• Ел мұраты
  • 30 Шілде, 2021

ДОСТЫҚ ПЕН СЕРІКТЕСТІКТІҢ ҮШ ОНЖЫЛДЫҒЫ

Қазақстанның 1991 жылы тәуелсіздік алуы және егеменді жас мемлекеттің сыртқы саяси бағытын анықтау қажет­тілігі Қытаймен тату көршілік қатынастар орнатудың өзектілігі мен ерекше маңыздылығын айқындады. Бұл бір жағынан ҚХР экономикалық қуатты арттырып, әлемдік державалардың қатарына енген кезең болатын. Қытай Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. ҚР мен ҚХР арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 3 қаңтарында орнатылды.  2022 жылғы 3 қаңтарда біздің Қытаймен қарым-қатынасымыздың қалыптасуы мен дамуына 30 жыл толады. Осы тарихи қысқа мерзім ішінде көршілес жатқан екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде достықты нығайту және өзара тиімді стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді, Қазақстан-Қытай қатынастары серпінді дамуда. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар аясындағы ҚР мен ҚХР тығыз ынты­мақтастығын ерекше атап өткен жөн. Әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шеңберіндегі өзара қолдаудың жоғары деңгейіне қол жетті.

1993 жылдың қазанында Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға алғашқы ресми достық сапармен барып, тараптар Қытай-Қазақстан достық қатынастарының негізі туралы бірлескен мәлімдеме жариялады. 1994 жылдың сәуірінде сол кездегі ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Пэн Қазақстанға сапармен келді. Бұл ҚХР ресми басшылығының Қазақстанға алғашқы сапары болды. Екі мемлекеттің көшбасшылары екі ел арасындағы шекараны делимитациялау мәселесін реттеп, Қытай-Қазақ мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды.

Ал 1995 жылы 5 ақпанда ҚХР үкіметі ядролық держава ретінде Қазақстанға өзінің қауіпсіздік кепілдігін берді. Сол жылдың қыркүйегінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Қытайға екінші рет ресми сапармен барып, тараптар екі ел арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту және тереңдету туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Өз кезегінде 1996 жылдың шілдесінде ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминь Қазақстанға сапармен келді. Екі мемлекет басшылары ҚХР мен Қазақстан Республикасының бірлескен мәлімдемесіне және ынты­мақтастық туралы 4 құжатқа қол қойды.

1999 жылы Кеңес Одағы кезеңінен қалған шекара мәселесі толығымен шешілді, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында тиісті келісім жасады. 1999 жылдың қарашасында Қытай мен Қазақстан «ХХІ ғасырдағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы ҚХР мен Қазақстан Республикасы арасындағы бірлескен декларацияға» және «ҚХР мен Қазақстан Республикасы арасындағы шекара мәселелерін толық реттеу туралы Бірлескен коммюнике» қабылдайды. Қазіргі уақытта екі мемлекет арасында мемлекеттік шекараны дели­митациялау және демаркациялау жұмыс­тары толық аяқталды.

Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев «Тәуел­сіздік дәуірі» атты еңбегінде былай дейді: «Қазақстанның ең басты сыртқы саяси міндеттерінің бірі – шығыстағы көршіміз ҚХР-мен бейбіт қарым-қатынас орнату еді. Тараптар барлық даулы мәселелерді ешқандай күш қолданбай және қандай да бір формадағы қатерлі әрекеттерге, бір-бірінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қимылдарға бармай, бейбіт тәсілдермен шешетінін көрсетті. Келіссөз барысында маған ҚХР төрағасы Цзян Цзэминьмен жеке достық қатынас орнатудың сәті түсті, ол «Қытай Қазақстанға ешқандай аумақтық наразылығы жоқ, шекаралық мәселелер бізге тарихи мұра екендігі және оларды келіссөздер арқылы шешуге болады» деген тұжырыммен аяқталды» деп еске алады [1].

2002 жылғы 23 желтоқсанда Бейжіңде тараптар «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа» қол қойды. Содан бері тараптар халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына, егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара құрметтеу, өзара агрессияға жол бермеу, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, теңдік пен өзара тиімділік, бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарына сәйкес тату көршілік, достық және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын белсенді түрде дамытып, нығайту үстінде.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың шақыруы бойынша ҚХР экс-төрағасы Ху Цзиньтао 2005 жылғы 3-4 шілдеде және 2007 жылы 17-18 тамызда Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарлармен келді. Екі мемлекет басшылары ашық және достық атмосферада екіжақты қарым-қатынастар мәселелері, сондай-ақ өзара мүдделілік білдірілген халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша терең пікір алмасып, ортақ түсіністікке қол жеткізді.  Тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық жағдайдың елеулі өзгерістерін назарға ала отырып, мемлекеттер стратегиялық әріптестік қатынастарын орнатуға және дамытуға шешім қабылдады. Стратегиялық әріптестік қатынастары халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына, 2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт рухында негізделеді. Олардың негізгі мазмұны: саяси сенімді нығайту, өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты тереңдету; экономикалық ынтымақтастықты ынта­ландыру, бірлескен даму мен өркендеуге ұмтылу; гуманитарлық саладағы ынты­мақтастық пен адамдар арасындағы байланыстарды кеңейту, екі ел халықтары арасындағы дәстүрлі достықты нығайту болып табылады. Одан кейінгі кезеңде Елбасы Н.Назарбаевтың шақыруы бойынша ҚХР экс-төрағасы Ху Цзиньтао 2011 жылғы 12-14 маусым аралығында Қазақстан Республикасына тағы да мемлекеттік сапармен келді. Мемлекет басшыларының кездесуі нәтижесінде жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамыту туралы бірлескен декларация жарияланды. Бұл құжат екіжақты қатынастардың стратегиялық маңызды аспектілерін кешенді түрде қамтыды: «Қытай-Қазақстан» газ құбырының екінші кезегін салу, Қытай-Қазақстан мұнай құбырының екінші кезегінің екінші кезеңі, «Қытай-Орталық Азия» газ құбырының үшінші желісінің қазақстандық учаскесі, Қытай - Қазақстан мұнай құбырының және «Қытай-Орталық Азия» газ құбырының қазақстандық учаскесінің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мен тұрақты пайдаланылуы, «Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізін іске асыру және Қытай аумағындағы «Цзинхэ-Инин-Қорғас» теміржол учаскесін Қазақстан аумағындағы «Жетіген-Қорғас» теміржол учаскесімен қосу, шекара маңындағы сауданы дамыту, «Қорғас» шекара маңы халықаралық Қытай-Қа­зақ­стан орталығының негізгі өңірлік сауда-экономикалық хаб ретіндегі рөлін қалыптастыру және арттыру, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және транс­шекаралық өзендерді пайдалану жөніндегі ынтымақтастық, екі мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастық, «үш зұлымдыққа» (халықаралық терроризм, сепаратизм, экстремизм) және ШЫҰ, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар мен көпжақты форматтар шеңберінде екі жақты форматтағы трансшекаралық ұйымдастырушылық қылмысқа қарсы күрестегі тығыз ынтымақтастық сияқты екі ел үшін де аса маңызды мәселелер қамтылды.

Бұдан әрі, Қазақстан Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың шақыруы бойынша ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылғы 6-8 қыркүйек және 2017 жылғы 7-9 маусым аралығында Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарлармен келді. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қа­зақстанға алғашқы мемлекеттік сапары қарсаңында ҚХР басшысы «Казахстанская правда» газетіне сұхбат берді. Өз кезегінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев қытайлық БАҚ – Синьхуа ақ­парат агенттігіне, «Жэньминь жибао»  газетіне және Қытайдың халықаралық радиосына сұхбат берді.

2013 жылғы қыркүйекте Си Цзиньпин Қазақстанға сапары кезінде алғаш рет «Жібек жолының экономикалық белдеуін» бірлесіп салу бастамасын ұсынды. 2013 жылғы 7 қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Назарбаев Университетінде» тарихи маңызы бар «Тамаша болашақ үшін халықтар достығын дамыту» деген баяндамасын жасады. Ол Қытай тарапының Орталық Азия елдеріне қатысты жүргізіп отырған тату көршілік достық қарым-қатынастарының саясатын егжей-тегжейлі баяндай отырып, дәстүрлі Қытай-Қазақстан достық қарым-қатынастары туралы салтанатты сөз сөйледі.  Си Цзиньпин күш-жігерді біріктіруді және өзара іс-қимылдың инновациялық әдістері негізінде кең ауқымды өңірлік ынтымақтастықтың біртіндеп қалыптасуына ықпал ете отырып, «Жібек жолының экономикалық дәлізін» құруды ұсынды. Жібек жолын жаңғыртып, оның бойындағы елдердің белсенді қа­ты­суымен жаңа экономикалық белдеу жасаудың арқасында еуразиялық елдер арасында экономикалық байланыстар неғұрлым тығыз болады деген идея жалпы қолдауға ие болды. Елбасы Н.Назарбаев осы сапарында Си Цзиньпинге «Назарбаев Университетінің құрметті профессоры» атағының берілуіне байланысты профессор мантиясын табыс етті.

2016 жылғы 31 тамызда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын ұштастыру және ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салу жөніндегі ынтымақтастық жоспары» мақұлданды.

Қытай тарапы ұсынған «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бес бағыттан тұрады: саяси үйлестіру, инфрақұрылымның өзара байланысы, үздіксіз сауда, капиталдың еркін қозғалысы және халықтар ара­сындағы жақындықты нығайту. Ал Қазақстан тарапы іске асырып жатқан «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы Қазақстанның көлік, өнер­кәсіп, энергетика сияқты салалардағы ішкі инфрақұрылымының құрылысын ілгерілетуге, орнықты экономикалық даму мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әлеуметтік сала мен институционалдық дамуға бағытталған және халықаралық қоғамдастықтың қатысуы үшін ашық. Яғни, «Нұрлы Жол» мен «Бір белдеу, бір жол» бір-бірін өзара толықтырып, көптеген ұқсас міндеттерге ие, осыған байланысты ҚР мен ҚХР ұштастыру жөніндегі ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.

Екінші мемлекеттік сапары барысында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Шанхай ынты­мақтастық ұйымы мемлекет бас­шылары кеңесінің 17-ші отырысына және Астанада EXPO-2017 көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты. 2017 жылғы 8 маусымда Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев кеңейтілген құрамда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді. Келіссөздер бары­сында Мемлекет басшысы дипло­матиялық байланыстар орнаған сәттен бастап 25 жыл ішінде экономиканың түрлі секторларындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың нәтижелеріне тоқталып, Қытай Қазақстанның жетекші сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанның Қытаймен екіжақты қарым-қатынастарын дамытуға ықпал ететін 12 маңызды құжат қабылданды.

2019 жылы 11-12 қыркүйегінде Қазақстанның жаңа сайланған екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-на ресми сапар жасады. Бұл мемлекеттік сапардың тарихи маңызы зор болды, ол ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ең жоғары деңгейдегі Қазақ-Қытай қатынастарының дәстүрін жалғастырып, бұған дейін қол жеткізілген барлық уағдаластықтар мен нәтижелер негізінде Қазақстан-Қытай өзара қарым-қатынасының жаңа кезеңін ашуға арналды. Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің VI отырысының ашылуына қатысып, тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 млрд долларға жуық инвестиция салғанын хабарлады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қытайдың жетекші «Ақыл-ой орталығы» – Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының қабырғасында қытайлық академиялық зиялы қауым алдында екіжақты қарым-қатынастар туралы кеңейтілген баяндама жасады.

2021 жылдың 5 наурызында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысында жаңа экономикалық бағдарламаны жариялады. Бұл бағдарлама Қытайды қазіргі заманғы дамыған, халқы орта дәулетті мемлекет және нағыз әлемдік держава ретінде нығайтуға арналған. Елдегі кедейлікті жойып, коронавирусты еңсергені туралы ресми жариялағаннан кейін Қытайдың экономикалық өсуінің жаңа жолы бастады. Шынында, Қытай модернизациясы немесе ашықтық реформасы аясында 40 жыл бойы жүріп келе жатқан Қытай ерекшелігі бар социализм құрылысы әлемдік деңгейдегі үлкен жетістіктермен ерекшеленеді.

Қытай заң шығарушыларының жыл сайынғы саммитінде Си Цзиньпин ел­дің келесі 15 жылдағы даму моделін анықтайтын негізгі қағидаларды белгіледі. АҚШ-пен шиеленіскен бәсекелестік аясында Қытайдағы технологиялық индустрияны дамытуға басты назар аударылады. Пандемиядан кейінгі кезеңде Қытайдың дамуы «Бір белдеу-бір жол» бастамасымен – инфрақұрылым, инвестициялар және неғұрлым тығыз саяси байланыстар ар­қылы ықпалды нығайтуға қызмет ететін ҚХР-ның көп миллиардтық сыртқы саясат жобасының жалпы тұжырымдамасымен тікелей байланысты болатынын атап өткен жөн.

Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И 2021 жылғы 8 наурыздағы кеңейтілген баспасөз мәслихатында Бейжіңдегі конгрестің қосымша іс-шаралары аясында осыған ұқсас мазмұнда сөйледі, онда ол «Бір белдеу – бір жол» бастамасы тоқтамайтынын және пандемиядан туындаған шектеулер мен мүмкіндіктер жағдайында бірлескен жоба тұрақты дамуды жалғастыратынын айтты.

Соңғы уақытта «Бір белдеу – бір жол» бастамасы оған қатысушы кейбір елдердің өсіп келе жатқан қарыздарына қатысты алаңдаушылығына байланысты қиындықтарға тап болды, онда көптеген елдердің үкіметтері (Африкадан Орталық Азияға дейін) Қытайдан қарызды кешіріп, алып тастауды және оны қайта құрылымдауды сұрайды. Бейжің сонымен бірге өзінің беделін қалпына келтіруге тырысуда, өйткені Covid-19 коронавирусын «қытайлар жасаған», «ол Ухань қаласында орналасқан зертханадан таралды» деген дәлелсіз ақпаратпен бұзылды. Сонымен қатар, Қытайдың қаржы-экономикалық, ғылыми-техникалық дамуы мен сыртқы саясатына қарсы тұра бастаған батыс елдерінің өсіп келе жатқан қысымымен күресуде. Осыған байланысты Бейжің әлемдегі елдерге вакциналар мен медициналық жабдықтар беріп, климаттың өзгеру проблемасына назар аудара отырып, жаһандық көшбасшылық рөлін көрсетудің жаңа мүмкіндіктерін іздеуде. Мысалы, коронавирус басталғалы бері ҚХР әлемнің түрлі елдеріне медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді гуманитарлық көмек ретінде жеткізуде. Соның ішінде 2021 жылғы 9 наурызда Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігінің өтініші бойынша Қытай Қазақстанға жаңа Сovid-19 коронавирустық инфекциясына қарсы 3 миллион құты вакциналарды жеткізді.

Коронавирус пандемиясынан кейін Қытай экономикасын қалпына кел­тіру тұрғысынан өнеркәсіптік өндіріс көлемінің біртіндеп өсуі байқалып отыр, қызмет көрсету секторының индексі өсті, жұмыссыздықты азайту тұрғысынан еңбек нарығындағы жағдай жақсарды. Бұрын Қытай өзінің негізгі өндірістік орталықтарының бірі ретінде бағдарланған әлемдік экономиканың қазіргі депрессиялық жағдайы да оның экономикасының дамуына әсер етуі екіталай. Әрине, Батыс елдері мен Американың бай нарықтарына шығу бойынша салынған экономикалық санкциялар шараларынан Қытай белгілі бір қолайсыздықты сезінуде. Сол үшін ҚХР өзінің экономикалық басымдықтарын сыртқы нарықтардан ішкі нарықтарға әртараптандыруға мәжбүр. Қазіргі уақытта Қытай жаһандық өсудің маңызды қозғалтқышы болып қала отырып, кез-келген оқыс жағдайлардың алдын алу мен шешудің жолдарын ескереді. Қытай нарығы әлі де үлкен, инклюзивті және ашық, онда шетелдік кәсіпорындар болуына және дамуға жақсы серпін алуға барлық негіз бар. Эпидемияны тиімді тежейтін және экономиканы қайта бастайтын, экономикалық негіздерді қалпына келтіретін және нығайтатын алғашқы елдердің бірі ретінде Қытай жаһандық экономика үшін өте маңызды. Бұл «Бір белдеу – бір жол» бастамасына да қатысты.

Қазақстан экономикасы, әлемнің көптеген экономикалары сияқты, бүгін­де қиын кезеңдерді бастан кешуде. Мысалы, мұнай өндіруші ел ретінде біз энергия бағасының құбылмалылығына байланысты елеулі қиындықтарды сезі­неміз. Экономиканы әртараптандыру, оны әлемдік шикізат нарықтарының динамикасына байланыстыру, техно­логиялық дамудың жеткіліксіздігі, ұлттық көлік-логистика желісінің тұрақты жүктелмеу проблемалары бар. Шағын және орта бизнес секторы, қызмет көрсету индустриясы Үкіметтің карантиндік шара­ларының басты соққысын қабылдады. Мемлекетімізде үлкен әлеуметтік жүктеме және пандемия кезіндегі жұмыссыздықтың өсуі халықтың көпшілігінің әлеуметтік әл-ауқатына және пандемиямен күрес шараларының тиімділігіне қатты әсер етті. Индустриялық және агроөнеркәсіптік секторлардың ірі кәсіпорындары мемлекет тарапынан тұрақтандыру шараларын және әлемдік нарықтардағы ахуалды сауықтыруды қажет ете отырып, елеулі күйзелісті бастан кешуде.

Осыған байланысты Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы жағдайды тұрақтандыруға және оны жандандыруға әбден қабілетті. Мысалы, біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды сауда-экономикалық тұрақтандыру, сауданың өсуін қалпына келтіру өзекті болып отыр. Біз үшін, мысалы, азық-түлік өнімдерін тұтынудың ауқымды және тұрақты өсіп келе жатқан көрші Қытай нарығының болуы үлкен игілік болып табылады. Алайда, біздің бірлескен экономикалық қалпына келу жолындағы ең үлкен кедергіні мамандар ҚР өніміне деген сұраныстың жеткіліксіздігін болжайды. Қазақстан экономикасы негізінен табиғи ресурстарды (мұнай, газ, көмір, қара және түсті металдар) өндіруге және астықты сатуға сүйенеді, сондықтан, Қытай үшін оларды жеткізу тізбегінің бұзылуы өткір проблема болып табылады. Өкінішке қарай, Қазақстан экспортерлері Қытайға тауар кіргізуде коронавирус әсерінен туындаған түрлі шектеулер мен кедергілерге ұшырап отыр. Қытай ішкі сұранысты белсенді түрде кеңейту және әлемдік экономикадағы тұрақты нарықтық циклды қалпына келтіру үшін шешуші шаралар қабылдауда. Ал Қазақстан өз шикізатына әлемдік баға конъюнктурасына және оны жаһандық ауқымда тұтынудағы өзгерістерге нашар ықпал ете алады.

«Белдеу және жол» бастамасын қолдау шеңберінде Қытайда іскерлік ортаны оңтайландыру және операциялық рәсімдерді оңайлату үшін арнайы шаралар қабылдануда, оңтайлы логис­тикалық маршруттар әзірленуде, темір жол тасымалдарының тиімділігін арт­тыру мақсатында қызмет көрсетудің өзектендірілген жоспарлары ұсынылады. Теміржол жүк тасымалы саласындағы технологиялық инновациялар мен халық­аралық ынтымақтастықтың артуы маңызды. Бұл ретте Қытай-Еуропа теміржол маршруттарының коронавирустық індет­тің соққысын жұмсарту, Еуразия елдері арасындағы өндіріс пен жабдықтау тізбегіне қатысты пандемия салдарларын жою тұрғысынан маңызы зор екені анық. Теміржол маршруттары халықаралық жүк тасымалдарының жаңа көлік артериясы ретінде негізгі рөл атқарады. Теміржол тасымалы Еуропадағы коронавируспен күресте де маңызды, өйткені, пойыздар қазірдің өзінде медициналық керек-жарақтарды, құралдар мен жабдықтарды жеткізуді жалғастыруда.

2021 жылғы 27 сәуірде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяомен кездесу өткізді. Президент Қ. Тоқаев Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңде ұзақ мерзімді негізде ҚХР-мен жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға деген қағидатты көзқарасын баяндады. ҚР Президенті атап өткендей, «Қазақстан мен ҚХР-ның өзара тиімді ынтымақтастығы мен стратегиялық әріптестігі тұрақты сипатқа ие, қандай да бір конъюнктуралық саяси үрдістерге ұшырамайды. Қазақстан мен Қытай жақын көршілер, сенімді достар және стратегиялық әріптестер болып табылады. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес келеді. Біздің елдеріміз арасында сындарлы, сенімді диалог жолымен шешілмейтін мәселелер жоқ» [2]. Елші арқылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге жылы лебізін білдіре отырып, Қ.Тоқаев Қытай басшысын елімізге өзіне ыңғайлы уақытта мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Кездесу барысында Қ.Тоқаев Covid-19 пандемиясы басталғаннан бері Қазақстан мен Қытайдың өзара көмегін жоғары бағалады. Қазақстанға Қытай өндірісінің вакциналарын жеткізуден күтілетін нәтижелер ресейлік «Спутник V» препаратын және отандық QazVac вакцинасын пайдаланумен қатар, Қазақстан халқын Жалпыға бірдей вакцинациялау бойынша үкіметтің күш-жігерін толықтыратыны сөзсіз. Мемлекет басшысының пікірінше, алдағы 30 жылдық мерейтойлық екі күн – Қазақстанның  тәуелсіздігі мен біздің еліміз бен ҚХР арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату – өткен жолды ұғынуға, стратегиялық әріптестіктің жаңа көкжиектерін анықтауға жақсы мүмкіндік береді. Қ.Тоқаев екі ел де өз дамуында да, жан-жақты ын­ты­­мақтастықты нығайтуда да үлкен нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтіп, Қытай халқын абсолютті кедейлікті жою жөніндегі тарихи міндеттің шешілуімен, коронавирусты шешуші жеңісімен және экономикалық қалпына келтірудің әсерлі қарқынымен құттықтады.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Нұрлы жол» қазақстандық стратегиясын Қытайдың «Белдеу және жол»  бастамасымен ұштастыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігі туралы мәлімдеді. Ол Қазақ­станның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарынан және Қытайдың «Қос айналым» тұжырымдамасынан туындайтын өзара тиімді кооперация мүмкіндіктерін толыққанды пайдалануға шақырды. Қ.Тоқаев сондай-ақ әлемдік күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша Қазақстан мен Қытай ұстанымдарының сәйкес келетінін атап өтті. Ол АӨСШК қолдағаны үшін Қытай тарапына ризашылығын білдіріп, БҰҰ, ШЫҰ шеңберінде және «Орталық Азия + Қытай» форматында ҚХР-мен одан әрі өзара іс-қимыл жасауға дайындығын атап өтті.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтар мен жүктердің тұрақты авиациялық тасымалдарын қайта бастау мүмкін деп санайтынын мәлімдеді. Екіжақты сауда және инвестициялық байланыстарды орнықты және теңгерімді даму траекториясына шығару мақсатында Қ. Тоқаев Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобиль және теміржол өткізу пункт­терінің қалыпты жұмыс режимін қалпына келтіруге, пандемиядан кейінгі кезеңде олардың өткізу қабілетін арттыруға бағытталған ұсыныстар айтты.

2021 жылғы 4 мамырда Қазақстан премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяомен кездесу өткізді. Тараптар жоғары және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын, сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңде қатынастарды одан әрі жандандыру жөніндегі шараларды талқылады. Сондай-ақ, БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ «Орталық Азия-Қытай» форматындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Қытай Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялар бойынша негізгі орын алады. Сондай-ақ, өндірістік қуаттар ынтымақтастығы аясында 27,4 миллиард доллардан астам сомаға 55 Қытай-Қазақстан бірлескен жобасы табысты жүзеге асырылуда. Қытайдың тұтыну нарығы өте үлкен, тек Қытайдың жыл­дық азық-түлік нарығы шамамен 1,5 триллион АҚШ долларын құрайды, азық-түлікке деген сұраныс әрдайым тұрақты болады. Сондықтан, Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін өз өнімін Қытайға экспорттау негізгі басымдықтардың бірі болуға тиіс. Ал Қазақстан Қытайға ECO – standard сапасындағы салауатты азық-түлік өнімдерін белсенді түрде жеткізуі тиіс. Қазақстан үшін Қытайға шикізат пен арзан тауарлар жеткізуден ғылыми ауқымды, қосымша құн салығы бар, тенологиялық өнімдер мен тауарлар шығаруға көшетін кез келді. Қытай – қазіргі кезде әлемдегі  қымбат люкс тауарлар тұтыну нарығы екенін ескеруіміз қажет. Қытайда Қазақстанға қарағанда бай адамдар көп, сондықтан, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін пайдалы дайын өнімдер деңгейінде қайта өңдеу және оларды Қытайға сату туралы ойлануымыз керек.

Қазақстан да Қытай сияқты, Шығыс пен Батыс арасындағы көлік тасымалын жедел қалпына келтіруге және өсіруге мүдделі. Қытай коронавирусқа қарсы тұруға және өндірістік тізбектер мен экономиканы қалпына келтіруге көмектесу үшін Қытай-Еуропа бағыттары бойынша тұрақты және үздіксіз теміржол жүк тасымалын қамтамасыз ету үшін бірқатар ынталандыру шараларын жүзеге асыруда. 2020 жылы Қорғас арқылы 4000 контейнерлік пойыз өтті. Достық-Алашанькоу түйіскен темір жол шекаралық бекеті арқылы Қытай-Қазақстан-Еуропа дәлізін кесіп өткен жүк вагондары да жетерлік. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 45% артық. Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы да 2% артып, 18 миллиард доллардан асты.

Жақында, 2021 жылғы сәуірде ҚХР Бас консулдығы 2020 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда көлемі бойынша деректермен бөлісті, ол бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,6% төмендеп, 21,44 млрд долларды құрады. Бұл ретте Қытайдан Қазақстанға импорт көлемі 11,71 млрд долларды құрады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 8% азайды. Қазақстаннан ҚХР-ға экспорт өткен жылы 5% ұлғайып, 9,73 млрд доллар деңгейінде болды [3].

«Қазақстан темір жолы» компа­ния­сының ақпараты бойынша, 2020 жылдың 11 айында Қазақстан аумағы бойынша жиырма футтық баламада (ЖФЭ) 718,6 мың контейнер тасымалданды, 2019 жылмен салыстырғанда өсім 35% құрады, оның ішінде Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша-455,626 мың ЖФЭ (+167%). ҚР мен ҚХР теміржол әкімшіліктерінің өкілдері 2021 жылға 25,2 млн тонна жүк тасымалының көлемін бекітті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,6%жоғары, деп хабарлады «ҚТЖ – Жүк тасымалы»АҚ баспасөз қызметі. Қазіргі уақытта көрші мемлекеттер арасында осы жүктерді тасымалдау үшін үлкен бәсекелестік байқалады. Олардың кейбіреулері бағаны төмендетуге және демпингке барады. Дегенмен, біздің инфрақұрылымның тиімділігі мен ыңғайлылығының арқасында бүгінгі күні Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша теміржол контейнерлерінің 49% Қазақстан аумағы арқылы тасымалданады [4]. Әрбір транзиттік поездан Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне транзит үшін қаржы-қаражат түсетініне назар аудару қажет, олар кейіннен халықтың түрлі әлеуметтік мұқтаждықтарына төлем жасау үшін пайдаланылады. 

Алдағы 30 жылдық мерейтойлы екі дата – Қазақстанның Тәуелсіздігі және біздің еліміз бен ҚХР арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату – өткен жолды ұғынуға, стратегиялық әріптестіктің жаңа көкжиектерін анықтауға жақсы мүмкіндік береді. Осы қысқа тарихи кезеңде екі ел де өз дамуында да, жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуда да керемет нәтижелерге қол жеткізді.

 

Сейілбек Мұсатаев,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы

Күнболат Сұңғатұлы,

ҚХР Ганьсу саяси-заң университетінің «Жібек жолы» заң факультетінің доценті, Ганьсу саяси-заң университеті «Қазақстан зерттеу орталығының» директоры, PhD докторы

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Назарбаев Н. Тәуелсіздік дәуірі. –Астана, 2017. –Б. 92.

2. Касым-Жомарт Токаев принял Посла Китая в Казахстане ЧжанСяо // https://24.kz/ru/news/policy/item/470408-kasym-zhomart-tokaev-prinyal-posla-kitaya-v-kazakhstane-chzhan-syao

3. Бондал К. Товарооборот между РК и Китаем показал исторический рост. Данные за январь-февраль предоставили в Генконсульстве КНР в Алматы // https://kapital.kz/economic/94471/tovarooborot-mezhdu-rk-i-kitayem-pokazal-istoricheskiy-rost.html

4. Нурышев Ш. О наших отношениях с Китаем // https://kazpravda.kz/articles/view/o-nashih-otnosheniyah-s-kitaem

864 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз