• Ел мұраты
  • 19 Сәуір, 2018

Бір жинақ – үш пікір

Өмірдің  өзін  көркем суретке өзгерткен

Алғадай Әбілғазыұлының «Қасиетпен қауышу» аталатын әңгімелер жинағы жарық көрді. Бұл негізінен оқырманды имандылыққа жетелейтін кітап деп бірден айтуға болады. Мұнан бұрын, бұл сарындас алғашқы кітаптар Дәулетбек Байтұрсынұлының «Ләтифа ....» және «Алла – сенің арқаң» аталатын кітаптары, сондай-ақ, Құлкерім Елеместің «Исламға мінәжат» өлеңдері жарық көріп үлгерген. Бір сөзбен айтқанда, мұндай туындылар елімізді Тәуелсіздікке қол жеткізген егемен­дігі­міз­дің жемісі. Алғадайдың аталған кітабы Ықылас атындағы ұлт-аспаптар мұражайында ақын-жазушылардың, зиялы қауым өкілдерінің, ғылым докторларының, дінтанушылар өкілдерінің және кітап оқыр­мандарының қатысуымен талқыланып, тұсауы кесілді. Сондай-ақ, көркем әңгімелер шынайылықпен жақсы аталып, лайықты бағасын алғанына куә болдық. Кітаптың басты ерекшелігі – күнделікті өмірде қасиетті Ислам дінінің кәусарынан сусындап жүрген бауырымыз Алғадайдың жүрек түкпірінен лықсып шыққан көркем әңгімелер. Адамдықтың биік сатысына бағыттайтын имандылық руханиятты арқау етуге арналған кітап. Әрі оны сөзбен уағыздап, даналап жатпай-ақ, оқиғалар желісімен ашып отырады. Яғни, алған тақырыптарында исламиятты дәріптеп, ақылгөйлікке салмай-ақ, кейіпкерлердің теріс беттеген іс-әркеттерін даналай отырып, соның бетін оқиға арқылы бері қаратып, істің кінәрат мінін сол арқылы ашады. Оқырманды іштей өкіндіріп барып, емін өзі табады. Автордың алғашқы әңгімесі «Баянды махаббатта» Еділмен Еңлік деген қыздың ортасындағы мөлдір сүйіспеншіліктен басталады. Бірақ, Еңлік қыз басқа бір өресі төмен, пысықай Ермек деген жігітке жар болады. Бұл әрекет, әрине, Еңлікті құлай сүйген адал махаббат иесі Еділдің жүрегін жаралап кетеді. Француз жазушысы Ф.Ларошпуко (1613-1680): «Жолы болмаған махаббаттың әуресінен түскен тыртық сүйекке емес, жүректе қалады» деген. Еңлікті шынайы сүйген Еділ сондай күйде. Ол жүрегін тот баспайтын асыл жаралысы бар жан. Аумайтын, айнымайтын адам. Сондықтан, ол Еңлікке деген жүрек жарасы жазылмай, ешкімге үйленбей, жүріп алады. Ал, Еңлік болса, үш балалы болған кезінде әлгі жолшыбай жолбасар күйеуі тастап кетеді. Яғни, Еділдің көктегі шолпан жұлдызын іске алғысыз етіп қорлап үлгереді. Еділдің сол кездегі көңіл-күйін айтыңыз. Еңлігін әрі аяп, әрі ол үшін өкініп, отқа түседі. Жаны күйзеліп, енді бұрынғыдан ары дәруіш болады. «Емірене сүйген – елжіретер, күндердің күні еңіретер» дегеннің кері келіп; көзімен емес, жүрегімен жылаған Ермек Еңліктің үш баласының бар екеніне қарамай, оған үйленуге ойланбастан бел байлайды. Баяғы қайран жүрек қой. «Неткен асыл еді!» дейсің. Ешкімнің сөзіне, батпан салмағы бар сыртқы әсерге пысқырмай, Еңлікке үйленуіне кім қалай қарар екен. Еділді Алла ғана, сонан соң, осы сөйлемдердің иесі ғана түсінетін шығар. Ол адал еді (Еділді түсіну – Алғадайды ұғыну. Оның, яғни, автордың жүрек түкпіріндегі таттанып, тот баспайтын асыл жәуһарды көру). Автор әлдебіреуді дәл сондай сүйе алған. Ермектей рухани дәруіш, жан-сезім диуанасы болған. «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да, Аспанда айменен күн шағылса да. Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да» – деген, есіл Абай-ай! Ақыры қайран Еділ Еңлікке үйленеді. Өкінішті, орны толмас у өкінішті ішке жұтып, тәуекелге бел байлағанмен, есік көріп; езгі, таптау көріп, жан-әлемін кір шалған Еңліктің мінезінде өзгеріс бар болатын. Ол адам танымағанына, Еділдей аумас, айнымас, асыл болат, алмасынан айырылғанына жазықты еді. Сол әсерден бір кездегі уылжып, үлбіреген аяулы қалпын сақтай алмаған. Жүрегінің иманы айнымайтын автор соны айтып отыр. Оқырманды апиындай арбаған болмыстармен ойландырып, емдеп отыр. Мына, жаны сірі, меңіреу, керең дүниедегі келісім бермес, кереғар кектер сақталатындығымен дауалағысы келеді. Сыр алдырмас тылсым құпияларды ашуды армандаған. Еділ пен Еңліктің отбасында ыдыс-аяқ сылдырлап жатты... «Пышақ кезенген перзент» әңгімесінде отағасы Еркін деген азамат өзінің күйгелек мінезімен үлкен ұлы оған пышақ алып ұмтылады. Мұнда біріншіден қазақ тәрбие­сіндегі «баланың шалалығына әкенің дана­лығы бар» деген болмай, балаға және оның алдында шешесіне дүрсе қоя берген отағасы Еркін жазықты болса, автор соны көрсете отырып, әке ашуланғанда, баланың беті қайту орнына тым өрескелдік танытуын Ермек әкенің ойымен ашады. «Өзіме де обал жоқ! Ит мінезімнің кесірі!» деуі және бір тұста «кезінде әкемді ренжіттім бе екен» дегені арқылы адам өзін өзі міндеп, сынай білуін меңзейді автор. Еркін бұзақы әке емес. Ашуын басу үшін мешітке барып, намаз оқып келуі – адами сыйпат. Ол өзі сегіз баланың әкесі. Әскерді бітіріп келген жаңағы ең үлкен ұлы Қазтайдан кейін жеті бала бар. Қазтай небары жиырмадан асқан болса, оның соңында үйелмелі-сүйелмелі жетеу. Еркін соның бәрін жұмыс істеп асырауда. Ол мешіттен келсе, Қазтай ең кішкене екі інісін ғана қалдырып, өзгесін шешесімен қоса алып кетіп қалыпты. Бұлардың үйінде болған жағдайды білейін деп Ақжан деген туысқан жігіт келеді (Құдайшылық көңілмен келген діндар жігіт автордың өзі екені мәлім). Еркінге Қазтай пышақ алып ұмтыла бергенде, Аманбек деген жігіт кіріп қалып, дер кезінде арашаламағанда іс аяғы немен тынары тағы тұр. Құдайшыл туысқаны келіп, жағдай сұрағанда, Еркін байғұс басына түскен шексіз ауыртпалықты айтып зарлай келіп, «...уһ-һ... Қор болғаным-ай, Ақжан, қор болғаным-ай!..» деп екі қолымен басын сығымдап ұстап, Еркін еңкілдеп кетті...» (Оқырманға аңғарта кетер бір жайт – өмірге құдайшылық көзбен қарайтын, жаны таза, ары мөлдір Алғадай Әбілғазыұлы көркем әңгімелерді ойдан құрамай, айналасында болып жатқан жанды оқиғалардан алып және оған өзі үшінші кейіпкер ретінде екі жаққа тең таразы болып көрінуі – бір жағынан үлкен бір Құдайы қалыс сауапкершілік іс болса, екіншіден, ата-бабаларымыздың, қазы-билердің ежелгі әділ биліктерінің бүгінгі жарқын жұрнағы ретінде қарауымыз керек. Солар арқылы маңында жүрген көзі тірі кейіпкерлерді де, оқырмандарын да емдеп, сауат ашады). Бұл мыңның, тіпті, миллиондардың бірі істейтін жүрек жолы кең адамның қолынан келеді. Әсіресе, мына біздің ешнәрсені көргісі келмейтін; жақсы сөз, жақсы іске зәру заманда көз шымылдығымызды ашатын әрекет. Бұған тұщына білмеу, мұндай төрелікке қуана білмеу – ақылдылықтың нүктесін қойып тастап (одан ары баспай), кері шегінгендікке жатады. Кертартпалық деп соны айтпай, нені айтамыз. Хош, негізгі сөзге оралайық. Еркіннің бала-шағасы кетіп қалғанына жаны ашыған Ақжан екі-үш күн өткенде, оларды іздеп тауып, Қазтаймен сөйлеседі. Ол әкесін даттай түсіп: – Мазаны әбден алып жіберді... «Та­мақты тыныш отырып ішіп, тыныш ұйық­тайық» деп кетіп қалдық. – Е-е-е,.. әкеңе неғып жүгіріп жүрсің? Соны түсіндірші. – Ой, ызың-ызың етіп, қанды ішіп бітті ғой! Мамамды әбден қорқытып алған! Ұрысады да жатады!.. Ұйықтап жатқам, тағы да сол баяғы батяның айғайынан оянып кеттім. «Не боп қалды?» деп шықсам, мамам жылап отыр! Жаным ашып кетті... Алдында да сөйтіп жылатқанын көргем. Ой жынымның келгені-ай! – Ім-мм... Мамамды қорғадым де... – Иә, маханға күн көрсетпейді ғой. Әбден басынып алған! Өйтіп қор қылмаймын мен! – Е-ее... Түсінікті. Онда Қазтай, енді мені тыңда. – Иә. – Бұл өмірдің сынақ екенін, Алла та­ғаланың бізді түрлі жағдайларға салып сынайтынын білесің. Құран аяттарында «сендерді жақсы-жаман күйге салып сынаймын» демей ме. – Иә... Жақтырыңқырамай, бірақ жуасып тіл қатты. – Келесі бір аятта «біріңді-бірің арқылы сынаймын» дейді, Жаратушы Иеміз. Яғни, жанымызда жүрген адамдар арқылы сыналамыз. Олардың кей қылықтары ұнамайды, кейде ренжітеді, кейде сатып кетеді. Сол сияқты, ата-анамыз да бізге сынақ болуы мүмкін. Мысалы, үйленейін деген қызыңды жақтырмайды, намаз оқығаныңа қарсы болады, ауырып қалады, жұмыссыз қалады. Тіпті (Құдай бетін ары қылсын), алжып, жынды боп қалуы да мүмкін. Мүмкін ғой? – Мүмкін. – Не істейміз сонда? Адам ретінде, мұсылман ретінде не істеуіміз керек? – Сабыр ету керек. – Дұрыс, сабыр ету керек және шүкір ету керек! Құранда «маған және ата-аналарыңа шүкір етіңдер» дейді. Ол не деген сөз? Ата-анаңды таңдай алмайсың. Сондықтан, Алла нәсіп еткен әке-шешеңе разы бол. Олар қандай кісілер болса да, өзіңе тиісті міндетіңді атқар. Ақжан осылай Құран жарықтықтың көкейге қонымды аяттарымен Қазтайды ойға қалдыра, жуасыта келіп, «ата-анаң жынды болса байлап бақ» дейді. Ал, сенің әкең жынды ма?.. Ауру ма?.. Жұмыс істемей, масыл болып алды ма?.. Жо-оқ. Рас, денсаулығы сыр беріп жүр. Бірақ осы күнге дейін бәріңді асырап келеді ғой!.. Сегіз баланы бағу оңай деймісің? «Ата-ананың қадырын балалы болғанда білесің» деген, кейін түсінесің, Қазтай... Бір қызарып, бір бозарған Қазбекте үн жоқ. «Айтқанымды сіңіріп алсын» деп біраз үнсіз отырдым. Жаңбыр төгіп тұр. Міне, көріп отырғанымыздай, Алғадай туыстар арасында болып жатқан (болуға тиісті) оқиғаларды осылайша кітапқа шығарып, бізді, яғни, оқырманды қосымша тәрбиелеп отыр. Әсіресе, Құраннан көрсетілген сөйлемдерден ой аласыз ба – аласыз. Өзің біліңкіремей жүрген кейбір жағдайлардан сыр түйесіз бе – түйесіз. Осы аталған ұзақтау әңгіменің аяғына дейін тағы нелер айтылмайды, десеңші! Тегінде, қаламгер атаулының міндеті – адам тәрбиелеу ғой. Ақын-жазушы, журналистер қарапайым өз халқының көркем сезім жиынтығы, ақыл-есінің көркем қорытындысы десек, ендеше, Алғадай Әбілғазыұлының «Қасиетпен қауышу» аталатын бұл кітабы өзінің «қабысуы» емес, шынында да, адамның адами қасиеттерін байыта түсуге себі тиетін, үлкен тәрбиелік мәні бар көркем шығарма деп ауыз толтырып айта аламыз. Қысқа түйіндей келгенде, Алғадай Әбілғазыұлының жазушылық қадамы өмірдің өзінен басталған «Менің анам, менің әкем» әңгімесінде автор анасын «тәте», әкесін «ата» дейтінін білдіре кетеді. Әкесі шешесінен жиырма жас үлкен екен. Жазушы әкесі жайлы «атам ауыл ақсақалы дәрежесіне көтерілген кісі еді. Туыстардың арасындағы қандай да бір дау-жанжал атам мен тәтемнің араласуынсыз шешілмейтін» дейді. Оны оқырман әкесінің іс-әрекетінен де біледі. Әзірше, бір мысал, қойын қасқыр қырған бір туысы үшін сөзі өтімді Әбілғазы ауыл ақсақалдарын жинап, жылу жиып, трактордың тіркемесіне артылған қойлар әлі көз алдында екеніне куәлік етеді автор. Адам сотталудан аман қалып, отбасын асырайды. Жас кезінде Қытайға кетіп, 1962 жылы қайта бері өткен. Алғадай 6-сыныпта жүргенде, әкесі қайтыс болыпты. Елдердің айтысы, жиын-тойдың көркі, өлеңші, қалжыңбас. Кейде, тіпті, келіндерімен де әзілдесетін. «Алпамыс», «Қыз Жібектерді» жатқа айтатын. Отбасында сырттай қатал көрінгенмен, мағыналы киноларды көрсе, жылап отыратын да кездері бар. Жүрегі жұмсақ көрінеді. Өздері көбінесе жол жағасында отырып, ары өткен, бері өткен кісілерді шайға шақырып алатын. Әңгімелесуді ұнататын адам. Көңілі жүйрік қой. Жолда жолыққандарға да тоқтап, бір сөйлеспей өтпейтіндіктен, жирен аты да соған үйреніп, біреу кездессе тоқтай қалады екен. Бала Алғадай қызық көре ме, соған таңырқайтын. Қытайда әкесінің қайынатасы Көп­босынның інісі Мырзалім қайтыс болады. Жылы өткен соң, екі баламен қалған жас келін төркініне кетпек болады. Арада дау туады. Себебі, «еркек қой бұралқы болмас» дегендей, басқа рудың баласы өзге руға сіңбейді, сүйекке таңба. Дау аяғында екі баланы Алғадайдың әкесі Әбілғазы алып қалады (Қайын жағына болысқаны ғой). Байдан бір, баладан екі айырылған бейбақ, келін зар жылап, кете барады. Екі бала ержетеді, өздері бала-шағалы болады. Осы жаққа келген соң, бір отырыста Әбілғазы әлгі жесір кеткен келіннің бар екенінен хабарланып, Жамбыл ауылына жолға шығады. Көп жыл өткенде жолыққандарын кейін Алғадайға қалай әңгімелеген баяғы келіннің сөзі «сықпалаған құртымды жаяйын деп сыртқа шыққаным сол еді, біреу дарбазаны қақты. «Бұл кім болды екен?» деп барып, қақпаны ашсам, ар жағында Әбілғазы тұр! «Ой, Алла-ай, бұл қайдан жүр?!» деп іштей таңырқап қалсам да, түсімді суытып, неше жылғы запыранды төгіп: – Ә-ә, Әбілғазы залымбысың?! Не іздеп келдің? Не бетіңмен келіп тұрсың, а?! Жоқ, әлде менен ала алмаған басқа да қақың бар ма еді?! – Сабырға кел. Тоқта, сабырға кел. Аман­бысың, хал-жағдайың жақсы ма? – жуаси тіл қатты әкең. Оған қараған апаң жоқ, кезінде іште кеткен қыжылды қайнаған қара майдай қылып, тағы төгіп жатырмын. – Мүләйімсіп қалыпсың ғой, мүттәйім! Хал-жағдайымды қайтейін деп ең?! Құ­дайға шүкір, байсыз да, баласыз да қал­ған жоқпыз! – Ойпырмо-ой, ашуың әлі басылмапты ғой... – Қалай басылсын?! Ет жүрегімді езіп тұрып, екі баламнан айырсаң, а?! Айтшы өзің! – Оу, тоқта, алдыңа сол айыбымды мойындап, арылайын деп кеп тұрған жоқпын ба? – Бәрін бүлдіріп алып, енді мойында­ғаныңды қайтем сенің?! Көргім кеп тұрған жоқ сені, егер, білсең! – Қатты кетпе, тоқта, қатты кетпе! «Ал­ды­ңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Қатты кетпе! – Ей, Әбілғазы, мүмкін атамның құнын кешер ем, бірақ баланың күйігі беріш боп қатып, мына кеудеге! – Тоқта, сол балаңды алып келіп тұрсам ше? – Не дейсің?! – деп кенеттен қатты та­ңыр­­қаған әйел, бағанадан Әбілғазының қасында состиып тұрған сомадай еркекке бағжаң-бағжаң қарай берген. Көз алдында сонау баяғыда томпаңдап, жүгіріп ойнап жүрген баласы дәл мынандай, көзге жат, ересек күйде көрінеді деп күтпеген. Үш ұйықтаса түсіне кірмейтін қарапайым ауыл адамы әлдебір «колхозшы» боп көрінген. Әбілғазы әйелдің мына нұсқасын түсіне тұрып: – Иә, иә! Тұла бойыңды иіткен тұңғы­шыңды ертіп кеп тұрмын, тоқта, ішке кіруге рұқсат ет! – А?! Аллам-ай! Тәубе еттім! Тәубе!.. Қане, менің құлыным?! – деген әйел қос иығы солқылдап, еңірей беріп, перзентін бас сала бере, «қарағым, құлыным-ау! Нұржаным-ау! Сенбісің! Көріп тұрғаным рас па?!» деп талықси берген. Міне, көріп отырғандарыңыздай, Әбілғазы анау-мынау кісі емес. Алғадайдың әкесі де көптің біріне жатпайды. Ол – елдің, халықтың адамы. ... Өмірде әке үлгісін ұстанған, өзі шебер қаламгер әңгімесін сабақтап (әр жерінен алынып отыр) «ал, мынау көрші ауылдағы Қожаназар аға «бала кезім, 2-ші, не 3-ші сыныпта оқимын. Көшеде асықтың туын тігіп жатқанбыз. Қасымызға келіп қалған атты кісілерді байқамаппын да. Бір баланың «Ассалаумағаләйкүм!» дегенін ести сала мен де сәлем бердім. – Уағалайкүмәссалам! Ой, бәрекел­ді! Өмір-жасың ұзақ болсын, балам! – Кімнің баласысың? – Оқанның. Ойымда ештеңе жоқ, өз әкем­­нің атын айттым. – А? Ақсақал естімеген адамдай құлағын тоса, маған қарай жақындап қайта сұрады. – Кімнің баласы-ы? – Оқанның. – О,о әкеңнің!.. Оқанның баласы екенсің ғой, ә?! – Қамшысын білеп, тұра ұмтылды. Жан керек. Зытып бердім. Аз қуалаған боп қайта бұрылып кетті. Содан кешкісін әкеме айттым болған жәйді. «Қандай кісілер? Не үшін қуды?» деп сұрастырып алған әкем ішек-сілесі қата бір күліп алды. – Е-е, балам, ол кісі Әбілғазы деген атаң болады. Дұрыс істеген. Сауап бопты! Қайта қуып жетіп сабамаған екен! Ұрсатын жөні бар ғой! Әй, мені айтып нең бар?.. Бұдан кейін «кімнің баласысың?» деп сұраған кісіге атаңның атын айт, ұқтың ба? Әйтпесе, сол шалдардың өз қатары- атаңды айтпай бүгінгі мына бізді айтсаң бәлеге қаласың...» Осыны айтып, күліп алған Қожаназар аға: «Е-е, қазір ойласам, сол тентек шалдардың арқасында жөн-жосықты біліп, салт-дәстүріміз сақталған екен ғой. Сол кездегі сөзге тоқтау қандай еді!!! Соның бәрі сенің әкең сияқты айбынды ақсақалдардың арқасы екен. Бізде қазір сол кісілердің жасына жақындап қалдық қой...» – деп, Қожа аға сәл мұңайып қалды. Әкем үшін қуанып қалдым...» Алғадай ініміздің осы әңгімесін оқи отырып, өз әке-шешең туралы айтқың кеп кетеді. Ойландырып, күрсіндіреді. Күнделікті күйкі тірліктің кірпігіңе қонған шаңымен әуреленіп жүріп, өмірің өтеді. Сені мына жарық дүниеге, заңғар көк аспан астындағы жер бетіне әкелген ата-анаң жайлы жазу қандай десеңші. «Тынысың таусылғанша, жұмысың таусылмайды» дейтін; сіресіп, қарысқан өмір ғой. «Жұрт сенің кеткен күшіңді сұрамайды, біткен ісіңді сұрайды» деген тағы бар. Үйге де, түзге де жауаптысың. Айтқанмен таусылмайды-ау! Алғадайдың Анасы қол өнерлі ісмер кісі болыпты. Әр кез, әманда, әкесін сыйлап «сенікі дұрыс» деп отырады екен. Қайындарын «Мырза жігіт», «Сылқым жігіт», «Молда жігіт», «Кішкенем» деп, әрқайсысына ат қойып, сыйлап отыруы, олардың есімдерін бадырайтпай тергеп, екшеп отыруының өзі неге тұрады! Анасы Алғадайды еркелетіп «бұл ақылды» деп; ес үстіне ес беріп, ақыл үстіне ақыл беріп отырған...

*** Бірінші бөлімдегі «Кемеңгер келіншек», «Аналарымыз жайлы үш мысал», «Көп болғыр апа», «Ана парасаты», «Бір өкініш, бір үміт», үшінші бөлімдегі «Қайран біздің аналар арды ойлаған», «Қанды ішкен қайынбике», «Бір ауыз сөздің күші» әңгімелерінің қай-қайсысын оқысаң да, маңдай тері шылқыған бітпес өмір күресін көресің. Және көркем галерея-картиналар тізбектеліп жатады. Адам баласы бар жерде «жаман атаулы құрып, жалған атаулы шіріп бітпейді». Қаламгер қауым, жазушы атаулы сол шіріктесіп жататын пәндәуи ғұмырдың ең жақсы жақтарын осылай таразыға бас­тыртып, көркем әдебиет арқылы ем-дауа көрсетуін жалғастырып жатқан болса, соған тағы бір өз сілем, сүрлеуі бар жаңа арна қосылғанын құттықтауымыз керек. Мына түрінде жазбай тоқтап қалатын, яғни, лаулап барып түтіндеп өшетін адам көріп отырғанымыз жоқ. Тағы бірер кітабы шыға кетсе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне осы бастан бағытталып тұрғандай. Мүшелікке де иманы бар жазушы керек. «Демократия» алып, еркі өзіне тиген кейбір қаламгерлер бозбастықтағы, жүргіштіктегі мықтылықты даналай бастаған бүгінгі дай-дай кезеңде Құран аяттарынан мысал алып, иманға мойын бұрғызуды ойлайтын Алғадайдай ақын-жазушыға зәрулігімізді айтайық.

Жанат Ахмади, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Алматы облысы және Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иесі

Атына заты сай келген... («Қасиетпен қауышу» кітабының тұсаукесерінде сөйлеген сөздің мәтіні)

...Алғадай бауырымыздың мына «Қасиетпен қауышу» кітабының атының өзі-ақ оның бүкіл мазмұнын, мақсатын жеткізіп тұрған секілді. Адамның ең басты қасиеті не? Әрине, оның иманы. Өйткені, Ұлы Жаратушы адамды осынша көркем бейнеде жаратуы Өзін таныту, Өзіне ғана құлшылық жасату үшін еді. Сол үшін мына пәни дүниені сынақ дүниесі етіп жаратты, адамға уақытша ғана өмір берді. Иманға келген пенделеріне ғажайып Жәннат дүниесін сыйға тартатынын Қасиетті Құран арқылы уәде етті. Олай болса, адамның ең басты мақсаты иманға келу болмақ, одан жоғары мақсат деген жоқ. Міне, мына кітаптағы барлық әңгімелер осы басты мақсатқа шақырады, өмірдің өзін мысалға ала отырып, Имандылыққа жетудің қажет екеніне көз жеткізеді... Алғадай бауырымды біз соңғы он жыл бойы белгілі тележурналист ретінде танушы едік. Сұхбат алған кезде, қоятын ұтымды сұрақтары мен небір ұмыт қалған ойларды, пікірлерді оятып, талай өміршең бағдарламаларды жүргізіп, көрермен қауымға имандылық тақырыбында кең көлемде алғашқы түсінік қалыптастырған тележүргізуші бола білді. Ал, журналистер негізінде, нақты өмірге жақын болады, жазушыларда болатын идеал, романтика, қиял секілді тәсілдерге баруды қажет деп көрмейді. «Қасиетпен қауышуды» оқығанда, осы қазір өзіміздің бастан кешіріп жатқан етене өміріміз бен қасымызда жүрген адамдардың суреттелгеніне көз жеткіздік. Сондықтан, қайсы әңгімесін оқысаң да, өте шынайы, көңілге қонымды екен. Оның үстіне, Алғадай бауырымыз, жазған әңгімелерін қаламгер ағаларына қолжазба күйінде оқытып, олардың пікірлерін де ескеріп, жазушылық қадамға арнайы дайындықпен келді. Кітаптың екінші бөліміндегі «Сүйесің жүрек, күйесің» повесін маған да оқытқан еді. Және жаңа ғана сөз алған нарынқолдық нағашысы Алғадайдың әкесі Әбілғазы марқұмның ауылдағы атақты айтқыш ақын екенін де еске алып өтті. Олай болса, халқымыз «Шөп те шыққан жеріне шығады» дегендей, Алғадайда Құдай берген қаламгерлік қабілет те бар деген сөз. Біраз жыл бұрын, ақын Құл Керім Елемес бауырымыз, поэзияны иманды және имансыз деп бөліп, өзі Иләһи тақырыптағы жырлар жазып, Ыбырай, Абай, Мәшһүр Жүсіп аталарымыздың жолын жалғаған еді. Енді, міне, «Алғадай бауырымыз да имандылық тақырыбындағы прозаға қалам тартып, ғибратты әңгімелер жаза бастады» демекпіз. Енді, қаламгер, журналист ретінде, кітаптағы нақты әңгімелерден мысал алып, өз сын пікірлерімді білдіре кетейін: Бірінші бөлімдегі, «Қамқорлық» әңгімесінде түнгі тойдан қайтқан жас жұбайлар көшеде арақ ішіп отырған, қызу жігіттердің тәлкегіне ұшырай жаздайды, сонда әлгі жігіт, қысылтаяң шақта тек қана Алладан жәрдем тілеп, дұға жасайды. Өзіне қарай доңайбаттанып сабамақ болып келген жігіт ілезде ізетпен амандасып, жол болсын айтып, жайына кетеді. Міне, шын дұға жасасаң, Жаратушы қандай сәтте де жаныңнан табылады, деген хақ діннің қағидасын бұл әңгіме өте тамаша жеткізген, оқырманды Бір Аллаға сенуге осылайша шақыра білген. Өз басым оқып болған соң, әңгіменің тақырыбын «Қорғаушының қорғаны» деп қойса болғандай екен, деп қалдым. Және, үшінші бөлімдегі жазбаларды, өмірдің эсселері, күнделіктері десе болғандай екен. Бұл жазбалар да, мұсылман адамның қандай болатынын жанды мысалдармен суреттеген: Мәселен, «Мен білетін ерліктер» үлкен тақырып аясында топтастырылған жазбалардың бірінде, жас жігіт жұмыс кезінде бір көзін қатты жарақаттап алып, жаны қанша қиналса да, үйдегі анасын өзінен де артық аяп, анасына айтпастан тіке емханаға кетіп қалады. Анасын аяудың мұнан артық мысалын тауып жазу қиын. Осы шағын әңгіменің тақырыбын «Анасын аяп қалды» десе өте жарасар еді... Және бір әңгімеде Нұрбек деген жігіт қапыда қаза табады, жас келіншегі, іштегі шаранасы қоса шетінеп, қатты қайғы жұтып қалады. Достары қанша қамқор болса да, қолдан ештеңе келмейді, сонда көңіл жарасын жазу үшін Нұржан атты әлі үйленбеген уыздай жас жігіт, әлгі жесір келіншекке үйленіп, үлкен адамгершілік жасайды. Иә, мұндағы жанқиярлық оқиғада, мұсылмандарда ғана болатын үлкен адамгершілік тұрғанын байқауға болады... Міне, осылай айта берсек, кітаптың жақсы жағы басым. Ал, қаламгер ағасы ретінде бір ескерте кететінім, оқырман өзі де білетін, басы артық сөз, детальдарды жазбауды қатты ескеру керек. Мұны бір атақты жазушы өте қысқаша: «Жазушы деген жазатын нәрсені емес, жазбайтын нәрсені білетін адам» деген екен. Алғадай бауырым, жазушы болу үшін емес, туған халқына имандылықты жеткізу үшін жазып жүргендіктен, үлкен сауапты іс бастады, сәттілік тілеймін!

Абай МАУҚАРҰЛЫ, жазушы-журналист

ҚАУЫШУДЫҢ СЫРЫ

«Қасиетпен қауышу» – кітап ретінде Алғадай Әбілғазының тырнақалды еңбегі. Бірінші бөлім: «Бір өкініш, бір үміт» – әңгімелер. Екінші бөлім: «Сүйесің жүрек, күйесің» – көлемді хикаят. Үшінші бөлім: «Желідегі жазбалар» деп аты айтып тұрғандай әлеуметтік желідегі эсселерден тұрады. Осы үш бөлімнің қай-қайсысы да ойдан құрастырылмаған шынайы өмірдегі көз бояуы жоқ, болған жайлардың нақты қағазға түскен көрінісі. Яғни, көркем әдебиет жасаймын деп сюжет құрап, бүйректен сирақ шығарып, керіп-созып, көміп-қазып, жасандылыққа салынбаған. Хикаятты осыдан төрт-бес жыл бұрын оқып, пікірімді білдіргемін, ал, қалған екі бөлімін соңғы бір-екі жылдың бедерінде оқып жүрген дүниелерім. Жазылу жүйесінен байқағаным, қазақы әңгімешілдік сарын аңқиды. Дені ауылдағы ақсақалдар мен елдегі құймақұлақ қариялардың бабымен айтатын баяғының бастаулары. Ал, оны қағазға түсіріп, әдемілеп жеткізуге келгенде, Алғадай әжептәуір еңбектенген. Естігенін естігендей, көргенін көргендей үйе берсе, шығарма болмайтыны бесенеден белгілі. Сананың сүзгісінен өткізіп, сараптап, ерік қалауымен екшеп, зергерлікпен зерттеп, шеберлігін жар­қыратып көрсеткенін сездім. Ол жалаң жазғыш емес, ең әуелі руханияты бай, имани ілімі толысқан тура жолдағы адам. Оның бұл ерекшелігі «нені жазуға болады, нені жазуға болмайды» деген мәселеге үзілді-кесілді шешім жасай алатындығынан байқалады. Екінші жағынан, бұл кітап діни уағыз емес, молдалардың нәсиқатынан басқаша. Нақтырақ айтсақ, қоғамдағы әр деңгейдегі, әр бағыттағы оқырмандарға бірдей үйлестіріп үркітіп, қорқытпай, үйіріп алатын тәсілдерге жүгінген. Түпкі мақсаты сол ағартушылық болғанымен, қаламгерліктің амалын тауып оқылатын, ойландыратын, әсерлендіретін, жылататын тоқсан толғаулы иірімдерге салады. Шығармашылық бағыты құлаққа емес, әуейі әуеске емес, жүрекке бағытталғанын айтқаным жөн. Оқып отырып, еркіңнен тыс сүйіспеншілік пен махаббат деген жанның құпия қалаулары бас көтеріп, алай-дүлей сезімдер алқымға тығылады, жанарың жасқа шыланып, қағаз бетіне «тырс» еткен мөлдір тамшының тамғанын аңғармайтын кездер көп. Шытырман оқиға қумайсың, қиян-кескі сенсация іздемейсің, нәпсінің жемтігіне жүгірмейсің. Кәдімгі тазалықпен, ақылдың, ардың талғамымен азығыңды танып отырасың. Басы бүтін рухани тереңдікке сүңгітіп, айналамызда болып жатқан оқиғалардан мән тудырады. Әділетсіздіктер мен әдепсіздіктерге бірге кектенесің, тұнық мейір мен ақ пейілге тәнті болып ләззаттанасың. Осы күнде әлеуметтік желіні, фейзбукты лас-қоқысқа айналдырып, түкке тұрғысыз нәрселермен толтырып жүргендер көп. Ал, қарайтын болсақ, бұл бүгінгі таңдағы ғылым мен білімнің, технологияның үздік жетістігі, байланыстың ең тез, ең өнімді жолы деуге болады. Міне, осы абзалдықты Алғадай оңды пайдаланып, қысқа-нұсқа, ойлы-орамды дүниелерімен адам жанына ем болатын «дәрілерін» ұсынып жүр. Сонда, «Қасиетпен қауышу» деу арқылы автор қайсы қасиетті айтқысы келіп отыр? «Қасиет» сөзі «ерекшелік, өзгешелік» мағынасында ауысып қол­даныладыда, әрнеге бір жұмсалады. Негізінде «қасиет» – аса үлкен құндылық, адамдықтың өлшемдеріне саятын абзал, көркем мінездер. Абай атамыз айтқан «толық адам» болу үшін адамда арлы қасиет болуға тиіс. Дұрыс сақталмаған ас шіриді, ақпаған тоқтау су борсиды, сол секілді тәлім-тәрбиесі, бағыт-бағдары қате берілген адам да азады. Қасиетінен таяды, мәнінен айрылады. Ендеше, А.Әбілғазыұлы айтып отырған «қасиет» – құлдығымызды мойындап, Жаратушыға деген шексіз құрметімізбен өмір сүру. Иемізді тану, Иеміздің алдындағы міндетімізді, борыштар мен парызымызды мойындап, Мүсілім болып өмір сүру. Міне, көріп отырсыздар, «Қасиетпен қауышу – Алламен қауышу» деп түсінгенде, дұрыс болар еді. Алғадай бауырымыз айтпаса тұра алмайтын, жазбаса болмайтын жағдайда әдебиетке келген екен, иман – қуаты, сөз – оның құралы. Көкірегін кернеген тәтті сезімдерді шеберлік амалдарымен ұсыну – үлкен жауапкершілік. Осы бағытта әлі бірталай тер төгуге тура келеді. Кітап шығару сәнге айналған заманда келеңсіздікті байқап жүрміз... Өзін­ше кісі­ліктеніп, «парасатты» идеялар ұсынып, «бір пайғамбар күтіп жүрген» ақынсымақтарды көріп, көзіміз шарасынан шыққан мына алмағайып заманда, Алғадайдың арлы еңбегін, адамдық үнін естіп, бөркімді аспанға атқаным рас еді...

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

788 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз