• Ел мұраты
  • 31 Шілде, 2021

ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі,

жазушы, этнограф

Ұлтымыздан шыққан көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлы «Өз жұртына жұмыс істеп, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі» деген еді. Сондықтан, өз ұлты үшін қызмет еткен басшылардың еңбегін, ерлігін, ізгі істерін бағалау, насихаттау бізге үлкен парыз. Мені осылай ойландырған, толғандырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы орасан зор еңбегі.

Қара жердің қабырғасын қайыстырып алыс сапарға жол тартқан өмір керуенінің көшінде ғұмыр кешкен жұмыр басты пенделердің тағдыры алуан түрлі. Біреулер бес-ақ күндік жалғанды жалпағынан басып, арыстандай ақырып, астындағы алтын тағына мәз болып, бақ пен дәулет, мансабының буына семіріп, тірлігінде аз ғана уақыт дүрілдеткенімен уақыт атты әділ сынның өткелінен өте алмай, жел айдаған қаңбақтай ел есінен әлдеқашан ұмытылып, ескерусіз қала береді. Уақыт – әділ таразы, уақыт – әділ сыншы. Өз есімін алтын әріппен тарих бетіне жазғысы келетіндердің қаншасы қатаң уақыт сынағында қажалып, арманының асқар тауы шағылып, салындысы суға кетті десеңізші?! Міне, бұл арзан атақ, құрғақ даңққа бой ұрған өзімшіл пенделердің тағдыры.

«Таза алтынды мәңгі дат шалмайды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» деген дана халқымыздың сөзінде терең мән жатыр. Табиғат та бұл өмірге дара таланттарды үйіп-төгіп сыйлай бермейді, некен-саяқ береді. Нағыз ұлт ардагерінің қайсар рухы терең ақыл-парасатымен, халыққа деген адал еңбегімен, адамдық кемелдігімен, кемеңгерлік қасиетімен ұштасып жатады. Міне сондай ұлты үшін қызмет еткен, күллі дүниеге аты танылған кемеңгер тұлғаның бірі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев деп айтсақ артық болмас.

Ел басқару өнері – кез келген адамның қолынан келе бермейтін, аса үлкен ақыл-парасатты қажет ететін өнер. Ежелгі Грекияның әйгілі ойшылы Демокрит «Мемлекет басқару өнері – өнер атаулының төресі» деп тектен-тек айтпаған. Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қара ормандай қалың халықтың сеніп тапсыруымен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып сайланды. Ол осындай аумалы-төкпелі жылдарда жүректілікпен ел тізгінін қолына алды. Содан отыз жылға жуық уақыт қазақ елінің көркеюі мен гүлденуі үшін орасан зор еңбек сіңірді. Нақтылап айтсақ, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан елін күллі дүниеге танытып мойындатты. Ол жаңа тәуелсіздік алған жас мемлекетті қайта құрып, халықты бақытты тұрмыс кешіруге нұрлы жол салды.

Халқымыздың танымында «Әр адамның өз жұлдызы болады», «Қазақ жұлдыз санамайды, аққан жұлдызға қарамайды» деген сияқты ырымдары мен тыйымдары көп. Сол танымға байланысты қазақтар жұлдызды киелі санаған. Нұрсұлтан Назарбаев та солай дүниеге жұлдызы жоғары келген адам. Халқымыздың аспан әлеміне, жер-суға, ата-баба аруағына сыйыну үрдісі қазірге дейін жалғасып келеді. Қазақ бата бергенде «Айың оңыңнан тусын» деп тілек жасайды. Нұрсұлтан Назарбаев осындай айы оңынан туған адам. Елбасы: «Жасырмаймын. Мен де Райымбек сияқты әулие бабалардың шапағаты шалған адамдардың бірімін. Әкем мен шешем үй болғаннан он жыл бала көрмепті. Бір шикі өкпеге зар болып жүргенде ауыл адамдарының бірі Райымбек батырдың зиратына барып түнеуге кеңес беріпті. Құдайдан шын тілесең, саған әулиелер аян беруге тиіс депті анамызға. Екеуі зират басына түнеп шығады. Шешем түс көреді. Түсінде терең судың түбінен мылтық тауып алады. Осыны жақсылыққа жорып, екеуі риза болып қайтыпты. Содан кейін дүниеге Мен келдім» («Райымбек». Астана, «Елорда». - 2005 ж.) деп өзінің дүниеге қалай келгендігінен сыр шертеді.

Биыл Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Қазақстан елінің отыз жылға жуық қол жеткізген табысы мен дамуын Н.Назарбаевтың еңбегінен бөле-жара қарауға болмайды. Осыған орай мен ұлы саясаткер, зама­нымыздың озық ойшылы, әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткері, ұлт көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару идеясының кемелдігі мен тереңдігі туралы сөз қозғауды жөн көрдім.

ОТАНШЫЛДЫҚ ИДЕЯМЕН

АСТАСҚАН ҚАЗАҚ КӨШІ

Ұлт өзінің мемлекетінсіз – ұлт

болып өмір сүре алмақ емес.

Нұрсұлтан Назарбаев

І

Отан, мемлекет деген қадірін біле білген адамға мәртебесі биік, қасиетті ұғымдар. Қазақ халқының тарихы сан ғасырғы ұзақ жолды бастан кешіру арқылы қалыптасты. Ұлтымыздың тарихы алғаш ру-тайпа, ұлыстық дәуірлерден басталып, талай-талай хандықтардың ордасы ойрандалып, шаңырағы шайқалып, қалаларын шаң басып, халқы қан кешіп, «ұлын ұрымға», «қызын қырымға» аттандырған, кіндік қаны тамған, кір жуған ата мекендерінен босқын болған аумалы-төкпелі ірі-ірі оқиғалармен сабақтасып жатады.

Тарих жолы – қым-қуыт күрделі, алысқа керуен тартқан ұзақ жол. Осы ұзақ жолда халық сан істерді, сан оқиғаларды бастан кешірсе де төзе білді, арып-шаршамады, бірінің басқан ізін бірі жалғастырды, дамудан тоқырап қалмады, қайта күш-қуат, қажыр-қайратына мініп өздері жаратқан озық мәдениетін бүгінгі заманға «басы аман, бауыры бүтін» сақтап қала алмаса да, ата-бабаларымыздың ғасырдан-ғасыр мекендеп келген қасиетті ұлы даласын жат жұрттың қолына бермей негізінен аман сақтап қалды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақта мемлекет болмаған» деген өзге жұрт өкілдеріне «Менің замандастарым, одан кейінгі ұрпақ қазақ тарихы қазан төңкерісінен басталады деп есептедік. Біз үшін қазақтың басқа тарихы болмағандай еді. Алайда қазір оны терең зерттеуіміз қажет.

Біздің ата-бабаларымыз – ғұндар, одан жақындау келсек – ұлы Түрік қағанаты. Біздің жеріміз әрқашан сол мемлекеттердің орталығы болған. Сондай-ақ Алтын Орда мемлекеті бар. Осының барлығын қортындыласақ біздің тарихымыз екі мың жылға жалғанады. Алуан түрлі заманды бастан өткере отырып, біз өз тілімізді, дінімізді және өзіндік ерекшелігімізді сақтай алдық. Біз жастарымызды осы рухта тәрбиелеуіміз керек», – деп өте дұрыс жауап берген еді.

Қазақ халқының «Отаншылдық от басынан басталады», «Туған жерге туыңды тік» деген керемет сөздері бар. Нұрсұлтан Назарбаев өз отанын, өз халқын шынайы адал жүрегімен сүйіп,  еліміздің тәуелсіздігін ерекше қастерлеп келеді. «Дана халқымыз қателіктерімізді түсінеді, оларды кешіре біледі. Халық кешірмейтін бір-ақ нәрсе бар, ол – елдің қолына зарықтырып барып қонған Бақыт құсынан, Тәуелсіздіктен айрылып қалуды кешірмейді. Егер біз тәуелсіздіктен айрылсақ, бізге кешірім жоқ», – деп өзінің халық алдындағы жауапкершілігінің қаншалық ауыр екенін сезінеді Елбасы.

Елбасы тәуелсіз мемлекетіміздің мүддесін бәрінен биік қояды. Жатса-тұрса қара ормандай қалың халықтың қамын ойлайды. Осы ретте Тұңғыш Президенттің «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аянбай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын», – деп айтқан пікірі бұл сөзімізге дәлел.

ІІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем қазақ көшінің қара шаңырағын құру­шы. Қазақтың әлемді таңғалдырған, тамсандырған, өзіндік ұлттық ерекшелікке ие қазақтардың І дүниежүзілік құрылтайы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен алғаш рет 1992 жылы 30 қыркүйекте Алматы қаласында салтанатпен өткені баршаға белгілі. Дүниежүзі қазақтары құрылтайының тұңғыш өткізілуі әлем елдеріндегі қандастарымыздың қоғамдық-саяси өміріндегі ұмытуға болмайтын айтулы оқиға болумен бірге қазақ көшінің тарихи отанға оралуына үлкен бұрылыс жасады. Бұл құрылтайға Түркия, Германия, Франция, Швеция, Норвегия, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, т.б. елдерден өкілдер қатынасты. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы болып Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Елбасы бұл құрылтайда «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта баяндама жасады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бұл реткі негізгі міндеті – шетелде тұратын қазақтар мен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік бизнес салаларында байланыс жасау – деп ашық белгіленді. Осыдан кейін қауымдастық шетелде жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақтылы байланыс орнатып, олардың мәдени және білім алу мәселелері жөнінде көмек көрсетіп отырды. Тарихи Отанға көшіп келген қандастарымызға әлеуметтік қамқорлық жасалып, қайырымдылық іс-шаралар жиі өткізілді.

Арада он жыл өткеннен кейін қазақтың ІІ дүниежүзілік құрылтайы 2002 жылы 23-24 қарашада Түркістан қаласында өтті. Бұл рет қазақтың рухани жаңғыртуына, шетелдегі қазақтардың ел экономикасының жоғарлауына атсалысуына, шетелдегі қазақ мәдени ескерткіштерінің сақталуына арналған маңызды мәселелерді шешу қарастырылды.

Елбасының дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында айтқан: «Келемін дегендерге Қазақстанның жері кең, елі кең, жағдайы бар. Заң қабылданды. Құқықтарың бар. Қандай жұмыс істеймін десең қандай бизнеспен шұғылданам десең, мүмкіндік бар, келіңдер де, айналайын қазағым, күніңді көріп, байыңдар» деген сөздері шетелдегі қандас бауырларымыздың ет жүрегін елжіретіп жіберді.

Қазақтардың ІІІ дүниежүзілік құрылтайы 2005 жылы Елордада өтіп, онда мәдениетті дамыту, ынтымақтастық мәселелері, «Мәдени мұра» бағдарламасына қатысу, жастардың отандық ЖОО-да оқуы жөніндегі мәселелері тереңдей талқыланды. Ал қазақтардың ІV дүниежүзі құрылтайы 2011 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Құрылтайға әлемнің 35 елінен қазақтар келіп қатынасты. Бұл құрылтайдың басқа құрылтайдан ерекшелігі жастар ұйымдары мен студенттік бірлестіктердің көшбасшылары шақырылды. Құрылтайдағы шараның басты мақсаты этникалық қазақтарды тарихи Отанына қайтару, елге келген қандастарымызға көмек көрсету болды. Осылайша әр реткі құрылтайда қазақтың «Нұрлы көш» туралы мәселелері жан-жақты талқыланды.

«Адам айдаса барма, дәм айдаса қалма»,– дейді дана халқымыз. Мен дәм-тұз тартып 2011 жылы шілде айының соңында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин мырзаның арнайы шақыртуымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына келіп қатыстым. Бұл менің есімнен кетпейтін бақытты күндердің бірі болды. Бұл реткі сапар Қазақстан мемлекетіне тұңғыш келуім, яғни тарихи Отанды, ата-бабаларымның туған ата мекені болған аспан тау етегін жайлаған елді бірінші рет көруім еді. Сондағы қуанышымды тілмен бейнелеп жеткізу қиын. Ақын Мұқағалидың 80 жылдығына орай Қарасаз аулының Мәдениет үйінде ғылыми-конференция өтті. Мұнда Мұқағали туралы 28 адам зерттеу мақа­ласын оқыды. Мен сөз сөйлеуден бұрын «Ататек жалғаған Алтын шынжыр» атты тарих-шежіреге қатысты көлемді кітабымды Мұқағали мұражайына тарту еттім. Онан соң «Мұқағали – мәртебеміз» атты мақаламды оқыдым. Мұны айтудағы мақсатым – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясатының басшылығында Қазақстан халқының ұлт өркениетіне ерекше көңіл бөлетінін байқадым. Содан бастап менің тарихи Отанға деген құрметім артты. Қытайға барғаннан кейін жер жаннаты Жетісудағы Райымбек ауданынан көрген-білгендерім бойынша «Қарасаз – қара шалғын өлеңде өстім...» деген атпен мақала жаздым. Осыдан кейін Қазақстанға әр рет сапарлай келгенімде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық. Ешкімге шектеу жоқ!» деген сөзі ойыма орала береді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыр жұлдызы Мұқағали туралы: «Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарына тап келді. «Менен сұра сұм соғыстың тастап кеткен зардабын, Ауыл қайтіп көтергенін қан майданның салмағын», – деп ақиық ақын Мұқағали айтқандай, ел басына түскен зұлмат жылдардың зілдей салмағын біз балада болсақ жан-жүрегімізбен сезініп өстік...», – деп айтқанында терең мән жатыр. Біздің әлемге тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз оңайлықпен қолға келмеген Қазақстанның тәуелсіздігін қадірлеуіміз, қазақтың қарашаңырағы болған тарихи отанымызға әрқашан тілеулес тағдырлас болуымыз керек.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы 2017 жылы 22-25 маусым күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Мемлекет басшысы әлемнің 39 елінен келген қонақтарға арнап маңызды сөз сөйледі. Елбасы өз сөзінде алғашқы құрылтай өткеннен бергі 25 жыл ішінде Қазақстанның жеткен жетістіктерін және елімізде жүргізген реформаларды бір-бірден атап өтті. «Н.Ә.Назарбаев рухани жаңғырту аясында іске асырылып жатқан 6 жобаға, оның ішінде қазақ қарпінің латын әліпбиіне көшірілуі, гуманитарлық бағыттағы үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты жобаларға ерекше тоқталды. Сөзінің соңында құрылтайға қатынасушыларға қаланы аралап, «ЭКСПО-2017» халық­аралық мамандандырылған көрмесін тамашалауды ұсынды» (Қ.Өскембаев, З.Сақтағанова, Ғ.Мұхтарұлы. «Қазақстан тарихы», 2-бөлім, Алматы, «Мектеп» баспасы, 2019 жыл, 159-160- бет).

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы реткі құрылтайда 40-қа тарта мемлекетке тарыдай шашылып жүрген қандас ағайындарымызға: «...Шетелдегі қазақтардың елге жиі келіп, туған жерімен байланыстарын нығайтып отырғаны дұрыс. Қай елде тұрсаңыздар да, әрдайым Қазақстанды жүректердің төрінде ұстаңыздар. Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті Қазақ елі», – деп тарихи отанын ұмытпауға, оны құрмет тұтуға шақырды. Мен дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына 52 адаммен бірге Қытайдан арнайы шақырылған едім. Белгілі себептерден осы құрылтайға қатынаса алмадым.

ІІІ

Қазір заман жақсарды. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік жариялаған отыз жылдан бері Н.Назарбаев қазақ көшінің негізін қалап және оны дамытты. Елбасының «Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу – әрбір қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген өлеңді құрылтай мінбесінен әлемдегі әрбір қазаққа жолдаймын», – деп шешіле айтқан сөздері шетелде жүрген қандастарымыздың жүрегіне жылу бағыштады.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуына Тұңғыш Прези­дент Н.Назарбаевтың рөлі ерекше екенін мойындауымыз керек. Ол өзінің отаншылдық идеясы арқылы майталман саясаткер, әлем таныған ойшыл, ұлт көшбасшысы ретінде тарих сахнасынан орын алды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін қиянатты, өте ауыр ғасыр болды. 1921-1930 жылдағы аштықтан қазақтың тең жартысынан айырылдық. Кезінде ондай жағдай болмағанда, қазір қазақтың саны 50-60 миллионнан асып қалар еді. Одан кейін репрессия болды. 103 мың адам сотталды. Қазақтың 65 мың бетке ұстар зиялысы тұтқындалды. Оның 25 мыңы атылды. Қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың тамырына балта шабылып, жойып жіберілді. Сол қиыншылықтар кезінде қазақтар жан сауғалап, дүниежүзіне шашырап кетті» деген сөздерін оқығанда арманда кеткен ел ардагерлері есімізге түсіп, көзімізге ыстық жас келеді.

Мен 1916 жылы және 1930 жылдары екі рет үркінде Қытайға қашқан елдің ұрпағымын. Біздің елде Көдек Маралбаев деген шашасына шаң жұқпаған ақын өткен екен. Оның «Он алтыншы жыл», «Албан тарихы», «Кең Текес», «Тұрғын елді аралау», «Бұл заман» секілді толғау-дастандары бір тайпа елдің басынан өткен қанды тарихтың айнасы іспетті еді.

Ақ патшаның 1916 жылғы «25 маусым жарлығы» бүкіл қазақ даласын дүр сілкіндіріп, жазықсыз елді қанды қырғынға ұшыратты. Соңы үркінге жалғасқан ел есінен мәңгі кетпейді. Бұл біздің елге ғана емес, тұтас қазақ жұртына 1916-1917, 1930-1932 жылдары көп қайғы-қасірет әкелді. 1916 жылғы «Қарқара көтерілісінен» кейін ел іргесі сөгіліп, атамекенін тастаған ел Қытайға жан сауғалап қашты. Онда қашып барғандардың маңдайынан соры арылмай, тұрмысы аянышты халде болды. Содан қайта ата жұртына қарай ат басын бұрды.

Өз атамекенінен босқын болған елдің маңдайының соры қалың болса, атамекенінде қалған елдің тағдыры тіпті өкінішті болған. 1918 жылдың күзінде 85 орыс әскер бейғам жатқан Диқанбай атамыздың ауылын басып алып, қанды қырғынға ұшыратқаны туралы көне көздер әлі күнге дейін айтып келеді. 1919 жылы Көдек ақын ірі тұлғаның қазасына арнап «Диқанбайды жоқтау» атты көлемді дастан жазған.

1932 жылдары екінші үркінде біздің ел қайта Қытайға қарай қашыпты. Елдің бір бөлегі сол үркінде соңынан қуған орыс әскерлерінің оғынан жазым болса, арғы бетке өткеннен кейін қалмақтардың тонауына ұшырапты. Бұл туралы жыр дүлдүлі Көдек Маралбаев:

Қоштасып қалдырдым да Албан елін,

Алданып ел шетіне барған едім.

Қарқара, Шәлкөде, Шәкірамбал,

Қалдың-ау көз жетпестей

                                            қайран жерім.

Бос жерде бейқұт өскен қазағым-ай,

Ашыған қымыз емес, саумал едің.

Біреуді-біреуге әкеп ұрындырған,

Дүние қандай түлкі аумалы едің.

Ет пенен сүт салығынан

                                      шошынған жұрт,

Қарасу кешіп жерден ауған едің.

Жазықсыз халық жауы атанған соң,

Мекенін тастап қашып аумағы елдің.

Білмеймін жайы қалай болып жатыр,

Паналап Қытай жаққа барған елдің, –

деп кезіндегі кеңес үкіметінің «шаш ал десе бас алатын» солақай саясаттың салдарынан басына зар заман туған Қытай жаққа қашқан елді сағына есіне алып, көз жасын көлдетеді.

Менің әкем Тоқтасын Сәрсенбайұлы Байсалов 1928 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Лабасы (Іле басы) жайлауында дүниеге келген екен. 1932 жылғы ақсүйек ашаршылықта ел үркіншілікке ұшырап, әкесі Сәрсенбай 4 жасқа жаңа келген баласын қоржынға салып алып Қытай шекарасын асуға мәжбүр болыпты. Атам да, әкем де өз туған отанын қайта көре алмай арманда дүниеден аттанып кетті.

Халқымызда «Тағдыр қайталанады» дейтін таным бар. Сол тағдыр қайталанып Қытайдағы неше жүздеген қандастарымыз арт-артынан тарихи Отанға оралды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды» деген керемет сөзі бізге үлкен ой салады.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ көшінің алтын тізгінін өзі ұстап жол бастады. «Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық. Ешкімге шектеу жоқ», – деп тебіренген Елбасы әлем қазақтарын тарихи Отанына оралуға шақырды. Міне осы кемеңгер саясаттың арқасында тарыдай шашылып жүрген қандастарамыздың тарихи Отанға оралғандары да аз емес. Мен де қазақ елінің көші-қон саясатының шарапатының арқасында тарихи Отанға оралған азаматпын. Өз басым осы себептерден әлем таныған ұлы тұлғаға, дүниежүзі қазақтарының көсемі Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғысымды айтамын әрі ерекше құрмет көрсетуге борыштармын.

Мен Қытайда жүрген кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан», «Қазақстан – 2030», «Қалың елім, қазағым» сынды кітаптарын тебірене отырып бірнеше рет оқып шыққан едім. Аталған кітаптар Қытайда ханзу, қазақ, ұйғыр тілдерінде баспадан шықты. Бұл кітаптар менің Елбасының еңбегін түсінуіме, оның отаншылдық идеясынан өнеге алуыма мүмкіндік берді. Н.Назарбаев өзі жазған кітаптары мен мақалаларында, іс-шара­лардағы сөйлеген сөздерінде 40-қа таяу мемлекетке тарыдай шашылып кеткен қазақ халқының жоғын жоқтап, жанашыры бола білді әрі тарихи Отанына оралу туралы насихат жасады. Оның нақты мысалы «Нұрлы көш» атты Дүниежүзі қазақтарын тарихи атамекеніне оралту бағдарламасы болды. 1992 жылдан бергі қазақтардың І дүниежүзілік құрылтайынан 2017 жылғы V құрылтайға дейін шетелден отанға оралған қандастарымызға жақсы жағдай жасалып, үлкен қолдау көрсетіліп келді. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша елге оралған қандастарымызға тұрмыс-жағдайын көтеру, жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және т.б. мәселелерді шешіп көмектесті. 2019 жылы шетелден келген 4 мың мектеп жасындағы балалар Қазақстанда білім алды.

Шетелдегі қазақ диаспорасы аумалы-төкпелі қилы-қилы заманды бастан кешіріп, саяси және діни себептердің салдарынан күштеу немесе мәжбүрлеу сипатындағы көші-қонмен тарихи Отанына қайта оралды. Қазақ ұлты – сан ғасырды бастан кешірген, тарихы ұзақ, дүние мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосқан ежелгі мәдениетті халықтардың бірі. «Әлемде жалпы 15 миллионнан астам жан саны бар қазақ халқы бүгінгі күні 40-қа тарта мемлекетке қоныстанған. 2005 жылдың басындағы санаққа қарағанда Қазақстанда – 8 миллион 120 мың, Өзбекстанда – бір миллион 500 мың, Қытайда бір миллион 500 мыңнан астам, Ресейде 800 мың, Моңғолияда 151 мың, Түркіменстанда 90 мың, Ауғанстанда 44 мың, Қырғызстанда 40 мың, Түркияда 30 мың, Украинада 16 мың, Иранда 16 мың, Тәжікстанда 12 мың, АҚШ-та 10 мың, Германияда 1 мың, Беларуссияда 5 мың, Канадада 5 мың, Францияда 4 мың, Грузияда 3 мың, Әзербайжанда 3 мың, Молдавияда 3 мың, Литвада 2 мың, Ауғанстанда мың, Эстонияда мың, Пәкістанда 3 мың, Англияда 2 мың, Швецияда мың, Австралияда 900, Сауд Арабияда 800, Австрияда 600, Аргентинада 400, Индияда 300 қазақ жан саны тұрады» (Нұрлан Сәрсенбаев «Ататек жалғаған – Алтын шынжыр», Алматы, «Төрт Бөрі» баспасы, 2016 жыл, 46-47-бет).

Қазірге кездегі түрлі ақпарат көз­дері­нің мәліметтеріне қарағанда, әлемдегі 40-қа жуық мемлекетте қазақ диаспорасы өкілдерінен 5 миллинға таяу жан саны бар «18.11.1991 ж. Н.Назарбаевтың бастамасымен шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Бұл қандастарымыздың тарихи Отанға оралуына мүмкіндік берген маңызды құжат болды. 1991 жылдан бері Қа­зақстанға бір миллионнан астам қазақ көшіп келді», – дейді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы көш» бағдарламасын жалғастыру, кемел­дендіру, тарыдай шашылып кеткен шетелдегі қандастарымызды тарихи Отанына оралту Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының міндеті ғана емес, бүкіл қазақ еліндегі көзі ашық, көкірегі ояу ұлтжанды азаматтардың ортақ өтеуге тиісті парызы болса керек. Қазақстан Тәуелсіздік алған отыз жылдан бері қазақтың «Нұрлы көші» әлі тоқтаусыз жалғасып келеді. Міне, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Отанын, өз халқын шын жүрегінен сүйе білген аса кемеңгерлік идеясы болып табылады. Ұзаққа керуен тартқан қазақтың «Нұрлы көші» өз жалғасын тауып, оның Алтын шынжыры мәңгі үзілмесе екен!

КӨРЕГЕН САЯСАТКЕР

Біз ата-бабаларымыздың

аңсар-арманына қол жеткізіп, мың жылдықтың түйіскен тоғысында тәуелсіз мемлекет құрдық.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

І

Дүниеге аты әйгілі саясаткер, ойшыл, қоғам қайраткері, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы Қаскелең ауданы Шамалған ауылында дүниеге келгені белгілі.

1960-1969 жылдары Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеген. 1969-1973 жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды. 1973-1977 жылдары – Қарағанды металлургиялық комбинаттың партком хатшысы болған. 1977-1979 жылдары – Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы, 2-хатшысы. 1979-1984 жылдары – Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы. 1984-1989 жылдары – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы. 1989-1991 жылдары – Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы. 1990 жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы болды. 1990 жылдың сәуірінен 2019 жылдың наурызына дейін – Қазақстан Республикасының Президенті міндетін атқарды.

Елбасының өмір деректеріне зер сала қарасақ, оның қарапайым жұмыс орнынан күллі әлем таныған саяси тұлға мәртебесіне көтерілуі Назарбаевтың ұлы ойшыл, парасатты ұлт көшбасшысы екенін дәлелдейді. Мен Елбасының елі үшін істеген ерліктерін өзінің қара ормандай туған халқына шексіз қызмет істейтін адамдық қасиеті деп ойлаймын.

Мен Қытайда жүрген кездерде ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы алуан түрлі әңгімелерді еститінмін. Өйткені, Қытайдағы қазақтар – алыс шетелдегі қазақ диаспорасының арасындағы ең көбі. Сондағы дүниежүзі қазақтарының көсемі болған Назарбаевтың аузынан этникалық қазақтардың тарихи Отанына қайтару туралы жалғыз ауыз сөзді естігенде төбеміз көкке жеткендей қуанып қалатынбыз.

Қытайдағы қазақтар жасап жатқан ұлан-ғайыр өлкедегі шексіз-шетсіз сахарадағы, айбатты әсем қалалардағы тіршіліктің отын маздатып жағып жатқан бір миллион 500 мыңнан астам ақ боз үйдегі қараша халықтың үміті мен арманы да ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты еді. Сол әңгімелердің ең көп айтылатыны елдің өзінің тарихи Отанына оралуы туралы болатын. Мен кейде осы әңгімелердің аңызы қайсы, ақиқаты қайсы екенін ажырата алмай қалатынмын. Сол кездерде ата-бабаларымыздың «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген дана сөзі ойыма оралып, іштей Елбасына алғысымды айтатынмын. Шығыстың бір данышпанының «Су ішкенде құдық қазушыны ұмытпа» деген керемет сөзі бар. Біз Назарбаевтың «Нұрлы көш» атты кемеңгер саясатының арқасында тарихи Отанға оралдық. Шынын айтсақ ұлт көшбасшысы Назарбаев бізді тарихи Отанға әкелді. Біз ұлы саясаткер Елбасына шексіз рахметімізді айтуымыз керек.

Дүниеге аты әйгілі саясаткер Нұрсұл­тан Назарбаев сонау 1970 жылдың соңынан бастап Кеңес Одағы кезінен ел басқару ісіне белсене атсалысты. Әсіресе, Қазақстанның отыз жылдан бері экономикасының гүлденіп дамуына Елбасы өзі тікелей жетекшілік етті. Сонымен қатар, мемлекеттің өнеркәсіп, білім беру, ғылым мен техника, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, мәдениет, әдебиет, денсаулық, әскери істер, баспасөз, әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнату сияқты маңызды салаларының дамып, өркендеуін Н.Назарбаевтың еңбегінен бөле-жара қарауға болмайды. Мен Тәуелсіздік алғанына отыз жыл уақыт болған жас Қазақстан сынды мемлекетте Н.Назарбаевтың ел басқарудағы кемеңгер идеясын зерттеу мен танудың маңызы өте зор деп санаймын.

ІІ

Қытай қазағынан шыққан әйгілі ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатов: «Әлмисақтан бері кез келген жан патша, тәңірқұт, хан, бек, ұлық, т.б. бола бермейтін сықылды. Бүгінде көп санды адам басшы бола кетпейді. Жоғары билік басына шыққандардың арғы тегіне ғана емес, өсіп-жетілуі, сіңірген еңбегі, көрген-білгені, жан-дүниесі, ой-өрісі, аңсаған арманы сияқтылардың ол биікке барып көрмеген біздікімен ұқсас десек қатты қателесер едік»,– деп өте дұрыс айтқан. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев жеткен биікке қазақтан әлі ешкім жеткен жоқ. Сондықтан, Қазақстаннан шыққан үлкенді-кіші басшылардың Назарбаевтың ел басқару өнерінен үлгі-өнеге алуын үміт етемін. Ашығын айтсақ, көрші мемлекеттердің мен-мен деген басшылары да ел басқару өнеріне келгенде Назарбаевпен теңдес бола алмайды деп есептеймін.

Ел басқару өнері – дүниедегі өнер атаулының ең қиыны. Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында халықтың күнкөрісі өте қиын болды. Халықтың азық-түліктен тарығуы, тұтынатын тауарлардың жетіспеуі, дүкендердің қаңырап бос қалуы экономикалық дағдарысқа апарып соқты. Дүкен сөрелерінің бос қалуы қылмысты істердің көбеюіне апарды. Халық қолда бар тауарларын, тіпті үстіндегі киіп жүрген киімдеріне дейін сатқандары да болды. Үйі жоқ баспанасыз адамдар қауырт көбейіп, кейбіреулері сергелдең күй кешті. Жұрт торығып өмірден күдер үзген кездері де болды. Осындай аумалы-төкпелі күндерде биліктің тізгінін жаңа қолына алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихтың үлкен сынағына тура келді. Дәл осындай қиын кездерде Елбасы тәуелсіз мемлекетті қайта құру жолында жар құлағы жастыққа тимей, қара ормандай қалың халықтың қамын ойлады. Ақыры тарих сынағынан сүрінбей өтіп халықты қиын-қыстау кезеңдерден аман өткізген Нұрсұлтан Назарбаев болды. Сол өтпелі кезеңде өзінің саясаткер, ойшыл, қоғам қайраткері ретінде тарих сахнасына шыққан Н.Назарбаев «бірінші – экономика, содан соң – саясат» деген көзқарасын ортаға қойып, халықты сара жолға бастады.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» атты еңбегінде «Жұрт­тың көбі, әсіресе аға ұрпақ жақсы үй салудың оңай емес екендігін біледі. Ал біздің ортақ үйіміз – Қазақстан сияқты жас мемлекетті құрып орнықтыру бұдан әлде қайда қиын болды. Мемлекет құрылысы біздің болашақта қандай мемлекетте өмір сүретінімізді анық бейнелейтін нақты бас жоспары болуын талап етті», – дейді.

Ұлт көшбасшысы Назарбаев туралы әлемдік тұлғалардан Владимир Путин, Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Реджеп Эрдоған, Ильхам Алиев, Джордж Буш, Барак Обама, Кофи Аннан, Пан Ги Мун, Маргарет Тэтчер, Ли Куан Ю және т.б. саясаткерлер өздерінің заңғар-заңғар бағаларын бер­ді. Солардың бірі ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2019 жылы сәуір айының 28-і күні Н.Назарбаевпен кездескенде: «Н.Назарбаев мырза Қазақстанның мемлекет құрушы елбасы және ұлт көсемі. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігіне және дамуына, Қазақстан ұлттарына өшпес еңбек сіңіріп, өнеге көрсетті. ҚХР мен Қазақстанның арасында өзара стратегиялық серіктестік орнатуға, дамытуға тарихи үлес қосты. Біз мұны жоғары бағалаймыз» Әзия кіндігі» газеті, 2019 жыл, 1-мамыр) деп өте жоғары баға берумен бірге Н.Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының «Достық» орденін ұсыну салтын жарқыратып өткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы әлемдік тұлғалардың бағасын тыңдап көрелік. Ұлыбритания Премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын» десе, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин: «Нұрсұлтан Әбішұлы – саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңқалдырғаны – оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет – бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қандай дарыған?... Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? Солардың орнына өзін, өзінің жақындарын қойып барып, шешім қабылдайды. Ол – өз халқының бір бөлшегі», – дейді.

Бүгінгі күні Қазақстан экономикасы дамып, жағдайы жақсарды. Нұрсұлтан Назарбаев – әлем тарихындағы көреген саясаткер, ұлы ойшыл, ұлт көшбасшысы, атақты қоғам қайраткері кемеңгер тұлғаға айналды. Бұл туралы Түрік Республикасының Президенті Реджеп  Эрдоған «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамасына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлемдегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды», – деп әлемге танылған беделді тұлғаның еңбегіне жан-жақтылы бағасын берген еді.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстан билігін қолына алғаннан кейін халық алдындағы жауапкершілікті бәрінен жоғары қойып тар жол, тайғақ кешу, бұраң тағдырды бастан кешіре жүріп елінің ауқаттануына тың жол ашты. Тұңғыш Президент сұңғыла саясаткерлігі арқылы отыз жыл ішінде үлкен жетістік пен тың жаңалық әкелді. Осылайша қазақ елін әлем таныды. Әлем қауымдастығы Нұрсұлтан Назарбаевты «көреген көшбасшы, сұңғыла саясаткер», – деп атасты.

Өзінің еңбекқорлығы мен ұйым­дас­тыр­ушылық қабілетімен Н.Назарбаев «Қазақстандық даму үлгісі» жолын қалып­тастырды. Назарбаев салған бұл жол – әлем елдеріне Қазақстанды танытты, оның беделін жоғарылатты.

Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында-ақ Елбасы: «...Тарихи тұрғыдан біз Батыс өркениетіне ұмтыламыз дейді біреулер. Біз көбінше азиялық елміз, сондықтан «жолбарыстардың» тәжірибесін ұстануға тиіспіз дейді екінші біреулер. Біз ресейлік менталитетпен ұжымшылдық принциптерін терең сіңірдік, сондықтан біздің таңдауымыз Ресейдің таңдауына сай болуға тиіс дейді үшіншілер. Төртінші біреулер біздегі халықтың басым көпшілігі мұсылмандар, сондықтан біз жаңа түркі моделін негізге алуға тиіспіз деп дауласады. Бұлардың барлығының айтқаны ақиқат және сонымен бір мезгілде олардың барлығы қателеседі. Біз – өзіміздің белгілі тарихымызбен өзіндік болашағымыз бар еуразиялық елміз. Сондықтан біздің моделіміз басқа ешкімнің моделіне ұқсамайтын болады. Ол өз бойына әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңірді», – деген болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев салған сара жол Қазақстан халқына бақыт сыйлады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Елбасының арқасында әлемге даңқы тараған Қазақстан деген қуатты, беделді мемлекетке ие болдық.

Ұлт көшбасшысының сұңғыла саясат­керлігінде «Қазақстан – 2020» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты белгіленді. Мұнда ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері ортаға қойылды. Сонымен бірге Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді саяси жүйе құру керектігі қарастырылды.

Н.Назарбаев бір мемлекеттің ең жоға­ры дәрежелі басшысы бола тұра туған халқының салт-дәстүрінен аттамады. Қайта оны жаңғыртып, өзінің ел басқару идеясына сіңіріп отырды. Қазақ салт-дәстүрі ханға да, қараға да ортақ. Қазақтың ешбір баласына салт-дәстүрден аттауға рұқсат етілмейді. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан мына аңыз-әңгімесі куә: «Баяғыда тасы өрге домалап тұрған бір хан жанына нөкерлерін ертіп, аң аңлауға шығады. Орман кезіп, қыр асып келе жатса алдынан екі көзі ботадай мөлдіреген, сауыры жез құмандай жалт-жұлт еткен сұлу киік қаша жөнеліпті. Хан садақтан оқ атып киіктің артқы аяғын жаралайды. Бір жағы құлама жар, екінші бүйірден хан нөкерлері қиқу салып қыспаққа алғанда жаны қысылған бейшара киік жандалбасамен сонадайдан көз тартқан ақбоз үйдің ашық тұрған есігінен ішке қойып кетіпті. Үй иелері түскі тамақ ішіп отыр екен. Есіктен енген киік жаюлы дастарқаннан бір-ақ қарғып, төрдегі керегеге тұмсығын тіреп, солығын баса алмай тұрып қалыпты.

– Шығар киікті! – деп дауыстайды хан ат үстінде тұрып төрде тамақ ішіп отырған қарияға. – Бұл тау тағысын түстік жерден қуалап келіп сенің үйіңде қолға түсіріп отырмын. Мұның менің олжам екеніне ешкімнің дауы жоқ шығар.

– Сөзің орынды, хан ием. Киік сенің олжаң екені де рас. Бұл сорлы жаны қы­сыл­ған сәтте менің төріме шығып кетті, ортада дастарқан жаюлы жатқанын өзің көріп тұрсың. Ал ата салтымыз бойынша дастарқанды аттап өте алмайсың. Көздеріне қан толып, бір-біріне өлердей жауыққан екі адамды татуластырарда дастарқан басына алып келмеуші ме еді? Тіпті хан болсаң да дәстүрден үлкен емессің. Ал дәстүрді, қалыптасқан ата салтты бұзсаң қалың елдің табасына қаласың. Жолың болмайды, – депті. Хан аталы сөзден жеңіліп, ат басын кері бұрыпты».

Елбасы айтқан осы аңызды естіген әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов: «Кеудесіне парасат ұялаған аңыз екен. Ел басшысы өз елінің ата салтын, дәстүрі мен ибасын шын ділімен құрметтеу арқылы ғана үлкен кемеңгерлік биікке көтеріледі. Ал ғасырдан ғасыр өтіп, әбден сұрыпталған ұлт мәдениетін менсінбей, оған астамси қарағандар әрдайым елдің қарсылығына жолығып отырған»,– деп тебіренген екен. Н.Назарбаев әне сондай ұлттық салт-дәстүрді өзінің ел басқару идеясымен тоғыстыра білген ұлт көсемі әрі шебер саясаткер.

Кемеңгер ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздіктің кезекті жыл­дығын атап өту бізге ең алдымен той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін керек. Тәуелсіздіктің тайғақ кешулі жолында алдымыздан шығатын асу-асу белдер де болады. Ұлттың ұлан асуында ұйытқи соғатын желдер де болады. Сол асу-асу белдерде белімізді талдырмауымыз керек. Сол ұйытқи соғатын желдерде ұлы мұратымызды ұмыт қалдырмауымыз керек. Нағыз Тәуелсіздікке қиын істе тәуекелге бара алатындардың ғана қолы жетеді», – деген сөзінде терең мән жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы әлемдік тұлғалар мен оқымысты, жазушылар да ілгері-кейінді ұлт көшбас­шысының еңбегі жөнінде өздерінің жоғары бағаларын айтып келеді. М.Әуезов атындағы ОҚМУ БОЛОН үдерісі және академиялық мобильділік орталығының бас маманы Людмила Кулакова «Нұр­сұлтан Назарбаев – Қазақстан үлгі­сінің негізін қалаушы» атты еңбегінде «Н.Назарбаевтың тарихи еңбегін ешкім де болашаққа кепіл бере алмайтын ішкі және халықаралық қиын жағдайлар өршіп тұрған тұста өзіне деген сенімділіктен қайта жаңғыртуға батыл қадам жасауынан көруге болады. Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның жаңғыруына қосқан үле­сі мемлекетті жаңғыртудың әлемдік теориясы мен тәжірибесіне еніп, алдыңғы уақытта мамандардың өзекті тақырыбына айналатыны анық», – десе, атақты шетелдік журналист Ризхан «Халқына уәде беріп, оған берік болмайтын көшбасшыларға әбден үйреніп қалыппыз. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұндай лидерлерден бір бас жоғары, ол – сөзден іске көше білетін, халқымен бірге болашаққа мақсат қоя білетін саясаткер.

Назарбаев – шебер көшбасшы. Астана құрылысының бүге-шігесіне дейін өзі қадағалап, рет-ретімен жасап шыққанын білеміз. Назарбаев – айтқан сөзінде тұра алатын азамат», – дейді. Жинақтап айтқанда Н.Назарбаев ойшыл, қоғам қайраткері, ұлт көшбасшысы, көреген саясаткер ретінде әлемге танылған тарихи тұлға.

ҚАЛА ӨРКЕНИЕТІН ЖАЛҒАУШЫ

Біз жаңа астананың негізін сал­дық. Арман қала ақыр соңына дейін біздің ұрпақтарымызбен, жас қа­зақстандықтармен жүзеге асырылды. Қазір енді ғана Астана парктері мен өзен жағалауында серуендеп, оның фонтандарын қызықтап және болашақ туралы армандап жүрген кімдер болса, бұл – солардың қаласы. Бұл – Шығыс пен Батыс болып бірге тұтасқан қала. Бұл – бостандық туралы ежелден далалық арман еткен қала.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

І

Қазақ ұлты ежелден қала өркениетіне мән берген халық. Тарихи жазба деректерге қарағанда, халқымыздың қала мәдениеті ежелгі үйсін елінің астанасы – Чекұк қаласынан бастау алатындығы даусыз. Қаңлы мемлекетінің халқы ең алғаш қазіргі Көрла, Күшәр өңірін мекендеген кездерде ірі қалалары болғандығы туралы тарихшылар өз көзқарасын білдіріп келді.

Қазақ халқының ежелгі қалаларының тарихы есте жоқ ескі замандардан басталған жер таласы, тақ таласы салдарынан сан ғасырға созылған жойқын ұрыстар тарихымызға жамау-жамау түсірген. Со­ның салдарынан қалаларымыздың көбінің аттары бізге толық жетпеген. Тарих халқымызды аумалы-төкпелі тар замандарда көп шайқады. Десе де халық ішінде таралған аңыз-әңгімелерде, шежірелерде, өлең-жырларда кейбір қалалардың аттары кездеседі. Мұны қазіргі археологиялық қазба жұмыстар халық ауыз әдебиетінде айтылған қалалардың бар екенін дәлелдейді.

Ал біздің қазақ даласында бой көтерген қалалардың тарихы мен мәдениеті қазірге дейін әлі толық зерттелмей келеді. Осы­ның салдарынан өзге жұрт өкілдері «Қазақта қала болмаған» деп қарайды. Еліміздің кей ғалымдары қазақтың  4000 жылдық тарихы бар деген көзқарастарын айтып жүр. Егер қазақ халқының қырық ғасырлық тарихы болса, қала өркениетінің тарихы да талай-талай ғасырмен тамырласып жатады.

Қазақ ұлты – ертедегі ұлы  Жібек     жолы­ның ашылуына орасан зор үлестер қосқан, тарихта мемлекет құрып, заң-ережелер шығарып билік ұстаған, озық өркениеттің асыл жауһарын жаратқан, әлемге аты әйгілі байырғы мәдениеті бар елдердің бірі. Тарихи құжаттарда жазылуынша, ертедегі қазақтар қоныстанған далада 400-ге таяу үлкенді-кішілі қалалардың болғандығы ұлтымыздың сахара мәдениетті ел болып қана қалмай, қайта қала мәдениетіндегі ел екенін де дәлелдейді.

Ұлан-ғайыр шексіз кеткен қазақ да­­ла­­сында Ұлы жібек жолы бойынан ілгері-кейінді дүниеге келген Түркістан, Отырар, Самарқан, Баласағұн, Құлан, Суяб, Сауран, Ташкент, Алматы, Талғар, Боздақ, Созақ, Құяш, Алмалы, Сығанақ, Ілебалық, т.б қалалар сауда жасаудың түйіндері ғана емес, тоғыз жолдың торабына орналасқан, әлем елдерінің өзара мәдениет алмас­тыратын қолқа тамырына айналған.

Қазақстан мемлекетінде жаңа астана салуды дәуір қажет етті. Еліміздің астанасы болған Алматының жан саны көбейіп, жері тарылды. Осындай кезеңде тәуелсіз мемлекет құру және оның жаңа астанасын таңдау бақыты Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына жазылды. Елорданы Алматы қаласынан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі 1994 жылы шілдеде қабылдады. Қазіргі астанадан 5 шақырым жерге орналасқан Боздақ қаласының орны бар екенін археология ғалымдары анықтады. Боздақ қаласы өз кезінде дүрілдеп өркениеті өрлеп тұрған Қыпшақ хандығының астанасы болған екен. «Боздақ» деген атау туралы тіл ғалымдары таза қазақша атау деп түсіндіріп жүр. «Боздақ – ботаның жақ жүні немесе түйе түлеген соң жаңадан шығатын сирек, селдір, жұмсақ, ұлпа жүн. Сонымен қатар төлдің алғашқы жылғы жүні де боздақ деп аталады. Ертеде қазақ емшілері тізесі, буыны ауырған адамның аяғына боздақ жүнді тұзды суға салып сорботқа тартқан. Ертеде түйенің боздақ жүнінен ағима шекпен тоқыған» (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия, – Алматы: DPS. 2011 жыл).

Қыпшақ хандығының астанасы Боздақ қаласы ХVІ ғасырда Сібір – Орта Азия керуен жолы өтетін саудагерлердің қоналқы орны болған. Тарихшылар Боздақ қаласын Ақмоланың түп атасы деп қарайды. Ақмола атауы тарихи деректерде жазылуынша ХІІІ-ХІV ғасырларда тұрғызылған ақ күмбезді бейітке байланысты туған деген жорамал бар. Осы қаланың ең соңғы «мұрагері» қазіргі кездегі күллі әлемге аты әйгілі Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы.

ІІ

Астананы көшіру тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тарихында ерекше маңызы бар, ұзақ болашаққа көз тастаған мәнді жоба екенін әлем мойындады. Елбасы Н.Назарбаевтың астананы көшіру туралы саяси шешімі өте көрегендікпен ұзақты болжаған маңызы зор идея болды. 1994 жылы 6 шілдеде ұлт көшбасшысы Назарбаев Қазақстан Респуликасы Жо­ғары Кеңесі сессиясының мәжілісінде сөйлеген сөзінде астананы көшіру туралы ұсыныс айтқан еді. Дәл осы 6 шілдені астана күні деп белгіледі. Президент өз сөзінде Алматының экономикалық, геосаяси жағдайларына қарай тәуелсіз мемлекет астанасы болу талаптарына сәйкес келмейтіндігін бірнеше дәлел келтіру арқылы жан-жақты түсіндірді. Сол кезде Алматы аумағындағы халық саны бір миллион 500 мың адамға жетіп қалғандығы, құрылыс нысандардың тығыз орналасқандығы, қаланы кеңейту мүмкін болмайтыны туралы түсіндірген Елбасының сөзіне депутаттар ақыры мойынсал болды. Осылайша астананы көшіруді депутаттардың көпшілігі дауыс беріп қолдады.

1995 жылы 15 қыркүйекте Президенттің «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заңдық күші бар жарлығын жариялады. Жарлықта жоғары және орталық органдарды Ақмола қаласына көшіру жөнінде Мемлекеттік комиссия құру туралы нұсқау берді. 1997 жылы 20 қазанда Тұңғыш Президенттің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Осылайша жаңа астананың жобаланып жүзеге асырылу құрылысы сәтті басталды. Елбасы осы кезде жаңа астананың құры­лыс барысын өзі тіке қадағалап, кей­бір нысандардың эскиздерін өзі сызып жаңа идея тапқырлады. Мысалы, астананың басты символы – «Бәйтерек» монументінің нобайын Елбасы өзі сызып, жалпы қалаға Еуразияның келбетін беру керек деген идеясын ортаға қойды. Елбасы өзі салған астананың Бәйтерек монументінің көркемдігі әлем елдерінен келген саяхатшыларды әлі күнге дейін таңғалдырып келеді. Бәйтерек символы – қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жалғасып өсіп-өркендеп, мәңгілік өркен жаятын, қасиетті халықтың ата шежіресінің үзілмес алтын шынжыры іспетті.

«Астана құрылысының бас жос­пары­ның авторы Амстердамдағы Ван Гог мұражайы жобасының, Куал-Лумпурдегі халықаралық әуежай және Осакадағы ұлттық этнологиялық мұражай және т.б. заманауи құрылыстардың авторы, белгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава болды. Курокаваның бас жобасы бойынша жасалған архитектуралық ансамбльдер заманауи дизайн мен азиялық сипатты үйлестірді. Астанада өз идеяларын британдық белгілі сәулетші Норман Фостер жүзеге асыра бастады. Ол астанада Бейбітшілік және келісім сарайын, жаңа сауда ойын-сауық орталығы «Хан Шатырды» жобалады» (Қ.Өскембаев, З.Сақтағанова, Г.Мұхтарұлы. «Қазақстан тарихы», Алматы, «Мектеп» баспасы, 2019 жыл, 195-бет).

Жаңа астана өткеннің бай мұрасына мұрагерлік ете отырып, қазіргі заманның ең жақсы жетістіктерін тоғыстыра отырып жасалды. Осылайша қазақ елінің жаңа астанасы күллі дүниеден келген саяхатшыларды өзінің дара ерекшелігімен таңғалдырды.

Елбасы Н.Назарбаев «Астана – Қазақ­станның жаңаруының нышаны, оның көпұлтты халқының жасампаз күш-қуатының куәсі. Бұл – соншалықты жеңіл тимеген заманның өзінде жаңа астанасын тұрғызуға бел шешіп кіріскен халықтың өзінің күш-жігеріне деген сенімінің белгісі . Бұл – азаттық алған ұлттың өзінің гүлденген болашағына, ұрпағының келешегіне зор үмітінің көрінісі», – деп тебірене айтқан сөзі есімізге оралады.

Тарих керуені талай-талай жойқын соғыстарды, қан кешкен дәуірлерді бастан кешірсе де, адамзат баласы жаратқан шұғылалы мәдениеттің ізін өшіре алмады. Қайта уақыттың өтуімен адамзат баласы жаратқан асыл өркениет үздіксіз өркендеп дамыды.

«Өркениет – қалалық мәдениет» (Стра­бон). Өркениеті болмаған халықта қала мәдениеті де дамымайды. Сондықтан, қала тарихы – халық тарихының асыл жауһары болып табылады.

Қазақ тарихында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастауымен салынған астана өзінің ұлттық ерекшелігімен әлем елдерінің назарын аударды. Бұл қала Қазақстанның өзіндік дара ерекшелігі бар Назарбаевтың Еуразия идеясының жемісі деп айтуға әбден болады.

Елбасы Н.Назарбаевтың астананы көшіру туралы шешім қабылдауы Қазақстан тарихында ұлы бұрылыс жасады. Осы еңбегінің нәтижесінде күллі дүниені таңғалдырған жаңа қала, Қазақстан мемлекетінің жаңа астанасы бой көтерді. 1997 жылы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы деп әлемге жариялап, келесі жылы 6 мамырда Президент Н.Назарбаев Ақмола қаласының атын Астана қаласы деп өзгерту жарлығына қол қойды, Сол жылы 10 маусымда тұсаукесер тойын өткізді, 1999 жылы шілдеде елорда ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды. Ал 2008 жылы сәуірде өткен Мәскеудегі байқауда «ТМД-дағы ең үздік қала» атағын жеңіп алды. Сол жылғы 24 маусымдағы Заңымен 6 шілде – Астана күні, мемлекеттік мереке болып белгіленді.

Таяудағы Астана қаласының тарихына зер сала назар аударсақ, әлемдік кон­фессиялар көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ саммиті, ИЫҰ, Азиада, ЭКСПО-2017 – осының бәрі егеменді Қазақстанның жаңа астанасын әлемдік қауымдастықтың мойындауының куәсі екені шындық. Өте-мөте «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде Астанаға 2,1 миллион адам келген. Оның 1,4 миллионы шетелден келген туристер болды.

2019 жылы 23 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Астана қаласы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметі үшін Нұр-Сұлтан қаласы деп аталды. «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» атты мақаласында Елбасы «Астананың тағдыры – бүкіл қазақстандықтардың тағдыры», ­– деп атап көрсеткен еді.

Қазақстан мемлекетінің тарихында Нұр-Сұлтан қаласының бой көтеруі қара ормандай қалың халықтың үміті мен арманы еді. Міне, бұл Н.Назарбаевтың ұзақты болжайтын көреген саясаткер, қазақ елінің тарихтағы қала өркениетін жалғаушы, асқан ойшыл парасат иесі екенін дәлелдейді

ДҮНИЕГЕ АТЫ ӘЙГІЛІ ДИПЛОМАТ

І

«Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аймақтың иесі. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өткенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы жібек жолын жағалай қоныс тепкен» (ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан).

«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан»,– дейді дана халқымыз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев аумалы-төкпелі халықаралық жағдайда, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерімен оңтайлы қарым-қатынас орнатуды мақсат етті. Бұл мемлекеттің сыртқы саясатындағы негізгі бағыттары болды. 1991 жылдың соңында Қазақстанды 108 мемлекет таныды. 70 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатты. Сонымен бірге Азия елдері арасындағы Қытаймен әртүрлі бағыттар бойынша келісім-шарт жасасып, қол қойысты. Осы барыста Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесін тіпті кеңейтіп, Жапония, Корея, Моңғолия, Малайзия, т.б. мемлекеттермен сауда қарым-қатынас орнатты. Қазақстан 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-ға мүше ел болып қабылданды.

1991 жылы дүниедегі ең беделді Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін мойын­дады. Осыдан кейін АҚШ Мемле­кеттік хатшысы Дж.Бейкер Алматыға келіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесіп, екі мемлекеттің қарым-қатынастық негізі қаланып, Қазақстанда АҚШ елшілігі ашылды. АҚШ Президенті үлкен Дж.Буштың арнайы шақыртуымен Н.Назарбаев Америкаға мемлекеттік сапармен барды. Назарбаев осы реткі сапарында екі ел ортасындағы сауда қатынастары туралы келісіп, Біріккен ақшалай салымды қорғау шарттары, Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара түсіністік меморандумы, тағы басқа маңызды шарттарға қол қойысты. Осыдан кейін жаңа бағыттағы Қазақстан-Америка қатынастарының негізі мықтап қаланды. Бұл дипломатиялық қарым-қатынас әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Назарбаев әлем елдерімен дип­ломатиялық қатынас орнатуда өзінің бейбіт өмір сүру идеясын ортаға қойды. Өйткені, Қазақстанда бұрынғы орналасқан ядролық қару Ұлыбритания, Франция және Қытайдың ядролық қаруларымен салыстырғанда әлдеқайда көп, қуатты еді. Бұл қарудың қуаты неше миллион халқы бар, қала былай тұрсын, тұтас бір мемлекетті, тіпті континентті жермен-жексен етуге мүмкіндігі бар еді. Назарбаевтың басшылығында Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан дүниежүзіндегі бірінші мемлекет болды. 1991 жылы 29 тамызда ұлт көшбасшысының дүние бейбітшілігін қорғау идеясы бойынша Семей ядролық сынақ алаңы жабылды. Назарбаевтың дүние бейбітшілігін қорғау идеясы әлем елдерінің қолдауына ие болумен бірге әлемдік тұлғалар Елбасының көрегендігін өте жоғары бағалады.

АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама «Президент Назарбаев ядролық қаруларды таратпау мәселелерінде әлемдегі үлгілі көшбасшыларының бірі болып табылады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде үлгі бола алды. Бұл қадам Қазақстанды өңірдегі тұрақты елдердің біріне айнал­дыруға мүмкіндік берді», – десе, Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп «Мен Президент мырзаға «ЭКСПО – 2017» арқылы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша жаһандық үнқатысуды ілгерілетудегі көрегендігі мен көшбасшылығы үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің әрі қарай нығая түсетініне үміттенемін», – деген көзқарасын білдірді. Міне, бұл Елбасы Назарбаевқа әлемдегі ең ықпалды Америка Құрама Штаттарының мемлекет басшылары тектен-текке айтпаған.

1991 жылы қазанда Н.Назарбаев Түр­кияның Анкара қаласына мемлекеттік сапармен барды. Назарбаевтың бұл ретте сапары қазақ-түрік қарым-қатынасын жан-жақтылы жақсартуда маңызды рөл атқарды. 1992 жылы Түркияда Қазақстанның бірінші елшілігі ашылды. Түркия елшілігі де Қазақстанда бірінші болып жұмыс істеді.

Түркия Қазақстан Республикасын Орталық Азиядағы ең сенімді эконо­микалық және саяси серіктесі ретінде таниды. 1992 жылы Стамбулда түркітілдес мемлекеттердің алғашқы кездесуі өтті. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – түркі мәдениеті мен түркі тілдерін әлемдік деңгейге көтеріп насихаттау болып табылады. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан секілді елдер бұл ұйымның белді мүшелері болды.

1992 жылы Қазақстан халықаралық валюта қорына, әлем банкіне, Еуропаның қайта құру және даму банкіне, Азия даму банкіне, экономикалық ынтымақтастық, т.б. ұйымдарға кірді. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас ор­натуға ерекше мән берді. Міне осылай құлшыныс жасаудың арқасында «Бүгінгі таңда Қазақстан БҰҰ-ның 16 ұйымы мен бағдарламаларының, сонымен қатар басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі немесе қатынасушысы болып отыр. Олардың ішінде: Азиялық Даму Банкі, ЕҚЫҰ. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы және т.б. бар. Қазақстан Республикасы 139 мемлекетпен – БҰҰ мүшелерімен, БҰҰ бақылаушыларымен дипломатиялық қатынас орнатты» (Қ.Өскембаев, З. Сақтағанова, Ғ.Мұх­тарұлы. «Қазақстан тарихы», 2-бөлім, Алматы «Мектеп» баспасы, 2019 жыл, 178-бет).

Назарбаевтың бастамасымен 1994 жылы Орталық Азия экономикалық қауымдастығы құрылды. Оған алғаш Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мүше болды. 1995 жылы 20 қаңтарда Кедендік Одақ құрудың негізін қалады.

1992 жылы 25 мамырда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында достық, ынтымақтастық, өзара көмек ету туралы шарт жасасты. 1998 жылы қабылданған «ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық және одақтастық туралы» Декларация Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын тіпті қоюлатты. Қазіргі кезде Қазақстан мен Ресей ортасындағы түрлі мазмұндағы келіссөз бен келісімдер 170 түрден асады.

М.В.Ломоносов атындағы ММУ рек­торы Виктор Садовничий Елбасының дипломатиялық еңбектері туралы «Қазақстанның үдемелі өзгеруі – аса көрнекті мемлекет қайраткері, мықты ғалым, халықтар достығын дамытуға үлкен үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты. Мәскеу мемлекеттік университеті 1994 жылы дәл осы оқу орнының ғимаратында Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия, бұрынғы посткеңестік елдерді интергациялау идеясын ал­ғаш қозғағанын мақтаныш тұтады. Қазақ­станның лидері аса көрнекті, әлемдегі ең құрметті мемлекеттік басшылардың бірі болып табылады», – деген әділ бағасын берген еді.

ІІ

Ұлт көшбасшысы Назарбаевтың ұлы саясаткерлігі мен көреген дипломатиялық идеясының жетекшілігінің арқасында әлемдегі көптеген елдермен барыс-келіс жақсарып, ежелгі ата-бабаларымыз салған сахара жібек жолы қайта жаңғырып, қазақ елі күллі әлемге керуен тартты.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан тәуел­сіздік алғаннан кейін Орталық Азия ғана емес, барлық Еуразиядағы елдерге де ықпал көрсетіп маңызды рөл атқарды. Қазақстан мемлекеті Қытай Халық Республикасы мен 1992 жылы 3 қаңтардан бастап дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазір ҚХР Қазақстанның сауда серіктестері ішінде бірінші орында тұрады. 1993 жылы 18-20 қазанда ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ҚХР-ға ресми сапарында ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминмен кездесіп, екі мемлекет басшылары өзара келіссөз өткізіп құжаттарға қол қойысты. Қазақстан-Қытай қатынасының алғашқы іргетасын қалаған Н.Назарбаев деп айтуға әбден болады.

Қазақстан мемлекетінің Шанхай ынтымақтастық ұйымында атқаратын рөлі өте зор болып келді. Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымы (ШЫҰ) – 1996 жылы алғаш «Шанхай бестігі» деген атпен құрылған халықаралық ұйым. Бұл ұйымды құрушылар: Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан, Ресей секілді бес мемлекет. 2001 жылдың маусымында Өзбекстан бұл ұйымға кіргеннен кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) деген тұрақты атаумен аталған. Кейін Моңғолия, Үндістан, Иран, Пәкістан секілді елдер ілгері-кейінді ШЫҰ-ның жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды. ШЫҰ-ның мүше елдері 30 жылдан бері шекара аумағында әскери сенім шараларын күшейту, шекарадағы әскери күшті қысқарту және экономикалық ынтымақтастықты жан-жақтылы дамыту жұмыстарын істеді.

Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында біздің елдеріміздің арасында әріптестіктің мықты іргетасы қаланған. Президент Назарбаев елдеріміздің достығын нығайту үшін көп жыл аянбай еңбек етті. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосқан Нұрсұлтан Назарбаевты Қытай елі жақсы біледі және аса құрметтейді», – деген бағасын айтқан еді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл аянбай еңбек ету арқылы әлемдегі 139 мем­лекетпен ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтты. Әлем елдері Қазақстан мемлекетін мойындады. Міне, бұл Н.Назарбаевтың аты халықаралық дәрежеде өте ықпалды дипломат екенін аңғартады.

Елбасының елді дамытудағы негізгі бағыттарының бірі – еуразиялық интеграция идеясы еді. Ол бұл идеяны алғаш рет 1994 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттері мен оқытушылар арасында сөз сөйлегенде жария етті. Ол ортақ мүддені қорғау үшін бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы мемлекеттер шеңберінде Еуразиялық одақ құруды ұсынды. Осы бастама сәтті жүзеге асып, Н.Назарбаевтың Еуразия идеясы одаққа мүшелер арасында үлкен жаңалық әкелді.

Елбасы бұл туралы «Бүгінгі күні Еуразия идеясы миллиондаған адамнан қолдау тауып отыр. Одан бай өркениетті келешекті көруге болады. Бұл біздің мемлекетіміз үшін әлемде лайықты орын алуына, ал біздің халқымыз үшін экономикалық және мәдени-гуманитарлық тұрғыдан жаңа сапалы биікке көтеруге мүмкіндік берді. Бұл қазірден бастап бірге жазып отырған біздің болашақ тарихымыз», – деп атап көрсетті.

ҚР-ның Тұңыш Президенті Назарбаев АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, Сингапур, Иран, Австрия, Болгария, Италия, Түрікменстан, т.б. елдермен дипломатиялық қатынас орнатып, қазақ елін әлемге танытты. 2010 жылы 1-2 желтоқсанда астанада ЕҚЫҰ-ның 7-саммиті өтті. Оған аса ірі халықаралық, отандық ұйымдар, оның БҰҰ, Еуроодақ, ШЫҰ, ҰҚШҚ, т.б. қатынасты. Назарбаев ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, маңызды сөз сөйлеп, бірқатар сүбелі ұсыныстар жасады.

Елбасы өзінің «Нұрлы жол» атты бағдарламасында «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолының бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, тіршіліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар темір жолымен, тас жолмен, әуе жолмен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолының торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын, өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бірі -біріне сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың басты түйіні болмақ», – дейді.

 Назарбаевтың «Нұрлы жол» атты бағдарламасы Қазақстанның эконо­ми­касы мен мәдениетінің дамуына алтын қанат бітірді. Бұл «Нұрлы жол» Ұлы жібек жолына тұтасып күллі әлемге сапар шекті. Түйіндей айтқанда, Н.Назарбаев туабітті іскерлігі арқылы аты аңызға айналған, халықаралық дәрежеде мойындалған әйгілі дипломат.

ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛҒАН ҮЗДІК РЕФОРМАШЫ

І

Елбасы Н.Назарбаев билік тізгінін қолына алғаннан кейін Қазақстан елінде жасап жатқан 130-дан астам ұлт пен этникалық топтардың тұрмысын жақсартып, экономикасын дамыту үшін қыруар реформалар жүргізіп, кемелді жоба-жоспар жасап, құнды бағдарламалар мен стратегиясын ортаға қойды. Мысалы, «Қазақстан – 2030», «Еліміздің жаңа ғасырдағы тұрақтылығы мен қауіпсіздігі», «Ерікті, тиімді және қауіпсіз қоғамға», «Асқар  асулар алда: Елдегі жағдай және 2002 жылғы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары», «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін», «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жолында», «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы», «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан», «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты», «Дағдарыстан жаңару мен дамуға», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол», т.б. жиырмадан астам Жолдаулары Елбасы Н.Назарбаевтың әлемге танылған аты әйгілі реформашы екенін дәлелдейді.

Кезінде, Елбасының салған сара жолы мен халқы үшін сіңірген еңбектері әлемдегі лауазымды тұлғалардың назарын қатты аударған. Франция Республикасының бұрынғы Президенті Жак Ширак Назарбаевтың еңбегі туралы «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның екпінді экономикалық дамуы – Нұр­сұлтан Назарбаевтың еңбегі және оның қазақстандықтардың әл-ауқатын жақ­сартуға бағытталған саясатының нәтижесі. Аталған саясат пен дамудың арқасында Қазақстан Еуропада танымал болды», – дейді.

Еліміз тәуелсіздік алудан ілгері Қазақ­станның жағдайы өте мүшкіл еді. Бұрынғы КСРО құрамындағы болған республикалар арасында экономикалық және саяси байланыстардың әлсіреуі көптеген ірі өндірістердің тоқырауына, ауыл шаруашылық саласының құлдырауына, жұмысшылардың еңбек ақысын ала алмауына, дүкендерде тауардың болмауы сынды дағдарысты ала келді.

Дәл осындай аумалы-төкпелі мезгіл­дерде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үлкен парасаттылық танытып, алуан түрлі реформалар жасады. Ол кездері тәуелсіз мемлекеттің билігін нығайту, әлеуметтік экономикалық реформалар жүргізу, әлемнің озық елдері мен қарым-қатынас жасау, өнер мен әдебиетті дамыту, білім беру және кәсіби мектептерді қайта құру, өнеркәсіпті дамыту, ғылымды үйрену, т.б. жауапкершілігі ауыр жүкті арқалайтын парасатты басшы керек болды. Осындай жаңа құрылған тәуелсіз мемлекеттің ауыр жүгін арқалау Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына жазылды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұлы саясаткерлігі арқылы тыңнан жол ашып, өзі тікелей жетекшілік етіп жүректілікпен жүргізген реформалары 1990 жылдардың соңында табысқа жетіп жемісін берді.

ІІ

Қазақстанда экономиканы дамытуды негіз еткен түрлі реформалар тәуелсіздік алғаннан кейін ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен басталды. Заманның даму талабына сай халықтың күнкөрісін жақсарту үшін экономиканы жылдам дамытып, бақытты тұрмысқа жеткізу қажет болды. Мемлекетіміздің экономикасын жаңғыртуды іске асыру барысында мынандай міндеттерді орындауға тура келді. Мысалы, эконо­миканы жаңғырту, жекешелендіру, кәсіпкерлікті дамыту, экономикалық еркін аймақтарды қалыптастыру, шетел инвестицияларын тарату, дамыған инфрақұрылымды құру, қаржы несие саласын реформалау, т.б.

1997 жылғы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» атты халыққа Жолдауының тарихи маңызы өте зор болды. Мемлекетіміз қалыптасудың бастапқы кезеңінде Қазақстан елінің басшылары екі негізгі стратегиялық мақсатты көздеді. Оның бірі – Қазақстанның егеменді тәуелсіз ел болуын қамтамасыз ету болса, екіншісі – Қазақстанда кең ауқымды әлеуметтік, саяси экономикалық реформалар жүргізу болды.

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2030» атты Қазақстан халқына Жолдауында»: «Біз жаңа мемлекетті, жаңа нарықтық экономика мен жаңа демократияны көптеген өзге жас тәуелсіз мемлекеттер осы тәрізді жолды бастан кешіп те үлгірген уақытта құру үстіндеміз.

Біз қуатты сыртқы күштер келешегімізді айқындауда сөзсіз рөл атқаратын күннен-күнге өсе түскен ауқымдану мен ұлғайып келе жатқан өзара тәуелділік дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Егер біз өз ниетімізді байсалды ұстансақ және пайымды да парасатты болсақ, өз дамуымыздың ішкі және сыртқы факторларын бүкпесіз талдап-таразылауға қабілетті болсақ, онда біздің жалпы топтасуымыз, өз тарихымыз бен ерекше жағдайларымыз негізінде дұрыс жолды таңдап алу мүмкіндігіміз де бар», – деп атап көрсеткен еді.

Қазір Қазақстан халқы ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев ортаға қойған «Қазақстан – 2030» атты бағдарламалық стратегияның пайдасын көрді. Бұл бағдарламаның тарихи маңызы өте зор болып, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға сара жол салды. Осыдан кейін экономикалық басқарудың үздік әлемдік деңгейге бет алған ұлттық үлгісі қалыптасып, халық ауқаттана бастады. Елімізде кіші және орта бизнесті дамыту жандана бастады. Бұрынғы экономикалық тоқыраудан біржолата құтылып, тарихқа жаңа қадам тастады.

Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуы Қазақстан мемлекетін дүниеге танытты. Әлемге аты әйгілі беделді тұлғалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне «Қазақстан жолы» немесе «Назарбаев моделі» деген жоғары бағаларын берді. Сол лауазымды тұлғалардың бірі Беларусь Республикасының премьер-министрі Михаил Мясникович «Мені бір дүние ылғи ойландырады, таңғалдырады. Не дейсіз ғой? Қазақстан Президентінің барлық нәрсені алдын-ала болжай алатындығы. 25-30 жылдан кейін әлем қалай болатыны, қай арнаға бұрылатынын біле отырып, дұрыс қадамдар жасай алатындығы. Нұрсұлтан Назарбаев бір жағынан елдегі ішкі кішігірім мәселелерді жөнімен реттеп отырады, екінші жағынан ірі экономикалық реформаларды ұсынуды ұмытпайды. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді» деген бағасынан Елбасының үздік реформашы екенін аңғару қиын емес,

Әсіресе Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы ұзақ уақытты болжаған дәуір бөлгіштік тарихи сипат алады. Елбасы Н.Назарбаев «Мәңгілік ел – бұл біздің жалпы қазақстандық ортақ үйіміздің ұлттық идеясы, біздің бабаларымыздың арманы» деген керемет сөзін айтқан еді.

Елбасы Н.Назарбаев еліміз тәуелсіздік алған отыз жылдан бері қайқая өрге шапқан қаракердей топ жарып, алуан түрлі реформалар жасап, халыққа өзінің құнды Жолдаулары мен бағдарламаларын ортаға қойып, Қазақстанның атақ-даңқын әлемге аспандатқан, аты аңызға айналған үздік реформашы ретінде әлемдік деңгейдегі тарихи тұлғаға айналды. Сол үшін шетелдің беделді сарапшылары «Қазақстан мен Назарбаев – егіз ұғым» деп тектен-тек айтпаған.

 

5432 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз