнап, мемлекетке 27 мың сом ақша түсірдік». (Жайық Бектұров. «Енеден ерте айырылған төл секілді...», Алматы, «Қазақстан» баспасы, 2002 жыл. 122 бет).
 Біз бұны неге тәтпіштеп айтып отырмыз? Өйткені, Темірбек Жүргенов пен Орынбек Бековтың 1937 жылы «халық жауы» ретінде тұтқындалып, 1938 жылы атылып кетуіне де осы оқиғаның кесір-кесапаты тигенін жұрттың бәрі біледі. Оқу-ағарту комиссары мен театр директорына тергеушілердің таққан ең үлкен айыбы да осы еді. Театртанушысымақ Н. И. Львов «Казахский академический театр драмы» атты еңбегінде өнер ордасының өткен жолын саралай келіп: «Руководство театра допустило крупную ошибку, поставив порочную пьесу М. Ауезова «Хан Кене», написанную автором несколько лет назад, когда он находился еще под влиянием националистических идей. В ней изображен как народный герой хан Кенесары Касымов, глава феодально-монархического «движения» второй четверти XIXвека. Кенесары ставил своей целью восстановление ханской власти в Казахстане стремился оторвать казахский народ от русского народа и таким образом повернуть вспять ход истории.
Режиссер спектакля М. Насонов некритически отнесся к содержанию пьесы и пошел вслед за автором в восхвалении хана Кене. Богато оформленный спектакль сопровождался впечатляющей музыкой. В романтических тонах были обрисованы хан Кене и его брат Наурузбай, красивые, богато одетые. Наурузбай выезжал на битву на белом коне. 
Идеализация хана и его окружения вызвало тот час после спектакля резкую критику на пьесу и спектакль. Критики доказывали, что сама идея пьесы – возвеличение ханов, воспевание их героизма – неприемлема для советского национального театра, что в спектакле показана не классовая борьба с ханством и царизмом, а националистически окрашенная борьба ханов с русским народом. 
В результате энергичного протеста передовой общественности спектакль вскоре после премьеры был снят с репертуара театра» – деп кесімді сөзін айтады (Н. И. Львов. Казахский академический театр драмы. Қазақстан Ғылым академиясының баспасы. Алматы. 1957 жыл, 89 бет). 
Орынбек Бековке тағылған айыптың тағы бірі атақты «Қанатталды» әніне байланысты болған. Осы жерде «бұл әннің театр директорына қандай қатысы бар?» деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Атақты өнертанушы, академик Ахмет Жұбанов пен белгілі қаламгер Сапарғали Бегалиннен бастап бұл әнді шығарған Сәтмағанбет сері екенін айтады. Бірақ, оны кейіннен өзінше өңдеп-жөндеп, сөздерін өзгертіп, заманға лайықтап қайыра жазған Орынбек Беков болатын. 
«Қанатталды» әнін алғаш орындаған әншілердің бірі – Қазақстанның халық артисі Рабиға Есімжанова. Күміскөмей әнші 1930 жылы Алматыдағы Орынбек Беков басқаратын драма театрға актриса-әнші болып қызметке қабылданады. Тумысынан талантты әрі өжет қыз Мұхтар Әуезовтың «Еңлік – Кебегінде» Еңліктің, «Айман – Шолпанда» Айманның, «Қыз Жібекте» Жібектің көркем бейнелерін келістіре сомдап, көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленіп, ризашылығына ие болады.   Өзі ақылды, өзі өнерлі, өзі сұлу бойжеткенге театр директорының көзі түсіп, өлердей ғашық болып қалады да, ақыры сөз салады. Әрине, Орынбектей атақты адамның жары болуға Рабиға сұлу да қарсы бола қоймайды. Сөйтіп, шешімді жылдам қабылдайтын азамат алғашқы әйелін екі баласымен тастап, Рабиға Есімжановаға үйленеді. Міне, Орынбекті «Қанатталды» әнімен байланыстырған да осы әнші апамыз болатын.
Таңдап алған сұлуының орын­дауындағы әннің өзі ұнаса да, сөзі ұнамаса керек, Орынбек оған өзінше түзетулер енгізеді. Ал, сүйген жарынан ол әнді Жүсіпбек Елебеков үйренеді. Оған әннің жаңа мәтінін беріп, айтуды қолқалаған Беков болатын дейді білетіндер. Ал, Орынбек Бековты ұстағандағы НКВД тергеушілерінің шұқшиғаны мына шумақ екен:
Гүл бақша көңілде бір әсем әнді,
Тілейтін бұлбұл едім сайрағанды.
Ән шырқап, бой жаза алмай, 
                 шалқыта алмай,
Қалықтап қайран дүние                     Қанатталды.  
Осыдан саяси астар іздеген қанқұйлы жендеттер «өзіңді ән айта алмай қалған бұлбұлға теңеп, ал, Кеңес өкіметінің қанаты талды, енді бой жазып ұша алмайды, өзінен-өзі жер бауырлап құлайды дегенді меңзеп отырсың» – деген сыңайдағы жалған айып тағады. Иә, осындай да заман болған. Бұны қаламдас бауырымыз Ықылас Ожайұлы да қуаттай түседі. Ол өзінің «Міржақып Дулатұлының күйі табылды» атты мақаласында: «Қолымызға түскен «Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг» деген құжаттар жинағынан соң, «Қанатталды» әніне қатысты көзқарасымыз тағы да өзгеріп сала берді. 1937 жылы Орталық Комитеттің «Список граммофонных пластинок с записями песен на казахском языке, подлежащих немедленному изьятию» деген № 28 хаттамасында қарастырылған тізімнің ұшар басында «Қанатталды» әні қасқайып тұр екен. Тізімнің төбесіне «әнді орындаған артист Жүсіпбек Елебеков десе, мәтіні халық жауы Орынбек Бековтікі» деген суық сілтеме көрсетілген» – деп анықтап береді.
1937 жылы қазақ зиялыларын бірінің артынан бірін ұстап, абақтыға тоғытып, бірін айдауға жіберіп, енді бірін атып жатты. Орынбек Бековты да НКВД тергеушілері қайта-қайта тергеп-тексеріп, мазалай берді. Алғаш тергеуге шақырғанда-ақ, ол басына қара бұлттың үйірілгенін бірден сезіп, жан жары Рабиға Есімжановаға тезірек ажырасып, тергеу жұмыстары толық аяқталғанша бөлек тұра тұруды өтінеді. Себебі, халық жауы боп ұсталып жатқан азаматтардың әйелдері де қуғын-сүргінге ұшырап, атышулы лагерьлерге айдалып, тағдырдың тауқыметін тартып жатты. Осыны көзімен күнде көріп жүрген Орынбек ағамыз бар ауыртпалықты өз мойнымен көтеріп алып, Рабиғаны азаптан арашалап қалғысы келеді. Жан жары оны түсініп, екеуі ажырасқан болып, екібөлек тұра бастайды. Айтқандай-ақ, көп кешікпей-ақ (1937 жылдың 30-мамырында) Орынбек Беков тұтқындалып, 1938 жылғы 11-наурызда ату жазасына кесіледі. Жоғарыда атап өткеніміздей, тағылған айып мынау: «Беков по приговару признан в том, что он с 1935 года являлся учасником антисоветской террористической организации, действовавшей в Восточном Казахстанской области, вербовал новых членов в организацию и проводил вредительство на идеологическом фронте». (Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің мұрағаты. Жеке тергеу қоры. Орынбек Бековты айыптау ісі. № 10767 АPХ. NП – 413493) Ал, осы қордағы «СССР. НКВД. 955279. № 7600» ісіндегі ақпарлар бойынша, СССР Жоғарғы сотының Әскери алқасы 1938 жылдың 11-ші наурызында Орынбек Бековті ату жазасына кеседі: «По делу быв. Директора казахского театра – Бекова Орынбека Бековича, 1898 года рождения, уроженца аула № 9, Четского района, Карагандинской области, арестованного 30 мая 1937 года, осужденного Военной коллеги Верховного Суда СССР 11 марта 1938 года по ст. ст. 58-2, 58-7, 58-8, 58-11 УК РСФСР к расстрелу, с конфискацией лично принадлежащего имущество».
Үкім сол күні табанда орындалғаны туралы да осы құжаттарда анық та қанық жазылған: «Приговор приведен в исполнении в гор Алма-Ата 11 марта 1938 года». 
Қайран есіл ер тура қылшылдаған қырық жасында жендеттердің қолынан ажал құшады. Есесіне, сүйген сұлуы Рабиға Есімжанова соның арқасында ешқандай қуғын-сүргінге ұшырамай, бақытты ғұмыр кешеді. Арқа сүйер азаматынан айрылған аймаңдай ару амалсыздан екінші мәрте күйеуге шығады. Мемлекет және қоғам қайраткері, кезінде Қазақстан бас прокурорының және Жоғарғы сот төрағасының орынбасары секілді лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған, генерал-майор Раббани Мұхамедьяровпен бас қосады. Дәл сол тұста Раббани Мұха­медьяров Ақмола облысы Қорғалжын ауда­нының бірінші хатшысы болатын. Халық жауының әйеліне үйленді деп, тиісті органдар оны да мұқият тергеп-тексеріп, қатаң жазаламақ та болады. Бірақ, Күләш Байсейітова мен Шара Жиенқұлова сынды әйгілі актрисалар Рабиғаның халық жауы болып атылып кеткен Орынбек Бековпен тұтқындалмай тұрып-ақ ажырасып кеткеніне куәлік беріп, Құдай қосқан екінші қосағы екеуін кеңестік жүйенің қанды тырнағынан арашалап алып қалады. Осыдан кейін-ақ оларды ешкім мазалай қоймайды. 
Рабиға Есімжанова 1945-60 жылдары Қазақ радиосының әншісі болады. Ал, 1960 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қазақконцерт» бірлестігінде абыройлы еңбек етті. Қазақ мәдениеті мен өнеріне сіңірген елеулі еңбегі ескеріліп, талай мәрте мемлекеттік марапаттармен марапатталды. «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі», «Қазақстанның халық артисі» атанды. Ардақты азамат Раббани Мұхамедьяров 1964 жылы екі-үш жылға созылған аурудан көз жұмды. Ал, Рабиға Есімжанова одан кейін де жиырма жылдан аса өмір сүріп, 1986 жылы дүние салды.  
Міне, Орынбек Беков өзінің ерлігінің, ақылдылығының, батыл қадам жасап, тез шешім қабылдайтынының арқасында сүйген сұлуы Рабиға Есімжановаға тыныш өмір, баянды бақыт сыйлады. Олай болмаған жағдайда жезтаңдай әншінің болашақ өмірі дәл осылай өрілуі неғайбыл. Алдынан тағдырдың қандай мазағы күтіп тұратынын ешкім де болжап бере қоймас. Десе де, халық жауының әйелі ретінде атышулы лагерьлердің біріне айдалып, азап шекпейтініне ешкім де кепілдік бере алмас еді. 
Зерделі зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеу Көлбаевтың жазуынша, Жоғарғы Соттың әскери ал­қасының дивизия заңгері Горячевтің басқаруымен өткізген көшпелі сессиясының үкімі бойынша 1938 жылы (Қазақстанда) 25 ақпан мен 15 наурыз аралығында «халық жауы» деп атылған адамдарды (арыстарды) төмендегіше тізіп кетуге болады:
25 ақпан күні 39 адам атылған, олардың ішінде Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Жанайдар Сәдуақасов, Нығ­метолла Сырғабеков, Ғаббас Тоғжанов, Зейнолла Төреқожин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Әзімбай Лекеров, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин бар. Ақпанның 27-сінде жүрегіне оқ қадалғандардың арасында Зарап Темірбеков, Мұхамедияр Тұңғачин, Телжан Шонанов секілді белгілі азаматтар болған.Жұмабаев Молдағали 28 ақпанда, Жандосов Оразалы, Жаманқұлов Рақымжан, Тә­тімов Мұхаметқали 2 наурызда, Масанчи Магаз, Розыбакиев Абдолла, Жандосов Ораз 3 наурыз күні, Досов Әбілқайыр сегізінде, Орынбек Беков он бірінде атылған. Соңғы 13 наурыз күні 56 адамның өмірі қиылды. Мағжан Жұмабаев олардың бәрінен бұрын 11 ақпанда жеке мерт болған.
Міне, жан-жүрегі елім, жерім деп соққан Орынбектей есіл ердің өмірі осылай тұйықталды. Еліміздегі үлкенді-кішілі мұрағаттарды толықтай сүзіп шықтық. Бірақ, олардан кейіпкерімізге қатысты жарытымды ештеңе таба алмадық. Сұрастыра-іздестіре жүріп, Орынбек Бековтың халық жауы ретінде ұсталып, тергеу абақтысында жатқан кезеңіндегі жеке ісі Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің мұрағатында сақтаулы тұрғанын анық­тадық. Бірақ, өкінішке орай онымен толықтай танысу мүмкін болмады. «Құпия құжаттар болғандықтан, еліміздің заңы бойынша әзірше тек анкеталары мен өмірбаяндарына қатысты материалдарға ғана болмаса,  негізгі тергеу ісін қарауға рұқсат етілмейді. Бірақ, Орынбек Бековтың тергеу ісіне байланысты құжаттардың бәрі біздің қорда сақтаулы тұр» – деген жауап алдық мұрағат қызметкерлерінен. Қазіргі бейбіт заманда «оның несі құпия екен?» деген ойға қалдық. Егер, сол құпия құжаттармен танысып шықсақ, Орынбек Беков өмірінің беймәлім тұстары ашылар ма еді, кім білсін! Бірақ, ерте ме, кеш пе, ол құжаттармен де танысудың сәті түсетініне бек сенімдімін. 
Шығыс Қазақстан Ішкі істер департа­ментінің мұрағатындағы Орынбек Бековты айыптау ісіндегі құжаттарда ардақты азаматтың қысқаша ғұмырбаяны былайша тұжырымдалған: «Беков Орынбек, 1898 года рождения казах. Место рождения: Карагандинская обл., Четский район. До ареста проживал: Восточно-Казахстанская обл, г. Семипалатинск. Работал директор Казмузтеатра.  Кем и когда арестован: 30.05.1937 года, УНКВД. Кем и когда осужден: Верховный суд СССР, 11.03.1938 года. Статья: 58-2, 58-7,58-8,  58-11 УК РСФСР осужден к ВМН лет. Дата и орган реабилитации:20.03.1958 года.
Верховный Суд СССР. Причина прекращения дела: за отсутствием состава преступления». 
Міне, көріп отырғандарыңыздай, Орынбек Беков ешқандай қылмыс жасама­ғандықтан, жазықсыздан жазықсыз кеңес­тік тоталитарлық жүйенің құрбаны болған­дықтан, 1958 жылғы 20 наурызда СССР Жоғарғы соты Әскери алқасының шешімімен толық ақталды. Қамшының сабындай ғана қысқа ғана ғұмыр кешкенімен, соңында сайраған құс жолындай ізі, жүріп өткен жолы жатыр. Қысқа да болса мағыналы өмірі мен өнері бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Артында өлмес-өшпес мұралары қалды. Әңгімелері мен өлеңдері сол кезеңдегі республикалық газеттер мен «Жаңа әдебиет», «Әйел тең­дігі» журналының беттерінде жарияланып тұрған. 1928 жылы «Ұлы істің игілігі үшін» атты публицистикалық мақала­лары(Алматы, ҚМКӘБ, 1928); 1931 жылы «Советбике» повесі жеке кітап болып шықты (А, ҚМКӘБ, 1931). Ендеше, осынау еңбектерін, мақалаларын, сындарын, баяндамаларын, өлеңдерін, әңгіме-хикаяттарын жинастырып, кітап қылып шығару келер күннің еншісіндегі іс. Замандастарының айтуынша, Орынбек Беков драматургиялық шығармаларға да қалам тартқан екен. Бірақ, өкінішке орай ол туындыларды таба алмадық. Тек сол жылдары М. Тригердің «Сүңгуір қайық» атты пьесасын аударып, өзі басқаратын театрға қойдырған екен. Бұдан да басқа көркем шығармалар аударған көрінеді. Бірақ, олар туралы да ешқандай дерек-дәйектер кезіктіре алмадық.
Орынбек Беков халық жауы ретінде атылып кеткен соң, оның есімі мен еңбегі туралы сөз қозғауға рұқсат етілмеді. Тек оның ғана емес, «Халық жауы» ретінде жазаланғандардың барлығының да мойындарына жез қоңырау байланып, аттарын атауға, әдеби мұраларын кітапханаларда пайдалануға, кітаптарын сауда орындарында саудалауға қатаң тиым салынып, бірі қалдырылмай өртеліп, халық санасынан мүлде өшірілсін деген нұсқау болған. «Халық жауларының» жалпы тізімі жасалып, арнайы кітапшалар шығарылған. Бұл қара тізімде 500-ге жуық адам мен кітаптың аты бар. Олар Қазақстанның  оқу-ағарту және мәдени орындарына тегіс таратылған. Сол «Жалпы тізім» атты көк кітапшаның ішінде А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин,  Ә. Бөкейханов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Т. Жүргенов, Х. Досмұхамбетов, Т. Рысқұлов, Е. Бекмаханов сынды мемлекет және мәдениет қайраткерлерінің жуан ортасында Орынбек Бековтың да аты-жөні бар болатын. Міне, осылай  қырық жасында қыршынынан қиылған есіл ердің елі үшін еткен еңбегі ескерілмей, тасада қала берді. Еркін ел атанып, тәуелсіздік алғаннан кейін арқалы азаматтың есімі мен еңбегі туралы аракідік болса да айтыла бастады. Енді, бұдан былай кеңірек әңгіме қозғалатынына сенеміз, өйткені сең сөгілді, көш қозғалды.  
Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, ендігі кезекте елі үшін еңбек еткен қажырлы қайраткердің есімін халық жадында қайта жаңғырту бағытында әртүрлі игі шаралар қолға алынса:туған өлкесінде мерейтойлары өткізілсе, мәдени ошақтар мен көшелерге аты берілсе, мүсіні орнатылса, еңбектері мерзімді басылымдарда кеңінен насихатталса, мақалалары мен көркем шығармалары баспалардан басылып шықса, нұр үстіне нұр болар еді. 
Лайым, сол күндерге жеткізсін деп тілейік!
(Соңы. Басы өткен санда)

Думан РАМАЗАН,
жазушы

747 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз