• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

АДАМ ДАҒДАРЫСЫ: ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ

Ғарифолла ЕСІМ,
академик, 
қоғам қайраткері

Адам дағдарысқа түскелі қашан. Адамға ойдың келуі дағдарыстың басы. Дағдарыс адамның сәбилік кезеңінде жоқ. Балалық кезінде бар және бар болғанда қандай. «Ақ кемедегі» бала дағдарысы, оның балыққа айналудағы ниеті дағдарыс емес пе?

Есейгендер дағдарысты сезе бермейді-ау деген пікірдемін. Әрине, бұл жалпақ жұртқа қатысты да болмас, бірақ осы пікірімде шындық бар. «Қош бол, Гүлсарыдағы» Танабай өз дағдарысын сезіне алды ма, ол Самансүрге айтып, өзін кезінде шығарып тастаған партия қатарына қайта кірмек. Ол «хочу быть тем, кем я был» – дейді. Өзінің және аты Гүлсарының қайғы-қасіреті осы партияда екенін қайдан білсін.

Заман, әлем дағдарыста болса, немен дем алмақсың, осы өте ауқымды мәселені жүк етіп көтере алған қаламгер Шыңғыс Айтматов.

***

Шыңғыс дәстүрінде ойшылдық поэзияда кеңінен өріс алды. Соның бірнеше ғана тамаша өкілдерін атап өтейін, олар: Омар Хайям, Низами, Навои, Мақтымқұлы, Абай.

ХХ ғасырда ойшылдық прозаға ене бастады. Осы жаңа дәстүрдің, өзім білетін екі тұлғасын айтпақпын, оның бірі – Мұхтар Әуезов, екіншісі – Шыңғыс Айтматов.

«Абай жолы» романы арқылы Мұхтар Әуезов проза арқылы даналықтың үлгісін жасады. «Абай жолы» тұнып тұрған – ой. Өмірдің мәні, өлім мен өмір. Дүние азабы. Тағдыр. Заман тынысы. Білім мен Дін. Кісілік пен кішілік. Мәрттік құндылық. Адам болу. Тұрмыс, тәрбие. Адам баласы туралы – ойшылдық. Қазақы тұрмысқа сын. Махаббат. Достық. Дін мен діншілдік. Әділеттілік. Жақсылық пен жамандық. Қайғы. Қасірет. Үміт.

Міне, осы мәселелер «Абай жолында» табиғи түрде баяндалған. Бұл мәселелерді Мұхтар Әуезовтай талқыға салған бірде-бір философия оқулығы болған жоқ.

Философияның, анығында фәлсафаның барша мәселелерін Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында өз мойнына алған, себебі оның кейіпкері хакім Абай. Өз шығармаларында Абайдың көтермеген мәселесі жоқтың қасы. Ол әлемдік деңгейдегі ойшыл. Кемеңгер Мұхтар ойшылдықты көркем проза тілімен нәрлендірген әрі безендірген. Көркемдік пен ойшылдық бірге өрілген. Бұл Мұхтардың кемеңгерлігі.

Ойшылдықтың әдебиетке, оның ішінде прозаға ауысқаны туралы Шыңғыс Айтматовтың Хайнц Плавиуспен сұхбатында әңгіме болған.

Ғылым халықтан алыстай бастады. Ғылым тек ғалымдарға түсінікті феноменге айналды. Адамның экзистенционалдық мәселелері ғылымнан тыс қалды. Адам туралы ғылымдар формализация үрдісіне түсіп, «жанды мәселелер» мәселе күйінде қала берді. Әсіресе, социализм заманындағы «адам дағдарысын» қай ғылым түбегейлі зерттей алды. Мен осы тұста дейді Хайнц Плавиус «В результате подобного развития, как мне кажется, возник определенный пробел. Некоторые весьма капитальные вопросы, касающиеся жизни и смерти обыкновенного человека, остаются вне поля зрения». Рас. Адам болмысына қатысты мәселелер талқыға түспеді. Адамдар өздері туралы білгілері келеді. Бірақ, ондай сөздер айтылмады. Кеңес заманында адам табиғаты туралы жалған әрі жалаң әдебиет пайда болды. Халыққа шындық керек еді. Ол болмады. Міне, осы кезде тарих сахнасына жазушы Шыңғыс Айтматов шықты. Ол жалғыз болған жоқ, орыс әдебиетінде Трифонов, Гранин, Астафьев дегендер болды. Хайнц Плавиустің сөзін әрі қарай жалғастырайық: «В средние века эти вопросы решались религией, с наступлением эпохи Просвещения место религии заняла философия. У меня создается ощущение, что в нынешней ситуации резко возрастает подобная роль искусства, в частности прозы» (т 7. 323 б.). Бұл сауалға Шыңғыс Айтматов берген жауабына дейін бір-екі жайдың басын ашып алғанды жөн көрдім.

Шыңғыс солай, орта ғасырларда (әңгіме, әзірше Еуропа аймағына қатысты – Е.Ғ.) Діннің беделі жоғары болып, өмір мен өлім, адам өмір сүруінің мәні деген жағдайларға діни адамдар жауап даярлап қоятын. ХVIII ғасырда ағартушылық дәуірі басталып, діннің мәселелерін философияға өткізді, бірақ философия оны алып жүруге дәрменсіздік танытты. Философия сандырақтай бастаған соң, Еуропада алдыңғы қатарға өнер мен әдебиет шықты. Енді Шыңғыс Айтматов жауап-сұхбатын келтірейін, «Если мы поведем наш разговор в этом направлении, то он обещает быть небезынтересным. Ибо совершенная литература, искусство включают в себя почти все, что волнует человека сегодня: его повседневность, его духовное бытие, его социальный мир. Мне кажется, что вы сделали правильное наблюдение относительно важных особенностей современной умственной жизни. Наука наших дней настолько специализировались, что утратило качество общедоступности. В то же время возникла и все больше обостряется потребность увидеть мир в единстве, как нечто цельное, где даже отдаленные сферы взаимосвязаны, взаимообусловлены. Если раньше исследования такого рода протяженных связей было делом религии и философии, то сегодня это все больше и больше становится миссией литературы и прежде всего, прозы, но не только прозы, разумеется, тут нельзя ставить узких границ, нельзя упускать из виду театр, кино, литературоведение, критику и прочее» (т. 7. 323-324 бб.).

Осы келтірілген мәтінде Шыңғыс Айтматов бірнеше мәселелердің басын шалған.

Біріншіден, ғылым туралы. Қазіргі замандағы ғылым жеке басымен айналысып кетіп, жалпы жұртқа түсінікті мағынасынан айрылды. Ғылым тым маманданып кетті. Оны түсінудің өзі мәселеге айналды. Мәселе, физика, биология ғылымдарының алдыңғы қатардағы жетістіктерін физиктер мен биологтердің бәрі ұғынып, жалпақ жұртқа түсіндіріп бере алмауда. Теоретикалық физиканың сала-саласын айтып шығудың өзі осал шаруа емес, сол сияқты молекулярлық биологияның тарам-тарам салаларына арнайы ұзақ жылдар маманданғандар болмаса, мен биолог едім деп жарытып ешнәрсе айта алмайды, бір сөзбен айтқанда, ғылымдар мамандандырылып, жаратылыстануда тереңдеп кеткен. Осындай халде мұндай мамандандырылған ғылымдардың адамға, оның өмірінің мазмұнына тікелей қатысы жоқ секілді болып қабылданатын түсінік қалыптасқан. Қарапайым тілмен айтсақ, адам мәселесі бір жақта, ғылым мәселесі бір жақта.

Әбу Насыр әл-Фараби заманында олай болмаған. Ғылым мен Адам мәселелері бір жүйеде қаралған, оны ғылым тарихында ғұламалардың энциклопедиялық (әмбебап) дәуірі деп аталды. Қазіргі заман ғылымдардың дифференциал кезеңі. Ғылымдар бір-бірімен жақындасуларының орнына, бір-бірінен алыстап барады. Осындай жағдайда Адам мәселесі қайда қалмақ?

Екіншіден, адам мәселесін өз қамқорына діннің алуы түсінікті. Бірақ, діни сана ХVIII ғасырдан бастап, мықтап қирай бастады. Дінге бүгінгі лексикаға салсақ, вирус енді Батыс Еуропада өркениетпен бірге секуляризация деген құбылыс күш алды. Индустриалдық қоғам, мемлекеттің жаңа түрін қалыптастыра бастады, оның аталуы зайырлы мемлекет, яғни, Биліктен Дін алыстатылды. Мұның екі жағы көп кешікпей білінді, ғылым тілімен айтсақ, прогрессивті және регрессивті.

Регрессивті жағы дін адам мәселесімен толық айналысуға дәрмені қалмады. Билік зайырлы түрде адамдарды тәрбиелеп және білім беру ісін толығымен қолына ала бастады. Билік араласқан жерде кемшіліктер өрбіп шыға келетіні белгілі, ол Батыс Еуропада бүлікшілдік, революциялық дәуірде өмір әкеліп, ақыры екі дүниежүзілік соғысқа тұп-тура бастап апарды. Билік ғылымсыз, дінсіз өз дәрменсіздігін ашықтан-ашық дәлелдеді. Адам дағдарысы басталды.

Үшіншіден, адам дағдарысын философтар қолдарына алғысы келді, айталық Вольтер, Дидро секілді әмбебап ойшылдар, бірақ олар адамды дінсіз ұғынғылары келіп, біршама істер атқарғандарымен, олардың және кейінгі Кант, Гегель, Фейербах философияларына дәрменсіздік танытып, олардың сахнасы жабылды. Осымен философия деген дінсіз ойлау жүйесі тарихтан жойылды. Керек-ақ еді, адамзаттың айықпас дерті – коммунистік идеясы Еуропа төріне жайғасып, ақыры Ресей өңірінде мүлдем орнықты. Карл Маркс жаңалықты жариялады.

1. Дін – апиын.

2.Философия пролетариаттың рухани құралы. Бұл ақыл-есі сау емес адамның қолына қанжар ұстаумен бір еді. Философия дінсіз болса да ойлаудың бір түрі. Ойлау қашанда зиялы қауымқазынасы. Карл Маркс ойлаудың осы түрін, яғни, философияны пролетариаттың қолына ұстатып, «Барлық елдер пролетариаттары, бірігіңдер!» деген есалаң ұран шақырды. Сөйтіп, ғажап осы Карл Маркс орнатқан ессіз қоғамда өмір сүрдік. Дін апиын, философия дінсіз, ал адам мәселесі не болды.

Төртіншіден, осы кезде адам мәселесін әдебиет, проза алды. Бұл үрдіс Батыс Еуропа елдерінде ХVIII ғасырдан басталған еді. Орыс жазушылары жалғастырды, айталық, Лев Толстой, Феодор Достоевский, Иван Бунин және т.б. 

Адам мәселесі, анығын айтқанда, адам дағдарысы туралы отандық қоғамтану ғылымында, нақтылы философияда еш­нәрсе жоқ десе болғандай. Кеңес кезін­де философтар адам туралы теріс-теріс пікірлерде болды. Цирктің шабандоз аттары секілді, адам туралы Карл Маркстің айтқан сандырақтарынан ұзап кете алмай міңгірлеумен болды. Адам дағдарысы деген мәселесі күн тәртібіне қойылмады. Оған қарағанда, қазақ жазушыларының кейбір шығармаларында адам дағдарысы бой көрсетіп қалатын, бірақ шыңғыра шыққан дауыстарды естімедік.

Өткен жылдары Жұмекен Нәжімеденовтің үш романын (Ақ шағыл, Кішкентай, Атақ пен дақпырт) оқып, біршама көсіліп мақала жаздым. Міне, нағыз адам дағдарысы осы шығармаларда баяндалған, сондықтан, кезінде бұл «көркемдігі төмен» шығармалар болып танылды. Жұмекен адам дағдарысын баяндауға тым шеберлік танытып, ком­мунистерге жақпай қалды. Оралхан Бөкеевтің тез танымал қаламгер болып шыға келгені, ол адам дағдарысын басты тақырып етіп алғаны. Қазақ прозасында адам дағдарысына арналған жекелеген әңгіме, повестер болды. Мысалы, Мұхтар Мағауин «Әйел махаббаты», Дулат Исабековтың «Гауһартас», «Сүйекші» секілді шығармалары, Төлен Әбдіктің кейбір әңгімелері де адам дағдарысына тікелей қатысты шығармалар. Жалпы ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары көзге іліккен прозашылар адам дағдарысын айналдырғандар. Дәл осы кезде философтар «адам дағдарысынан» аулақ болды деген артық емес, олар қайдағы «Линвездермен» айналысып, Гегель, Кант, Карл Маркс, Ленинді айналдырып, кітаптар жаза бастады.

Осы дәуірде жұрт Шыңғыс Айтматов шығармаларына ден қойды.

1966 жылы «Қош бол, Гүлсары!» шығармасы дүниеге келді. Жаңалық. Танабай бақташы. Кішкене адам. Қилы заман деген сол, дағдарысқа кішкентай жандар түседі. Себебі олар басқарылады. Оларды құлдар деуге де болады, деуге де болмайды. Саналарына шағындап жауапкершілік енгізіліп қойылған Танабайды қинайтын да сол. Тұрмыс десек, ол атымен-затының жоқ, әйтеуір өлмектің күні. Бірақ, Танабай адам, ол еркек, өзінің еркіндігін аңсайды, оған күш беретін астындағы аты Гүлсары. Ол айғыр еді, күндердің күнінде оны ат қылып тастады. Гүлсары арқыраған еркіндігінен айрылды, оны Танабай жанымен сезінді.

Танабай мен Гүлсары, адам мен ат, бірақ тағдырлары бір. Екеуі де қартайды, оларды өмір қартайтты, бірақ түсініксіз сұрақтармен бірге қартайды. Танабайдан өмір не деп сұрасаң, не айтар еді, ол не айтпақ, повесті оқып шыққан оқырман сіз айтпасаңыз... Тақырып социализмге үйлесімді болмағанымен, 1968 жылы бұл шығармасы үшін жазушы КСРО-ның мемлекеттік сыйлығына ие болды. Адам тағдыры жұртшылықты толғандыра бастаған кез еді.

Жазушы енді не жазады деп жүргенде, 1970 жылы «Ақ кеме» повесі дүниеге келді, ол 1977 жылы көркем фильм болып шығып, екінші рет КСРО-ның мемлекеттік сыйлығын алды. 1977 жылы «Теңіз жағалаған тарғыл төбет» деген тамаша дүниесі жазылды. 1980 жылы «Боранды бекет» «Ғасырдан да ұзақ күн» романы КСРО-ның үшінші рет мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1986 жылы «Плаха», 1995 жылы «Кассандра таңбасы» романдары жазылып, жарық көрді. Мен арасындағы өзге шығармаларына тоқталмай, іріктеп алып отырмын. Таң қалатын жағдай, жазушы Шыңғыс Айтматов «Қош бол, Гүлсарыдан» бастап, «Кассандра таңбасы» туралы алып-қашты пікірлер болды. Ойлаймын, жұрт қаламгердің қара жерге Ғарыштан қарағанын түсіне алмады. Әңгіме осы жағдайға байланысты өрбіді.

Бүгінгі індет (коронавирус) жағдайында романды қайталап оқысаңыз, өзгеше рефлексия қалыптаспақ. Футурология мәселесі бұрын тек фантастика жанрында болушы еді, жазушы келешек мәселесін әр адамға мейлінше жақындатқан. Түсініксіз нәрсе, түсініктілерден басым етіліп баян­далған. Әлем шындығы, шынында да осылай емес пе? Адам дағдарысы ғарыштық катаклизмаларға тікелей қатысты болғанын қазіргі ғалымдар жиі айтуда. Адамдар өздерін қамаудағылар қалпында сезіне бастауы, ненің басы? Адам дағдарысы бұрын болып көрмеген психикалық өзгерістерге бастап бара жатқаны шындық емес пе. Осындай дәуірдің «пайғамбарлары» кім?

Хакім Абай кімге сенсең, сол шикі деп еді. Мен Шыңғыс Айтматовқа қаламгер ретінде, қажет десеңіз ойшыл ретінде сенемін, құрмет тұтамын. Адам дағдарысын Шыңғыс Айтматовтай осы заманда бейнелеген қаламгер кемде-кем. Бірақ, Шыңғыс Айтматов қоғам әлемінен гөрі, еуропалық өркениет әлеміне ынталы болғанға ұқсайды. Меніңше, бұл оның кемшілігі. Егер, адам дағдарысын мұсылмандық дүниетаным кеңістігінде «зерттегенінде», өзіне Нобель сыйлығын жақындатушы еді. Тіптен, мәселе Нобель сыйлығында емес, ислам әлеміндегі (қырғыздар, қазақтар) адам дағдарысы аса маңызды тақырып. Қараңыз қырғыз-қазақ әлеміне жат дүниетаным енді, ол коммунизм идеясы болатын, бұл әзәзіл-шайтандық. Ол жәй енбей, өзін шындық деп мойындатты, бұл қасірет болатын. Сонда қырғыз-қазақтардың ғасырлар бойғы тәжірибесі исламдық сезім, сана қайда кетті? Ол ығыстырылды, мұны Зигмунд Фрейд невроз, яғни, психикалық дерт деген. Сол дерт Шыңғыс Айтматов шығармаларында бой көрсете алмады.

«Плаха» романында бұл мәселе христиан әлеміне қатысты баяндалды. Әрине, әділеттілік христиандық әлемде де өзінше шешім тапқан, оған талас жоқ, бірақ «Плаха» оқырмандары қырғыздар мен қазақтар одан не тапты. Орыс жазушысы, Ресейден шыққан алғашқы Нобель сыйлығының иегері Иван Бунин «Құран аяттарын кім естімесе, оны қарғыс атсын» (Проклят тот, кто великий Корана не слышит) демеп пе еді? Осы түсініктен Шыңғыс Айтматов, өкінішке орай алыстау. Бірақ, бұдан оның көркемдік-кемеңгерлігіне тәнті болудан бас тартпаймыз. Әр қаламгер өз заманының жүгін арқалайды.

Дін адам тағдырының дәмі. Тұз астың дәмі. Ұқсастық бар. Күлтегін жазбаларында тағдырды Тәңір береді деген. Тағдыр Шыңғыс Айтматов шығармаларында қашқақтай береді, мысалы тамаша шығарма «Теңіз жағалаған тарғыл төбет». Метафора. Мылқау теңіз беті. Не жел, не ұшқан құс жоқ бағытты анықтайтын. Дүниенің төрт бұрышы деген түсінік мәнін жойған. Су бетінде жалғыз қайық. Ересектер қайықтан теңізге секіріп кеткен, ең соңғы баланың әкесі үмітін үзбеу үшін тұқымы тірі қалуы үшін, суға секіріп кетті. Қалғаны жалғыз бала. Бұл адамзаттың тағдыры. Бүгінгі коронавирус ересектерді жалмауда, жер бетінде кілең бала-шаға қалса не болмақ?! Түпсіз терең ойларға тартады, әттең тағы бірдеме айтса ғой қаламгер дейсің. Оның не айтарын біз қайдан білмекпіз, бірақ оның адамның досы – Алла тағала деген сезім сәулесі болғанда не болмақ еді. Бұл біздің қияли ойымыз.

***

Сонымен, адам мәселесі, адам дағдарысы туралы нәтижелі істер атқаруды өнер мен әдебиет алды. Бұл істе философтар өздерінің дәрменсіздіктерін айқын көрсетіп алды. Карл Маркстің «Тап күресі» деп аталатын сандырағынан философтар ұзап шыға алмады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «жатсыну» (отчуждение) деген жалпақ түсінік қалыптасып, біраз өмір сүрді, кей-кейде әлі де айтылып қалуда. Айтарым, адам дағдарысы Шыңғыс Айтматов шығармаларында философтарға қарағанда молынан, кеңінен, ауқымды баяндалды.

Шыңғыс Айтматов шығармалары «Адам дағдарысы» деп аталатын көркем оқулықтың бөлімдері мен тараулары. Демек, қаламгер мұрасын бүгінгі заман тынысына қатысты қайталап оқуды ұсынамын. Орасан білім, ой-толғанысқа тап болатынымыз сөзсіз.

1366 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз