• Ел мұраты
  • 12 Қараша, 2012

ЖАҢҒЫРТУДАҒЫ ЖАҢА КӨЗҚАРАС

Камал БҰРХАНОВ, профессор, саяси ғылымдарының докторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Адамзаттың әлемдік тарихы – бұл даналық қазынасы әрі ұлы еңбек тәжірибесі, сондықтан, тарих ғылымы адамзаттың тәлімгері болып табылады. Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртуы жөнінде кемеңгерлік ойларына байланысты біраз әлемдік тарих беттерін ақтаруға тура келеді. Ешбір қазба байлығы мен шикізаты жоқ кейбір мемлекеттер мен халықтың таңғаларлық табысқа жетіп дамуын, азаматтарының өмір сүру деңгейінің жоғары болуының сыры неде? Мысалы, АҚШ-ты алайық, бұл ел басқа жақтан қоныс аударған эмигранттардан тұрады, рухы мықты өзіне сенімді жұрт, желкенді кеме арқылы мұхитты жарып өтіп, Еуропадан келген олар жаңа жерлерді игерді, жол, қала салды. Жергілікті үндістермен үнемі соғысып, өзара қырылысты. Бұл рухы мықты әрі еңбекқор адамдардың ұрпақтары әлемде ұлы байлық жасап, экономиканы дамытты. Екінші Дүниежүзілік соғыста жеңіліп, күл-талқаны шығып бүлініп, контрибуция төлеген біраз жерлерінен айырылған Германия мен Жапония санаулы жылдардың ішінде жоқтан бар жасап, қайтадан қалпына келіп, экономикалық жағынан дамыған алдыңғы қатарлы мемлекетке айналды. Жерінде ешқандай шикізат кендері болмаса да, ерекше еңбекқорлық, тәртіп, заңға бойұсынушылық, мықты рух пен кісілік қасиет – Германия, Жапония экономикасы дамуының ғажайып күші еді. Бұл жерде Израил елі туралы да айтуға тура келеді. Айналасын өздеріне дұшпан ислам мемлекеттері қоршаған, үнемі соғысып, терроризмнен азаматтарын қорғап, жанталасқан осы ел – ешбір шикізат шығатын кеніштері болмасада әлемдегі ең дамыған мемлекетке айналды. Экономикалық дамуға байланысты мұндай деректерді жалғастыра беруге болады. Мысалы, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, т.б. Бұл мемлекеттерде экономиканың дамығаны өз алдына, халықтың өмір сүру деңгейі де өте жоғары. Бұл елдердегі экономиканың дамуы ел азаматтарының жақсы өмір сүру деңгейі ар­қылы бірден байқалады. Кейбір мемлекеттер мен халықтардың тарихына көз жіберсек, ең басты байлық, экономиканың дамуындағы қозғаушы күш – адам және оның жасампаздығы болып табылады. Оның еңбекқорлығы, заңға мойынұсынуы, рухының мықтылығы кез келген мемлекеттің дамуының негізі болса керек. Яғни, бұл ғалымдар ежелден айтып, жазып келе жатқан «адамдық құндылыққа» жатады. Біздің халық ежелден Ресей империясы қол­ас­тында өмір сүріп, өз еңбегімен күн көрді, мал шаруа­шылығымен айналысты, диханшылықты кәсіп етті, қала салды, суландыру құрылымдарын өмірге әкелді. Ол кезде зейнетақы, әлеуметтік жеңілдіктер болмасада, өмір сүру деңгейі сол заманға сәйкес жоғары болды. Бұған біздің ғалымдар жариялаған Қытай архивтеріндегі деректер куә. Салт пен дәстүрді мықты ұстанған біздің ұлы бабаларымыздың еңбек арқылы игілікке қол жеткізгені анық. Ульянов – Ленин бастаған социал радикалдар тобының зор әлеуметтік эксперименті халықтың түбіне жетті. Алып Ресей империясында бетімен кетушілік, анархия ағайын-туыстардың соғысы, өз халқын жаппай қыру сойқаны басталды. Алдымен еңбек пен рухани қуаттың иесі фабриканттар мен кулактар, дін қызметкерлері және зиялы қауымның көзі жойылды. Төңкеріске дейін, Ресей империясы өндірген мол өнім күллі Еуропаны арзан астықпен қамтамасыз ете алатындай еді, ал, Сібірде өндірілетін сары май мен сыр экспортқа шықты. Сібірдің сүт-сыры Голландия сырымен бәсекеге түсті. Большевиктердің «теңдік» (қайыршылық) ұраны байлыққа, тағы да басқа игілікке деген теріс көзқарасы еді. Большевиктер ұстанымының идеологиясы – жабайылық болды. Мысалы, мына белгілі жыр жолдары: Что с попом, что с кулаком вся беда, В пузо толстое штыком мироеда! Әкесін әшкерелеген Павлик Морозовтың әрекеті кеңестік идеологияның сорақы фактісі болса керек. Кеңес үкіметі өмір сүруінің негізі осындай «дәстүрден» тұрды. Бұған қоса, пролетариаттың дүние таным, толық бір ұрпақтың санасына сіңді. Жалқау әрі ақымақ Иванушка пештің үстінде жатып «хан қызын алып» бар игілікке кенеледі. Мен жақында теледидардан Алдаркөсе жайында кино көрдім. Ол кинода өзінің қойын бағып жүрген шопан кездеседі. Алдаркөсенің «неге сіз мал бағып жүрсіз?» – деген сұрағына шал: «Ұл жылқы бағады, келін түйе бағады, кемпір балаларға қарап, тамақ дайындайды» деп жауап береді. Міне, еңбекқор шынайы қазақ отбасы осылай көрінеді. Фильмдегі басты кейіпкер Алдаркөсе не істейді. Шалдың көз жанарын күшейтемін деп алдап, орамалмен қарттың көзін байлап, оның қойларын түгел айдап кетеді. Яғни, Алдар шалдың қойын ұрлап кетті. Диктор кадр сыртында мұны былай түсіндіреді: «Алдаркөсе қандай ақылды адам. Ол бай шалдың барлық қойын ұрлап, оны кедейлерге таратып берді». Егер, бұл оқиғаны шынайы шындық негізінде түсінсек, Алдаркөсе жасаған қылығы бойынша алаяқтығы мен ұрлығы үшін қылмыстық жазаға тартылады. Сондай-ақ, қылмыстық кодекс бойынша ұры әрі алаяқтан мал алғаны бойынша кедей де жауапқа тартылады. Бұдан жасалатын қорытындымыз – большевиктердің барлық үгіті мен насихаты бүгінгі реалды өмір жағдайымен қарама-қайшы. Қоғамдағы азаматтардың мақсаттар мен міндеттеріне томпақ. Жоғарыда еңбексіздік, ұрлық пен алаяқтық, ата-анаға сатқындық насихатталса, ал, қазір өле-өлгенше еңбекқорлық, рухани кемелдену және мемлекетке деген махаббат насихатталады. Міне, сондықтан, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында көрегендік ойлар айтылады. Мысалы, «Қоғамдық қатынастардың, сондай-ақ, жалған әлеуметтік бағдарламалардың тозған қабаттарынан өздерін азат ету мақсатында заңнамалық, ұйымдастырушылық, көзқарастық ақпараттық ықпал етудің нақты шаралары қажет» деген жолдарда кемеңгерлік әрі нақты еңбекке байланысты жүзеге асатын нәрселер елестейді. Одан ары қарай: «Жаңғырту ол егер біріншіден, жалпы ұлттық тұжырымдамамен сәйкес жоспар арқылы жүзеге асырылатын болса...» – деп түйінделеді. Тоталитарлық тоқыраудан айырылып, Тәуелсіздік алған Қазақстан, қазір, дамудың жаңа даңғыл жолына түсті. Ең басты, 200 жыл бұрын жоғалған мемлекеттігін қалыптастырды. Қазақстанның мың жылдық тарихында бұған теңесетін оқиға болған емес. Кеңес одағының құлап, оның идеологиясының бір сәтте күйреуі, социалистік жүйенің әлсіздігін дәлелдеді. Тәуелсіздіктің арқасында елде жаңа мемлекет құрудың, жаңа әлеуметтік-экономикалық жүйе, жаңа идеология және мемлекет жөнінде жаңа көзқарас қалыптастырудың қажеттілігі сезілді. Қазір, Қазақстан әлем мойындаған экономикасы мықты, әлеуметтік саяси жүйесі күшті, халықаралық аренада беделді ел. Мемлекеттің негізін қалаушы ұлт көшбасшысы ҚР-дің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев екені анық. Елбасы арқасында, Қазақстан халқы өзінің «Қазақстан – 2030» атты стратегиялық заңы жүйесін жасады, сондай-ақ, 2020 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық бағдарламасы тағы бар. Мұнда таяу жылдардағы перспективалық даму жолдары көрсетілген. Уақыт ағымына байланысты идеологияда түйткілді мәселелер бар. Елбасының стратегиялық сипатта: «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында бұл жөнінде тоқталады. Базар экономикасын құрып, жекеменшікке бет бұру және мүліктік қатынастарды реттеу кеңестік социалистік модельден түбегейлі бас тартқызды, сөйтіп, банкирлер мен кәсіпкерлер алға шықты. Біздің халықты кәсіпкерлікке, саудаға үйрету күрделі әрі қиын. Дегенмен, жаратылысы қабілетті кез-келген жаңалықты тез қабылдайтын қасиеті бар. Бүгінгі күні қазақтар әлемнің барлық елдерімен өз пайдасына орай сауда жасауға мүмкіндігі бар екенін сездіріп отыр. Ғасырлар бойы саудамен айналысып келе жатқан халықтардан кем емес. Қазір индустриалды-инновациялық экономика жағдайында жеке өндірісті жолға қою мен дамытудың, фабрика мен зауыттар және мыңдаған шақырым теміржолдар мен автобандар салудың қажеттілігін ұғынып, еңбек майданын қыздырып отыр. Еңбек кез келген мемлекет пен кез келген отбасы үшін ежелден игілік пен байлықтың қайнар көзі екенін дәлелдеп келеді. Қазір біз құрып отырған қоғам, бұрын капитализм атанған. Оның ең басты принциптерінің бірі: «Капитализм – бұл мамандыққа» деген құштарлық. Кез келген мамандығы бар, өз кәсібін меңгерген адам жақсы өмір сүреді, әрі молшылықта болады. Не мамандығы, не кәсібі жоқ жалқау нашар өмір сүреді. Жоғарыда аталған мақаланың негізгі философиясы мынада: қоғамды оның ішінде әсіресе, жастарды еңбекке баулу. Біздің қоғамда еңбекке табыну, еңбек адамына табыну қағидасы өріс алуы керек. Тәуелсіз Қазақстанның түйткілді проблема­ларының бірі – біз әлі өз құнды­лықтарымызды еске алмай келеміз. Құндылықтың екі категориясы бар. Бірінші, мәңгілік құндылық, адамзат жаратылғаннан бері келе жатқан әлемдік діндер – Ислам, Христиан, Будда және Иудаизм құндылықтары. Екінші, категория ауыспалы құндылық. Яғни, қоғамның әлеуметтік-саяси моделіне тән құндылық. Ежелгі құл иеленуші қоғамда ертедегі Греция мен Римде және біздің ұлы бабаларымыз номадтарда өз рухани құндылықтары болған. Сондай-ақ, буржуазиялық Еуропаның және кеңестік социализм дәуірінің де өз құндылықтары болды. Дамудың тәуелсіз жолына түскен біз – бір жағынан өткен кеңестік социализмнің құндылықтарын және қазіргі батыстық нарық қоғамының құндылықтарына сүйендік. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында еңбекқор қоғам құрудың жолы да, амалы да анық көрсетілген. Елбасы мақаласы негізінде, біз балабақша, мектептен бастап, қазіргі, Қазақстанның күллі азаматы ненің жақсы, ненің жаман екенін анықтап алуымыз қажет. Аталған мазмұны терең мақала көп жылдарға есептелген. Жанқиярлық еңбектің бағдарламасы болып табылады. Бұл мақаланың тағы бір ерекшелігі сол – ол жаң­ғырту бағытын ғана анықтамаған, елдің сая­си көзқарасын, директивалық сипатын да көрсеткен. Мақалада айрықша айтатын мынадай ойлар бар: «Бүгінде қоғамда жалпы білім беретін мектептердегі тәрбие үдерістерін аса ерте кезең­нен бастап егу, мемлекет – шетсіз-шексіз донор емес, азаматтар әл-ауқатының өсуі үшін жағдай туғызатын әріптес» деген ұстаным қалыптастыру маңызды. Елбасы Н.Назарбаевтың Үкімет, Парламент және «Нұр Отан» партиясына, министрліктер мен ведомстволарға жүктеген нақты тапсырмаларының басты ерекшелігі әр қазақстандық азамат нарықтық экономика жағдайында көмек көрсету және адамдарға қолұшын беру екені айдан анық көрініп тұр. Ал, мемлекет көне Қытай даналығы бойынша «адамдарды балықпен жарылқау емес, қалай қармақ салуды оларға үйретуі керек».

522 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз