• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ҒАЛЫМЫНЫҢ КЕЛБЕТІ

Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ 
Ұлттық университетінің доценті

Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.На­зар­баевтың халыққа Жолдаулары мен «Рухани жаңғыру бағдарламасында» көрсетілгендей,  ғылым мен білім беру ісін бәсекелестікке қабілетті бүгінгі заманауи талаптарға сай жоғары деңгейдегі әлемдік озық, инновациялық технологияларды пайдалана отырып дамытуда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлемдік QS рейтінгісінде 200 топ университеттер қатарынан  орын алуы да барша университет қауымының, оның ішінде жекелеген табанды ғалымдардың өлшеусіз еңбегі болса керек. Сондықтан, көрнекті ғалым Дина Ақбергенқызы Әлкебаева да осы қатардан табылатын, қандай да қиыншылыққа, кедергілерге қарамастан, тәуелсіздігімізге тәу ете жүріп, университетті дамытуға өз үлесін қосқан әріптестеріміздің бірі деуге әбден болады. 

 ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев қазіргі уақытта халқымыздың ғасырлар бойы аңсап жеткен адамзаттық асыл ар­маны болған тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауды мақсат ет­кені белгілі. Тәуелсіздігіміздің, мем­лекеттілігіміздің, ұлттығымыздың, халықтық бірлігіміздің бір көрінісі де, тірегі де – ұлттық тілімізді, оның ғылымын дамыту болса, профессор Дина Ақбергенқызы тектес толеранттылық, мобильділік секілді заманауи қасиеттерді бойына сіңірген ғалымдар тәуелсіздікке табан тірей отырып, жігері мен рухын жани беретініне, Абайша айтқанда, «көкірегі байлаулы» жастарға саналы тәрбие, сапалы білім беретініне сенімдіміз.

Ұстаз-ғалым Д.А.Әлкебаева тіл білі­мінің  прагмастилистикасы, қазақ тілінің функционалды грамматикасы, жекелеген ақын-жазушылардың поэтикалық стилі, жалпы сөз мәдениеті, сөз экологиясы мәселелерін теориялық-практикалық тұрғыда терең зерттеп, қазақ тілінің тамыршысы, қазақ сөзінің сыры мен сымбатының сыншысы, стилисті ретінде танылған ғалымдардың бірі болып табылады. Иә, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Дина Ақбергенқызы Әлкебаева есімді осы жазбаның кейіпкері де кешегі  өрімтал баладан, бүгінде алдында дәріс тыңдап отырған арманшыл жастан өсіп шықты емес пе?! Сәл шегініс жасайықшы, қадірлі оқырман.

Сарытаудың сайы мен саласына бір отар қойды маңытқанда үйдегі анасына емес,  Ақберген жеті жасқа толмай желкілдеп ат тізгінін ұстап, өзіне көмекші болуға әуес бүлдіршін қызы Динаға біртүрлі таңырқап қарайтын. Көзі отты, жүріс-тұрысы да ширақ, ұл пішіндес осы қызын үйдегі өзге ұл-қыздарынан өзгеше көретін. Отбасылық, я малшылық өмір жағдайларына байланысты әңгіме-дүкендерде де ересек адамдарша сөйлеп, ой түйетін оның бала тілі де тәтті еді. Күндер өте берді. Бір кезде осы Дина қызының да өзгелер сияқты мектепке баратын уақыты келді, малшы балаларымен бірге интернатта жатып оқитын болды. Интернатқа алғаш аттанатын күні тау-тасында алаңсыз ойнап, асыр салған Сарытаудың сарғыш тартқан етегіне қоңырша үйдің алдында тұрып қиыла қараған қызына сыр білдіргісі келмеген анасы: «Әкең күтіп қалды, Динажан, енді артыңа қарама, алдыңа қара! Демалысқа шыққанда әлі-ақ, келерсің», – деген еді. Құлынынан сылап-сипап қараған Қаракер ат елге қарай тепеңдеп жүріп берді. Әкесі қанжығасына қызының бір қабат ойын киімдері салынған дорбашаны іліп, жеткіншегін алдына алып алған еді. Ерге сәл ығысып шоқиғанымен, әдетте көп еркелете бермейтін қызғалдағын біртүрлі қимастықпен бауырына қыса түсіп, қайратты қара бұрымынан иіскей бере, «қарғам, осы кеткенің кеткен-ау...» деген бір ой осып өткенде, әкесі көзінен ыстық жастың ыршып кеткенін өзі де аңғармай қалды. «Томпаңдаған кішкентай көмекшісі ғана емес, балаларының ішіндегі көзелі еді ғой...». Қызының әрнәрсені байқағыш, сезімтал екенін білетін Ақберген сыр алдырғысы келмей: «Динатай, интернатта шопан балаларына жақсы жағдай жасалған дейді. Тек сен жақсы оқитын бол, кітап-жорналды жақсы көретінің рас қой, ә?!», – деді. Толқып келе жатқан бала қыз жауап бермеді. Үйден, жайлаудан алысқа аттап басқаны осы болатын. Қаракердің тепең-тепең, сарт-сұрт тұяқ қағысымен әлдебір қимастық әуені астасқандай болатын. Әкесінің даусындағы әлгі дірілді сезіп қойған еді.

 Иә, рас анасы айтқандай қысқы-жазғы каникулда Дина қойлы ауылға Сарытауының сай-саласын аңсап жетеді. Өзі есейе бастады. Қыста Сарытаудың бет шымшыған шыңылтыр аязында Қаракерін ерттеп мініп, ұлша елпеңдеп әкесіне қолқабыс жасап, қасынан бір елі қалмайтын жанашыр бала қыз жазға салым да  сақпаншылыққа араласып тыным таппайды. Әкесі буыны қатпаған қыз баласының нәзік табиғатынан қауіптеніп, тыстың шаруасына араласпай үйде болуын қаласа да,  жайлауын, малшы ауылдың тірлігін сағынып жеткен бүлдіршіннің қолын қаға алмайды. Енді ат үстінде өрістегі малды қарайлай жүріп, бір қолына кітап алатын болыпты. Айтпақшы, интернат кітапханашысы ғана емес, аудан кітапханашысы да бұл Динаның аса кітапқұмар екенін айтып, отбасына алғыс хат беріп жіберіпті. Рас, есейген сайын Қаракердің қанжығасына бір дорба кітап іліп жүретінді шығарды. Арасында ескірген, жұлығы шыққаны да бар. Кішкенелеу кезінде Таусүгірдің, Сарытаудың тау-тасында еліктей ойнап, асыр салып, алқаракөк бүлдіргенін тоя жеп, аузы-мұрнын бояп келіп, малшы ауылдың балаларын күлкіге батырушы еді. Ертегі кейіпкері болып, даусын құбылтып сөйлегенде, әртіс болар ма деуші еді ел. Әйтсе де, балалығы қалмаған-ау, сірә?! Ендігі жерде қойлы ауылдың балаларын жиып алып, сол оқыған кітаптарын жыр қылатынды шығарды. Ел адамдарының аузынан естіген ескі сөз, мақал-мәтелдерді де жазып ала қоятын еді.

«Ақырын жүріп, анық басатын» өз шаруасына бекем әкесінен гөрі таңсәріден қара кешке дейін малшы ауылдың тірлігіне көндіккен, балабасты анасының сөзге шеберлігін, ән-күйге  құмарлығын сезетін. Қанша талығып шаршаса да, іңірде үйелмелі-сүйелмелі балаларына ертегі, жыр-аңыздар айтып ұйықтататын. Өзге балалар тез ұйқыға кететін де, шаңырақтың жабығынан сығалаған жұлдыздарға қарап жатқан Динаның қиялы шарықтап, әлгі ертегіні өзінше жалғастырып кететін. Сонда анасы: «Тәңірім, сен әлі ұйықтамағансың ба?! Не деген сөзқұмарсың...» деуші еді.  Анасының күмбірлеген даусы әлі құлағында. Рас, Таусүгір, Сарытаумен етене өсті, олардың сары аязын да, салқын самал, жасыл шүйгінін де ештеңеге айырбастамайды. Таулы алқаптың саф таза ауасы мен сарқыраған өзені,  бұлақтарының сылдыры мен алуан гүлдерінің жұпары күні бүгінге дейін жүрегіне нұр құяды Динаның. Тас бұлақтың сылдырына құлақ тосатын.. Бұлақ сылдыры анасының айтқан ертегілерін, әсем әлди әнін еске түсіргендей еді.. Иә, баяғы интернаттағы тіл-әдебиеттен сабақ беретін апайы да: «Даусың бұлақтың сылдырындай екен» деп еді. Анасынан... жаратылыстан... жоқ-жоқ өскен жердің табиғаты, тауы мен тасы, тас бұлағы сыйлаған». Шынында, Сарытаудың сұлу қойнауы қысы-жазы табиғат даусын тыңдап, тіліне түсіне білген жанға болмысы бөлек мінез, сезім сыйлайтындай еді.

Бірақ, көп ұзамай балалықтан арыла бастаған ол өзінің ендігі жерде «малға дос емесін» сезінген-ді. Кітабын қолтықтап, Қаракерді шылбырынан ұстай бере байқағаны. Сарытау дәл алғашқы оқуға аттанардағыдай сарғыш тартып сарғая бастаған екен... Келер күнге. Алматыға оқуға аттанды.

Иә, сол асқақ өлке Таусүгір мен Сарытаудың баурайында, нақтырақ айтсақ, Алматы  облысы,  Шелек  ауданы,  Қаратұрық  селосында туып өскен Әлкебаева Дина Ақбергенқызы Алматыға келіп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, оны 1984 жылы «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын Алматы облысында мұғалімдік қызметтен бастағанмен, арманын аялаған Динаның аңсары Алматыға ауа береді. Ұлы ұстаздары М. Томанов, К. Аханов, Р. Нұрғалиев, З. Қабдолов, М. Серғалиев, Қ. Мырзалиев секілді профессорлардың кәусар бұлақтай дәрістерінің нәрін қанып ішіп, кішкентайынан кітапқұмар, құймақұлақ болып, қазақтың  қара сөзін қанына сіңіре білген жас филолог енді ғылым жолын таңдамаққа бекінеді. Қазақтың тілі мен әдебиетін қос қанатындай көрсе де, өзінің әсіресе, әдебиетке құштарлығын ерекше сезінетін еді. Университет қабырғасында жүріп те, қазақ әдебиеті мен тілінен ғана емес, шетел классикасын да  барлап, барша гуманитарлық ілімдерден мол хабардар болғандай еді. Кезінде Зейнолла, Рымғали, Қадыр ұстаздары  «Айналайын, сен өзің дайын зерттеуші, дайын жазушы сияқтысың ғой» демеп пе еді? Иә, бірде  «Әдебиет теориясынан» өздеріне сабақ беретін Қадыр Мырзалиев дәрісін аяқтап болып, әдетінше аудиторияға қарап: «Қандай сұрақтарың бар?» деген. Ешкім тіл қатпаған. Сонда Дина қол көтеріп: «Ағай, менің бір сұрағым бар еді, бірақ бүгінгі дәріске қатысы жоқ, айтсам бола ма?» дегені. Сабақта көзге түсіп жүретін ынталы шәкіртіне ұстаз бас изей бергенде, Дина: «Ағай, сіздің мына бір өлеңіңіз» – деп, ақынның елге деген сағынышын жырлаған бір өлеңін жатқа оқып береді де: «Сіз туған жерді, елді сағынамын дейсіз де, бірақ мен оған барғым келмейді дейсіз?! Сіз өз сөзіңізге өзіңіз қайшы келіп тұрсыз, неліктен? Парадокс!» демесі бар ма? Аудитория демін ішіне тартып, тым-тырыс. Аса  білгір, қадірлі Қадыр ұстаз да шәкіртінің өжеттігіне қайран қалғандай. Қоңырау да соғылды. Папкісін қолтығына қысқан ұстаз есікке қарай аяңдай берген. Ал, асылдың сынығындай Рымғали ағайдың дәрісінде шыбынның ызыңы естілмейтін-ді. Бір күні дәріс үстінде аудиторияға бар тұлғасымен бұрылып: «Осы Асқар Лекеров деген жазушының шығармасын оқығандарың бар ма?» дейді. Аудитория үндемейді. Тағы да талай кітапхананы тауысқан Динекең: «Мен» деп қол көтеріп, жазушының «Түз гүлі» шығармасын әдемілеп өздігінше талдап береді. Сонда Рымғали ұстаз: «Эстетикалық талғамың жоғары екен, тамаша әдебиетші боларсың» деп айдынын асырып тастайды. Міне, сол ұстаздарының үмітін алдағысы келмеген жас маман  университетке келіп, академик З.Қабдолов жайғасқан кафедра есігінің тұтқасын жүрексіне ұстап, рұқсат сұрап кірмек болғанда, телефон құлағында отырған ғұлама: «Қоя тұрыңыз!» бос емеспін дегендей белгі береді. Даусы да біртүрлі ренжулідей естіледі. Өзі де жүрексініп тұрған жас түлек дәлізге бір-ақ шығады. Неге жасқаншақтады, өзі де білмейді. Көптен көрмеген университетінде жан-жағына тосырқай қарап тұрғанда, дәліз бойында келе жатқан ұстазы профессор Мырзатай Серғалиевке ұшырасады. Мән-жайды білген  ұстазы аспирантураға түсе қалса, тіл білімі бойынша ізденуі қажеттігін, оның стилистика саласы әдебиеттен алыс еместігін айтып, шәкіртіне жол сілтейді. Сөйтіп, Дина 1990-1993 жылдары осы университеттің аспиратурасының  күндізгі бөлімінде оқиды. 1993 жылы Әлкебаева Дина Ақбергенқызы «М. Жұмабаев поэзиясының стильдік-тілдік  ерекшеліктері» атты  кандидаттық диссертациясын, ал 2006 жылы «Қазақ  тілінің стилистикасының прагматикасы» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғайды. 2009 жылғы 30 қарашада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен тіл білімі мамандығы  бойын­ша профессор атағын иеленеді. Міне, бұл атақ, дәрежелердің оңайлықпен берілмегені кімге де аян.

 Сонау Алматыға біржола орныққан күннен бастап, арманның асау тұл­парындай бас бермес қиындығы мен қияметі мол ғылым жолында ерінбей еңбектеніп, табандылық, төзімділік танытты. Бұл күнде филология ғы­лым­дарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  профессоры Дина Ақбергенқызы  Әлке­баева ғалымдығы пен ұстаздығы қос қанатындай серпін бергенде, өзіне ғылыми тағылымы мен тәлімін мол дарытқан дана ұстаздарындай «көсіліп дәріс оқуға» дағдыланып қана қоймай, шеберленіп алды.  Тәуелсіздік алған жылдары ҚР жоғары оқу орындарында  білім беру стандарттары түрлі өзгерістерге ұшырады, жаңарды, жасарды, жаңа ғылым-білім парадигмалары оқу процесіне енгізіліп жатты. Дәл осы кезеңнің басты ғылымның даму үрдістерінде  Д.А.Әлкебаеваның қазақ  тіл ғылымы саласына қосқан үлесі мол десек артық айтпағандық болады. Қазақ тілінің стилистикасы, қазақ тілінің прагматикасы, лингвоэкология, сөзтану ғылымы,  қазақ тілінің функционалды грамматикасы, қазақ тіл ғылымының жаңа бағыттары бойынша оқыған дәрістері өзінің бай библиографиясы, жүйелі мазмұны, заманауи талаптарға сай оқы­тудағы жаңашылдығымен шәкірттер жүрегіне жол тапты деуге болады.   Дина ұстаз студент жастар аудиториясын өзінің тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде қол жеткізген білім қорларын шәкірттер санасына сіңірудің әдіс-тәсілдерін де шығармашылықпен астастырып, қазақ тілінің  нәрі мен мәнін, сәні мен сымбатын таныта білуде, өзінің тіл ғылымындағы тың тұжырымдарының негізінде жүргізілетін «Қазақ тілі стилистикасы және тіл мәдениеті»,  «Сөз мәдениеті», «Прагмастилистика», «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы», «Сөзтану саласының өзекті мәселелері», «Сөйлеу және рухани экология», «Қазақ тіл ғылы­мының жаңа бағыттары» атты іргелі және элективті пән курстарын өзі сүйген әдебиеттану пәндерімен ғана емес, тарих, философия, антропология, герменевтика, риторика, тіпті математика, медицина тәрізді жаратылыстану пәндерінің жетістік­терімен тоғыстыра баяндағанда, өзінің кәсіби саласындағы білгірлігі ғана емес, жан-жақтылығы, мол парасаттылығы да, тіпті дәріс оқыған сәттердегі мәнерлі тілі мен құлаққа жағымды әсем сыңғырлы даусы да аудитория толы шәкірт қауымды тәнті ететініне таң қалмайсыз. Қазіргі компьютер заманында шәкірттер де бұйығы емес, ашық мінезді, өзі секілді өжеттері де бар емес пе? Дәрістер қатты ұнаса, оқытушыларға ризашылығын да аямай жазып жібереді. Профессор Дина Ақбергенқызының уатсаф желісіне бір шәкірті: «Ұстазым, дәрісіңізге екі минут кешігіп қалдым. Өзімді кешірмеймін. Сіздің дәрісіңіздің әр минуті маған қымбат. Сіздің әр сөзіңізді бағып, қалт жібермеуге тырысам. Осынша мол білімді қашан, қалай жиғансыз, сіз бүгін де таңдай қақтырдыңыз. Дәріс оқығандағы тамылжыған тіліңізге, құйқылжыған даусыңызға таң қаламын, ұстазым, Сізге мың алғыс!», – деген екен. Шынында, шәкірттер айтқандай, профессор Дина Ақбергенқызы ізденіс нәтижесінде академиялық шешендіктің әралуан тәсілдерін де тәжірибе ба­ры­сында барынша терең игеруді де ұмытқан жоқ. Өйткені, ол жоғары мектеп ұстазы екенін ерте сезінді, әрі мүйізі қарағайдай өз ұстаздарының ұстанымдары мен дәстүрлерін де естен шығаруға болмайтынын білетін. Ұлт ұстаздарының ұланғайыр еңбектерін де өз дәрістерінде, еңбектерінде алға тартып, қазақ тілінің қасиеті мен қадірін кие тұтуды, мемлекеттік мәртебесін биіктетіп,   байлығын бағалауды шәкірттерге ұлағат ететіні ақиқат. Тәжірибелі ұстаз-ғалым филология мамандықтарына ғана емес, журналистика факультетінде де  стилистикадан сабақ беріп, журна­листерді де сөз мәдениетіне, біліктілікке баулиды. Қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің оқытушыларын даярлайды, ұстаздыққа, ғалымдыққа  тәрбиелеп дайындайды. Бүгінде профессор Дина Ақбергенқызының жүздеген шәкірттері республикамыздың жоғары оқу орындарында және орта мектептерде, әдеби-мәдени, ғылыми-танымдық басылымдарда, ғылыми-зерттеу мекемелерінде еңбек етуде.

Тәуелсіздік таңы атып, ел еңсесі көтеріле бастаған сонау 1993 жылдарда ғылым баспалдағын алғаш аттаған Д.А.Әлкебаеваның жылдар озған сайын табанды ізденістері жалғасын тауып, ғылыми өресі мен өрісі де кеңейе береді. Тіл білімінің өткеніне өрелі көзқараспен қарап,  жаңаша таным тұрғысынан бағалауда ғалым тілтанудағы  жаңа бағыттарды ұстана бастады. Қазақ ұлттық әдеби тілінің дамуындағы өзгерістер, қазіргі жаңа қоғам адамының сөйлеу коммуникациясының мәнінің артуы стилистикалық сапа мен прагматикалық талапты күшейткендіктен, қазіргі стилис­тиканың теориялық, прагматикалық негі­зін айқындайтын  еңбектер қазақ тіл білімі үшін өте қажет еді. Тәуелсіздікпен түлеп, жаңғырған әлеуметтік өміріміздің қай саласы да бұл кезде еркін ой мен еселі еңбекке мұқтаж болатын. Д.Әлкебаева докторлық диссертациясын  қорғағаннан бергі уақытта қазақ тіл білімінің  кенжелеп қалған стилистика, тіл мәдениеті, сөз экологиясы, функционалды грамматика, сөзтану  ғылымының өзекті мәселелері, рухани экология, қазақ тілі ғылымының жаңа бағыттары саласы бойынша ізденіп, жаңашыл тұжырымдар, теориялық толғамдар қорытты.

Тоталитаризмнің салдарынан тоқы­рауға айналған ұлттық тіліміз бен діліміздің рухы асқақтап,  қазақ тілінің қоғамдық қызметі жандана бастаған бұл тұста оның мемлекеттік мәртебесін биіктетіп, іргетасын бекітіп, қырағылық таныту елдікті мақсат еткен әрбір саналы азаматқа сын еді. Д.А.Әлкебаева ұлт тілінің жанашыры ретінде мерзімді баспасөз бетінде бүгінгі мемлекеттік  тілдің тағдырына алаңдаушылық та­ны­татын тіл экологиясы, тіл саясаты мәселелерін қозғап, лингвистикалық болжау орталықтарын ашу қажеттігі жайында ашық пікір айтып қана қоймай, бұл мәселенің мемлекеттік саяси мәніне  тереңнен үңіліп, енді ғана тұғырына қонған тәуелсіздігіміздің баянды болуына қам жеген еді. Дегенмен де, ел өмірінің барша саласында бәсекелестікке жол ашылып, өркениетке қол созған зымыран уақытта, әлемдік жаһандану үрдістерін жатырқамай ел болашағына өзінің нақты үлесін қосу жолында ерінбей еңбектеніп, шұқшия іздене жүріп ғалым-ұстаз толағай табыстарға да қол жеткізді деуге болады.

Әлкебаева Дина Ақбергенқызының алғашқы ғылыми зерттеуі  «М.Жұма­баев поэзиясының стильдік-тілдік  ерекшеліктері» атты кандидаттық жұмысы еді. Ол осы ғылыми зерттеуінде: «Адамның табиғатымен туа біткен ақындық асыл қасиеті тарихтың қандай аласапыран дауылы да өшіре алмас мәңгілік із қалдыруында болса керек. Шынайы таланттың жан тебіренісінен туған сөз маржандары сұлу да сиқырлы қалпында ғасырларды аттап өтіп, келешекпен жалғасып жатады. Қай заман, қандай дәуірде оқылса да халықтың ой-талғамын байытып, жан сарайын аша түспек. Бүгінгі оқырманның рухани үлкен олжасына айналып отырған Мағжан өлеңдері бізге тағдырдың талай тар соқпақтарын артқа тастап, сыңаржақ соқыр саясаттың уысынан сытылып шығып, сағына қауышып, қуана табысып жатқан асыл мұраларымыз. Қазақ топырағындағы жыр-өрнек үлгісін өз үнімен байытып, ақындық болмысы жарқырай көрінген Мағжан Жұмабайұлы қаламынан туған дүниелер – халық үшін таусылмас қазына. Алмастай құбылған өрнекті өлеңдердің құпиясын тану үшін оның әр шумағын, әр жолын ой-көзімен оқып, жан-сезіммен қабылдай білу қажет. Сонда ғана ақынның сырлы әлеміне бойлай аламыз. Сонда ғана басы, ортасы, соңы деп бөле-жаруға келмейтін асыл сөзден қойылған біртұтас сом дүниені, сырты сұлу, іші бай, жұмыр жырды түсіне аламыз»  деп жазған еді. Ол бұл зерттеуінде  ақынның поэтикалық тілінің ерекшеліктерін оның замандас, қатарлас және өзінен кейінгі ақындармен салыстыру арқылы дәлелдейді. Осы зерттеу барысында Мағжанның әдеби тіл мектебі, ақындық дәстүрінің үлгісі өзінен кейінгі ақындарға тигізген зор ықпалын таныту көздеген болатын. Анығырақ айтқанда, Мағжан шығармаларының үлгі-өнегесі, мәнерлі тілінің көркемдік дәрежесін  талдай отырып, қазақ поэзиясына   ғана емес, бүкіл түркі халықтарына тигізген ықпалын, Мағжанның поэтикалық стилін, жаңашылдығын көрсету болып саналды. Ел тәуелсіздігінің туы желбіреген уақытта Мағжанның көркем мұрасына қызығушылық көбейе түскенімен шығармасының тілдік ерекшеліктерін лингвистикалық тұрғыдан зерттеген еңбектер жоқ болатын.  Осыны алғашқы болып Дина жазғанын да айта кету керек

Осы ғылыми зерттеу ары қарай  М.Жұмабаев шығармашылығын тал­дау негізінде жазылған  «Поэтика  лингвистикасы»  («Қазақ университеті», 2003), «Мағжанның ойлау стилі» («Қазақ университеті», 2014) ғылыми  оқулықтарында  жалғасын тапты.

Докторлық диссертациясы өзі сабақ беріп жүрген стилистика саласына арналған. Стилистика – күрделі де қызықты тіл ғылымының аса мәнді са­ла­сы, бүкіл ізгіліктендіру ғылымының басын біріктіріп адамның ойлау стилімен, логикасымен, жаратылыс жадымен бірге біте қайнасып жататын бағыт. Стилистика саласын зерттеуші ғалымдар «тіл ғылымының-биік шыңы» (В.В Вино­градов) деп бағалаған. Әлкебаева  Дина стилистиканы философияның бір бағыты болып саналатын прагматикамен байланыстырып «Қазақ тілінің праг­мастилистикасы» атты докторлық диссертация қорғады.

  Әлкебаева  Динаның қазақ тіл білімі саласындағы үлкен бір жетістігі «Қазақ тілінің функционалды  грамматикасы» атты оқулығы. Адамзат баласы барлық заттар мен құбылыстарды салыстыру арқылы қоршаған ортаны танып біле алады. Белгілі заттар мен құбылыстар арқылы түсінік танымға, ал  таным ол туралы толық түсінікке алып келеді. Оқулықта функционалды грамматиканың ғылыми-теориялық базасы мен терминологиялық аппараты, негізгі өзегі болып табылатын функционалды-семантикалық өріс тео­риясы туралы ғылыми концепциялар, ұғымдары мен категориялары, жалпы зерттеу нысаны, мәні, анықтамасы, ғылыми көзқарастар, білім алушының функционалды грамматиканың теориясы бойынша білуге міндетті теориялық мәселелері туралы жалпы ғылыми ақпарат пен білім-ілім концепциялары жүйеленген. Адамзат баласы барлық заттар мен құбылыстарды салыстыру арқылы қоршаған ортаны танып біле отырып, өзінің дүниетанымдық ой өрісінің аса мәнді білгірлігін тілі арқылы жеткізген.

Профессор  Д.Ә.Әлкебаева өзі­нің  «Қазақ тілінің функционалды  грам­матикасы» оқулығында: «Адам баласы күнделікті тіршілігінде болмыстық қажеттілікті үнемі бақылауында ұстай­тындықтан, соған қатысты ұғымдық, танымдық атаулар мен түсініктер пайда болып жатады. Жалпы функционалды грамматиканың негізгі ұғымдарының бастауы осы онтология ғылымымен байланысты. Онтология – болмыс туралы ғылым. Жалпы болмыстың сипаты қандай, ол туралы түсінік пен критерийлердің қағидаларын тану, жалпы адамзаттың болмыс туралы ұғым-түсініктерін дамытып, ұтымды қолданыстардың ең үздік дамушы нәтижелерін анықтап берді. Тіпті адамзаттық абстрактілі ұғым-түсініктердің барлығы атап айтқанда, адам қиялы, сана ағындарындағы құбылыстардың барлығы, ертегі, рухани құндылықтар, уақыт, мұң сияқты таным-түсініктердің барлығы да болмысқа жатады. Онтологиялық категориялар – мүмкіндік пен шындық. Мүмкіндік дегеніміз – әлеуетті болмыс, шындық – көкейкесті деп бөлінгенмен, болмыс көкейкесті әлеуетті формамен тіршілік етеді. Бірақ болмыстың осы аталған екі қыры да «шындық» түсінігін қамтиды. Ал, шындық физикалық, психологиялық, мәдени, әлеуметтік болмыс ретінде танылады. Болмысты тану заттарды ойлау арқылы танылады. Біріншіден, барлық логикалық тұрғыдан мүмкін емес, екіншіден, белгілі ұғымдар әр уақытта қайшылыққа ұрынып отырады.Болмыс бүкіл шындық дүниені қамтитын, шегіне жеткен жалпы ұғымның мәнін ашатын философиялық категория болып саналады. Философияда Аристотель мәнділікті болмыс деп қарастырған, ал функционалды грамматиканың да қарастыратыны – болмыстың ақиқат шындығын табу» деп жазды. Қазақ халқының дүниетанымдық мәдениетінің жоғары деңгейін осы функционалды грамматика оқулығында осы саланың ұғымдары мен категориялары арқылы ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Білімпаз ғалым Дина Әлкебаеваның бұл оқулығын қазақ тіл ғылымына ғана емес, жалпы тіл ғылымына қосылған зор үлесі, ғылыми жаңалығы деп бағалауға болады.

Дина  Әлкебаеваның  нағыз ғалымдық,  мәртебелі ұстаздық  қызметінен  басқа да ұлттың рухани мәдениетіне  қосқан еңбектері  көптеп  кездеседі. Дина  Әлкебаеваның  сонау республикалық, қоғамдық, әлеуметтік-танымдық басы­лымдарда мол тәжірибе жинақтаған, қалам  тербеп  келе жатқан  саласының бір тармағы  баспасөз беттеріндегі мақалалары.  Қазақтың атақты лингвист ғалымдары Ә. Хайдар, Р. Сыздық, Р. Әмір, М. Серғалиев, Х. Кәрімов, С. Мырзабеков, А. Айғабылов, әдебиетші ғалымдары Р.Нұрғалиев, Ж.Дәдебаев, Қ. Мәдібай тағы басқаларының  филологиялық еңбектерінің ғылыми  мәнін аша талдады.

Дина Ақбергенқызы шебер дәріс жүргізуші – кез келген дәрістің ғылыми концепцияларын ғана емес, ұтымды  және эмоционалды элементтердің пропорционалды үйлесімділігін  сақтап, білім алушының жан-дүниесіне ықпал ете отырып, білімге қызығушылығын тудыруы басты лекторлық шеберлігі деп бағалауға тұрады. Оның лекциясын студенттер мен білім алушылар қызыға тыңдайды десек артық айтқандық емес. Алайда, ғалымның жастайынан бойына біткен қарапайым болмысы үздіксіз ғылыми ізденіс жолындағы жігерін жанып, жанкештілікке жетелейтіндей. Оны өзі де аңғармай қалады.

Профессор Дина Ақбергенқызының «Қазақ тілі  стилистикасының праг­матикасы» («Принт» баспасы, 2005) атты монографиясы, ҚР БжҒМ  мемлекеттік  грифімен жарық көрген «Қазақ тілі­нің прагмастилистикасы» («Қазақ уни­верситеті», 2014),  «Қазақ тілінің функ­ционалды грамматикасы» («Қазақ уни­верситеті, 2019) атты оқулықтары мен «Мағжан  поэзиясының  тілі» («Қазақ университеті», 1997), «Поэтика  лингвистикасы» (Қазақ университеті, 2003), «Қазақ тілі  стилистикасының прагматикасы» («Принт», 2005), «Қазақ тілінің прагмастилистикасы» («Қазақ университеті», 2007), «Сөз мәдениеті» («Қазақ университеті», 2014) атты оқу құралдарын, «Қазақ тілінің функционалды грамматикасының өзекті мәселелері» («Қазақ университеті», 2013) атты  ғылыми жинағын, «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» оқу құралына  («Қазақ университеті, 2013)  негізделіп жазылған «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» пәніне арналған типтік оқу бағдарламасын («Қазақ университеті», 2013) және осы аталмыш пән бойынша жазылған «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» атты оқу-әдістемелік нұсқаулығын («Қазақ университеті», 2013), «Мағжанның  ойлау стилі» («Қазақ университеті», 2014) еңбегі мен республикалық ғылыми, көпшілік басылымдарда жарық көрген 300-ден аса мақалаларын айтсақ та,  ел тәуелсіздігіне қосқан ғалымның еселі еңбегіне сәуле түсірген болар едік. Дина Ақбергенқызы Әлкебаеваның аталған оқу құралдары мен оқулықтарын Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарында негізгі оқу әдебиеттері ретінде білім алушылар кеңінен пайдаланады.

Ғалым жоғарыда аталған сүбелі еңбек­терінің қай-қайсысында да, тілдің жанды көрінісі – оның функционалдығында екенін аңғартады, оқу құралдарында поэтика тілін зерттеудегі жаңа ғылыми  көзқарастар мен сан түрлі бағыттар тәсілдерінің эстетикалық когнитивті-ассоциацияның бағдарын жетік меңгере отырып, талдау жасайды. Мәселен, М.Жұмабаев шығармашылығын тал­дау негізінде жазылған  «Поэтика  лингвистикасы»  («Қазақ университеті», 2003) атты еңбегінде поэтика тілін зерттеу сөз образының категориясы ретінде алынып, осы салаға қатысты ғылымның жаңалықтары, тілдік-ғылыми айналымға еніп жатқан стилистикамен егіздес поэтика ғылымының ғылыми-теориялық жаңалықтарын пайдаланады. «Қазақ тілі  стилистикасының прагматикасы» («Принт» баспасы, 2005) атты моно­гра­фиясы стилистика ғылымының ғылыми-теориялық базасын жасауы болып саналады. Қазақ тілі стилистикасының басты концепциясы – тіл мен адамдық фактор арасындағы жұмсалым «әрекеті» болатын. Бұл тіл ғылымының көптеген шектес ғылымдарының байланысын атап айтқанда, когнитивті лингвистика, психолингвистика, прагматика, адамтану, риторика, гносеология, т.б. байланысына тікелей қадам жасалынған, яғни, «тіл өз алдына бөлек сала» деп танылған қатаң, қасаң қағидадан арылтатын жаңа ізденіске толы ғылыми концепцияның негізі болып саналады.  Бұл тілдегі антропацентристік бағыттың өзектілігін айқындайтын тың тұжырым деп  батыл айтуға болады. Д.Әлкебаева қазақ сөз мәдениеті деген ғылым саласын терең дамытып, сөзтану (речеведение) деген ғылым саласы бойынша   көптеген жаңа ғылыми көзқарастарды батыл ғылыми айналымға енгізіп жүр. Қазақ тілінің сөз мәдениетін ұлттық, әлеуметтік, рухани мәдениет деп танып, оның саяси-әлеуметтік мәніне   терең үңілу керектігіне байланысты  жаңаша  көзқарастар «Сөзтану», «Сөз  экологиясы», «Рухани экология» сияқты  ғылым салаларымен тығыз баланыста қарастырып, осы салалар бойынша іргелі және элективті пәндер дайындап, оларды магистратура, докторантура бөлімдерінде оқытуда. Сөзтану  ғылымы, сөз жанрлары, сөздің коммуникативті-прагматикалық актісіндегі стилистикасының ерекшеліктер әлеуеттілігін көрсету маңыздылығы стилистика және сөз мәдениеті ғылым­дарының өзекті мәселесі сипатында қарастырылды. Ал, «Қазақ тілінің функционалды грамматикасы» («Қазақ университеті, 2019) саласы бойынша оқу-әдістемелік жинақ, типтік бағдарлама, ғылыми жинақ, оқу құралы, оқулық жазып, осы  пәнді  іргелі пәндердің  дәрежесіне жеткізіп,  ҚР-ның  ЖОО-нда оқу процесіне ендірді.

Бүгінде профессор Д.А.Әлкебаева халықаралық және  республикалық конференциялар  мен симпозиумдарға, сондай-ақ ғылыми жобаларға қатысып  отырады. ҚР-ның ЖОО-дағы   бакалавриат  пен  магистранттарға  және докторанттарға  арналған «Қазақ тілі  мен  әдебиеті», «Филология»  мамандықтары  бойынша МЖМБС-ның  авторларының бірі.  Ғалым 1 ғылым кандидатын дайындады, бірнеше  PhD докторант дайындауда. Ғылым мен білім беру саласындағы қоғамдық қызметтерге де белсене араласып келеді: Д.А.Әлкебаева 15 жыл бойы ҚР Білім  және Ғылым министрлігінің Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) кезінде қазақ тілі пәні бойынша өткізілетін аппеляцияның мүшесі болып келді. Сондай-ақ, 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәре­жесін беру жөніндегі Д 14А. 01.23 диссертациялық кеңес мүшесі болып табылады. Көптеген жылдар бойы ҚазҰУ-дың  «Хабаршысы» (филология сериясы) журналының редколлегия  мүшесі қызметін атқарды. Ал, 2009 жылдан бері   филология (бұрынғы филология және әлем тілдері) факультетінің «Лингвистикалық болжау  орталығы» тіл үйірмесінің ғылыми жетекшісі міндетін белсенділікпен орындап келеді. Осы тіл  үйірмесі құрылған уақыттан бері  білім алушылардың 150-ден астам  мақаласын ғылыми-теориялық,  халықаралық кон­ференцияға  дайындады. Расында, «2013 жылдың жоғары оқу  орнының үздік оқытушысы» атанған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры Әлкебаева Дина Ақбергенқызының шетел  іс-сапарларының  нәтижелері атап айтарлық деуге болады. Мәсе­лен,  2013 жылы ҚХР  Орталық уни­верситетінде  ғылыми іс-тәжірибе алмасу  мақсатында қытай студенттеріне «Қазақ тілі прагмастилистикасынан» дәріс жүргізді. ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стра­тегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты  Қазақстан халқына Жолдауының  93-тармағын  жүзеге  асыру мақсатында  2013 жылы 11-15 сәуірде «Қазақ тілін танымал ету іс-шаралары» атты тақырып  бойынша  ҚХР Орталық Ұлттар университеті қазақ тіл-әдебиеті факультетіндегі оқытушы, шәкірттермен  «Латын әліпбиі» атты дөңгелек үстел өткізді. Сол кезде ҚХР Орталық универ­ситеті «Сөз мәдениеті» (авторы Дина Әлкебаева) оқу  құралын Қытайда  тұратын  қазақтарға  тарату  мақсатында баспаға  алып қалды. Қытай  ғалымдарының  латын әліпбиіне  көзқарасы  негізінде «Айқын» газетінде «Қытай  ғалымдарының латын әліпбиіне көзқарастары» атты мақаласы жарияланды.  Ғылым мен білімді ұштастыру мақсатында «1355 ГҚ2 ғылыми-зерттеу жұмыстарының» табыстары негізінде қазақ тілінің функционалды грамматикасы жобасы бойынша ғылыми-зерттеу жүргізді. Осы жобаның нәтижелері «Қазақ тілінің функционалды  грамматикасы» пәнін ҚР-ның ЖОО-на арналған оқу-әдістемелік бағдарламалар мен оқу құралдарын шығарып, білім алушыларды ғылыми оқулықтармен қамтамасыз етті. Осының нәтижесінде «Қазақ тілінің функционалды  грамматикасы» оқу құралы (2013), «Қазақ тілінің функционалды  грамматикасы» оқулық (2019) іргелі пән ҚР ЖОО-да оқытуға  арналған  соңғы  жаңа технологияға  сай  конструктивтік (сындарлы) тәсілмен  жазылып шықты. Туркияның Анкара  қаласында Ғази  университетінде акаде­миялық ұтқырлықты жүзеге асыру  және Скопус, Томсон Рейтер сияқты  халықаралық деңгейде мойындалған журналдарға мақала жариялаудың негізгі мәліметтерімен танысу мақсатында іс-сапарда болды. Милан бағдарламасы арқылы студенттер мен магистранттарды қазақ филологиясы кафедрасында оқуға шақыру, сондай-ақ, «Томсон Рейтерге мақала жариялау» атты  арнайы  құжат алынып келінді. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласындағы Ханкук университетінде дәріс оқып, ғылыми-педагогикалық әрі тәжірибелік  алмасу іс-шараларын жүзеге асырды. 2015 жылы ҚР Білім  және Ғылым министрлігінің тарапынан Халықаралық тәуелсіз са­рап­шылардың ҚР ЖОО арасындағы профессорлар арасындағы ғылыми еңбектерінің зерттеушілік ұстанымдары арасында  рейтинг жүргізген болатын. Сонда ҚР ЖОО 30 профессор рейтингісі бойынша Дина  Әлкебаева жоғары орынға ие болды. Сонымен қатар, Д.А. Әлкебаеваның  ғылыми еңбектері Scopus, Thomson Reuters басылымдарында, алыс және жақын шетелдерде, ҚР БжҒМ-нің ЖАК бекіткен  ғылыми журналдарында, республикалық баспасөзде, ғылыми жинақтарда еңбектері жарияланып тұрады.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болса деген еліміздің әрбір саналы азаматы қалай еңбек етсе, өзін әрқашан қарапайым еңбек адамы санайтын ұстаз-ғалым Д.А.Әлкебаева өзі қабыр­ғасынан түлеп ұшқан білім ордасы  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің заманауи талаптарға сай ғылымды дамыту мен білім беру ісіне өз үлесін қосып, озық дәстүрлерді жаңашылдықпен үйлестіріп, шығармашылықпен еңбектеніп келе жатқанына көз жеткізуге болады. Иә, ізденімпаз ғалымның еңбегі елеусіз де емес. Ғалым сол  еселі еңбегінің арқасында әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық университетінің  тағайындауымен «2012  жылы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы», Қазақстан Республикасы БжҒМ-нің тағайындауымен «2012 жылдың  жоғары  оқу  орнының  үздік  оқытушысы» мем­лекеттік марапаттарын иеленді және 2014 жылы ҚазҰУ-дың  80 жылдығына  орай «Алтын белгі» медалымен марапатталды. Профессор Дина Ақбергенқызы сонау 1993 жылдан бүгінгі күнге дейін қазақ тілі кафедрасында қызмет атқарып келеді.

Түйіп айтқанда, қашан да тәуелсіздік таңымен таласа тұрып, ғылым жолын­да «инемен құдық қазғандай» табан­дылықпен, тозбас төзіммен, мұқалмас жігермен еңбектене жүріп, еліміздің ертеңі боларлық кешегі өзіндей арман­шыл жастарды кәсіби біліктілікке, ұлтжандылық пен адамдық асыл қа­сиет­терге баулып, білімі мен білігін дарытуда өзінің күні кешегі асылтекті ұстаздарындай жанкештілікке барабар қасиетімен шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне лайықты «жылы жүректі, ыстық қайратты» абзал жанның бірі филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Дина Ақбергенқызы  Әлкебаева деуге болады. Ғұмырының сәулелі күндерін мехнаты мол, жемісі де бірде ащы, бірде тәтті ғылым жолына, адам тәрбиесіне арнаған Дина Ақбергенқызының ғылыми шығармашылық еңбегі де еңбектей жүріп, өз жеңісі мен жемісін еншілеген ел тәуелсіздігімен етене өсіп, өрістей беретіні күмәнсыз. Білімпаз ғалым, шебер ұстаз Дина Ақбергенқызына қарапайым да әсем кісілік жаратылысыңызбен ұлттық тіліміздің мәртебесін асқақтатар тіл білімін терең дамытып, шәкірт жүрегіне жол таба беріңіз, еселі еңбегіңізбен тәуелсіздік тұғырын биіктете беріңіз демекпін!

1257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз