• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

ДИМАШ ПЕН ИМАНБЕК ФЕНОМЕНІ

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» қоғамдық-саяси журналы 
бас редакторының орынбасары

Қоғамның рухани өмірінде кезең сайын түбірлі өзгерістер болып, бұрын үстем болған құндылықтар мен өмір салты өзгеріп жататыны белгілі. Бұл өзгерістер революциялық емес, эволюциялық жолмен де орнайтыны адамзат дамуының үздіксіздігін білдіреді. Мәдени революция жасампаздығымен бірге қиратушы күшке ие болса, эволюциялық даму мәдениеттің сабақтастығын, социумның мәдени коды мен негізін сақтай отырып жүзеге асатыны маңызды. Қазіргі жаһандану мен технологияның шарықтап дамуы заманында мәдениет тіпті ерекше түрленіп, жаңа үрдістерге жол ашылды. 

Жаһандану мен интернет шексіздігі әлем елдерінің қарым-қатынасына жаңа сипат берді, бұрынғы шектеулер жойылды, мәдени сұхбаттастық артты, талантты тұлғалар мен үздік мәдени үлгілер нәсілі мен тіліне қарамастан бүкіл адамзатқа ортақ игілікке айналды, шынайы да таза өнерде шекара болмайтынын көрсетті. «Әлемді сұлулық құтқарады» деп орыс жазушысы Федор Достоевский айтқандай, қазіргі жаһандану кезеңінде өнер мен мәдениеттен туындайтын көркемдік, сұлулықтың мән-маңызы арта түскендей. Өйткені бүгінгі адамзат баласының тілегі – қара күштің көбейгені емес, барша әлемде тыныштық орнап, ыстық нүктелердегі соғыс өртінің түбегейлі сөнгені. Жамандықты жақсылық, қараны ақ жеңетіні сияқты, жер жүзінде өнер мен мәдениет дейтін ұлы күш үстемдік еткенде, яғни, жоғары дәрежеге көтеріліп, миллиондаған адамдарды өзінің соңынан ерте алғанда адамзат баласының эстетикалық дәрежесі де көтеріліп, жарық дүниеге өзгеше талғаммен қарай бастайтыны анық. Кезінде Батыс елдеріндегі мәдени ағымдардың бой көтеруі, жаңа форматтағы музыкалардың, өнер туындыларының пайда болуы, сән әлеміндегі жаңаша стильдердің шығуы – ол елдердің ұлттық болмыстары мен мәдениеттеріне үлкен ықпал-әсерін тигізгенін байқаймыз. Мәселен, аты аңызға айналған «Битлз» тобының өмірге келуі – тек қана ағылшындардың өнер аясында ғана қалып қойған жоқ, бүкіл әлемді шарлап кетіп, адамзат баласын таңқалдырды. Дәл солай, «Бони-м», «Абба» топтары сынды шығармашылық ұжымдар, Элтон Джон секілді жекелеген тұлғалар өз елдеріндегі өнердің өрістеуіне кең жол ашты.

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда Димаш Құдайбергеннің әлемдік деңгейге шығуы да жайдан-жай орнай салған құбылыс емес деп бағалаймыз. Кез келген елдің мәдениеті ілгері дамып, жаңа белестерге қол жеткізуі үшін алдымен оның негізі, қайнар бұлағы қалыптасатыны заңдылық. Егер де біз бүгін Димаш Құдайбергенді құбылыс ретінде қабылдайтын болсақ, ол қазақ өнерінің де белгілі бір дәрежедегі «мәдени революциясын» байқататын үрдіс. Көрдіңіз бе, бір ғана әнші немесе шығармашылық топ өз халқының өнері мен мәдениетін қаншалықты шырқау биікке көтере алады. Олай болса, Димаш Құдайбергеннің әлемдік сахнаға көтерілуін қазақстандық мәдени революцияның белгісі ретінде түйсінуге әбден болады. Мәдени революцияның негізгі сипаттарына – жаңашылдық, жаңа леп, миллиондаған аудитория жинау, тыңнан түрен салу қағидалары жатады. Бұл тұрғыдан келгенде Димаш Құдайбергеннің таланты мен өнерін туған халқының мә­дени-қайнар бастауларынан нәр алған қуатты күш деп айтуға толық негіз бар. Биыл ғана өз талантымен бүкіл АҚШ-ты мойындатып, атақты Грэмми сыйлығын жеңіп алған Иманбек Зейкеновтің өнері де Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы мәдени революцияның, алға басу мен өркендеудің негіздерін жақсы қалап берді. Осындай тұлғалардың соңынан жастар ереді.

Орта ғасырларда батыстағы Қайта өр­леу дәуірі ескі діни-моральдық дәстүрді қиратып, мәдениетті жаңа сапалық деңгейге көтерді. Ал Қытайда 1960 жылдары  болған мәдени революция тарихи ескерткіштерді жойып, интеллигенцияны қуғын-сүргінге ұшыратуға әкеп соқты. Бұл екі мысал мә­дени революцияның рухани жаңғыру процесі, керітартпа түсініктерден арылу, сана таптаурындарын жою ғана емес, қоғамдағы қалыптасқан ұстындарға соққы беретін жойқын күш те бола алатынына дәлел. Бірақ олардың екеуі де әуел баста қандай да бір идеядан туындағаны, дағдарысқа ұшыраған қоғамды жаңартуды, құндылықтарды сараптауды ниет тұтқаны кәміл. Демек, мәдени революцияның «рухани реформа», «сана төңкерісі», «жаңаша ойлау» деген ұғымдарын әрқилы көзқарас, қағида тұрғысынан қарастыруға болады.

Ғасырлар бойы өзіндік дәстүрі берік қалыптасқан қазақтың ұлттық мәдениеті ХХ ғасыр басынан күрт өзгеріске түсті. Кеңес өкіметі орнауымен бір мезгіл­де мәдениетті қайта құру шаралары жүзеге асырыла бастады. Елде ағарту ісін дамытуға баса назар аударылды. Қазақтың ұлт зиялылары шығармашылық тұрғыда табысты еңбек етіп, мәдени құрылыс барысын жеделдетуге зор үлес қосты. Бұл істің басында қазақ зиялылары – Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен  Сейфуллин,  Санжар Асфендияров және басқа тұлғалар тұрды. Ұлт зиялылары қазақ қоғамының мәдениетін өз ерекшелігін сақтай отырып, жалпы адамзат мәдениетінің жетістіктерін меңгеру арқылы дамытуға болатынын терең  түсінді. Осы бағытта ағартушылық жұмыс жүргізген Алаш қайраткерлері халықтың бай рухани мұрасын насихаттаумен бірге елді рухани жағынан кемелденуге шақырды. Бірақ олардың арман-мұраттарына қол жеткізуге тар заман мұрша бермеді.

Кеңестік кезең қайшылыққа толы бол­ғаны белгілі. Ұлтымыздың руханиятына аяусыз зардабын тигізген бұл кезең сонымен бірге қазақ мәдениетіне көп жаңалық алып келді. Оған бір ғана музыка мәдениетіміздің дамуындағы кемшіліктер мен жетістіктер дәлел. Сонау ежелгі ата-бабаларымыздан бермен келе жатқан музыкалық мұрамыз әдебиетпен, аңыздармен, дастандармен астасып, біртұтас феноменге айналған болатын. Ғасырлар қойнауынан бермен келе жатқан ұлттық музыка аспаптарында орындалатын бұл мұра өмір, өлім, тұрмыс туралы халықтың философиялық ойларының жиынтығы еді.  Эпикалық және аспаптық дәстүрдің шығуы халық санасында атақты әулие – Қорқыт есімімен байланысуы соның көрінісі.

Тарихын тасқа қашаса да, қағазда қалдыр­маған қазақ халқының өзге дәуірлердегі рухани мұрасы бір төбе болса, бізге жақындау ХІХ ғасырдағы мұрасы бір төбе. Бұл кезеңдегі аспаптық, әншілік, ақындық өнер сияқты негізгі халықтық өнердің үздік үлгілері бізге жетті. Ұланғайыр жерімізде бірнеше дербес кәсіби композиторлық және орындаушы мектептер болды, әр аймақ өз ерекшелігін сақтады.  Батыс Қазақстан төкпе күйдің орталығы болып есептелсе, Сарыарқа аймағы аспандағы құсқа әнін қосқан жезтаңдай әншілердің ордасы,  оңтүстік – эпостық жырды баяндаудың шебері, ал Жетісу өңірі – айтыс дәстүрінің озық ортасы болды. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Қазанғап, Біржан, Ақан, Жаяу МұсаЕстай, Ыбырай, Нартай, Мәди, Мұхит, Абай, Жамбыл, Кенен Әзірбаев есімдері қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріппен жазылды. Олар халықтық музыканы дамытты, ерекшелігін сақтады, халық арасында үлкен құрметке ие болды.

1930 жылдардан бастап қазақ музыкалық мәдениеті жаңа әуендік және жанрлық түрмен байыды. Музыканттарымыз аз ғана уақытта еуропалық классикалық музыканың бүкіл арсеналын игерді. Бұл – опера, симфония, балет, аспаптық концерт, ораториялық, ансамбльдік, оркестрлік, хорлық орындау түрлері. Шығармашылықтың жазба түрінде қалыптасқан жаңа кәсіби композиторлық мектебі құрылды. Ұлт­тық мазмұн мен еуропалық өнерді сәтті синтездеу нәтижесінде қазақ опера өнерінің классикасы – Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» опералары дүниеге келді. Әлі күнге сахнадан түспей келе жатқан бұл опералардың өміршеңдігі авторлардың қазақ фольклоры мен кәсіби музыка мүмкіндігін қабыстыра білгендігінде. 

Кеңестік кезеңде еуропалық аспапты музыканың күрделі жанры – симфониялық музыка өнері жақсы дамыды. Ғазиза Жұбанова, Құддыс Қожамьяровтың, басқа да композиторлардың симфониялары, симфониялық күйлер пайда болды. Қазақ­тың ұлттық аспаптарынан құрылған оркестрлік музыканы  жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады.  Республикада  әртүрлі көркем профильдегі орындаушы ұжымдар – Мемлекеттік симфониялық оркестр, Құрманғазы атындағы Қазақтың халық аспаптар оркестрі, хор капелласы, халық би ансамблі, Мемлекеттік квартет, эстрадалық ансамбльдер, үрмелі және джаздық оркестр пайда болды. Әлемдік деңгейдегі классикалық музыканы орындаушылар – Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Ғафиз Есімов, Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева, Жәния Әубәкірова Қазақстанның мақтанышына айналды.  

Болат Сарыбаев сынды ғалым-фольк­лоршы қайта жаңғыртқан қазақ му­зыка аспаптары ұлттық оркестрлердің байлығына айналды. Құрманғазы атын­дағы ұлт аспаптар оркестрінің ізін ала көптеген облыс орталықтарында ор­кестрлер, филармониялар құрылды. Аса талантты композитор, дирижер, күйші Нұрғиса Тілендиев басқарған «Оты­рар сазы» фольклорлық-этно­гра­фиялық оркестрі республикаға танымал өнер ұжымына айналды. 1980 жылдары мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың мәдениет саласындағы қызметі музыка мәдениетімізге тың серпін әкелді. «Шертер», «Адырна», «Алтынай», «Сазген» және басқа ұлттық ансамбльдер құрылып, ән мен күй, ұлттық киімге жаңаша жан бітті.  

Музыка мәдениетінің дамуы музыкалық білім беру ісін қалыптастырумен қатар жүрді. Ең жоғары кәсіби музыкалық білім беретін Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясы, музыкалық   орта оқу орындары, Алматы қаласындағы К.Байсейітова және А. Жұбанов атындағы арнаулы балалар мектебі, Астанадағы Ұлттық музыка академиясы, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы,  «Қазақконцерт» бірлестігі, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты және басқа да музыкалық, ғылыми және мәдени мекемелер бар. Осылайша музыка мәдениетімізде бүгін мен болашақты, өткенді жалғастырушы біртұтас орта қалыптасты.

ХХ ғасырдың екінші жартысы қазақ эстрадасының кәсіби сипатқа ие болу кезеңі деп есептеледі. Қазақ музыка өнерінде төңкеріске тең жаңалықтар болды. Заманауи эстрада қазақ ән өнеріне етене сіңісіп кетті, жалпы халықтың игілігіне айналды. Бұл ең алдымен ұлт композиторларының еңбегі еді. 1950-1980 жылдары қазақ эстрадасының көкжиегіне Бақытжан Бай­қадамов, Әблахат Есбаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Теміржан Базарбаев, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев сынды сазгерлер көтеріліп, олардың шығармалары ел арасына кеңі­нен тарады. Бүгінгі күні де ең биік сахналардан шырқалатын, бүкіл халықтың аузынан түспейтін бұл әндердің өміршең болуы аталған композиторлардың ұлттық дәстүрдің уызын қанып ішкендігінде, халық ішінен шыққандығында, кәсіби деңгейінің биіктігінде. Бұл композиторлардың әндерін орындаған әншілер де қазақ сахнасының тарландары – Суат Әбусейітов, Лаки Кесоглу, Венера Қармысова, Зейнеп Қойшыбаева, Сара Тыныштығұлова, Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев, Қапаш Құлышева, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, Жанар Айжанова, Нұрлан Өнербаев, т.б. әншілер, «Гүлдер», «Дос-Мұқасан», «Арай»,  «Алатау» сынды эстрадалық ансамбльдер бүкіл елге танылды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық му­зыкамызда ұлттық дәстүрге баса мән беріле бастады. Сонымен бірге шетелден келген бұқаралық мәдениеттің ықпалы да күшейді. Әсіресе эстрада саласындағы еркіндік, техникалық жетістіктердің мүмкіндігін пайдалану үлкен сахнадағы өнерге түрліше ықпал етті. Бұл бір орындаушылар үшін талантын одан әрі жарқырата көрсетудің құралы болса, енді біреулердің орынсыз сахна төріне ұмтылып, өнерді арзандатуға алып келгені де мәлім.  Халықтық ән дәстүрін одан әрі дамытып, жетілдірушілермен бірге «шөпті де, шөңгені де» өлең қылушылар үлкен сахнаға шығып кетті. Бұған наразылар көп болғанмен де, «талғамға талас жоқ» демекші, сөзі мен әні сын көтермейтін жеңіл әуендерді тыңдаушылар қарасы аз емес. Өйткені арзан әуен, жалаң, ойсыз дүниелер интернет желілері арқылы желдей есіп, асыра дәріптелетін болды. Ұлттық музыкасы бай да көркем халқымыздың ән мен күйінің қадірін білмейтіндер, салт-дәстүрге уызы қанып өспегендер өзге елдердің әуенін үзіп-жұлып, қазақша алабажақ мәтінімен эстрада жұлдызы атанды. Сахна мен телеарна төрін бермейтін бұл әндерді жас буынның көпшілігі талғамсыз қабылдай береді. Жеңіл ән мен жасанды дауыс, мағынасыз өлең эстрада туралы теріс пікірлердің тууына негіз болды. Бірақ қай кезде де уақыт сынына тек шынайы өнер ғана төтеп беретіні анық.

2017 жылы 22 жастағы қазақ әншісі Димаш Құдайберген Қытайдағы әншілер байқауында жеңімпаз атанып, туған еліне әлемге танымал әнші болып оралды. Димаш орындаған «Дайдидау» әні ұлттық  әуенді планета көгінде қалықтатып, бай мәдениеті мен терең сырлы өнері бар қазақ деген халықтың бар екенін дүниежүзіне танытты. Жас әншінің жетістігі қазіргі заманда дарынды тұлғаның шығармашылығы бір ұлттың мәдениеті мен өнерін бір өзі-ақ әйгілей алатынын дәлелдеді. Бүгінде Димаштың даусы мен әніне ғашық фанаттар кез келген елде бар десек қателеспейміз. Бұл әншінің табиғи дарынына қоса орындаушылық мүмкіндігінің кеңдігі, ән таңдаудағы талғампаздығы мен ерекше қабілетіне қоса оның дәстүрлі қазақ отбасында дүниеге келіп, атасы мен әжесінің тәрбиесін алғанында екені сөзсіз. Сүйікті әншісінің репертуарын жіті қадағалап отыратын әр елдегі тыңдаушылары оның қазақ тіліндегі әндерін жаттап, қазақ еліне, тарихына, мәдениетіне, тіліне қызығушылық танытып жатыр. Оларға Димаштың туған жері, шыққан тегі, тәрбиесі мен өмірбаяны өте қызық. Дарынды әншінің тағы бір ерекшелігі – оның өз еліне, ұлтына деген айрықша сүйіспеншілігі. Ол шетелдегі әрбір концертінде, журналистермен сұхбатында өзінің Қазақстан Республикасының өнер­дегі елшісі екенін басты орынға қойып, тарихымыз бен өнерімізді танытуға мән береді. Димаш «Самалтау», «Қайран елім» әндерімен қазақ тарихындағы қасіретті кезеңді музыка тілінде жеткізіп, өзінің шығармашылық миссиясының ауқымды да биік екенін көрсетті. Ал оның әндерін сүйемелдейтін ұлттық аспаптар шетелдік тыңдаушыларға таңсық дүние болуымен бірге қазақ халқының өнері мен тарихынан хабар береді. Осылайша қазақ музыкасына құбылыс болып келген Димаш Құдайберген талантымен танылып, бойындағы бекзат қасиеттерімен қазақтың тарихын, мәде­ниетін, өнерін, әдебиетін, салт-дәстүрін шетелге насихаттап жүр. Димаш өнер шыңына көтерілген сәттен бері өнерімен де, сондай-ақ мінезі, болмысы, өмірлік ұстанымы мен құндылықтары, адами қасиеттері сияқты ерекшелігімен де үлкен-кішіні тәнті етіп келеді.

Қазіргі таңда жаңа технология мүмкін­діктері музыка әлемінде де кеңінен қолданылып, түрлі форма мен жанрлардың тууына ықпал етіп отыр. Сондай бір үр­діс – бұған дейін жазылған музыкалық шығармаға (көбінесе әндерге) түрлі әуен қосып өңдеу арқылы жаңа нұсқа жасау, яғни ремикс жазу. Ремиксті автордың өзі немесе басқа орындаушы туғызуы мүмкін. Ремикс музыканы әрлеудің жаңа әдістерін пайдаланған кезде түпнұсқадан да керемет болып шығуы кездеседі. Ремикс жасаушы музыканттар бастапқы композицияға түрлі әуендерді араластыру, арнайы эффектілер қосу арқылы ырғағын өзгерте отырып жаңа дүние туғызады. Бұл үрдіс дыбыс жазушы құрылғылардың жетілуіне байланысты қалыптасты. Сөйте келе бұрынғы тәсілмен жазылған музыкалық материалды заманауи құрал-жабдықпен қайта өңдеуді білдіретін тұтас бір жаңа бағыт пайда болды. Дыбысты өңдеу техникасының соңғы жетістіктерін пайдаланатын бұл тәсіл көпке танымал туындыларды жаңа қырынан жарқыратып, тыңдаушысын жаулап алды. Ремейктер негізінен поп-музыкада пайдаланылады. Кезінде қазақтың халық әндерін эстрада жанрында орындау үрдісін бастағандар да белгілі бір деңгейде ремикс жасаған деуге болады.  Қазіргі кезде ремикстерді ән авторлары немесе арнайы мамандар, композиторлар, диджейлер жасайды. Сондай-ақ  компью­тердің дамуына байланысты музыка әуесқойлары үй жағдайында да ремикс жасап жүр. Жуырда атақты «Грэмми-2021» музыкалық премиясының жеңімпазы атанған павлодарлық Иманбек Зейкенов те осы бағыттағы ремикс жасаушы. 21 жасар Иманбек –  ТМД елдерінің арасында Грэмми сыйлығын алған тұңғыш музыкант. Жастайынан музыкаға құмар болған Иманбек оқуын бітірген соң теміржол бекетінде жұмыс істеген. 17 жасынан бері ремикс жасаумен айналысатын жігіттің америкалық рэп әншісінің «Roses» деген әніне жазған ремиксі екі-үш жыл бұрын жылдам тарап, Еуропа және басқа елдердің музыка желілерінде үлкен танымалдыққа ие болды. Иманбектің бұл туындысы 2020 жылдың қараша айында үздік ремикс ретінде Грэммиға ұсынылды. Оның «Roses» трегі хитке айналып, бірнеше ай  бойы үздік ондық қатарында тұрды, 20 миллионнан астам адам тыңдады. Таланты мен ізденгіштігінің арқасында қазақ жігітінің өнері АҚШ пен Ұлыбританиядағы атақты артистерден оқ бойы озып кетті. 2021 жылдың 14 нау­рызында тыңдаушылардың қолдауымен көп дауысқа ие болған Иманбек жеңімпаз деп жарияланды. Музыка әлемінде аса беделді Грэмми сыйлығының табыс етілуі туралы жаңалықты қуана қабылдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иманбекті арнайы құттықтады. «Өзінің таланты мен мақсат қоя білуінің арқасында диджей Иманбек әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірін иеленді. Оның шығармашылығы қазақстандық жастардың ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді» деген Президент Иманбекке жаңа шығармашылық жетістіктер тіледі.

Димаш Құдайберген мен Иманбек Зейкенов – қазақстандық музыкадағы тың құбылыс, жаңа белес. Олардың дара өнері әлемге танылып, отанында мойындалуында туабітті дарынымен бірге технология жетістіктері – ғаламтордың да әсері бар. Қазіргі заманда талантты жанға тосқауыл жоқ – түрлі құрылғы мен әлеуметтік желі арқылы тыңдаушыңмен тікелей тілдесуге, төл туындыңды ұсынуға мүмкіндік мол. Және де ол тыңдаушылар шын дарын мен дәлдүрішті ажырата біледі. Технология жетістіктері тілмәшті қажет етпейтін бірден бір сала – музыка атты құдіретті әлемнің кез келген түкпіріне бірден жеткізе алады. Әрі ол музыка ұлттық өнерден нәр алып, биік гуманистік мұраттарды мақсат тұтса бір мемлекеттің ғана емес, адамзат мәдениетінің құндылығына айналмақ.

 Әйгілі ойшыл әл-Фараби музыка теориясын жазғанда әуез өнерін жоғары эстетикалық, гуманистік идеалдармен байланыстырыпты. Ойшыл философ өз шығармаларында музыканың тәрбиелік жағына назар аударып, қоғамда үлкен роль ойнайтынын ескертеді.  «Әуеннен ән құралып, оны әсемдендіре түсіреді» дейді ұлы ғұлама. «Музыканың ұлы кітабы» деген трактатында Әбу Насыр әл-Фараби адамға әсер ету дәрежесі бойынша музыканың үш түрін атайды: «Бірінші түрге адамды тыныштандырып, рахат әкелетін; екіншіге құштарлықты күшейтетін; соңғы түрге қиял тудыратын музыка жатады. Осы үш түрді қамтыған музыка кемелденген, ең әсерлі болып саналады». Димаш феномені ұлы ойшыл айтқан музыканың жоғары эстетикалық, гуманистік идеалдарына сай болуымен ерекше. Димаштың   әлем елдеріндегі миллондаған тыңдаушысы оның әндерімен жүрегін жұбатады, рахаттанады, өмірге құштарлығы артады, тән дерті мен жанын емдейді, сұлу эстетикалық сезімге бөленеді. Қаншама жас ұл мен қыз ана тілі мен ұлтының әдет-ғұрпын асқақтатқан Димаш үлгісімен ұлттық сана-сезімі оянып, ана тіліміз бен рухани байлығымызды игеруге бет бұрды. Димаш үлгісі бұқаралық мәдениетке, қағынан жеріген мәңгүрттікке қарсы ізгі  дәстүрлердің салтанат құруына жол ашты. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп ақын айтқандай, Димашқа халқымыз үлкен үміт артып, өнер мен өмір жолында даңғыл жол тілейді.   

Мәдениет – қоғамның қозғаушы күші, маңызды әлеуметтік фактор. Мәдениет дамыса  қоғам да алға жылжиды. Бүгінгі қазақстандық мәдениет пен өнер уақыт талабына, дәуір талғамына сай мәдени эволюция жолымен дамып келеді. Рухани жаңаруға, ізгілікке негізделген, ұлттық кодын сақтаған мәдениет қоғамның дағдарыс жағдайынан шығуына көмектеседі. Мәдениеті мен өнерін дұрыс жолға қоя білген ұлттың өзі де өміршең.    

 

1063 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз