• Ел мұраты
  • 30 Шілде, 2021

КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ: «ОРАЛМАН» ҰҒЫМЫНА  ТАЛДАУ

Ақнұр ОРАЛОВА,

тарих ғылымдарының магистрі

Көші-қон мәселесі ертеден бастап, кеңес дәуірінде де, қазіргі кезде де және шетелдік зерттеушілер назарынан тыс қалған емес. Қазақ еліндегі көші-қон қозғалысы мен отарлау саясатына ашық та батыл көзқарастарын білдіргендер қазақ ұлтының зиялылары болды. Атап айтар болсақ. Т. Шонанұлы, М. Шоқай, С.Асфендияров, Т. Рысқұлов, С. Сәдуақасов сияқты қазақ зиялылары қалам тартқан. Бұл зерттеулер ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырылған.

Көші-қон мәселесі кез-келген мемле­кеттің ішкі және сыртқы саясатындағы басты бағыттардың бірі саналады. Осы орайда тәуелсіздігін әлемдік саясат аренасында нақтылай түскен тәуелсіз еліміз үшін аталмыш мәселе өзекті [1,184-б.].

Тәуелсіздік кезеңдегі өзекті мәсе­лелердің бірі қандастарды отанға қайтару мәселесі болды. Көтерілген проблеманы шешу елдегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында өрбігені аян. 1999 жылғы халық санағы бойынша Қазақстанда 14 млн. адам өмір сүрсе, 1989 жылғы санақ нәтижесі 16 млн. адамды көрсеткен болатын [2, 6-б.]. Осы орайда мемлекет тарапынан репатриация мәселесі көтеріліп, Елбасы Н.Назарбаев өз еңбегінде қандастардың атамекеніне оралуын егеменді мемлекет тұрғысынан маңызды екенін атап көрсетті.

Қазақстан ТМД бойынша және жалпы түркітілдес халықтар ішіндегі тарихи отанына қандастарын жинау бойынша кең көлемді шараларды қолға алған жалғыз мемлекет. Осы сынды нақты шаралар әлемде Германия мен Израиль мемлекеттерінде жүзеге асырылып отыр. Елбасы Қазақстан халқына жолдауында ХХІ ғасырда демографиялық тұйықтық мәселесін қозғап, әлемдік демографиялық  саясат аясында көрші Ресейдің саяси тәжірибесін мысалға келтірді [3, 33-б.].

1992 жылғы Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Н.Назарбаев шетжерлік бауырларымызға құрылтайды өткізу мақсатын атап көр­сетіп, тәуелсіз жас Қазақстанның алдында тұрған келелі мәселелерді алға тартты. Президент әлемнің қырық шақты елдерін­де тарыдай шашылған 3,5 миллион қа­зақ­ты өз атамекеніне оралу, ұлттық топтасу қажеттілігін, қандастарымыздың тарихи отанына қайтуына барлық жағдай халықаралық дәрежеде жасалатындығын атап көрсетуі репатриация саясатында жаңа тарихи кезеңді бастады [4, 67-б.].

Тәуелсіз Қазақстандағы көші-қон не­месе репатриация саясаты мәселесінің жүзеге асырылу тарихы мен барысын, себептері мен қажеттілігін, нәтижелері мен бүгінгі жай-күйін ғылыми зерттеу нысанын айқындап, анықтау қажет.

Тәуелсіз Қазақстандағы көші-қон саясаты және оралмандар тағдыры мәсе­лесінің тарихи негіздерін саралап, зерттеу барысында қазіргі кезеңдегі әлем және отан тарихындағы, өзге тарихи-әлеуметтік ғылымдардағы жаңа методологиялық, теориялық тұжырымдар мен концепцияларды саралау тақырыпты жан-жақты ақтаруға мүмкіндік береді.

Тәуелсіз Қазақстандағы көші-қон саясаты және оралмандар тағдыры мәселесінің теориялық негіздерін қарастыруда осы мәселеге қатысты негізгі ұғымдар мен терминдердің ғылыми кешенін, олардың қалыптасу эволюциясы мен анықтамаларын анықтау маңызды. Негізгі ұғымдар мен терминдердің анықтамалары мен тізімі тарихи отанына оралған қандастарымызға байланысты репатриация үрдісін реттеу мақсатында жасалған нормативті-құқықтық база кешенінде көрініс табады.

Қазақстан үшін репатриация үрдісі әр қырлы және күрделі, тарихи тамыры тереңге кеткен тиянақты зерттеуді қажет етеді. Репатриация ұғымын этникалық миграция ретінде эмигранттардың өз этникалық отанына тұрақты өмір сүруі үшін оралуы деп түсіну қажет. Мигранттардың отанына қысқа мерзім­ге оралуына байланысты оларды ре­патрианттар қатарына қосуға болмайды. Репатриацияны екі көрсеткіш бойынша ажыратады, бірінші ұзақ мерзімге шет елде болуы, екінші, - репатрианттың атамекеніне оралуына әсер еткен себептер, аталмыш себептер экономикалық, әлеуметтік және психологиялық деңгейде болады [1, 185-б.].

Қоғамдағы тұрақтылық, ұлттық қауіп­сіздік және мемлекет аумағының тұтастығы, жалпы қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық климат көп жағдайда ойластырылған демографиялық саясатқа тәуелді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуын және оны әлемдік қоғамдастықтың мойындауының нәти­жесінде пайда болған жаңа миграциялық және саяси жағдай бүкіл елдегі және оның аймақтарындағы миграциялық үрдістердің  түрі мен бағытына едәуір маңызды өзгертулер енгізді.

Қазіргі кезде миграциялық про­цестердің өзектілігі мемлекеттік шека­ралардың ашық болуына, республиканың геосаяси орналасуына, сондай-ақ көші-қон жөніндегі заңдардың кемшіліктеріне, әрі көші-қон үдерістерін мемлекеттік реттеу тәжірибесінің жет­кіліксіздігіне байланысты туындап отыр [5, 20-б.].

Қазіргі кезеңнің миграциялық про­цестерін ғылыми тұрғыдан зерттеп тарихи терең талдау жүргізуді талап етеді. Өйткені, елімізде соңғы жылдары қалыптасқан жағдай, еліміздегі этникалық құрылым өткен кезеңдегі демографиялық процестердің салдары болып табылады. Сондықтан, демографиялық саясат Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының құрамдас бөлігі болып есептеледі.

Осыған байланысты зерттеу мәсе­лесінің негізгі ұғымдарының бірі – миг­рация. Миграция – халықтың дина­микасына әсер ететін фактордың бірі. Миграция – бұл халықтың көшіп-қонуы, бір елден келесі елге (сыртқы миграция) немесе бір елдің ішінде көшіп қонуы (ішкі миграция). Сондай-ақ миграцияның эмиграция және иммиграция деген түрлері бар. Иммиграция – бұл халықтың басқа елден тұрғылықты өмір сүру үшін немесе ұзақ уақыт мекендеуге көшіп кетуі. Қазіргі кезде миграция жағдайының сипаты алыс шет елдерден қоныс аударудың даму тенденциясымен анықталды [5, 21-б.].

Көші-қон ұғымына «Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігінде» төмендегідей анықтама беріледі. Көші-қон – адам­дардың тұрғылықты мекенінен әр түрлі себептермен басқа жерге қоныс аударуы, көшіп-қонуы. Көші-қон адамдардың белгілі бір аумақтың шекарасынан асып, тұрақты немесе уақытша тұрғылықты мекенге қоныс аударуы арқылы жүзеге асады. Халықтың әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, саяси, діни, әскери және басқа себептермен ұйымдасқан түрде (мемлекеттің және басқа қоғамдық құрылымдардың қаты­суымен) және ұйымдаспаған түрде (кө­шіп келушілердің өздерінің күшімен) көшіп-қонуы мүмкін. Қазіргі кезде көші-қонды туғызатын себептердің ішіндегі ең бастысы экономикалық себеп болып отыр. Көші-қон тұрғылықты халықтың да, көшіп кетушілердің де тұрмыс деңгейіне, халықтың демографиялық және әлеу­меттік құрылымына, қоныстануына, этнографиялық құрамының өзгеруіне елеулі ықпал етеді. Тұрақты тұрғылықты мекенінің түпкілікті ауысуына байланысты:

– Қайтып оралмайтын көші-қон;

– Тым ұзақ мерзімге қоныс аударумен байланысты уақытша көші-қон;

– Жылдың белгілі бір кезеңінде орын ауыстырумен байланысты маусымдық көші-қон;

– Басқа жердегі жұмыс, оқу орын­дарына ұдайы әрлі-бері жүріп-тұратын қатынамалы қөші-қон;

– Елден сырт жерге көшіп кету, елге көшіп келу түріндегі сыртқы көші-қон;

– Ел ішінде қоныс аударумен байланысты ішкі көші-қон түрлеріне бөлінеді [6].

Көші-қон саясатының тарихнамасында «оралман» атауының эволюциясы мен анықтамасын зерттеу басты орынды алады. Оралман ұғымының заңдағы анықтамасының екі-ұшты болуы олар­дың мәртебесін толық айқындауға қауқарсыздық танытты. Осыдан барып заң актілеріндегі оралман ұғымы мен баспасөздегі оралман ұғымының ара­сында айырмашылық, алшақтық пайда болды. Жалпы алғанда, «оралман» атауына байланысты қоғамда бірнеше пікірлер қалыптасты. Соның бірқатары, «оралман» атауын басқа терминмен ауыстыру қажеттілігін дәлелдеуге тыры­сады.

Қазақстан Республикасында «Көші-қон туралы» Заң, құқықтық норматив ережелері бекітілгенге дейін ресми құжаттарда да, баспасөз беттерінде де «оралман» деген ұғым, атау қалыптасқан жоқ. «Отандастар», «шетелдегі қан­дастар», «ағайындар» шетелдердегі қазақ диаспорасынан байырғы Отанына оралушылар сияқты тіркестер арқылы беріліп келді. Тіпті «репатрианттар» деген мағынасы жақын халықаралық термин де қолданылды. Бірақ бұл атау оралман сөзінің тура баламасы бола алмады, тек жақын синонимі ғана. 

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Мен бұдан бұрын да тарихи отанына келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болады деген едім. Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады»  – деген пікірін алға тартады. Атамекенге қайтару ісі ешқашан мемлекеттік тұрғыда назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз». Әрине, шетелден келген қандас­тарымызды жеке әлеуметтік топ ретінде қарап, түрлі шаралар белгілеу үшін оған қысқа да нұсқа атау беру қажеттілігі мемлекеттік іс қағаздар, құжаттар үшін де, нормативтік актілер үшін де, тіпті баспасөз үшін де қажеттіліктен туындағаны белгілі. Осы қажеттілік тұрғысында қалыптасқан «оралман» атауы 1992 жылғы «Халықтың көші-қон туралы» алғашқы Заң арқылы өмірге келді. Ресми түрде де, баспасөзде де, халық арасында да солай қалыптасты. Тіпті Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері де оралман сөзін ешбір аудармасыз түсініп, термин ретінде қабылдады.
Оралмандар жөніндегі басты құжат 1997 жылдың 13 желтоқсанындағы бекітілген «Халықтың көші-қон туралы» Заңында «оралман» сөзіне «репатриант» терминін қосарлап қолданып: «ре­патриант (оралман) жалпы саяси қуғын-сүргін, заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру, ізгілікке жат өзге де іс-әрекеттер салдарынан тарихи Отанынан тысқары жерге қуылған және азаматтығынан айырылған, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы адам, сондай-ақ оның ұрпақтары» деген анықтама берген болатын.

Бұл кезде жалпы қоғамда шетелдегі қазақ диаспорасы түгелдей жоғарыда аталған қуғын-сүргіндерге ұшырап, жат жұртқа кеткен қандастарымыздың ұрпағы деген түсінік болғаны да бүкпесіз шындық еді. Ол кезде келген оралмандар ата-бабаларының репрессияға ұшырағаны туралы анықтама қағаз тапсыратын болғаны – соның айғағы. Алайда, 2002 жылы «Халықтың көші-қоны» туралы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онда оралман атауы заңдағы «репатриант» терминімен қосарланбай дербес қолданылады, әрі жаңа түсінік, анықтама беріледі. Ол анықтама төмен­дегідей: «оралмандар» – Қазақстан Республикасы егемендігін алған кезде оның шегінен тыс жерлерде тұрақты тұрған және Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатында келген ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар. Бірақ оралман сөзінің анықтамасы заң, қағаз жүзінде өзгерсе де, халық санасында өзгермей қалып қалды.

Ғалым Г.Меңдiқұлова «Қазақ диас­порасының тарихи тағдыры. Пайда болуы мен дамуы» атты еңбегінде: «Осы жерде шетелдердегi қазақтардың бәрiн «диаспора» деп атүстi айта салудың өзi қай жағынан болсын (ғылыми, заң жүзiнде және т.б.) дұрыс болмайтынын ескерген жөн. Себебi, «диаспора» деген сөз ұлттың өз Отанынан басқа елге шашырап кеткен топтарын бiлдiредi. Өз атамекенiнде қалып қойған Ресей, Өзбекстан мен Қытайдағы қазақтарды «ирридент» деп атау жөн болар» деген пiкiр ұсынады [7]. 

Ал, бірқатар қоғам мүшелері «орал­ман» атауын нақты айтылған термин ретінде пікір білдіреді. Мәселен, «шы­нында, оралман атауын саяси-әлеуметтік мәні бар, құқықтық термин деп ұққа­нымыз жөн. Оралман сөзінің мазмұны жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қандастарымыздың өз Отанына оралғанда материалдық, моральдық қамқорлық көрсетілуге тиіс айрықша әлеуметтік топ өкілдері дегенді аңғартады» [8] – деген тұжырымдар да бар.

Оралман сөзін жұртшылық негізінен репатриант терминінің қазақша баламасы деп түсінеді. Аталмыш сөздің мағынасын бұлай ұғыну, бір жағынан дұрыс та болар, бірақ оралман атауының мазмұнында ұлтымыздың тарихына қатысты саяси мән себептермен бөтен елге кетуге мәжбүр болған, кейіннен өз Отанына қайта оралған эмигранттарды, сондай-ақ босқындарды» атайды. Ал қазақ тілінде оралман деп қазақ халқының тарихында «жаппай қуғын-сүргінге (репрессияға) ұшыраған этникалық тазалаудан (геноцидтен) қашып, саяси сауға сұрап, жат елге жаппай қоныс аударған қандастарымыздың, олардың үрім-бұтағының тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін өз Отанына қайта оралғандарын айтады және азаматтық алғанға дейін ғана оралман деп аталады. Азаматтық алғаннан кейін олар заң жүзінде оралман делінбейді.

Оралман атауы – қазақ ұлтының тарихындағы қайталамасы жоқ жайтты, тарихи-саяси уақиғамен байланысты мәнділікті арнайы тілдік таңбамен беруді қажетсінудің көрінісі. Осыған мән бергендіктен, кезінде Мемтерминком мүшелері бұл ұғымды репатриант деп алмай, оралман деп атауды ұйғарды. Орыстілді БАҚ-тың да осы сөзді репатриант демей, ұлттық сипатпен орыс тілінде де оралман деп қолданып жүргені орынды.

Оралман атауының кейбір қарсы­ластары аталмыш сөздің тілдік (грам­матикалық) негізінің дұрыстығына шүбә келтіріп, мұндай сөзжасамдық үлгі жоқ; бұл сөз «оралмаймын» деген мағынаны білдіреді» дегендей уәж айтады. Алайда ешкім заттық мағынадағы оралман мен қимылдық мағынадағы оралман (оралмаймын) сөздерін шатастырып жатқан жоқ, бұлардың кез келген жазба контекстегі мағыналары ап-айқын аңғарылып тұрады. Ал ауызша сөзде олардың айтылу сазының әр басқа екені байқалады: заттық мағынада қалыпты екпінмен оралм[А]н түрінде, ал қимылдық мағынада ерекше екпінмен ор[А]лман делініп дыбысталады. Сондай-ақ ономастика мамандары арасында -ман деген қосымша әуелде «кісі» деген мағынаны білдірген деген де пікір бар (Қараман, Сарман т.б.).
Ал оралман атауының кейбір «оппо­ненттері» тарапынан ұсынылған этни­калық отандас деген термин тиісті ұғымды дәл бермейді. Мәселен, шетелдерден елімізге көшпей отырған қандастарымыз да этникалық отандас болып табылады, яғни ұлтымыздың кез келген өкілі этникалық отандас деп аталады. Сондай-ақ этникалық отандас деген тіркес грамматикалық қатынаста тұр­ған екі сөзден құралғандықтан жи­нақы, ықшам көрінбейді. Эт­ни­ка­лық отандастардың тарихи Отанына қай­туға бел байлап, шекара аттағандары ғана ерекше әлеуметтік мәртебе алып, оралман атауына ие болады. Оларға мемлекет тарапынан арнайы қолдау мен қамқорлықтың көрсетілуін негіздеу мақсатымен және оларға берілетін жеңілдіктер мен құқықтарының толықтай жүзеге асырылуы үшін олар оралман деген арнайы терминмен аталды. Ал этникалық отандас атауы бұл ақиқат ұғымға сәйкес келмейді. Бір кезде жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған қандастарымыздың тәуелсіздік алған, егемен елдікке қол жеткізген Отанына қайта оралғандарына өзіндік ат беріп, сол арқылы осы әлеуметтік топқа тән ерекше құқықтарды негіздеудің мәні зор. Сондықтан, оралман деген атау қалың халық арасына бірден сіңісіп, қолданыс тауып кетті. Бұл атауға тек жекелеген адамдар қарсы екен деп, тілдік ұжымның санасында қалыптасқан концептінің тілдік жүйедегі аталымын күшпен өзгерту теріс әрекет деп бағаланады [8] .

Алматыдағы жиындардың бірінде шеттен келген қазақтарға қатысты «аутсайдер» ұғымы қолданылды. Ал мамандар тұрғындарды «жергілікті қазақ» және «оралман» деп бөлуге қарсы шықты. Саяси шешімдер институтында «Оралмандар: әлеуметтік аутсайдерліктен сапалы адам капиталына өту» атты жиын өтті. Шамамен үш сағатқа созылған жиынның тақырыбы бірден дау тудырды. Біріншіден, оралмандар мәселесіне қатысты «аутсайдер» ұғымын қолдану – қате. Екіншіден, «аккультурация» терминін өзара тарихи тегі бір қазақтарға қатысты қолдануға болмайды десті жиынға келгендер. Олардың ойынша, «жергілікті қазақтар», «оралмандар» деп бөлу қоғамды тығырыққа тірейді. Оралмандарды Қазақстандағы мә­дени­етке «бейімдету» емес, қайта оралмандардың мәдениетімен ұлттық мәдениетімізді толықтыруымыз керек [9] деген пікірлер айтылды.

Оралман сөзін жұртшылық негізінен репатриант терминінің қазақша баламасы деп түсінеді. Аталмыш сөздің мағынасын бұлай ұғыну, бір жағынан дұрыс та болар, бірақ оралман атауының мазмұнында ұлтымыздың тарихына қатысты саяси мән бар. Әдетте репатриант деп «соғыс тұтқындарын», кезінде саяси, діни, т.б. әртүрлі себептермен бөтен елге кетуге мәжбүр болған, кейіннен өз Отанына қайта оралған эмигранттарды, сондай-ақ босқындарды» атайды. Ал қазақ тілінде оралман деп қазақ халқының тарихында «жаппай қуғын-сүргінге (репрессияға) ұшыраған этникалық тазалаудан (геноцидтен) қашып, саяси сауға сұрап, жат елге жаппай қоныс аударған қандас­тарымыздың, олардың үрім-бұтағының тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін өз Отанына қайта оралғандарын айтады және азаматтық алғанға дейін ғана оралман деп аталады. Азаматтық алғаннан кейін олар заң жүзінде оралман делінбейді [8].

Жоғарыдағы тұжырымдарға сүйене келе, мәселенің тобықтай түйінін белгілі зерттеуші ғалым Н.Мұқаметханұлы «Оралмандар және отандық мәдениеттің дамуы» мақаласында ғылыми негізде көрсетеді.

«Оралмандар» деген қоғамдық құбылыс Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге пайда болған. Ол туралы Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 1-тарауының 1-бабында анықтама жасалған: «Оралман – тарихи Отанына тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы  Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары». Ал «этникалық қазақ» деген ұғым туралы аталмыш Заңда: «Этникалық қазақ – шетелде тұрақты тұратын ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам», - деп жазылған. Бұл өте дұрыс берілген анықтамалар деп санаймыз. Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы»  заңында   оралмандар және этникалық қазақтарға ғылыми анықтама беріп, арнаулы баптардың енгізілуі – ұлты қазақ адамдардың қайда тұруына қарамастан олардың бәрі де қазақ халқының бір мүшесі екендігін аңғартады, сондай-ақ ол Қазақстанда оралмандар және этникалық қазақтардың қоғамдық қатынастарын реттейтін, олардың құқықтары мен борыштарын жүзеге асыратын заңдық негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы этникалық қазақтарға арнаулы саясат пен заң қол­дануының тарихи негізі мен мораль­дық құқығы бар. Дегенмен қазіргі таңда тарихи жауапкершілікті өз қолына алу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді. Осы тұрғыдан айтқанда, Қазақстан Республикасы әлемдегі өз ұлтының тарихы мен тағдырына бейжай қарамайтын әлемдегі үш елдің (Израиль, Германия және Қазақстан) бірі болып саналуының маңызы зор.

Қазіргі кезде қазақ ұлтының құрамдас бөліктерінің Қазақстаннан тысқары қырықтан аса мемлекетте өмір сүріп отыруы тарихи саяси өзгерістердің салдары десек, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылда бір миллионға жуық қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  ел тәуелсіздігінің алғашқы жылынан бастап, дәйекті түрде қолданып келген салиқалы саясатының қомақты нәтижесі екендігін атап айтуға тиіспіз [10].

Тәуелсіз ел атанып, іргемізді бүтіндеп жатқанымызға да, міне, биыл 30 жылдың жүзі толады. Қазақ халқы – демографиялық даму мүмкіндігі өте зор халық. Еліміз егемендік алғалы шет мемлекеттерден ағылған ұлы көш қара шаңыраққа тұрақ­танып, отау тігіп жатқаны көңілге серпін береді. Саны жағынан әлемнің өркениетті дамыған елдерінен кешеуілдеп қалған халқымыз үшін демографиялық сананың өркендеуінің маңызы орасан зор деп ойлаймын. Ойымды отандық демограф ғалым Мақаш Тәтімовтің: «Қазақ халқы­ның ХІХ ғасырдың басына дейін өз жерінде көп ұлтты ортада араласа өмір сүру тәжірибесі болмаған. Сол тәжірибесіздікті пайдаланып Кеңес өкіметі жылдарында орыстар «ком­мунистік интернационализм» желеуімен қазақтардың саны жағынан үстем болып шықты. Ендігі кезекте қазақтар ел иесі ретінде келімсектерді  өз төңірегіне топтастырып ұлттық үрдісті мемлекеттік дәрежеге жетілдіруі керек. Интернационализм ұғымы дұрыс-ақ, бірақ жұмсақ мінезді қазақтар өз жеріне қожайын ретінде ол ұғымды өз мүддесіне сәйкес жүргізетін кезең де жетті. Қазақ халқын алда талай қоғамдық үрдістер, үлкен сындар тосып тұр. Осы сындардан мүдірмей өтіп, мінезіміз дархан болғаны­мен, дарақы болмай, қонақжай болсақ та босбелбеу болмай салиқалы түрде үлкен мемлекеттің иесі ретінде өзіміздің барша әлемге таныта білуіміз абзал [11, 8-б.]» – деген халқымызды ұлттық сананы ұстану мен ынтымақ-бірлікке үндейтін болжамды пікірімен тәмамдағым келеді.      

Тәуелсіз еліміздегі демографиялық үдерістерді назардан тыс қалдырмай отырған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жеті атасын білетін халыққа «қандас» деген ұғым жарасады» – деген пікірін толықтай қолдауымызға негіз бар деп санаймын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

Асылханова Г.Ж. Репатриациялық үрдіс – мемлекеттік саясат назарында// «Посткеңестік кезеңдегі саяси ғылымның қалыптасуы мен дамуы: тәжірибелер, проблемалар мен ізденістер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағы. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2008. – 356 б.

Итоги переписи населения 1999 года в РК. Национальный состав населения РК. – Алматы, 2000. – Т. 1. – 241 с.

Назарбаев Н.А. Казахстан – 2030: Процветание, безопасность и улучшение благосостояния всех казахстанцев: Послание Президента страны народу Казахстана. – Алматы, 2002. – 96 с.

Булгакова Д.А. Возвращение зарубежных соотечественников и их интеграция в казахстанское общество (проблемы правового регулирования) // Вестник КазНУ. Серия юридическая. – 2007. - № 2(42). – С. 67-69.

Алмагамбетов Б.Б., Суйеукенов А.Б. Миграция түсінігі, мәні және түрлері//Инновационное развитие и востребованность науки в современном Казахстане. Сб. статей Межд. науч. конф. (г. Алматы, 26-27 нояб. 2010 г.). Ч.2: Общественные и гуманитарные науки. – Алматы, 2010. - 228 с.

Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. –Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. - 344 бет. ISBN 9965-822-10-7

Шүршітбайқызы Б. Оралман атауын олқысынудың себептері бар // Дидар №86 (16402). 13 шілде 2010 жыл.

Уәлиұлы Н. «Оралман» сөзін олқы көрмейік //Ана тілі 31 мамыр, 2009.

Мұқанқызы М. Оралмандар мәселесін сөз еткен жиынның тақырыбы да дауға ұласты // 03.06.2011. Азаттық радиосы. http://www.azattyg org.

Мұқаметханұлы Н. Оралмандар және отандық мәдениеттің дамуы // http://www.qamshy.kz

Тәтімов М. Қазақ әлемі. – Алматы: Қазақстан – Атамұра, 1993. – 160 бет.

2791 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз