• Ел мұраты
  • 26 Ақпан, 2019

СЫРБАЗ СӨЗДІҢ СЕРКЕСІ

Ұлжан Пармашқызы, Жуалы ауданының құрметті азаматы, Қазақ радиосының ардагері, Жамбыл сыйлығының лауреаты, теле-радио байқауының «Алтын жұлдыз» иегері

Ұлым менің ұрпағым, мақтанышым, Сен туғансың жеріңді сақтау үшін. Сен туғансың еліңді жақтау үшін Намысыңды, арыңды сатпау үшін. (Әбділдә Тәжібаевтің Балғабек Қыдырбекұлына арнауынан үзінді).

***

Қасиетті қарт Алатау баурайында туып, құнарлы топырағынан нәр алып, асқарлы биік шыңдарына өре теңестіріп өскен, қазақтың қадірлі перзенті Балғабек Қыдырбекұлы дарынды журналист, фельетоншы, жазушы-романшы болатын. Сөз өнерін жақсы игерген, әдеп-ғұрып пен тарихтың көптеген сырларын терең білетін. Қазақтың ұмытыла бастаған көне сөздерін зерттеп, пайдалану арқылы ұлттық сөздік қорымызды дамытуға көп еңбек сіңірді. Халық өмірін терең білді. Бәкең ең әуелгі әдебиеттегі қадамын журналистік қызметтен бастап, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің жанашыры болып, бүгінгі күннің шындығын көркем сөзбен келістіре кестеледі. Сатира саласында қалам тартқан өткір де өмірлік фельетондарының, сықақ әңгімелерінің мол дүрмегі бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. Халқына әңгімелері арқылы терең ұлттық тұжырым айтатындай биікке көтерілсе де осылардың қай-қайсысына болмасын, атын шығарып, затын бұлдамаған жан. Өмірдегі болып жатқан қай құбылысқа да енжар қарай алмай, күйкі тірлікте таусыла күйзелетін, салиқалы көркем сөздері де, сол елі дегенде емешегі үзілетін, самарқаулық атаулыдан атымен ада, елгезектігінен туындап жатты. Балғабек аға мезгілдің биік мінберінен айтылған аталы сөзді дер кезінде халқының жүрегіне жеткізуге асығушы еді. Өткір мінезді, өзгеге де, өзіне де талапшыл, ақын жанды, сезімтал, үлкен жүректі азамат туған әдебиеттің барлық жанрларында қалам тербеді. Қырық жылдай уақыт табан аудармай «Егемен Қазақстан», бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек етіп, қатардағы қызметкерден Бас редакторға дейін өсті. Бәкеңнің баспасөз басшылары арасында болсын, республика аумағында болсын, беделі ересен биік болатын. Батыр жүректі ағамыз небір жайсаңдармен тізе түйістіріп, ой түйіндеп, ақыл-парасат беделін асқақтатуға келгенде тайсақтаған кезі болмады. Еңкеймей, еменше өмір сүрді. Ел арасындағы алаяқ, жалған жанашыр пысықайларды нақтылы фактілер арқылы өлтіре сынады. Уытты тілімен түйреп түсер өткір ойларын бүркемелемей ашық айтады. Адамдық пен азаматтығының биіктігі сөзіне беріктігі. Сырбаз мінезінде үлкен табиғи мәдениеттілік жататын. Өзі тәрбиелі азамат айналасын да, бала-шағасын да осы жарқын мінезге баулып, ойын да, бойын да, таза, тік ұстап, ұлттық мүддесіне лайықты ғана сөзді айтып, жалтақтамай, көлгірсімей өмір кешті. Барға да, жоққа да қанағат деген қазақтың қасиетті сөзін өлшем етіп, аттан түссе де, баптан айнымай, өзгеше бекзаттық қалыпта жүретін азамат еді. Қимылы тез, кірпияз кісінің бар болмысына сәл ғана араласудың өзінде, жомарт та жайсаң адам екеніне көз жеткізуге болар еді. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы мәртебесінің биіктей түсуіне қалтқысыз еңбек етіп, тер төгіп келген аяулы жан. Бәріміз білетін Бәкең, сырбаз сөздің серкесі атанған Бәкең, үлкен мен үлкен, кішімен кіші бола білетін, әріптестерінің қайғы-қуанышына ортақтасып, бірге шаттанатын, бірге мұңаятын еді. Табиғаты келісті кісінің қашан да жұмсақ қана жымиған мінезі мен мейірбанды жүзінен еңсең көтеріліп, марқайып қалатынсың.

***

Аяулы ағамыз қабырғалы қаламгерлігімен қатар, өзін қайраткер ретінде де таныта білді. Республика Парламентінің мүшесі бола жүріп, ауыл жайының мүддесін көздеген, жаны аши қозғаған талай орынды пікірлері жұрт көңілінен шығып жататын. Балғабек ағаның өмірінің басты мәні – елін, жерін шексіз сүйгендігі. Халқына, жұртына сүйікті перзент бола білгендігі. Тал бойында кісі ұмыта алмайтын қасиеттері көп еді. Жауына иілмейтін, жолдастары үшін керек болса қоң етін кесіп беруге дайын, қиын-қыстауы көптеу мына өмірде достарының басын қосып, жақсылыққа жалғап жүруші еді. Ешқашан да жарым-жартыкешті қаламай, неге де болса, жанын салатын, бүтіндей берілетін. Қаламгерлік қызметін бір ғана жерде «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында өткізуі Бәкеңнің өз ісіне беріктігі мен берілгендігінің асқан бір үлгісі еді. Өмірінің соңғы күніне дейін журналистика туын жоғары ұстап, журналистерді қорғап, қолдап келді. Адам баласына деген қимастық, сыйластық қатынасы, жастарға ағалық қамқорлығы, қызығарлық өнеге-ғибрат туғын. Әділеттен таймайтын, шындықты тайсалмай тіке айтатын қайсар жан жасқаншақтың, жасықтың, жарамсақтың тірлігіне күйінетін де жігерлінің, жасампаздың ісіне сүйінетін. Ел тағдырына, жер тағдырына, тіл тағдырына қабырғасы қайыса, қайғыра отырып, титтей де кемшілік атаулыға кешірімсіз болу өмірінің мән-мағынасы болды.

***

Депутаттық мінберден жаны жай таппай шырқыраған Балғабек Қыдырбекұлының есіліп, көсіліп сөйлеген сөздері елдің санасын серпілтті. Жерді сату керек деген ойды қаузағандар көбейіп, мұның алғы шебінде байшыкештер тұрды. Өйткені, олар сатып, сауып үйреніп қалған емес пе? Темір-терсекті сатты, астықты сатты, алтынды сатты. Енді қалғаны жер еді. Міне, сол кезде жанашыр қаламгер Бәкеңнің, қайраткер Бәкеңнің үні асқақ шықты. Ашынатын жөні бар еді. «Мен өмір бойы «Социалистік Қазақстанда» жұмыс істеп, министрдің жалақысын алып отырдым, оның үстіне жиырма бір кітап шығардым. Осылай бола тұра менде жер сатып алатын қаражат жоқ. Ал, қарапайым халықта ол қайдан болсын. Қазақ жерінің сыртында жалпы белгіленген шекара болғанымен, ішінде құжаттанған шекара болмаған, - деді Балғабек аға. Қазақтар қазақ жерінің қай жерінде тұрмын, қай жерінде жүрмін демеген. Мидай араласып жатқан. Бұдан шығатыны: қазақ өз жерін жекеменшікке бөлмеген, ол ұлттың ортақ пайдаланар игілігі болған. Демек, жеті ата, жетпіс жеті пустыдан келе жатқан дәстүр – қазақ жері қазаққа ортақ, ол сатуға берілмейді, бір адамның мұрасы болуға ерік берілмейді, ол біздің ата мұрамыз, ал, ата мұра қашан да ортақ. Мен парламент мүшесі ретінде қарсы болам. Бірақ, «мұз қатқысыз, ел сатқынсыз» болмайтыны сияқты депутаттар арасында да неше алуан, жұртын жұртқа тастап кететіндер бар. Онан соң жерді сатып алушылар иненің көзінен өтетін сұмдар болады. Жерінен айырылған ел тұл, жерінен айырылғанның күні қараң. Сататын менің бір аттам да жерім жоқ, ол ата-баба жері, жетпіс жеті пусты жері, қазақ халқы жері. Керек десе, Парламент мүшелерінің шешуге хақы да, құқы да жоқ. Оның қожасы Қазақстанда тұратын жұрт қана емес, оның қожасы бүкіл дүние жүзінде тұратын бүгінгі он миллионнан асып жығылатын қазақтар. Тек қазақтар ғана!» Қайран аға, осылай деп шырылдады емес пе? Жанып тұрған отқа түсті емес пе? Оны кезінде теледидардан бәріміз де көрдік, естідік, тебірендік. Риза болдық. Осыдан артық айтамын деу бос әурешілік. Туған топыраққа, жер-анаға деген сәулелі сезімін, аталы сөзін біздің ғасырымызда Балғабек Қыдырбекұлындай жеті атасына жеткізіп айтқан азаматтарымыз саусақпен санарлық қана. Ол кісі өмірден қандай марапатқа да, сақтауға да татитын тұлға болып өтті. Сөйлеген сөздері де, мәнерлі үні де жұрттың жадында. Бүкіл азаматты елін сүйген, өз басын, айналасындағы дос-жарандарын ерекше қадірлейтін Бәкең анау жылдары «депутат болудан бас тарттым» деп үндеу тастауының өзі «халық сенімінен, халқым көтерген деңгейден көріне алмай жатсам, онда менің құным не» деген азаматтық жан айғайы екен ғой.

***

Балғабек аға жан адамды сыртқа теппейтін сондай бауырмал еді. Өзін Республика Жоғары Кеңесіне депутат етіп сайлаған, қуана-қуана дауыстарын берген аудан жұртшылығына асқан қамқорлық жасады. Соның арқасында өзі туып өскен Таран ауылы (қазіргі Балғабек Қыдырбек ауылы) басқа да совхоздары мықтап өркендеді. Қиындықтан тартынбай, халқын шын жүрегімен, ниетімен жақсы көретін қайраткер аға ауыл іргесін сақтап қалды. Жұрттың аузы майға тиді, қалтасына қаржы түсті. Ауыл елге келген сайын: «Рахмет, еңбектеніп жатырсыңдар, бірлікшіл болыңдар, алды-алдарыңа бытырап тарап кетпеңдер. Тәртіп пен еңбек қана ел бірлігін нығайтып, үлкен мақсаттарға бастайды», - деп, даналық сөзін айтып отырушы еді. Иә, елден бала боп кетіп, дана боп оралды деген осы. «Жайлауға барғанда өзі домбыра тартып, жиын-отырысты қыздыратын», - дейді Балғабек ағаның өмірлік жары Сафура апам. Бала-шағасымен атқа мінетін, киіз үйде сырттағы жаңбырдың тамшы тырсылына құлақ түріп, рахаттанып отыратын. Жан дүниесі нәзік еді. Балаларды тектілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке тәрбиеледі. Отбасында тек ана тілінде сөйлестік. Қазір балалардың бәрі де газет-жұрналдарға өз тілінде мақала жаза береді. Бұл отағасының бала тәрбиесіндегі еңбегінің үлкен бір жеңісі деп білемін». Бұл кісілер үш ұл, екі қыз бала тәрбиелеген ұлағатты отбасы. Балалардың бәрі де ғылыми еңбекпен шұғылданып жүрген үлкен ғалымдар. Бәріміз білетін Балнұры - еліміздің мақтанышы, атақты композитор. Ата-ана мұраты деген осы емес пе?

***

Бәкеңнің шығармаларының негізгі арқауы ауыл өміріне арналды. Жетісу халқының өмірін жан-жақты көрсеткен туындылары, әсіресе, «Алатау» романы, басқа да тарихи шығармалары қалың оқырманның көкейіндегіні дөп басып, жүректерге жол тапқаны мәлім. Ардақ тұтар ағамыздың көптеген уытты фельетондары, сықақ, әзіл-оспақ және этнографиялық әңгімелері кезінде талайды тезге салып тәубесіне келтіргені айғақ. Олар «Шайтанның шатағы», «Шойынқұлақ», «Ешкімге айтпа», «Қара сандық», «Ұрының еншісі», «Ақпа құлақ», «Ақымақтың миы» болды. «Ораз Жандосов», «Маздалған шырақ» секілді очерк жинақтары мен «Жетім бала» поэмасы оқырман жұртшылыққа кеңінен таныс. Әрқашан турашыл, аға деп алдына келген кісінің бұйымтайын ешкімге жүктемей-ақ қолынан жетектеп, ұстап жүріп, өзі тындыруға тырысатын. Шапағатын шашатын. Талант табиғатының арқасында білім жиған құнарлы ойымен, ақ жарқын пейілімен, салмақты сөзімен сыйға бөленген қадірлі жан бола білді. Халқының сөзін сөйледі. Халқының тілін, салтын әспеттеді, намысын жыртты. Сол үшін отқа да, дауға да түсіп, әз жүрегі аяусыз жараланды.

***

Балғабек аға қалмақ шапқыншы-лығына қарсы қол бастап ерлік көрсеткен атақты қолбасшы Қазыбек бектің тікелей ұрпағы. Қазыбек бек үш ғасырды аттап, есімі де, ерлік істері де бізге жеткен тарихи тұлғалардың бірі. Бабамыз жарты дүниені аралап, Бұқара мен Самарқанның, Асфахан мен Кабулдың, Багдат пен Стамбулдың, Басыра мен Римнің білім ордаларында оқып, қазақ жерін қалмақтардан тазартуда, әсіресе, Аңырақай соғысындағы ерлігі мен тапқырлығы үшін «Бек» атағы берілген екен. Ол кісі замандастары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жырау, атақты батырлар – Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай туралы деректі мәліметтер қалдырған.

***

Әкесі Қыдырбек молдалығы бар, ауыл елде бала оқытқан, ел-жұртқа қайырымды, момын кісі болыпты.Әкеден ерте айырылған бала, анасы Нұриланың бауырында қалады. Нұрила-ана жас кезінде молдадан оқыған. Араб, латын қарпімен жазылған сөздерді оқи беретін, мақалдап-мәтелдеп сөйлеуге жүйрік кісі екен. Кішкентайынан әкеден қалған домбыра-шанаққа әуестеніп, құлағын бұрап, анасы екеуі ән айтып отыруды ұнататын. Бәкең өмірінің ұзақ сонарында қолынан сол домбырасын тастамай, жиын-тойдың қызықтаушысы болды. Көне сөздер мен ескі жер-суат атауларын көп білетін анасымен ақылдасып, жөн сұрап, Балғабек аға жазған еңбектеріне кіргізіп, қолданып отырған. Тілі өткір, не айтса да ашығын айтатын аруана 1987 жылы жүзге аз-ақ жетпей дүниеден өтті. Білімі бір басына жетерлік көзі қарақты анасы 1928-ші жылы ауқатты адамдарды тәркілеу басталғанда, ата-бабаларынан келе жатқан дүниелерді жасырып ұстайды. Көзге түседі дегендерді жерге көмуге мәжбүр болады. Сол кезде бұрыннан сақталып келе жатқан бірнеше кітаптан айырылып қалады да, қолында қалған Қазыбек бек бабаның екі кітабы мен, Бәйдібек бабадан қалған жорық қазанды Алматы облысы Таран ауылындағы бір биік жерге әкеп көмеді. Ер жеткен соң, Бәкең анасының айтуы бойынша киелі жазба мен қазанды көмілген жерінен тауып, қазып алады. Баба мұрасының табылғанына қуанып, оны халқына жеткізгенше асықты, тыным таппады. Ұрпақтан-ұрпаққа сақтап келген баға жетпес сол асыл мұра Балғабек ағаның қолына тигенде тарихи деректердің сыры ашылды. «Түп тұқияннан өзіме шейін», -деген кітап халық игілігіне айналды. Бұл жазба тарихи мұраларымызды қадірлеудегі жазушының батылдығы мен табандылығын танытты. Солай десе де, біреу біліп, жөн-жосығын айтып сынайды, біреу білмей-ақ сынағысы келіп тұрады. Жазушының көзі тірісінде қызу айтыс тудырғанымен, мазмұны мен қадір-қасиетіне ешкім шек келтіре алған жоқ. Ал, жер қойнауынан табылған екінші кітап Қазыбек бек бабаның «Үйсін-Ұғлан» атты екі жарым мың жолдық дастаны мен түрлі тақырыпқа жазылған өлең жолдары еді. Батыр бабалардың жорық жолдарының қаһармандық шежіресіне молынан кенеліп, жер-су атауларының көнеден бүгінге жеткен сырына қанықты. Соның бәрін жазып халқына жеткізуге асықты. Жинақталған мол дерек көңіл көрігінде шыңдалған, енді сомдалып құйылар батыр бабалар бейнесі ақ қағазға түсіп үлгермеді. Қатал тағдыр өз дегенін жасады. Орындалмаған арманы осы шығар. Енді, ол еңбекті халыққа таныстырып, ел игілігіне айналдыру Балғабек ағаның балалары мен немерелерінің еншісінде. Лайым солай болғай!

***

Бәкеңнің шаңырағында аты аңызға айналып, қасиет қонған Бәйдібек бабаның жорық қазаны әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Сонау ғасырлар қойнауынан жеткен осы бір асыл мұраға жете көз жіберіп қарасаңыз, құдіреттің күшімен ежелгі дәуірден келген көненің көзі екеніне сенесіз. Тұла бойыңыз шымырлап, ұлы мұраны алақаныңызбен сыйпап, бетіңізге тигізгеніңізді байқамай да қаласыз. Ескіріп, бірнеше жерден тесілген бұл ғажап құт қонған асыл дүниені талай жайсаңдар мен жақсыларымыз қастерлеп, мәпелеп ұстаған болар. Сол кісілердің әруағы қазақ деген ақ көйлек халықты желеп-жебеп жүрген қызыр болғай деп тілейміз.

***

Балғабек Қыдырбекұлы шын мәнінде мағыналы да мәнді өмір кешкен. Сатиралық және халық тағдырын кемел толғайтын прозалық шығармаларын жарыққа шығарды. Жазушының «Қым-қиғаш жылдар» атты кітабы «Санат» баспасынан жарық көрді. Бірақ, оны өзі көре алмады. Аруағыңыз риза болсын, жақсы аға! Ол кісінің қарымды қаламынан туған туындылар - бүгінгі халық игілігі. Қалай болған күнде де алдыңғы-лардың бірі болып, 1932-33-ші жылдардағы ашаршылық туралы әдеби полотно жасады. 32-дегі қызыл террордың мәнісін ашты. Жалпақ қазаққа жар салып, «жеріңнен айрылсаң, елдігіңнен айырыласың» деп бірінші болып дауыс көтерген азаматымыз. Солай бола тұра: «Өндіріп жазуым керек, бабалар алдында өтелмеген парызым бар, соны өтеп кетуім керек», - деп, азаматтық биіктен қарады. Менің ұғымымда Балғабек -аға көнерген, жауын суынан мүжіліп көрер көзге құлауға ғана қалып тұрған үйдің кірпіштерін түзеп, жанталаса аласұрып, құламауын тілеп, жамап-жасқап жүрген құрылысшы. Осындай асылдар Алла тағаланың адамзатқа әдемі өмір үшін сыйлаған сансыз тартуының бірі ме деп қалам. Аға жайында әлі том-том кітаптар жазылар, толғам-зерттеулер мен баспасөз бетіндегі ойлар толастамас. Оның бәрі келесі ұрпақ құзырында. Ал, бұл мақаламды жайсаң аға өмірінің адами қатпарларын құрайтын ауқымды сөйлемдердің соңындағы кішкентай нүктесі ғана деп қабылдаңыздар, ағайын!

1037 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз