• Ел мұраты
  • 27 Маусым, 2018

ЕКЕУДІҢ ЭЛЕГИЯСЫ

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН, ақын

 (Асанқайғы мен Жиренше)

Уақыт асықтырады. Көп зерттеуші шығармашылық ізденістерінде алған тақырыбын терең қаузамай, енжарлық танытып, ерінгендей дәуірлерді шатастырып, хандар мен батырлар, жақсылар мен жайсаңдардың туған және өлген жылдарын жақауратып белгісіз дей салады. Соңғы кезде ағарту мен мәдениет саласында ақсап жатқандық жауапкершілікпен кеш айтыла бастады. Оның салқыны тарих ғылымындағы Асанқайғы мен Жиреншетануға да тиді. Дәлдүріш таяз тарихшылар оларды екі дәуірде өмір сүрсе де, кездестіруге сонша құмар. Алайда, екеуінің элегиясы мен тағдыры ешкімнің жүрегін тербетпегені ме? Көз сүрінетін дереккөздері әртүрлі Алтын Орданың соңғы хандарының бірі Жәнібек арандатудан ажал құшты. Әбілғазы баһадүрдің «Түркі шежіресіндегі» мақтау мен марапаттауға қарамастан, әуелгі тақталаста хандық жолында қан құстырып, мұрагер ағасы Тыныбек пен інісі Қыдырбекті өлтіріп билік үшін бар адамгершілікті мансұқ етіп, қарым-қатынасқа у төккен кісі қалай әз аталады. Егер, 1910 жылы Қазақстанның «Өрнек» нашриятынан шыққан «Тауарих-и хамса-и шархи» («Шығыстағы бес тараптың тарихы») Құрбанғали Халидоғлы Аягөзиге (1846-1913 жж.) сенсек, Асанқайғы Майқы бидің («Түгел сөздің түбі бар, тұп атасы – Майқы би (Майық) « алтыншы ұрпағы болса, оның туылған перзентінің Шыңғысхан дәуірімен салыстыра санағанда, арада шамамен 170-180 жыл жатыр. Сонда, дөрекі есептегеннің өзінде де, Асанқайғының дүниеге келгені аттай 1320-1330 жылдардың іші болып шығады. (Ғұлама ғалым, филология ғылымының докторы Ханғали Сүйінішәлиев те қайта-қайта соған сілтейді. «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Санат», 2000 ж.). Ол бойынша, Асанқайғы 1330 жылы туылып, 1450 жылы қайтыс болады. Ұлық Мұхаммедтің бас сауғалағанда, Литва кнәзі Витовтан кетіп, Қазан хандығының іргетасын қалағанда, оның егде тартқанда бірге жүргені рас болса, қияндағы қазақ хандығына жетуі екіталай. Ақылман жыраудың толғауларын талдай келіп, шындық шырағын қолға ұстатқандай етіп тарихшылар З.Жандарбек, Ж.Жақсығалиев та осы пиғылдас. Жас зерделі зерттеуші марқұм Серікбол Қондыбай да тоқетерін айтады: «Сондықтан, Асанқайғыны ХV ғасырдың екінші жартысында Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын орнатқан кезде өмір сүрді деген шатасуды тоқтату қажет» (4-том, 257 бет). Ендеше, М.Мағауиннің қателігін қайталайтын, Мемлекеттік сый­лықтың иегері жазушы Ә.Сарай да («Но­ғайлы», «Арыс», 2009 ж. 603 бет) жаттанды жаңсақтыққа ұрынады: «Аңыздар Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек хан мен Асанқайғыны бірде ащы, бірде тәтті қарым-қатынаста болған тұстас, тұрғылас ретінде суреттейді. Ал, Асанқайғының өлеңдеріне қарағанда, ол біршама уақыт Жәнібекке ілесіп, Қазақ хандығының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сыңайлы». Соқыр көргенінен жазбайды. 25 рет қайталап басылған 8-9 сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығында да таптаурын түсінік оқырманды тұқыртады. «Аңыз әңгімелерде қиял элементі (?) қаншама көп араласса да, әлгі аңызға айналған адамның өзі кәдімгі қарапайым адамның қатарында қала береді. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Қорқыт, т.б. бәрі де шындықтағыдай, жай (жәй) адамдар ретінде суреттеледі». ХХ ғасыр санаткерлерге түк әкел­мегендей. Олқы оқулықтар мен күмәнді көзқарастарды түбегейлі өзгертіп, тиянақ­тайтын кез әлдеқашан келді. Қашанға дейін біз аңыздан арылмай жүре береміз? Ақиқат айнасы адастырмайды. 1467 жылы (бәлкім, ерте, яки, сәл кеш) емші-шипагер Жиреншеге ілесіп, Ақордаға барады. Пайғамбар жасынан асып, халық қамын ойлайтын дәрежеге жеткен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сол сапарды былай суреттейді: «Былтыр Жиренше шешен науқастанып, сырқатына шипа ем дарым зәруатын дарымдап, сауыққан соң ой тапсырғы айтып, қайтқалы жатқанымда, Жиренше шешенге хан әз Жәнібек тақай шақырғыш жасауылын жіберіп шақыртыпты. Жиренше: – Сен қайда бармақсың, бірге жүр, егіздеп барайық, – деген соң, мен оған ілесіп, Ақордаға барсам, Жәнібек хан тағында уәзірлерімен шенді-шекпенділері екіге жарылып, ортасын бос тастап отырыпты. Біз хан тақсырға амандоғыш жөрелгі аяқ жоқ еш. Жәнібек хан: – Ей, Қарабас! Көз мұрын жербет қайсы? – деп Жиреншеге оқты көзімен қарағанда, мен ішімнен бір сұмдық болмағас па екен деп, Жиреншені ханның «Қарабас» дегені қалай деп аң-таң болып тұрдым да қалдым. Бірақ, Жиренше зымырғай: – Күлкі жербет, ұйқы жербет, тамақ жербет, талақ жербет көз құлақ еді, ауыз кем ғой, – деп еді, хан жымиып қойды да: – Көз мұрын сағымған қайсы? – деді. Ойлану ешкізнек бермейін дегендей тықсырғала Жиренше іркіліссіз: – Ажал сағымған, несіп сағымған, неке сағымған, толғақ сағымған, қонжат сағымған оң қол еді, көзді әтей тастақа отырсыз ба? – деді, оған жауап бермеген хан тағы да Жиреншеге: – Бишеқор қаншаға? – деді. Жиренше: – Басбармақсыз шопан табыны бишеқор, түйіні жоқ ой бишеқор, қараүзген шипагері жоқ ел бишеқор, лықсып малы, толықсып елі жатпаған ел бишеқор, өңгерін елі қадірлемеген ер бишеқор, оң қол екен, – дей бере хан: – Бізде қараүзген шипагер бар ма? – деп сұрады Жиреншеден. Жиренше: – Тақсыр, өзі білгі алдыңызда, білмесеңіз қарызыңызда тұр, – деді. Хан аз-кем бөгеліп: – Ол кім? – деді. Жиренше мені сұқ қолымен нұсқап, көрсете тұрып: – Мұның сүйегі Ұлы жүз, Зарман, Зарман ішінде Албаң, Лұқман хакімнен тәлім алған. Аты Өтейбойдақ, шипагерлікпен өтерден мормахы әліжан, – деді. Менің төбем көкке жеткендей болды. Жәнібек хан көзін менен алмастан, басын изей ойланып алды да: – Жарайсың, Қарабас! Басың нағыз алтын бас, тілің нағыз гауһартас екен. Әкең атыңды тауып қоя алмапты. «Қарабас» деп екі ілікке алуға жарамас деп, әттең, қойса жөн екен «Алтынбас» деп, – деді Жиреншеге бұрылып. Кенет Жиренше езгі тағзым жаса ханға: – Әкем менің атымды жағалап қойыпты, Сіз бағалап қойдыңыз, жұрт ағалап атайтын шығар. Бірақ, тақсыр, менің атым «Қарабас» емес, Жиренше. Азан айтып қойған аттан айырылып босқа күйгенше, басымды шауып тастаңыз, қара жерге кірейін ғазиз басты игенше, – деді де, езгі тағзым жасап тұра берді. Хан бедірейе қарап, бірсыпыра отырды да, кенет түсін жылытып: – Жасың қаншада? – деді сұрап Жиреншеден. Жиренше: – Жылым Айбар, қырық беске келдім. Біле алмадым, мәнін, мен қалайша өлдім? – деді. Хан: – Сен онда Қанай шешенмен тумалас екенсің, сол айтқан еді, – деді. Қанай шешен осы орайда Жиренше шешенді жеңіп алғысы келді де, тұтқиыл дүрсе қоя беріп: – Білсең, айтшы, дүниеде не өлмейді? – деді. Жиренше: – Әділдіктің заты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді, – деп зымырғай жауап беріп тұрса да, ханнан көз айырмай, Қанайға бұрылмастан. Қанай: – Жиренше! Өтірік айттың. Күннің көзі өлмейді, жердің жүзі өлмейді, ағынды су өлмейді, аспандағы ду өлмейді, – деді. Жиренше: – Қанай, қаңғып кеттің, тапа тал түсте қалғып кеттің. Қара жердің өлгені – үстін қардың жапқаны, ағын судың өлгені – бетіне мұз қатқаны, күн көзінің өлгені – қызарып барып батқаны, аспанда дудың өлгені –көктің айық тапқаны. Ажал келіп тиген оқ, Алланың көздеп атқаны, – дегенде, Қанай үндемей қалды, Жиреншеден басқамыз хан бастап ду күлістік. Қанай жер болды. Жәнібек хан: – Қанай шешеннің бас жағындағы бос орынға отыр! Тумаластың құдайы бір, дүрдүн тауар түйіні бір, – деді Жиреншеге қарап жымия. Сонда Жиренше отыруға асықпастан: – Қасымдағы қандалмамды қайтемін? – деді жанға қарап. – А, не дейсің? – деп Жәнібек хан опырыла шорт сынардай, шатынай Жиреншеге оқты көзімен ата қарады. Менің зәре-құтым ұшып кетті. Жиренше қаннен-қаперсіз, аспай-саспай тағы да мені нұсқап тұрып: – Алдияр тақсыр! Қасиетті хансыз, жасай алмайсыз өмірлейде раһит жансыз, сырқаттанып науқас атансаңыз шипагер сырқатқа қандаладай қадалмаса, науқасты бейнеттен айықтыра алмайды? Нардың ауған жүгін басқан арман бол кейде тайып тұра алар ма? – деді. Ханды жан тәттілігі сергітті ме, болмаса Жиренше шешен қайта ескерткен соң, есіне түсті ме, не сөз төркінін жете ұғынбағаннан тәп тартып, өзінен өзі именіп қалды ма, белгісіз, сабасына қайта түсе: – Жиренше деген атыңды да алдың, шешен ділмар затыңды да алдың. Ханзадамның аты да Жиренше еді. Қанай шешен қарашаға ханзаданы теңей алмай айтқан болды ғой. Ордамда ханзада Жиренше, шешен Жиренше нар болса, қор болмайды екенмін, – деп жырғап, қарқылдай күлгенде, уәзірлері мен шенді-шекпенділері де қарқылдасып күлісіп, қау-қауласып мақтасып жатысты. Мен де Жиреншенің жүлдесіне қуана күле бердім. Хан жарлығы бойынша мен де Жирен­шенің қимыр қатарына отырдым». Көзайым кездесуден соң, біраз уақыт өткенде, Ақорда басқыншылыққа ұшырап, шапқыншылықта Жәнібек (Әбусағит) мерт болды. Өтейбойдақтар бас сауғалап, қашып-пысып кетеді. Бірақ, болашақ ұрпаққа аманат етіп, хан тапсырмасымен жазылған «Шипагерлік баянын» қалдырады. Бізге жеткені үзік-үзік. Қазақтардың қан тазалығы үшін жеті атаға дейін қыз алыспау туралы Жәнібек ханның жарлығы да сол орайда өтінішпен жүзеге асады. Ө.Тілеуқабылұлы екінші хан Керейдің хал-жайына тәптіштеп тоқтамағанмен, билік тағында нағыз мығым отырған әз Жәнібектің айналасын, аз да болса, әсіресе, уәзірлері Қанай, Шарыш, Жандамар, т.т. іс-әрекет үстінде боямасыз кейіптей кетеді. Жалған жарықшақ үн байқалмайды. Тарихшылардың бұған неге көңіл қоймай жүргені алаңдатады, мазалайды мені. Аңыз бойынша, бұл тұста Жиреншенің парасат-пайымы зор ақылды Қарашаш сұлуы қайтыс болғандай. Қазақ хандығының Әз Жәнібегі, Жиренше мен Қарашаш хақындағы ел аузындағы әңгімелер де бұл оқиғаны растайды. Әрине, Өтейбойдақ тарихшы емес. Ол шипагер болғандықтан, сол жағына ойыса береді. Әйтсе де... «Сом алтын да түйіршіктерден тұратынын ескерсек, «Шипагерлік баянның» құндылығы одан сайын арта түседі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, екеуі де халық даналығының: біреуі жыраулық, ал, екіншісі шешендік өнердің аса ірі өкілі. Олар туралы сөз бен саз бір әңгіме аясында қалады деп ойламаймын. Алда әлі алтын көмбелер ашыла беретініне сенім мол. Олай болса, іркіліс жоқ. Тек алға!..

801 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз