• Ел мұраты
  • 01 Тамыз, 2016

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың үндеуі

Қымбатты отандастар!
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде тағы бір маңызды тарихи оқиға болды.
Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіп­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұ­рақты емес мүшелері құрамына енді.
Бұл Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүк­телген, тұрақты жұмыс жасайтын орган.


Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз.
Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтынын тәуел­сіздік жылдарының бәрінде өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Оны баршаңыз білесіздер.
Семей ядролық полигонын жабу  және қуаты жөнінен төртінші зымырандық-ядро­лық арсеналдан бас тарту туралы шеші­­мі­мізді бүкіл жер шары біледі және қол­дайды.
Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланыс­ты.
Бұл тек біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халықаралық бейбіт­шілік пен қауіпсіздікке жауап беретін орган­да өкілеттілік етпеген бүкіл Орталық Азия субөңірінің де табысы.
Қазақстан  алдағы екі жылға БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің мүшелігіне сайланды.
Бұл халықаралық қатынастардағы күр­делі кезең болмақ. Оны бүгінгі күн ахуалына қарап-ақ көруге болады.
Дүние созылмалы жанжалдармен қатар, қауіп­сіздікке қатердің бұрын-соңды болып көрмеген кең ауқымымен бетпе-бет келіп отыр.
Біз жаһандық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосатын боламыз.
Тұрақты және қауіпсіз әлем – бұл азаматтарымыз бен балаларымыз үшін аса қажетті құндылық.
Нақ сондықтан Қазақстан болашақ қазір­гіден де сенімдірек және игіліктірек болуы үшін өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылатын болады.
Біз жаһандық қоғамдастықтың назарын бұған дейінгі көкейкесті бастамаларымызға аудару ниетіндеміз.
Олар ядролық қару мен соғыс вирустары және жанжалдардан азат әлем құруға бағытталған.
Қазақстан осы ізгілікті мақсаттарына БҰҰ-ның құрылғанына 100 жыл толатын 2045 жылға қарай қол жеткізу үшін жұмыс істейтін болады.
Біз менің БҰҰ-ның 2015 жылы өткен Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында жариялаған терроризмге қарсы бастамамды ілгерілетумен айналысамыз.
Қазақстан, сондай-ақ, су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге серпін беретін болады.
Осының барлығы әркімге де қатысы бар толғақты мәселелер.
Қазіргі заманғы шетін проблемалар­ды шешуге қатысу біздің алдымыздан көп­теген елдермен және өңірлермен қарым-қатынастарымызды дамыту үшін мүм­кін­діктер ашады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлану – бүкіл Қазақстан халқының еңбек сіңірген та­бысы.
Бұл – ұлт толысқандығының көрсеткіші.
Біз бейбітшілік пен ынтымақтастықтың ортақ құндылықтарын ілгерілетуге қабілетті жауапкершілікті мемлекет ретінде өздерінің дауыстарын Қазақстанның кандидатурасына берген барлық елге ризашылығымызды білдіреміз.
Біздің республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі өкілеттігін қамтамасыз ету жө­нін­дегі құрметті миссиясын лайықты орын­дайтынына сенімдімін.
Бұл Қазақстанның әлемдегі аса дамыған мемлекеттер қатарына ену, қауіпсіз және өсіп-өркендеген болашақ құру жолындағы тағы бір тарихи қадамы болмақ. Мен барлық қазақстандықтарды еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесіндегі осы маңызды оқиғамен құттықтағым келеді. Бұл – еліміз үшін қуануға болатын лайықты оқиға.
Еліміз  осынау зор сенімнің үдесінен шы­ғып, Қазақстанның әлемдік аренадағы абы­ройы асқақтай түсеріне кәміл сене­мін! Баршаңызды осы табысымызбен құттық­таймын!

371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз