• Ел мұраты
  • 30 Маусым, 2021

МҰЗБАЛАҚ АҚЫН

Жәлел ШАЛҚАР, 
журналист

Мұқағали Мақатаевтың жырларында бір тылсым құдірет бар. Ол барын жайып тастайды, ештеңе бүкпейді. Ақтарыла, егіле сырласады оқырманымен. Қиын ұйқас, тың теңеу де іздеп жатпайды. Мұны өзі де бір шығармасында «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп ашық айтқан. Оған үнемі мазасыз күй кештірген жұмбақ халді әркім әр түрлі топшылайды… Сонау Қарақалпақстанда 7 сыныпта оқып жүргенде, ҚарМУ-дың филология факультетін аяқтап, Қуаныш Серікбаев есімді ақын ағамыз бізге әдебиет пәнінен мұғалім болып келді. Оның Қарақалпақ елінде шығатын «Өркен» журналында жарияланған Мұқаңа арнаған өлеңімен танысып, өзгеше бір сезімде болып, мұзбалақ ақынды тереңірек оқи бастадық.

 

Қуаныш ағай келген сәттен әдебиетке деген қызығушылығымыз арта түсті. Өзі өлеңді нақышына келтіре оқиды, әрі ақын. Мұқағали мен Төлегеннің өлеңдерін жанындай жақсы көреді. Бізге олар жайлы қызықты әңгімелер айтады. Екі алыптың достығын біліп, тіпті, ынтыға түстік. Мұқаңның Нөкіске, біз туған топыраққа табаны тигенін елестетеміз. Осылайша, Мұқаңды жата-жастана оқығанда, бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген сияқты елестейтін-ді. Бұл оның жүйрік қиялы мен кемел ойының озықтығын аңғартса керек.

– Кеудемізді арман кеулегенде, сезімдерімізді өрмектің құрындай шайқаған Мұқағали жырлары уақыттың шарпуына қарылған сайын жарқылдай түсіпті. Ақынның жауқазын поэзиясы жазда қырда құлпырып, қыстың қара суығында жылы күндерді сағынып, біздің жүрегімізде гүлдей беріпті. Асылық айтты деп сөге көрмеңіз, адамдық сезім аман тұрғанда, оны өлтіруге Құдайдың да шамасы жетпейді екен, – деп әдебиеттанушы-ғалым Аманкелді Кеңшілік қалай дөп айтқан?..

Оның осынша әсерлі, мұңды өлеңдерін оқып, «өмірде көп теперіш көрген, кітаптары өмірден өткен соң бір-ақ шыққан» деп ойлайтынбыз. Өзіміз ептеп өлең жаза бастағанда ақындық тағдырдың мүлдем басқаша екенін түсінгендей едік.

Мұқаңның көзі тірісінде кітаптары мемлекеттік тапсырыспен жыл сайын шығып тұрған. Қаламақы да алған, үйі де болған. Мәскеуде жоғары әдебиет институтында оқыған. Мүйізі қарағайдай әдебиет майталмандары ол туралы мақалалар жазып, жырларына жоғары баға берген. Кейін «ақынды сары уайымға салған не?» деп іздене бастадық. Сөйтсек, Мұқаң қара бастың қамын әу бастан-ақ тәрк ете білген тұлға екен. Ақындық миссияны арқалап жүру үшін, талантты болу аз. Ол үшін бүкіл өміріңді өлеңге арнап, күнде өлең жазу қажет екен. Мұны үнемі ізденісте жүру деп ұққан жөн. Өз «МЕНІҢ» мен халқыңның, шамаң келсе, адамзаттың «МЕНІ» астасып жатуы тиіс екен.

Мұқағали ақын шындығында
күн­­де өлең жазған ақын. Оны біз:
«Ал­ауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қар­ауытқан таулардан сені іздедім» деп келетін   өлең  жолдарынан  аңғарамыз.

«Хан-Тәңірінің Мұзбалағы» атану үшін де асқар-асқар таулардың адам аяғы тимеген биік-биік шыңдарына шарықтап ұшу керек шығар. Мұқаң мұның үдесінен шыға білді. Ол күйбең тірлікті тәрк етіп, алысқа аттанып кетті. Қара басының қамынан адамдық мұратты биік қоя білді. Оны өзі бір өлеңінде:

«Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,

Күнделікті тірлікке бой суытпа» деп кесіп айтты. Поэзия дейтін түпсіз мұхитқа бас қойған әр талапкер осы талапты өзіне қоя алса, құба-құп.

Байқасақ, Мұқағали өмірдің шын­дығын жырлаумен қатар, кейінгіге жол нұсқайды, өз тәжірибесімен бөліседі. Бұл оның кейінгі жас ақындардың болашағына алаңдағаны және олардан үміт күткені. Әйтпесе, «Туады, туады әлі, нағыз ақын» деп жырламас еді.

Мұқағали жырларының қазақ өл­еңін­де құбылыс болуы да осы адам жанының құпияларын ақтаруынан. Ұлт абызы Әбіш Кекілбаев: «Таза лирикалық жырларға толы жинақтар Мұқағали мен Төлегендерден бастап шыға бастады. Оған дейінгі қопарыла жырланған соғыс тақырыбы осы кезеңде лирикалық бағытқа ауысқан еді» деген пікір айтқан екен бір сұхбатында. Бұл – оның қазақ өлеңін жаңа арнаға бұрғанына дәлел.

Пендеуи көзбен қарасақ, онда қара­пайым пендеге қажеттің бәрі бар еді. Ал, үнемі мұңдана, күңірене жырлауын ақын ретінде өз жанын ұқпаған адамдарды аяғаны, өмірдің адамға берілген аманат екендігін сезіне алмайтын жандарға назы деп қабылдадық.

«Өмір дейтін – тағатсыз бір қозғалыс,

Өмір дейтін – өлемін деп қарамау» деп үнемі арман-мақсатқа ұмтылуға, өмірдің әр сәтін бағалауға жетелеп, оның өткінші екенін еске салуды да ұмытпайды. Келесі бір өлеңінде: «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деп, ойды құбылта түседі. Мұның өз себебі де бар. Ұстазымыз Жандос Смағұловтың Мұқағали шығармашылығын зерттеген алғашқылардың бірі екенін білдік. Жандос Қожахметұлы бір мақаласында осы өлең жолын нысанаға алады. Оның айтуынша, ақынның жаратылыстану хақындағы білімі өте терең болған. Өйткені, ғалымдардың айтуынша, біздің жер бетіндегі уақыт ғарыштағы уақытпен есептегенде өте жылдам. «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деген бабалар даналығының бір себебі осы болса керек. Ал, Мұқаң мұны баяғыда білген. Сондықтан да, үнемі ізденісте. Өлеңдерінен қазақы қоңыр мұң есіп тұратыны да осыдан.

Мұндай ұлы да ауыр жауапкершілікті, батпан жүкті Мұқаң қолына қалам ұстаған сәттен ұқты. Бұл оның жырларында тұнып тұр. Ол әр өлеңін таусыла жазды, көкейіндегісін айтып кетуге асықты. Атақ-мансапқа пысқырмады. Шынайы поэзияның жанында оның түкке тұрмайтынын білді. Әдебиетке үлкен дайындықпен келуі де осыларды ерте түйсінгендіктен, сірә.

Міне, ақынды шексіз мұңға салған оның айналасындағы қамсыз, уайымсыз адамдар еді. Бес күнде жаға жыртысып жатқандарды көргенде, тіпті ашына түседі. Опасыздық жасағандарға аянышпен қарайды.

«Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға!» деп бейқамдықты сынға алады.

Әркімге әр түрлі тағдыр бұйырады десек, Мұқағали өзіне бұйырған ақындық тағдырға адал болды. Бастысы – осы. Бүгінде кейбір өрелі өлеңдерді елдің Мұқағалиға теліп қоятыны да, оның ақындық қуатын көрсетеді.

Мұзарт шолған Мұзбалақ ақын қазақ поэзиясының тарихына есімін алтын әріппен жазды. Өлеңге адалдық туралы айтылса, оның есімінің аталары ақиқат.

 

1579 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз