• Ел мұраты
  • 15 Қыркүйек, 2016

Жастар поэзиясының жай-күйі

Қарлығаш Сапарбаева,
ОҚМПИ, филология ғылымдарының кандидаты

Үстіміздегі жылы Қазақстан Жазушылар одағының филиалы ОҚО-да әдеби жыл қорытындысы өткен болатын. Енді, назарларыңызға сол жиында жасалынған  баяндаманы ұсынамыз.
Қайырлы күн, қадірменді қонақтар, қаламгер ақын-жазушылар, ұлт әдебиетінің жанашырлары! Қасиет қонған киелі өлкеге қош келіпсіздер!


Бүгінгі басқосу әдебиеттің мерейі тасып, шаңырағынан шаттық күйі төгілген қуанышты сәтке сәйкес келіпті. Бақытжан дос бас редакторлық ететін республикалық «Қазығұрт kz» әдеби-көркем, мәдени-әлеуметтік, тарихи-танымдық журнал оқырманы көп оқылымды басылымға айналғай! Туған жерін, жұртын жауһар жырларымен сусындатып, жаураған жүректерді жылытқалы келген ақын Әлібек Шегебай ағамыздың бүгінгі жыр кеші баршамызға құтты, жас ақын, жауқазын жүректерге жұғысты болсын!
Әр дәуірдің ақыны – өз заманының жаршысы.  Сөз  құрап, ұйқастыра алатынның  бәрі ақын аталса, өлеңде құн, сөзде көрік қалмас еді. Оңтүстік аспанынан қалықтай ұшып, қанатын кеңге жайғандар да, бәйгеге түссе де бауырын жаза алмай жүргендер де бар. Ең бастысы, сөз киесін ұғынып, қасиетін білетін жастар өсіп келеді. Бұл көңілге қуаныш қана емес, жүрекке жұбаныш  ұялатады. Сонау, басында, Алматы мен Астанадан жырақта жүріп-ақ өзін мойындатқан табиғаттың тамаша жыршысы, лирик Нармахан аға Бегалиев тұрған оңтүстіктегі ақындар көшінде бүгінде жаңа лек бар. Қырықтың қырқасынан асқан, Қазығұрты мен Қаратауын Алатауға айырбастамай, Шымда жүріп-ақ Алаштың, бар қазақтың ақынына айналған Бақытжан Алдиярдан кейінгі қара үзіп кермеге келер шын жүйрікті Оңтүстік ұза-а-ақ күтті. Осыдан 2-3 жыл бұрын Бақытжанның өзі де бір сұхбатында оңтүстіктің аспанынан ұзай алмай жүрген екі-үш жас ақынның атын атап, оларға күдігі басымырақ үміт артып еді. Үміт ақталды.Бұл күнде өлең сүйер қауымның ыстық ықыласына ие болып үлгерген бірнеше жас ақындар оңтүстікке ғана емес, республикаға танылып үлгерді. Күні кеше облыстың үздік ақыны атанған Дәурен Айманбетов, ел көзінен тасалау күн кешіп, соңғы уақытта әуенді сөзбен сөйлетіп жүрген Тағайбек Тұрысбеков, журналист болсам деген тілекпен арман қала Астанаға аттанып  екінші рет студент атанған Әлімжан Әлішер, 2014 жылғы «Шабыттың» бас жүлдесін қанжығасына байлап, бүгінде ару қала Алматыда жур­налистік қызметке кіріскен Батырхан Сәрсенхан, айтыс өнері мен өлең өлкесін қатар мекендеп, кейінгі кезде көрінбей жүрген Мұқағали Кенжетайұлы, өлең­дерінен жыраулар поэзиясының лебі есетін Алтай Бақбер, Ханапамыздың ақ тілегі мен батасын алған Ақерке Маликова, жастықтың көркем көрінісін өлеңге көшіріп жүрген Айнабек Айдана, «өлеңге келгенде өлермен» Төребек Мақпал, сезімтал лириканы серік еткен Сарманова Лаура, «көңілдерге сыймай, өлеңге сыйған, түсінігі тарларды оқырманы еткісі келмейтін» Мұраталиева Арайлым, көк түріктің сарынымен рухты өлең жазып жүрген түркістандық Үмітбек Бағдат пен Нарқұлан Райханұлы, туған өлкесіне деген махаббатын өлеңмен өрнектеген Бекжұма Нарбай мен Табылхан Рена, қазақ және өзбек тілдерінде өлең жазатын Сапарова Майсара сынды тағы басқа ақын қыз-жігіттер бар. 
Орда бұзар отыз бен гүл жайнаған он сегіздің арасындағы бұл жастар поэ­зия­сының деңгей дәрежесі әртүрлі болға­нымен, өлеңге деген құрметі ортақ. 
Аталған ақындардың ішінде жыр жинағы шығып үлгерген Батырхан Сәрсенхан ғана. Қалған ақындардың өлеңдерімен облыстық, қалалық бас­пасөз және әлеуметтік желі арқылы таныспыз. Алғашқы жинағы 2010 жылы «Өмір-өзен» деген тақырыппен шыққан Батырханның бұл кітабы ақын Қалқаман Сариннің қолдауымен жарық көріп отыр. 52 өлең енген, төрт баспа табақтан тұратын «Мейірім ғаламшарының» тұсаукесері Астана мен Алматы, Шымкент қалаларында болды. Ақын ағалар мен апалар, замандастары жылы лебіздерін білдірді. Ұлықбек Есдәулеттің алғы сөзімен ашылатын жинақта ақын тынысы мен арман-мұраты, өмірлік көзқарасы,  сағыныш-мұңы, сезім сыры, жауабы жоқ сансыз сауалдары тоғысқан. Батырханның өзі «Өмірдің мәні, мұраттың мәні, Кеудеме толып, сұрақтың бәрі» дегеніндей, албырт жастықтың жалынды от шағында туған дүниелерден арпалысқа толы сансыз сауалдар, мазасыз күй жиі кездеседі. Тіпті, тақырыбына сұрақ белгісі қойылған «Көшеде біреу күліп барады, сынық қарады ол неге?» деп басталатын өлеңі де бар. Оқырманын жауапты бірге табуға шақыратын Батырхан риторикалық сұрақ қоюға шебер. Ақын өзін жарық жалғанның кейде кіші, кейде үлкен бөлшегі ретінде көріп, өмірді тани алғанынша тілге тиек етеді. «Баз кешіп бар қызықтан, Ақын боп кеттім, күнім» дейтін арманы асқақ Батырхан Сәрсенханның бұл жинағын парақтағанда ақын үнін ести алдық. Бұл – оның табысы деуге болады. «Шабытқа» дейінгі және «Шабыттан» кейінгі жазылған «Көктас шеберханасы», «Анамның үнсіз жылап тұрғаны», «Мейірім», «Ата», «Кім кінәлі?», «Поэ­зияға арыз», «Бір уыс мейірім», «Зар», «Ана қасқыр», «Жалғыздық жыры», «Үнсіз ару», тағы басқа өлеңдері өмір­шең дүниеге айналғай.
Әр кез ізденісте жүретін жас ақын кейде пәлсапалық ой түюге тырысады. Онысы кейде сәтті, кейде сәтсіз шығып жататыны бар. «Адам ғұмырының кестесі» деп аталатын өлеңінде ақын адам өмірін А және В нүктесімен салыстыра келіп, 
Сұрама түк те менен,
Үтірлермен отауын тіккен өлең.
Сұрапылға түзу жол керек емес, 
Шын ақында болмайды нүкте деген, – деп қорытындылайды. 
Өз әлемін мейірім ғаламшары атаған Батырхан Сәрсенханда өзіне деген сенімділік пен батылдық бар. «Бір күндер болады» деп аталатын өлеңінде ол:
Бір бақыт болады,
Түкірген көбі.
Бір уақыт болады.
Күтіңдер мені!, – дейді. 
Поэтикалық бояумен көркем кес­теленген  ойлы   өлеңдер жинақтың сал­ма­ғын арттыра алған. Формалық ізденістерге баруға тырысқан.  Абай ізі­мен жазылған ақын жырлары көбі­несе алты, жеті,  сегіз буынды, шалыс ұйқаспен (Бір күндер болады, Күлкі білмейтін. Бір түндер болады, Кірпік ілмейтін), кейде қара өлең ұйқасымен (Бостаңдық ағаштары, Бас­қадан бағы асқалы. Неліктен гүлдемеді, Неліктен жақ ашпады?), кей-кейде 9-10 буынды, бірде 11 буынды болып келеді. Өлеңдерінің архитектоникасы, яғни,  көр­­кемдік құрылымы жинақы.
Десек те, жинақта аздаған техникалық қателер мен қайталаулар ұшырасады. Кітап­тың алғашқы өлеңі «Бұлқынудың» бірінші шумағы жайсаң қарттың сөзі болғандықтан тырнақшаға алынғаны дұрыс еді. Заманы бір ақындарда ой ортақтығы мен үндестігі қатар келуі қалыпты құбылыс болар. Батырханның «Мақта қызға» деп аталатын өлеңіндегі:
Бермеймін.
Бере алмаймын сені ешкімге,
Жүрегімнің мәңгілік алаугері! – деген жолдар ақын Ақберен Елгезектің 
Сені ешкімге бермеймін! 
Сұрамасын!
Сұрамасын жанымның мұнарасын! – дегенімен үндеседі. 
Жұп-жұқа болса да жып-жылы жи­нақтың соңғы парағына келгенде Сізді де сансыз сұрақтар иектеп алғанын аңғарасыз. Ақынның ізденімпаздығына сүйсінесіз. Іштей тілекші боласыз. Азды-кем қателіктерді оқырман ретінде аңғармай да қаласыз. Бұл, бәлкім, Ба­тыр­ханның «Өлең» деп аталатын мейі­рім таяқшасының әдемі әсері болар. Әйтсе де, ақын қызбалықтан гөрі салқынқандылық пен сабырлылықты серік етсе, тақырып аясын кеңейтсе, мазмұнын тереңдетіп, формалық, көр­кемдік ізденістерге барыңқыраса дейміз. Бүгінде «Дәстүр» журналы бас редак­торының орынбасары деген уәзипалы қызмет атқарып жүрген ақыннан әлсіз өлең күтпесіміз анық. Жинақ шыққаннан соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы оқыған екі өлеңім бұл сенімді ақтамады. Әлде жас ақынды тым көтермелеп, «талантты өлтірудің тамаша жолы – мақтай беру» екенін және бір дәлелдегіміз келді ме екен?! Мақтауға малданбай керісінше жауапкершілікті еселеп сезінетін есті жігіт сияқты еді ғой ақынымыз, бір сәттік әлсіз туынды болар деген ойға келдік. Түсінде көрген елдің алғысын баяндауда ақын сүреңсіздікке бой алдырған. Елдің алғысын ала тұра жаралы тау құшақтап неге  жылағысы келгені түсініксіз. Елдің ықыласына көңілі босады дейін десем :
Жалықпай қалай жүргем, қалай көнгем, 
Жабырқау көрінбестей енді атырап.
Осынау егеменді, арайлы елдің,
Арайын сезе алмаған, мен бе ақымақ?! 
Түсімде, жауыпты елден алғыс аппақ, 
Алғыс па, ақша қар ма, жо басқа ма? 
Жылағым келді неге тау құшақтап,
Тау менің тағдырым ғой... таласпа, аға! – дейді. 
Келесі бір өлеңінде Алматыға барған жас ақын өз әсерімен бөліседі. 
«Алматыға келдің бе, мен де келдім.. 
Алатауды көрдің бе, мен де көрдім.
 Қар қылаулап тұр бүгін, дала дымқыл, 
Сəлеміндей суықтау көрген елдің», – деп басталатын өлеңінде Қаратаудан келді деп Алатау неге қозғалмайды, бір күні «токтың» (электр жарығын – Қ.С.) бәрін сөндіріп, жат жанын жараламастан, нашар жырды мақтамауға «оллаһи» деп ант-су ішеді: 
Қайтеді қасқа болмай қаси берген. 
Күлкі ішінде бұққанда көк семсері,
Шат-шадыман көңіл де, жасиды елден, – деп ой шашыраңқылығына жол береді. Өзге де кемшіліктерді айтпағанда, қысқасы, екі өлең де сәтсіз шыққан дер едім. Келешекте, мұндай әлсіз өлең тумас деп үміттенеміз. Рахатынан азабы мол ақындық ғұмырда жанкештілікпен жемісті еңбек етуіне тілектеспіз.
2014 жылғы «Шабыттың» «Жас үздік ақын» номинациясының иегері, 2015 жылы жұлдызы жанған ақын – Әлімжан Әлішер. Үлкенді-кішілі түрлі деңгейдегі мүшәйралардың бас жүлдесін қатарынан бірнеше рет қанжығасына байлаған көктемге ғашық, «бақытқа бақыт болып жолығуды» аңсайтын сары бала «өлеңдегі кіріспесімен-ақ» оқырманды елең еткізді. Баспасөздің қарашаңырағы облыстық газет туған күнінде бір топ өлеңдерін бір бетке тұтастай шығарып, үлкен сый жасаған Әлімжанда өлеңнің киесін ұғыну, қасиетін сезіну бар. Сезімнің сынық сәулелерін жинауға ұмтылған нәзік лирикалары «Апа» деп басталатын перзенттік сағыныш пен мұңға оранған өлеңдегі бала Әлімжанның өскенін аңғартады. Қадыр ақын мен Қасым ақын туған қаңтарда жарық дүние есігін ашқан Әлімжан өлеңдері шынайылығымен көркем. Ол қай тақырыпты жырласа да жүрегінің ең түпкі мекенінен қимас, ешнәрсеге айырбастамас құнды  дүниесін ұсынуға тырысады. Мүшәйра тақырыбына өлең жазу кей ақындарда сәтсіз туынды тууға себеп болып жатса, Әлімжанның жыр бәйгесіне баптаған өлең-арғымақтары мәре сызығын суыған аттай еркін алады. 
«Таусылсам да жазарымды жаза алмай,
Көңілімді көтердім бір босаған.
Бір білерім, нағыз қазақ көз алмай
Өлеңімді оқып болған осы адам», – деп ойын түйіндеген «Қазақ шығар» өлеңі, Фариза ақынның портреті көркем кестеленген:
«Қазақ,
Қалам,
Өлең,
Жайық,
Ожау,
Мұң,
Сол апамнан көргенім.
Ұлы күнді көздеп келем қазық қып
Ұстанымым ол менің.
Сезім,
Сенім,
Ерлік,
Өрлік,
Нәзіктік,
Сол ақыннан көргенім.
...Күлсе – күндей,
Түнергенде – түнектей,
Жанарына от сыңар.
Махамбеттен кейін келген жүрек қой,
Ондай өрлік жоқ шығар.
Төлегенге жолықпаған Жібектей,
Махаббатын топшылар.
Мұқағали сырын айтқан жүрек қой,
Ондай сенім жоқ шығар.
Ойлы жанға оратылған аз ба сын?
Тазалығы бұлтқа тән.
Арулардың, 
Аналардың көз жасын
Жүрегімен сүртті апам» деп келетін Фариза Оңғарсыноваға арналған жыры, «Гүлдер» циклы, «Бақыт», «Жоғалған кітап» балладасы, «Менің көшем» сынды тағы басқа өлеңдері оқыған жанға ой салады. «Менің көшем» деп аталатын өлеңінде:
«Көшеде бұл бақыттылау ірге кем,
Жете алмаған арманына үш аттап.
Дүкен алды сұлап жатыр бір көкем,
Әдетінше бөтелкесін құшақтап.
Жүзімізді жасыратын түн ғана,
Бәрімізге белгілі енді мәрт күші.
Екі аяқпен жүгіре өтті бір бала,
Үш аяқпен асықпайды қарт кісі.
Құбылаға қарай берем мен неге,
Көктен демеп, күш бергендей киелім.
Күңкілдеп жүр кейбіреулер сенделе,
Бірі итін, бірі іздеп күйеуін.
...Мен ешкімге жібермедім көп есе,
Ұмытылды реніш те кешегі.
...Әлдебіреу «өмір деген не?»-десе,
Тура осы көрсетер ем көшені.
Талай ақынның жырына арқау болған Лаура ару Әлімжан Әлішердің де кейіпкеріне айналған. Әлеуметтік желіні пайдаланушы жастардың, әсіресе, Лаура есімді бойжеткендердің жатқа оқыр жырына айналған бұл өлеңге кейіпкері жауап та жазған. «Тағы сүю керек пе осы маған, Нағыз ақын шынында ғашық адам» дейді. «Амалсыздан қала берді шырылдап, Жүрек дейтін қоңырау» дейтін ақын махаббаты кейде шалықтап кетеді. «Мұң болып төгілемін бе? Жас боп ағам ба? Мен үшін Каспийден де  қымбат Ол, Астанадан да!» деп басталатын өлеңіңде ақын:
«Білмеймін, 
Мәжнүндей жындана ма, сағына ма?
Сіз қалай десеңіз де,
Бар әлем сүю керек соны ғана.
Амалын тапсын, оны көрмеген көздер жыласын,
Оны ойламаған кемелер батсын,
Ұшақтар құласын,
Ол шақырса бармаған аяқтар баспай қалсын.
Оны сүймеген жүректер тасқа айналсын», – деп, кемерден таса, әдеттен аса екпіндетеді.  «Алақанмен қол соғатын саған ел, Ал, мен болсам жүрекпен» деген жолдар ақын көңілінің тазалығын білдіреді. Мүшайрада бас жүлде алған өлеңіндегі: 
Өз-өзімнен алыстап, өз-өзіме оралдым,
Өз-өзімді таптым да, өз-өзімнен                 жоғалдым.
Басы болды сөзімнің, көші болды                 бағымның.
Жасы болды көзімнің, досы болды                 жанымның.
Басымды иіп тағы бір ұлылықтан                 жеңілдім,
Қалып қойған ақын ол жүрегінде өмірдің, – деген жолдар Жұмекен бейнесін ғана емес, ақынның да ой-өрісі мен бітім болмысын көрсетіп тұрғандай. Десек те, ақын ескерер бір жайт бар. Ол – тыныс белгіні дұрыс қоя білу. Бір үтір, кейде бір нүктенің адам тағдырын шешуге пәрмені жетерін еске түсірсек, өлеңдегі тыныс белгіге мұқият болған абзал. Екіншіден, өлеңім-өмірбаяным дегендей, жас ақынға өз өміріне қатысты пікірге абайлашы дегіміз келеді.  «Кететін болсам баспаға енбеген өлеңдер», «Жазып бітпедім өмірімді әлі» деуге тым ерте ақынға. «Бір-бірінен алыстайды ғашықтар, Бір-бірінің жүрегіне мініп ап»  деп жүректі жүрекке мінгестіріп қойғанын да құптай алмадық.
Сиясы кеппеген, күні кеше аналар мерекесіне арнап жазған өлеңінде Әлімжан Хауа анадан бастап, Ұмай, Тұмар, Бибі Фатима, Домалақ, Қарашаш аналардың барлығын өз анасы атай отырып:
Менің аналарымның бәрі дастан, 
Ұлық еткен ұлының бағын ашқан. 
Бірі келіп қориды түн ұйқымды, 
Бірі келіп жағады адыраспан. 
Жаулығымен жебеген шарананы,
 Сусымаған басынан орамалы. 
Бар осындай сұрапыл шешелері, 
Бар осындай алпауыт аналары, 
Сәби бақыт қанатын қағады әлі. ...
Солар үшін гүл теріп келмек едім,
 Жұлғанымды, ал, олар қаламады, – дейді.
 «Ең абзалы дұға еткенім күштірек, 
Айту үшін үш тілек» деп иманға бет бұрған ақын: 
Желдемін,
Жаңбырдамын,
Сөздемін,
Сыбырдамын
Суреттеріміздемін сенің, менің,
Экранда,
Ыдыста,
Көңілдемін,
Құстардың әніндемін,
Мен бә-рін-де-мін.
Үйренгенмін қабылдап тосын бәрін,
Дәл осылай ешкімге ашылмадым.
Мен сенің әрбір тамған жасыңдамын,
Қасыңдамын», – деп формалық ізде­ніс­терге де жиі барып жүр. Сәттілік ті­лейік.
Жас ақындар поэзиясына 2015 жылы әдемі леп, нәзіктік пен әсемдік, тазалық пен іңкәрлік ала келген есім – Арайлым Мұраталиева. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті алдымен 3 өлеңін, сосын тұтас бір бетті арнап, (14.02.2015ж. №23-24) 10 өлеңін жариялады. Жас талантты танытуға қосқан үлесі үшін газет ұжымына мың алғыс. Тағдыр тауқыметімен ата-ана­сынан ерте айырылып, өзге балалардан өмірі өзгешелеу өрілген Арайлым балалар үйін­де тәрбиеленіп, биылғы жылы Оңтүстік Қа­зақстан мемлекеттік университетінің білім гранты негізінде 1 курс студенті атанды. 
«Жас жанымды түсіретін әлекке Жанарлардың жаңбырынан сескенгем» дейтін ақын өлеңге асқан сезімталдықпен қарайды. «Сыйдырмап еді көңілдер, Сыйып кеттім дәптерге» деген екі жолдан өмірге деген назын аңғардық. «Есігінен жүректің, Сезімім тұр сығалап» дейтін ақын «Жылар дейсің кім мәңгі, күлуім де мүмкін ғой» деп келер күнге үлкен үміт артады. Томаға тұйық күн кешуді дұрыс көретін Арайлымда мейірімге, жылылыққа толы үлкен жүрек бар. Ол жылылықтың қуаттылығы «Мұзды ерітіп жіберді, Жанарымнан шық құлап» дегеннен байқалады.
«Келеді кеткім», «Қоңырауыңды күткен ем» өлеңдеріндегі кей шумақ­тардың артық, ой қайталанулары кезде­се­тіндігіне, кей өлеңдерінде өлең құрылымына, техникасына көңіл бөлмей мазмұн қуалап кететіндігіне қарамастан  Арай­лым – бірсарындылықтан ада. Иә, ақында жастыққа тән сағыну мен мұңаю, торығу бар. Ол табиғилық. Айды өзіне дос еткен Арайлымда ерекше ырғақ бар. Қазіргі қоғамның кейпін қаламына көшіріп алған қаршадай қыздан күтерім көп!  
Аталған ақындардың ішінде өмір көрген, көңілі көркем бір ақын бар. Ағаларға еркін еркелеп жүретін оның бейнесін Әлімжан Әлішер, «Дәке» деп басталатын өлеңінде әдемі өрнектеген. Қосу мен теңнен құралған «оқылмайтын» «Өмір – Өлең» арқылы өзгеше өрнек салуға ұмтылған Дәурен Айманбетов өмірге я өлеңге өкпелі. Жиі-жиі ғашық болатын ақынның «Айкезбелігі» ұстап, өлең жаза алмай жүр ме екен?! «Асық жайлы» сүйсіне оқыр өлеңнен соң отты өлеңдер күткеніміз анық. Орда бұзар отыз­дан асқан ақынға шығармашылық табыс тілеп, келешекте ойлы оқырмандарын қуантқай дегіміз келеді. 
Махаббаттың нәзік қылын өлеңге қосып шертіп жүрген Тағайбек Тұрыс­құлов өлеңдерінде ғашықтық, мейірім, өмірдің сырын ұғуға деген ұмтылыс, анаға деген құрмет, қызбалық, тіршілік­тің кейпі, досқа сыр, тәубаға келу, келер күннен үміт күту бар.Лирикалық өлеңдері арқылы композиторлармен шығармашылықта жұмыс жасап жүрген ақын не жазса да шынайылық танытады. «Рахмет, кардиолог» деп Мұқағалиша дәрігерге сыр ақтарған ақынға мықты денсаулық тілей отырып, келешекте өлеңнің шұбалаңқылығынан арылып, ойын қысқа өлеңге сиғызып үйренсе деген тілек бар. Тереңнен теріліп, екшелген ойдың сығындысындай болғанда ғана өлеңнің әрбір жолы ғана емес, сөзі сайрап тұрмақ.  
Бірнеше жылдан бері жас ақындар мүшайрасын үзбей ұйымдастырып келе жатқан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педаго­гикалық институты (ректоры п.ғ.д., профессор Оңалбай Аяшев) жас талант­тар­дың танылуына себепкер болып жүр. Өңірдегі білімнің қарашаңырағы танытқан есімнің бірі Сарманова Лаура. 
«Кактус, сен түсінесің бе?
Жанымды бәрі ұқпаса Күндей,
Қымбат шығармын кім білген.
Өзімді саған ұқсатамын ғой,
Тұйық болсам да гүлмін мен!», – деп өзін кактусқа теңеген ақын қыз Сириялық сәбидің соңғы сөзін өлеңге көшіреді:
Ғалам өрт,
«Жанам» деп сескенбей,
Өлімнің өрлігін ескермей,
Жалаңаш қызыл от кешкендей,
Басы ауған бағытқа бөскендей,
Үнсіз жүр тіл ұшын кескендей,
Бір жылда мың жылға өскендей,
Арманы, үміті көшкендей,
Үйінің бұрышы көшкендей,,
Сонда да келеді төске өрлей...
...Қайтейін, адамның сайтанын,
Көрсеткен дүние сойқаның.
Сәбидің ең соңғы сөзі бұл:
«Сендерді Аллаға айтамын!...»
Лаураға  көп ізденіс, шығармашылық шабыт, өмірді көркем өрнектеуде табыс тілейміз.
Сонарда қазақ баспаған із көп, 
Олжасын шыңнан түсірген атып.
Бақытты қайтем басқадан іздеп,
Мені іздеп жүр ғой түсімде бақыт.
Бәйгенің шықса тездеп дүбірі,
Азуға қамшы тістелеп өтем.
Ал маған қызық өзге ұлттың ұлы
Ұйқыда қандай түс көреді екен? – деп түсінде де ұлтын ойлап жүрген, облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған өткен жылғы «Сен жанбасаң лапылдап...» атты жас ақындардың жыр мүшәйрасының жеңімпазы Мұқағали Кенжетайұлын жаңа жырлармен күтеміз. Әнге сөз жазу оңай дүние емес, әрине. Десек те, өлең есігінен аттаған соң киелі табалдырықта тұрмағаны жөн ғой деп ойлаймыз. Жыр кітабын шығарып беруді уәде еткен басшылық сөзінде тұрып, Оңтүстіктегі жас ақындардың жинағын шығарып береді ғой деген үміттеміз.
Мүшәйрада ғана көрінер Айнабек Айдана, Маликова Ақеркелерге өлең өлкесіндегі сапарларыңызды жалғастырсаңыздар дегі­міз келеді. Кезінде Ханапамыз ұйымдас­тырып, 8 наурызда дәстүрлі өтіп тұратын қыз-келіншектер мүшәйрасы жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді. Сол мү­шәйра танытқан есімнің бірі, «Адамдар аман жүрсін деп» атты алғашқы жинағын шығар­ған Қалдыгүл Әлімбаева қайда жүр екен?
Құрметті өлең сүйер қауым! Ойлы оқырман! Өлеңді тамсанып оқу аз, оның көркемдік эстетикалық ләззатын сезіну – бөлек дүние. Жас ақындар поэзиясын оқып қана қоймай, алдыңғы буын ағалар мен апалар, замандастар ойлы пікірін білдіріп тұрса дейміз. Орынды сыннан ақынның өсері анық.  Мүмкін, облыстық, қалалық басылым беттерінде жас ақындар өлеңі мен оған айтылған сыни пікірді қоса жариялау керек шығар? Бұл – ұсыныс қана. Әйтсе де, жас ақындарға рухани қолдау көрсету – ұлт әдебиетіне жасалған қамқорлықтың кішкентай ғана бөлшегі болар еді...
Бүгінгі күні тұсауы кесіліп, алғашқы номері оқырмандарға жол тартқан «Қазығұрт kz» журналы сөз сүйер әрбір оқырманның үйінен табылса екен. Сондай-ақ, журналдан «Сыншы бағаны» немесе «Сыншы мінбері» сияқты сыни-ой пікір алаңы ашылса, әдебиеттің өсіп-өркендеуіне тамшыдай болса да үлес қосылар еді. 
Тағы бір ұсынысым, келесі 2016 жылғы әдеби жыл қорытындысында әдебиеттану, сын және балалар әдебиеті туралы да сөз болып, талданса екен. Бала кезінен көркем әдебиетке құмар болып өспеген өреннен ертеңгі күні әдебиетті неге оқымайсың деп талап ету – бапталмаған жеміс ағашынан жеміс күткенмен тең. Өгейдің күнін кешіп, тасада елеусіз күн кешіп жүрген балалар әдебиетіне үлес қосар ақын-жазушылар ұлт болашағына еселеп қайтар инвес­тиция құйған болар еді. Әрине, балалар ақыны я жазушысы болып туылу тиістігін жақсы түсінеміз. Десек те, талпынған талант иесі еңбектенсе нәтижесіз болмас, бәлкім?! 
Ендеше, өмірді сүйген жүрекпен өлең оқи жүрейік! ­Ақындарымызды аялай білейік. Жастар поэзиясына көркемдік өсу, шығар­машылық толысу тілеймін. Назар аударып тыңдағандарыңызға рахмет!

720 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз