• Заманхат
  • 15 Қараша, 2017

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ М. ӘУЕЗОВ

Бақтияр СМАНОВ – ҚР ҰҒА академигі,

Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі, профессор

Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласы шын мәніндегі тарихи мәні зор, халқымыздың ұлттық сана-сезімін биік деңгейге көтеретін, Мәңгілік ел болашағы – жастарды тәрбиелеуге арналған үлкен ойдың, тұғырлы тұжырымның жемісі болғандығы еш дәлелдеуді қажет етпейтіні айқын шындық. Елбасының бұл еңбегі «Қазақстанның үшін­­ші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы халыққа Жолдауының заңды жалғасы секілді болды. Оны Мемлекет басшысының: «... Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыртуды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар... Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деген сөздері дәлелдейді. 

Өте орынды ой, рас айтылған сөз. Олай дейтініміз, қа­зіргі кезеңдегі көз ілеспес өскелең өмір өзгерістері, әсіресе, бүгінгі ғаламдық жаһандану үрдісі, қазақ қоғамына дендеп еніп келе жатқан батыстың мәдениеті мен өркениеті біздің ой-санамыз бен ішкі дүниетанымымызды нығайтуымызды талап етіп отыр. Сондықтан, халқымыздың рухани жаң­ғыруының басты шарты – ұлттық кодымызды сақтауды әрқашан естен шығармауымыз қажет. Ұлттың коды дегеніміз – ана тіліміз бен туған әдебиетіміз, музыкамыз, ән-күй өнеріміз, өміршең өмір салттарымыз бен ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан дара дәстүріміз, жөн-жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда – ұлттық рухымыз болып табылады. «Ата салтың – қазақтық қалпың» демекші, бұл аталған қадір-қасиеттердің барлығы, түптеп келгенде, ұлттық сананың қалыптасып кемелденуіне, орнығып нығаюына қыз­мет етеді. Ұлттық код пен ұлттық мәдениет жоқ жерде ешқандай рухани жаңғыру болмайтыны бесенеден бел­гілі. Екіншіден, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, ұлттың өркен­деуіне кедергі болатын өткеннің кертартпа әдет-дағдылары мен келеңсіз құбылыстарынан арылу да біз үшін өзекті мәселе болуы керек. Мұны Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында ерекше қадап айтты. Осы орайда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде ұлы Абайдың даналығы мен М.Әуезовтің ғұламалығын, жыр алыбы Жамбылдың жырлары мен дарынды композитор Құрманғазының күйлерін, ғасырлар қой­науынан келе жатқан бабалар үнін тілге тиек етіп, мысалға келтіреді. Мұны Ұлт Көшбасшысы жайдан-жай ай­тып отырмағаны анық. Өйткені, биыл туғанына 120 жыл толып отыр­ған ұлы жазушы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық әлеміне зер сал­ғанда Елбасы мақаласындағы рухани жаңғыруға байланысты ойларды ке­меңгер қаламгер өз еңбектерінде табан­ды түрде әр тарапты айтып, жа­зып отырғанын, үнемі басты назарда ұстағанын аңғарамыз. Бұл ақыл­ман жазушының ұлт тағдырына нем­құ­райлы қарамағанын, оның шы­найы жанашырлық ықыласын, азаматтық-патриоттық рухын көрсетеді. Осы аталған жайттардан Елбасының бағдар­ла­малық мақаласында ұлы жазушының ғұла­малығына мән беріп, ерекше атауы бекерден-бекер емес екенін айқын сеземіз. Президент өз еңбегінде ХХІ ға­сыр­дағы ұлттық санаға байланыс­ты прагматизм, Ұлттық бірегейлікті сақтау, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы сынды мәселелермен бірге таяудағы жыл­дарда атқаратын міндеттер ретінде елі­міздегі білімнің салтанат құруына арнайы тоқталды. Білім – ұлт өркениетінің өлшемі дейтін болсақ, ұлттың сапалық көрсеткіші де біліммен тікелей байланысты болмақ. Қазақтың: «Оқусыз-білім жоқ, білімсіз–күнің жоқ», дейтін аталы сөзі де сондықтан. Ал, білімнің негізгі іргетасы әліпбиден, ұлттық жазу үлгісінен қаланады. Бүгінгі ана тіліміздің, жазу емлеміздің латын әліпбиіне негізделген жаңа графикаға көшуі өткен ғасырда (1929-1940ж.ж.) қолданған әліпбиімізге – латын жазуына қайта оралып, ұлттық санамыздың жаңғыруына ықпал етеді. Біз өткен тарихымыздан 1929 жыл­дың 7 тамызында бұрынғы КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссариаты Кеңесінің Төр­алқасы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін енгізу» туралы қаулы қабылдағанын біле­міз. Осы ретте, М.Әуезовтің 1929 жыл­ғы латын әліпбиін енгізу жұмысына бел­сене қатысқанын, латын жазуының ұтымды жақтары жөнінде салмақты ойлар білдіргенін айтпай кетуге болмайды. Ол араб әліппесінің кемшіліктері қазақ тілінің жазу емлесіне де салқынын тигізгенін, араб жазуының тұсында сезілмеген бұ­рынғы емленің бар кемшіліктері жаңа әліпбиге көшкен соң көзге айқын түскенін ескертеді. «Қазақ жаңа емлесі туралы» декрет қабылданарда үкіметтік қаулыға Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төр­ағасы ретінде М.Әуезов, хатшысы деген тұсқа Әндіжанұлы қол қояды. 1929 жылдың 25 шілдесінде қабылданған осы құжатта: «...Октябрь төңкерісінен соң ұлы мәдениет-шаруашылық жұмысын өз қолымен істей бастаған қалың қазақ еңбекшілерінің мүддесі, жұрнақшыл-үндесшіл қазақ тілінің дыбыс заңдары, жаңа әліппенің айрықша қасиеттері – бәрі қосылып емлені өзгертуді амалсыз керек қылады. Онан соң емлені социалдық құрылыс жағдайына қарай, тілдің даму бағытына қарай өзгерту керек-ті. ...қазақ емлесін, емлелерінің ішінде ең оңай саналған дыбыс жүйелі емле негізіне құру керек; қазақтың төл сөзі үшін де, шеттен кірген сөздер үшін де бірыңғай емле жасау керек», – деген талап қойылып, оны жүзеге асырудың шаралары бекітілді. Бұл игілікті істің оң нәтижелерін халқымыз кирилл жазуына көшкенге дейін (он жылдан астам уақыт) көрді. Міне, ұлы жазушының осы үлгісі бүгінгі Қа­зақстанның рухани жаңғыруының басты мәселелерінің бірі – латын жазуының қазіргі қабылдануында да өнеге болатындай елеп-ескерерлік жайт. Еліміздің 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған даму стратегиясында қазақ тілін өркендету мен оны мемлекеттік дең­гейде орнықтыру мәселесіне айрықша орын бе­рілген. Бұл, әрине, болашақта қолда­ны­латын әліпбимен тікелей байланысты кең қанат жаятын аса маңызды іс. Әліпби – дыбысты таңбалап жазу үшін ойлап шығарылғанын, ал, жазу – ойдағыны қағазға түсірудің, сол әліп­биді тұтынған тілді көркейтудің, оның қолданылу аясын нығайтудың амалы екенін әлем ғалымдары мойындап келе жатқаны мәлім. Сол себепті, латын әліпбиі мәселесін өркениетке жетудің, рухани-әлеуметтік дамудың жолы ре­тінде қарастырған орынды. Сон­дық­­тан да, бұл жайтты егемен еліміз хал­қының есін жиып, өзінің төл жазуын қалыптастыруына беріліп отырған үл­кен мүмкіндік деп бағалаған абзал. Ал, білім туралы айтқанда ұлы Мұ­хаңның (М.Әуезовтің) «Оқуға ұмты­латын уақыт» атты мақаласындағы: «Оқу­дың керектігі турасында сөз жазып оты­рудың керектігі жоқ! Аспандағы күннің барлығына қандай сенім болса, оқудың керектігіне де сондай сенім болған: оқу­сыз ел – дүниедегі тіршілік жарысына ере алмай жоқ болады. Біз: «Қазақ Хү­кіметі, қазақ ұлты» деген сөздің бәрін де оқу таразысымен өлшейміз: оқу­сыз атақ – өрмекшінің ұясы сияқты бос нәрсе...», – деген сөздері еске түседі. Ма­қалада данышпан суреткер елді түзу жолға жетелейтін азаматтар, Қазақ елін қатарға кіргізуді мақсұт еткен азаматтар, оқу жұмысын қарастыруын, оқу жұ­мысы қасиетті жұмыс екенін, саясатқа құрбан болуға жарамайтын жұмыс екенін, еш уақытта көңілден шығармауын, оқу бөлімдеріне қазақ азаматтары кіріп, қазақ мектебін ретке салуын ескертеді. Бұл мысал да кемеңгер жазушы ойларының бүгінгі күнгі біздің рухани жаңғыру талаптарымен үндес келетінін байқатады. Бұл жайтты Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «...Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді»,- деп айрықша атап айтты. Ұлы талант иесінің ұлттық коды­мыздың басты белгісі – ана тілімізге жасаған жана­шырлық қамқорлығы орасан зор. Мұ­ны тілші-ғалымдар екі арнада, екі ба­ғыт­та қарастырып жүр. Соның бірі және негізгісі – оның жазушы ретіндегі лексика мен фразеологиядағы, грамматика мен стилистикадағы табыстары болса, екіншісі – сөз қолданымға байланысты жазушының теориялық болжамдары мен тұжырымдары, құн­ды пікір-ұсыныстары туралы жеке зерттеулері. Халқымыздың өткен ғасырда өмір сүрген зиялы азаматтарының бірі, қазақ мәдениетінің ірі қайраткері Ілияс Омаров: «Мұхаңды (Әуезовті) ең алғаш сөзінен танығам, ал сөзді ең алғаш Мұхаңнан танығам», – деуі ұлы суреткердің ана тілін өте жетік меңгергенін және ана тілі мен оның тілдік қорын байытуға орасан зор үлес қосқанын айғақтаса керек. Қаламгер жазу өнерінде өзіне үлкен эстетикалық талғам мен қатаң да жоғары талап қой­ғанын оның қаламынан туған сырлы сөздерді сөйлетуінен, сөз құдіретін танытуынан анық білеміз. Мұны автор ғылыми-зерттеу, публи­цистикалық мақалалары мен көркем шығармаларындағы кейіпкерлер сөзінде, сондай-ақ авторлық баяндауларда да жарқырата көрсетеді. Оған қоса, бұдан кемеңгер жазушының жазу стиліндегі биік этикалық-эстетикалық парасат пайымдары мен терең философиялық ой-толғауларының өзара тығыз байланыстылығын аңғарамыз. Мәселен, суреткер тілі туралы мақаласында ол: «...жазушының көркем әдебиеттегі тілі тек жабайы, жұпыны ұғым тілі ғана болып қоя алмайды. Ұғым, түсінікпен қатар, ой, сезімге де бірдей әсер етерлік айшықты тілмен әсем сөйлеуі шарт. Ылғал жоқ, дәм жоқ, тек грам­матикашылдың сәл ғана білген, күнделік қалыпта тұтынып жүрген, шама-шар­қына өлшенген әдебиет тілі көркем болып жарытпайды», – деп кесіп айтса, ендігі бір жерде: «....Бүгінгі біздің жазушылардан байқалатын бір үлкен олақтық – көп жазушылардың сөздігі шағын, тілі кедей.....Бірталай ақындарымыздың.....еңбектеріндегі сөздік қорға келсек, жиыны бес-алты мың сөзден аса қоймайтын мүлкі ғана бар ма дейсің», – деп өкініш білдіреді. М.Әуезов шығармашылығындағы бү­­гін­гі күнгі рухани жаңғырудың ұлт­тық арна­ларының көрініс табуына байланысты жоғарыда біз атаған екі жол, екі бағытқа орай да нақтылы үлгі етерлік мысалдарды мейлінше молынан кездестіруге болатынын байқаймыз. Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық еңбегінде ерекше аталатын, халқы­мыздың ұлттық кодына жататын салт-дәстүрлерден – сүндет той, тұсау кесер, құда болу (құдалық), келін түсіру, шілдехана, бесік той, қарғыбау беру, өлген адамның орнын сақтау, әруақ риза болу, беташар, көңіл айту, ақсарбас айту, іштей шүкірана ету, сүйек жаңғырту сынды т.б. ата салттарымыздың түрлерін, қазақтың әдет-ғұрып үлгілерінен – дәм тату, ауыз тию, қымызмұрындық, ерулік беру, тоқым қағар, асар жасау, аңшылық, саятшылық құру, үйрек, қаз аулау үшін құс баптау, аңшының, не саятшының олжасын жасы үлкен адамға, не жора-жолдасына байлау, туыстарына тарту ету, ауыл өміріндегі ер-тұрман, қару-сайман, жылқының таңбасы, қойдың ені, үйдің ою-өрнектері сияқты т.т. елдің тұрмыс-тіршілігіне байланысты жөн-жоралғы жайттарын, сан алуан этнографизмдерді көрнекті жазушы өз шығармаларында асқан шеберлікпен қолданады. Мұндай этнографиялық детальдар кейіпкер бейнесінің табиғатын ашуда да, бүкіл шығарманың идеялық-көркемдік қуатын танытуда да мәні зор. Сондықтан, қаламгердің әдеби шығармашылығындағы кезкелген туындыны алсаңыз да ел өмірінің, халық тұрмысының, ты­ныс-тіршілігінің, ша­руа­шылық кә­сі­бінің, қоршаған орта мен туған жер табиғатының айнасын, көркем картинасын көргендей күйде боласыз. Бұл секілді рухани байлықтар мен олардың хал-жайы, даму үрдісі саңлақ суреткердің публицистикалық мақалаларында (очерктері, баяндамалары, жолжазбалары, естеліктері, әдеби-сын зерттеулері т.т.) да кеңінен орын алған. Айталық, жазушы 1948 жылы жазған «Біздің елдің салт-сауығы» атты мақа­ласында: «...Гүлденіп тарих, көр­кейіп өмір, дәурен жаңғырған заманда сан алуан салт та жаңғырады. Өнер, білім тауып өскен елдің салтына да өнер, білім үлгісі, өрнегі кіреді. Бұл жөнінде бұрынғы ауыл салтын санап, бүгінгі аулымыздың жаңалықтарын жалғастырып айтсақ, көп сөз болар еді. Жалпы, салт дегеннің өзін де сансыз көп салаларға бөліп, таратып айтса, сөз ұзақ болады... Салтты біз екі жақтан сөз етпекпіз. Оның бірі – тұрмыс салты, екіншісі – сауық салты. Осы екі жай біздің бүгінгі өнерлі қаламыз бен өскелең колхоздарымызда қалай қа­лып­танып келеді, соны айтайық», – деп кеңестік кезеңдегі «түрі ұлттық, маз­мұны социалистік» деп дәріптелген салт­тарымыздың әрқайсысына жеке-жеке тоқталады. Мақалада автор оқымысты қазақ қауы­мында ән салмайтын, би билемейтін, күйді қадірлемейтін жан жоқ екенін, өйткені біздің жаңа салт пен сауығымызда барлық азаматтық өзге қасиеттеріміздің қатарында сауық-сәніміз, көркемөнеріміз аса қадірлі қасиеттеріміздің бірінен саналатынын, бұл жайды кеңестік ауылдағы барлық еліміздің ата-аналық, бала-бауырлық буындарының баршасы толық түсінетінін және түгел сүйсіне қостайтынын заман талабына сай қуанышпен жазады. Мәселен, «Қазақтың халық музыкасы мен музыка театры» атты мақаласында кеңестік Қазақстандағы мәдениет төңкерісі өлкенің барлық еңбекші жұртшылығын қуантып риза еткендей көп-көп табыстарға ие болғанын, өлке мен елдің бұрынғы ешбір тарихында болмаған мәдениет табыстары жаңа төңкерісшіл жас жұртшылықтың өнер таппақ болып, қанат қаққан талабы көркемөнер саласында да жаңалық үс­тіне жаңалық туғызып отырғанын атайды. Бұл орайда, елдегі мемлекеттік тарихи мән-маңызы бар ірі бағыттағы үлкен жаңа­лықтың бірі – Қазақтың мемлекеттік музыка театры болғандығын, оның сол кезеңдегі ең алдымен айқындалып көрінетін ерекшелігі – ән, күй негізінің тұтасынан халықтың рухани қорынан шыққандығын, мұнда бұл мұра еңбекші халықтың ой-қиялы мен үмітінің өшпес жанар отын ғасырлар бойы жол­ғалтпай алып келгенін сөз етеді. Академик-жазушы М.Әуезов: «...Шынын­да да, туғанынан бастап өліміне шейін өте­тін күйін алсақ, қазақтың өмі­рінде әннің ілесіп жүрмеген ешбір үлкен кезеңі жоқ деуге болады. Оның өмірінде не ғұрыптан туған ән, не үй іші тұрмыс-салтынан туған ән, не болмаса өз өнері арқылы өз жанынан шыққан әндер ылғи егіз болып ілесіп отырады. Ән ғасырлар түкпірінен қайғылы хал баянын бізге жеткізеді», - деп ойын түйіндейді. Мақалада автор қазақтың ән өнері мен халық композиторларының күй мұрасын, олардың музыка театры сахнасында ажар­ланып, барынша кең де терең түрде жаңа­ша пайдаланыла бастағанын, ескі мұ­ралардың еуропаланған жаңа театрлық мә­дениетке көшкенін, бұл үрдіс өзінен-өзі бір үлкен тарихи-мәдени қарышты қадамға айналғанын, сол арқылы осы бағытта жаңа төңкерісшіл музыка туғызуға, нағыз үлкен қазақ операсын, ұлттық би, балет өнерін, симфониялық оркестр, төл филормониямызды қалыптастыруға негіз қаланғанын баяндайды. Осы тұрғыда қазақ музыка театры халықтың бай рухани мұрасы – тарихи жырлар мен елдік эпостық шығармаларды, қаламгердің драмалық туындыларын ар­қау еткен «Айман-Шолпан», «Қыз Жі­бек», «Жалбыр», «Шұға» атты сахналық қойы­лымдарды, олардағы рөлдерді сомда­ған Күләш, Қанабек, Құрманбек сынды үздік өнер саңлақтарының жаңашыл табыстарын үлкен жетістік ретінде мақтаныш етеді. Автордың кез келген шығармасы – мейлі ол шағын әңгіме-хикаяттары болсын, көлемді эпикалық, драмалық шығармалары, әлде публицистикалық және ғылыми-зерт­теу еңбектері болсын – бәрінде де қа­зақ­тың ұлттық рухани құндылықтары өте ұқып­­тылықпен, асқан ізденімпаздықпен, үл­кен шеберлікпен пайдаланылады. Ал, ғұлама жазушының «Абай жолы» ро­ман-эпопеясының жө­ні бөлек. Өйткені қа­зақтың ұлттық брен­діне айналған роман-эпопея рухани байлықтарымыздың тау­­сылмас кені іспетті. Сондықтан, әлемге әйгілі шығармадағы тілдік, халықтық-эт­но­графиялық мағлұматтар жайында сөз арайы болуы керек. Біз алған тақы­рыбы­мыздың бір парасына ғана тоқталдық. Сөз соңында айтарымыз, арқалы ақын Жұбан Молдағалиевтың: Қайран Мұхаң – көркем сөздің пірі еді, Абайымыз екеу болса, бірі еді. Тілі барда халықтардың, қазақтың, Тірілермен тірілерше жүреді, – деп жыр арнағаны бар. Сол айтқандай, ұлы жазушы, үл­кен ой­шыл-қаламгер, ірі ғұлама ға­лым халқымен бірге өмір сүріп келеді. Олай дейтініміз, М.Әуезов шығар­машылығының идеялық-рухани, көр­кемдік-эстетикалық, тілдік құ­бы­лыстар әлемін әдебиетші, тілші ға­лым­дар қал-қа­дарынша әр қырынан, жан-жақты зерт­теп-зерделеп келеді. Әйтсе де, саң­лақ суреткердің бүгінгі күннің бас­ты идеялық талабына айналып отырған ұлттық болмысымызды танытатын рухани жаңғыру арналары толығымен жүйелі түрде қарастыруды қажет ететіні даусыз деп ойлаймыз.

462 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз